4. Сәулет-құрылыс бақылау, жобаларды сараптамадан өткiзу, құрылыс өнiмiн стандарттау және сертификаттау органдары (қызметтерi, лауазымды адамдары), тапсырысшылар, құрылыс салушылар, iзденушiлер, жобалаушылар, құрылыста пайдаланылатын өнімдi дайындаушылар (өндiрушiлер) мен жеткiзiп берушiлер, жұмыс жүргiзушiлер, аталған өнімнiң (объектілердiң) меншiк иелерi (пайдаланушылары, жалдаушылары, жалға алушылары) өз мiндеттерiне сәйкес құрылыс өнiмiнiң (объектiлерiнiң) сапасын қамтамасыз етушi субъектiлер болып табылады.
71-бап. Объектілердiң сапалық сипаттамаларын қамтамасыз етудегi меншiк иелерiнiң мiндеттерi
Меншiк иелерiне объектiлердi пайдалану кезiнде олардың тиісінше сапасын қамтамасыз ететін негізгі сипаттамаларын сақтауға бағытталған мынадай міндеттер:
1) объектiнi қалпына келтiру, күшейту, қайта салу, қайта жобалау, қайта жабдықтау, реконструкциялау, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, түрлендіру және кейін кәдеге жарату, сондай-ақ объектінің сәулеттік келбетiн және (немесе) қала құрылысы қырларын өзгерту жөніндегi жұмыстарды тек рұқсат ету рәсiмдерiнен өтудiң заңдарда белгiленген тәртiбiне, құрылыс, санитариялық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, экологиялық және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асыру;
2) пайдаланушылардың (жалдаушылардың, жалға алушылардың) объектiнi қиратуына және (немесе) бүлдiруiне жол бермеу жөнiнде шаралар қолдану;
3) объектiнi кейiн кәдеге жарату жөнiнде жұмыстар кешенiн жүргiзудi ұйымдастыру жүктеледi.
72-бап. Объектiлердiң сапалық сипаттамаларын қамтамасыз етуде пайдаланушылардың мiндеттерi
Пайдаланушыларға (жалдаушыларға, жалға алушыларға) объектiлердi пайдалану кезiнде олардың тиiсiнше сапасын қамтамасыз ететiн негiзгi сипаттамаларын сақтауға бағытталған мынадай мiндеттер:
1) тұтас алғанда объектiнi не оның жалға алынған бөлiгiн пайдалану жөнiнде оларды заңдарда белгiленген ережелерге (тәртiпке, нұсқаулықтарға) не жалдау (жалға алу) шартының талаптарына сәйкес пайдалану;
2) жалдау (жалға алу) шартының талаптары бойынша пайдаланушыға (жалдаушыға, жалға алушыға) жүктелген күтiп ұстау мен жөндеу жөнiндегi жұмыстарды уақтылы және тиiсiнше жүзеге асыру;
3) объектiнi қалпына келтiру, күшейту, қайта салу, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, реконструкциялау, кеңейту, техникамен қайта жарақтау, түрлендiру, жаңғырту, сондай-ақ объектiнiң сәулеттiк келбетiн және (немесе) қала құрылысы қырларын өзгерту жөнiндегi жұмыстарды тек меншік иесінің келісімімен және құрылыс, санитариялық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асыру;
4) меншiк иесiн объектiнi пайдалану кезiнде болған оның сипаттамасындағы өзгерiстер немесе техникалық авариялар туралы хабардар ету жүктеледi.
11-тарау. Құрылыс объектілерін пайдалануға
қабылдау
73-бап. Объектiлердi пайдалануға қабылдаудың жалпы тәртiбi
1. Салынған объектiлердi пайдалануға қабылдау Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiмен, осы Заңмен реттеледi.
2. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды мемлекеттiк қабылдау комиссиясы немесе қабылдау комиссиясы оның бекiтiлген жобаға сәйкес толық әзiрлiгi және жұмыс комиссиясының оң қорытындысы болған жағдайда жүргiзедi.
Осы Заңның 74-бабында көзделген жекелеген жағдайларда салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды меншiк иесi (тапсырысшы, инвестор, құрылысты салушы) дербес жүргiзедi.
3. Осы Заңның 74-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қабылдау комиссиясының немесе қабылдау комиссиясының оң шешiмi болмайынша, салынған объектiнi пайдалануға жол берiлмейдi.
4. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының салынған объектiлердi пайдалануға қабылдау туралы актiсi (ал мемлекеттiк нормативтерде белгiленген жағдайларда - қабылдау комиссиясының актiсi) дайын құрылыс өнімiне мүлiктiк құқықты тiркеу кезiнде бастапқы ерекше құжат болып табылады.
5. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiн мемлекеттiк комиссия бекiтуге тиiс. Қабылдау актiсiн бекiтудi мемлекеттiк қабылдау комиссиясын тағайындаған инстанция жүргiзедi.
Қабылдау актiсiн бекiту:
1) өндiрiстiк мақсаттағы объектiлер бойынша - актiге қол қойылған күннен бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде;
2) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектiлер бойынша - актiге қол қойылған күннен бастап жетi күннен аспайтын мерзiмде жүргiзiледi.
6. Комиссияны тағайындаған инстанцияның объектiнi пайдалануға қосу туралы актiнi бекiткен күнi мемлекеттiк қабылдау комиссиясы қабылдаған объектiнiң пайдалануға қосылған күнi деп есептеледi.
Объектiнiң пайдалануға қосылғандығы туралы актiге қол қойылған күн қабылдау комиссиясы қабылдаған объектiнiң пайдалануға қосылған күнi деп есептеледi.
7. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының немесе қабылдау комиссиясының нақты объект бойынша өкiлеттiктерi олардың тағайындалған кезiнен басталады және объектiлердi пайдалануға қабылдау туралы акт бекiтiлген кезден бастап тоқтатылады.
8. Жұмыс комиссиясының нақты объект бойынша өкiлеттiктерi оның тағайындалған кезiнен басталады және пайдалануға қосылған объектiнi кешендi тексеру жөнiнде заңдарда белгiленген тәртiппен ресiмделген қорытынды тапсырысшыға берiлген кезден бастап тоқтатылады.
74-бап. Меншiк иесi пайдалануға дербес қабылдайтын объектiлер
1. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге заңдарда белгіленген рұқсаты болған жағдайда меншiк иесi (тапсырысшы, инвестор, құрылыс салушы) құрылысы аяқталған, техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi, атап айтқанда:
1) тiреу және қоршау конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге, сондай-ақ үй-жайларды қайта бейiмдеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) байланысы жоқ бiр қабатты тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларды (үйдiң жекелеген бөлiктерiн) реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды);
2) уақытша құрылыстарды, соның iшiнде маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған тұрмыстық үй-жайларды;
3) жеке үй маңындағы учаскелер аумақтарындағы шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарды, бау-бақша серiктестiктерi (қоғамдары) учаскелерiндегi құрылыстарды, үй жанындағы немесе үй iргесiндегi (саяжай) учаскелердегi абаттандыру элементтерiн;
4) контейнердi және блоктарды пайдаланып жасалатын шағын кешендердi, сондай-ақ құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылған және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтермен келiсудi қажет етпейтiн сауда, қоғамдық тамақтандыру мен тұрмыстық қызмет көрсету кәсiпорындарына арналған бiр қабатты үйлердi (ғимараттарды);
5) автомашиналар саны елуден аспайтын ашық үлгiдегi автотұрақтарды, сондай-ақ саны екеуден аспайтын автомашинаға арналған жайы бар көлiкжайларды;
6) бар ғимараттарда жүзеге асырылатын және тiреу конструкцияларының өзгертiлуiн қажет етпейтiн өндiрiстiк емес мақсаттағы үй-жайларды қайта жоспарлауды (қайта жабдықтауды);
7) шағын сәулеттiк нысандарды және аумақтардың қоршауын;
8) үйлер (ғимараттар) маңындағы ашық спорт алаңдарын, тротуарларды, тас төсенiштерiн пайдалануға қабылдауды дербес жүзеге асыруға құқылы.
2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған үй-жайларды (үйдiң жекелеген бөлiктерiн) өзгерту, сондай-ақ техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi салу мен пайдалану басқа азаматтардың құқықтарына нұқсан келтiрсе не мемлекеттiк және (немесе) қоғамдық мүдделерге қайшы келсе, бұл баптың нормаларын қолдануға болмайды.
