168-2-бап. Қазақстан Республикасының банк заңдарының талаптарын бұзу
1. Банктердiң, банктердің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі белгілеріне сәйкес келетін жеке және заңды тұлғалардың банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының банк заңдарына сәйкес табыс етiлуi қажет мәлiметтердi табыс етпеуi, сол сияқты әлденеше рет (қатарынан күнтiзбелiк он екi ай iшiнде екi және одан да көп рет) уақтылы табыс етпеуi немесе ондай мәлiметтерi жоқ ақпаратты табыс етуi не дұрыс емес мәлiметтердi (ақпаратты) табыс етуi, -
жеке тұлғаға -айлық есептік көрсеткіштің жүзге дейінгі мөлшерінде, лауазымды тұлғаға - екі жүзге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаға төрт жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
1-1. Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне төлемдер мен ақша аударымдары мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес табыс етілуі талап етілетін мәліметтерді және (немесе) есептілікті табыс етпеуі, сол сияқты әлденеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) уақтылы табыс етпеуі не дұрыс емес мәліметтерді және (немесе) есептілікті табыс етуі, —
лауазымды адамға — айлық есептік көрсеткіштің екі жүзге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаға үш жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Банктердiң, банктердің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдардың, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың өздерiне уәкiлеттi орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүктеген мiндеттердi шектеулi ықпал ету шаралары арқылы орындамауы -
жеке тұлғаға - елу, лауазымды адамға - жетпіс, заңды тұлғаға төрт жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірiншi, 1-1 және екiншi бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекет (әрекетсіздiк), -
лауазымды адамға - айлық есептiк көрсеткiштiң алпыстан жүзге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға тоғыз жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың уәкiлеттi орган белгiлеген пруденциялық нормативтердi және (немесе) басқа да сақталуға мiндеттi нормалар мен лимиттердi әлденеше рет бұзуы, -
заңды тұлғаға айлық есептiк көрсеткiштiң бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4-1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ең төменгі резервтік талаптардың нормативтерін банктердің әлденеше рет (қатарынан күнтізбелік үш айдың ішінде екі және одан да көп рет) бұзуы, -
заңды тұлғаға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Банктердiң, банк холдингтерінің, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының банк заңдарына сәйкес тыйым салынған не Қазақстан Республикасының банк заңдарын бұза отырып, сол сияқты олардың құқық қабiлеттілігi шегiнен тыс операциялар мен мәмiлелердi жүзеге асыруы, -
лауазымды адамға - айлық есептiк көрсеткiштiң қырықтан жетпiске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға мәмiле сомасының оннан бір процентiне дейiнгi не операциялар бойынша алынған табыс сомасының елу процентiне дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекеттер (әрекетсіздiк), -
лауазымды адамға - айлық есептік көрсеткіштің алпыстан жүзге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға мәмiле сомасының бір процентiне дейiнгi не операциялар бойынша алынған табыс сомасының жүз процентiне дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банк операцияларының нәтижелерiн бухгалтерлiк есепте тиiсiнше көрсетпей жүргiзуi, -
заңды тұлғаға есепке алынбаған соманың жүз процентiне дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың бухгалтерлiк есепке алуды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген бухгалтерлiк есепке алу және қаржылық есептілік жөніндегі талаптарды бұза отырып жүргiзуi не ондағы көрсеткiштердiң, не пруденциялық нормативтердiң орындалуы туралы мәлiметтердiң және (немесе) Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленген сақталуға мiндеттi басқа да нормалар мен лимиттердiң бұрмалануына әкеп соққан банктiк немесе өзге де есептілік жасауы, -
лауазымды адамға - айлық есептiк көрсеткiштiң қырықтан жетпiске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға тиiсiнше есепке алынбаған соманың бес процентiне дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Осы баптың сегiзiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекет (әрекетсіздiк), -
лауазымды адамға - айлық есептiк көрсеткiштiң алпыстан жүзге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға тиiсiнше есепке алынбаған соманың он процентiне дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
10. Банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың клиенттердiң банк шоттарын ашу және жабу тәртібін бұзуы, -
лауазымды адамға - айлық есептiк көрсеткiштiң қырықтан жетпiске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
11. Осы баптың оныншы бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекет (әрекетсіздiк), -
