қызметкер Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде оқудан, бiлiктiлiгiн арттырудан немесе қайта даярлаудан өткен мерзiм iшiнде - тәулiгiне республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң 8 еселенген мөлшерi шегiнде қызметкерге төлеуге тағайындаған ақша сомасы жатады;»;
24-1) тармақша алып тасталсын;
3-тармағының 52) тармақшасының отыз жетінші абзацы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
41) тармақшаның бірінші абзацындағы «резидент шетелдiк тұлғаға қатысты осындай ұйымның жұмыстарын орындау, оған қызметтер көрсету бойынша оның Қазақстан Республикасындағы қызметiне байланысты» деген сөздер «осындай ұйымның қызметкері болып табылатын не осындай ұйымның жұмыстарын орындау, оған қызметтер көрсету бойынша Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асыратын резидент шетелдiк тұлғаға қатысты» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы баптың 1-тармағының 12) және 13) тармақшаларында көзделген табыстарды салық салудан босату мұндай босатуды қолдану үшін негіздер болатын салық кезеңдері үшін беріледі.
Салық төлеуші (салық агенті) табыс төлеу күнінен бұрын түзету қолдану үшін негіз туындаған күні растау құжаттарын табыс еткен жағдайда, осы баптың 1-тармағының 12) және 13) тармақшаларында көзделген түзетулерді мұндай түзетулерді қолдану үшін негіз болатын салық кезеңіндегі табысқа қолдануға құқылы.»;
53) 161-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, салық агентi төленген табыстар бойынша жеке табыс салығын аударуды табыс төлеу жүзеге асырылған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей өзiнің орналасқан жерi бойынша жүзеге асырады.
Салық агентiнiң құрылымдық бөлiмшелерi қызметкерiнiң табыстары бойынша жеке табыс салығын аудару құрылымдық бөлiмшелердің орналасқан жері бойынша тиiстi бюджеттерге жүргiзiледi.
Заңды тұлға өз шешімімен оның құрылымдық бөлімшесі төлеген (төлеуге жататын) төлем көзінен салық салынатын табыстар бойынша өзінің құрылымдық бөлімшесін төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы бойынша салық агенті деп тануға құқылы.
Бұл ретте заңды тұлғаның шешімі немесе мұндай шешімнің күшін жою мұндай шешім қабылданған тоқсаннан кейінгі тоқсаннан бастап күшіне енеді.
Егер жаңадан құрылған құрылымдық бөлімше салық агенті деп танылған жағдайда, заңды тұлғаның осындай тану туралы шешімі осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған тоқсананнан кейінгі тоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Резидент заңды тұлғаның шешімі бойынша салық агенттері деп танылған құрылымдық бөлімшелер осы Кодекстің 12-бөлімінің мақсаты үшін әлеуметтік салықты дербес төлеушілер болып танылады.»;
54) 162-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар бойынша жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны салық агенті салық төлеу орны бойынша салық органдарына есепті салық кезеңдері кіретін тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей табыс етеді.»;
55) 166-бапта:
2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Салық кезеңi iшiнде жұмыс беруші өзгерген жағдайда, оның қайта ұйымдастырылу жағдайларын қоспағанда, алдыңғы жұмыс берушіде жұмыс кезеңі ішінде құралған асып түскен сома жаңа жұмыс берушіде есептелмейді.»;
6-тармақта:
1) тармақшадағы «күнтізбелік бір жылдағы салық шегерімінің жалпы сомасы» деген сөздер «осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес ұсынылатын салық шегерімінің жалпы сомасы мен осы Кодекстің 156-бабы 1-тармағының 18) тармақшасына сәйкес ұсынылатын түзету сомасы, жиынтығында күнтiзбелiк бір жылда» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) тармақшадағы «табыс етсе» деген сөздер «табыс етсе, салық төлеушіге осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасында белгіленген салық шегерімін жасау құқығы беріледі.» деген сөздермен ауыстырылып,
3) тармақша алып тасталсын;
3-тармағының 56) тармақшасы 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
