Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы Қазақстан
Республикасының 1994 ж. 21 қыркүйектегі № 156-XIII
Заңы
(2004.20.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2005 ж. 29 қыркүйектегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңның күшіне енуі туралы ҚР Жоғарғы Кеңесiнiң 1994 ж. 21 қыркүйектегі № 157-XIII қаулысын қара
1 бөлiм. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар)
2 бөлiм. Көлiк қызметiн мемлекеттік реттеу мен (5 - 8 баптар)
басқару жүйесi
3 бөлiм. Көлiк қызметiнiң негiзгi ережелерi (9 - 14 баптар)
4 бөлiм. Көлiктегi қауiпсiздiк және жауапкершiлiк (15 - 24 баптар)
5 бөлiм. Қорытынды ережелер (25 - 26 баптар)
Осы Заң Қазақстан Республикасы көлiгiнiң құқықтық экономикалық және ұйымдық қызметiнiң негiздерiн айқындайды.
1 бөлiм. Жалпы ережелер
ҚР 28.12.98 ж. № 338-1; 09.07.04 ж. № 596-II (бұр. ред. қара)\ Заңдарымен 1-бап өзгертілдi және толықтырылды
1-бап. Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Қазақстан Республикасының көлiгi - оның аумағында тiркелген теміржол, автомобиль, теңiз, iшкi су, әуе, қалалық электр, соның iшiнде метрополитен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы магистральдық труба-құбыр көлiгi.
Көлiк кәсiпорны - жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктi тасымалдау, көлiк құралдарын сақтау, оларда техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жөнiнде шаруашылық-коммерциялық қызметпен айналысатын заңды тұлға, ол Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес iс-әрекет жасайды.
Тасымалдаушы - ақыға немесе жалданып жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау жөнiнде қызмет көрсететiн әрi осыған белгiленген тәртiппен берiлген лицензиясы немесе рұқсаты бар, меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде көлiк құралдарын иеленушi заңды немесе жеке тұлға.
Клиент (жүк жөнелтушi, жүк алушы, жолаушы) - тасымалдаушымен жасалған шартқа сәйкес көлiктi пайдаланатын заңды тұлға немесе жеке тұлға, немесе мемлекет.
Тiкелей аралас қатынас - бірыңғай көлiк құжаты бойынша әртүрлi көлiк түрiмен жүктердi, жолаушылар мен теңдеме жүктердi тасымалдау.
Уәкiлеттi мемлекеттік орган - көлiк саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыруды, Қазақстан Республикасы көлiк кешенiнiң қызметiн үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
28.12.98 ж. № 338-1; 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 2-бап өзгертілдi
2-бап. Көлiк туралы заңдар
Қазақстан Республикасының көлiк туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
Труба-құбыр көлiгi қызметiне байланысты қатынастар Қазақстан Республикасының тиiстi заңдарымен реттеледi.
Тасымалдау шарттары, көлiк құралдарын пайдалану, қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, еңбектi қорғау, өртке қарсы қауiпсiздiк, техникалық-технологиялық және санитарлық қалыптар ережелерiн сақтау тәртібі белгiленген тәртiппен бекітілетiн және көлiк қатынастарына қатысушылардың бәрiне мiндеттi болып табылатын көлiктiң тиiстi түрлерiнде қолданылып жүрген қалыптық құжаттармен айқындалады.
28.12.98 ж. № 338-1; 09.07.04 ж. № 596-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 3-бап өзгертілдi
3-бап. Көлiк құралдарына меншiк туралы
Мемлекеттік халықаралық маршруттар желісіне белгiленген тәртiппен енгiзiлген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн тiзбеге сәйкес қорғаныстық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы магистральдық темір жол желiлерi, республикалық автомобиль жолдары, олардың бойындағы инженерлiк құрылыстарды қоса, кеме жүретiн су жолдары, шамшырақтар, сондай-ақ кемелердiң қауiпсiз жүрiсiн реттейтiн және оған кепiлдiк беретiн құрылғылар мен навигациялық белгiлер, әуе қозғалысын басқару жүйесiнiң аэронавигациялық құрылғылары, әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты телекоммуникациялар желiлерi, инженерлiк желiлер, сондай-ақ метрополитен мемлекет меншiгi болып табылады.