лауазымды адамға - айлық есептiк көрсеткiштiң алпыстан жүзге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға бір мыңға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
12. Клиенттермен жасалатын шарттарда банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық қызмет бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептелген сыйақы ставкаларын көрсету жөніндегі, сондай-ақ қаржылық қызметтер бойынша сыйақының шамалары туралы ақпаратты тарату, оның ішінде оны жариялау кезіндегі міндеттерін орындамауы,-
лауазымды адамға - отыз айлық, заңды тұлғаға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
13. Банктің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күнгi шындыққа сәйкес келмейтiн жарнаманы хабарлауы немесе жариялауы -
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2009.28.08 № 192-IV ҚР Заңымен 168-3-баппен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
168-3-бап. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу
1. Қаржы мониторингі субъектілерінің қаржы мониторингіне жататын операциялары туралы ақпаратты құжаттық тіркеу және беру бөлігінде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы, -
жеке тұлғаларға - бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, жекеше нотариустар мен адвокаттарға, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға немесе коммерциялық емес ұйымдарға - айлық есептік көрсеткіштің екі жүзден екі жүз жиырмаға дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға үш жүз елуден төрт жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қаржы мониторингі субъектілерінің ішкі бақылау ережелерін және оны қамтамасыз ету бағдарламасын әзірлеу, қабылдау және (немесе) орындау жөніндегі міндеттерін орындамауы, -
жеке тұлғаларға - бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, жекеше нотариустар мен адвокаттарға, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға немесе коммерциялық емес ұйымдарға - айлық есептік көрсеткіштің екі жүз жиырмадан екі жүз елуге дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға сегіз жүзден тоғыз жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Қаржы мониторингі субъектілері лауазымды адамдарының қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға берілген ақпарат туралы өз клиенттері мен өзге тұлғаларды хабардар етуі -
айлық есептік көрсеткіштің бір жүз қырықтан бір жүз елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың бірінші - үшінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік) -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің бір жүзден бір жүз елуге дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, жекеше нотариустар мен адвокаттарға, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға немесе коммерциялық емес ұйымдарға - екі жүз елуден үш жүзге дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға бір мыңнан бір мың екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Осы баптың бірінші - үшінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде үш және одан да көп мәрте жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік) -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің бір жүз елуден екі жүзге дейінгі мөлшерінде, тауар биржаларының, ойын бизнесі мен лотереялар ұйымдастырушыларының, аудиторлық ұйымдардың лауазымды адамдарына, жекеше нотариустарға, адвокаттарға, дара кәсіпкерлерге - үш жүз сексеннен төрт жүзге дейінгі мөлшерінде, тауар биржаларына, ойын бизнесі мен лотереялар ұйымдастырушыларына, аудиторлық ұйымдарға - белгілі бір қызмет түріне лицензияның қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрып немесе біліктілік аттестатынан (куәлігінен) уақытша айыра отырып немесе нақ сол мерзімге заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұрып не олардан айырып, айлық есептік көрсеткіштің бір мың сегіз жүзден екі мыңға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 168-4-баппен толықтырылды
168-4-бап. Тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібін бұзу
1. Қаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібін бұзуы, егер қаржы ұйымы анықталған бұзушылықтарды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде жоймайтьн болса,-
лауазымды адамдарға - елу, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Банк конгломераты бас ұйымының немесе сақтандыру тобының Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, шоғырландырылған негізде тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды бұзуы, егер банк конгломератының немесе сақтандыру тобының бас ұйымы анықталған бұзушылықтарды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде жоймайтын болса,-
лауазымды адамдарға - елу, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту.
Осы бапта қаржы ұйымдарының, банк және сақтандыру холдингтерінің басшы қызметкерлерін лауазымды адамдар деп түсінген жөн.»
