Сонымен қатар, 2006 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерінің номиналдық табысының орта өлшемді коэффиценті 2003 жылғы маусым мен 2006 жылғы маусымды қоса алғандағы кезеңге 18,92 %-ды құрады. Бұл ретте, көрсетілген кезеңге жинақталған инфляция деңгейі 22,62 %-ды құрады.
Осылайша, маңызды мәселе жол берілген тәуекел деңгейіне сәйкес зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кірістілікті арттыру болып қалады, сондықтан, осы бағыттағы жұмыс алдағы кезең шеңберінде жалғасады.
1.11. Почталық-жинақ жүйесін дамыту
Почта байланысын жаңғырту және почталық-жинақ жүйесін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 20 қазандағы № 1077 Қаулысымен Қазақстан Республикасының почта-жинақтау жүйесін дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды.
Бағдарлама мақсаты жаңа технологиялар енгізу және тиімді ақпараттық басқару жүйесі арқылы саланы коммерциялық жағынан бағдарланған және бәсекеге қабілетті етіп қайта қалыптастыру мақсатында почта саласын қайта құрылымдау және почталық-жинақ жүйесін қалыптастыру болып табылады.
Соңғы жылдарда почта алмасу өсімінің оң серпілісіне қол жеткізілді. Қаржы секторында көрсетілетін қызметтер көлемінің елеулі өсімі болды.
1.12. Даму институттары
Мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін жетілдіру және арттыру еліміздің экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға септігін тигізу мақсатында даму институттары құрылды.
«Қазақстан Даму Банкі», «Қазақстанның инвестициялық қоры», «Ұлттық инновациялық қор», «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы», «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» және «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» акционерлік қоғамдары сияқты қаржылық және сервистік даму институттары құрылды.
2006 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша даму институттарының («Қазақстан Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ, «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ) жиынтық жарғылық капиталы 144 199,9 млн.теңгені құрайды. 2006 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша институттардың инвестициялық жобаларының портфелі 1 012,7 млн.АҚШ доллары даму институттарының қатысуымен жалпы сомасы 3 632,0 млн.АҚШ долларына қаржыландыруға мақұлданған 136 жобалардан тұрады.
792,6 млн. АҚШ доллары даму институттарының қатысуымен жалпы сомасы 2 560,1 млн. АҚШ доллары 109 жобаларды қаржыландыру басталды.
Тұтастай алғанда, Қаржы секторын дамытудың 2003-2006 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде қойылған мәселелер орындалды. Қалған ұсақ мәселелер, сондай-ақ қаржы секторында қосымша тәуекелдердің пайда болу мәселелері Үкіметтің, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің және Агенттіктің жаңа бастамалары шеңберінде шешілетін болады және 2010 жылға дейін қаржы секторын дамытудың келесі орта мерзімді кезеңге арналған тұжырымдамасын әзірлеу қажеттілігін түсіндіреді.
2. Қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған басымдықтары
2.1. Қазақстанның экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарының
құрамында республиканың қаржы секторы дамуының ұзақ мерзімді көрінуi
Қазақстан Республикасының қаржы секторын одан әрі дамыту, оның құрауыштарының тиімділігін арттыру Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген республиканың әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруін қамтамасыз ету жөніндегі мәселені іске асыруда маңызды құралдардың бірі болып табылады.
Осыған байланысты қазақстандық экономиканы дамытудың негізгі бағыттары мыналар болып табылады:
Қазақстанның ішкі экономикалық жүйелерін жаңғырту;
Қазақстанның өңірлік экономикалық көш басшылығын және оның ТМД және Орталық Азияның бизнес-орталығы ретінде қалыптасуын қамтамасыз ету;
республиканың экспортқа, оның ішінде қаржылық қызметтердің экспортына да, бағдарлануын арттыру.
Тиісінше, қаржы секторын дамытудың Үкімет көрінісі «Қазақстан Республикасының ТМД және Орталық Азия өңірлері шеңберінде қаржы ағынын тиімді қайта бөлуді қамтамасыз ететін өңірдің негізгі қаржы орталығы ретінде қалыптасуы» болып табылады.
