3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шегіндегі жер учаскелері осы аймақтарды қорғаудың белгіленген режимін сақтай отырып пайдаланылады және осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес мемлекет қажеттіктері үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуы мүмкін.
124-бап. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу және оны резервте қалдыру
Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу және жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн резервте қалдыру Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
125-бап. Сауықтыру мақсатындағы жер
1. Сауықтыру мақсатындағы жерге табиғи шипалы факторлары бар курорттар, сондай-ақ аурудың алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы жер учаскелерi жатады.
2. Адам ауруының алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы санитарлық және экологиялық жағдайларды сақтау мақсатында сауықтыру мақсатындағы аумақтар жерiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санитарлық-қорғау аймақтары белгiленедi.
Сауықтыру мақсатындағы жердiң күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтарының шекарасы мен оны пайдалану режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар айқындайды.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
3. Белгiленген санитарлық режимге сәйкес осы жер учаскелерiн шаруашылық айналымынан толығымен алып қою (санитарлық-қорғау аймағының бiрiншi белдеуi) көзделетiн жағдайларды қоспағанда, санитарлық-қорғау аймақтары шегіндегі жер учаскелерi жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды. Бұл ретте аталған учаскелер осы Кодексте белгiленген шарттарға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылады, соның ішінде сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығарылады.
Жер учаскелерiн санитарлық-қорғау аймақтарының екiншi және үшiншi белдеулерi шекарасында пайдалану осы аймақтарды күзетудiң белгiленген режимi сақтала отырып жүзеге асырылады.
126-бап. Рекреациялық мақсаттағы жер
1. Халықтың ұйымдасқан түрдегi жаппай демалысы мен туризмiне арналған және сол үшiн пайдаланылатын жер рекреациялық мақсаттағы жер деп танылады.
2. Рекреациялық мақсаттағы жер құрамына демалыс үйлерi, пансионаттар, кемпингтер, дене шынықтыру және спорт объектiлерi, туристiк базалар, стационарлық және шатырлы туристiк-сауықтыру лагерьлерi, балықшы және аңшы үйлерi, орман парктерi, туристiк соқпақтар, трассалар, балалар және спорт лагерьлерi, осы сияқты басқа да объектiлер орналасқан жер учаскелерi кiруi мүмкiн. Рекреациялық мақсаттағы жерге қала маңындағы жасыл аймақ жерлерi де жатады.
3. Рекреациялық мақсаттағы жердi пайдалану тәртібі мен режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.
4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерiмен және жер пайдаланушылармен келісім бойынша белгiленген туристiк соқпақтар мен трассаларды пайдалану сервитуттар негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
5. Рекреациялық мақсаттағы жерде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтiн қызметке тыйым салынады.
127-бап. Тарихи-мәдени мақсаттағы жер
2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тарихи-мәдени мұра объектілері, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады.
Аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс.
Тарихи, ғылыми, көркемдік және өзге де мәдени құндылығы бар объектілер табылған жағдайда, жер пайдаланушылар одан әрі жұмыс жүргізуді тоқтата тұрып, бұл туралы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, тарихи-мәдени мақсаттағы жерге жатқызылған жер учаскелерi оның меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды.
Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерде Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары белгіленеді.
Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын тиісті жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары (мәслихаттар) бекітеді.
Аталған аймақтарды айқындаудың тәртібі мен олардағы жерді пайдалану режимін тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Қорғалатын аймақтардың, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шегінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негіздерде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануы мүмкін
14-тарау. Орман қорының жері
128-бап. Орман қорының жерi ұғымы және оның құрамы
1. Орманды, сондай-ақ ағаш өспеген, бiрақ орман шаруашылығының қажеттерiне берiлген жер учаскелерi орман қорының жерi деп танылады.
2. Орман қорының жерi мемлекеттік және жекеше орман қоры жерiнен тұрады.
