Осы тармақшаның ережелері:
акциялар бойынша, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төлеуге жататын табыс;
заңды тұлға өзінің құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза табыстың бір бөлігі;
құрылтайшының, қатысушының жарғылық капиталға салым ретiнде енгiзген мүлкiн қоспағанда, заңды тұлға таратылған кезде немесе құрылтайшылардың, қатысушылардың салым мөлшерін барабар азайту арқылы не құрылтайшылардың, қатысушылардың үлестерін толық немесе ішінара өтеу арқылы жарғылық капиталды азайту кезінде, сондай-ақ заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесін құрылтайшының, қатысушының алып қойған кезінде, мүлікті бөлуден түсетін табыс түрінде резидент заңды тұлғадан алынған дивидендтерге ғана қолданылады.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкінің дивидендтер төлейтін заңды тұлғаның активтері құнындағы үлесі осы Кодекстің 197-бабына сәйкес айқындалады;
5) ашық пайлық инвестициялық қорлардың пайлары бойынша оларды осы қордың басқарушы компаниясы сатып алған кездегі табыстар;
6) осындай дивидендтер мен сыйақылар есебіне жатқызу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімінде болатын бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақылар;
7) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар, агенттік облигациялар бойынша сыйақылар және мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар мен агенттік облигацияларды өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін табыстар;
8) бір мезгілде мынадай:
акцияларды немесе қатысу үлестерін өткізу күніне салық төлеушінің осы акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленуі;
эмитент заңды тұлғаның немесе қатысу үлесі өткізілетін заңды тұлғаның немесе қатысу үлесін консорциумда өткізетін осындай концорциумға қатысушының жер қойнауын пайдаланушы болып табылмауы;
эмитент заңды тұлғаның немесе қатысу үлесі өткізілетін заңды тұлғаның активтері құнының немесе қатысу үлесі өткізілетін консорциумға қатысушылар активтері жалпы құнының 50 пайыздан астамы осындай өткізу күнi жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылмайтын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкiн құрау талаптары орындалған кезде, егер осы тармақтың 9) тармақшасында өзгеше белгiленбесе, осы Кодекстiң 192-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетiлгендердi қоспағанда, осы Кодекстiң 192-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетiлген, заңды тұлға шығарған акцияларды немесе заңды тұлғадағы немесе консорциумдағы қатысу үлестерiн өткізу кезiнде құн өсiмiнен түсетiн табыстар;
9) өткізу күні осы қор биржасының ресми тізімдерінде болатын бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасында немесе шетелдік қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін табыстар;
10) осы Кодекстің 192-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген табыстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін табыстар;
11) ислам банкінде орналастырылған инвестициялық депозит бойынша табыс;
12) Қазақстан Республикасында табысы аз азаматтарды қолдауға (оларға көмек көрсетуге) бағытталған, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын үкіметаралық келісім шеңберіндегі грант қаражаты есебінен жүргізілетін төлемдер;
13) осы Кодекстiң 135-1-бабының 1-тармағында көрсетілген дербес білім беру ұйымының осындай ұйымның қызметкері болып табылатын не Қазақстан Республикасында осындай ұйымның жұмыстарды орындау, оған қызметтер көрсету бойынша қызметiн жүзеге асыратын резидент емес жеке тұлғаға қатысты iс жүзiнде мынадай:
тұруға;
медициналық сақтандыруға;
Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi тұрғылықты жерiнен Қазақстан Республикасындағы жұмыс орнына дейiн және қайтар жолында әуе көлiгiмен ұшуға нақты жұмсаған шығыстары түрiндегi материалдық пайда.»;
74) 201-бапта:
тақырып «көзінен» деген сөзден кейін «жеке» деген сөзбен толықтырылсын;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, резидент емес жеке тұлғаның осы Кодекстiң 192-бабының 1-тармағында айқындалған табыстарына осы Кодекстiң 194-бабында көрсетiлген ставкалар бойынша төлем көзiнен жеке табыс салығы салық шегерiмдерi жүзеге асырылмай салынады.
Төлем көзінен салық салынатын табыстар бойынша жеке табыс салығын есептеуді және ұстауды салық агенті резидент емес жеке тұлғаға табыстар төлеу күнінен кешіктірмей жүргізеді.
Шетелдік валютамен табысты төлеу кезінде төлем көзінен салық салынатын табыс мөлшері табыс төлеу күнгі валюталар айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, теңгемен қайта есептеледі.