Ұзақ мерзімді перспективада қаржы секторын дамытудың көрінісін іске асыру қаржы секторының жеке сегменттерінің көш басшы өңірлік ұстанымға қол жеткізу есебінен қамтамасыз етілуі мүмкін:
Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының ТМД және Орталық Азиядағы ең өтімді және қол жетімді нарық ретінде қалыптасуы;
Қазақстанда валютаның негізгі түрлері бойынша ең өтімді валюта нарығын қалыптастыру қазақстандық қаржы институттарының ТМД және Орталық Азия өңірлерінің қаржы ресурстарына мұқтажын қамтамасыз етуге қабілетті ірі өңірлік қаржы ұйымы ретінде қалыптасуы, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындардың инвестициялары мен мүдделерін өңірлік нарықтарға алып шығу және қолдау;
Қазақстан қаржы секторының көрсеткіштер бойынша экономикалық жағынан дамыған стандарттарға қол жеткізуі; тұрақтылық, қалыптылық, айқындылық, сондай-ақ ТМД мен Орталық Азияда деңгейі, сапасы және қаржы өнімдерінің әртүрлілігі жағынан көш басшы болуы.
Бұл ретте, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі қарсаңында тұрақты ұстанымды сақтау және шетел компаниялары келген жағдайда қаржы институттарының бәсекеге қабілеттілігі маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Қаржы секторын дамытудың ұзақ мерзімді көрінісін іске асыру жөніндегі Үкімет жоспарларын жүзеге асыруға жүйелі орта мерзімді жоспарларды іске асыру арқылы қол жеткізіледі, оның біріншісі Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы болып табылады.
2.2. Қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдар
кезеңіне арналған мақсаттары мен міндеттерi
Қазақстанның ТМД және Орталық Азияда қаржы секторында өңірлік көш басшылыққа қол жеткізуі үшін 2007-2011 жылдар кезеңінде бірінші кезеңде негізгі күш Қазақстанның қаржы секторын нығайтуға, оның тұрақтылығын арттыруға, кәсіпорындар мен халықты қаржы секторының қызметтерімен қамтуды кеңейтуге, оның жеке сегменттерін одан әрі дамытуға бағытталады, бұл ішкі нарықта қазақстандық қаржы ұйымдарының көзқарасын күшейтеді және өңірде және ауқымды өңір экспансиясында қаржы тарту орталығы ретінде оның қалыптасуына түрткі болады.
Осыған байланысты, қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілердің бірі бола тұрып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәтінінде қаржы секторының ролі едәуір кең және Қазақстанда экономикалық қатынастарды жаңғыртуға маңызды қатысушылар көзқарасы жағынан анықталуы тиіс.
Осылайша, қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ұзақ мерзімді қаржы секторын іске асыру жөніндегі стратегиялық мәселелер мәтінінде республиканың қаржы секторын одан әрі дамыту 2007-2011 жылдар кезеңінен бастап мыналарға бағытталады:
қаржы секторының және оның институттарының тұрақтылығы мен қалыптылығын арттыру;
қаржы секторы қызметтерінің және олардың қол жетімділігі сапасын арттыру;
өтімді қор нарығын және оның құрауыштарын қалыптастыру;
қаржы секторын реттеу стандарттарын арттыру;
қаржылық қызметтер нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында қаржы секторын ырықтандыру.
Бұдан басқа, қаржы секторында адал бәсекелестікті дамытуға, сондай-ақ қаржы қызметтерін тұтынушылардың заңды құқығы мен мүдделерін қорғауға бағытталған қаржы ұйымдарын монополияға қарсы реттеуді жетілдіру орынды болып табылады.
Мемлекеттік саясаттың тиісті шараларын іске асыру арқылы қойылған мәселелерді шешу қаржы секторының экономика субъектілерінің іс-әрекетіне маңызын және әсерін елеулі арттыруы тиіс.
2.3. Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамыту
Мақсаты мен міндетi
Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын (бұдан әрі - қаржы орталығы) құру мақсаттары бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен шоғырлануы, Қазақстан Республикасының экономикасына инвестицияларды тарту қазақстандық капиталдың шетел бағалы қағаздар нарығына шығуы болып табылады.
