"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы"
Қазақстан Республикасының 1995 ж. 31 тамыздағы № 2444
Заңы
(2004 ж. 21 сәуірге берілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2005 жылғы 8 шілдедегі № 69-III Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
I Бөлiм Банкiлердi құрудың және олардың қызметiнiң (1 - 59 баптар)
негiздемесi мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 11 баптар)
2-тарау. Банкiлердi құру (12 - 29 баптар)
3-тарау. Банк қызметiн жүзеге асыру (30 - 40 баптар)
4-тарау. Банкiлердiң қызметiн реттеу және (41 - 52 баптар)
депозиторлардың мүддесiн қорғау
5-тарау. Есеп және есеп беру (53 - 56 баптар)
6-тарау. Банктерге және олардың аффилиирлендірілген (57 - 59 баптар)
тұлғаларына аудит
II Бөлiм Банкiлердiң құқықтық мәртебесiн өзгерту (60 - 74-4 баптар)
және қызметiн тоқтату ерекшелiктерiнiң
шарттары
7-тарау. Банктердi ерiктi түрде қайта құру (60 - 61 баптар)
8-тарау. Банкіні консервациялау (62 - 67 баптар)
9-тарау. Банктердi тарату және ерiксiз қайта құру (68 - 74-4 баптар)
III Бөлiм Қорытынды ережелер (74-5 - 78 баптар)
9-1-тарау. Банк қызметiне байланысты құқық бұзушылық (74-5 - 74-9 баптар)
үшiн жауапкершiлiк
10-тарау. Қорытынды ережелер (75 - 78 баптар)
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II Заңымен тақырыбы өзгертілдi, кіріспе алып тасталды
I Бөлiм
Банкiлердi құрудың және олардың қызметiнiң
негiздемесi мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 1-бап өзгертiлдi
1-бап. Банк, оның мәртебесi және тұрған жерi
1. Банк - осы Заңға сәйкес банк қызметiн жүзеге асыруға құқылы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға.
2. Банктiң ресми мәртебесi заңды тұлғаны әділет органдарында (тіркеуші органдарда) (бұдан әрі - әділет органдары) банк ретiнде мемлекеттік тiркеумен және банк операцияларын жүргiзуге қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрi уәкiлеттi орган) лицензиясы болуымен белгiленедi.
3. Банкінің ресми мәртебесi жоқ бірде-бір заңды тұлға "банк" деп атала алмайды немесе өзiн банк қызметiмен айналысушы ретiнде сипаттай алмайды.
4. Банк басқармасы тұрған жер (почта бойынша мекен-жайы) банк тұрған жер деп танылады.
ҚР 06.03.97 ж. № 83-1 Заңымен 2-бап өзгертілдi; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 2-бап жаңа редакцияда; ҚР 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 2-бап өзгертілдi
2-бап. Салым (депозит)
Салым (депозит) - бір тұлға (депозитордың) басқа тұлғаға - банкке, оның iшiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне (бұдан әрi - Ұлттық Банк) аталған күйiнде қайтарылуға тиiс деген шартпен алғашқы талап ету бойынша немесе белгiлi бір мерзiм өткеннен кейiн толық немесе бөлiп-бөлiп, алдын-ала келісілген үстемесiмен немесе ондай үстемесiз, депозиторға тiкелей қайтарылуға не оның тапсыруымен үшiншi бір тұлғаға берiлуге тиiстiлiгiне қарамастан беретiн ақша.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 25.04.01 ж. № 179-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 3-бап өзгертілдi
3-бап. Қазақстан Республикасының банк жүйесi
1. Қазақстан Республикасының екi деңгейлi банк жүйесi бар.
2. Ұлттық Банк мемлекеттің орталық банкi болып табылады және ол банк жүйесiнiң жоғарғы (бірiншi) деңгейiне жатады.
Ұлттық Банкінің мiндеттерi, қызмет қағидаттары, құқықтық мәртебесi және өкiлеттiгi "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банк туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгiленедi.
Ұлттық Банк өзiнiң құзыретi шегiнде банк қызметiнiң жекелеген мәселелерi бойынша реттеудi және қадағалауды жүзеге асырады және банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс iстеуi үшiн жалпы жағдайлар жасауға жәрдемдеседi.
Банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты Ұлттық Банктiң реттеу және қадағалау функциялары Қазақстан Республикасының ақша-кредит жүйесiнiң тұрақтылығын қолдауға, банк кредиторларының, олардың салымшылары мен клиенттерiнiң мүдделерiн қорғауға бағытталған.
3. Қазақстан Республикасының заң актісімен белгіленген ерекше құқықтық мәртебесі бар Қазақстанның Даму Банкін қоспағанда, өзге банкiлердiң бәрi банк жүйесiнiң төменгi (екiншi) деңгейiне жатады.
4. алынып тасталды
5. Шетелдер қатысушы банк - акциялардың үштен бірiнен астамы:
а) Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң;
б) акцияларының (қатысушылар салымдарының) елу процентiнен астамы Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң не соларға ұқсас Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - заңды тұлғаларының иелiгiнде, меншiгiнде және/немесе басқаруында болатын Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - заңды тұлғаларының;
в) Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң не осы баптың 6 (б)-тармағында көрсетiлген заңды тұлғалардың қаражаттарына билiк етушiлер (сенім бiлдiрiлген адамдар) болып табылатын Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң иелiгiнде, меншiгiнде және/немесе басқаруында болатын екiншi деңгейдегi банк.
6. Мемлекетаралық банк - халықаралық шарт (келісім) негiзiнде құрылып, жұмыс iстеп тұрған, құрылтайшылары Қазақстан Республикасының Үкіметі (немесе ол уәкiлдiк берген мемлекеттік орган) мен сол шартқа (келісімге) қол қойған мемлекеттердiң үкiметтерi болып табылатын банк.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 4-бап өзгертілдi
4-бап. Банкiлердiң қызметiн құқықтық реттеу
Банкiлердiң қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен, Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттармен (келісімдермен), сондай-ақ өздерiнiң құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заң құжаттары мен Президентінің Заңдары негiзiнде және оларды орындау үшiн шығарылатын уәкiлеттi органның, Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық құжаттарымен реттеледi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен 5-бап өзгертілдi
5-бап. Банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым
Банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым уәкiлеттi органның және (немесе) Ұлттық Банктiң лицензиясы негiзiнде осы Заңға көзделген жекелеген банк операцияларын жүргiзуге құқылы, банк болып табылмайтын заңды тұлға.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 6-бап өзгертілдi
6-бап. Уәкiлдiк берiлмеген қызметке тыйым салу
1. уәкiлеттi органның және (немесе) Ұлттық Банктiң тиiстi лицензиясы жоқ бірде-бір адамның:
а) негiзгi немесе қосымша қызмет ретiнде банк операцияларын атқаруға;
б) негiзгi немесе қосымша қызмет ретiнде банк қызметіне аудитті жүзеге асыруға;
в) өзiнiң атауында, құжаттарда, хабарландырулар мен жарнамалық "банк" сөзiн қолдануға немесе содан туындап, ол банк операцияларын атқаратындай не банк қызметіне аудит жүргiзетiндей әсер қалдыратын сөздi (ұғымды) қолдануға құқығы жоқ. Бұл тыйым Ұлттық Банкiге, банкiлердiң филиалдары мен өкiлдiктерiне, халықаралық қаржы ұйымдарына қолданылмайды.
2. Уәкiлеттi органның және (немесе) Ұлттық Банктiң лицензиясынсыз жүзеге асырылған банк операциялары жарамсыз деп табылады.
ҚР 07.12.96 ж. № 50-1; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 7-бап өзгертілдi
7-бап. Банкiлер мен мемлекеттің жауапкершiлiгiн шектеу. Банкiлердiң тәуелсiздiгi
1. Банкiлер мемлекеттің мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, сол сияқты мемлекет те олардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, бұған осы баптың 2-тармағында көрсетiлген реттер, сондай-ақ банкiлер мен мемлекет өзiне осындай жауапкершiлiк алған жағдайлар кiрмейдi.