3. Табиғи өскен орманы бар және мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған жасанды орманы бар жер, сондай-ақ орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттік ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген ормансыз жер мемлекеттік орман қорының жерiне жатады.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Жекеше орман қоры жеріне осы Кодекске сәйкес орман өсіру үшін нысаналы мақсатта жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншікке немесе ұзақ мерзімді жер пайдалануға берілген жерлерде, солардың қаражаты есебінен отырғызылған қолдан өсірілген ормандар, агроорман-мелиорациялық екпелер, арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер және бюджет қаражаты есебінен отырғызылған агроорман-мелиорациялық екпелер өсіп тұрған жер жатады.
129-бап. Орман қорының жерiн ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн жер пайдалануға беру
Орман қоры жеріндегі орман шаруашылығының қажеттерiне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңдарына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн жеке және заңды тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
130-бап. Орман қорының жерiн жердiң басқа санаттарына ауыстырудағы шектеулер
Орман қорының жерiн орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттар үшiн жердiң басқа санаттарына ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.
131-бап. Орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеу
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
1. Орман алқаптарын орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн алып қоюдан немесе жеке және заңды тұлғалардың қызметiнен болған әсердiң нәтижесiнде жер сапасының нашарлауынан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасы бюджет кiрiсiне өтелуге тиiс.
2. Орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеудi орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес қажеттер үшiн орман қоры жерiнен жер учаскелерi берiлетiн тұлғалар жүргiзедi.
3. Орман алқаптарын орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшiн алып қоюдан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеудiң нормативтерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
15-тарау. Су қорының жері
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 132-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
132-бап. Су қорының жерi ұғымы және оның құрамы
Су айдындары (өзендер және олармен теңдестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да iшкi су айдындары, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, су көздерiнде орналасқан, ағысты реттейтiн су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жер, сондай-ақ көрсетілген су объектілерінің су күзет белдеулеріне және ауыз сумен қамтамасыз етудiң бас саға жүйелерiн санитарлық күзет аймақтарына бөлiнген жер су қорының жерi деп танылады.
133-бап. Су қорының жерiне меншiк құқығы
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 1 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Су қорының жері мемлекет меншігінде болады.
2. Ауданаралық (облыстық) және шаруашылықаралық (аудандық) маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (суару және кәрiз жүйелерi) алып жатқан су қоры жерiнiң құрамындағы жер учаскелерi, сондай-ақ шаруашылық жүргiзушi бiр субъектiнiң жер учаскесiне қызмет ететiн ирригациялық құрылыстары, аталған құрылыстар жекешелендiрiлген жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жер учаскелерiнiң екi немесе одан көп меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға қызмет көрсететiн су шаруашылығы құрылыстарының жер учаскелерi оларға ортақ меншiк немесе ортақ жер пайдалану құқығымен берiледi.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 134-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
134-бап. Су айдындары жағалауынан су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер бөлiп шығару
1. Жергiлiктi атқарушы органдар өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар, iшкi сулар, мұздықтар, батпақтар жағалауынан су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер учаскелерiн бөледi.
2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiне енгiзiлген жер учаскелерiн пайдалану Қазақстан Республикасының су заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2009.04.07 № 166-IV ҚР Заңымен 135-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
135-бап. Су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беру
Жергiлiктi атқарушы органдар су ресурстарын басқарудың уәкiлеттi органымен келісім бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығының, орман, балық, аңшылық шаруашылықтарының қажеттерi, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру үшiн және жер учаскесiнiң негiзгi нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн басқа да мақсаттар үшiн уақытша жер пайдалануға су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беруi мүмкiн.
136-бап. Су қорының жерiн пайдалану тәртібі
Су қорының жерiн пайдалану осы Кодексте және Қазақстан Республикасының су заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 136-1-баппен толықтырылды
136-1-бап. Су қорының жерлерін басқа
санаттағы жерлерге ауыстыру тәртібі
1. Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру су объектісінің мөлшері табиғи немесе жасанды түрде жойылып немесе азайып кеткен және су қорының жерлері мемлекет мұқтажы үшін алып қойылған жағдайларда жүргізіледі.
2. Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру туралы шешімді облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру немесе су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстырудан бас тарту туралы шешім облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы жергілікті өкілді орган депутаттарының, қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және сақтау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері, жер ресурстары басқармасы өкілдерінің арасынан құрылатын арнаулы комиссияның қорытындысы негізінде қабылданады.