Осы баптың бірiншi бөлiгiнде аталғандарды қоспағанда, кiрме жолдар мен тар табанды желiлерi, сондай-ақ автомобиль жолдары мемлекеттік меншiкте де, жеке меншiкте де болуы мүмкiн.
ҚР 28.12.98 ж. № 338-1 Заңымен 4-бап өзгертілдi
4-бап. Көлiк жерлерi. Көлiк мұқтажы үшiн жерлер мен
Республикадағы көлiк жерлерi болып:
- жердi пайдаланушыларға көлiк объектілеріне деп бөлiнген жерлер;
- жолдар мен желiлердi салуды және пайдалануға берудi жүзеге асыратын көлiк, жол және басқа ұйымдарға бөлiнген көлiк жолдары мен желiлерiне арналған жерлер танылады.
Көлiкке жер бөлу мен су көлiгiне суларды беру кезiнде туындайтын жер және су қатынастары, оларды пайдаланудың тәртібі жер, су және көлiк заңдарымен реттеледi.
Опырылып құлауға, көшкiндеуге, су шайып кетуге, сел тасқыны болуға және басқа қатерлi табиғи құбылыстар әсерлерiне бейiм аудандардағы көлiк құрылыстарының және басқа объектілерінiң сенiмдi пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында қорғау аймақтар белгiленедi.
Көлiк кәсiпорындары мен тасымалдаушылар өздерiне берiлген жерлердi оларды беру мақсаттары мен шарттарына сәйкес пайдалануға, өндiрiстiң табиғат қорғау технологияларын қолдануға және аумақта өз қызметi салдарынан экологиялық ахуалдың нашарлауына жол бермеуге мiндеттi.
2 бөлiм. Көлiк қызметiн мемлекеттік реттеу мен
басқару жүйесi
5-бап. Көлiк қызметiн мемлекеттік реттеу
Көлiк қызметiн мемлекеттік реттеу құқықтық қамтамасыз ету, лицензиялау, салық салу, несие беру, қаржыландыру және баға белгiлеу, инвестициялық, біртұтас әлеуметтiк және ғылыми-техникалық саясат жүргiзу, Қазақстан Республикасының заңдарын көлiк кәсiпорындарының орындауына бақылау жасау жолымен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен өзге реттерде мемлекеттік органдардың көлiк кәсiпорындарының шаруашылық қызметiне араласуына, сондай-ақ көлiк кәсiпорындарының пайдалану қызметкерлерiн басқа жұмыстарға қатыстыруға құқығы жоқ.
28.12.98 ж. № 338-1; 09.07.04 ж. № 596-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 6-бап өзгертілдi
6-бап. Көлiктi мемлекеттік басқару
Көлiктi мемлекеттік басқаруды Қазақстан Республикасы Президентінің шешiмiмен құрылған және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң бекiткен Ережеге сәйкес iс-әрекет жасайтын уәкiлеттi мемлекеттік орган жүзеге асырады.
Уәкiлеттi мемлекеттік органның негiзгi мiндеттерi:
Қазақстан Республикасының көлiк саласындағы экономикалық мүдделi қорғау;
көлiк саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасындағы көлiк қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу және мемлекеттік стандарттарды әзiрлеуге қатысу;
көлiктiң барлық түрлерiн дамытудың бағдарламалары мен тұжырымдамаларын әзiрлеу, инвестициялық, ғылыми-техникалық және әлеуметтiк саясатты қалыптастыру және жүргiзу;
республика экономикасы мен халқының тасымалдауға және соларға байланысты қызметтерге деген қажеттерiн қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау;
көлiк қызметiн пайдаланушылар құқықтарының сақталуын бақылау;
мемлекеттің және халықтың тасымалдау қажеттерiне болжамдар әзiрлеу;
Қазақстан Республикасы көлiк кешенi қызметiнiң жұмысын үйлестiру және мемлекеттік реттеу iсiн жүзеге асыру болып табылады.