Қаржы орталығының міндеттері шетел де, қазақстандық та инвесторларды, бағалы қағаздар шығарушыларды және кәсіби қатысушыларды қаржы орталығының арнайы сауда алаңына тарту, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығының тиімді дамуы үшін жаңа қаржы құралдарын әзірлеу және енгізу, сондай-ақ қаржы орталығын одан әрі дамыту болып табылады.
Ағымдағы жағдай
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында активтері жыл сайын екі есеге дейін өсетін, негізінен жинақтаушы зейнетақы қорларымен ұсынылған институционалдық инвесторлар қатты дамып келе жатыр. Сондықтан, ұсыныстары шектеулі қаржы құралдарына сұраныстың артуы туындайды, бұл бағалы қағаздар нарығының толыққанды дамуына кедергі жасайды.
Қазақстан Республикасының 2006 жылы 5 маусымдағы «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» Заңы қабылданды және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тиісті өзгерістер енгізілді. Осы жылы қаржы орталығының уәкілетті органы - Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі жұмысын бастады.
Бұдан басқа, ағымдағы жылы қаржы орталығына қатысушылардың дауын шешу үшін «Алматы қаласында мамандандырылған қаржы сотын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 158 Жарлығы қабылданды.
Бірінші кезеңде қаржы орталығын іске қосу үшін заңға тәуелді қажет нормативтік құқықтық актілер қабылданды.
Қаржы орталығының қызметіне қатысты мәселелерде әлемдік тәжірибені пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлеу және Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі жанынан қаржы орталығын дамытудың стратегиясын әзірлеу мақсатында консультативтік-кеңес органы ретінде Халықаралық кеңес құрылды.
Негізгі шаралар
Орта мерзімді перспективада қаржы орталығын дамытуға бағытталған негізгі шаралар мыналар болады:
2006 жылғы 5 маусымдағы «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» және 2006 жылғы 5 маусымдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын құру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында салынған стимулдарды іске асыру;
қаржы орталығының арнайы сауда алаңында ұлттық компаниялардың және банктік сектор ұйымдарының акцияларын (ІРО) бастапқы орналастыруды жүзеге асыру эмитенттерді, инвесторлар мен бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларын қаржы орталығының арнайы сауда алаңына тарту үшін қаржы орталығының, конференциялардың, семинарлар мен дөңгелек үстелдердің кең жарнамалық компанияларын өткізу;
инвесторлардың кең ауқымына қол жетімді (институционалдық инвесторлар үшін де, жеке тұлғалар үшін де) индекстік қорлар, (EFT), секьюрителендірілген активтер (SPV), фьючерстер, опциондар, ислам құралдары (сукук және т.б.) жаңа қаржы құралдарын әзірлеу және енгізу;
бағалы қағаздар нарығының қазіргі заманғы халықаралық стандарттарына жауап беретін қаржы орталығының жаңа технологиялық инфрақұрылымын құру;
халықаралық биржалармен бағалы қағаздарды өзара тану туралы уағдаластықтарға қол қою;
Қазақстанның Даму Банкінің қаржы орталығының қызметіне қатысуын белсендіру;
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жыл сайын мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерін шығаруы;
қазақстанның клиринг палатасын құру;
ұзақ мерзімді салымдарға бағдарланған жаппай инвесторлардың ішкі ресурстарын тарту жолымен ішкі инвестициялық мүмкіндіктерді барынша қатыстыру;
экономикалық өсудің мультипликаттық тиімділігіне және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты ірі инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру. Нарыққа мемлекет қатысатын ірі отандық инвестициялық жобалармен мемлекеттік жобалау облигацияларын шығару қажет және оларды институционалдық инвесторларға, атап айтқанда жинақтаушы зейнетақы қорларына қатыстыру;
Алматы қаласының аумағында қаржы нарығы инфрақұрылымының ұйымдары, реттеуші органдар, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары және т.б. ұсынылуы мүмкін бизнес орталығын құру эмитенттердің, инвесторлар мен қаржы орталығы қатысушыларының тәуекелдерін сақтандыру кезінде перспективада салық жеңілдіктерін беру;
жинақтаушы зейнетақы қорларына қаржы орталығының қатысушылары ретінде тіркеу үшін еншілес ұйымдар құруға рұқсат беру.
