Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 1284 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 12 қарашадағы № 1199 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының қаржы секторын одан әрі дамыту және Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы қаулы қабылданған сәттен бастап екі ай мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне белгіленген тәртіппен келісілген көрсетілген Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын енгізсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 1284 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың
2007-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Мазмұны
Кіріспе
1. Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың
тұжырымдамасын іске асырудың негізгі қорытындылары
1.1. Ақша-кредит саясатының құралдарын жетілдіру және оны
Еуропалық Одақ елдерінің стандарттарына жақындату
1.2. Валюталық қатынастарды ырықтандыру
1.3. Қаржы нарығына қатысушылардың қызметін қадағалаудың
бірыңғай органын құру және дамыту
1.4. Кредиттік мекемелерді дамыту
1.5. Тұрғын үй ипотекалық кредит беруді оңтайландыру және кеңейту
1.6. Кредиттік бюроны құру
1.7. Екінші деңгейдегі банктерде жеке тұлғалардың салымдарына,
міндетті кепілдік беру жүйесін дамыту
1.8. Сақтандыру нарығын дамыту
1.9. Бағалы қағаздар нарығын дамыту
1.10. Зейнетақы қызметтерінің қол жетімділігін және сапасын арттыру
1.11. Почталық-жинақ жүйесін дамыту
1.12. Даму институттары
2. Қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған басымдықтары
2.1. Қазақстанның экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарының
контексінде республиканың қаржы секторын дамытудың ұзақ мерзімді көкжиегi
2.2. Қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдар кезеңіне арналған
мақсаттары мен міндеттерi
2.3. Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамыту
3. Қазақстан Республикасының қаржы секторын реттеу саласындағы мемлекеттік саясаты
3.1. Қаржы секторын мемлекеттік басқаруды нығайту және оның сапасын арттыру
3.2. Мемлекеттік органдар мен қаржы секторы институттарының өзара іс-қимылы
3.3. Теңдестірілген ақша-кредит және фискалдық саясаты және
олардың негізгі құралдарының тиімділігін арттыру
3.4. Қазақстанда бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп
беру жүйесін дамыту және жетілдіру
3.5. Қаржы нарығына және қаржы құралдарына қатысушыларға
салық салуды жетілдіру
3.6. Төлем жүйелерін дамыту
3.7. Корпорациялық басқару сапасын арттыру
3.8. Халықтың қаржы секторының қызметтері туралы хабардар
болу деңгейін арттыру және олардың қол жетімділігін арттыру
3.9. Қаржы нарығы үшін кәсіби кадрлар дайындау
3.10. ЕурАзЭҚ және басқа ықпалдасу одақтары шеңберінде
Қазақстан қаржы секторының халықаралық қарым-қатынастарын тереңдету
4. Қаржы секторын дамытудың негізгі бағыттары
4.1. Кредиттік ұйымдарды дамыту
4.1.1. Банк секторы
4.1.2. Банктік емес ұйымдардың секторы
4.2. Жинақтаушы зейнетақы қорлары
4.3. Сақтандыру секторы
4.4. Валюта нарығы және бағалы қағаздар нарығы
4.4.1. Валюта нарығы
4.4.2. Бағалы қағаздар нарығы
4.5. Микроқаржыландыру: сектордың Қазақстан Республикасы
қаржы жүйесінің бір бөлігі ретінде міндеттері және оны дамыту
5. Қаржы лизингi
Кіріспе
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың осы тұжырымдамасы 2007-2011 жылдарға арнап, мыналарды:
қаржы секторын мемлекеттік реттеудің бағыттарын және тәсілдерін;
қаржы секторын дамытудың басым бағыттарын;
оларды іске асыру жөніндегі қажетті шараларды айқындау мақсатында әзірленді.
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың осы тұжырымдамасы 2007-2011 жылдарға арнап әзірленді және қаржы секторын дамытудың негізгі басымдықтарын, сондай-ақ оның жекелеген секторларын мемлекеттік реттеудің бағыттарын және тәсілдерін айқындайды.