ҚР 28.12.98 ж. № 338-1 Заңымен 7-бап жаңа редакцияда
7-бап. Көлiк қызметiн лицензиялау
Көлiктегi лицензиялануға тиiс қызмет түрлерiнiң тiзбесi заң актілерімен белгiленедi.
Екi және одан көп көлiк құралының иелерi - жеке және заңды тұлғаларға лицензия беру кезiнде әрбір жеке көлiкке лицензияның бар екенiн растайтын құжат ресiмделедi.
28.12.98 ж. № 338-1; 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 8-бап өзгертілдi
8-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың көлiк саласындағы өкiлеттiгi
Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың көлiк саласындағы өкiлеттiгi "Қазақстан Республикасында жергiлiктi мемлекеттік басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және басқа да Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Қалалық жолаушылар таситын көлiктiң тұрақты маршруттарында жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру кезiнде тасымалдаушылар жергiлiктi атқарушы органдармен немесе олар осы маршруттарға қызмет көрсетуге уәкiлеттiк берген органдармен шарт жасасуға тиiс.
3 бөлiм. Көлiк қызметiнiң негiзгi ережелерi
28.12.98 ж. № 338-1; 15.12.01 ж. № 272-II; 24.12.01 ж. № 276-II; 09.07.04 ж. № 596-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 9-бап өзгертілдi
9-бап. Экономикалық және шаруашылық қызмет негiздерi
Көлiкте экономикалық және шаруашылық қатынастардың негiзiн көлiк қызметтерiнiң сұраныс және ұсыныстар нарқы қалыптастырады.
Көлiк кәсiпорындары мен тасымалдаушылар өз қызметiн коммерциялық негiзде жүзеге асырады.
Көлiк кәсiпорындары мен тасымалдаушылар жоспарды дербес әзiрлейдi, клиент қажеттерiне сәйкес жұмыстар мен қызметтердi орындауға шарттар жасасады.
Тиiмдiлiгi қолданылып жүрген реттелетiн тарифтермен қамтамасыз етiлмейтiн жолаушылар тасымалдарын ұйымдастыру жөніндегі шешiм қабылдаған жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi бюджеттен:
қала iшіндегі, аудандық маршруттар кезiнде - қалалық, аудандық бюджеттерден;
ауданаралық қатынас кезiнде - облыстық бюджеттен субсидия берудi қамтамасыз етедi.
Кеме жолдарын, шлюздердi, кеме қатынасының қауiпсiздiгiн қадағалайтын инспекцияларды ұстау республикалық бюджет қаражаттары есебiнен жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасының мемлекет кемежайларын, магистралдық темір жол желісін пайдаланғаны үшiн, әуе кеңiстiгінде ұшуды басқару мен аэронавигациялық қызмет көрсетiлгенi үшiн заңды және жеке тұлғалар, соның iшiнде шетелдердiң заңды және жеке тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерде төлемдер төлейдi.
Қазақстан Республикасының кеме жүретiн су жолдарын пайдалану ақылы түрде жүзеге асырылады.
Кеме жүретiн су жолдарын пайдаланғаны үшiн ақының ставкалары, бюджетке есептеу және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес белгiленедi.
Кеме жүретiн су жолдарын пайдалану құқығы көлiктi бақылау мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган әр күнтiзбелiк жылға беретiн рұқсаттық құжатпен берiледi.
Кеме иеленушi техникалық ақаулық себептермен немесе өзгедей себептермен кеменi пайдаланбаған жағдайда, ол мұндай фактiлердi растау үшiн уәкiлеттi мемлекеттік органға бұл туралы хабарлайды. Бұл ретте уәкiлеттi мемлекеттік орган мұндай фактiлердi тексергеннен және анықтағаннан кейiн рұқсаттық құжатқа тиiстi өзгерістер енгiзедi.
ҚР 28.12.98 ж. № 338-1 Заңымен 10-бап өзгертілдi
10-бап. Тарифтер
Жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктердi тасымалдауға және тасымалдауларға байланысты қызметтерге көлiк қызметiмен айналысатын шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi қызметiн қамтамасыз ететiн ерiктi (шарттық) тарифтер (осы Заңның 9-бабының 4-бөлiгiнде көзделгеннен басқа реттерде) белгiленедi.