16-тарау. Босалқы жер
137-бап. Босалқы жер құрамы
1. Меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы барлық жер босалқы жер болып табылады.
2. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен босалқы жер құрамына ауыстырылады. Аталған жердiң құқықтық режимi осы Кодекстiң 143-бабына сәйкес айқындалады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 138-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
138-бап. Босалқы жерді беру
Босалқы жер ауыл шаруашылығының, өнеркәсіптің мұқтажы және өзге де мақсаттар үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда меншікке немесе жер пайдалануға беріледі. Босалқы жерді басқа санаттарға ауыстыру оны меншікке немесе жер пайдалануға берумен бір мезгілде жүргізіледі.
4-бөлiм. Жерді қорғау, мемлекеттік бақылау, жерге орналастыру, мониторинг және жер кадастры
17-тарау. Жерді қорғау
139-бап. Жердi қорғаудың мақсаттары мен мiндеттерi
1. Жердi қорғау қоршаған ортаның бiр бөлiгi ретiнде жердi қорғауға, жердi ұтымды пайдалануға, жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан негiзсiз алып қоюды болдырмауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа да iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
2. Жердi қорғау мақсаттары:
1) өндiрiстiң экологиялық қауiпсiз технологияларын ынталандыру және орман мелиорациялық, мелиорациялық және басқа да iс-шараларды жүргiзу арқылы жердiң тозуы мен бүлiнуiн, шаруашылық қызметтiң басқа да қолайсыз зардаптарын болдырмау;
2) тозған немесе бүлiнген жердi жақсарту мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ету;
3) жердi оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерiн тәжiрибеге енгізу болып табылады.
140-бап. Жердi қорғау
1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
1) жердi құнарсызданудан және шөлейттенуден, су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, батпақтанудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталудан, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанудан, басқа да бүлiну процестерiнен қорғауға;
2) ауыл шаруашылығы жерiн карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк ауруларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шiлiк басып кетуден, жердiң жай-күйi нашарлауының өзге де түрлерiнен қорғауға;
3) бүлiнген жердi жаңғыртуға, оның құнарлылығын және жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға;
4) жердiң бүлiнуiмен байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алуға, сақтауға және пайдалануға бағытталған iс-шаралар жүргiзуге мiндеттi.
2. Жердiң тозуын болдырмау, топырақтың құнарлылығын және ластанған аумақтарды қалпына келтiру мақсатында, сондай-ақ ауыл шаруашылығының тозған алқаптарының, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының және жол берiлетiн шектегi әсер деңгейiнiң белгiленген нормативтерiнен артық ластанған, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, ақаба сулармен ластанған жердiң, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердiң топырақ құнарлылығын қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен жердi сақтап қою көзделедi.
3. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жердi ұтымды пайдалану мен қорғауға мүдделiлiгiн арттыру мақсатында бюджет заңдарында және салық туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жердi қорғау мен пайдалануға экономикалық ынталандыру жүзеге асырылуы мүмкiн.
141-бап. Топырақта зиянды заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының нормативтерi
1. Топырақты ластайтын зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдердiң және басқа да биологиялық заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының нормативтерi топырақтың жай-күйiн адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерiне сай бағалау үшiн белгiленедi.
2. Аталған нормативтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн тәртiппен бекітіледi.
142-бап. Жердiң жай-күйiне әсер ететiн үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлердi жобалау мен пайдалануға беруге қойылатын экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптар
1. Жердiң жай-күйiне керi әсер ететiн жаңа және қайта жаңғыртылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) әрi басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және пайдалануға беру, жаңа техника мен технологияларды енгізу кезiнде жердi қорғау жөнiнде iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және басқа да арнайы талаптардың (нормалардың, ережелердiң, нормативтердiң) сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Жердiң жай-күйiне керi әсердi бағалау және оларды қорғау жөнiнде көзделген iс-шаралардың тиiмдiлiгi мемлекеттік экологиялық сараптаманың, өзге де мемлекеттік сараптамалардың нәтижелерi бойынша жүргiзiледi, олардың оң қорытындысы болмайынша жаңа техника мен технологияларды енгізуге, жердi мелиорациялау бағдарламаларын жүзеге асыруға, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлер салуды (қайта жаңғыртуды) қаржыландыруға тыйым салынады.