Бюджетке резидент емес жеке тұлғаның табыстарынан жеке табыс салығын аударуды салық агенті өзінің орналасқан жері бойынша осы тармаққа сәйкес салық ұстауға жататын айдан кейінгі айдың 25-іне дейін жүргізеді.»;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Осы баптың мақсатында бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін өткізу кезіндегі құн өсімі осы Кодекстің 87-бабына сәйкес айқындалады.»;
2-тармақта:
«көзінен» деген сөзден кейін «жеке» деген сөзбен толықтырылсын;
«осы баптың 8-тармағының» деген сөздер «осы Кодекстің 200-1-бабы 1-тармағының» деген сөздермен ауыстырылсын;
3, 4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салық шегерімдерін жүзеге асырмастан, осы Кодекстің 155-бабы 3-тармағының ережелерін ескере отырып, осы Кодекстің 163-бабы 2-тармағында айқындалған табыстарды қоса алғанда, төлем көзінен салық салынатын, осы Кодекстің 192-бабы 1-тармағының 18), 19), 20), 21) және 22) тармақшаларында айқындалған табыстар сомасына осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдану арқылы жүргізеді.
Төлем көзінен жеке табыс салығын салық агенті осы баптың 5-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, резидент емес жеке тұлғаға табыс төлеу күнінен кешіктірмей ұстайды.
Салық агенті осы Кодекстің 161-бабында белгіленген мерзімде төлем көзінен ұсталған жеке табыс салығының сомасын аударуға міндетті.
4. Салық агенті резидент емес жеке тұлғаға табыс төлеуді жүзеге асыру нысаны мен орнына қарамастан, төлем көзінен жеке табыс салығын ұстайды.
5. Қызметі осы Кодекстің 191-бабы 7-тармағының ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрмайтын резидент еместің шетелдік персоналды ұсынуы кезінде мұндай персоналдың Қазақстан Республикасындағы қызметінен алынған табысына төлем көзінен жеке табыс салығы салынады.
Бұл ретте резидент емес жеке тұлғалардың табыстары, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы қызметіне байланысты мұндай персонал алатын өзге материалдық пайда жеке табыс салығын салу объектісі болып табылады.
Егер ұсынылған персоналға табысты резидент емес төлеген жағдайда, жеке табыс салығын есептеу мақсатында салық базасын осы Кодекстің 191-бабының 7-тармағына сәйкес резидент емес табыс ететін құжаттар негізінде салық агенті айқындайды.
Шетелдік персонал табысынан төлем көзінен жеке табыс салығын ұстауды салық агенті резидент емес заңды тұлғаға шетелдік персоналды ұсыну жөніндегі қызметтер үшін табыс төленген кезде жүргізеді.
Төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салық шегерімдерін жүзеге асырмастан, осы Кодекстің 155-бабы 3-тармағының ережелерін ескере отырып, шетелдік персоналдың осы тармаққа сәйкес айқындалған табыстарының сомасына осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдану арқылы жүргізеді.
Салық агенті осы Кодекстің 161-бабында белгіленген мерзімде төлем көзінен ұсталған жеке табыс салығының сомасын аударуға міндетті.»;
6-тармақта:
бірінші абзац «көзінен» деген сөзден кейін «жеке» деген сөзбен толықтырылсын;
2) тармақшадағы «6» деген цифр «4» деген цифрмен ауыстырылсын;
3) тармақша мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы тараудың мақсаттары үшін резидент заңды тұлға өз шешімімен осы Кодекстің 161-бабында белгіленген тәртіппен мұндай құрылымдық бөлімше төлеген (төлеуге жататын) төлем көзінен салық салынатын табыстар бойынша өз құрылымдық бөлімшесін төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы бойынша салық агенті деп тануға құқылы.»;
4) тармақшадағы «10» деген цифрлар «7» деген цифрмен ауыстырылсын;
5) тармақшадағы «резидент эмитентiне жүктеледі.» деген сөздер «эмитент резидентіне;» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) осы баптың 6-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілгендерді қоспағанда, осы Кодекстің 200-1-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында белгіленген талаптар орындалмаған кезде бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін сатып алатын резидент емес заңды тұлғаға жүктеледі.»;
7 және 8-тармақтар алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 9-тармақпен толықтырылсын:
«9. Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес резидент еместің табыстарынан есептелген жеке табыс салығының сомасын салық агенті өз қаражаты есебінен оны ұстамай төлеген кезде, салық агентінің төлем көзінен жеке табыс салығын ұстау және аудару жөніндегі міндеті орындалған болып саналады.»;
75) 202-бапта:
1-тармақта:
бірінші бөліктің бірінші абзацында:
«резидент емес жеке тұлғаның» деген сөздер «Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесі жоқ резидент емес заңды тұлғаның қызметкерлері болып табылатын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың» деген сөздермен ауыстырылсын;
«163-165-баптарында» деген сөздер «163-бабында» деген сөздермен ауыстырылсын;
1) және 2) тармақшалардағы «резидент емес жеке тұлға» деген сөздер «шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адам» деген сөздермен ауыстырылсын;
екінші бөлікте:
«резидент емес жеке тұлға» деген сөздер «шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам» деген сөздермен ауыстырылсын;
«163-165-баптарында» деген сөздер «163-бабында» деген деген сөздермен ауыстырылсын;
2 және 3-тармақтардағы «резидент емес жеке тұлғаның», «резидент емес жеке тұлға», «резидент емес жеке тұлғалармен» деген сөздер тиісінше «шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның», «шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам», «шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен» деген сөздермен ауыстырылсын;
4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Салық агентi табыс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, резидент емес заңды тұлғаға табыс төлеу күнінен кешіктірмей төлем көзiнен жеке табыс салығын есептейді және ұстайды.