56) 178-бапта:
1-тармақта:
бірінші бөлікте:
«Төлем көзінен» деген сөздер «Егер осы Кодекстің осы бабында және 182-бабында өзгеше белгіленбесе, төлем көзінен» деген сөздермен ауыстырылсын;
«табыс сомасына» деген сөздер «тиісті табыстың салық салынатын сомасына» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Бұл ретте есептелген жеке табыс салығының сомасы жеке табыс салығының осы Кодекстiң 223-бабына сәйкес есепке жатқызу жүзеге асырылатын сомасына азайтылады.»;
екінші бөлікте:
«салық салынбайтын табыс» деген сөздер «салық салынбайтын тиісті табыстың салық салынатын сомасы» деген сөздермен ауыстырылсын;
«Егер осы бапта және осы Кодекстiң 182-бабында өзгеше белгiленбесе, төлем» деген сөздер «Төлем» деген сөзбен ауыстырылсын;
4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Бұл ретте есептелген жеке табыс салығының сомасы жеке табыс салығының осы Кодекстiң 223-бабына сәйкес есепке жатқызу жүзеге асырылатын сомасына азайтылады.»;
57) 180-бапта:
2-тармақта:
1) тармақшадағы «тұрғын жайларды» деген сөздер «тұрғын үйлерді» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармағының 57) тармақшасының төртінші - бесінші абзацтары 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5) тармақшадағы «заңды тұлғадағы» деген сөздер алып тасталсын;
7-тармақтағы «5-тармағына» деген сөздер «5 және 6-тармақтарына» деген сөздермен ауыстырылсын;
58) 183-бапта:
3-тармағының 58) тармақшасының екінші - үшінші абзацтары 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, дара кәсiпкердiң салық салынатын табысы осы Кодекстiң 83 - 133, 136, 137 және 224-баптарына сәйкес корпоративтiк табыс салығы салынатын объектiнi айқындау үшiн белгiленген тәртiппен, сондай-ақ осы Кодекстің 156-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып және осы Кодекстің 166-бабының 5 және 6-тармақтарының ережелері ескеріле отырып, осы Кодекстің 166-бабының 1-тармағында белгіленген салықтық шегерімдермен айқындалады.»;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Осы баптың 1-тармағына сәйкес дара кәсіпкердің салық салынатын табысын айқындау кезінде осы Кодекстің 133-бабының 2-тармағы 2), 3), 3-1), 3-2), 6) және 7) тармақшаларының ережелері қолданылмайды.»;
59) 184-баптың 1-тармағында:
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген, салық агенттерi болып табылмайтын, шет мемлекеттің дипломатиялық және соларға теңестiрiлген өкiлдiктерімен, шет мемлекеттің консулдық мекемелерімен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының табыстары;»;
мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
«5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығын есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндеттемеден босатылған халықаралық және мемлекеттік ұйымдармен, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен және қорлармен жасасылған еңбек шарттары (келісімшарттар) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының табыстары.»;
3-тармағының 60) тармақшасы 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
60) 186-баптағы «Конституциялық заңына» деген сөздер «Конституциялық заңында, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде» деген сөздермен ауыстырылсын;
61) 189-бапта:
2-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;
5-тармақтың бірінші бөлігіндегі «өзге заңды тұлғалар» деген сөздер «шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар» деген сөздермен ауыстырылсын;
62) 190-баптың 2-тармағы алып тасталсын;
63) 191-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«191-бап. Резидент еместiң тұрақты мекемесi
1. Егер халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, резидент еместің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі деп қызметін жүзеге асыру мерзімдеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметін сол арқылы жүзеге асыратын Қазақстан Республикасындағы мынадай қызмет орындарының бірі танылады:
1) тауарларды өндіру, өңдеу, жинақтау, орау, буып-түю және (немесе) беру жүзеге асырылатын кез келген орын;
