Құрылтай шартына құрылтайшылардың келiсуi бойынша басқа да ережелер енгiзiлуi мүмкiн.
4-1. Жалғыз құрылтайшының шешiмi заңды тұлғаны тiркеу жөніндегі iс-әрекеттi жүзеге асыратын тұлғаны тағайындау, мүлiктердi меншiкке беру (шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару) шарттары туралы шешiмдi және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де шешiмдердi қамтуға тиiс.
Жалғыз құрылтайшының - заңды тұлғаның шешiмiн Қазақстан Республикасының заңдарына және осы заңды тұлғаның жарғысына сәйкес оның осындай шешiм қабылдауға құқығы бар органдары, лауазымды адамдары немесе қызметкерлерi қабылдайды.
5. Заңды тұлғаның жарғысында: онда оның атауы, тұрғылықты орны, оның органдарын құру тәртібі және олардың құзыретi, оның қызметiн қайта құру мен тоқтату ережелерi белгiленедi.
Егер заңды тұлғаны бiр адам құрса, онда оның жарғысында мүлiктi құру және кiрiстердi бөлу тәртібі де белгiленедi.
Жарғыда заңдарға қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн.
6. Бiр заңды тұлғаның құрылтай шарты мен жарғысы арасында қайшылықтар болған жағдайда:
1) егер олар құрылтайшылардың iшкi қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының;
2) егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшiншi тұлғалармен қатынастарында маңызы болса, жарғының ережелерi қолдануға тиiс.
7. Барлық мүдделi адамдар заңды тұлғаның жарғысымен танысуға құқылы.
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 42-бап өзгертiлдi
42-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу және
қайта тiркеу
1. Заңды тұлға әдiлет органдарында мемлекеттік тiркеуден өтуге тиiс. Мемлекеттік тiркеу тәртібі заңдарда белгiленедi.
2. Мемлекеттік тiркеу деректерi, соның iшiнде коммерциялық ұйымдар үшiн фирмалық атауы заңды тұлғалардың бiрыңғай мемлекеттік регистрiне енгiзiледi.
3. Заңды тұлға мемлекеттік тiркеуден өткен кезден бастап құрылды деп саналады.
4. Филиалдар мен өкiлдiктер заң құжаттарында белгiленген тәртiппен тiркеледi.
Филиалдар мен өкiлдiктер атаулары өзгерген жағдайда қайта тiркелуге жатады.
5. Заңды тұлға құрудың заңда белгiленген тәртібін бұзу немесе оның құрылтай құжаттарының заңға сәйкес келмеуi заңды тұлғаның мемлекеттік тiркеуден бас тартуға әкелiп соқтырады. Заңды тұлға құрудың тиiмсiздiгiн желеу етiп тiркеуден бас тартуға жол берiлмейдi.
Мемлекеттік тiркеуден бас тартқаны, сондай-ақ мұндай тiркеуден жалтарғаны үшiн сотқа шағым берiлуi мүмкiн.
6. Заңды тұлға мынадай жағдайларда:
1) жарғылық капиталының мөлшерi азайтылған;
2) атауы өзгергенде;
3) шаруашылық серiктестiктеріндегі қатысушылардың құрамы өзгергенде (шаруашылық серiктестiгi қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегі қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiктерiн қоспағанда) қайта тiркелуге тиiс.
Аталған негiздер бойынша құрылтай құжаттарына енгiзiлген өзгерістер заңды тұлға қайта тiркелмейiнше жарамсыз болып табылады.
Құрылтай құжаттарына басқа өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлген ретте заңды тұлға бұл туралы тiркеушi органды бiр айлық мерзiмде хабардар етедi.
15.07.96 ж. № 30-I; 2005.23.12. № 107-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 43-бап өзгертілді
43-бап. Филиалдар мен өкiлдiктер
1. Заңды тұлғаның тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның мiндеттерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн, соның iшiнде өкiлдiк мiндетiн жүзеге асырушы оқшау бөлiмшесi филиал болып табылады.