5. Бюджетке шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның табыстарынан жеке табыс салығын аударуды салық агенті өзінің орналасқан жері бойынша осы баптың 4-тармағына сәйкес салық ұсталуға жататын айдан кейінгі айдың 25-іне дейін жүргізеді.»;
76) 203-баптағы «өзi орналасқан жердегi салық органына осы Кодекстiң 196-бабында белгiленген мерзiмдерде» деген сөздер «есепті салық кезеңдері кіретін тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей тоқсан сайын салық төлеу орны бойынша салық органына» деген сөздермен ауыстырылсын;
77) 204-баптың 4-тармағы алып тасталсын;
78) 205-бапта:
«Жеке» деген сөз «Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Ағымдағы салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызына дейін Қазақстан Республикасының аумағына кейіннен кірместен ағымдағы салық кезеңі ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шығу жағдайында, резидент емес жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс етуге және ағымдағы салық кезеңі ішінде жеке табыс салығын төлеуге құқылы. Бұл ретте жеке табыс салығы бойынша декларация ағымдағы салық кезеңінің басынан бастап Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге осындай тұлға шыққан күнге дейінгі кезеңге табыс етіледі.»;
79) 208-баптың 7-тармағының бірінші бөлігінде:
1) тармақшадағы «4-тармағының» деген сөздер «4 және 5-тармақтарының» деген деген сөздермен ауыстырылсын;
3) тармақша «резидент емес» деген сөздерден кейін «заңды тұлға құрылған және (немесе) резиденті болып табылатын мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған осындай» деген сөздермен толықтырылсын;
80) 211-баптың 4-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) осы Кодекстің 219-бабының 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін, резиденттікті растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;»;
81) 212-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«212-бап. Резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алған табыстарын салық салудан толық босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Егер резидент емес халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылса, мұндай резидент емеске табыс төлеу кезінде немесе резидент еместің есептелген, бірақ төленбеген табысын шегерімге жатқызу кезінде салық агентінің салық салудан босатуды дербес қолдануға құқығы бар.
2. Осы бапта белгіленген халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі осы Кодекстің 212-1, 212-2, 213, 214 және 215-баптарында халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі белгіленген табыстарды, сондай-ақ осы Кодекстің 197-бабында айқындалған табыстарды қоспағанда, осы Кодекстің 192-бабында көзделген резидент еместің табыстарына салық салуға қатысты қолданылады.
3. Резидент емес осы Кодекстің 219-бабының 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін резиденттікті растайтын құжатты салық агентіне табыс еткен кезде халықаралық шарт қолданылады.
Бұл ретте резиденттікті растайтын құжатты резидент емес салық агентіне осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, бірінші болып басталатын мына күндердің бірінен:
1) резидент емеске табыс төленген немесе резидент еместің төленбеген табыстары шегерімге жатқызылған күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанынан;
2) төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық міндеттемесін орындау мәселесі бойынша жоспарлы салықтық тексеру жүргізілген күнтізбелік жылда аяқталатын, резидент емеске табыс төленген тоқсанды мұндай салықтық тексеруді жүргізудің басталуынан;
3) төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық міндеттемесін орындау мәселесі бойынша жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізілген күнтізбелік жылда аяқталатын, резидент емеске табыс төленген тоқсанды мұндай салықтық тексеруді жүргізу аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етеді. Жоспардан тыс салықтық тексерудің аяқталған күні нұсқамаға сәйкес айқындалады.
