2. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясы сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілеттi мемлекеттік органның құрылымдық бөлiмшесi болып табылады және республикалық органнан және оның облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық құрылымдық бөлімшелерiнен тұрады.
Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясы өз қызметiн, осы баптың 1-тармағында аталған объектілердi қоспағанда, құрылыстардың сметасына енгiзiлетiн қаражат есебiнен жүзеге асырады. Бұл қаражаттың пайдаланылуын сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.
3. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясына:
1) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге (құрылыстың басталуына) рұқсат беру (рұқсат беруден негiздi бас тарту) және өтпелi құрылыстар бойынша жыл сайын олардың мерзiмiн ұзартып отыру;
2) салынып жатқан (салынбақшы болып белгiленген) объектiлердiң мониторингi және Қазақстан Республикасының аумағында салынып (реконструкцияланып, кеңейтiлiп, жаңғыртылып, күрделi жөндеуден өткізiлiп) жатқан объектiлер мен кешендердiң барысына және сапасына мемлекеттiк бақылау жасау;
3) заңдарда белгiленген тәртiппен құрылыс объектiлерiн пайдалануға қабылдау жөніндегi комиссияның жұмысына қатысу;
4) жойылмайтын жолсыздықтарға жол берген не жол берiлген жолсыздықтарды белгiленген нормативтiк мерзiмде жоймаған заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты заңдарда белгiленген шараларды қолдану жүктеледi.
4. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясына:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнен Қазақстан Республикасының аумағында салынуы белгiленген және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделi жөндеуден өткiзiлiп) жатқан объектiлер мен кешендер туралы ақпарат сұрау және алу;
2) тапсырысшылардан танысу үшiн осы құрылыс жөнiндегi қажеттi жобалау және атқару құжаттамасын, сондай-ақ тиiстi жобалардың сараптама қорытындысын сұрау және алу;
3) салынып (реконструкцияланып, кеңейтiлiп, жаңғыртылып, күрделi жөндеуден өткізiлiп) жатқан объектiлер мен кешендерге кедергiсiз бару және оларда жүргiзiлiп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына оралымды инспекциялық тексеріс жүргізу құқығы берiледi.
5. Мемлекеттiк нормативтердi бұзуға және (немесе) бекiтiлген жобалардан (жобалық шешiмдерден) ауытқуға жол берiлгендiгi анықталған жағдайда мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясы:
1) мемлекеттiк стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтiн құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкциялары мен жабдықтарын қолдануға тыйым салу туралы;
2) жол берiлген бұзушылықтарды тапсырысшының (құрылыс салушының) және (немесе) мердiгерлiк құрылыс-монтаж ұйымының (кәсiпорнының) белгiленген мерзiмде жоюы туралы;
3) құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру туралы шешiм қабылдай (нұсқама бере) алады.
6. Салынып жатқан (салынбақшы болып белгiленген) объектiлерге мониторинг енгiзу және құрылыстың барысы мен сапасына мемлекеттiк бақылау жасау тәртiбiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
7. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясының басшысы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк құрылыс инспекторы болып табылады.
Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясының аумақтық бөлімшелерiнiң басшылары тиiстi облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың бас мемлекеттiк құрылыс инспекторы болып табылады.
34-бап. Авторлық қадағалау
1. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеушiлердiң авторлық қадағалауы:
1) осы Заңның 68-бабына сәйкес мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдайтын объектiлер құрылысы кезiнде;
2) объектiнi жобалауды, инвестициялауды және оның құрылысын жүргiзушi ұйымның өкiмдiк құжатына (бұйрығына) сәйкес;
3) осы Заңның 15-бабы мен "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
Авторлық қадағалаудың мiндеттiлiгi сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарда көзделгеннен өзге жағдайларда да белгiленуi мүмкiн.
2. Мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдауға жататын объектiлердiң құрылысы барысында жүргiзiлетiн авторлық қадағалау шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
Мұндай жағдайларда авторлық қадағалау объект құрылысының (реконструкциялау, қалпына келтiру, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу) не аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қоюдың бүкiл кезеңi iшiнде жүзеге асырылуға тиiс.
3. Авторлық қадағалауды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбi сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн мемлекеттiк нормативтiк құжаттармен белгiленедi.
