21- ші Халықаралық Қаржылық Есептілік Стандарты (IAS)
Валюталық бағам өзгерісінің әсері
1. Ұйым шетелдік валютамен байланысты қызметті екі әдіспен жүргізе алады. Ол не операцияларды шетелдік валютамен жүргізе, не шетелдік қызметті жүзеге асыра алады. Сонымен бірге өзінің қаржылық есептілігінде ұйым деректерді шетелдік валютамен көрсете алады. Осы Стандарттың мақсаты - шетелдік валютамен операцияларды және шетелдік қызметті ұйымның қаржылық есептілігінде көрсету, сондай-ақ қаржылық есептілігінің көрсеткіштерін ұсыну валютасына қайта есептеу тәртібін орнату.
2. Негізгі мәселелер қандай айырбас бағамын (бағамдарын) белгілеу және айырбас бағамдарындағы өзгерістердің салдарын қаржылық есептілігінде қалайша көрсету болып табылады.
3. Осы Стандар келесі жағдайларда қолданылуы тиіс:[1]
(a) шетелдік валюталармен операцияларды және қалдықтарды 9-шы Қаржы құралдары ХҚЕС-ты (IFRS) қолдану аясындағы туынды операциялар мен қалдықтардан басқаларын есепке алу кезінде;
(b) шетелдік қызметтің шоғырландыру, тепе-тең шоғырландыру немесе үлесті қатысуды есепке алу әдістерімен ұйымның қаржылық есептілігіне енгізілген нәтижелері мен қаржы көрсеткіштерін қайта есептеу кезінде; және
(с) ұйымның нәтижелері мен қаржы көрсеткіштерін ұсыну валютасына қайта есептеу кезінде қолданылуы тиіс.
4. 9 ХҚЕС (IFRS) көптеген валюталық туынды құралдарға қолданылады, сондықтан ондай құралдар осы Стандарт қолданылатын саладан шығарып тасталады. Екінші жағынан, 9 ХҚЕС (IFRS) қолданылатын саладан тыс валюталық туынды құралдар (мысалы, басқа контракттарға кіргізілген кейбір валюталық туынды құралдар) осы Стандарт әсерінің аясында болады. Сонымен қатар, осы Стандарт туынды құралдарға жататын сомаларды ұйым өзінің қолданыстағы валютасынан өзінің ұсыну валютасына қайта есептейтін кезде қолданылады.
5. Осы Стандарт баптарды шетелдік валютамен хеджирлеуді, соның ішінде шетелдік қызметке таза инвестицияларды хеджирлеуді есепке алуға қолданылмайды. 9-шы ХҚЕС (IAS) хеджирлеуді есепке алуға қолданылады.
6. Осы стандарт ұйым қаржылық есептілігін шетелдік валютамен берген кезде қолданылады және қаржылық есептілігі түпкілікті түрінде Халықаралық қаржылық есептіліктің стандарттарына (ХҚЕС) сәйкес келуін көздейтін талаптар белгілейді. Қаржы ақпаратын шетелдік валютаға, осы талаптарға сай келмейтін қайта есептеулерге қатысты осы Стандартта қандай ақпарат ашылуға тиіс екені көрсетілген.
7. Осы Стандарт ақша қаражатының қозғалысы туралы есепте шетелдік валютамен операциялар немесе шетелдік қызметтен ақша қаражатының ағынын қайта есептеу нәтижесінде пайда болатын ақша қаражатының ағынын көрсетуге қатысты емес (7-ші Ақша қаражаттарының қозғалысы ХҚЕС-ын (IAS) қараңыз).
8. Осы Стандартта төменде көрсетілген мәндерде мынадай терминдер пайдаланылады:
Жабылу бағамы — валюталардың қаржылық жағдай туралы есеп күнгі ағымдағы айырбас бағамы.
Бағам айырмашылығы — шетелдік валюталар бірлігінің бірдей санын қайта есептеу нәтижесінде пайда болатын айырмашылық.
Валюта айырбастау бағамы — бір валютаны басқа валютаға айырбастау коэффициенті.