Көрсетілген шараларды іске асыру Бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасының, Сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасының, Жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту бағдарламасының, Алматы қаласын дамытудың орта мерзімді бағдарламасының тиісті міндеттерін шешуге ықпал етеді және оны орындаудан тәуелді.
3. Қазақстан Республикасының қаржы секторын
реттеу саласындағы мемлекеттік саясаты
Қазақстанның қаржы секторы жүйелік сипаты бар факторлардың әсерімен қалыптастырылады және жұмыс істейді. Түрлі факторлардың жиынтықты әсер етуі қаржы секторы институттары қызметі практикасы әзірленетін және бекітілетін ортаны құрады, яғни қаржы секторының экономиканың нақты секторына және бәсекелі қабілеттілікке әсер ету деңгейін анықтайды.
Осыған байланысты мемлекет саясатының басымдығы қаржы институттарының қызметі практикасын қалыптастыруға ұзақ мерзімді әсер ететін жүйе құрушы факторларды жетілдіру болуы тиіс:
мемлекеттік реттеу сапасы;
корпоративтік заңнама сапасы;
бағалы қағаздары бағалы қағаздар нарығында айналымдағы қаржы ұйымдарының да, нақты сектор кәсіпорындарының сенімді және сапалы ақпараты болуы (оның ішінде қаржы есептілігі), сондай-ақ оған еркін қатынау;
қаржы секторы инфрақұрылымның даму деңгейі;
халықтың қаржы секторының қызметтері туралы сенімділігі мен хабардарлығы деңгейі;
қаржы нарығы үшін кәсіби кадрларды даярлау;
қаржы нарығы мен қаржы құралдары қатысушыларының бухгалтерлік есебі мен салық салуын жетілдіру.
3.1. Қаржы секторын мемлекеттік басқарудың
сапасын нығайту мен арттыру
Қаржы секторын реттеу мен қадағалаудың 2007-2011 жылдарға арналған негізгі міндеттері қаржы секторын мемлекеттік реттеу мен қадағалау функцияларын жүзеге асыру мынадай мемлекеттік органдарға бекітілген: оларға заңнамалық бекітіп берілген функциялар мен өкілеттіктер шеңберінде Yкімет, ҚҚА, Ұлттық Банк және Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі агенттік.
Осы мемлекеттік органдардың жұмысы мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
қызметкерлердің кәсібилігін арттыруға және қаржы секторы институттарының мониторинг сапасын арттыру үшін мүмкіндіктер құруға бағытталған Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігін институционалдық нығайту;
тәуекелдерді бағалау негізінде (risk based supervision) қадағалау әдістерін енгізу жолымен қаржы ұйымдарын пруденциалдық реттеу және қадағалау жүйесін жетілдіру;
мүмкін реттеуші тәуекелдерді талдау және олардың қаржы жүйесіне әсер етуін азайту;
шоғырландырылған қадағалауды жетілдіру;
қаржы ұйымдарының тәуекелдерді басқарудың ішкі жүйелерін дербес және тәуелсіз сыртқы бағалауын жүргізу үшін жағдайлар қалыптастыру;
акционерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету;
Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (ХҚЕС) сәйкес қаржы ұйымдарында бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілік жасау жүйесін одан әрі жетілдіру, және нақты сектор ұйымдарында ХҚЕС енгізу;
елдің банк секторының сыртқы қарыз алуын басқару тиімділігін арттыру;
халықаралық ұйымдармен және басқа мемлекеттердің уәкілетті органдарымен өзара іс-қимыл жасасу.
Ақша-кредиттік реттеу операциялары мен құралдарын жетілдіру
Алдағы үш жылда Ұлттық Банк алдына инфляцияның төменгі деңгейін қолдау міндетін қойып отыр. Міндетті мұндай қою мыналарды шарттайды:
ақша-кредиттік реттеу және қаржы секторын талдау әдістерін одан әрі жетілдіру қажеттілігі;
Ұлттық Банктің инфляциялық таргеттеу қағидаттарына негізделген ақша-кредит саясатына режиміне көшу дайындығын жалғастыру;
Ұлттық Банктің операциялары бойынша ставкалардың реттеу рөлін арттыру;
Үкіметпен бағалардың тұрақтылығын қолдау мәселелері жөнінде тығыз үйлесім.