2. Заңды тұлғаның тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның мүдделерiн қорғау мен өкiлдiгiн жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, оның атынан мәмiлелер мен өзге құқықтық әрекеттер жасайтын оқшау бөлiмшесi өкiлдiк болып табылады.
3. Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлға болмайды. Бұларға өздерiн құрған заңды тұлға мүлкi берiледi және оның бекiткен ережелерi негiзiнде жұмыс iстейдi.
4. Қоғамдық бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшылары қоғамдық бiрлестiктiң жарғысында және оның филиалдары немесе өкiлдiктерi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады.
Дiни бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшылары дiни бiрлестiктердiң жарғысында және оның филиалы немесе өкiлдiгi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады не тағайындалады.
Өзгеше нысандағы заңды тұлғалардың филиалдарды мен өкiлдiктерiнiң басшыларын заңды тұлға уәкiлдiк берген орган тағайындайды және оның сенімхаты негiзiнде жұмыс iстейдi.
11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 16.12.98 ж. № 320-1; 04.11.99 ж. № 472-1; 20.05.03 ж. № 417-II; 2006.20.02. № 127-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 44-бап өзгертiлдi
44-бап. Заңды тұлғаның жауапкершiлiгi
1. Арнайы қаржы компанияларынан, құрылтайшы қаржыландыратын мекемелерден, мемлекеттік мекемелерден және қазыналық кәсiпорындардан басқа заңды тұлғалар өз мiндеттемелерi бойынша өздерiне тиесiлi барлық мүлiкпен жауап бередi.
Мекеме мiндеттемелер бойынша өз билiгіндегі ақшамен жауап бередi. Олар жеткiлiксiз болған жағдайда мекеменiң мiндеттемелерi бойынша оның құрылтайшысы жауапты болады.
Мемлекеттік мекеме өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өз билiгіндегі ақшамен жауап бередi.
Мемлекеттік мекеме ақша жеткiлiксiз болған жағдайда оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы орган жауапты болады. Шарттық мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк заңдарға сәйкес мемлекеттік мекеменi ұстауға арналып бекітілген сметаның шегiнде туындайды.
Қазыналық кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өз билiгіндегі ақшамен жауап бередi.
Қазыналық кәсiпорында ақша жеткiлiксiз болған жағдайда оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі немесе тиiстi әкiмшiлiк аумақтық бiрлiк субсидиарлық жауаптылықта болады. Шарттық мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк мемлекеттік кәсiпорын туралы заң актілерінде белгiленген тәртiппен туындайды.
Мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде қазыналық кәсіпорындармен және мемлекеттік мекемелермен жасалатын азаматтық-құқықтық мәмілелер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тіркелуге тиіс.
Арнайы қаржы компаниясы өз міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жауап береді.
2. Заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесi оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал заңды тұлға заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, бұған осы Кодексте, өзге заң актілерінде не заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көзделген жағдайлар қосылмайды.
3. Егер заңды тұлғаның банкроттығы оның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнiң iс-әрекетiнен туындаған болса, заңды тұлғаның қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда құрылтайшы (қатысушы) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесi несие берушiлер алдында субсидиарлық жауапкершiлiкте болады.
4. Заңды тұлға үшiншi тұлғалардың алдында заңды тұлғаның органы құрылтай құжаттарында белгiленген өз өкiлеттiгiн асыра пайдаланып қабылдаған мiндеттемелерi бойынша жауап бередi, бұған осы Кодекстiң 159-бабының 11-тармағында көзделген жағдайлар қосылмайды.
19.06.97 ж. № 134-I; 18.12.00 ж. № 128-II; 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара); 2006.20.02. № 127-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 45-бап өзгертілді
45-бап. Заңды тұлғаны қайта құру
1. Заңды тұлғаны қайта құру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару, өзгерту) оның мүлкiн меншiктенушiнiң немесе меншiк иесi уәкiлдiк берген органның, құрылтайшылардың (қатысушылардың) шешiмi бойынша, сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында уәкiлдiк берiлген органның шешiмi бойынша, не заң құжаттарында көзделген реттерде сот органдарының шешiмi бойынша жүргiзiледi. Заңдарда қайта құрудың басқа да нысандары көзделуi мүмкiн.