3. Осы баптың нормалары:
1) құрылысы мемлекеттiк инвестициялар есебiнен не олардың қатысуымен қаржыландырылатын;
2) сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары не өзге де геологиялық (гидрогеологиялық) немесе геотехникалық жағдайлары ерекше аудандарда, сондай-ақ ерекше реттелетiн аймақтарда орналастырылатын (орналастырылған) объектiлерге қолданылмайды.
75-бап. Мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдайтын объектiлер
1. Мемлекеттiк инвестициялар есебiнен не олардың қатысуымен салынып жатқан (салынған) барлық объектiлер мемлекеттiк қабылдау комиссиясының пайдалануға қабылдауына жатады.
2. Қаржыландыру көздерiне қарамастан, мемлекеттiк қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына:
1) азаматтық (қоғамдық) және коммуналдық мақсаттағы жеке тұрған объектiлер;
2) шағын бизнес (жеке кәсiпкерлiк) кәсiпорындарын қоспағанда, өндiрiстiк мақсаттағы объектiлер;
3) көп пәтерлi тұрғын үйлер (ғимараттар);
4) автомобиль жолдары мен темiр жолдар;
5) көпiрлер, жол желiлерi, тоннельдер, азық-түлiк желiлерi мен инженерлiк құрылыстары бар электр беру желiлерi;
6) ғарыштық байланыс объектілерi;
7) атом энергетикасын қоса алғанда, энергетика объектiлерi;
8) су шаруашылығы, ирригациялық және (немесе) гидротехникалық мақсаттағы объектiлер;
9) темiр жол және автомобиль разъездерiнде, қорықтарда, заказниктерде, балық питомниктерiнде, орман, аңшылық және басқа алқаптарда тұруға арналған объектiлер (тұрғын және қосалқы үй-жайлар) жатады.
3. Мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз салынып жатқан (салынған), бiрақ мемлекеттiк және қоғамдық мүдделерге қатысы бар объектiлердi мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдауға тиiс.
Аталған талапты тапсырысшыға (құрылыс салушыға) сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген кезде жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейдi және ол сол тапсырмада, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге берiлген рұқсатта көрсетiлуге тиiс.
76-бап. Қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдайтын объектiлер
1. Осы Заңның 74 және 75-баптарында көзделген нормалар қолданылатын объектiлердi қоспағанда, мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз салынып жатқан (салынған) объектiлер қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына жатады.
Осы Заңның 75-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған объектiлер санатын шығарылатын өнiмнiң және көрсетiлетiн қызметтiң жылдық көлемiне қарай Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз қаржыландырылатын объектiлер де, егер олар:
1) тұрғын және тұрғындық емес үй-жайларды тұрғын үйлер етiп қайта бейiндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) байланысты болса;
2) үй-жайлардың (үйдiң бiр бөлiгiн) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен жабдықтарды өзгертудi талап ететiн реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) байланысты болса;
3) салу және (немесе) пайдалану кезiнде басқа меншiк иелерiнiң мүдделерiн қозғаса;
4) әлеуметтiк (әлеуметтiк-экономикалық) сипаты бар мемлекеттiк немесе қоғамдық мүдделердi бiлдiретiн объектiлер болса;
5) сейсмикалық қауiптілiгi жоғары не өзге де геологиялық (гидрогеологиялық) немесе геотехникалық жағдайлары ерекше аудандарда, сондай-ақ өзге де ерекше реттелетiн аймақтарда салынып жатса (салынса);
6) адамдар мен қоршаған ортаға ықтимал қаупi бар өндiрiстiк процестерге байланысты болса, қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына жатады.
Аталған шектеулердi тапсырысшыға (құрылыс салушыға) сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген кезде жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейдi және олар сол тапсырмада, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге берiлген рұқсатта көрсетiлуге тиiс.
77-бап. Қабылдау және жұмыс комиссиялары
1. Қабылдау комиссиясы мен жұмыс комиссиясы тапсырысшының шешiмiмен тағайындалады және объектiнiң пайдалануға қабылдау рәсiмiне дайын екендiгi туралы бас мердiгерден жазбаша хабар алынғаннан кейiн он бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей құрылады.
2. Қабылдау және жұмыс комиссияларының өкiлеттiктерi мен мiндеттерi, сондай-ақ мiндеттi құрамы Қазақстан Республикасының Yкiметi анықтайтын тәртiппен белгiленедi.
3. Қайта қабылдауды қоса алғанда, қабылдау және жұмыс комиссияларының жұмыс процесiнде жасалған шығындарын тапсырысшы өтейдi.
78-бап. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясы
1. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясы - салынған объектiнi пайдалануға қабылдайтын уақытша немесе тұрақты алқалы орган.
Тұрақты мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамын, қажет болуына қарай, комиссияны тағайындаған мемлекеттiк басқару органы өзгертедi.
2. Пайдалануға қабылданатын объектiнiң маңыздылығына немесе құрылыс құнына қарай мемлекеттiк қабылдау комиссиясын:
1) орталық атқарушы органдардың немесе облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) әкiмдерiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi;
2) Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары;
3) облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) әкiмдерi;
4) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) әкiмдерi тағайындайды.
3. Мемлекеттiк қабылдау комиссиялары:
1) өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде - комиссия жұмысы басталуының белгiленген мерзiмiне дейiн үш айдан кешiктiрмей;
2) тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде - комиссия жұмысы басталуының белгiленген мерзiмiне дейiн күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрмей алдын ала тағайындалады.
Бұл орайда осы объект бойынша комиссия жұмысының басталу және аяқталу мерзiмдерi белгiленедi.
4. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының мiндетiне:
1) жұмыс комиссиясы анықтаған шалағайлықтардың, жобадан, құрылыс нормалары мен ережелерiнен ауытқушылықтардың жойылуын тексеру;
2) сәулет-құрылыс, инженерлiк және технологиялық шешiмдердiң, сондай-ақ тұтас алғанда объектiнiң iлгерiшiлдiгiн бағалау;
3) қолданысқа енгiзiлетiн объектiнiң (кешеннiң) жобалық қуатының (сыйымдылығының) сәйкестiгiн тексеру;
4) қажет болған жағдайда, технологиялық жабдықтар мен инженерлiк жүйелерге бақылаушылық байқау және сынақ жүргiзу;
5) комиссияны тағайындаған инстанция объектiнiң пайдалануға жарамсыздығы туралы дәлелдi қорытынды берiп, жобалау-iздену және (немесе) құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасыз орындалуына жол берген лауазымды адамдарды заңдарда белгiленген тәртiппен жауапқа тарту жөнiнде ұсыныс жасау кiредi. Бұл орайда қорытындының көшiрмелерi тапсырысшыға (құрылыс салушыға) және бас мердiгерге жiберiлуге тиiс.
5. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының салынған объектiнi пайдалануға қабылдау фактiсi Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген бiрыңғай нысандағы актiмен ресiмделедi.
6. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының барлық мүшелерi қол қойған, объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiн комиссияны тағайындаған инстанция бекiтедi.
Мемлекеттiк қабылдау комиссиясы мүшесiнiң (мүшелерiнiң) айрықша пiкiрi болған жағдайда, комиссия қабылдау актiсi бекiтiлгенге дейiн туындаған қарсылықтарды өзiн тағайындаған мемлекеттiк басқару органының қатысуымен қарауға тиiс.
7. Өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына:
1) комиссияны тағайындаған мемлекеттiк басқару органының комиссия төрағасы тағайындайтын жауапты өкiлi;
2) комиссия төрағасының орынбасары тағайындайтын бас жобалау ұйымының өкiлi;
3) тапсырысшының (инвестордың, құрылыс салушының), пайдаланушы ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердің), бас мердiгердiң, жергiлiктi атқарушы органдардың, iшкi жобалаушылардың (жоба бөлiмдерiн әзiрлеушiлердiң), мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясының, мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, мемлекеттiк өртке қарсы қадағалау, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қадағалау орындарының өкілдерi кiредi.
8. Өндiрiстiк мақсаттағы объектілердi қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына:
1) өнеркәсiп және кен қадағалау жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу жөнiндегi мемлекеттiк қызмет өкiлдерi - осы органдардың бақылауындағы магистральдық мұнай өнiмдерi құбырларын, газ құбырлары мен басқа объектiлердi қабылдаған кезде;
2) күрделi немесе бiрегей технологиялық жабдықтарды дайындаушы кәсiпорынның және монтаждау ұйымдарының өкiлдерi - осындай жабдықтар бар объектiлердi қабылдаған кезде;
3) темiр жолдарды басқаратын мемлекеттiк органдардың өкiлдерi - кiрме темiр жолдары бар объектiлердi қабылдаған кезде;
4) жер ресурстарын басқару жөніндегi уәкiлеттi органның, сондай-ақ жер пайдаланушы қожалықтардың өкiлдерi - суландыру және құрғату жүйелерiн, қайтадан қалпына келтiрiлген жерлердi, қорғаныш ағаш екпелерiн, эрозияға қарсы гидротехникалық құрылыстарды және басқа жер құнарлығын арттыру мен оны қорғау мақсатында салынған объектiлердi қабылдаған кезде;
5) мемлекеттiк мал дәрiгерлiк қызметiнiң өкiлдерi - осы органдардың немесе мал дәрiгерлiк ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердiң) бақылауындағы объектiлердi қабылдаған кезде;
6) автомобиль жолдарын басқаратын мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк жол инспекциясының (полициясының) өкiлдерi - автомобиль жолдарын қабылдаған кезде;
7) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қадағалау және мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтерiнiң өкiлдерi - газдан тазартатын және шаң соратын құрылғыларды қабылдаған кезде;
8) төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк басқару органдарының өкiлдерi - азаматтық қорғаныс ғимараттарына (үй-жайларына) немесе азаматтық қорғаныстың жеке тұрған ғимараттарына жапсарлас салынған объектiлердi қабылдаған кезде енгiзiледi.
9. Тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi қабылдаған кезде мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына:
1) жергiлiктi атқарушы органның комиссия төрағасы тағайындайтын жауапты өкiлi;
2) комиссия төрағасының орынбасары тағайындайтын мемлекеттiк құрылыс инспекторы;
3) тапсырысшының (инвестордың, құрылыс салушының), жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органының, пайдаланушы ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердiң), бас мердiгердiң, бас жобалау ұйымының (жоба авторларын қоса алғанда), мемлекеттiк өртке қарсы қадағалау және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтерiнiң өкiлдерi енгiзiледi.
Жобаны әзiрлеушiнiң тұрған жерi (орналасқан жерi) объект салынып жатқан елдi мекеннен тыс жерде болған жағдайда, осы жобалау ұйымының жергiлiктi атқарушы органдарға жазбаша өтiнiшi бойынша оның өкiлiнiң орнына мемлекеттiк қабылдау комиссиясына жергiлiктi жобалау ұйымының өкiлi енгiзiлуi мүмкiн.
10. Сондай-ақ тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына:
1) су ресурстарын мемлекеттiк басқару органдарының және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қадағалау қызметiнiң өкiлдерi - су жинауға және су ағызуға байланысты объектiлердi қабылдаған кезде;
2) тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлер құрылысының жобаларын әзiрлеудi жүзеге асыратын денсаулық сақтау, бiлiм беру, ғылым, мәдениет, туризм және спорт мемлекеттiк басқару органдарының өкiлдерi - тиiстi мақсаттағы объектiлердi қабылдаған кезде енгiзiледi.
11. Қайта қабылдауды қоса алғанда, мемлекеттiк қабылдау комиссиясының жұмыс процесiнде жасалған шығындарын тапсырысшы өтейдi.
79-бап. Салынған объектілердi пайдалануға өткiзуге және қабылдауға қатысушылардың жауапкершiлiгi
Салынған объектiлердi пайдалануға, өткiзуге және қабылдауға қатысушылар, соның iшiнде тапсырысшылар (инвесторлар, құрылыс салушылар), iздену, жобалау, құрылыс-монтаж жұмыстарына мердiгерлiктiң жауапты орындаушылары, құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын және жабдықтарын дайындаушылар мен берушiлер, сондай-ақ құрылыстың және жабдықтарды монтаждаудың барысын оралымды қадағалау қызметтері, мемлекеттік қабылдау немесе қабылдау комиссиясының және жұмыс комиссиясының мүшелері, басқа да қатысушылар азаматтардың өміріне немесе денсаулығына төнген қауіп, сондай-ақ жіберілген жолсыздықтар не міндетті нормативтік талаптардан (ережелерден, шектеулерден) ауытқушылық салдарынан мемлекеттік, қоғамдық немесе жеке мүдделерге келтірілген залал (зиян) үшін Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленгендей жауапты болады.
Қазақстан Республикасының