2) кез келген басқару орны;
3) жер қойнауын геологиялық зерттейтін, пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруге дайындық жұмыстарын және (немесе) пайдалы қазбаларды өндіруді жүзеге асыратын және (немесе) пайдалы қазбаларды барлауды және (немесе) өңдеуді бақылау және (немесе) қадағалау жөніндегі жұмыстарды орындайтын, қызметтер көрсететін кез келген орын;
4) құбыржолға байланысты қызметті (оның ішінде бақылау немесе қадағалау) жүзеге асыратын кез келген орын;
5) жабдықты орнатуды, монтаждауды, жинауды, қалпына келтіруді, іске қосуды жүзеге асыратын кез келген орын. Бұл ретте тұрақты мекеме мұндай жабдыққа кейіннен қызмет көрсете отырып, осы тармақшада көрсетілген қызмет түрлерінің ең болмағанда біреуін жүзеге асыру кезінде пайда болады;
6) ойын автоматтарын (жалғамаларын қоса), компьютерлiк желiлер мен байланыс арналарын, аттракциондарды орнатуға, ретке келтiруге және пайдалануға байланысты, сондай-ақ көлiк немесе өзге де инфрақұрылымға байланысты қызметтi жүзеге асыратын кез келген орын;
7) егер осы баптың 3-тармағында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында тауарларды өткізу орны;
8) құрылыс қызметін және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыратын, сондай-ақ осы жұмыстардың орындалуын қадағалау жөніндегі қызметтерді көрсететін кез келген орын;
9) осы баптың 4-тармағында аталған қызметті жүзеге асыратын өкілдікті қоспағанда, филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері;
10) «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасында резидент еместің атынан делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғаның орналасқан жері;
11) шет мемлекеттің не мұндай бірлескен қызмет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес резидент емеспен жасалған бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушы резиденттің орналасқан жері.
2. Егер осы баптың 8-тармағында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында осы баптың 1-тармағында көзделмеген қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау кезінде, егер мұндай сипаттағы қызмет Қазақстан Республикасының аумағында бір жоба немесе байланысты жобалар шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап кез келген келесі он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күннен астам жалғасатын болса, осындай мақсаттар үшін резидент емес жалдаған қызметші немесе басқа персонал арқылы қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау орны тұрақты мекеме деп танылады.
Осы бөлімнің мақсаты үшін олар бойынша келісімшарттар (шарттар) өзара байланысты немесе өзара тәуелді болып табылатын жобалар байланысты жобалар деп танылады.
Бір мезгілде мынадай талаптарға сай келетін:
1) мұндай келісімшарттар (шарттар) бойынша резидент емес немесе оның өзара байланысты тарапы қандай да бір салық агентіне немесе оның өзара байланысты тарапына бірдей немесе біртектес қызметтер (жұмыстар) көрсететін (орындайтын)»;
2) бір келісімшарт (шарт) бойынша қызметтер көрсету (жұмыстар орындау) аяқталған күн мен басқа келісімшарт (шарт) жасалған күн арасындағы уақыт кезеңі келесі он екі айдан аспайтын келісімшарттар (шарттар) өзара байланысты келісімшарттар (шарттар) деп танылады.
Резидент емес немесе оның өзара байланысты тарапы салық агентімен немесе оның өзара байланысты тарапымен жасаған келісімшарттар (шарттар) өзара тәуелді деп танылады, резидент еместің немесе оның өзара байланысты тарапының олардың біреуі бойынша міндеттемелерін орындамауы мұндай резидент еместің немесе оның өзара байланысты тарапының басқа келісімшарт (шарт) бойынша міндеттемелерді орындауына әсер етеді.
3. Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында өткізілген көрмелерде және жәрмеңкелерде өткізу кезінде, егер мұндай өткізу күнтізбелік он күннен астамға созылса және осы баптың 8-тармағында өзгеше көзделмесе, резидент емес Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрады.