Көлiк қызметтерiнiң жеке түрлерi бойынша мемлекеттің әлеуметтiк саясатын жүргiзу құралы немесе көлiк саласындағы монополистiк қызметтi жою құралы ретiнде Қазақстан Республикасы заңдары анықтайтын тәртiпте реттелiп отыратын (мемлекет шегiнде бірыңғай) тарифтер белгiленуi мүмкiн.
ҚР 28.12.98 ж. № 338-1 Заңымен 11-бап өзгертілдi; ҚР 08.05.03 ж. № 414-II Заңымен 11-бап толықтырылды
11-бап. Жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктi, почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау, көлiктiк-экспедициялық қызметтердi жүзеге асыру
Жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктi, почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау кезiнде және көлiктiк-экспедициялық қызметтердi жүзеге асыру кезiнде тасымалдаушы:
- тасымалдау құқығын қамтамасыз ететiн лицензия алуға;
- клиентпен белгiленген нысанда шарт (келісім-шарт) жасасуға;
- сертификаты бар көлiк құралдарын беруге;
- клиентке және үшiншi тұлғаға келтiрген зияндарды, оның iшiнде зая жiберген уақытты ақшалай тепе-тең өтеуге;
- жолаушы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, оған қажеттi қолайлы және қызмет көрсету жағдайларын жасауға, ал жолаушы теңдеме жүгiн өткiзген ретте, оның теңдеме жүгiнiң дер кезiнде тасымалдануы мен сақталуын қамтамасыз етуге;
- қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
- көлiк қызметтерi нарығында клиентке таңдау еркiндiгiн қамтамасыз етуге;
- жөнелтiлетiн жүктiң өз сертификатына сәйкес келуiн растайтын құжаттарды алуға;
- мемлекеттік және жергiлiктi өкiлдi әрi атқарушы органдардың әлеуметтiк маңызды және қорғаныс тасымалдарын жүзеге асыру жөніндегі талаптарын орындауға (егер бұл тасымалдар бағасы көлiк шығындарын өтемеген жағдайларда, тиiстi өтем дотациясы берiлуге тиiс); - Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актілерінде белгіленген тәртіппен өзінің жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға міндетті.
Тасымалдаушының, реттелетiн тасымалдарды қоспағанда, баға белгiлеу ережелерiне сәйкес тасымалдау бағасын еркiн белгiлеу құқығы бар.
Тасымалдаушы, Қазақстан Республикасының көлiк туралы заң актілерінде көзделгендерден өзге реттерде, заңды және жеке тұлғаларға тасымалдаудан бас тартуға құқылы емес.
Жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктi, почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау кезiнде және көлiк-экспедиция қызметтерiн жүзеге асыру кезiнде клиенттiң:
- өзi мен тасымалдаушы арасында жасалған шарттың орындалуын талап етуге;
- тасымалдау сапасы деңгейi оның сертификатына сай келуiне белгiленген тәртiппен дауласуға;
- келтiрiлген зиянның, соның iшiнде босқа кеткен уақыттың ақшалай өтелуiн талап етуге құқығы бар.
Клиент:
- тасымалдаушымен жасалған шарттың ережелерiн сақтауға;
- жүктiң өз сертификатына сай келуiн растайтын құжатты тасымалдаушыға беруге;
- тасымалдау ережелерiн орындауға;
- жүк пен теңдеме жүктi тасымалдауға дайын күйiнде табыс етуге мiндеттi.
Клиент пен тасымалдаушының жекелеген құқықтары мен мiндеттерi тараптардың келісімiмен тасымалдау шартында белгiленедi.
Жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктi, почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау, көлiк-экспедициялық операцияларды жүзеге асыру шарттары, тараптардың тасымалдау және көлiк-экспедициялық операциялар жөніндегі жауапкершiлiгi нормативтiк құқықтық актілерімен, сондай-ақ тасымалдау шарттарымен белгiленедi.
