2. Тапсырысшы (меншiк иесi) қабылдайтын шешiммен мыналардың жобалары бойынша сараптама жүргiзiлмеуi мүмкiн:
1) жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес лицензиясы бар адамдар орындаған жеке тұрғын үйлер. Бұл ереже сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалау шешiмдерi мен iс-шараларды талап ететiн өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аудандардағы (аймақтардағы) жеке тұрғын үй құрылысына қолданылмайды;
2) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстар, тұрғын және тұрмыстық үй-жайлар;
3) жеке үй жанындағы учаскелердiң аумағындағы, сондай-ақ бау-бақша серiктестiктерiнiң (қоғамдарының) учаскелерiндегi шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар;
4) жұмыс iстеп тұрған инженерлiк тораптарды өзгертудi қажет етпейтiн үй жанындағы және саяжай учаскелерiн абаттандыру;
5) контейнердi және блоктарды пайдаланып жасалатын ықшам кешендер, сондай-ақ құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылған және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтермен келiсудi керек етпейтiн сауда, қоғамдық тамақтандыру және тұрмыстық қызмет көрсету кәсiпорындарына арналған бiр қабатты үйлер (ғимараттар);
6) саны елуден аспайтын автомашинасы бар ашық үлгiдегi автотұрақтар, сондай-ақ екеуден аспайтын автомашинаға арналған бокстерi бар көлікжайлар;
7) бар үйлерде жүзеге асырылатын және тiреу конструкцияларын өзгертудi қажет етпейтiн өндірiстiк емес мақсаттағы үй-жайларды қайта жоспарлау (қайта жабдықтау);
8) инженерлiк тораптарды электр коррозиясынан қорғау;
9) желiлi инженерлiк тораптар мен оларға арналған құрылыстарға олардың жағдайын, салыну белгiлерiн, трубалардың диаметрiн өзгертудi қажет етпейтiн күрделi жөндеу жүргiзу;
10) шағын сәулеттiк нысандар және аумақтардың қоршаулары;
11) үйлердiң (ғимараттардың) маңындағы ашық спорт алаңдары, тротуарлар, төселген тастар;
12) технологиялық ресурстары таусылған және кәсiпорынды (цехты) реконструкциялауды немесе қайта бейiндеудi қажет етпейтiн бiрлi-жарым технологиялық немесе инженерлiк жабдықтарды жөндеу және ауыстыру.
3. Жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарының (қызметтерiнiң) келiсiмiмен тапсырысшы:
1) лицензиясы бар адамдар орындаған және қосымша жер учаскесiн (аумақ телiмiн) бөлiп берудi талап етпейтiн, конструкциялардың есептiк берiктiгiн төмендетпейтiн, сәулет-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаны нашарлатпайтын, пайдалану кезiнде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн, тұрғын ғимараттардағы (үйлердегi) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды реконструкциялау (қайта жобалау, қайта жабдықтау);
2) азаматтардың жеке пайдалануына арналған техникалық жағынан күрделi емес басқа да құрылыстар жобаларын сараптамаға ұсынбауға да құқылы.
4. Мемлекеттiк сараптаманың ерекше құзыретiне инвестициялардың негiздемелерiне, техникалық-экономикалық негiздемелер мен есептерге және:
1) мемлекеттiк инвестициялар есебiнен немесе олардың қатысуымен тұрғызылған, сондай-ақ мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз тұрғызылған, бiрақ заңда белгiленген тәртiппен өнiм шығару немесе көрсетiлетiн қызметтер көлемiндегi мемлекеттiк меншiк үлесi көзделетiн;
2) санитариялық, экологиялық, өрт және жарылыс қауiпсiздiгi, еңбектi қорғау конструкциялардың сенiмдiлiгi, ықтимал қауiптi және техникалық жағынан күрделi объектiлердiң жұмыс iстеуiнiң тұрақтылығы жөнiндегi мемлекеттiк нормативтiк талаптарға сәйкестiгi бөлігiнде, құрылысты қаржыландыру көздерiне қарамастан, объектiлердiң (кешендердiң) құрылысына арналған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасына сараптама жасау жатады.