4. Резидент еместiң Қазақстан Республикасының аумағында резидент еместiң негiзгi қызметiнен ерекшеленетiн дайындық және көмекшi сипаттағы қызметтi жүзеге асыруы, егер мұндай қызмет үш жылдан аспайтын болса және осы баптың 8-тармағында өзгеше көзделмесе, тұрақты мекеме құруға әкеп соқпайды. Бұл ретте дайындық және көмекшi сипаттағы қызмет үшінші бір тұлғалар үшiн емес, резиденттiң өзi үшiн жүзеге асырылуға тиiс. Дайындық және көмекшi сипаттағы қызметке:
1) кез келген орынды резидент емеске тиесiлi тауарды сақтау және (немесе) көрсету мақсатында ғана пайдалану;
2) тауарларды өткізбей, оларды сатып алу мақсатында ғана тұрақты қызмет орнын ұстау;
3) тұрақты қызмет орнын, егер мұндай қызмет осы резидент еместiң негiзгi қызметi болып табылмаса, ақпарат жинау, өңдеу және (немесе) тарату, резидент еместiң өткізетін тауарларын, жұмыстарын, қызметтерін жарнамалау немесе олардың нарығын зерделеу үшiн ғана ұстау жатады.
5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, егер резидент емес Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметiн тәуелдi агент (жеке немесе заңды тұлға) арқылы жүзеге асырса, онда мұндай резидент емес, егер осы баптың 8-тармағында өзгеше көзделмесе, тәуелдi агент ол үшiн жүзеге асыратын кез келген қызметке байланысты тұрақты мекемесi бар резидент емес ретiнде қарастырылатын болады.
Осы бөлімнің мақсаты үшін бір мезгілде мынадай талаптарға сай келетін тұлға тәуелді агент деп танылады:
1) шарттық қатынастар негізінде Қазақстан Республикасында резидент еместің мүдделерін білдіруге, резидент еместің атынан және есебінен әрекет етуге және (немесе) белгілі бір заңды іс-әрекеттер жасауға уәкілеттік беріледі;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған қызметті ол кеден өкілінің, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының қызметі және өзге де брокерлік қызмет (сақтандыру брокерінің қызметін қоспағанда) шеңберінде жүзеге асырмайды;
3) оның қызметі осы баптың 4-тармағында санамаланған қызмет түрлерімен шектелмейді.
6. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған резидент емес заңды тұлғаның еншiлес ұйымы, егер еншiлес ұйым мен резидент емес заңды тұлға арасында осы баптың 5-тармағының ережелерiне сай келетiн қатынастар туындаса, резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесi ретiнде қарастырылады. Өзге жағдайларда резидент емес заңды тұлғаның еншiлес ұйымы резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесi ретiнде қарастырылмайды.
7. Егер осы баптың 8-тармағында өзгеше көзделмесе, заңды тұлғаға, оның iшiнде тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асыратын резидент емеске Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстеу үшiн шетелдiк персоналды ұсыну жөнiнде қызмет көрсететiн резидент емес бір мезгiлде мынадай талаптарды орындаған кезде:
1) егер мұндай персонал өзiн ұсынған заңды тұлғаның атынан және соның мүдделерiн көздеп әрекет етсе;
2) шетелдiк персоналды ұсыну жөнiнде қызмет көрсететiн резидент емес ұсынылған персоналдың жұмыс нәтижелерi үшін жауапты болмаса;
3) резидент еместiң шетелдiк персоналды ұсыну жөнiнде қызмет көрсетуден салық кезеңінде алатын табысы резидент еместiң осындай персоналды ұсыну бойынша көрсетілген кезеңдегі шығындарының жалпы сомасының он пайызынан аспайтын болса, Қазақстан Республикасында мұндай қызметтер бойынша тұрақты мекеме құрмайды.
Шетелдiк персоналдың табыстарын қоса алғанда, осындай қызметтер көрсетуге арналған шығындардың сомасын растау үшiн резидент емес көрсетілетін қызметтерді алушыға бастапқы құжаттарының көшiрмелерiн табыс етуге мiндеттi. Осы тармақта белгіленген талаптарды орындау кезінде, шетелдiк персоналды ұсыну жөнiнде қызметтер көрсететін резидент еместiң табысынан корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін резидент еместiң мұндай қызметтерi Қазақстан Республикасынан тыс жерде көрсетілген қызметтер болып танылады.
8. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға әкеп соғатын кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын резидент емес осы Кодекстiң 562-бабында белгiленген тәртiппен салық органында салық төлеушi ретiнде тiркелуге мiндеттi.