Осы Тұжырымдаманың шеңберінде айтылған мемлекеттік саясаттың басымдықтары Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы. Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған Қазақстан Республикасының әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық мақсатқа сәйкес қалыптастырылды. Бұл бағыттағы маңызды аспекті экономиканың нақты секторының қаржы ресурстарындағы қажеттігін қанағаттандыратын және еркін бәсекелестік жағдайында қаржы институттары сапалы қызмет көрсететін қаржы жүйесінің жұмыс істеуі шарттарын қалыптастыру арқылы Қазақстан қаржы ұйымдарының және қаржы секторының бәсекелестік қабілетін арттыру қажеттілігі болып табылады.
Сонымен бірге, Тұжырымдамада қаржы секторын дамыту және реттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың реттілігі және сабақтастығы принципі және Қазақстан Республикасы Yкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банктің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің бұрын белгілеген бастамашылығы ескерілген.
1. Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2003 жылғы 28 шілдедегі № 753
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамыту тұжырымдамасын
іске асырудың негізгі қорытындылары қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың тұжырымдамасының негізгі мақсаты экономиканың нақты секторының қаржы ресурстарындағы қажеттігін қанағаттандыратын және еркін бәсекелестік жағдайында қаржы институттары сапалы қызмет көрсететін тұрақты және тиімді жұмыс істейтін қаржы жүйесін қалыптастыру болды. Осыған байланысты Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттеріне сүйене отырып, мынадай негізгі іс-шаралар жүзеге асырылды.
1.1. Ақша-кредит саясатының аспаптарын жетілдіру және оны
Еуропалық Одақ елдерінің стандарттарына жақындату
Ақша-кредит саясатының аспаптарын жетілдіру және оны Еуропалық Одақ елдерінің стандарттарына жақындату мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мынадай негізгі шараларды іске асырды.
1. Қайта қаржыландырудың ресми ставкасын тоқсан сайын қайта қарауды және белгілеуді іс жүзінде қолданылу енгізілді, ол валюталық өтімділікті, инфляцияны және т.б. реттеу жөніндегі негізгі аспаптардың бірі ретінде пайдаланылатын болды.
Осылайша, 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қайта қаржыландыру ставкасы 9%, екінші деңгейдегі банктерден тартылатын депозиттер бойынша 4% деңгейінде қалыптасып отыр.
Ұлттық Банктің операциялары бойынша ставкаларды арттыру нәтижесінде банкаралық ақша нарығында және банктердің кредиттері бойынша ставкаларды арттыру күтілуде, мұның өзі өз кезегінде кредиттік белсенділіктің және ақша агрегаттарының өсу қарқынын баяулатуға әкеп соқтыруға және, түпкі қорытындысында инфляцияның деңгейін төмендетуге тиіс.
2. Ең төменгі резервтік талаптарды есептеу әдістемелері жетілдірілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы 2006 жылғы 27 мамырдан бастап «Ең төменгі резервтік талаптар туралы ережені бекіту туралы» және «Ең төменгі резервтік талаптардың нормативтерін белгілеу туралы» жаңа редакциядағы қаулылары қабылданды.
Алдыңғы редакциямен салыстырғанда міндеттемелер құрылымы бөлігінде өзгерістер көзделеді, ол бойынша екінші деңгейдегі банктер ең төменгі резервтік талаптардың және есептілікті беру тәртібінің нормативтерін орындауға міндетті болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының шешімі бойынша екінші деңгейдегі банктер үшін банктің ішкі міндеттемелеріне 6 % және банктің өзге де міндеттемелері үшін 8 % деңгейінде ең төменгі резервтік талаптардың нормативтері белгіленді.
Ең төменгі резервтік талаптарды қатаңдандыру жөніндегі көрсетілген шаралар банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және елдің ішкі борыш нарығын дамытуға оң әсер етеді деп ұйғарылып отыр.