ҚР 28.12.98 ж. № 338-1 Заңымен 12-бап өзгертілдi
12-бап. Көлiктiң алуан түрi қатысатын тiкелей аралас қатынас
Теміржол, теңiз, iшкi су, әуе және автомобиль көлiктерi тiкелей аралас қатынастар жүйесiн ұйымдастырады.
Тiкелей аралас қатынас кезіндегі көлiк ұйымдарының өзара қатынастары, сондай-ақ осы тасымалдауды ұйымдастырудың тәртібі тиiстi көлiк түрлерiнiң ұйымдары арасындағы тiкелей аралас тасымалдау туралы уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiтетiн ережелерге сәйкес жасалатын келісімдерде белгiленедi.
ҚР 28.12.98 ж. № 338-1 Заңымен 13-бап өзгертілдi және толықтырылды
13-бап. Жолаушылар құқықтары. Жолаушылардың жекелеген санаттарының жолақысын төлеу жөніндегі жеңiлдiктер
Жолаушының мынадай құқықтары бар:
- кез келген көлiк түрiне және жолаушылар тасымалы үшiн ашық кез келген бағытына билет сатып алуға;
- сатып алған билетiне сәйкес орын алуға;
- өзiмен бірге 7 жасқа дейiнгi, ал халықаралық тасымалда 5 жасқа дейiнгi бір баланы әуе, темір жол, теңiз және iшкi су жолы көлiктерiнде, қалааралық автобустарда, сондай-ақ таксиден басқа, қалалық және қала маңындағы көлiкте балаға жеке орын берiлмей тегiн алып жүруге;
- билеттiң толық құнының 50 процентiн төлей отырып, халықаралық тасымалда 5 жастан 12 жасқа дейiнгi балаларға билеттер сатып алуға;
- Қазақстан Республикасының тасымалдаушысы жүзеге асыратын тасымалдау кезiнде билеттiң толық құнының 50 процентiн төлей отырып, 7 жастан 12 жасқа дейiнгi балаларға билеттер сатып алуға;
Егер тасымалдауды Қазақстан Республикасы тасымалдаушысының қатысуымен әртүрлi мемлекеттердiң бірнеше тасымалдаушысы жүзеге асыратын болса, бұл құқық жолаушыларға оларды Қазақстан Республикасының тасымалдаушысы тасымалдаған кезде берiледi:
- жолда аялдаған кезде қалалық және қала маңындағы көлiктен басқа, барлық көлiк түрiне билеттiң күшiн 10 тәулiктен аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы. Тасымалдаушы жолда аялдаған кезде билеттiң қолданылу мерзiмiн ұлғайтуға құқылы;
- көлiк қызметiн көрсететiн кез келген тасымалдаушы мекемеге билеттi тасымалдау басталғанға дейiн өткiзуге және тасымалдау үшiн төленген соманы қайтарып алуға құқығы бар. Қайтару тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
Әуе көлiгіндегі, қала және қала маңындағы автобус тасымалдарында тегiн алып жүретiн қол жүгi мен теңдеме жүктiң салмағы 20 килограмнан аспайтын болып белгiленедi.
Темір жол, теңiз, iшкi су жолы көлiктерiнде, сондай-ақ қалааралық автобустарда тегiн алып жүретiн қол жүгi мен теңдеме жүк салмағы 35 килограмнан аспайтын болып белгiленедi.
Тасымалдаушылар көлiктiң барлық түрiнде тегiн тасымалданатын теңдеме жүктiң салмағын арттыруға және басқа жеңiлдiктер белгiлеуге.
Тасымалдау жұмысын жалғастырудан бас тартқан тасымалдаушы жолаушыны межелi жерiне дейiн өз есебiнен жеткiзiп салуға немесе тасымалдау шартының бұзылуы салдарынан жолаушыға келтiрiлген залалды түгелдей өтеуге мiндеттi.