Егер резидент емес бір салық органында тіркелуге жататын екі және одан да көп тұрақты мекеме құруға әкеп соғатын кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған жағдайда, онда резидент еместің мұндай тұрақты мекемелерінің тобы бойынша жиынтық түрде бір тұрақты мекеме тіркелуге жатады.
Егер резидент еместің осы баптың 2, 3, 4, 5 немесе 7-тармақтарында көзделген қызмет түрлерінің бірін жүзеге асыратын тіркелген тұрақты мекемесі болса және ұқсас немесе осындай қызметті мұндай тұрақты мекеме тіркелген орыннан өзгеше орын бойынша жүзеге асырса, онда мұндай қызметті жүзеге асыру тұрақты мекеме құруға әкеп соғады және ұқсас немесе осындай қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап тіркелуге тиіс.
Егер резидент емес қызметін мұндай резидент еместің тұрақты мекемесін салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорынан алып тастағаннан кейін келесі он екі айлық кезең ішінде қайта бастаса, онда мұндай резидент емес тұрақты мекеме құрған деп танылады және мұндай қызметін жүзеге асыра бастаған күннен бастап салық төлеуші ретінде тіркелуге жатады. Осы бөліктің ережелері, егер резидент емес салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорынан алынып тасталған мұндай резидент еместің тұрақты мекемесінің сондай немесе соған ұқсас қызметі болып табылатын, осы баптың 2, 3 немесе 4-тармақтарында аталған қызмет түрлерінің бірін жүзеге асырған жағдайда, қолданылады.
9. Резидент еместер қызметін Қазақстан Республикасының аумағында бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жүзеге асырған жағдайда:
1) мұндай шартқа әрбір қатысушының қызметі осы бапта белгіленген ережелерге сәйкес келген кезде тұрақты мекеме құрады;
2) салық міндеттемесін орындауды мұндай шартқа әрбір қатысушы осы Кодексте белгіленген тәртіппен дербес жүзеге асырады.
10. Резидент еместiң салық органдарында салық төлеушi ретiнде тiркелмегенiне немесе әдiлет органдарында есептiк тiркеуден өтпегенiне қарамастан, резидент еместiң қызметi осы баптың ережелерiне сәйкес тұрақты мекеме құрады.
11. Осы Кодекстi қолдану мақсатында резидент еместiң Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асыруды бастаған күнi ретiнде:
1) мыналарға:
Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге;
өз атынан Қазақстан Республикасында iс-әрекет жасауға өкiлеттiктер беруге;
өткізу мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлар сатып алуға;
Қазақстан Республикасында бірлескен қызмет туралы шарт шеңберінде жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге;
Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету мақсатында жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған келiсiмшарттың (шарттың, келiсiмнiң) бірiн жасасу;
2) Қазақстан Республикасындағы жеке тұлғамен алғашқы еңбек шартын немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы өзге де шартты жасасу күнi не осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген келiсiмшарт талаптарын орындау үшiн қызметкердiң Қазақстан Республикасына келген күнi танылады. Бұл ретте резидент еместiң Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асыруды бастаған күнi осы тармақшада көрсетiлген алғашқы күндердiң бірiнен бұрын бола алмайды;
3) осы баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген қызметті жүзеге асыруға резидент еместің құқығын куәландыратын құжаттың күшіне енген күні танылады.
Осы тармақтың бірнеше талаптары болған жағдайда, осы тармақта көрсетiлген күндердiң неғұрлым бұрынырағы Қазақстан Республикасында қызметтi жүзеге асыруды бастаған күн болып танылады.
