2) егер сәулет (қала құрылысы) жобасын әзiрлеуге берiлген тапсырмада өзгеше көзделмесе, объектiлер құрылысының (реконструкциялаудың, қалпына келтiрудiң, жаңғыртудың) барысына белгiлеген тәртiппен авторлық қадағалауды жүзеге асыруға;
3) егер жобаны әзiрлеуге арналған шартта немесе жобалауға берiлген тапсырмада өзгеше көзделмесе, сондай-ақ объектiде мемлекеттiк құпияларға жатқызылған ақпарат болмаса, суретке түсiрудi (кино-, бейне түсiрiлiм) жүргiзуге құқылы.
6. Автордың (авторлардың) сәулет және қала құрылысы туындыларына жеке мүлiктiк емес құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
16-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң негiзгi мiндеттерi
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi:
1) қызметiн заңдарға және мемлекеттiк нормативтерге (мемлекеттiк нормативтiк құжаттарға) сәйкес жүзеге асыруға;
2) өздерiнiң меншiгiндегi (иелiгiндегi, қолдануындағы) пайдаланылушы объектiлердi олардың азаматтар үшiн қауiпсiздiгiн, эстетикалық талаптарды қоса алғанда, нормативтiк және басқа да мiндеттi талаптарға сәйкес тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн лайықты жағдайда ұстауға мiндеттi.
17-бап. Субъектiлердiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарды бұзғандық үшiн жауапкершiлiгi
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарда белгіленген нормалар мен талаптарды (шарттарды, ережелерді, шектеулердi) бұзуға жол берген оның субъектiлерiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Аталған бұзушылықтарға мыналар жатады:
1) сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiне жататын жобалау-iздену, сараптама, құрылыс-монтаж жұмыстарының, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөнiндегi жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) лицензияланатын түрлерiн лицензиясыз жүзеге асыру;
2) аумақтардың, қала құрылысы регламенттерiнiң бекiтiлген жұмыс iстеу мақсатынан, қала құрылысын ерекше реттеу аймақтарында белгiленген режимнен ауытқу;
3) қала құрылысы мақсаттарына арналған жер учаскелерiн таңдау мен берудiң (пайдалануға рұқсат етудiң), сондай-ақ алып қоюдың заңдарда белгiленген тәртiбiнен ауытқу;
4) қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеудiң, келiсудiң, сараптамадан өткiзудiң және бекiтудiң белгiленген тәртiбiнен ауытқу, нақ сол сияқты заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген құжаттамадан ауытқу не бекiткен инстанцияның рұқсатынсыз оған өзгерiстер енгiзу;
5) заңдарда белгiленген тәртiппен рұқсат алмай құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзу;
6) осы заңда мiндеттiлiгi көзделген жағдайда, құрылысты сәулет-құрылыс бақылауын, техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргiзбей жүзеге асыру;
7) өз бетiнше құрылыс салу, нақ сол сияқты үйлердiң, жекелеген үй-жайлардың және (немесе) үй бөліктерiнiң сәулеттiк келбетiн өзгерту, қайта жоспарлау (қайта жабдықтау, қайта бейiмдеу);
8) елдi мекендердi жоспарлау мен салу кезiнде сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары аймақтарда белгiленген сызықтар мен құрылыс салу сызықтарынан, сондай-ақ сары сызықтардан ауытқу;
9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы, сондай-ақ объектiнi салу және кейiннен пайдалану процесiнде еңбек қорғау, өрт және жарылыс қауiпсiздiгi, санитариялық және экологиялық қауiпсiздiк жөнiндегi мемлекеттiк нормативтердi сақтамау;
10) құрылысы аяқталған объектiлердi қабылдау мен пайдалануға берудiң, сондай-ақ пайдалану процесiнде оларды күтiп-ұстаудың заңдарда белгiленген тәртiбiн бұзу;
11) лауазымды адамдардың елдi мекендердi (елдi мекеннiң бөлiктерiн) жоспарлауға және салуға (реконструкциялауға) байланысты шешiмдердiң әзiрленуi мен қабылдануы, жобаланып отырған объектiлер туралы, сондай-ақ мекендейтiн және тiршiлiк ететiн ортаның жай-күйi мен оған қоғамдық және жеке мүдделердi тiкелей қозғайтын, көзделiп отырған өзгерiстер туралы ақпарат беруден негiзсiз бас тартуы не жалған ақпарат беруi;
12) мекендеу және тiршiлiк ету ортасының жай-күйiнiң нашарлауына, азаматтар мен тұтас алғанда қоғамның құқықтарына және заңды мүдделерiне нұқсан келтiруге, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғатын мемлекеттік мүдделерге зиян келтiруге себеп болатын өзге де әрекеттер.