35-бап. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құрылыс инспекторлары;
2) облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мемлекеттiк құрылыс инспекторлары;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен жергiлiктi басқару органдарының мемлекеттiк қабылдау және жұмыс комиссиялары жұмыс iстеген кезде сол комиссиялардың құрамына енгізілген штаттағы қызметкерлері;
4) комиссиялардың (топтардың) жұмысы кезiнде мемлекеттiк қабылдау (жұмыс) комиссияларына не сараптама топтарына енгiзiлген өзге де заңды тұлғалардың уәкiлеттi өкiлдерi жатады.
2. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттiк құрылыс инспекторлары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен аттестатталуға тиiс.
3. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдардың мiндеттерiне:
1) Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi жол берген мемлекеттiк нормативтер мен талаптардың (ережелердiң, шектеулердiң) бұзылу себептерiн анықтау және оларға талдау жасау;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi жол берген мемлекеттiк нормативтер мен талаптардың (ережелердiң, шектеулердiң) бұзылуын, сондай-ақ олардың зардаптарын жоюға бағытталған әсер ету шараларын өз өкiлеттiктерiне сәйкес қолдану;
3) мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асырудың нысандары мен әдiстерiн жетiлдiру жөніндегi iс-шараларды әзiрлеу кiредi.
4. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тиiстi сәулет-құрылыс бақылауы органдарының өкілеттiктерi шегiнде белгiленедi.
36-бап. Сәулет-құрылыс бақылауы органдарының нұсқамалары
1. Анықталған жолсыздықтарға не мемлекеттiк нормативтерде көзделген талаптардан (ережелерден, шектеулерден), өзге де мiндеттi талаптардан ауытқушылықтарға (сәйкес келмеушiлiкке) байланысты сәулет-құрылыс бақылауы органдары (не мемлекеттiк инспекторлар) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерiне (субъектiлердiң атынан өкiлдiк ететiн жауапты адамдарға) нұсқама бере алады.
2. Нұсқамаларға қол қою құқығы, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға ғана берiледi.
3. Сәулет-құрылыс бақылауы органдары (не мемлекеттiк инспекторлар) заңдарға сәйкес берген нұсқамалар Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi.
2-бөлім. Сәулет және қала құрылысы
7-тарау. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры
37-бап. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының нысанасы мен мақсаты
1. Мемлекеттiк қала құрылысының кадастры Қазақстан Республикасы кадастрларының мемлекеттiк ақпараттық-құқықтық жүйесiне кiредi және жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң бұрынғы және осы кездегi нақты, заңдық және құндық жай-күйi туралы, сондай-ақ аумақтар мен елдi мекендердi дамыту мен құрылысын салудың қала құрылысын жоспарлау туралы мәлiметтердi, аумақтар мен объектiлердiң тиiстi функционалдық аймақтарға тиесiлiлiгi, олардың қазiргi және болашақтағы мақсаттары, экологиялық, инженерлiк- геологиялық, гидрогеологиялық, геотехникалық және сейсмикалық жағдайлары, инженерлiк қамтамасыз етiлуi туралы деректердi қамтиды.
2. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының деректерi:
1) қала құрылысы мен сәулет-құрылыс құжаттамасын әзiрлеу және iске асыру;
2) жылжымайтын мүлiк объектiлерiн дамыту және өзгерту;
3) жылжымайтын мүлiкпен мәмiлелер жасауды, оны тiркеудi жүзеге асыру;
4) инвестициялық қызметтi бағалау;
5) қала құрылысы және сәулет-жоспарлау тапсырмаларын, құрылысқа (жұмыс жүргiзудi бастауға) және объектiлердi кейiннен кәдеге жаратуға рұқсат беру;
6) сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру, қоршаған ортаны қорғау кезiнде пайдаланылуға тиiс.
3. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры жерге және басқа да жылжымайтын мүлiкке салынатын салық мөлшерiн белгiлеу, жылжымайтын мүлiк айналымын пайдалануды құқықтық реттеу, елдi мекендердiң аумақтарын ұтымды пайдалануға бақылау жасау, қала құрылысы регламенттерiн сақтау және жобаларды iске асыруды талдау үшiн пайдаланылады.
4. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры мынадай аумақтық деңгейлер бойынша:
1) республикалық;
2) облыстық, республикалық маңызы бар қалалық;
3) базалық (аудандық, облыстық бағыныстағы қалалық) болып бөлінедi.