2. Мемлекет өзiнiң мемлекеттік банкiлердiң жарғылық капиталына салған қаражаттары шегiнде олардың мiндеттемелерi бойынша жауапты болады. Үкiмет жеке шешiммен олардың мiндеттемелерi бойынша өзiне қосымша жауапкершiлiк алып, мемлекеттік банкiлерге қосымша жауапкершiлiк жүктей алады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында тiкелей көзделгеннен басқа реттерде мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының кез келген түрде банкiлердiң қызметiне араласуына тыйым салынады.
Банк несие берушiлерiнiң мүдделерiн қорғау және Республиканың банк жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім бойынша, қолданылып жүрген банк заңдарының талаптарына сәйкес капиталының терiс мөлшерi бар банктер акционерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, оларға заңдарда белгiленген санкцияларды қолдану арқылы мәжбүрлеп шектеу туралы шешiмдер қабылдауға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 18.12.00 ж. № 128-II; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 03.06.03 ж. № 427-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.21.04. № 46-III Заңдарымен 8-бап өзгертілдi
8-бап. Банктер үшiн тыйым салынған және шектелген қызмет
1. Банктерге банк қызметiне жатпайтын не осы Заңның 30-бабының 4-тармағында көзделмеген кәсiпкерлiк қызмет ретіндегі операциялар мен мәмiлелердi жүзеге асыруға, сондай-ақ осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгiленген реттердi қоспағанда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысуға тыйым салынады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген тыйым салу мына жағдайларда:
а) банктердiң, жинақтаушы зейнетақы қорларының, зейнетақы активтерiн басқару жөніндегі компанияларының, инвестициялық қорлардың, сақтандыру ұйымдарының, лизинг берушi ұйымдардың, сондай-ақ акциялары Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын қор биржасының ең жоғары санаттағы тiзiмiне енгiзiлген заңды тұлғалардың (орналастырылған акциялардың жалпы санынан бір эмитенттiң акциялары он бес процентiнен аспайтын мөлшерде) жарғылық капиталдардағы банктердiң қатысуына;
а-1) банктердiң бір заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысуы, г) тармақшасында аталған жағдайларды қоспағанда, банктiң өз капиталының он процентiнен аспауға тиiс;
б) қаржы рыногының инфрақұрылымдық бөлiгi болып табылатын және (немесе) банк қызметiн автоматтандыруды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталына банктердiң қатысуына;
в) бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асырушы ұйымдардың жарғылық капиталына банктердiң қатысуына;
г) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына осы ұйымдардың кепiл ретiнде қабылданған акциялары (қатысу үлестерi) банктердiң оларды өткiзгенге дейiн кепiл туралы шарттарының талаптарына сәйкес банктердiң меншiгiне ауысқан реттерде банктердiң қатысуы (заңды тұлғаның жарғылық капиталына бұрын кепiлге қабылданған акциялардың банктiң меншiгiне ауысуы арқылы банктiң тiкелей қатысуы банктiң өз капиталының жиырма бес процентiнен аспауға тиiс, бұл ретте оларды өткізу мерзiмi бір жылдан аспауға тиiс);
д) алынып тасталды
е) банкроттық рәсiмдерiнде төлем қабiлетi жоқ борышкерлер мүлкi мен iстерiн басқару жөніндегі қызметке қолданылмайды;
е-1) бағалы қағаздары қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн халықаралық қаржы ұйымдарының облигацияларымен жүзеге асыратын қор биржасының ең жоғары санаттағы тiзiмiне енгiзiлген заңды тұлғалардың облигацияларымен мәмілелерді жүзеге асыру.
3. Осы баптың 2-тармағында аталған заңды тұлғалардың қызметiнен және жарғылық капиталға қатысуынан басқа банктер мынадай қызмет түрлерiмен айналысуға құқылы:
а) банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын банктер мен ұйымдардың қызметiн автоматтандыру үшiн пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудi жүзеге асыруға;
б) кез келген ақпарат тарату түрлерiнде банк қызметiнiң мәселелерi жөніндегі арнаулы әдебиеттердi сатуға;
в) өз мүлiктерiн сатуға;
г) заем алушының кепiлге берген мүлiктерiн осы Заңда және қолданылып жүрген өзге де заңдарда белгiленген тәртiппен сатуға;
д) қаржы қызметiне байланысты мәселелер жөнiнде кеңес беру қызметiн көрсетуге;
е) басқа тұлғалардың банк қызметiне байланысты мәселелер бойынша мүдделерiн, инфрақұрылымдық, сондай-ақ ипотекалық және өзге де қамтамасыз етілген облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiруге;
ж) банк-қаржы қызметi саласындағы мамандардың біліктiлiгiн көтеру жөніндегі оқуды ұйымдастыруға.