Қазақстан Республикасы заңдарымен, Қазақстан Республикасы Үкiмет қаулыларымен, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың шешiмдерiмен жеңiлдiктер белгiленген жағдайда тасымалдаушылар жолаушылардың жекелеген санаттарын тегiн тасымалдауға немесе оларға жолақысын төлеу жөнiнде өзге де жеңiлдiктер беруге мiндеттi.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар адамдардың жекелеген санаттарына көлiк қызметiне, тегiн жол жүру құқығын қоса алғанда, жеңiлдiктер белгiлеген кезде қаржыландыру көзiн белгiлейдi және бұл орайда атқарушы органдар тасымалдаушымен шарт жасасады.
14-бап. Жолаушылар мен жүктердi транзиттiк тасымалдау
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жолаушылар мен жүктердi транзиттiк тасымалдау:
Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына, халықаралық келісімдер мен шарттарға сәйкес теміржол, әуе, автомобиль, теңiз және iшкi су көлiктерiмен мемлекетаралық қатынастар үшiн ашылған жол трассалар мен су жолдары арқылы жүзеге асырылады.
4 бөлiм. Көлiктегi қауiпсiздiк және жауапкершiлiк
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 15-бап өзгертілді
15-бап. Көлiк құралдарына қойылатын талаптар
Көлiк құралдарының қауiпсiздiк талаптарына, медициналық-санитарлық қалыптарға, еңбек пен экологияны қорғау қалыптарына, халықаралық және мемлекеттік стандарттар мен техникалық шарттарға сәйкес келетiнiн айқындайтын сертификаты болуға, сондай-ақ олар заңмен белгiленген тәртiпте тiркелуге тиiс.
Сертификаттаудан өтпеген және белгiленген тәртiпте тiркелмеген көлiк құралдары пайдалануға жiберiлмейдi.
Сертификаттау тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
Механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердi, теңiз, өзен кемелерiн және шағын көлемдi кемелердi, азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттік тiркегенi үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiпте алым алынады.
ҚР 28.12.98 ж. № 338-1 Заңымен 16-бап өзгертілдi
16-бап. Көлiк құралдарын басқару құқығы
Көлiк құралдарын басқару құқығы тиiстi біліктiлiгi бар және денсаулығы туралы медициналық куәландырудан өтiп, белгiленген үлгiдегi құжаттар тапсырылған адамға берiледi.
Көлiк құралдарын басқару жөніндегі біліктiлiк талаптары және олардың басқаруға денсаулық жағдайының жарамдылығын бағалау өлшемдерi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген тәртiппен анықталады.
Көлiк құралдарын басқаруға денсаулық жағдайының жарамдылығын бағалау өлшемiн Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі белгiлеген тәртiпте медицина қызметкерлерi жүзеге асырады.
ҚР 28.12.98 ж. № 338-1 Заңымен 17-бап өзгертілдi және толықтырылды
17-бап. Тасымалдаушының жауапкершiлiгi
Тасымалдаушының жолаушылармен және жүк иелерiмен жауапкершiлiктi шектеу немесе жою туралы жасасқан келісімдерiнiң күшi болмайды, бұған жүк тасымалы кезiнде осындай келісімдер мүмкiндiгi заң актілерінде көзделген реттер жатпайды.
Тасымалдаушы жүктердiң, теңдеме жүктiң және почта жөнелтiлiмдерiнiң тасымалдауға қабылданған сәтiнен бастап алушыға берiлгенге дейiн сақталуын қамтамасыз етедi.
Егер тасымалдаушы жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалуы, жетiспеуi немесе бүлiнуi өз кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, ол жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалғаны, жетiспегенi немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi.
Тасымалдаушы жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдау кезiнде келтiрiлген нұқсанды:
- жүк немесе теңдеме жүк жоғалған немесе жетiспеген жағдайда жоғалған немесе жетiспеген жүктiң немесе теңдеме жүктiң құны мөлшерiнде;
- жүк немесе теңдеме жүк зақымданған (бүлiнген) жағдайда - оның құны төмендеген сома мөлшерiнде, ал зақымданған жүктi немесе теңдеме жүктi қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайда - оның құны мөлшерiнде;
- құндылығы жарияланып, тасымалдауға тапсырылған жүк немесе теңдеме жүк жоғалған жағдайда - жүктiң немесе теңдеме жүктiң жарияланған құны мөлшерiнде өтейдi.