2. Жiберiлген жолсыздықты және оның зардаптарын жою, сондай-ақ келтiрiлген залалдың (зиянның) орнын толтыру жөніндегi мiндеттер аталған жолсыздыққа жол берген субъектiге жүктеледi.
3. Сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметi субъектiлерiнiң жол берген бұзушылықтары салдарынан салынған объектiнi пайдаланудың кепiлдi мерзiмiн сақтамау фактiлерi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң нормаларына, сондай-ақ осы Заңның 69-бабына сәйкес белгiленедi.
4-тарау. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс
саласындағы мемлекеттік басқару
18-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы мемлекеттiк басқару органдары
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы реттеудi жүзеге асыратын, сондай-ақ бақылау-қадағалау мiндеттерiн атқаратын мемлекеттiк басқару органдары:
1) Қазақстан Республикасының Үкiметi;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган және оның аумақтық бөлiмшелерi;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы қатынастарды мемлекеттiк реттеуге сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiмен сабақтас болып табылатын мәселелер бойынша өздерiнiң арнаулы өкiлеттiктерi шегiнде ғана қатысатын өзге де орталық атқарушы органдар;
4) өздерiнiң арнаулы өкiлеттiктерi шегiнде жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар;
5) жергiлiктi сәулет, қала құрылысы және құрылыс органдары болып табылады.
19-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;
2) аумақтарды, елдi мекендердi игеру мен дамытудың басым бағыттары жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсынады;
3) өндiргiш күштердi қоныстандыру және орналастыру жүйесiн қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негiзгi ережелерiн, республикалық маңызы бар қала құрылысы регламенттерiн, өндірістiк, әлеуметтiк, рекреациялық, инженерлiк және көлік инфрақұрылымдарын дамытудың, сондай-ақ республикалық және аймақаралық маңызы бар ерекше реттелетiн қала құрылысының аумақтары мен объектiлерiнiң схемалары мен жобаларын бекiтедi және iске асырады;
4) республикалық және аймақаралық маңызы бар ерекше реттелетiн қала құрылысының аумақтары мен объектiлерiнiң шекарасын белгiлейдi;
5) Қазақстан Республикасы астанасының, республикалық маңызы бар басқа да қалалардың, халық саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларын, облыстар аумақтарында қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасын, өзге де жалпы мемлекеттiк, мемлекетаралық немесе аймақаралық маңызы бар қала құрылысы мен сәулет-құрылыс құжаттамасын, сондай-ақ оларға өзгерiстер енгiзудi бекiтедi;
6) сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асырудың, мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзудiң, жаңа объектiлер салуға және жұмыс iстеп тұрғандарын өзгертуге рұқсат ететiн рәсiмдердiң бiрыңғай тәртiбiн белгілейдi;
7) мемлекеттiк және аймақаралық маңызы бар аумақтарды қала құрылысына игеру кезiнде аумақтар мен табиғи ресурстардың ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;
8) жалпы мемлекеттiк және мемлекетаралық маңызы бар объектiлердi жобалау мен салу туралы шешiм қабылдайды, мемлекеттiк қабылдау комиссияларын құрады;
9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында мемлекеттiк саясатты жүргiзу мен мемлекеттiк бағдарламаларды iске асыру кезiнде министрлiктердiң, басқа да орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық етедi және олардың iс-қимылын үйлестiрудi жүзеге асырады;
10) құрылыс-монтаж жұмыстары құрамындағы жұмыстар (көрсетiлетiн қызметтер) түрлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
11) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы әлеуетiн басымдықпен пайдалану туралы заң актiлерi талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
12) заңдарда белгiленген тәртiппен дүниежүзiлiк және республикалық маңызы бар объектiлерге жатқызылған тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн қорғау мен күтiп ұстау ережелерiн белгiлейдi;
13) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актілер шығарады;
14) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы ынтымақтастық туралы үкiметаралық келiсiмдердiң орындалуын қамтамасыз етедi;
15) мемлекеттiк сараптама жүргiзу және мемлекеттiк инвестициялар есебiнен салынып жатқан жобаларды бекiту тәртiбiн белгiлейдi.