з) сақтандыру ұйымдары - Қазақстан Республикасының резиденттерi атынан сақтандыру полистерiн өткізуге (сақтандыру шарттарын жасасуға).
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) заңымен 9-бап өзгертілді
9-бап. Шындыққа сай келмейтiн жарнамаға тыйым салу
1. Банкiлерге жарнама шығарылған күнi шындыққа сай келмейтiн қызметiн жарнамалауға тыйым салынады.
2. Уәкiлеттi орган банкiден шындыққа сай келмейтiн жарнамаға өзгерістер енгізудi, оны тоқтатуды немесе терiске шығарып жариялауды талап етуге құқылы.
Бұл талап Уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде орындалмаған жағдайда Ұлттық Банк жарнамада баяндалған мәлiметтердiң шындыққа сай келмейтiндiгi туралы ақпарат жариялауға, не оларды мұндай жарнаманы жариялаған банкінің есебiнен нақтылауға құқылы.
3. Банк операцияларын жүргiзуге уәкiлеттi органның және (немесе) Ұлттық Банктiң лицензиясы жоқ заңды тұлғаларға банк операциялары санатына жататын қызметтердi жарнамалауға тыйым салынады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 10-бап өзгертілдi
10-бап. Банкiлер ассоциациялары (одақтары)
1. Өз қызметiн үйлестiру, ортақ мүдделердi қорғау және бiлдiру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзге де ортақ мiндеттердi шешу үшiн банкiлер қолданылып жүрген заңдарға сәйкес банкiлер ассоциациялары мен одақтарын құруға құқылы.
2. Банкiлер ассоциациялары (одақтары) коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.
3. Банкiлер ассоциацияларын (одақтарын) банк жүйесіндегі бәсекенi шектеу, сыйақы (мүдде) ставкаларды, несиелер мен өзге де банк қызметтерiн ұсыну шарттарын үйлестiру мақсатында қолдануға болмайды.
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1 Заңымен 10-1-баппен толықтырылды
10-1-бап. Банктер қатысатын консорциумдар және басқа да бірлестiктер
Кредит беруге және өзге мiндеттердi шешуге байланысты бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында банктер бірлескен қызметi туралы шарт негiзiнде консорциум құруға және басқа консорциумдар, қауымдастықтар жұмысына қатысуға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 29.06.98 ж. № 236-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 11-бап өзгертілдi
11-бап. Банкiлердiң еншiлес банкiлерi, филиалдары, өкiлдiктерi және есеп айырысу-касса бөлiмдерi (жинақ кассалары)
1. Банкiлер Қазақстан Республикасының аумағында да, сол сияқты оның шегiнен тыс жерлерде де өзiнiң еншiлес банкiлерiн, филиалдары мен өкiлдiктерiн ашуға құқылы.
Қазақстан Республикасында шетел банктерiнiң филиалдарын ашуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасында шетелдiң қатысуымен банктердiң филиалдарын ашу тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
2. Еншiлес банк - жарғылық капиталының елу процентiнен астамы еншi берушi банкiге тиесiлi екiншi деңгейдегi банк.
Еншiлес банкiлер дербес заңды тұлғалар болып табылады және осы Заңның 12-28-баптарында белгiленген тәртiппен құрылады.
Еншiлес банктiң басқа еншiлес банк құруға құқығы жоқ.
3. Банкiлердiң филиалдары, өкілдіктері және есеп айырысу-касса бөлімдері (жинақ кассалары) осы Заңның 29-бабында белгiленген тәртiппен құрылады, жабылады.
4. Қазақстан Республикасының резиденттерi емес банкiлердiң өкiлдiктерi Қазақстан Республикасының аумағында уәкiлеттi органның рұқсатымен ашылады.