Әділ құн — жақсы хабардар, осындай операция жасағысы келетін, бір-біріне тәуелді емес тараптар арасында мәміле жасау кезінде активті айырбастауға немесе міндеттемені реттеуге болатын сома. (13-ші Әділ Құнды Бағалау ХҚЕС-ын қараңыз.)
Шетелдік валюта — ұйымның қолданыстағы валютасынан өзгеше валюта.
Шетелдік қызмет — өз қызметі есеп беруші ұйым елінен немесе валютасынан өзгеше елде немесе валютада орналасқан немесе жүзеге асатын есеп беруші ұйымның еншілес, қауымдасқан, бірлескен ұйымы немесе филиалы болып табылатын ұйым.
Қолданыстағы валюта — ұйым өз қызметін жүзеге асыратын негізгі экономикалық ортада пайдаланылатын валютасы.
Топ — еншілес ұйымдары бар бас ұйым тобы.
Ақша баптары — қолда бар валюта бірліктері, активтер және валюта бірлігін нақты немесе белгіленетін сомаларда алу немесе төлеу жөніндегі міндеттемелер.
Шетелдік қызметке таза инвестициялар — осы қызметтің таза активтеріндегі есеп беруші ұйым үлесінің шамасы.
Ұсыну валютасы — қаржылық есептілігі берілетін валюта.
Ағымдағы валюталық бағам — дереу есеп айырысуға арналған айырбас бағамы.
Анықтамаларды нақтылау
Қолданыстағы валюта
9. Ұйым өз қызметін жүзеге асыратын негізгі экономикалық орта, әдетте, ол өзінің ақша қаражатының негізгі бөлігін жинақтап, жұмсайтын орта болып табылады. Өзінің қолданыстағы валютасын анықтау кезінде ұйым мына факторларға көңіл бөледі:
(a) валютаға мыналар жатады:
(i) тауарлар мен қызметтердің сату бағасына негізгі әсер ететін валютаға (ондай валюта - тауарлар мен қызметтердің сату бағасы көрсетілетін және солар бойынша есеп айырысатын валюта); және
(ii) күштері мен бәсекелестік ережелерін ұйым өндіретін тауарлар мен қызметтерге бағаны негізінен айқындайтын ел валютасы.
(b) тауарлар немесе қызметтер жеткізуге байланысты еңбек, материал және басқа шығындарға негізгі ықпал ететін валютаға (ондай валюта - көбінесе сондай шығындар көрсетілетін және өтелетін валюта).
10. Төменде көрсетілген факторлар да ұйымның қолданыстағы валютасының белгілері бола алады:
(a) ол қаржы қызметінің барысында жинақталатын қаражатты (яғни қарыз және үлес құралдарының эмиссиясы) білдіретін валюта болып табылады.
(b) ол ұйым операция қызметінен түсетін түсімдерді әдетте өзінде қалдыратын валюта болып табылады.
11. Шетелдік қызметтің қолданыстағы валютасын анықтау және қолданыстағы валютаны есеп беруші ұйым пайдаланатын валютамен теңдестіру кезінде көңіл бөлінетін тағы да бірқатар факторлар бар (бұл контексте есеп беруші ұйым өзінің шетелдік қызметін еншілес ұйымы, филиалы, қауымдасқан ұйым немесе бірлескен қызмет арқылы жүзеге асыратын ұйым болып табылады):
(a) мұндай шетелдік қызмет есеп беруші ұйым қызметінің жалғасы немесе едәуір дәрежеде дербес болып табылатын қызмет ретінде жүзеге асырыла ма; шетелдік қызметті жүзеге асырушы ұйым есеп беруші ұйымнан импорт бойынша алынатын тауарларды тек сататын және түскен түсімді оған аударатын болса, ол бірінші жағдайдың мысалы болып табылады. Шетелдік қызметті жүзеге асырушы ұйым ақша қаражаты мен басқа ақша баптарын жинақтайтын, шығын жұмсайтын, табысты қордалайтын және көбінесе өзінің жергілікті валютасымен қарыз алатын болса, ол екінші жағдайдың мысалы болып табылады.