Жүктiң немесе теңдеме жүктiң құны уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiтетiн ережелер (әдiстеме) бойынша тасымалдау және көлiк түрлерiне байланысты немесе Қазақстан Республикасы қосылған тиiстi халықаралық конвенциялардың принциптерi негiзiнде белгiленетiн бағасы негiзге алына отырып айқындалады.
Жүктiң немесе теңдеме жүктiң (коммерциялық акт, жалпы нысандағы акт және с.с.) сақталмауының себептерi туралы тасымалдаушы біржақты тәртiппен жасаған құжаттарды, дау туған жағдайда, жүк немесе теңдеме жүк тасымалдаушының, жөнелтушiнiң не алушының жауапкершiлiгiне негiз болуы мүмкiн мән-жайларды куәландыратын басқа құжаттармен бірге сот бағалауға тиiс.
Егер тасымалдаушы жауап беретiн бүлiну салдарынан жүктiң немесе теңдеме жүктiң сапасы мүлдем өзгерiп, ол тiкелей мақсатына пайдаланылмайтындай болып қалса, жүктi немесе теңдеме жүктi алушы одан бас тартуға және оны жоғалтқаны үшiн өтем талап етуге құқылы.
Жүк немесе теңдеме жүк жоғалған не жеткiзiп берiлмеген жағдайда тасымалдаушы өтем төлей отырып, жоғалған жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдағаны үшiн ақыны қайтарып бередi.
Егер тiркелген теңдеме жүктi немесе жүктi тасымалдаушы жоғалды деп мойындаса немесе осы теңдеме жүк не жүк жеткiзу мерзiмi өткеннен кейiн 7 күн iшiнде тиiстi жерiне келiп жетпесе, олар жоғалды деп есептеледi.
Алайда, егер жүк көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн келiп жеткен болса, жүк алушы жүктi қабылдауға және теңдеме жүктi не жүктi жоғалтқаны үшiн тасымалдаушы төлеген соманы қайтарып беруге құқылы.
Заң құжаттарымен жауапкершiлiктiң өзге де түрлерi көзделуi мүмкiн.
ҚР 28.12.98 ж. № 338-1 Заңымен 17-1-баппен толықтырылды; ҚР 06.12.01 ж. № 260-II Заңымен 17-1-бап өзгертілді
17-1-бап. Жүктердi және жолаушыларды тасымалдау бойынша талап қою мен талап-арыз беру
Тасымалдаушыға тасымалға байланысты дау жөнiнде талап-арыз бергенге дейiн оған мiндеттi түрде талап қойылады.
Талап үш айдың iшiнде, ал айыппұлдар мен өсiм төлеу туралы талап бір айдың iшiнде қойылуы мүмкiн.
Егер қойылған талап қабылданбаса немесе жауап осы бапта белгiленген мерзiмде алынбаса, мәлiмдеушiнiң талап-арыз беру құқығы пайда болады.
Жүктi және (немесе) жолаушыларды тасымалдаудан туындайтын талаптар бойынша талап-арыз беру мерзiмi заңдарда белгiленген тәртiппен реттеледi.
Халықаралық тасымалдауға байланысты даулар бойынша талап-арыз беру мерзiмi және талап-арыз беру тәртібі халықаралық шарттарда, келісімдерде немесе конвенцияларда белгiленедi.
ҚР 28.12.98 ж. № 338-1 Заңымен 18-бап өзгертілдi
18-бап. Жолаушыны, жүк пен теңдеме жүктi жеткiзу мерзiмi және мерзiмiн өткiзгенi үшiн жауапкершiлiк
Тасымалдаушы жүктi немесе теңдеме жүктi уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiтетiн Жүк және теңдеме жүк тасымалдау ережелерiмен анықталған мерзiмде тиiстi жерiне жеткiзуге мiндеттi. Егер жеткiзу мерзiмi белгiленген тәртiпте анықталмаған болса, тараптар бұл мерзiмдi шартта белгiлеуге құқылы.