Тұрақтылықты қамтамасыз ету қаржы тұрақтылығының негізі бола отырып, елдің экономикалық дамуына, оның бәсекелес қабілеттілігін арттыруға жәрдемдесетін болады, сонымен қатар елдің ДСҰ-ға кіруі үшін негіз жасайды.
Өз кезегінде қаржы секторын талдауды тереңдету, елде қаржы қызметінің неғұрлым баламалы ахуалын алу қажеттілігі ақша-кредит саясатын институционалдық қамтуды кеңейтуді талап етеді. Осыған байланысты қаржы секторын неғұрлым толық шолуды жасау үшін басқа (банктік емес) қаржы ұйымдарының шоттарын қамту жөніндегі жұмыс жүргізілуде.
Ұлттық Банкінің саясатын жетілдіру экономикалық коньюнктураның өзгеруін сандық және сапалық бағалаумен, сондай-ақ макроэкономикалық деңгейде де, өңірлер және жеке салалар деңгейінде де негізгі тенденцияларды экономикалық талдау және қысқа мерзімді болжамдау сапасын арттырумен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл үшін Ұлттық Банк қажет шамасына қарай жетілдіріліп отыратын нақты сектор кәсіпорындарының мониторингін жүргізеді. Ағымдағы кезеңде осы мәселені кезіндегі негізгі проблема банк жүйесінің артық өтімділігі болып табылады. Артық өтімділік жағдайында нарықтық пайыз ставкаларына әсер ету қиын. Бұдан басқа, артық өтімділіктің, өзі инфляциялық қысымды ұстап тұруға септігін тигізеді. Банк өтімділігін реттеу үшін ашық нарық операцияларын пайдаланудың толық ауқымдылығын шектейтін Ұлттық Банктің бағалы қағаздар қоржынының жеткіліксіздігімен жағдай ушығады. Ұлттық Банкінің пайыздық ставкалары әсерінің өсімі артық өтімділіктің жоқ болған немесе оның төмен деңгейінде болуы мүмкін.
Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін Ұлттық Банк мынадай шараларды жүзеге асырады:
1. Ақша-кредит реттеу әдістерін жетілдіру:
ақша-кредит саясаты құралдарын жетілдіру жолымен қаржы нарығында шығынды өтімділікті қысқарту жөнінде одан әрі шаралар қабылдау;
ақша-кредит саясатының макроэкономикалық көрсеткіштерге, атап айтқанда инфляцияға әсерін модельдеу әдістерін одан әрі жетілдіру;
инфляциялық таргеттеу қағидаттарын пайдалана отырып, ақша-кредит саясатын жүргізу схемасын әзірлеу;
Үкіметпен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бөлігінде өзара іс-қимыл жасасу;
2. Ақша-кредит саясатын жетілдіру
Ақша-кредит статистикасын институционалдық қамту және банктік емес қаржы институттары (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдар мен жинақтаушы зейнетақы қорларының шоттарын енгізу есебінен қаржы секторын неғұрлым толық шолуды жасау жөніндегі жұмыстарды жалғастыру.
3. Шынайы сектор кәсіпорындарының мониторингін белсендіру кәсіпорындарды іріктеуді ұсынуды арттыру есебінен экономиканың шынайы секторында экономикалық процестердің ахуалын және күтілетін өзгерістерді бағалауды жақсарту;
ақша-кредит саясатын ағымдағы жүзеге асыру үшін тікелей бағдарлар ретінде қорытынды индикаторларды әзірлеу.
3.2. Мемлекеттік органдар мен қаржы секторы
институттарының өзара іс-қимылы
Республиканың қаржы секторының бәсекелес қабілеттілігін одан әрі арттыру, экономиканың шынайы секторында бәсекелес қабілеттілікті жаңғырту мен арттыруда оның жоғары ролін қамтамасыз ету процесін негізгі құрауыш мемлекеттік органдар мен қаржы секторы институттарының арасында ақпарат алмасудың тиімді тетігін құру болып табылады.
Осы мәселе мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің айқындылығын арттыру, мемлекеттік аппараттың жоғары кәсібилігін қамтамасыз ету және қаржы секторы институттарының қаржы секторы мен оның жекелеген сегменттерінде мемлекет саясатының жаңа мақсаттары мен міндеттерін толық түсіну мәтінінде беріледі.