Мемлекеттiк сараптамаға құрылыстың iрi және күрделi объектiлерi немесе салыну ұзақтығы алты айдан асатын объектiлер бойынша мердiгерлiк жұмыстарды (қызмет көрсетулердi) мемлекеттiк сатып алу ісiн жүргiзуге арналған конкурстық (тендерлiк) құжаттама да жатады.
Құрылысы тапсырысшының өз қаражаты (тартылған қаражаттарды, шетелдiк инвесторлардың қаражаттарын қоса алғанда) есебiнен жүзеге асырылатын объектiлер бойынша, ықтимал қауiптi және техникалық жағынан күрделi объектiлердi қоспағанда, жобалау алдындағы құжаттамаға мемлекеттiк сараптама жүргiзу туралы шешiмдi тапсырысшы (инвестор) қабылдайды.
5. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың аумақтарындағы жобаларға мемлекеттiк сараптаманы Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлейтiн лимиттiлiкке сәйкес тиiстi аумақтық мемлекеттiк сараптама бөлiмшелерi жүргiзедi.
6. Мемлекеттiк сараптамаға:
1) жүргiзілген сараптама нәтижелерi бойынша жобаларды бекiтуге ұсыну, қабылдамай тастау немесе пысықтауға қайтару;
2) тапсырысшы тұжырымдарда айтылған жағдайларды (талаптарды) орындамаған жағдайда бұрын берiлген оң қорытындыны керi қайтарып алу;
3) қаралып отырған жобаның тапсырысшыларынан мемлекеттiк органдар мен заңды тұлғалар, сондай-ақ жобаны әзiрлеушi - жекелеген мамандар арқылы сараптаманы сапалы жүргiзуге қажеттi материалдар мен ақпараттарды заңдарда белгiленген тәртiппен сұрату және алу;
4) белгiленген тәртiппен сараптама комиссияларын құру не сараптамаға қатыстыру үшiн мамандар тарту құқығы берiледi.
7. Мемлекеттiк сараптаманың оң қорытындылары:
1) құрылыстың жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын бекiту;
2) осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда конкурстық (тендерлiк) құжаттаманы бекiту;
3) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге (құрылыстың басталуына) рұқсат беру үшiн негiз болып табылады.
Мемлекеттiк инвестициялардың есебiнен немесе олардың қатысуымен салынып жатқан объектiлер жөнiндегi мемлекеттiк сараптаманың оң қорытындысы болмайынша, жобалау құжаттамасын бекiтуге және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге (құрылыстың басталуына) рұқсат етуге жол берiлмейдi, бұған осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайлар қосылмайды.
8. Мiндеттi түрде сараптамаға жататын, бiрақ белгiленген тәртiппен одан өтпеген жобалар аяқталмаған деп саналады және iске асырылмауға тиiс.
9. Мемлекеттiк сараптама, сондай-ақ сарапшылар (тиiстi лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар), егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, қаралатын жобалар жөнiндегi құпиялылықты сақтауға және коммерциялық құпияны қамтамасыз етуге мiндеттi.
10. Мемлекеттiк сараптама және сарапшылар инвестициялардың тиiмдiлiгiн талдау, бағалау және жобалардың сапасы жөнiндегi өз қызметінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектiлерiне тәуелсiз. Билiктiң өкiлдi және атқарушы органдары мен мемлекеттiк уәкiлеттi органның сараптаманың кәсiби қызметiне араласуға құқығы жоқ.
11. Жеке және заңды тұлғалар орындайтын жобалар сараптамасы шығыны қаралып отырған жобаның құнына жатқызыла отырып, шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
Жобаларға мемлекеттiк сараптама жүргiзудiң тарифтерi Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын тәртiппен белгiленедi.
12. Мемлекетаралық сараптама жүргiзу тәртiбi халықаралық шартқа сәйкес белгiленедi.