38-бап. Республикалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастры
1. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қала құрылысы кадастрының мемлекеттiк тапсырысшысы Қазақстан Республикасының Үкiметi болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң республикалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органы сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган болып табылады.
3. Республикалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының ақпараттық негiзi облыстық және базалық деңгейлердегi қала құрылысы кадастрлары болып табылады.
39-бап. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) және базалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастры
1. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының тапсырысшылары облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) әкiмдерi болып табылады. Облыстық (астаналық, республикалық маңызы бар қалалық) деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу жөніндегi облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) әкiмдерiнiң уәкiлеттi мемлекеттiк органы облыстық (астаналық, республикалық маңызы бар қалалық) сәулет және қала құрылысы органы болып табылады.
2. Облыстық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының ақпараттық негiзi базалық деңгейдегi қала құрылысы кадастрлары болып табылады.
3. Базалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының тапсырысшылары жергілікті атқарушы органдар болып табылады.
Базалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың уәкілетті органы тиісті жергілікті сәулет және қала құрылысы органы (қызметi) болып табылады.
40-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерi мен мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының мониторингi
1. Мемлекеттiк қала құрылысының кадастры Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерi жөніндегi ақпаратты жинаудың, өңдеудiң, есепке алудың, тiркеудiң, сақтау мен табыс етудiң Қазақстан Республикасы үшiн бiрыңғай жүйесi бойынша жүргiзiледi.
2. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры үшiн:
1) орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, жергiлiктi сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық органдары, мемлекеттiк мүлiк пен жекешелендiрудi, статистиканы, жер ресурстарын, геодезия және картографияны, сәулет-құрылыс бақылауын аумақтық басқару органдары;
2) жылжымайтын мүлiктi тiркеу техникалық түгендеу және бағалау қызметтерi;
3) санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғау қызметтерi;
4) тарихи және мәдени мұраның пайдаланылуына бақылау жасау қызметтерi;
5) жердiң, судың және басқа да салалық кадастрлардың, тiркелiмдердiң деректерi, өзге де деректер банктерi бастапқы ақпарат (мәлiмет) көздерi болып табылады.
8-тарау. Аумақтарды дамытудың және
оларға құрылыс салудың қала
құрылысын жоспарлау
41-бап. Қала құрылысы регламенттерi
1. Аумақтар мен жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың қала құрылысы регламенттерi, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргiзген кезде олардың жай-күйiне енгiзiлген кез келген өзгерiстер белгiленген мерзiм шегiнде қолданылып жүрген артықшылықтар берудiң, тыйым салулардың, шектеулер мен өзге де режимдердiң үлгiлерiмен, түрлерiмен және параметрлерiмен сипатталады.
Регламенттердiң көздерi заңдарда белгіленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы болып табылады.
2. Мемлекеттiк қала құрылысы регламенттерiнiң сыныптағышы мен олардың көрсеткiштерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық және жергiлiктi деңгейлерде белгiленедi.
3. Мемлекеттiк қала құрылысының кадастрын жүргiзуге арналған қала құрылысы регламенттерiнiң жүйесi олардың мынадай үлгiлерiн:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру кезiнде аумақ пен соған байланысты жылжымайтын мүлiктi функционалдық пайдалануды белгілеуді және (немесе) өзгертуді;
2) аумақ пен елдi мекендердi дамытудың және жайғастырудың (құрылыс салудың) интенсивтiлiгiн;
3) аумақ пен елдi мекендердi дамытудың және жайғастырудың (құрылыс салудың) балансын қамтамасыз етудi;
4) аумақ пен елдi мекендердi жайғастырудың (құрылыс салудың) қоршаған ортаға әсер етуiн қамтуға тиiс.
4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру кезiнде аумақ пен соған байланысты жылжымайтын мүлiктердi функционалдық пайдалануды белгiлеу және (немесе) өзгерту мемлекеттiк регламенттердiң мынадай түрлерi:
1) аумақты функционалдық белгiлеу және (немесе) өзгерту;
2) жаңадан салынып жатқан және реконструкцияланатын үйлер мен ғимараттарды функционалдық белгiлеу;
3) бар үйлер мен ғимараттарды функционалдық пайдалануды өзгерту арқылы iске асырылады.