Осыған байланысты, алдағы кезеңде 2007-2011 жылдардан бастап, осы жұмысқа қаржы институттарының кең ауқымының мүдделерін білдіретін ресми бизнес бірлестіктері мен қауымдастықтарын тарту арқылы мемлекеттік органдар мен қаржы секторлары арасында үнемі өзара іс-әрекетті және ақпаратпен алмасуды қамтамасыз етудің қалыпқа келтірілген тетіктері әзірленетін болады.
Осы тетік шеңберінде мынадай негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізу қамтамасыз етіледі:
мемлекеттік органдар қаржы секторы мен мемлекеттің экономикалық саясатын дамытуға қатысты қабылдайтын шешімдері бойынша пікірмен алмасу;
қаржы секторының стандарттары мен қызметтерін экономикаға неғұрлым кеңінен тарту және енгізу жөнінде бірлескен бастамалар жүргізу;
қаржылық қызметтердің халыққа қол жетімділігін арттыру және олардың сапасын арттыру;
халықтың қаржылық білім деңгейін арттыру;
Қазақстанның өңірдің қаржы орталығы ретінде қалыптасуы;
қазақстандық қаржы институттарын өңірлік нарықтарға көтеру;
қаржы секторының орнықтылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Жоспарланған жұмыс тұрақты форумдар, дөңгелек үстелдер өткізу арқылы іске асырылатын болады, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, қаржы секторының бизнес-бірлестіктері өкілдерінің және қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен қаржы секторының мәселелері бойынша үнемі жұмыс істейтін жұмыс тобын қалыптастыру мүмкін. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңына сәйкес сарапшы кеңестердің мемлекеттік органдар жанындағы кәсіпкерлік мәселелері бойынша жүргізетін аккредиттелген кәсіпкерлер бірлестіктерімен бірге нормативтік құқықтық актілер жобаларын сараптау жөніндегі жұмысы жалғасын табады.
Даму институттары мен қаржылық ұйымдардың өзара іс-әрекеттерін жетілдіру бөлігінде олардың арасында ақпараттық алмасу жөніндегі жұмыс жандандырылады. Атап айтқанда, даму институттары мен екінші деңгейдегі банктер, лизингтік және сақтандыру компаниялары, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығына кіретін венчурлік және инвестициялық қорлар арасында қаржы ұйымдары қызметтерінің прейскуранты туралы, отандық та шетелдік те инвестицияларды тарта отырып, ірі инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға мүмкіндіктер туралы ақпаратпен алмасу жүйесі ретке келтіріледі.
3.3. Теңдестірілген ақша-кредит және фискалдық саясаты
және олардың негізгі құралдарының тиімділігін арттыру
Ақша-кредит және фискалдық саясатын үйлестіру бірнеше бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс.
Біріншіден, осы саясаттарды іске асыру кезінде негізгі шарт бірыңғай ұзақ мерзімді мақсаттарға немесе бағдарға бет алу болып табылады. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 экономиканың қатарына кіруі осы мақсат болып қызмет ете алады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жеке, міндеттер іске асырылуы тиіс, мысалы, тиісті мемлекеттік саясатты жүргізу арқылы ЖІӨ-нің жоғары және тұрақты өсімін сақтау, инфляция деңгейін төмендету, халықтың әл-ауқатын жақсарту, бюджет тапшылығын азайту және т.б.
Екіншіден, фискалдық және ақша-кредит саясатын тығыз үйлестіру үшін негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдары негізінде, сондай-ақ осы болжамдарды түзету негізінде жататын маңызды жорамалдар мен жол берулерді келісу қажет. Әдетте, көрсеткіштер тенденциялары бойынша жорамалдар мен жол берулердегі алшақтықтар болжамдардағы елеулі айырмашылықтарға және, қорытындысында, қолданатын шаралар бағыттарындағы алшақтықтарға алып келеді. Осылайша, соңғы бірнеше жылдарда бюджет шығыстарының елеулі өсіміне бағытталған экспансионист бюджет саясаты, бір тараптан және оны қатайту жөніндегі шаралармен сипатталатын шектеулі ақша-кредит саясаты, екінші тараптан, жүргізіледі. Осы саясаттар шараларының әр бағыттылығы инфляция деңгейін төмендетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.