3-бөлiм. Құрылыс
10-тарау. Құрылыс процесін мемлекеттік реттеу
65-бап. Тапсырысшылар мен мердiгерлер
1. Құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарға байланысты мемлекеттiк сатып алуға жатпайтын (құрылысқа арналған жобалау, iздену, сараптау, зерттеу жұмыстарын, тапсырыс бойынша құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiрудi қоса алғанда) қатынастардың негiзгi қатысушылары жобаның (бағдарламаның) тапсырысшы-инвесторы не оның уәкiлдiк берген адамы мен мердiгер (бас мердiгер) болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, отандық және шетелдiк заңды тұлғалар құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстардың тапсырысшылары бола алады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiнiң тиiстi түрлерiн жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар (бiрлескен кәсiпорындарды қоса алғанда) құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарды орындайтын мердiгерлер бола алады. Бұл орайда бiрлескен кәсiпорындардың жарғылық капиталындағы шетелдiктердiң қатысу үлесi қырық тоғыз проценттен аспауға тиiс.
66-бап. Мердiгер таңдау
1. Тапсырысшының (инвестордың не оның уәкiлдiк берген адамының) мемлекеттiк сатып алуға жатпайтын мердiгерлiк жұмыстарды орындау үшiн мердiгер таңдауы:
1) егер бұл жоба (бағдарлама) үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, конкурс өткiзiлмей;
2) жабық немесе ашық конкурстың (тендердiң) нәтижелерi бойынша;
3) конкурсқа (тендерге) қатысуға үмiткерлердiң алдын ала бiлiктiлiгi арқылы немесе онсыз жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Мердiгерлiк жұмыстарға конкурстардың (тендерлердiң) негiзгi қатысушылары:
1) тапсырысшы не оның тапсырысшы өкiлеттiктерi негiзiнде жұмыс iстейтiн уәкiлдiк берген адамы арқылы конкурстарды (тендерлердi) ұйымдастырушы (өткiзушi);
2) конкурстың қазылар алқасы (тендер комиссиясы) - конкурсты (тендердi) ұйымдастырушының (өткiзушiнiң) тұрақты немесе уақытша алқалық жұмыс органы;
3) үмiткерлер - ұйымдастырушыға (өткiзушiге) ашық конкурсқа қатысу ниетi туралы өтiнiм берiп, ресми түрде өтiнiш жасаған, конкурсқа (тендерге) қатысуға жiберiлген тұлғалар, сондай-ақ жабық конкурсқа (тендерге) қатысуға шақыру алған тұлғалар.
3. Мердiгер таңдау жөнінде конкурс (тендер) өткiзу туралы шешiм қабылдаған кезде, сондай-ақ жобаны (бағдарламаны) iске асырудың басында тапсырысшының:
1) құрылыс үшiн қажеттi қаржыландыру көздерi немесе жобаны (бағдарламаны) iске асыру үшiн керек етiлетiн уақыт кезеңiнде қажеттi сомаға билiк ету құқығы болуға тиiс. Бұл ереже құрылысты мердiгердiң қаржыландыруы жөнiндегi талап конкурс (тендер) ережелерiне енгiзiлген жағдайда қолданылмайды;
2) жер учаскесiне (құрылысқа арналған алаңға немесе трассаға) тиiстi құқықтары немесе атқарушы органның оны беру туралы шешiмi болуға тиiс.
4. Егер мердiгер таңдау жөніндегi конкурстың (тендердiң) талаптарында инвестицияларға негiздеме жасау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу тапсырысшының мiндетiне кiрсе, мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер) өткiзу кезiнде тапсырысшының қажеттi мемлекеттiк сараптамадан өтiп, белгiленген тәртiппен бекiтiлген инвестициялардың негiздемесi мен жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының болуы мiндеттi.
5. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағы мердiгер таңдау жөніндегi ашық конкурс (тендер) ұйымдастырылатын және өткiзiлетiн жер болып табылады.
6. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, конкурстың (тендердiң) тәртiбi мен талаптарын тапсырысшы немесе оның тапсыруымен конкурсты ұйымдастырушы (өткiзушi) белгiлейдi.