(b) есеп беруші ұйыммен операциялардың өз қызметін шетелдерде жүзеге асырушы ұйым қызметіндегі үлесі елеулі ме, әлде елеусіз бе.
(с) шетелдік қызметтен келіп түсетін ақша қаражатының ағыны есеп беруші ұйымның ақша ағынына тікелей әсер ете ме, және де оны оның есебіне кідіріссіз аударуға бола ма.
(d) шетелдік қызметтен қордаланатын ақша қаражатының ағыны орын алып отырған және, әдетте, күтілетін қарыз міндеттемелеріне есеп беруші ұйым тарапынан ақша қаражаты берілместен қызмет көрсетуге жеткілікті ме.
12. Жоғарыда аталған индикаторлар бірдей сипатта болмаса, ал қолданыстағы валюта айқын болмаса, ұйым басшылығы, өз тәжірибесін негізге ала отырып, негіз қалайтын операциялардың, оқиғалардың және жағдайлардың экономикалық тиімділіктерін неғұрлым дәл білдіреді. Осындай жағдай шеңберінде ұйым басшылығы 9-тармақта тұжырымдалған негізгі индикаторларға басымдылық береді, ал 10- және 11-тармақтарда көзделген, ұйымның қолданыстағы валютасы ретінде қандай валюта таңдап алынуы тиіс екенінің қосымша жанама дәлелдерін қамтамасыз етуге тиісті индикаторларды содан соң қарайды.
13. Ұйымның қолданыстағы валютасы өзіне қатысты негіз қалаушы операцияларды, оқиғаларды және жағдайларды көрсетеді. Тиісінше, белгіленгеннен кейін, қолданыстағы валюта, жоғарыда аталған операцияларда, оқиғаларда және жағдайларда, өзгерістер болатыннан басқа жағадайларда басқа валютаға ауыстыруға жатпайды.
14. Егер қолданыстағы валюта гиперинфляциялы экономика жағдайларында пайдаланылатын валюта болса, ұйымның қаржылық есептілігі 29-шы Гиперинфляциялық Экономикадағы Қаржылық Есептілігі ХҚЕС-ына (IAS) сәйкес қайта есептелуге тиіс. Ұйым, мысалы, осы Стандартқа сәйкес белгіленуге тиістіден басқа валютаны (мысалы, өзінің бас ұйымының қолданыстағы валютасын) өзінің қолданыстағы валютасы ретінде қабылдай отырып, 29-шы ХҚЕС-ына (IAS) көзделген қайта есептеуден құтыла алмайды.
Шетелдік қызметке таза инвестиция
15. Ұйымда шетелдік қызметтен алынуға немесе оған төленуге тиісті ақша бабы болуы мүмкін. Көз жетімді болашақта өзі бойынша есеп айырысу көзделмейтін бап, іс жүзінде, ұйымның сол шетелдік қызметке таза инвестициясының бір бөлігі болып табылады және есепте 32- және 33-тарамақтарға сәйкес көрсетілуге тиіс. Мұндай ақша баптарына ұзақ мерзімді дебиторлық берешек немесе қарыздар қосылуы мүмкін. Оларға негізгі қызметке байланысты дебиторлық немесе кредиторлық берешектер қосылмайды.
15A 15-тармақта сипатталған шетелдік бөлімшеден алынуға немесе оған төленуге тиіс монетарлық бабы бар ұйым топтың еншілес ұйымы болуы мүмкін. Мысалы, ұйымның екі A және B еншілес ұйымдары бар. В еншілес ұйымы шетелдік бөлімше болып табылады. А еншілес ұйымы В еншілес ұйымына қарыз береді. А еншілес ұйымы В еншілес ұйымынан алатын қарыз, егер қарыз бойынша есеп жоспарланбаса немесе таяу болашақта орын алмайтыны ықтимал болса, В еншілес ұйымына ұйымның таза активтерінің бір бөлігі болар еді. Бұл сондай-ақ, егер А еншілес ұйымының өзі шетелдік бөлімше болса, рас болар еді.