1.2. Валюталық қатынастарды ырықтандыру
Ұлттық валютаның толық айырбасталу қағидаттарына өту және елдің валюта нарығын дамыту мақсатында неғұрлым тартымды және экономикалық жағынан ақтаған валюталық операцияларға қатысты жекелеген шектеулерді алып тастауға себепші болған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 қаңтардағы № 130 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық режимді ырықтандырудың 2003-2004 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды.
Бірінші кезеңді іске асыруды табысты аяқтау және капиталдың қозғалысына қойылатын шектеулерді алып тастаудың басталған процесін жалғастыру үшін экономикалық алғышарттарды сақтап қалу 2005 жылы екінші кезең шеңберінде валюталық режимді белсендірек ырықтандыруға мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 25 маусымдағы № 705 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында валюталық режимді ырықтандырудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасында айқындалған валюталық режимді ырықтандыру жөніндегі іс-шаралар 2005 жылғы 18 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілген «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында іске асырылды.
Заңды қолданысқа енгізумен:
банктер мен сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын тікелей инвестицияларды, шет елге инвестицияларды лицензиялау жойылды.
бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыратын ұйымдар арқылы шет елге инвестициялауды жүзеге асыру тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді;
заңды тұлғалардың шет елдегі шетелдік банктерде шоттар ашуын лицензиялауды жою процесі басталды;
резидент еместерге қаржы қарыздарын беруге, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке меншік құқығына ақы төлеуге резидент еместердің пайдасына аударымдарға қатысты лицензиялау жойылды.
Бұл ретте капиталдың жоғары шапшаңдығы және экономиканың ішкі және сыртқы күйзелістерге осалдығы жағдайларында Үкіметтің және Ұлттық Банктің валюталық операцияларға заң жүзінде ресімделген арнайы рұқсат беру режимін енгізу құқығы арқылы экономикалық сипаттағы төтенше жағдайларға әсер ету аспабы сақталады.
1.3. Қаржы нарығына қатысушылардың қызметін
қадағалаудың бірыңғай органын құру және дамыту
Қаржы нарығын мемлекеттік реттеу жүйесін реформалау шеңберінде Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдеде қабылданған «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу мен қадағалау туралы» Заңы негізінде қаржы нарығына қатысушылардың қызметін қадағалайтын біртұтас мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) құрылды.
1.4. Кредиттік мекемелерді дамыту
Банк секторын одан әрі дамыту, сондай-ақ Қаржы секторын дамыту тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттерін іске асыру мақсатында банк қызметі саласында мынадай іс-шаралар жүргізілді.
1. Шағын бизнес пен микробизнестің көлеңкеден шығуын ынталандыру мақсатында кредиттік мекемелерді дамыту шеңберінде банктерден, банк қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан және микрокредиттік ұйымдардан тұратын кредит берудің үш деңгейлі жүйесі жасалды, олардың қызметін регламенттейтін қажетті заңнамалық актілер қабылданды.
2. Микрокредиттік ұйымдар жүзеге асыратын операциялар лицензияланатын қызмет түрлерінен алып тасталды, мұның өзі микрокредит беруді дамытуға оң түрткі болды.
3. Банктік қызметтер нарығындағы бәсекелестіктің деңгейін арттыру үшін банктік емес ұйымдарды реттеу жүйесін ырықтандыру жөнінде іс-шаралар өткізілді, олар тұтастай алғанда олардың қызметіне, оның ішінде лицензиялау, бөлігінде шамадан тыс мемлекеттік ықпалды төмендету мәселелерін көздейді. Банктердің филиалдарын, резидент банктердің өкілдіктерін, резидент емес банктердің өкілдіктерін ашуға Агенттіктің (міндетті түрде хабарлау шартымен) алдын ала келісімін беру рәсімдері жойылды, мұның өзі оларды ашудың рәсімдерін оңайлату болып табылады.
4. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лицензиялау және шоғырландырылған қадағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 23 желтоқсандағы Заңы әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Осы Заңда банкке және онымен байланысты конгломераттың басқа да қатысушыларына әсер ететін тәуекелдерді шектеу үшін «банк конгломератын» реттеу енгізілді, банктің ірі қатысушысы және банк холдингі мәртебесін алуға, оның ішінде ірі қатысушының және банк холдингінің меншікті құрылымының айқындылығына қойылатын талаптар күшейтілді, банктің және банк холдингінің инвестициялық қызметі шектелді, шоғырландырылған қадағалау туралы Заңның ережелерін іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Бұл шаралар банк секторының және тұтастай алғанда Қазақстан қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге себепші болады.
5. Банк жүйесі қызметінің айқындылығы мақсатында Банк қызметінің ашықтығын арттыру мәселелері бойынша ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасау туралы меморандум әзірленіп, банктерге қол қоюға ұсынылды, мұнда банктің нақты меншік иелері туралы, банк бақылайтын ұйымдардың тізбесі туралы, банктің аффилиирленген тұлғалары және олармен жасалатын мәмілелер туралы, банк бизнесін дамытудың жақын арадағы бес жылға арналған стратегиясы туралы ақпаратты банктердің ашуы көзделеді.
Агенттік Меморандумды екінші деңгейдегі 17 банктің қарауына жіберді. 2006 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Меморандумға екінші деңгейдегі 16 банк қол қойды.
Бұл екінші деңгейдегі банктер иелері құрылымының айқындылығы мен жариялығының деңгейін арттыруға себепші болады және қаржы секторы тұрақтылығының деңгейін арттырудағы маңызды аспекті болып табылады.
6. Қуатты қаржылық инфрақұрылымды жасауға және ұлттық қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға көмек көрсету мақсатында 2004 жылдың соңында Агенттік Қаржы нарығында жүйелі тәуекелдер арта түскен кезде жедел іс-әрекеттер сызбасын әзірледі және бекітті.
Еуропалық Одақтың стандарттарын және Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің, Сақтандыруды қадағалау органдарының халықаралық қауымдастығының, Бағалы қағаздар жөніндегі комиссия халықаралық ұйымының халықаралық қадағалау стандарттарының одан әрі енгізілуін ескере отырып, нормативтік құқықтық актілер, оның ішінде қаржы ұйымдарының қызметін, осы ұйымдардағы тәуекелдерді басқару жүйесін, шоғырландырылған қадағалауды пруденциалдық реттеу бөлігінде қабылданды.
7. Қазақстанның банк секторын реттеуді халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында Қазақстанның банк жүйесін «Капиталды және капитал стандарттарын есептеудің халықаралық конвергенциясы» (International Convergence of Capital Measurement and Capital Standards) (Базель II) Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің капиталдың барабарлығы келісіміне өтуді жүзеге асыру жөніндегі жұмыс атқарылды.
1.5. Тұрғын үй ипотекалық кредит беруді оңтайландыру және кеңейту
Ипотекалық кредит берудің және тұрғын үй жинақ ақшасының бұқара халыққа қолжетімділігін арттыру жөніндегі міндеттерді шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 маусымдағы № 1388 жарлығымен Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
Көрсетілген бағдарлама шеңберінде «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ (бұдан әрі - ҚИК) Қолжетімді тұрғын үйге ипотекалық кредит берудің арнайы бағдарламасын қабылдады. Осы арнайы бағдарлама мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде ҚИК-тің банктермен және банктік емес ұйымдармен одан әрі өзара іс-қимылдарының мәселелерін регламенттейді.
Тұтастай алғанда, ипотекалық кредиттер халыққа қолжетімдірек болды. Нәтижесінде, жеке тұлғаларға 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2006 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде тұрғын үй сатып алуға берілген қарыздар тиісінше 37,7 млрд. теңгеден 275,3 млрд. теңгеге дейін артты. Бұл ретте, ипотекалық компаниялардың жиынтық несие қоржыны 2004 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша 16,7 млрд. теңгеден 2006 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 68,3 млрд. теңгеге дейін артты.
Республиканың қаржы нарығында 2006 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 7 ипотекалық ұйым жұмыс істейді. Ипотекалық ұйымдардың қызметін сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің артуы байқалды. Жиынтық активтердің сомасы 2006 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 75,3 млрд. теңгені құрады, жиынтық міндеттемелер 62,0 млрд. теңгеге дейін жетті, меншікті капиталдың мөлшері 13,3 млрд. теңгені құрады.
1.6. Кредиттік бюроны құру
Банктік қызмет көрсету деңгейін арттыру, халықтың банкке және басқа да қаржы ұйымдарына деген сенімі, қарыз алушылар мен банктердің мүдделерін қорғау жөніндегі кепілдіктерді жасау, кредиттік қызметтер нарығында тәуекелдерді азайту мәселелерін шешу үшін 2004 жылы 6 шілдедегі Заңымен қабылданған «Қазақстан Республикасында кредиттік бюро және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес республикадағы алғашқы кредиттік бюро құрылып, жұмыс істейді. Осылайша, белгілі бір дәрежеде кредиттік қызметтер нарығының аса айқындылығы мен сенімділігі, кредит алған кезде ақпаратты жинауға байланысты кредиттік ұйымдардан қарыз алушылар шығыстарының азаюы проблемалары шешілді.
1.7. Екінші деңгейдегі банктерде жеке тұлғалардың
салымдарына міндетті кепілдік беру жүйесін дамыту
Салымшылардың мүдделерін қорғаудың деңгейін арттыру екінші деңгейдегі банктерде депозиттерге кепілдік беру жүйесінің тиімдірек жұмыс істеуі нәтижесінде мүмкін болды. Осы мақсаттарға орай үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерде депозиттерге міндетті түрде кепілдік беру туралы» Заңы қабылданды, ол мәжбүрлеп таратылатын банктің салымшылары болып табылатын жеке тұлғаларға депозиттерді қайтарып беру жөніндегі сөзсіз кепілдіктерді айқындайды. Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) ұсынымдарына сәйкес кепілдік берген өтеудің ең төменгі мөлшері өсті.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы жеке тұлғаларының салымдарына ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) жүйесіне қатысушылар 33 екінші деңгейдегі банк болып табылады, халықтың банк секторына деген сенімі артты, мұның өзі банктердің депозит базасының ұлғаюына себепші болды, 2004 жылдың басынан бастап жеке тұлғалардың банктердегі салымдарының көлемі 73,8%-ға ұлғайып, 2006 жылдың 1 қаңтарына 596,8 млрд. теңгені құрады. Осы кезеңде салымдарды қорғау жүйесі депозиттерді сақтандырудың негізгі халықаралық стандарттарының барлығына дерлік, атап айтқанда ХВҚ және Қаржы тұрақтылығының форумы ұсынған стандарттарға сәйкес келеді.
1.8. Сақтандыру нарығын дамыту
Елдің сақтандыру нарығын дамыту саласында сақтандырудың бірқатар міндетті түрлері енгізілді, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры, мемлекеттік аннуитеттік компаниясы, экспорт-импорт кредиттерін сақтандыру жөніндегі мемлекеттік корпорация құрылды, отандық сақтандыру нарығына шетелдің қатысу мүмкіндігі кеңейтілді.
Нәтижесінде, республиканың қаржы нарығында 2006 жылдың 1 қаңтарында 37 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, 12 сақтандыру брокері және 30 актуарий жұмыс істейді.
Сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтері 2003 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіштермен салыстырғанда 5,9 есе ұлғайып, 2006 жылдың 1 қаңтарына 73,3 млрд. теңгені құрады, сақтандыру резервтері 2,5 есе ұлғайды (32,1 млрд. теңге).
Сақтандыру сыйақыларының көлемі 2006 жылдың 1 қаңтарына 67,1 млрд. теңгені құрап, 2003 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша көрсеткіштен 2,9 есе асып түсті. Бұл ретте, міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйақыларының көлемі 10,8 есе (13,0 млрд. теңге), ерікті жеке сақтандыру бойынша - 4 есе (7,8 млрд. теңге) және ерікті мүліктік сақтандыру бойынша 2,4 есе (46,3 млрд. теңге) ұлғайды.
Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйақыларының сомасы 26,7 млрд. теңгені немесе сақтандыру сыйақыларының жалпы көлемінің 39,7 %-ды құрады, резидент еместерге қайта сақтандыруға сақтандыру сыйақыларының жалпы көлемінің 35,2 % берілді (2003 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша - 68,1 %).
2006 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 2 698,6 мың сақтандыру шартты қолданыста, оның 61,0 % міндетті сақтандыру түрлері жөніндегі шарттар құрайды. Қолданыстағы сақтандыру шарттары бойынша міндеттемелердің жалпы көлемі (сақтандыру сомасы) 13 883,8 млрд. теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінде 31 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жұмыс істейді.
1.9. Бағалы қағаздар нарығын дамыту
Бағалы қағаздар нарығын дамыту және инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында инвестициялаудың ұжымдық нысандары арқылы халықтың (кәсіби емес инвесторлардың) ақшасын тарту тетіктерін жетілдіруді көздейтін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 24 желтоқсандағы № 1385 қаулысымен Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды.
Жаңа редакциядағы «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі Заңы мен «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы Заңы қабылданды. Нормативтік құқықтық базаны қабылдау қаржы құралдарына инвестиция жасау мүмкіндіктерін кеңейтті, жаңа қаржы құралдары пайда болды.
Корпоративтік бағалы қағаздар нарығындағы қолданыстағы шығарылымы бар акционерлік қоғамдардың саны 2006 жылдың 1 қаңтарына 2 300 қоғамды құрады, нарықта 62 делдал-дилер, 18 тіркеуші, 11 кастодиан банк, зейнетақы активтеріне инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын 10 ұйым, 28 инвестиция қоржынын басқарушы жұмыс істейді.
Тіркелген үлестік инвестициялық қорлардың саны 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2006 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде 2-ден 45-ке дейін ұлғайды. Бұл ретте, қарастырылып отырған кезеңдегі үлестік инвестициялық қорлардың жиынтық активтері 32 есе ұлғайып, 12 311 млн. теңгені құрады.
1.10. Зейнетақы қызметтерінің қол жетімділігін және сапасын арттыру
Қазақстанның барлық халқы үшін зейнетақы қызметтерінің қол жетімділігін және сапасын арттыру, салымшылардың және алушылардың құқықтарын қорғау, зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарының спектрін ұлғайту мақсатында Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2004 жылғы 24 желтоқсандағы № 1359 қаулысымен Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді.
Бағдарламаны іске асыру кезінде мынадай нәтижелерге қол жеткізілді. 2006 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада 14 жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс істейді, олардың республика өңірлерінде 77 филиалы мен 77 өкілдігі бар.
Жинақтаушы зейнетақы қорларының, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды 11 ұйым жүзеге асырады, олардың ішінде 3 жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін дербес басқаруға лицензиясы бар.
Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың (алушылардың) дербес зейнетақы шоттарының (бұдан әрі - шот) саны 2003 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2006 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде 41 % ұлғайып, 7 613 369 бірлікті құрады. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салымшылар (алушылар) шоттарының саны жинақталған зейнетақының жалпы сомасы 479,9 млн. теңгеден тұратын 32 336 бірлікті құрады.
Салымшылардың (алушылардың) жинақталған зейнетақылары 2006 жылдың 1 қаңтарына 648,6 млрд. теңгені құрады, ол 2003 жылдың қаңтарынан бастаған кезеңде 2,4 есе ұлғайды. Зейнетақы активтерін (комиссиялық сыйақыларды алып тастағанда) инвестициялаудан түскен, салымшылардың (алушылардың) дербес зейнетақы шоттарына бөлінген «таза» инвестициялық табыстың сомасы 2006 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 155,1 млрд. теңгені құрады, мұның өзі 2003 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіштен 2,0 есе артық. Салымшылардың (алушылардың) жинақталған зейнетақының жалпы сомасындағы "таза" инвестициялық табыстың үлесі 23,91 % құрайды.