5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру нәтижесiнде аумақтар мен елдi мекендердi дамыту және жайғастыру (құрылыс салу) қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi:
1) игерiлетiн аумақтардың ауқымдары;
2) осы аумақ үшiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң жекелеген түрлерiне тыйым салу, рұқсат беру мен шектеулер;
3) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi нәтижесiнде аумаққа түсетiн ауыртпалықтар;
4) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi нәтижесiнде аумақты немесе жылжымайтын мүлiк объектiлерiн дамыту мен өзгерту режимдерi;
5) елдi мекеннiң немесе оның бөлiгiнiң жоспарлы құрылымы мен сәулет келбетiн қалыптастыру;
6) елдi мекеннiң немесе оның бөлiгiнiң әлеуметтiк, рекреациялық, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарын қалыптастыру (жетiлдiру) арқылы көрiнiс табуға тиiс.
6. Аумақты және елдi мекендi дамыту балансы қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi:
1) аумақтар мен объектiлердi дамытудың ресурстық жағдайлары;
2) аумақтар мен елдi мекендердiң ортаға байланысты жағдайлары;
3) халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етудiң инженерлiк жағдайлары арқылы қамтамасыз етiлуге тиiс.
7. Аумақтар мен елдi мекендердi жайғастырудың (құрылыс салудың) қоршаған ортаға тигiзетiн әсерi қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi:
1) экологиялық және санитариялық осал объектiлердi орналастыру;
2) техногендiк қауiп төндіретiн объектiлердi орналастыру;
3) қауiптi табиғи құбылыстар көздерiне қатысты адам мекендейтiн ортаны орналастыру;
4) санитариялық, өртке қарсы және өзге де мiндеттi талаптар;
5) инженерлiк және көлiк жағдайлары арқылы бақыланады.
8. Қала құрылысы регламенттерiнiң мәлiметтерi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрына енгiзiлуге тиiс.
42-бап. Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасы
1. Аумақты ұйымдастыру және оның кеңiстiгiне өндiргiш күштердi орналастыру Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасында қабылданған шешiмдерге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасы:
1) стратегиялық және экономикалық жоспарлаудың ережелерiне сәйкес өндіргiш күштердi жайғастыру мен орналастырудың негiзгi принциптерiн;
2) табиғатты ұтымды пайдаланудың және республикалық маңызы бар шаруашылық қызметтiң, өндiрiстiк, көлік, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамытудың негiзгi ережелерiн;
3) аймақтардағы экологиялық жағдайды жақсарту, тарихи және мәдени мұра объектiлерi және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектiлерi бар аумақтарды сақтау жөнiндегi негiзгi шараларды;
4) ерекше қорғалатын аумақтарды, табиғи және техногендiк сипаттағы құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен зақымданған пайдалы қазбалар жатқан аумақтарды немесе сәулет-қала құрылысы қызметiн жүзеге асыру үшiн қысыл-таяң табиғи-климаттық жағдайларды пайдалану жөнiндегi пайдалану немесе шектеу түрлерiн қамтиды.
3. Бас схема:
1) өндiргiш күштердi жайғастыру және орналастыру жүйесiн мемлекеттiк реттеудi қамтамасыз етедi;
2) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысын ескере отырып, аумақтарды пайдаланудың мәртебесiн, мақсаты мен сипатын белгiлейдi;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру арқылы әлеуметтiк-экономикалық және шаруашылық даму бағдарламалары жөніндегi аймақаралық және салааралық мемлекеттiк мүдделердi үйлестiредi.
4. Бас схеманың негiзгi ережелерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
5. Бас схеманы әзiрлеу және келiсу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
43-бап. Аумақты дамытудың аймақаралық схемалары
1. Аумақты дамытудың аймақаралық схемалары Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына сәйкес әзiрленедi, екi және одан көп облыстардың (не олардың бөліктерiнiң) аумақтарындағы өзара келісілген (топтастырылған) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi, сондай-ақ әкiмшiлiк-аумақтық бөліністердің шекараларын есепке алмай, әлеуметтiк-экономикалық немесе экологиялық аудандар үшiн қызмет етедi және:
1) жоспарланатын аумақты аймақтарға бөлудi;
2) аумақты қала құрылысына игеру мен дамытуды;
3) аймақтық және аймақаралық маңызы бар өндiргiш күштердi, өндірiстiк, көлiк, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды жайғастыру мен орналастыру жүйесiн кешендi дамыту жөніндегi шараларды;
4) табиғатты ұтымды пайдалану, ресурстармен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi шараларды анықтайды.
2. Аумақты дамытудың аймақаралық схемалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлескен тапсырысы бойынша әзiрленедi.