Ақша баптары
16. Мұның мысалдары: қызметкерлерге қолма-қол ақшамен төленуге тиісті зейнетақылар мен басқа да жәрдемақылар; ақшалай түрде өтелуге тиісті міндеттемелер; міндеттеме ретінде мойындалған ақшалай дивидендтер. Нақ осылайша, ұйымның үлесті өз құралдарының тіркелмеген санын алуға (немесе беруге) контракт ақша бабы болып табылады, оның ережелері бойынша алынуға (немесе берілуге) тиісті әділ құн валюта бірлігінің тіркелген немесе белгіленетін бірліктеріне теңеледі. Және, керісінше, ақшалай емес баптың негізгі ерекше белгісі - валюта бірлігінің тіркелген немесе белгіленетін санын алу құқығының (немесе беру жөніндегі міндеттеменің) жоқтығы. Мұның мысалы: тауарлар мен қызметтерге алдын-ала ақы төлеу (мысалы, аванспен төленген жалгерлік ақы); іскерлік бедел; материалдық емес активтер; босалқылар; негізгі құралдар; сондай-ақ ақшалай емес актив беру жолымен реттеуге жататын міндеттемелер.
Осы стандартта қолдануын талап етілетін тәсілдердің қысқаша мазмұны
17. Қаржылық есептілігін әзірлеу кезінде әрбір ұйым, шетелдік қызметі бар ұйым (мысалы, бас ұйым) немесе шетелдік қызметті жүзеге асырушы ұйым (мысалы, еншілес ұйым немесе филиал) болсын - өзінің қолданыстағы валютасын 9-14-тарамақтарға сәйкес белгілейді. Ұйым баптарды шетелдік валютамен өзінің қолданыстағы валютасына қайта есептейді және сондай қайта есептеу салдарын 20-37 және 50-тарамақтарға сәйкес қаржылық есептілігінде көрсетеді.
18. Есеп беруші көптеген ұйымдар бірқатар жекелеген ұйымдардан құралады (мысалы, бас ұйым мен бір немесе бірнеше еншілес ұйымдардан құралған топ). Әртүрлі (соның ішінде топ құрамындағы) ұйымдарда қауымдастырылған ұйымдарға немесе бірлескен қызметке инвестициялар болуы мүмкін. Оларда сондай-ақ филиалдар болуы мүмкін. Есеп беруші ұйым құрамындағы әрбір жеке ұйымның нәтижелері мен қаржы көрсеткіштерінің сол есеп беруші ұйым өзінің қаржылық есептілігін беретін валютасына қайта есептелуі қажет. Осы Стандартқа сәйкес кез келген валютаны (немесе валюталарды) есеп беруші ұйымның ұсыну валютасы ретінде пайдалануға болады. Есеп беруші ұйым құрамындағы, қолданыстағы валютасы ұсыну валютасынан өзгеше кез келген жеке ұйымның нәтижелері мен қаржы көрсеткіштері 38-50-тарамақтарға сәйкес қайта есептеуге жатады.
19. Сонымен қатар, осы Стандартқа сәйкес, қаржылық есептілігін әзірлейтін жеке ұйым немесе қаржылық есептілігін 27-ші Шоғырландырылған қаржылық есептілігі ХҚЕС-ына (IAS) сәйкес әзірлейтін ұйым ондай есептілікті кез келген валютада (немесе валюталарда) ұсынуға құқылы. Егер ұйым өзінің қолданыстағы валютасынан өзгеше ұсыну валютасын пайдаланатын болса, оның нәтижелері мен қаржы көрсеткіштері де 38-50-тармақтарға сәйкес қайта есептеледі.
Шетелдік валюталы операцияларды қолданыстағы валютамен көрсету
Бастапқы тану
20. Валютамен операция - шетелдік валютамен білдірілген немесе сонымен есеп айырысуды қажет ететін операция, соның ішінде ұйым:
(a) бағалары шетелдік валютамен көрсетілген тауарларды немесе қызметтерді сатып алатын немесе сататын;
(b) өтелетін немесе алынатын сома шетелдік валютамен көрсетілген қаражатты қарызға беретін немесе қарызға алатын; немесе
(с) активтерді әлдебір басқа жолмен сатып алатын не сататын, немесе шетелдік валютамен көрсетілген міндеттемені өзіне алатын немесе өтейтін кезде пайда болатын барлық операциялар.