7. Конкурстарға (тендерлерге) қатысуға:
1) Қазақстан Республикасының аумағында шаруашылық қызметтi жүргiзуге заңдарда белгiленген тәртiппен рұқсат етiлмеген жеке және заңды тұлғалар;
2) банкрот деп жарияланған заңды тұлғалар;
3) конкурсты (тендердi) ұйымдастырушылар (өткiзушiлер) не оның қазылар алқасының (тендер комиссиясының) мүшелерi болып табылатын тұлғалар;
4) заңдарда белгiленген тәртiппен тiркелмеген ұйымдар жiберiлмейдi.
8. Тапсырысшының не конкурсты (тендердi) ұйымдастырушының (өткiзушiнiң) және қазылар алқасының (тендер комиссиясының) үмiткерден оның коммерциялық құпиясы болып табылатын ақпаратты мiндеттi түрде берудi талап етуге құқығы жоқ.
9. Мердiгерлiк жұмыстарға өткiзiлген конкурсты (тендердi) өттi деп хабарлау және тапсырысшының қатысушылардың бiрiн жеңiмпаз (жеңiмпаздар) деп бекiтуi (тануы) олардың арасында конкурс талаптарында көзделген мердiгерлiк жұмыстарды орындауға шарт жасасуға негiз болып табылады.
10. Тапсырысшы, мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер) ұйымдастырушы (өткiзушi) және конкурстың қазылар алқасы (тендер комиссиясы) өз мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасы заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.
11. Мемлекеттiк сатып алуға жатпайтын мердiгерлiк жұмыстар тапсырысшы (жобаның немесе бағдарламаның инвесторы) мен ол таңдаған мердiгер (бас мердiгер) арасында жасалатын шарт негiзiнде орындалады.
Мердiгерлiк шартта мердiгер (бас мердiгер) iшкi мердiгерлердiң орындауына бермекшi болып отырған жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) түрлерi мен көлемi мiндеттi түрде көрсетiледi. Бұл орайда бүкiл мердiгерлiк жұмыстардың шартта көзделген құнының (мердiгерлiк бағаның) жинақтап алғанда үштен екi бөлiгiнен астамын iшкi мердiгерлiкке беруге рұқсат етiлмейдi.
12. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тапсырысшының мердiгер алдындағы және мердiгердiң тапсырысшы алдындағы мiндеттерi мен жауапкершiлiгi мердiгерлiк шартпен белгiленедi.
13. Мердiгерлiк шартта мердiгердiң қаржылық жауаптылығын анықтайтын, құрылыс объектiсiнiң пайдалануға берiлгеннен кейiнгi тұрақты жұмыс iстеуiнiң кепiлдi мерзiмдерi белгiленедi.
Мердiгерлiк шартта кепiлдi мерзiмдер белгiленбеген жағдайда осы Заңның 69-бабы 1-тармағының екiншi бөлiгiнде көзделген норма қолданылады.
67-бап. Мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер) нәтижелерiн жарамсыз деп тану
1. Мердiгерлiк жұмыстарға осы конкурс (тендер) үшiн белгiленген тәртiп пен талаптарды бұза отырып өткiзiлген немесе заңдарға сәйкес өткiзiлмеген конкурстың (тендердiң) нәтижелерiне (жеңiмпазды таңдауға және өзге қорытындыларға) қатысушы (қатысушылар) сот тәртiбiмен наразылық бiлдiре алады.
2. Конкурстың (тендердiң) нәтижелерiн жарамсыз деп тану тапсырысшы мен жеңiмпаз (жеңiмпаздар) арасында жасалған шарт күшiнiң жойылуына әкеп соғады, ал конкурс (тендер) өткiзiлмедi деп жарияланады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өткiзiлмедi деп жарияланған конкурс (тендер) өзге мерзiмде қайта өткiзілуi мүмкiн.
68-бап. Құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптар
1. Құрылыс процесiнiң тиiстi кезеңдерiнде осы бапта белгiленген рәсiмдер орындалып, талаптар сақталуға тиiс.