Қазақстан Республикасының резидент банкінің өкiлдiктерi уәкiлеттi органның келісімiмен Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде ашылады.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II Заңымен 11-1 баппен толықтырылды; ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) заңымен 11-1-бап өзгертілді
11-1-бап. Банктердің еншілес ұйымдары
1. Онда банк тура (тікелей) немесе жанама түрде (басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу арқылы) дауыс беретін акциялардың елу процентінен астамын иеленетін немесе сонша акциямен (қатысу үлесімен) дауыс беру мүмкіндігі бар немесе олардың арасында жасалған шартқа сәйкес (не өзгеше түрде) осы заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді банктің айқындауға мүмкіндігі болатын заңды тұлға банктің еншілес ұйымы болып табылады.
2. Банк осы Заңның 8-бабында өзіне берілген өкілеттіктерді жүзге асыру мақсатында уәкiлеттi органның рұқсаты болса ғана еншілес ұйым құра алады немесе ұстай алады.
Рұқсат беру тәртібі мен ерекшеліктері уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
3. Рұқсат алуға берілген өтінішке мынадай құжаттарды қоса тіркеу қажет:
1) еншілес ұйымның құрылтай құжаттары, жарғының бекітілгені туралы хаттамалар;
2) еншілес ұйымның басшы қызметкерлері туралы ақпарат;
3) еншілес ұйымның ұйымдық құрылымы;
4) бизнес-жоспармен қоса, еншілес ұйым қызметінің түрі немесе түрлері туралы ақпарат;
5) аудиторлық ұйымның заңды тұлғада өткізілген аудит туралы қорытындысы және аудиторлық ұйым куәландырған қаржылық есеп;
6) уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген рұқсатты беру туралы шешім қабылдауға қажетті өзге де ақпарат немесе құжаттар.
4. Рұқсат беруден бас тартуға мыналар:
рұқсат алуға қажетті құжаттардың берілмеуі;
еншілес ұйымның басшы қызметкерлерінің (немесе басшы қызметкерлер лауазымына тағайындауға немесе сайлауға ұсынылған кандидаттардың) осы Заңның 20-бабы 3-тармағының а) және в) тармақшаларының талаптарына сай келмеуі;
еншілес ұйымдардың болжамды болу нәтижесінде шоғырландырылған негізде пруденциалдық нормативтерді және банктер сақтауға міндетті уәкiлеттi орган белгілеген басқа да нормалар мен лимиттерді банктің сақтамауы;
еншілес ұйым қызметінің немесе банк жоспарлаған инвестициялар салдарынан банктің қаржылық жағдайының болжамды нашарлауы және (немесе) банк салымшыларының мүдделеріне нұқсан келтірілуі негіздемелер болып табылады.
5. Уәкiлеттi орган өтініш берілгеннен кейін үш ай ішінде рұқсат беруге немесе рұқсат беруден бас тартуға міндетті.
Рұқсат беруден бас тартқан жағдайда уәкiлеттi орган бас тартудың негіздемелері туралы өтініш иесіне жазбаша хабарлауға міндетті.
6. Банктің еншілес ұйымы құрылтай құжаттарына енгізілген барлық өзгерістер мен толықтырулар туралы уәкiлеттi органға хабарлап отыруға міндетті.
7. Уәкiлеттi органның рұқсатын алмаған жағдайда банк еншілес ұйымның өзіне тиесілі акцияларын (қатысу үлестерін) үш ай мерзім ішінде осы банкпен ерекше қарым-қатынасы жоқ тұлғаларға беруге не еншілес ұйым қабылдайтын шешімдерді айқындау мүмкіндігінен бас тартып, оны растайтын құжаттарды уәкiлеттi органға табыс етуге міндетті.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) заңымен 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда
2-тарау. Банктi құру және оның жарғылық капиталына қатысу
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 12-бап өзгертілдi; ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) заңымен 12-бап алынып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 13-бап жаңа редакцияда; ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) заңымен 13-бап өзгертілді
13-бап. Уәкiлеттi органның банк ашуға рұқсат беруi
1. Банк ашуға рұқсат беру тәртібі мен оған рұқсат беруден бас тарту негiздерi банк заңдарында белгiленедi.
2. Банк ашуға берiлген рұқсаттың банк операцияларын жүргiзуге банкке лицензия беру туралы уәкiлеттi орган шешiм қабылдағанға дейiн заңды күшi болады.