21. Бастапқы тану кезінде қолданыстағы валютада шетелдік валютамен жасалатын операция шетелдік валюта сомасына қолданыстағы валюта мен шетелдік валюта арасындағы операция жасалған күнгі ағымдағы валюта бағамын қолдану жолымен ескерілуге тиіс.
22. Операция жасалған күн - Халықаралық қаржылық есептіліктің стандартында көзделген тану өлшемдеріне сәйкестігі алғаш рет атап көрсетілген күн. Операция жасалған күнгі нақты бағаммен шамалас айырбас бағамы практикада жиі пайдаланылады, мысалы, бір апта немесе бір ай ішінде орташа бағамды сол кезең ішінде шетелдік валюталармен жасалған барлық операциялар үшін пайдалануға болады. Алайда, айырбастау бағамы елеулі ауытқитын жағдайда, кезең ішіндегі орташа бағамды пайдалану орынсыз болады.
Келесі есепті күндердің есебі
23. Әрбір есепті күнде:
(a) шетелдік валютадағы ақша баптары жабу бағамын пайдалана қайта есептелуге тиіс;
(b) тарихи құн бойынша ескерілген шетелдік валютадағы ақшалай емес баптар операциялар жасалған күнгі айырбастау бағамымен қайта есептелуге тиіс;
(с) әділ құн бойынша бағаланған шетелдік валютадағы ақшалай емес баптар әділ құн анықталған күні қолданылған айырбастау бағамы бойынша қайта есептелуге тиіс.
24. Баптың қаржылық жағдай туралы есеп құны қолданылатын басқа Стандарттар ережелерін ескере отырып анықталады. Мысалы, негізгі құралдарды 16 Жылжымайтын мүлік, ғимараттар мен жабдықтар ХҚЕС-на (IAS) сәйкес әділ құн бойынша немесе тарихи құн бойынша бағалауға болады. Қаржылық жағдай туралы есеп құнының тарихи құн негізінде немесе әділ құн негізінде анықталатынына қарамастан, егер ол құн шетелдік валютамен анықталған болса, ол кейін осы Стандартқа сәйкес қолданыстағы валютаға қайта есептелуге тиіс.
25. Кейбір баптардың қаржылық жағдай туралы есеп құны екі немесе одан көп шамаларды салыстыру жолымен анықталады. Мысалы, қорлардың қаржылық жағдай туралы есеп құны 2-ші Босалқылар ХҚЕС-ына (IAS) сәйкес өзіндік құнның және сатудың ықтимал таза құнының ең төмен шамасы болып табылады. Нақ осылайша, 36-шы Активтердің құнсыздануы ХҚЕС-ына (IAS) сәйкес, құнсыздану белгілері анықталған активтің қаржылық жағдай туралы есеп құны құнсызданудан келетін ықтимал шығындар және оның өтелетін сомасы есепке алынғанға дейін оның қаржылық жағдай туралы есеп құнының ең төмен шамасы болып табылады. Мұндай актив ақшалай емес актив болып табылатын және шетелдік валютада құнсызданатын кезде оның қаржылық жағдай туралы есеп құны:
(a) өзіндік құнды, не сол шама анықталған күнгі айырбастау бағамы бойынша (яғни тарихи құн бойынша бағаланған баппен операция жасалған күнгі бағам бойынша) қайта есептелген қаржылық жағдай туралы есеп құнын; және
(b) сатудың ықтимал таза құнын, не осы шама анықталған күнгі айырбастау бағамы бойынша (мысалы, есепті күнгі жабу бағамы бойынша) қайта есептелген өтелетін соманы салыстыру жолымен анықталады.