05.12.03 ж. № 506-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен (2008.01.01. бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара) 169-бап өзгертілді
169-бап. Клиенттерге, кредит берушiлерге және заемшыларға банк қызметiн көрсетуге байланысты талаптарды бұзу
1. Банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың төлем немесе ақша аударымы жөніндегі нұсқауларды не ақшаны қолма-қол алу жөніндегі талаптарды дер кезiнде немесе дұрыс орындамауы, -
заңды тұлғаға төлем немесе ақша аударымы жөніндегі нұсқаулар не ақшаны қолма-қол алу жөніндегі талаптар сомасының бес процентке дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың шот иесiнiң банктегi шотына ақшаны дер кезiнде немесе дұрыс есептемеуi, -
заңды тұлғаға төлем немесе ақша аударымы жөніндегі нұсқаудың дер кезiнде немесе дұрыс есептелмеген сомасының бес процентiне дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың клиенттердiң төлем құжаттарын жоғалтуы, -
заңды тұлғаға - әрбір төлем құжаты үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың клиенттің банк шотынан Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген ақша алу кезектілігін бұзуы, —
заңды тұлғаға айлық есептік көрсеткіштің отыздан жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып, төлем немесе ақша аударымы жөніндегі нұсқауларды не ақшаны қолма-қол алу жөніндегі талаптарды орындамауы, сондай-ақ шот иесінің банк шотына ақшаны есептемеуі, —
заңды тұлғаға төлем немесе ақша аударымы жөніндегі нұсқаулар, ақшаны қолма-қол алу жөніндегі талаптар не ақшаны есептеу жөніндегі нұсқаулар сомасының он процентіне дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II Заңымен 169-1-баппен толықтырылды; 2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңдарымен 169-1- бап өзгертілді
169-1-бап. Қазақстан Республикасының аумағында достық, қола және қаржы вексельдерiн шығару
Қазақстан Республикасының аумағында достық, қола және қаржы вексельдерiн шығару, -
жеке тұлғаларға - қырық, лауазымды адамдарға, жеке кәсіпкерлерге - алпыс, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2011.21.07. № 466-ІV ҚР Заңымен 169-2-баппен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
169-2-бап. Электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу талаптарын бұзу
1. Эмитенттің өзі қабылдаған міндеттемелердің сомасына сәйкес келмейтін сомаға электрондық ақша шығаруы, -
үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл iшiнде қайталап жасалған сондай іс-әрекеттер, -
алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Эмитенттің электрондық ақша иесін сәйкестендірмей, бір жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын сомаға электрондық ақша шығаруы, сондай-ақ бір операцияның ең жоғарғы сомасы бойынша белгіленген шектеулерден асатын сомаға операциялар жасаған кезде эмитенттің электрондық ақша жүйесіндегі электрондық ақшаны пайдалануға жол беруі, -
екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл iшiнде қайталап жасалған сондай іс-әрекеттер, -
бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша ақы төлеу кезінде дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның жеке тұлғалардан алған электрондық ақшасын эмитенттің өтемеуі, уақтылы және толық өтемеуі, -
бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл iшiнде қайталап жасалған сондай іс-әрекеттер, -
екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 05.12.03 ж. № 506-II; 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 170-бап өзгертілді; 2005.23.12. № 107-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 170-бап жаңа редакцияда
170-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жазбаша келісімін алмастан қаржы ұйымы акцияларының он немесе одан көп пайызын тікелей немесе жанама заңсыз түрде сатып алуға байланысты бұзушылықтар
Тұлғаның қаржы ұйымының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алған акциялары шегеріле отырып) он немесе одан көп мөлшердегі пайызын тікелей немесе жанама сатып алуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жазбаша келісімінсіз қаржы ұйымының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алған акциялары шегеріле отырып) он немесе одан көп мөлшердегі пайызын бақылауға немесе қаржы ұйымы қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігіне ие болуы, -
жеке тұлғаларға - екі жүз, лауазымды адамдарға - төрт жүз, орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - бір мың, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту.