Банк ашуға берiлген рұқсатты уәкiлеттi орган керi қайтарып ала алады.
3. Банк операцияларын жүргiзуге лицензия берiлген жағдайда немесе банктiң қызметiн тоқтату туралы сот шешiм қабылдаған жағдайда, сондай-ақ осы Заңның 49-бабының 2-тармағында көзделген негiздер бойынша рұқсат керi қайтарып алынған жағдайда банк ашуға берiлген рұқсатты банк уәкiлеттi органға қайтаруға тиiс.
4. Банк өзiне банк ашуға берiлген рұқсатты ерiктi түрде қайтаруға және заңда белгiленген тәртiппен қайта тiркелуге құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 14-бап өзгертiлдi
14-бап. Банкінің құрылтай құжаттары
1. Банк Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында заңды тұлғалар үшiн белгiленген тәртiппен, банк заңдарында белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып құрылады.
2. Банк құру жөніндегі құрылтай шартында, қолданылып жүрген заңдарда көзделген мәлiметтерден басқа, мiндеттi түрде:
толық атауы мен олардың әрқайсысының тұрған жерiн қоса құрылтайшылар туралы мәлiметтер, сондай-ақ олардың мемлекеттік тiркеуден өткендiгi жөніндегі деректер (заңды тұлғалар үшiн), аты-жөнi, азаматтығы, тұрғылықты жерi мен жеке өзiн (жеке адамдар үшiн) куәландыратын құжат деректерi;
акциялардың саны, санаттары мен орналастыру бағалары туралы мәлiметтер көрсетiлуге тиiс.
3. Банк жарғысында, қолданылып жүрген заңдарда көзделген мәлiметтерден басқа, мiндеттi түрде:
банкінің толық және қысқартылған атауы;
банк қорларын (резервтік капиталын) құру түрлерi мен тәртібі туралы мәлiметтер;
банк органдарының шешiм қабылдау тәртібі.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 15-бап өзгертiлдi
15-бап. Банктiң ұйымдық-құқықтық нысаны және атауы
1. Банктер акционерлік қоғамдар нысанында құрылады.
1-1. Банк өз жарғысында жазылған атауды өзiнiң атауы ретiнде пайдаланады.
Банктiң атауында "банк" деген сөз немесе одан туындаған сөз болуға тиiс.
2. Ұлттық Банкiден басқа банкiлердiң бәрiне өзiнiң атауында кез келген тiлде толық және қысқарған түрiнде "ұлттық", "орталық" деген сөздердi қолдануға тыйым салынады.
3. Банктердiң бәрiне өзiнiң атауында кез келген тiлде толық және қысқарған түрiнде "мемлекеттік" деген сөздi қолдануға тыйым салынады.
4. Бұрын құрылған банкiлердiң, еншiлес банктердi қоспағанда соның iшiнде Қазақстан Республикасының резиденттерi емес банкiлердiң атауымен бірдей немесе орнын ауыстырған дәрежеде ұқсас таңбаларды атау ретiнде қолдануға жол берiлмейдi.
Еншiлес банктер өзiнiң атауына негiзгi банктердiң атауын пайдалануға мiндеттi.
ҚР 07.12.96 ж. № 50-1; 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 № 282-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 16-бап өзгертiлдi
16-бап. Банктiң жарғылық және меншiк капиталы
1. Банктің жарғылық капиталы акцияларды сату не құрылтайшылардың жарналары есебінен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетiледi және қалыптастырылады.
2. Банкінің құрылтайшылары мен акционерлерi сатып алынатын акцияларға ақшамен ғана төлем жасауға құқылы.
3. Банктiң құрылтайшылары және акционерлерi - заңды тұлғалар акцияларға орналастырылған активтердi және басқа тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесiн шегере отырып, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінiң талаптарына сәйкес есептелген өз капиталы шегiнде банк акцияларын сатып алады.
Банктің құрылтайшылары мен қатысушылары - жеке тұлғалар жарғылық капиталға ақша қосуға, салық заңдарының табыстары мен мүлік туралы декларация беру бөлігінде белгіленген талаптарын ескере отырып, банк акцияларын төлеуге құқылы.