Мұндай салыстыру нәтижесі мынадай болуы мүмкін: құнсызданудан келетін шығын қолданыстағы валютада мойындалады, бірақ шетелдік валютада мойындалмайды, немесе керісінше.
26. Бірнеше айырбастау бағамдары бар болған кезде осы операцияның ақша ағындары бойынша есеп айырысулар жүзеге асыруға болатын бағам немесе, егер сол ақша ағыны бағалау күнінде пайда болса, шот бойынша сальдо пайдаланылады. Егер екі валюта арасында айырбастау мүмкіндігі уақытша жоқ болса, айырбастау бағамы ретінде айырбастауды жүзеге асыруға болатын кейінгі алғашқы бағам пайдаланылады.
Бағам айырмашылықтарын тану
27. 3(a) және 5-тармақтарда атап көрсетілгеніндей, 39-шы ХҚЕС-ы (IAS) шетелдік валюталардағы баптарды хеджирлеудің есепке алынуына қолданылады. Хеджирлеудің есепке алынуын қолдану кейбір бағам айырмашылықтарын есепке алуды ұйымның осы Стандарт талаптарына сәйкес бағам айырмашылықтарын ескеруден басқаша есепке алуын талап етеді. Мәселен, 39-шы ХҚЕС (IAS) ақша ағындарын хеджирлеудің құралы бола алатын ақшалай емес баптар бойынша баға айырмашылықтарының бастапқыда капиталда, хеджирлеу тиімді болатын жағдайда көрсетілуін талап етеді.
28. Ақша баптары бойынша есеп айырысу кезінде немесе ақша баптарын есепті кезең ішінде немесе бұрынғы қаржылық есептілігінде бастапқы тану кезінде қайта есептелген бағамдардан өзгеше бағамдар бойынша қайта есептеу кезінде пайда болатын бағам айырмашылықтары пайдада немесе шығында олар пайда болатын кезеңде, 32-тармақта сипатталғаннан басқа жағдайларда, мойындалуға тиіс.
29. Ақша баптары шетелдік валютамен операциялар кезінде пайда болатын және операция жасалған күн мен есеп айырысу күні арасындағы кезеңде айырбастау бағамында өзгеріс болатын кезде бағам айырмашылығы пайда болады. Операция мен ол бойынша есеп бір есепке алу кезеңінде жүзеге асырылатын болса, бағам айырмашылығы сол кезеңде мойындалады. Алайда, операциялар бойынша есеп айырысу оны жүзеге асыру кезеңінен кейінгі кезеңде жүзеге асырылатын болса, әрбір аралық кезеңде есептесу кезеңіне дейін мойындалатын бағам айырмашылығы айырбастау бағамдарының өзгеруімен анықталады.
30. Ақшалай емес бап бойынша пайда немесе шығын тікелей капиталда мойындалған кезде ондай пайданың немесе ондай шығынның кез келген валюталық құрамдас бөлігі тікелей капиталда мойындалуға тиіс. Және, керісінше, ақшалай емес бап бойынша пайда немесе шығын пайдада немесе шығында мойындалған болса, сол пайданың немесе сол шығынның кез келген валюталық құрамдас бөлікті пайда немесе шығын ретінде мойындалуға тиіс.
31. Басқа Стандарттар кейбір пайдалар мен шығындарды басқа да жалпы кірісте тануды талап етеді. Мәселен, 16-шы ХҚЕС-ына (IAS) сәйкес, негізгі құралдарды қайта бағалау нәтижесінде пайда болатын кейбір пайдалар мен шығындар міндетті түрде тікелей капиталда мойындалуға тиіс. Ондай актив шетелдік валютада ескерілетін болса, осы Стандарттың 23(с)-тармағына сәйкес, қайта бағаланған құн сол құн анықталған күні қолданылған бағам бойынша қайта есептелуге тиіс, соның нәтижесінде баға айырмашылығы пайда болып, ол да капиталда мойындалады.