20-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның құзыретi
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның құзыретiне:
1) сәулет, қала құрылысы, құрылыс, құрылыс индустриясының өндiрiстiк базасын дамыту саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргiзу;
2) құнды сәулет-қала құрылысы мұрасының сақталуын, сәулет пен қала құрылысында ұлттық және мәдени дәстүрлердiң дамуын ескере отырып, аумақтарды және елдi мекендердi игеру мен дамытудың басым бағыттары бойынша мемлекеттiк бағдарламалар әзiрлеу;
3) заңдарда көзделген шекте салааралық үйлестiрудi жүргiзу мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында мемлекеттiк саясатты жүзеге асыруға басшылық жасау;
4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк реттеу әдiстерiн әзiрлеу;
5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу және оларды келiсу;
6) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында нормативтiк құқықтық актiлердi, нормативтiк-техникалық құжаттарды заңдарда белгiленген тәртiппен әзiрлеу, бекiту және қолданысқа енгiзу;
7) құрылыстағы мемлекетаралық (халықаралық) және мемлекеттiк стандарттарды белгiленген тәртiппен әзiрлеу, бекiту және қолданысқа енгiзу;
8) республикалық маңызы бар қалалардың, халқы жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларына, Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн өзге де қала құрылысы құжаттамасына кешендi қала құрылысы сараптамасын ұйымдастыру мен жүргiзу;
9) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiндерiн қоспағанда, мемлекеттiк, аймақаралық немесе мемлекетаралық (халықаралық) маңызы бар объектiлердiң құрылысына (аумақтарда құрылыс салуға) арналған қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын қарау және бекiту;
10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн лицензиялауды, өтiнiш берушiлердiң (лицензияға талапкерлердiң) және (немесе) лицензиаттардың бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуiне сарапшылық бағалау жүргiзу үшiн жеке және заңды тұлғалардың тiркелуiн жүзеге асыру;
11) жобалау құжаттамасының сапасын қадағалауды, жобаларға мемлекеттiк сараптама жүргiзуге басшылық жасауды, сондай-ақ мемлекеттiк емес сараптама орталықтарын тiркеудi және сарапшыларды аттестациялауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру;
12) қала құрылысы және сәулет-құрылыс тәртiбiнiң сақталуын, Қазақстан Республикасының аумағында құрылыс сапасын қадағалауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру және сәулет-құрылыс бақылау жүйесiне басшылық жасау;
13) республикалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының жүргiзiлуiн бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру;
14) сәулет және қала құрылысының облыстық және республикалық маңызы бар қалалық органдарының, облыстық және базалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастры қызметтерiнiң қызметiне ұйымдық және әдiстемелiк басшылық жасау;
15) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында белгіленген заң нормаларын, мемлекеттiк нормативтiк талаптарды, шарттар мен шектеулердi бұзушыларға жол берiлген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты заңдарда көзделген шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;
16) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.
21-бап. Облыстық мәслихаттардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретi
Облыстық мәслихаттардың тиiстi аумақта жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) облыс аумағының қала құрылысын жоспарлаудың (облыстың аудандық жоспарлау жобасының), облыстық маңызы бар қалалардың (республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда) бас жоспары жобасының кешендi схемасын мақұлдау;
2) облыс әкiмi ұсынатын аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамытудың аймақтық бағдарламалары құрамында орындалған әкiмшiлiк бөлінiс қарамағындағы аумақтық қала құрылысын жоспарлаудың (аудандық жоспарлау жобаларының) кешендi схемаларын бекiту;
3) облыстық маңызы бар қалалардың, қала үлгiсiндегi кенттердiң және селолық елдi мекендердiң бас жоспарларын бекiту;
4) қарамағындағы аумақта қолданылып жүрген құрылыс салудың, аумақты абаттандыру мен инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды күтiп ұстаудың ережелерiн бекiту;
5) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiндегi облыстық комиссияларды құру және бекiту;
6) тарих және мәдениет ескерткiштерiн, облыстық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау мен күтiп ұстаудың аумақтық ережелерiн белгiлеу кiредi.