2. Объект салуды жүзеге асыруға ниетi бар тапсырысшы жер заңдарына сәйкес жергiлiктi атқарушы органдардан осы объектiнi салуға жер учаскесiн беру туралы шешiм не тапсырысшыға меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесілі учаскені құрылыс салуға пайдалануға рұқсат алуға міндетті. Бұл ережеге тапсырысшыға меншік құқығымен тиесілі жеке үй жанындағы, саяжай, бау-бақша учаскелерiне уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық қора-қопсы және абаттандыру элементтерiн, сондай-ақ тапсырысшы жер пайдалану құқығымен пайдаланатын учаскелерде (аумақтарда) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған тұрғын және тұрмыстық үй-жайлар салу қосылмайды.
3. Жергiлiктi атқарушы органдардың құрылысқа жер учаскесiн беру туралы шешiмiнiң (құрылыс салушының меншiк немесе жер пайдалану құқығындағы учаскеде құрылысқа рұқсатының) шешiм қабылданған күннен құрылыс басталғанға дейiнгi қолданылу мерзiмi жобалаудың нормативтiк ұзақтығын және белгiленген тәртiппен жобаның бекiтiлуiн ескере отырып, жер заңдарына сәйкес белгiленедi және рұқсат құжатында көрсетiледi.
Жер учаскесiн беру туралы бұрын қабылданған шешiм не тапсырысшыда бар учаскенi құрылысқа пайдалануға бұрын берілген рұқсат, егер осы учаскеде рұқсат етiлмеген басқа құрылыс жүргiзiлсе, қайтарып алынуы мүмкiн.
4. Құрылыс салуға жер учаскесiн беру не тапсырысшыға меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi учаскенi пайдалануға рұқсат беру туралы оң шешiм мүмкiн болмаған жағдайларда, жергiлiктi атқарушы органдар өтiнiш берiлген кезден бастап он күн iшiнде өтiнiш берушiге (тапсырысшыға) оның сол құрылысты жүзеге асыру ниетi қайшы келетiн заң нормаларын (ережелердi, талаптарды, шектеулердi, сервитуттарды) көрсете отырып, бас тартуды дәлелдеп жауап қайтаруға мiндеттi.
5. Жергiлiктi атқарушы органдардың құрылысқа жер учаскесiн беру (учаскенi пайдалануға рұқсат ету) туралы шешiмi тапсырысшының белгiленген объектiнi жобалауға тапсырмасын жасау үшiн негiз болып табылады.
Тапсырысшы не оның уәкiлеттi адамы (құрылыс салушы) жобалауға тапсырманы жасайды және тапсырысшы бекiтедi.
Жобалауға тапсырма жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу жөнiндегi тапсырысты орындауға арналған шарттың ажырағысыз бөлiгi болып табылады.
Жобалауға тапсырма объектiнiң талап етiлетiн параметрлерiн, өзге де бастапқы деректердi қамтуға тиiс.
6. Құрылыс салынбақшы болып отырған ауданда инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнінде қызмет көрсетушiлер тапсырысшының өтiнiмi бойынша құрылыс және кейiн пайдалануға енгiзiлген объектiнiң тұрақты жұмыс iстеуi үшiн талап етiлетiн, сұратылып отырған (есеп айырысу) параметрлерде инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосуға техникалық жағдай жасайды не дәлелдi түрде бас тартып жауап қайтарады.
Қызмет көрсетудiң сұратылып отырған параметрлерiне (есептеулерiне) техникалық жағдай жасаудан бас тарту монополияға қарсы заңдардың нормалары мен ережелерiне сәйкес жүргiзiледi.
7. Құрылыс объектiсiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнінде қызмет көрсетушiлердiң техникалық жағдай жасаған кезде тапсырысшының инженерлiк (коммуналдық) инфрақұрылым объектiлерiн кеңейтуге (реконструкциялауға, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға) қатысуы (үлестiк қатысуы) туралы негiзсiз талаптар белгiлеуiне жол берiлмейдi.
Белгiлi бiр елдi мекен немесе құрылыс ауданының инженерлiк (коммуналдық) инфрақұрылымын қамтамасыз етудiң сол кездегi деңгейi тапсырысшы сұратқан параметрлерде қызметтер көрсетуге мүмкiндiк бермеген жағдайда, қосылатын абоненттердiң қосымша жүктемелерiн жабуға арналған инфрақұрылым объектілерiн кеңейтуге (реконструкциялауға, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға) байланысты шығындар туралы мәселелер жеткiзiп берушiлер (өндiрушiлер) мен тапсырысшы (тұтынушы) арасында шарт және қайтарымдылық негiзiнде шешiлуге тиiс.
8. Жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдары құрылысқа жер учаскесiн беру (учаскенi пайдалануға рұқсат ету) туралы шешiм, жобалауға бекiтiлген тапсырма, инженерлiк қамтамасыз ету мен коммуналдық қызмет көрсету көздерiне қосуға техникалық жағдайлар жасау және басқа да бастапқы материалдар (деректер) негiзiнде тапсырысшыға сәулет-жоспарлау тапсырмасын бередi.
9. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру үшiн қажеттi бастапқы материалдардың құрамы мен көлемi мемлекеттiк нормативтiк құжаттармен белгiленедi.
Жаңа объект салу немесе бар объектiнi реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, жаңғырту, қалпына келтiру) үшiн жер учаскесiн бөлiп беру (телiм беру) талап етiлмейтiн жағдайларда, сондай-ақ бұл мақсаттар үшiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосу қажет болмаса, сәулет-жоспарлау тапсырмасына тиiстi жазба жасалады.
10. Жобалауға берiлген тапсырмаға, сәулет-жоспарлау тапсырмасына және өзге де бастапқы материалдарға сәйкес әзiрленген жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы мемлекеттiк нормативтiк құжаттамаларда белгіленген талаптарға сәйкес келiсiледi және бекiтiледi.
Құжаттамаға сараптама осы Заңның 64-бабында белгіленген талаптарға сәйкес жүргiзiледi.
11. Жобаны (құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзудi) iске асыра бастау үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсаты талап етiледi. Рұқсат алуға қажеттi құжаттардың тiзбесi сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган анықтайтын тәртiппен белгiленедi.
12. Құрылыс процесi осы Заңның 6-тарауының нормаларына сәйкес сәулет-құрылыс бақылауында болады.
13. Құрылысы аяқталған объект осы Заңның 11-тарауының нормаларына сәйкес пайдалануға қабылдануға тиiс.
Салынған объектiнi пайдалануға қабылдаудың белгiленген тәртiппен бекiтiлген актiсi жылжымайтын мүлiкке және онымен жасалатын мәмiлелерге құқықтарды тiркейтiн мемлекеттiк органда объектiнi тiркеу үшiн негiз болып табылады.
14. Рұқсат ету құжаттары мен өзге де бастапқы материалдарды ресiмдеу және беру (оларды беруден дәлелдi бас тарту) мерзiмдерiн, сондай-ақ оларды ресiмдеу және беру үшiн ақы төлеу (алымдар алу) тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілейдi.
69-бап. Объектiлердi пайдаланудың кепiлдi мерзiмi
1. Құрылыс объектілерiн пайдаланудың кепiлдi мерзiмi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес белгiленедi.
Өзге де барлық жағдайларда кепiлдi мерзiм салынған объектiнi (тұтастай алғанда құрылыстың күрделi сыныбына немесе жүргiзiлген құрылыс-монтаж жұмыстарының жекелеген түрлерiне сәйкес) пайдаланудың нормативтiк мерзiмiне қарай тапсырысшы мен мердiгер (бас мердiгер) арасында құрылысқа шарт жасасқан кезде белгiленедi, бiрақ объект пайдалануға қабылданған күнiнен бастап екi жылдан кем болмауға тиiс. Кепiлдi мерзiмнiң бұл шегi қосалқы-көмекшi мақсаттағы, азаматтардың жеке пайдалануына арналған уақытша құрылыстар мен ғимараттарға қолданылмайды.
2. Белгiленген кепiлдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар бойынша жауапкершiлiк оларды жою жөнiндегi мiндеттемелермен бiрге мердiгерге (бас мердiгерге) жүктеледi.