Осы бапта банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, жинақтаушы зейнетақы қорын, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымды қаржы ұйымдары деп түсінген жөн.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II Заңымен 170-1-баппен толықтырылды; 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара); 2005.23.12. № 107-III (бұр. ред. қара); 2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңдарымен 170-1-бап өзгертілді; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 170-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
170-1-бап. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін немесе акцияларын банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, банк холдингтерінің, сақтандыру холдингтерінің заңсыз сатып алуына байланысты бұзушылықтар
1. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген әрекеттерді қоспағанда, банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін немесе акцияларды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінің талаптарын бұзып сатып алуы -
лауазымды адамдарға - екі жүз, заңды тұлғаларға екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың үшінші бөлiгiнде көзделген әрекеттердi қоспағанда, банк холдингтерінің, сақтандыру холдингтерінің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін немесе акцияларды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінің талаптарын бұзып сатып алуы -
лауазымды адамдарға - төрт жүз, заңды тұлғаларға екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Банктiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, банк холдингінің, сақтандыру холдингінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алдын ала рұқсатынсыз еншiлес ұйымды құруы не сатып алуы -
лауазымды адамдарға - төрт жүз, заңды тұлғаларға екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 171-бап өзгертілді; 2005.23.12. № 107-III ҚР Заңымен 171-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 171-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
171-бап. Уәкілетті органға банк заңнамасына немесе зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамаға сәйкес табыс етілуі талап етілетін ақпаратты табыс етпеуге, сол сияқты уақтылы табыс етпеуге немесе мәліметтері жоқ ақпаратты табыс етуге байланысты бұзушылық, не дұрыс емес мәліметтерді (ақпаратты) табыс ету
Банктің, жинақтаушы зейнетақы қоры құрылтайшыларының (акционерлерінің) және олардың аффилиирленген тұлғаларының, жинақтаушы зейнетақы қорының, жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысының, жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес келетін жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті органға банк заңнамасына немесе зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамаға сәйкес табыс етілуі талап етілетін ақпаратты табыс етпеуі, сол сияқты уақтылы табыс етпеуі немесе мәліметтері жоқ ақпаратты табыс етуі не олардың дұрыс емес мәліметтерді (ақпаратты) табыс етуі -
жеке тұлғаларға - жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, заңды тұлғаларға екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 13.03.03 ж. № 394-II (бұр. ред. қара); 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 172-бап өзгертілді; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 172-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
172-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн мақсатсыз пайдалану
1. Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның немесе зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген инвестициялау шарттары мен тәртібін бұзуы -
жеке тұлғаға - төрт жүз, заңды тұлғаға сегіз жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Кастодианның жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiнiң нысаналы орналастырылуын бақылауды жүзеге асырмауы -
кастодианның лауазымды адамына екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен кодекс 172-1 баппен толықтырылды; ҚР 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) Заңымен 172-1 бап өзгертілді
172-1-бап. Банктердi, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын және жинақтаушы зейнетақы қорларын таратуға байланысты талаптарды бұзу
1. Банктi, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, жинақтаушы зейнетақы қорын тарату комиссиясы төрағасының Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу жағдайларын жою туралы жазбаша нұсқамаларды уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде орындамауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң қырықтан жетпiске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Тарату комиссиясы төрағасының тарату комиссиясының қызметiне уәкiлеттi органның тексеру жүргiзуiнен жалтаруы не оны жүргiзуге кедергi келтiруi, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Тарату комиссиясы төрағасының уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының банк, сақтандыру заңдарында және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында белгiленген есептілік пен қосымша ақпаратты әлденеше рет (қатарынан күнтiзбелiк алты ай iшiнде екi және одан да көп рет) уақтылы табыс етпеуi, -
айлық есептiк көрсеткiштiң отыздан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 172-2 баппен толықтырылды; 2008.20.11. № 88-IV (бұр.ред. қара) ҚР Заңымен; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 172-2-бап өзгертілді
172-2-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының, жинақтаушы зейнетақы қорлары ірі қатысушыларының ықпал етудің шектеу шараларын қолдану арқылы жүктелген міндеттемелерді орындамауы
Жинақтаушы зейнетақы қорларының, жинақтаушы зейнетақы қорлары ірі қатысушыларының өздеріне уәкілетті орган ықпал етудің шектеу шараларын қолдану арқылы жүктеген міндеттемелерді орындамауы, -
жеке тұлғаға - елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, лауазымды адамдарға - жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, заңды тұлғаларға екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
03.06.03 ж. № 424-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара); 2005.23.12. № 107-III (бұр. ред. қара); 2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2006.05.07. № 164-III; 2007.27.07. № 314-III (2008.01.01. бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2009.30.12. № 234-IV (бұр.ред.қара); 2010.15.07. № 338-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 173-бап өзгертілді; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 173-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)