3. Аумақты дамытудың аймақаралық схемасын әзiрлеу және келiсу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Аймақаралық схеманы және оны iске асыру жөнiндегi шараларды Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
4. Тараптар бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде әзiрленген және мүдделi тараптар бекiткен аумақтық дамудың мемлекетаралық схемалары Қазақстан Республикасы мен шектес шет мемлекеттер аймақтарының аумақтарында өзара келiсiлген (үйлестiрiлген) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi үшiн негiз болып табылады.
Аймақты дамытудың мемлекетаралық схемаларын әзiрлеудi, келiсудi және бекiтудi, сондай-ақ оларды iске асыруды қатысушы мемлекеттер тарапынан қолдау жөнiнде шаралар қолдану тәртiбi халықаралық шарттарға сәйкес белгiленедi.
44-бап. Аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары
1. Жекелеген аймақтардың (облыстың немесе оның қандай да бiр бөлiгiнiң) аумақтарын ұйымдастыру (игеру, жайғастыру, құрылыс салу) аумақтың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасы негiзiнде жүзеге асырылады.
Кешендi схемалар Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына және тиiстi аумақтық дамудың аймақаралық схемасына сәйкес әзiрленедi.
2. Аумақтың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары мемлекеттiк қала құрылысы саясатының мақсаттарын сол аймақтың аумағындағы әлеуметтiк-экономикалық, өндірiстiк-шаруашылық және табиғи-климаттық жағдайларды, оны аймақтарға бөлуді ескере отырып айқындайды, сондай-ақ:
1) жайластыру жүйелерiн жетiлдiрудiң;
2) елдi мекендердi, өндірiстiк, көлік, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамытудың;
3) аумақтарды табиғи және антропогендiк, техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғаудың;
4) қала құрылысы құралдарымен және әдiстерiмен экологиялық жағдайды жақсартудың;
5) тарихи және мәдени мұраны және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектiлердi сақтаудың негiзгi бағыттарын белгiлейдi.
Аумақтарды пайдалануға қойылатын шектеулердi ескере отырып, аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу және оларды пайдаланудың интенсивтiлiгi анықталады.
3. Кешендi схемаларда осы аймақтағы елдi мекендердiң, қала маңы аймақтарының шекараларын белгiлеу, резервтiк аумақтарды қоса алғанда, аумақты кешендi дамыту үшiн ресурстармен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар болуға тиiс.
4. Аймақтар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу мен келiсу тәртiбiн және оларды iске асыру жөнiндегi шараларды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
5. Аймақтар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын бекiту осы заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
45-бап. Елдi мекендердiң аумақтары
1. Қалалық және селолық елдi мекендердiң кеңiстiк негiзiн жер бетiндегi және (немесе) су бетiндегi белгiленген шекаралар (елдi мекендер шегi) шегiндегi аумақ құрайды.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, елдi мекеннiң шекаралары (шегi) шегiндегi жер асты және әуе кеңiстiгi жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағында болады.
3. Елдi мекендердiң аумақтарын пайдаланудың режимi мен тәртiбi бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасында белгiленген аймақтарға бөлуге сәйкес белгiленедi.
46-бап. Елдi мекендердiң шекарасы (шегi)
1. Елдi мекеннiң шекарасы (шегi) оның аумағын (қала құрылысы кеңiстiгiн) айқындайды және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен бекiтiлген осы елдi мекеннiң бас жоспары негiзiнде белгiленедi (өзгертiледi).
2. Елдi мекендер шекаралары (шектерi) жобаларының құрамы, мазмұны мен әзiрлену тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлерге, мемлекеттiк нормативтерге, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның өзге де құжаттарына сәйкес белгiленедi.
3. Аса iрi, iрi және үлкен қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары аймақтың қала құрылысын жобалаудың кешендi схемалары құрамында әзiрленуi мүмкiн.
Республикалық маңызы бар қалалар, сондай-ақ халқының саны жүз мың тұрғыннан асатын өзге де қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiледi.
4. Орта және шағын қалалар, қала үлгiсiндегi кенттер, сондай-ақ селолық елдi мекендер шекараларының (шектерiнiң) жобалары аталған елдi мекендердiң бас жоспарлары құрамында әзiрленуi және келiсiлуi мүмкiн.
47-бап. Елдi мекендердiң бас жоспарлары
1. Елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.