12. Егер резидент емес қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шартқа немесе осы баптың 4-тармағына сәйкес тұрақты мекеме құруға әкеп соқпайтын филиал немесе өкiлдiк арқылы қызметiн жүзеге асырған жағдайда, онда резидент еместiң мұндай филиалына немесе өкiлдiгiне осы Кодекстiң резидент еместiң тұрақты мекемесi үшiн көзделген ережелерi қолданылатын болады. Бұл ретте мұндай филиалдың немесе өкiлдiктің осы Кодекстің 217-тармағына сәйкес қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқықтары бар.»;
64) 192-бапта:
1-тармақта:
3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«3) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде басқарушылық, қаржылық (сақтандыру және (немесе) қайта сақтандыру жөніндегі қызметтерді қоспағанда), консультациялық, аудиторлық, заң (соттарда, төрелік сотта немесе аралық сотта өкілдік ету және құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметтерді, сондай-ақ нотариаттық қызметтерді қоспағанда) қызметтерін көрсетуден түсетін табыстар.
Осы бөлімнің мақсатында сақтандыру нарығына, бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың, жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметі, банк қызметі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізу жөніндегі ұйымдардың қызметі, сондай-ақ орталық депозитарийдің және өзара сақтандыру қоғамдарының қызметі қаржы қызметтері деп танылады;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Кодекстiң 224-бабына сәйкес айқындайтын жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тiркелген тұлғаның жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудiң нақты орындалған, көрсетiлген жерiне қарамастан, оларды орындаудан, көрсетуден түсетiн табыстары, сондай-ақ осы бапта белгiленген өзге де табыстары.
Осы тармақшаның ережелері жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің аумағында осы мемлекет аумағында тіркелген резидент еместің жеке тұлғаға туристік қызметтер көрсетуден түсетін табыстарына қатысты қолданылмайды;»;
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«8) бұрын негізсіз ұсталған айыппұлдардың бюджетке қайтарылғандарынан басқа, тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) және санкциялардың басқа да түрлері;»;
9) тармақшадағы «Қазақстан Республикасында орналасқан» деген сөздер «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес құрылған» деген сөздермен ауыстырылсын;
10), 11) және 12) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«10) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақыларды қоспағанда, сыйақылар нысанындағы табыстар;
11) эмитенттен алынатын борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар нысанындағы табыстар;
12) роялти нысанындағы табыстар;»;
16) тармақшада:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«халықаралық тасымал жөніндегі қызметтерді көрсетуден түсетін табыстар.»;
үшінші бөлікте:
екінші абзацтағы «Қазақстан Республикасы ішіндегі» деген сөздер «Қазақстан Республикасының аумағындағы» деген сөздермен ауыстырылсын;
үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«пайдалы қазбаларды құбыржолдармен тасымалдау халықаралық тасымалдар болып танылмайды;»;
мынадай мазмұндағы 16-1) тармақшамен толықтырылсын:
«16-1) теңіз тасымалы шартында (келісімшартта) көзделген сталиялық уақыттан тыс тиеу-түсіру операцияларында кеменің бос тұрып қалғаны үшін төлем түріндегі табыс;»;
21) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«21) резидент емес жеке тұлғаның жұмыс берушіден алынған материалдық пайда түріндегі Қазақстан Республикасындағы қызметінен түсетін табыстары.
Осы бөлімнің мақсатында материалдық пайда деп, оның ішінде:
резидент емес жеке тұлға тауарларға, орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге үшінші тұлғалардан алған төлем және (немесе) олардың құнының өтемі;
резидент емес жеке тұлға өткізген тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің құны мен осы тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу бағасы немесе олардың өзіндік құны арасындағы теріс айырма;
резидент емес жеке тұлғаның борыш немесе міндеттеме сомасын есептен шығару танылады;»;
мынадай мазмұндағы 21-1) тармақшамен толықтырылсын:
«21-1) резидент емес жеке тұлғаның жұмыс беруші болып табылмайтын тұлғадан алған материалдық пайда түріндегі табыстары.
Осы бөлімнің мақсатында материалдық пайда деп, оның ішінде:
резидент емес жеке тұлға тауарларға, орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге үшінші тұлғалардан алған төлем және (немесе) олардың құнының өтемі;
резидент емес жеке тұлғаға өткізілген тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің құны мен осы тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу бағасы немесе олардың өзіндік құны арасындағы теріс айырма;
резидент емес жеке тұлғаның борыш немесе міндеттеме сомасын есептен шығару танылады;»;