Заңды тұлға - жинақтаушы зейнетақы қорын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, арнайы қаржы компаниясын қайта құру зейнетақымен қамсыздандыру, сақтандыру қызметі және секьюритилендіру туралы заңнамада көзделген ерекшеліктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.
Акционерлік қоғамдарды қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заң актiсiнде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.
2. Қайта құру ерiктi түрде немесе ықтиярсыз жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Заң құжаттарында көзделген реттерде ықтиярсыз қайта құру сот органдарының шешiмi бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн.
Егер заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi, ол уәкiлдiк берген орган, құрылтайшылар немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында қайта құруға уәкiлдiк берiлген органы заңды тұлғаны қайта құруды сот органының шешiмiнде белгiленген мерзiмде жүзеге асырмаса, сот заңды тұлғаның басқарушысын тағайындайды және оған осы заңды тұлғаны қайта құруды жүзеге асыруды тапсырады. Басқарушы тағайындалған кезден бастап заңды тұлғаның iсiн басқару жөніндегі өкiлеттiк соған ауысады. Басқарушы сотта заңды тұлғаның атынан әрекет етедi, бөлу балансын жасайды және оны заңды тұлғаны қайта құру нәтижесiнде туындайтын құрылтай құжаттарымен бiрге соттың бекітуiне бередi. Аталған құжаттарды соттың бекітуi жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу үшiн негiз болады.
4. Заңды тұлға, бiрiктiру нысанында қайта құрылатын реттердi қоспағанда, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар тiркелген кезден бастап қайта құрылған деп есептеледi.
Заңды тұлғаны оған екiншi бiр заңды тұлғаны бiрiктiру жолымен қайта құрған кезде, заңды тұлғалардың мемлекеттік регистрiне бiрiктiрiлген заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылғандығы туралы жазба жасалған кезден бастап олардың бiрiншiсi қайта құрылған деп есептеледi.
46-бап. Заңды тұлғаларды қайта құрған кездегi құқықты
мирасқорлығы
1. Заңды тұлғаларды қосқан кезде олардың әрқайсысының құқықтары мен мiндеттерi өткізу құжатына сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады.
2. Заңды тұлғаны екiншi бiр заңды тұлғаға бiрiктiрген кезде бiрiктiрiлген заңды тұлғаның құқықтары мен мiндеттерi өткізу құжатына сәйкес соңғысына ауысады.
3. Заңды тұлғаны бөлген кезде оның құқықтары мен мiндеттерi бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаларға ауысады.
4. Заңды тұлғаның құрамынан бiр немесе бiрнеше заңды тұлғаларды бөлiп шығарғанда, бөлу балансына сәйкес олардың әрқайсысына қайта құрылған заңды тұлғаның құқықтары мен мiндеттерi ауысады.
5. Заңды тұлғаның бiр түрiн екiншi түрдегi заңды тұлғаға өзгерткен кезде (ұйымдық-құқықтық нысанды өзгерткенде) қайта құрылған заңды тұлғаның құқықтары мен мiндеттерi өткізу құжатына сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады.
47-бап. Өткізу актiсi және бөлу балансы
1. Қайта құрылған заңды тұлғаның мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерi жаңадан пайда болған заңды тұлғаға қосылған немесе бiрiктiрiлген кезде - өткізу актiсiне сәйкес, бөлiнген және бөлiп шығарылған жағдайда - бөлу балансына сәйкес ауысады.
Өткізу актiсi мен айыру балансында қайта құрылған заңды тұлғаның барлық несие берушiлерi мен борышқорларына қатысты, барлық мiндеттемелерi бойынша, соның iшiнде тараптар дауласқан мiндеттемелер бойынша да құқықты мирасқорлығы туралы ережелер болуға тиiс.
2. Өткізу актiсi мен бөлу балансын заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны қайта құру туралы шешiм қабылдаған орган бекiтедi және құрылтай құжаттарымен бiрге жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды тiркеуге немесе нақтылы бар заңды тұлғалардың құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу үшiн олар құрылтай құжаттарымен бiрге тапсырылады.