22-бап. Қалалық мәслихаттардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретi
1. Республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының қала аумағында және қала маңы аймағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) Қазақстан Республикасының Yкiметiне әкiм ұсынған қаланың бас жоспарының жобасын, заң тәртiбiмен қала ықпал ететiн аймаққа жатқызылған жапсарлас аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың (аудандық жоспарлау жобасының) кешендi схемасын мақұлдау;
2) қала әкiмi ұсынатын құрылыс салу, қаланы абаттандыру және инженерлiк жағынан қамтамасыз ету ережелерiн бекiту;
3) қала әкiмi ұсынатын тұрғын үй қорын, өзге де үйлер мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды күтiп ұстау ережелерiн бекiту;
4) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөніндегi қалалық комиссияларды құру мен бекiту;
5) қалалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау мен күтiп ұстаудың аумақтық ережелерiн белгiлеу кiредi.
2. Халқы жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының қала аумағы мен қала маңы аймағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) қаланың (облыс орталығын қоспағанда) бас жоспарының жобасын, заң тәртiбiмен қала ықпал ететiн аймаққа жатқызылған жапсарлас аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың (аудандық жоспарлау жобасының) кешендi схемасын облыстық мәслихаттың бекiтуiне енгiзу;
2) қала әкiмi ұсынатын қарамағындағы аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамыту бағдарламаларын бекiту;
3) құрылыс салудың, қаланы және қала маңы аймағын абаттандыру мен инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де үйлер мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды күтiп ұстаудың аумақтық ережелерiн бекiту;
4) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiндегi қалалық комиссияларды құру мен бекiту;
5) қарамағындағы аумақтағы тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау мен күтiп ұстаудың аумақтық ережелерiн белгiлеу кiредi.
23-бап. Аудандық мәслихаттардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретi
Аудандық мәслихаттардың тиiстi аумақта жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) қарамағындағы аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамыту бағдарламаларының құрамындағы аудан әкiмi ұсынатын қала құрылысы жобаларын, сондай-ақ инженерлiк жағынан қамтамасыз ету мен коммуникациялардың схемаларын бекiту;
2) қарамағындағы аумақтағы елдi мекендерде құрылыс салу және оларды абаттандыру ережелерiн бекiту;
3) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiндегi аудандық комиссияларды құру мен бекiту;
4) қарамағындағы аумақтағы тарих және мәдениет ескерткiштерiн, жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектілерiн қорғау мен күтiп ұстау ережелерiн белгiлеу кiредi.
24-бап. Облыс әкiмдерiнiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретi
1. Облыс әкiмдерiнiң облыс қарамағындағы (республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда) аумақта жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) аумақтарда қала құрылысын жобалаудың (облысты немесе оның бiр бөлігiн аудандық жоспарлау жобасының) кешендi схемасын, облыс аумағындағы (республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда) елдi мекендердiң белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарларын iске асыру жөніндегi қызметтi үйлестiру;
2) облысты әлеуметтiк-экономикалық дамыту бағдарламаларының құрамындағы аумақтардың қала құрылысын дамытудың кешендi схемаларын (қарамағындағы әкiмшiлiк бөлiнiстердi аудандық жоспарлау жобаларын), сондай-ақ халық саны жүз мың тұрғынға дейiнгi облыстық маңызы бар қалалардың, қала үлгiсiндегi кенттер мен селолық елдi мекендердiң бас жоспарларының жобаларын әзiрлеудi ұйымдастыру және оларды облыстық мәслихаттың бекiтуiне ұсыну, олардың шекараларын белгiлеу мен өзгерту;
3) аумақтарда құрылыс салудың, абаттандыру мен инженерлiк жағынан қамтамасыз етудің аумақтық ережелерiн, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де үйлердi және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтау мен күтiп ұстау ережелерiн облыстық мәслихаттың бекiтуiне ұсыну;
4) облыстық мәслихатқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарамағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң шекараларын белгiлеу немесе өзгерту жөнiнде қала құрылысынан туындайтын факторларға байланысты ұсыныстар енгiзу;
5) республикалық маңызы бар қалалардың оларды облыс аумақтары, резервтiк аумақтар, қала маңындағы аймақ, сондай-ақ заң арқылы қала ықпал ететiн аймаққа жатқызылған өзге де аумақтар есебiнен дамыту бөлiгiндегi бас жоспарларының жобаларына келiсiм беру;
6) облыстық маңызы бар қалалар бас жоспарының жобаларына келiсiм беру;
7) облыстық мәслихатқа тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiндегi комиссиялар құруға ұсыныстар енгiзу;
8) облыс аумағында мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау органдарының жұмысына, мемлекеттiк сараптама жобаларына жәрдем көрсету;
9) аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысының өзгерiстерi туралы халыққа хабарлап отыру кiредi.