32. Есеп беруші ұйымның шетелдік қызметке таза инвестициясының бір бөлігі болып табылатын ақша бабы болып табылатын бағам айырмашылықтары (15-тармақты қараңыз) есеп беруші ұйымның жеке қаржылық есептілігінде, не шетелдік қызметтің жеке қаржылық есептілігінде нақты жағдайға байланысты пайдада немесе шығында мойындалуға тиіс. Шетелдік қызметті және есеп беруші ұйымды қамтитын қаржылық есептілігінде (мысалы, шетелдік қызметті еншілес ұйым жүзеге асыратын шоғырландырылған қаржылық есептілігінде) мұндай бағам айырмашылықтары бастапқыда капиталдың жеке құрамдас бөліктерінде, сондай-ақ 48-тармаққа сәйкес таза инвестиция шығарылғаннан кейін пайдада немесе шығында мойындалуға тиіс.
33. Ақша бабы есеп беруші ұйымның шетелдік қызметке таза инвестициясының үлесі болып табылатын және есеп беруші ұйымның қолданыстағы валютасында деноминацияланған кезде шетелдік қызметті жүзеге асырушы ұйымның жеке қаржылық есептілігінде 28-тармаққа сәйкес бағам айырмашылығы пайда болады. Нақ осылайша, егер мұндай бап шетелдік қызметті жүзеге асырушы ұйымның қолданыстағы валютасында деноминацияланған болса, онда, 28-тармаққа сәйкес, бағам айырмашылығы есеп беруші ұйымның жеке қаржылық есептілігінде пайда болады. Егер де мұндай бап есеп беруші ұйым немесе шетелдік қызметтің қолданыстағы валютасынан басқа валютасында деноминацияланған болса, бағам айырмашылықтары 28-тармаққа сәйкес есеп беруші ұйымның бөлек қаржылық есептілігінде және шетелдік қызметтің жеке қаржылық есептілігінде пайда болады. Мұндай бағам айырмашылықтары шетелдік қызметті де, есеп беруші ұйымды да қамтитын қаржылық есептілігінде (яғни, шетелдік қызмет шоғырландырылған, пропорциялы шоғырландырылған немесе үлесті қатысу бойынша есепке алу әдісін пайдалана көрсетілген қаржылық есептілігінде) капиталдың жеке құрамдас бөлігі болып қайта жіктеледі.
34. Егер ұйым бухгалтерлік есепті және жазбаларды қолданыстағы валютадан өзгеше валютада жүргізетін болса, ол ұйым өзінің қаржылық есептілігін әзірлеген кезде барлық сомалар 20-26-тармақтарға сәйкес сол қолданыстағы валютаға қайта есептеледі. Нәтижесінде осы баптар қолданыстағы валютада бастапқыда есепке алынған кезде қолданыстағы валютада пайда болатын сомалар пайда болады. Мысалы, ақша баптары жабу бағамы бойынша қолданыстағы валютаға қайта есептеледі, ал тарихи құн бойынша ескерілген ақшалай емес баптар оларды танумен аяқталған операция жүзеге асырылған күндегі бағам бойынша қайта есептеледі.
Қолданыстағы валютаны ауыстыру
35. Өзінің қолданыстағы валютасын ауыстыру кезінде ұйым жаңа қолданыстағы валютаға қолданылатын қайта есептеу рәсімдерін басқа валютаға ауысқан күннен бастап преспективалы негізде қолдануға міндетті.
36. 13-тармақта атап көрсетілгеніндей, ұйымның қолданыстағы валютасы негіз қалайтын операцияларды, сол ұйымға қатысты оқиғалар мен жағдайларды бейнелейді. Тиісінше, қолданыстағы валюта анықталғаннан кейін оны басқа валютамен тек әлдебір негіз қалаушы операцияларда, оқиғалар мен жағдайларда өзгерістер болған кезде ғана ауыстыруға болады. Мысалы, тауарлар мен қызметтерді сату бағаларына басты ықпал ететін валютаның ауысуы ұйымның қолданыстағы валютасының ауыстырылуына әкеліп соғуы мүмкін.
37. Қолданыстағы валюта ауыстырылуының салдары есепте перспективалы негізде бейнеленеді. Басқаша айтқанда, ұйым барлық баптарды жаңа қолданыстағы валютаға валюта ауыстырылған күндегі бағам бойынша қайта есептейді. Ақшалай емес баптарды қайта есептеу нәтижесінде алынған сомалар есепте олардың тарихи құны бойынша көрсетіледі. Шетелдік қызмет туралы қаржылық есептілігін қайта есептеу кезінде пайда болатын, 32 және 39 (с)-тармақтарға сәйкес бұрын капиталда мойындалған бағам айырмашылықтары сол қызмет шығарылғанға дейін пайдада немесе шығында мойындалмауы тиіс.
Қолданыстағы валютадан өзгеше валютасын пайдалануды ұсыну
Ұсыну валютасын қайта есептеу
38. Ұйым өзінің қаржылық есептілігін кез келген валютада (немесе валюталарда) ұсына алады. Егер ұсыну валютасы ұйымның қолданыстағы валютасынан өзгеше болса, ол өз нәтижелері мен қаржы көрсеткіштерін ұсыну валютасына қайта есептейді. Мысалы, топ құрамына түрлі қолданыстағы валюталарды пайдаланатын жекелеген ұйымдар кіретін кезде сол ұйымдардың әрқайсысының нәтижелері мен қаржы көрсеткіштері барлығы үшін ортақ валютамен көрсетіледі, мұның өзі шоғырландырылған қаржылық есебін ұсынуға мүмкіндік береді.
39. Қолданыстағы валютасы гиперинфляциялық экономика валютасы болып табылмайтын ұйымның нәтижелері мен қаржы көрсеткіштері төмендегі рәсімдерді пайдалана отырып басқа ұсыну валютасына қайта есептелуге тиіс:
(a) ұсынылған әрбір қаржылық жағдай туралы есеп бойынша активтер мен міндеттемелер (яғни, соның ішінде салыстырмалы деректер) қаржылық жағдайға байланысты қаржылық есептеме жасалған күнгі жабу бағамы бойынша қайта есептеуге жатады;
(b) пайда мен шығын туралы әрбір есеп бойынша кіріс пен шығыс (яғни, соның ішінде салыстырмалы деректер) операциялар жүзеге асырылған күнгі бағамдар бойынша қайта есептеуге жатады; және
(с) пайда болатын барлық бағам айырмашылықтары капиталдың жеке компоненті ретінде мойындалуы тиіс.
40. Практикалық ой-мақсат бойынша, операциялар жүзеге асырылған күнгі айырбастау бағамымен шамалас бағам, мысалы, кезең ішіндегі орташа бағам, кіріс пен шығыс баптарын қайта есептеу үшін жиі пайдаланылады. Алайда, айырбастау бағамдарында елеулі ауытқулар болған жағдайда, кезең ішіндегі орташа бағамды пайдалану орынсыз.
41. 39(с)-тармақта өздері туралы айтылған бағам айырмашылықтары:
(a) айырбастау бағамдары бойынша кіріс пен шығысты осы операциялар жүзеге асырылған күні, ал активтер мен міндеттемелерді - жабу бағамы бойынша қайта есептеу;
(b) таза активтерді кезеңнің бас кезінде бұрынғы жабу бағамынан өзгеше жабу бағамы бойынша қайта есептеу нәтижесінде пайда болады.
Бұл бағам айырмашылықтары пайдада немесе шығында тануға жатпайды, өйткені бағам айырмашылықтарының өзгеруі операциялар бойынша ақша қаражатының ағымдағы және болашақ ағындарына шамалы әсер етеді, немесе мүлдем әсер етпейді. Бағам айырмашылығы пайдада немесе шығында да, тікелей капиталда да мойындалған кіріс және шығыс баптары бойынша пайда болады. Бағам айырмашылықтары шоғырландырылған, бірақ толық емес меншікте болатын шетелдік қызметке жататын кезде қайта есептеу кезінде пайда болатын және азшылық үлесіне жатқызылатын жинақталған бағам айырмашылықтары шоғырландырылған қаржылық жағдай туралы есептегі азшылық үлесінің бір бөлігі ретінде бөлінеді және мойындалады.