4. Егер резидент емес Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құруға әкеп соқпайтын мерзім шегінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсеткен немесе жұмыстар орындаған жағдайда, халықаралық шарттың ережелерін қолдану мақсатында резидент емес заңды тұлға осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжатпен бірге салық агентіне құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін не құрылтайшыларды (қатысушыларды) және резидент емес заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен (акционерлер тізілімінен немесе резидент емес тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан) үзінді көшірмелерді табыс етеді.
Салық агенті табыс етілген құжаттардың және қызметтер көрсетуге немесе жұмыстар орындауға арналған шарттың (келісімшарттың) негізінде резидент еместің осындай шарттың (келісімшарттың) және олар болған кезде байланысты жобалардың шеңберінде қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау нәтижесінде тұрақты мекеме құру фактісін айқындайды.
Резидент еместің Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құру фактісі анықталған кезде, салық агенті Қазақстан Республикасында резидент еместің табыстарын салық салудан босату бөлігінде халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес.
5. Егер Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құруға әкеп соқпайтын мерзім шегінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау бірлескен қызмет туралы шарттың шеңберінде жүзеге асырылатын болса, онда осындай шартқа қатысушы болып табылатын резидент емес заңды тұлға халықаралық шарттың ережелерін қолдану мақсатында осы баптың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген құжатпен қатар салық агентіне бірлескен қызмет туралы шарттың немесе бірлескен қызметке оның қатысу үлесін растайтын өзге құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін табыс етеді.
Егер резидент емес осындай шарттың (келісімшарттың) және байланысты жобалардың шеңберінде қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау нәтижесінде тұрақты мекеме құрмаған жағдайда, салық агенті резидент емес заңды тұлғаның табысына бірлескен қызмет туралы шартта көрсетілген бірлескен қызметке оның қатысу үлесіне барабар халықаралық шарттың немесе бірлескен қызметке оның қатысу үлесін растайтын өзге де құжаттың ережелерін қолдануға құқылы.
6. Салық агенті салық органына табыс етілетін салықтық есептілікте резидент емеске есептелген (төленген) және халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес ұсталған, салық ұстаудан босатылған табыстар сомасын, табыс салығының ставкаларын және халықаралық шарттардың атауларын көрсетуге міндетті.
Бұл ретте салық агенті өзінің орналасқан жері бойынша салық органына осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін, резидент емес салық төлеушінің резиденттігін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін табыс етуге міндетті. Мұндай құжаттың көшірмесі, табыс ету мерзімі осы баптың 3-тармағына сәйкес резидент еместің салық агентіне осындай құжатты тапсырғаннан кейін басталатын, салықтық есептілікті ұсынған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде табыс етіледі.
7. Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл мемлекеттік бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толығымен төленбеуіне әкеп соққан кезде салық агенті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.»;
82) мынадай мазмұндағы 212-1 және 212-2-баптармен толықтырылсын:
«212-1-бап. Резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы көздерден дивидендтер, сыйақылар және (немесе) роялти түрінде алған табыстарын салық салудан босатуға немесе оларға төмендетілген салық ставкасын қолдануға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Дивидендтер, сыйақылар және (немесе) роялти түрінде резидент емеске табыс төлеу кезінде немесе шегерімге сыйақылар және (немесе) роялти түрінде резидент еместің төленбеген табыстарын жатқызу кезінде, егер мұндай резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушы болып табылатын және халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылатын жағдайда салық агенті тиісті халықаралық шартта көзделген салық салудан босатуды немесе төмендетілген салық ставкаларын дербес қолдануға құқылы.
Осы бөлімнің мақсатында табыстарды иелену, пайдалану, оларға билік ету құқығы бар және мұндай табысқа қатысты делдал, оның ішінде агент, номиналды ұстаушы болып табылмайтын тұлға түпкілікті (нақты) табыстарды алушы (иеленуші) деп түсінілуі керек.
2. Егер сыйақы төлеу түпкілікті (нақты) табысты алушыға (иеленушіге) делдал арқылы жүзеге асырылған жағдайда, салық агентінің бір мезгілде мынадай:
1) шартта (келісімшартта) делдал арқылы түпкілікті (нақты) сыйақы алушы (иеленуші) болып табылатын әрбір тұлға бойынша осындай тұлғаның деректерін (жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (бар болса) немесе заңды тұлғаның атауын; бар болған жағдайда инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірін (немесе оның аналогын); инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркелу нөмірін (немесе оның аналогын)) көрсете отырып, сыйақы сомасы көрсетілген;
2) салық агентіне осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес түпкілікті (нақты) сыйақы алушы (иеленуші) болып табылатын адамдардың резиденттігін растайтын құжат ұсынылған талаптар сақталған кезде осындай түпкілікті (нақты) табыс алушы (иеленуші) резиденті болып табылатын мемлекетпен жасасқан тиісті халықаралық шартта көзделген, табыс салығынан босатуға немесе оның төмендетілген ставкасын қолдануға құқығы бар.