Құрылтай құжаттарымен бiрге тиiстi өткізу актiсiнiң немесе бөлу балансының тапсырылмауы, сондай-ақ оларда қайта құрылған заңды тұлғаның мiндеттемелерi бойынша құқықты мирасқорлығы туралы ережелердiң болмауы жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеуден бас тартуға әкелiп соқтырады.
3. Егер заң құжаттарында немесе қайта құру туралы шешiмде өзгеше көзделмесе, мүлiк (құқықтар мен мiндеттер) құқықты мирасқорына ол тiркелген кезден бастап ауысады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 48-бап өзгертілді
48-бап. Заңды тұлғаны қайта құру кезіндегі оның несие берушiлерi құқықтарының кепiлдiгi
1. Заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны қайта құру туралы шешiм қабылдаған орган бұл туралы қайта құрылатын заңды тұлғаның несие берушiлерiне жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
2. Бөлiнген және бөлiп шығарылған кезде құрылатын заңды тұлғаның несие берушiсi осы заңды тұлға борышқоры болып табылатын мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын және келтiрiлген залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы.
3. Егер бөлу балансы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорын анықтауға мүмкiндiк бермесе, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар, сондай-ақ құрамынан басқа заңды тұлға бөлiнiп шыққан заңды тұлға, қайта құрылған заңды тұлғаның мiндеттемелерi бойынша оның несие берушiлерiнiң алдында ортақ жауапты болады.
21.01.97 ж. № 68-I; 19.06.97 ж. № 134-I; 02.03.98 ж. № 211; 18.12.00 ж. № 128-II; 24.12.01 ж. № 276-II; 2006.20.02. № 127-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен өзгерістер енгізілді
49-бап. Заңды тұлғаны тарату негiздерi
1. Заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушiнiң немесе меншiк иесi уәкiлдiк берген органның шешiмi бойынша, сондай-ақ құрылтай құжаттарында шешiм қабылдауға уәкiлдiк берiлген заңды тұлға органының шешiмi бойынша заңды тұлға кез келген негiз бойынша таратылуы мүмкiн.
Заңды тұлға - жинақтаушы зейнетақы қорын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, арнайы қаржы компаниясын тарату зейнетақымен қамсыздандыру, сақтандыру қызметі және секьюритилендіру туралы заңнамада көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.
2. Соттың шешiмi бойынша заңды тұлға:
1) банкрот болған;
2) заңды тұлғаны құру кезiнде заңдардың түзетуге келмейтiн сипатта бұзылуына жол берiлуiне байланысты оны тiркеу жарамсыз деп танылған;
3) заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы келетiн қызмет үнемi жүзеге асырылған;
4) тиiстi рұқсат алынбаған (лицензиясыз) қызметтi, не заң құжаттарында тыйым салынған қызметтi жүзеге асырған, не қызметiн заңдарды бiрнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүргiзген жағдайларда, соның iшiнде заңда белгiленген табыс ету мерзiмiнен кейiн бiр жыл өткен соң корпорациялық табыс салығы туралы (жиынтық жылдық табыс пен жасалған шегерiмдер туралы) декларация немесе оңайлатылған декларация табыс етпеген, заңды тұлғаның кредиторлары, заңды тұлға орналасқан жерi бойынша немесе нақты мекен-жайы бойынша болмаған, сондай ақ заңды тұлға бiр жыл ішінде оларсыз жұмыс істей алмайтын құрылтайшылар (қатысушылар) және лауазымды адамдар болмаған;
5) заң құжаттарында көзделген басқа да жағдайларда таратылуы мүмкiн.
3. Осы баптың екiншi тармағындағы аталған негiздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы талапты заң актілерінде осындай талап қоюға құқық берiлген мемлекеттік орган, ал банкрот болған жағдайда несие берушiлер де сотқа беруi мүмкiн.
Заңды тұлғаны тарату туралы сот шешiмiмен заңды тұлғаны таратуды жүзеге асыру жөніндегі мiндеттер оның мүлкiн меншiктенушiге, меншiк иесi уәкiлдiк берген органға, заңды тұлғаны таратуға оның құрылтай құжаттарында уәкiлдiк берiлген органға, не сот тағайындаған басқа органға (тұлғаға) жүктелуi мүмкiн.
4. Егер заңды тұлға жөнiнде осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiп бойынша оны тарату туралы шешiм қабылданып, оның мүлкiнiң құны несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болса, ондай заңды тұлға банкроттық туралы заңдарда белгiленген тәртiппен таратылуы мүмкiн.
5. Заңды тұлғалардың жекелеген түрлерi мемлекет уәкiлдiк берген тиiстi органның шешiмiмен заң актілерінде көзделген негiздер бойынша таратылуы мүмкiн.
15.07.96 ж. № 30-I; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.12.98 ж. № 320-1; 03.06.03 ж. № 426-II; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара); 2006.20.02. № 127-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 50-бап өзгертiлдi
50-бап. Заңды тұлғаны тарату тәртібі
1. Заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган бұл туралы заңды тұлғаларды тiркеудi жүзеге асыратын әдiлет органына, тіркеу орны бойынша салық органына дереу жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
2. Заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган тарату комиссиясын құрады және осы Кодекске сәйкес тарату тәртібі мен мерзiмiн белгiлейдi.
Тарату комиссиясы құрылған кезден бастап заңды тұлғаның мүлкiн және iстерiн басқару жөнiнде өкiлеттiк соған ауысады. Тарату комиссиясы сотта таратылатын заңды тұлға атынан әрекет етедi.
3. Тарату комиссиясы заңды тұлғаны тарату туралы, сондай-ақ оның несие берушiлерiнiң талаптарын мәлiмдеу тәртібі мен мерзiмi туралы ақпаратты орталық әдiлет органының ресми баспасөз басылымдарында жариялайды. Талаптарды мәлiмдеу мерзiмi тарату туралы жарияланған кезден бастап екi айдан кем бола алмайды.
Тарату комиссиясы несие берушiлердi анықтау және қарыздарын алу үшiн шаралар қолданады, сондай-ақ несие берушiлерге заңды тұлғаның таратылғандығы туралы жазбаша хабарлайды.
4. Несие берушiлер талаптарын қоюға арналған мерзiм аяқталғаннан кейiн тарату комиссиясы аралық тарату балансын жасайды, онда таратылатын заңды тұлға мүлкiнiң құрамы, несие берушiлер қойған талаптар тiзбесi, сондай-ақ оларды қарау нәтижелерi туралы мәлiметтер болады.
Аралық тарату балансын заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату жөнiнде шешiм қабылдаған орган бекiтедi.
Аралық тарату балансын жасаған кезде таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамына Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлінген активтер және ипотекалық облигациялар бойынша мынадай қамтамасыз ету болып табылатын кепіл мүлкі: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқығы (ипотекалық куәліктерді қоса алғанда), сондай-ақ аталған облигацияларды ұстаушыларға оларға меншік құқығы туындаған немесе мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары енгізілмейді. Тарату комиссиясы аталған мүлікті және Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлінген активтерді Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес кредиторлармен - аталған облигацияларды ұстаушылармен есеп айырысу үшін ипотекалық облигацияларды немесе Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған облигацияларды ұстаушылардың өкіліне береді.
5. Егер таратылатын заңды тұлғаның (мемлекеттік мекемелерден басқа) ақшасы несие берушiлердiң талабын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болса, тарату комиссиясы заңды тұлғаның мүлкiн сот шешiмдерiн орындау үшiн белгiленген тәртiп бойынша жария сатуды жүзеге асырады.
6. Таратылатын заңды тұлғаның несие берушiлерiне ақша төлеудi тарату комиссиясы осы Кодекстiң 51-бабында белгiленген кезек тәртібімен аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап, соған сәйкес жүргiзедi. Акционерлік қоғамдардың мүлкiн бөлу ерекшелiктерi олар туралы заңдармен белгiленедi.
7. Несие берушiлермен есеп айырысу бiткеннен кейiн тарату комиссиясы тарату балансын жасайды, оны заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган бекiтедi.
8. Несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiк құрылтай құжаттарында көрсетiлген мақсаттарға жұмсалады.
9. Несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру үшiн таратылатын қазыналық кәсiпорынның - мүлкi, ал таратылатын мекеменiң ақшасы жеткiлiксiз болған жағдайда, несие берушiлер талаптарының қалған бөлiгiн осы кәсiпорынның немесе мекеменiң мүлкiн меншiктенушi есебiнен қанағаттандыру туралы талап қойып сотқа жүгiнуге құқылы.
10. Заңды тұлғалардың мемлекеттік регистрiне тиiстi жазба жасалғаннан кейiн заңды тұлғаның таратылуы аяқталады, ал заңды тұлғаның өмiр сүруi тоқтатылды деп есептеледi.
ҚР 21.01.97 ж. № 68-I; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 51-бап өзгердi; ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 51-бап толықтырылды; ҚР 08.04.04 ж. № 542-II Заңымен 51-бап өзгердi (бұр. ред. қара)
51-бап. Несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру
1. Заңды тұлға таратылған кезде оның несие берушiлерiнiң талаптары мынадай кезек бойынша қанағаттандырылады:
1) бiрiншi кезекте - таратылатын заңды тұлға өмiрiне немесе денсаулығына залал келтiргенi үшiн жауапты болған азаматтың талаптары тиiстi мерзiмдi төлемдердi капиталға айналдыру жолымен қанағаттандырылады.
2) екінші кезекте - банкроттық мәселелерін реттейтін заң актісіне сәйкес талаптар сомасының бір бөлігі бесінші кезекте қанағаттандырылатын жағдайларды қоспағанда, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу және өтем төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша, еңбекақыдан ұсталатын алименттерді және міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі берешектерді өтеу, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақы төлеу жөнінде есеп айырысулар жүргізіледі;
3) үшінші кезекте - кредиторлардың таратылатын банкроттың кепілмен қамтамасыз етілген мүлкінің міндеттемелері жөніндегі талаптары, кредиторлардың-ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтары кепілімен (ипотекалық куәлік кепілін қоса алғанда) қамтамасыз етілген ипотекалық облигацияларды, сондай-ақ аталған облигацияларды ұстаушыларда оларға меншік құқығы туындаған немесе мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын ұстаушылардың талаптарын қоспағанда, қамтамасыз ету сомасы шегінде қанағаттандырылады;
4) төртiншi кезекте - бюджетке және бюджеттен тыс қорларға мiндеттi төлемдер жөніндегі берешек өтеледi;
5) бесiншi кезекте - заң құжаттарына сәйкес басқа да несие берушiлермен есеп айырысылады.
2. Әр кезектiң талаптары оның алдындағы кезек талаптары толық қанағаттандырылып болғаннан кейiн қанағаттандырылады.
3. Таратылған заңды тұлғаның мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда, егер заңда өзгеше белгiленбесе, ол несие берушiлер арасында тиiстi кезекпен қанағаттандырылуға жататын талаптардың сомаларына қарай бөлiнедi.
4. Тарату комиссиясы несие берушiнiң талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан не оларды қараудан жалтарған жағдайда, несие берушi заңды тұлғаның тарату балансы бекітілгенге дейiн тарату комиссиясына талап қойып сотқа жүгiнуге құқылы. Соттың шешiмi бойынша несие берушiнiң талаптары таратылған заңды тұлғаның қалған мүлкi есебiнен қанағаттандырылуы мүмкiн.
5. Заңды тұлғаның несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлкi, егер заңдарда немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, оның бұл мүлiкке заттық құқықтары бар немесе заңды тұлға жөнiнде мiндеттемелiк құқықтары бар меншiк иесiне немесе құрылтайшыларына (қатысушыларына) берiледi.
6. Таратылатын заңды тұлға мүлкiнiң жеткiлiксiз болуына байланысты несие берушiлердiң қанағаттандырылмаған, сондай-ақ тарату балансын бекiткенге дейiн мәлiмделмеген талаптары өтелген деп есептеледi.