143-бап. Радиоактивтi ластануға ұшыраған және ядролық қару сынақтары өткiзiлген жер
1. Нормативтен артық радиоактивтi ластануға ұшыраған немесе тұрғын халықтың өмiрi мен денсаулығына өзге де түрде қатер төндiретiн жер учаскелерi меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлмейдi.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген санитарлық талаптар мен нормативтерге сәйкес өнiм алу қамтамасыз етiлмейтiн, радиоактивтi ластануға ұшыраған жер учаскелерi ауыл шаруашылығы айналымынан алынады және сақтап қоюға жатады. Бұл жерде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруге және оны өткiзуге тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі ядролық қару сынақтары өткiзiлген жер учаскелерiн ядролық қару сынағының зардаптарын жою жөніндегі барлық iс-шаралар аяқталғаннан және кешендi экологиялық тексеру жүргiзiлгеннен кейiн ғана, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болғанда меншiкке немесе жер пайдалануға беруi мүмкiн.
4. Аталған аумақтарда ядролық қару сынақтарының зардаптарын жою жөніндегі iс-шаралар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі, жер ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық және облыстық бағдарламаларда және басқа да арнаулы бағдарламаларда көзделедi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
5. Радиоактивтi ластануға ұшыраған жердi мәжбүрлеп иеліктен шығару мен қорғау тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
18-тарау. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау
144-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi
Мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi мемлекеттік органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiрудi, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуден тұрады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 145-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
145-бап. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және оны жүзеге асыру тәртібi
1. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жер ресурстарын пайдалану жөніндегі орталық уәкілетті орган мен оның аумақтық органдары, сондай-ақ өзге де уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар мыналар:
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;
санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган;
ауыл, орман, аңшылық және балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті орган;
жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган болып табылады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Мемлекеттік бақылау жерге түгендеу жүргізу, зерттеп-қарау, жерді пайдаланумен байланысты схемалар мен жобаларды әзірлеу, жердің мемлекеттік кадастрын және мониторингін жүргізу кезінде де жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Тексеру арқылы мемлекеттік бақылау жер учаскелерінің меншік иелерінің, жерді пайдаланушылардың қатысуымен, ал олар бас тартқан жағдайда олардың қатысуынсыз жүргізіледі, бұл туралы тексеру нәтижелері бойынша жасалған құжаттарда тиісті белгі жасалады.
Анықталған жер заңнамасын бұзушылықтар бұл жұмыстарды жүргізген мамандар қол қоятын далалық тексеру сызбасы қоса берілетін актімен ресімделеді және ол осы мәселені қарау құзыретіне жататын органға беріледі.
Уәкілетті органдар анықталған жер заңнамасын бұзушылықтарды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен өз функцияларына сәйкес қарайды.
6. Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың әкімшілік жаза қолдану туралы шешіміне осы Кодекстің 148-бабының 3-тармағына сәйкес шағым жасауға болады.
7. Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзушылықтардың іс жүзінде жойылуын, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың нұсқаулары мен ұйғарымдарын жер учаскелерінің меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың орындауын бақылауды жүзеге асырады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары жыл сайын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөніндегі тиісті аумақтық органдарына ағымдағы жылы жер учаскелері берілген жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізбесін және мұндай жер учаскелерінің орналасқан жерін көрсете отырып жер-кадастр картасын табыс етеді, сондай-ақ ай сайын жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізбесінде болған өзгерістер туралы мәліметтерді табыс етеді.
146-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы;
2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары;
3) жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар жатады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауға жетекшiлiктi Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы жүзеге асырады.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның басшысы Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы болып табылады.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдарының басшылары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары болып табылады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өзiнiң атауы бар құжаттардың бланкiлерi болады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларға және мемлекеттік инспекторларға белгiленген тәртiппен мөр мен куәлiк берiледi.
3. Жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның өз құзыретi шегіндегі нұсқаулары барлық мемлекеттік органдар, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар үшiн міндетті.