3. Егер кепілдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар басқа орындаушылардың (iзденушiлердiң, жобалаушылардың, iшкi мердiгерлердiң, өндiрушiлердiң немесе құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын, жабдықтарды берушiлердiң) сапасыз жұмыстарының салдарынан туындаған болса, мердiгер (бас мердiгер) жауапкершiлiктi кiнәлi тұлғаға толығымен немесе ішінара аударуға құқылы.
4. Егер кепiлдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар объектiнi пайдалану және күтiп ұстау ережелерiн сақтамаудан не құрылыс-монтаж жұмыстарын орындаушыларға байланысты емес мән-жайлардан туындаған болса, орындаушылар жауапкершiлiктен босатылады.
5. Объектiлердi пайдаланудың кепiлдi мерзiмдерiне байланысты жауапкершiлiк шаралары мен дәрежесi жөнiнде даулар мен өзара талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
70-бап. Құрылыстағы сапа
1. Құрылыстың және құрылыс өнiмдерiнiң тиiстi сапасын қамтамасыз етуде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiне қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормалар мен ережелер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен реттеледi және көлемдiк, жазықтық және желiлiк күрделi ғимараттардың (құрылыстардың, үйлер мен олардың кешендерiнiң, коммуникациялардың) барлық түрлерiне, соның iшiнде оларға қатысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарға, сондай-ақ құрылыс өнімдерiнiң (объектiлерiнiң) мақсатына қарамастан, оларды жобалау, салу, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын дайындау (өндiру) жөнiндегi жұмыстардың (қызмет көрсетулердiң) барлық түрлерiне қолданылады.
2. Құрылыс өнімдерiнiң (объектiлерiнiң) сапасы:
1) мемлекеттiк (мемлекетаралық) нормативтiк құжаттардың нормалары мен талаптарын сақтау;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiн лицензиялау және мамандарды аттестаттау;
3) құрылыстағы инвестициялардың негiздемесiне сараптама жүргiзу және жобалау (жобалау-смета) құжаттамалары;
4) сәулет-құрылыс бақылауы, техникалық және авторлық қадағалау;
5) жобалау мен құрылыста пайдаланылатын өнімдердi стандарттау;
6) сынақ-талдау зертханаларын аттестаттау мен тiркеу, құрылыста пайдаланылатын өнiмдердi сертификаттау, сондай-ақ жаңа өнімдi, өндiрiс әдiстерiн, құрылыстағы жарақтарды техникалық бағалау;
7) жобалау мен құрылыстағы метрологиялық қызмет;
8) құрылысы аяқталған объектiлердi пайдалануға беру мен қабылдап алуды ұйымдастыру;
9) құрылыс техникасы мен технологиясын жетiлдiру;
10) жер сiлкiну қаупi бар аймақтар объектiлерiне паспорттар беру;
11) пайдаланылып отырған не құрылысы тоқтатылған және өзге де құрылысы аяқталмаған объектiлердiң жай-күйiн тексеру мен байқау, нормативтiк сипаттамаларды қамтамасыз ету мақсатында араласу арқылы қамтамасыз етiледi.
3. Құрылысты салудың (тоқтатып қоюдың) бүкiл кезеңi мен объектiлердiң қызмет (пайдалану) мерзiмi iшiнде меншiк иелерi (тапсырысшылар, иеленушiлер, жалдаушылар, жалға алушылар) олардың сапасының мынадай негiзгi сипаттамаларын:
1) жұмыс жүргiзу мен күтiп ұстауды қоса алғанда, тұрғызу және пайдалану кезiндегi қауiпсiздiгiн;
2) еңбектi қорғау талаптарына сәйкестiгiн;
3) жұмыс iстеуiнiң тұрақтылығы мен сенiмдiлiгiн;
4) қоршаған ортаны қорғау жөніндегi талаптарға сәйкестiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Сапаның негiзгi сипаттамаларын қамтамасыз ету күрделi құрылыс үшiн инженерлiк iзденiстерге, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын жобалауға, дайындауға (өндiруге) және жеткiзiп беруге, аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қоюға, объектiлердi пайдалануға, қабылдауға, күтiп ұстау мен пайдалануға, сондай-ақ оларды кейiннен кәдеге жаратуға қатысушы барлық субъектiлердiң мiндетi болып табылады.