2. Облыс әкiмдерiнiң облыс қарамағындағы аумақта (республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) елдi мекендердiң бекiтiлген бас жоспарларын (қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасын, жоспарлау жобаларын) дамыту үшiн әзiрленiп жатқан қала құрылысы жобаларын iске асыру;
2) облыстық бюджет қаражаты есебiнен не оның қатысуымен объектiлер салу үшiн әзiрленген жобаларды iске асыру;
3) қарамағындағы аумақта құрылыс салу немесе өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерiн таңдау, беру (бөліп беру), ал заңда белгіленген жағдайларда мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн алып қою жөнінде шешiмдер қабылдау;
4) құрылыстарды, үйлердi, ғимараттарды, инженерлiк және көлік коммуникацияларын салу, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтiру және күрделi жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, аяқталмаған объектілер құрылысын тоқтатып қою, облыстық бюджеттен қаржыландыру көзделген объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жөнiндегi жұмыстар кешенiн жүргiзу туралы шешiмдер қабылдау;
5) облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс органдарына, мемлекеттiк қала құрылысы кадастры қызметiне басшылық жасау;
6) пайдалануға берiлетiн объектiлердi (кешендердi) заңдарда белгiленген тәртiппен қабылдау және тiркеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
7) қарамағындағы аумақта тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектілерiн сақтауды ұйымдастыру және олардың нормативпен күтiп ұсталуына (қолданылуына, пайдалануына) бақылау жүргiзу;
8) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өкiлеттiктерi шегiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы басқа да мәселелердi шешу кiредi.
25-бап. Қала (астана, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар) әкiмдерiнiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретi
Қала (астана, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар) әкiмдерiнiң қарамағындағы аумақта белгiленген шекара шегiнде жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) қаланың заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарын, заңдарда белгiленген тәртiппен қала ықпал ететiн аймаққа жатқызылған жапсарлас аумақтардағы қала құрылысының кешендi схемасын (аудандық жоспарлау жобасын) iске асыру жөнiндегi қызметтi үйлестіру;
2) қаланың бас жоспары жобасын, қала шегi мен қала маңындағы аймақ шекарасының, сондай-ақ қарамағындағы әкiмшiлiк аудандар мен серiктес елдi мекендердiң шекарасын белгiлеу мен өзгерту жобаларын әзiрлеудi ұйымдастыру;
3) қалалық мәслихаттың бекiтуiне қаланы әлеуметтiк-экономикалық дамыту бағдарламаларының құрамындағы қала құрылысы құжаттамасын ұсыну;
4) қалалық мәслихаттың бекiтуiне қарамағындағы аумақта құрылыс салудың, оны абаттандыру мен инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң қалалық ережелерiн ұсыну;
5) қалалық мәслихатқа тұрғын үй қорын, өзге де үйлер мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтау мен күтiп ұстау ережелерiн белгiлеу жөнінде ұсыныстар енгiзу;
6) қалалық мәслихатқа тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөніндегi комиссиялар құруға ұсыныстар енгiзу;