Бұл ретте, резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 212-бабының 3-тармағында көрсетілген бірінші болып басталатын күндердің бірінен кешіктірілмей салық агентіне табыс етіледі.
3. Салық агенті салық органына табыс етілетін салықтық есептілікте резидент емеске есептелген (төленген) және халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес ұсталған, салық ұстаудан босатылған табыстар сомасын, табыс салығының ставкаларын және халықаралық шарттардың атауларын көрсетуге міндетті.
Бұл ретте салық агенті өзінің орналасқан жері бойынша салық органына осы Кодекстің 219-бабының 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін, резидент емес салық төлеушінің (түпкілікті (нақты) табыс алушының (иеленушінің) резиденттігін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін табыс етуге міндетті. Мұндай көшірме, табыс ету мерзімі резидент еместің осы Кодекстің 212-бабының 3-тармағында көрсетілген күндердің бірінде мұндай құжатты салық агентіне тапсырғаннан кейін басталатын салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде беріледі.
4. Салық агенті осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен резидент емеске делдал арқылы сыйақы түрінде табыс төлеу кезінде халықаралық шарттың ережелерін қолданбаған жағдайда, салық агенті осы Кодекстің 194-бабында белгіленген ставка бойынша төлем көзінен табыс салығын ұстауға міндетті.
Ұсталған табыс салығының сомасы осы Кодекстің 195-бабында белгіленген мерзімде аударылуға жатады.
5. Резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушының (иеленушінің) табысының төлем көзінен ұсталған табыс салығын бюджетке салық агенті аударған жағдайда, халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес төлем көзінен артық ұсталған табыс салығын осындай резидент емеске қайтаруға құқығы бар.
Бұл ретте резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушы (иеленуші) салық агентіне:
1) делдалмен жасасқан, онда осындай тұлғаның деректерін (жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (ол бар болса) немесе заңды тұлғаның атауын; бар болған жағдайда инкорпорация елінде салықтық тіркелу нөмірін (немесе оның аналогын); инкорпорация елінде мемлекеттік тіркелу нөмірін (немесе оның аналогын)) көрсете отырып, осындай резидент еместің сыйақы сомасы көрсетілген шарттың (келісімшарттың) ;
2) осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін сыйақы түрінде табыс алған кезеңде оның резиденттігін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін табыс етуге міндетті.
Осы тармақта көрсетілген құжаттарды, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, резидент емес бюджетке төлем көзінен ұсталған табыс салығын соңғы аудару күнінен бастап осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін табыс етеді.
Бұл ретте, резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушыға (иеленушіге) артық ұсталған табыс салығын қайтаруды салық агенті жүргізеді.
6. Осы баптың 5-тармағының талаптарын орындау кезінде салық агенті өзінің орналасқан жері бойынша салық органына резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушының (иеленушінің) сыйақы түрінде табыстарынан табыс салығын ұстау және аудару жүргізілген салық кезеңіне төмендетілген салық ставкасын немесе салық салудан босату қолданылған кездегі азайтылған сомаға төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша қосымша есептеуді табыс етуге құқылы.
Көрсетілген жағдайда төлем көзінен ұсталған табыс салығының артық төленген сомасын салық агентінің есебіне жатқызу осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
7. Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толығымен төленбеуіне әкеп соққан кезде салық агенті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
212-2-бап. Резидент еместiң депозитарлық қолхаттарының базалық активі болып табылатын акциялары бойынша дивидендтер түріндегі табыстарын салық салудан ішінара босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түріндегі табыстарды резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушыға (иеленушіге) депозитарлық қолхаттарды номиналды ұстаушы арқылы төлеу кезінде бір мезгілде мынадай талаптар орындалған:
1) мыналарды:
базалық активі Қазақстан Республикасының резиденті шығарған акциялар болатын депозитарлық қолхаттардың меншік иелері болып табылатын жеке тұлғалардың тегін, атын, әкесінің атын (олар бар болса) немесе заңды тұлғалардың атауын;
депозитарлық қолхаттардың саны және түрі туралы ақпаратты;
жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттардың атауы мен деректемелерін немесе заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күнін қамтитын депозитарлық қолхаттарды ұстаушылар тізімінің болуы.
Депозитарлық қолхаттарды ұстаушылардың тізімін мына тұлғалар: