1. Уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдау жолдарын жеке меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан жердi алып қоймай, жерiнен жол өтетiн жеке меншiк иелерiмен немесе жер пайдаланушылармен келiсе отырып, аудандық (аудан аумағында) немесе облыстық (екi немесе одан көп аудандардың аумағында) атқарушы органдар белгiлей алады.
2. Мал иелерi малды жолмен айдап өткен кезде келтiрiлген залал үшiн жеке меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың алдында жауап бередi.
54-бап. Жер учаскелерiн iздестiру жұмыстары үшiн пайдалану
1. Геологиялық, геофизикалық, iздеу, геодезиялық, топырақ, геоботаникалық, жерге орналастыру, археологиялық және басқа да iздестiру жұмыстарын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар бұл жұмыстарды жеке меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алмай-ақ жүргiзе алады.
2. Осы баптың 1-тармағында келтiрiлген жұмыстарды жүргiзу үшiн жер учаскелерiн пайдалануға рұқсатты, оның қолданылатын мерзiмiн көрсете отырып - аудандық, қалалық, поселкелiк, ауылдық, селолық атқарушы органдар, ал егiстiкте, жақсартылған шабындықтар мен жайылымдарда, көп жылдық екпелер бар жерде, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерi мен орман қоры жерiнде облыстық атқарушы органдар бередi.
3. Аталған жұмыстарды жүргiзу мерзiмдерi, орны, жердi пайдаланғаны үшiн төлемдердiң мөлшерi, залалды өтеу және жердi нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жөнiндегi мiндеттер, сондай-ақ басқа да жағдайлар iздестiрушiнiң жеке меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен жасасқан шартында белгiленедi.
4. Iздестiру жұмыстары үшiн пайдаланылатын жер учаскелерiн тiкелей мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жеке меншiк иесi немесе жер пайдаланушы мен іздестіруші арасындағы шартта, учаскелерді мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жөнiндегi жұмыстар iздестiру жұмыстарының барысында, ал бұл мүмкiн болмаған жағдайда - жұмыстар аяқталғаннан кейiн, топырақтың тоңдану кезеңiн қоспағанда, бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жүргiзiлуге тиiс екенi ескерiле отырып анықталады.
55-бап. Басқа да сервитуттар
Заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген жағдайларда осы заңда аталғандардан басқа да сервитуттар белгiленуi мүмкiн.
56-бап. Жер учаскесiне құқық ауысқан кезде сервитуттың сақталуы
1. Сервитут ауыртпалығы бар жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер учаскесiн пайдалану құқығы басқа тұлғаға ауысқан жағдайда сервитут сақталады.
2. Сервитут мәмiленiң, оның iшiнде сатып алу-сатудың және кепiлге салудың дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа тұлғаларға қамтамасыз етiлуi үшiн сервитут белгiленген құқықпен бiрге ғана ауыса алады.
57-бап. Сервитуттың тоқтатылуы
1. Сервитуттың қолданылуы құқық иесiнiң бас тартуы, ұзақ уақыт (3 жыл) пайдаланылмауы, сервитут белгiленген мерзiмнiң өтуi нәтижесiнде, тараптар арасындағы келiсiм негiзiнде, сот шешiмi негiзiнде және заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер бойынша тоқтатылады.
2. Сервитуттың қолданылуы заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген негiздер бойынша бiржақты тәртiппен тоқтатылады.
3. Сервитут оны құқық иесiнiң тиiсiнше пайдаланбауына байланысты жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының талап етуi бойынша, сондай-ақ ол белгiленген себептердiң ендiгi жерде болмауы себептi сот тәртiбiмен тоқтатылуы мүмкiн.
4. Сервитут белгiлi бiр мерзiмге белгiленген жағдайда оның қолданылуы, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгіленбесе, белгiленген мерзiм аяқталған соң тоқтатылады. Сервитут шарт негiзiнде талап етiлетiн кезге дейiн немесе белгiсiз мерзiмге белгiленген жағдайларда сервитуттың қолданылуы сервитут ауыртпалығы бар жылжымайтын мүлiк иесiнiң сервитутты тоқтату туралы талап еткен кезiнен бастап бiр ай мерзiм өткен соң тоқтатылады.
58-бап. Сервитутты тiркеу
1. Егер осы бапта және жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы заң актiсiнде өзгеше белгiленбесе, құқық иесiне бөтен жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын беретiн сервитуттардың пайда болуы, өзгертiлуi және тоқтатылуы құқық кадастрында мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
2. Нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде пайда болатын сервитуттар, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы заң актiсiне сәйкес тiркеу объектiлерi болып табылмайтын өзге де сервитуттар мемлекеттiк тiркелуге жатпайды.
8-тарау. ЖЕР УЧАСКЕСI МЕН ЖЕР ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫН КЕПIЛГЕ САЛУ
59-бап. Кепiлдiң нысанасы
1. Кепiл салушыға жеке меншiк құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесi кепiл нысанасы болуы мүмкiн.
2. Егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiнiң және жер пайдалану құқығының кепiлiне жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы ережелер қолданылады.
3. Кепiлге салынған жер учаскесi немесе жер пайдалану құқығы кепiл ұстаушының меншiгiне айналған жағдайда осы Заңға байланысты жер учаскесiне құқығы бола алмайтын тұлғаларға қатысты осы Заңның 49-бабында белгiленген нормалар қолданылады.
60-бап. Жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салуды шектеу
1. Жер учаскесiне немесе жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасауға тыйым салынған жағдайларда (осы Заңның 26-бабының 2-тармағы) жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепілге салуға жол берілмейдi.
2. Егер жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн нысаналы мақсатына сәйкес дербес учаске ретiнде пайдалану мүмкiн болмаса, жер учаскесiнiң бұл бөлiгiн немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Кепiлге салынатын жер учаскесiнде немесе оның кепiлге салынатын бөлiгiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) қоса кепiлге салмайынша, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн не бүкiл жер учаскесiне немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Бөлiнбейтiн жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) қоса кепiлге салмайынша бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе оған жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Yй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалануға қажеттi бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын қоса кепiлге салмайынша, не үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiне жер пайдалану құқығын қоса кепiлге салмайынша, ол үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне кепiлдi белгілеген кезде осы Заңның 35-бабының 3-тармағында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
3. Ортақ меншiктегi бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе бөлiнбейтiн жер учаскесiне ортақтасып жер пайдалану құқығын кепiлге салуға ортақ меншiкке немесе ортақтасып жер пайдалануға барлық қатысушылардың жазбаша келiсiмi болған жағдайда жол беріледi.
4. Жер учаскесiн жалға беру нысанында ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығын жалдау шартының қолданылу мерзіміне кепілге салуға болады.
Қысқа мерзiмдi өтеулi уақытша және өтеусiз уақытша жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
61-бап. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) бар жер учаскесiн немесе сондай жер учаскесiне жер пайдалану құқығын кепiлге салу
1. Бөлiнетiн жер учаскесiне орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу онымен бiрге, егер тараптардың келiсiмiнде жер учаскесiнiң немесе жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығының аталғаннан үлкен бөлiгi кепiлге берiлмейтiн болса, үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оған қызмет көрсетуге қажеттi бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгi немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығы, не бүкiл жер учаскесi немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығы кепiлге салынатынын бiлдiредi.
Бөлiнбейтiн жер учаскесiне не өзiнде орналасқан жылжымайтын мүлiкке қызмет көрсетуге әдейi арналған жер учаскесiне орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу сонымен бiрге бүкiл жер учаскесiнiң немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығының кепiлге салынатынын білдiредi.
Yйлер (құрылыстар, ғимараттар) кепілге салынған жағдайда тиiстi жер учаскесiнiң немесе оның бөлiнетiн бөлiгiнiң не жер учаскесiне немесе оның бөлiнетiн бөлiгiне жер пайдалану құқығының құны ескерiлуге тиiс.
2. Егер бөлiнбейтiн жер учаскесiнде ортақ меншiктегi (өзге де ортақ заттық құқықтағы) үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан болса, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) кепiлге салу сонымен бiрге үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) орналастыруға, күтуге және пайдалануға қажеттi жер учаскесiнiң кепiлге салынатынын бiлдiредi. Егер аталған жағдайларда кепiл нысанасы заңдарда белгіленген тәртiппен бөлiнген үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) бiр бөлiгi немесе ортақ мүлiкке құқықтағы үлес болса, кепiл сонымен бiрге жер учаскесiндегi кепілге салынған үй (құрылыс, ғимарат) бөлiгiнiң алаңына сәйкес келетiн үлеске белгiленедi. Кондоминиум объектiсiнде орналасқан үй-жайды кепiлге салу сонымен бiрге кондоминиумға қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейтiн заңдарға сәйкес анықталатын ортақ мүлiктегi және жер учаскесiндегi үлестiң де кепiл нысанасы болатынын бiлдiредi.
3. Мемлекеттiк жер пайдаланушылар белгiлi бiр жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) және оның осы үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан, оған қызмет көрсетуге арналған бөлігін кепілге салатын жағдайда ғана өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге салуға құқылы.
62-бап. Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салуды тiркеу
Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу жылжымайтын мүлiкпен жасалатын мәмiлелердi тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
9-тарау. ЖЕР УЧАСКЕСIНЕ МЕНШIК ҚҰҚЫҒЫН, ЖЕР ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫН ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ТОҚТАТУ
63-бап. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтату негiздерi
1. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы:
1) жер учаскесiн меншiк иесi немесе жер пайдалану құқығын жер пайдаланушы басқа тұлғаларға иелiктен шығарып берген;
2) меншiк иесi меншiк құқығынан немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығынан бас тартқан;
3) жер учаскесiне меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан заң актiлерiнде көзделген өзге де реттерде айрылған жағдайларда тоқтатылады.
2. Меншiк иесiнен жер учаскесiн және жер пайдаланушыдан жер пайдалану құқығын алып қоюға (сатып алуға):
1) меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алынған;
2) жеке меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан жер учаскесi мемлекеттiк қажеттер үшiн алып қойылған (сатып алынған);
3) осы Заңның 74 және 75-баптарында көзделген жағдайларда, меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан мақсаты бойынша пайдаланылмай отырған немесе заңдарды бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскесi алып қойылған;
4) меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан радиоактивтi ластануға ұшыраған жер учаскесi оған тең жер учаскесiн берiп алып қойылған;
5) тәркiленген реттен басқа жағдайларда жол берiлмейдi.
3. Бұған қоса, жер пайдалану құқығы мынадай негiздер бойынша тоқтатылуы мүмкiн:
1) учаске берiлген мерзiмнiң өтуі;
2) жер учаскесi кепiлде тұрған жағдайларды қоспағанда, жер учаскесiн жалға беру шартының немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану шартының мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы;
3) соларға байланысты жер пайдаланушыға қызметтiк жер үлесiн беруге негiз болған еңбек қатынастарының тоқтатылуы (осы Заңның 32-бабы).
64-бап. Жеке меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан бас тарту
1. Меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өзiне тиесiлi жер учаскесiне меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан бас тартып, бұл жөнiнде хабарлауы не өздерiне тиесiлi жер учаскесiне құқықтарды сақтауға ниет бiлдiрмей, ол құқықтардан шеттетiлгенiн айқын дәлелдейтiн басқа да iс-әрекеттер жасауы мүмкiн.
Уақытша жер пайдалану құқығынан немесе жеке меншiктегi жер учаскесiн уақытша пайдалану құқығынан бас тарту жалдау шартын немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану туралы шартты тоқтату үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы меншiк немесе жер пайдалану құқықтарынан бас тартқандығын айқын дәлелдейтiн iс-әрекет жасаған жағдайда (басқа жаққа кету, учаскенi ұзақ уақыт бойы пайдаланбау және басқалар) бұл учаскенi жер кадастрын жүргiзетiн органдар иесiз мүлiк ретiнде есепке алып, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тіркеудi жүзеге асыратын органға хабарлайды.
Иесiз мүлiк ретiнде есепке алынған күннен бастап бiр жыл өткен соң тиiстi атқарушы орган жер учаскесiн мемлекеттiк меншiкке түстi деп тану туралы талап қойып, сотқа жүгіне алады. Сот шешімі бойынша мемлекеттiк меншiкке түстi деп танылмаған иесiз жер учаскесi қалдырып кеткен меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының иеленуiне, пайдалануына және билiк етуiне қайта алынуы не сатып алу мерзiмiнiң өтуi себептi меншiкке немесе жер пайдалануға сатып алынуы мүмкiн.
3. Иесiз мүлiк ретiнде есепте болған кезiнде мұндай учаске басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн.
65-бап. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу
Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу кезiнде (осы Заңның 46-бабы) меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы заңдарда көзделген тәртiппен меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы ауысатын тұлғада алынған жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы пайда болған кезден бастап тоқтатылады.
66-бап. Жер учаскесiн мемлекеттiк қажеттер үшiн алып
қою немесе сатып алу
1. Жер учаскесi мемлекеттiк қажеттер үшiн сатып алу немесе жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының келiсiмiмен соған тең басқа жер учаскесiн беру арқылы алып қойылуы мүмкiн.
2. Жер учаскелерiн мемлекеттiк қажеттер үшiн алып қоюға немесе сатып алуға:
1) халықаралық мiндеттемелер;
2) қорғаныс мұқтажына, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсатқа арнап жер беру;
3) учаскенiң астынан пайдалы қазба кенiштерiнiң (жалпы таралғандарынан басқасының) табылуы;
4) жол салу, электр, байланыс желiлерi мен магистральды құбыр жолдарын тарту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мемлекеттік маңызы бар басқа да объектілер салу;
5) қалалар мен өзге де елдi мекендердің бас жоспарлары, аумақты аймақтарға бөлу схемалары және белгiленген тәртiппен бекiтiлген өзге де қала құрылысы немесе жерге орналастыру құжаттамасы негiз болып табылады.
3. Заң актiлерiнде осы баптың 2-тармағында аталғандарынан басқа да негiздер көзделуi мүмкiн.
4. Өтеусiз уақытша жер пайдалануға берiлген жер учаскесiн мемлекеттiк қажеттерге алып қою жер пайдалану құқығын сатып алусыз жүзеге асырылады. Жер пайдаланушыларға залалдар толық көлемiнде өтеледi, сондай-ақ олардың қалауы бойынша басқа жер учаскесi берілуi мүмкін.
67-бап. Жер учаскесiн сатып алу
1. Мемлекеттiк қажеттер үшiн меншiк иелерiнен және мемлекеттiк емес жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қою, егер олар жер пайдалану құқығын сатып алған болса, азаматтық заңдарға сәйкес сатып алу тәртiбiмен жүзеге асырылады.
2. Жер учаскесiнiң меншiк иесiне немесе мемлекеттiк емес жер пайдаланушыға, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, сатып алу туралы шешiм қабылдаған орган бұл жөнiнде учаскенi сатып алудан кемiнде бiр жыл бұрын жазбаша түрде хабарлауға тиiс. Меншiк иесi немесе жер пайдаланушы, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, осындай хабар алған күннен бастап бiр жыл өтпей тұрып жер учаскесiн сатып алуға меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының келiсiмiмен ғана жол берiледi.
Ескерту. 67-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 10.07.01 ж. N 227-II Заңымен
68-бап. Мемлекеттiк қажеттер үшiн сатып алынуға тиiстi жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушысының құқығы
Мемлекеттiк қажеттер үшiн сатып алынуға тиiстi жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушысы сатып алу туралы шешiм қабылданған кезден бастап, учаскенiң бағасы туралы келiсiм жасалғанға немесе учаскенi сатып алу туралы сот шешiмi қабылданғанға дейiн жер учаскесiне қатысты өздерiне тиесiлi құқықтарды жүзеге асыруы және учаскені оның мақсатына сәйкес пайдалануды қамтамасыз ететін қажетті шығындар жұмсауы мүмкiн. Бұл орайда меншiк иесi немесе жер пайдаланушы аталған кезеңде жер учаскесiндегi жаңа құрылысқа, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) кеңейтуге немесе қайта құруға байланысты шығындар мен залалды өздерi көтеруге тәуекел жасайды.
Егер жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы жер учаскесiнiң бiр бөлiгi алып қойылғаннан кейiн қалған бөлiгiн бұрынғы мақсаты бойынша пайдалана алмаса, онда бүкiл жер учаскесi сатып алынады.
69-бап. Сатып алынатын жер учаскесi үшiн төленетiн баға
1. Мемлекеттiк қажеттер үшiн сатып алынатын жер учаскесiне төленетiн баға, сатып алудың мерзiмi мен басқа да жағдайлар меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен келiсiм арқылы белгiленедi.
2. Сатып алынатын жер учаскесi үшiн төленетiн бағаны анықтау кезiнде оған жер учаскесiнiң немесе оған құқықтың және онда орналасқан жылжымайтын мүлiктiң нарықтық құны, сондай-ақ үшiншi тұлғалар алдындағы мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға байланысты өздерi шеккен залалды қоса алғанда, жер учаскесiнен айрылуға байланысты меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген барлық залал енгiзіледi.
3. Меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен келiсiм бойынша мемлекеттiк қажеттер үшiн сатып алынатын жер учаскесiнiң орнына оларға осы жер учаскесiнiң немесе оған құқықтардың құнын бағаға есептей отырып, басқа жер учаскесi берiлуi мүмкiн. Мемлекеттiк қажеттер үшiн алынатын жер учаскесi немесе оған құқық мемлекеттен сатып алынуға тиiстi болып, бiрақ сатып алу жүргiзiлмеген жағдайларда, жер учаскесiнiң нарықтық құны бағаға қосылмайды, жер пайдаланушымен келiсiм бойынша оның орнына оған басқа жер учаскесi берiлуi мүмкiн.
70-бап. Жер учаскесiн сот шешiмi бойынша сатып алу
Егер меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өздерiнен жер учаскесiн мемлекеттiк қажеттер үшiн сатып алу туралы шешiммен келiспесе не олармен сатып алынатын жер учаскесi үшiн төленетiн баға немесе сатып алудың басқа да жағдайлары туралы келiсiмге қол жеткiзiлмесе, сатып алу туралы шешім қабылдаған мемлекеттік орган сотқа жер учаскесін сатып алу туралы талап-арыз бере алады.
Мұндай талап-арыз учаскенiң меншiк иесiне немесе жер пайдаланушысына, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, осы Заңның 67-бабының 2-тармағында аталған хабарлама жiберiлген кезден бастап бiр жыл өткен соң, бiрақ екi жылдан кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
Ескерту. 70-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 10.07.01 ж. N 227-II Заңымен
71-бап. Мемлекеттiк қажеттер үшiн мемлекеттiк жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою
Мемлекеттiк қажеттер үшiн мемлекеттiк жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою оны алып қоюды жүзеге асыратын атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
Мұндай шешiмге жоғары тұрған органға не сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн. Шағым беру алып қою туралы шешiмнің орындалуын тоқтата тұрады.
72-бап. Жекелеген санаттағы жердi алып қоюды шектеу
Кадастрлық бағасы аудандық орташа деңгейден жоғары ауыл шаруашылық алқаптарын, сондай-ақ қала маңындағы аймақтардың, ауыл шаруашылық, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық бағдардағы ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжiрибелiк танаптарының, орман қорының жерiн алып қоюға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге, халықаралық мiндеттемелердi орындауға, учаскенiң астынан бағалы пайдалы қазбалар кенiшiнiң табылуына, жолдар, электр, байланыс желiлерi мен магистралды құбыр жолдарын, сондай-ақ мемлекеттiк маңызы зор объектiлер салуға байланысты ерекше жағдайларда ғана жол берiледi.
73-бап. Төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесiн уақытша алып қою
1. Дүлей зiлзалалар, авариялар, эпидемиялар, эпизоотиялар жағдайында және өзге де төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесi жергілiктi атқарушы органдардың шешiмiмен меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан олардың шеккен залалын өтей отырып, қоғам мүдделерi үшiн уақытша алып қойылуы мүмкiн. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының шеккен залалы өтелетiн баға жөнінде сот тәртібімен дауласуға болады.
2. Төтенше жағдайлардың қолданылуы тоқтатылған кезде жер учаскесi меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) қайтарылуға тиiс және дау туындаған жағдайда ол сот тәртiбiмен оның қайтарылуын талап етуге құқылы.
3. Жер учаскесiн меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға қайтару мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны өтеледi.
4. Жер учаскесi уақытша алып қойылған кезде мүлiктi, соның iшiнде жылжымайтын мүлiктi реквизициялау тәртiбi азаматтық заңдардың нормалары бойынша жүзеге асырылады.
74-бап. Жер пайдаланушыдан мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жер учаскесiн алып қою
Егер заңдарда неғұрлым ұзақ мерзiм көзделмесе, ауыл шаруашылық өндiрiсiне не тұрғын үй құрылысы мен өзге де құрылысқа арналған учаске бiр жыл iшiнде тиiстi мақсатында пайдаланылмаған жағдайларда жер учаскесi жер пайдаланушыдан алып қойылуы мүмкiн. Учаскенi игеру үшiн қажеттi уақыт, сондай-ақ дүлей зiлзалалар салдарынан немесе осылайша пайдалануға мүмкiндiк бермеген өзге де мән-жайларға байланысты учаскенi мақсаты бойынша пайдалану мүмкiн болмаған уақыт бұл кезеңге кiрмейдi.
75-бап. Заңдарды бұза отырып пайдаланылған жер учаскесiн
меншiк иесi мен жер пайдаланушыдан алып қою
Егер учаскенi пайдалану осы Заңда немесе өзге де заңдарда белгiленген жердi ұтымды пайдалану ережелерiн өрескел бұзу арқылы жүзеге асырылса, атап айтқанда, учаске нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаса немесе оны пайдалану ауыл шаруашылық жерi құнарлылығының едәуiр төмендеуiне не экологиялық жағдайдың едәуiр нашарлауына әкеп соғатын болса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарда көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін жер учаскесі меншiк иесi мен жер пайдаланушыдан алып қойылуы мүмкiн.
76-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмайтын не заңдарды бұза
отырып пайдаланылатын жер учаскесiн алып қою тәртiбi
1. Меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан жер учаскесiн осы Заңның 74 және 75-баптарында көзделгендей алып қою уәкілеттi органның талабы бойынша сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
2. Осы Заңның 74-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн алып қою туралы талап жер пайдаланушыға талап қойылғанға дейiн кемiнде бiр жыл бұрын учаскенi мақсаты бойынша пайдалану қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн және осы уақыт iшiнде жер пайдаланушы учаскенi мақсаты бойынша пайдалану жөнiнде қажеттi шаралар қолданбаған жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.
3. Осы Заңның 75-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн алып қою туралы талап әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарда көзделген жазалау шаралары қолданылып, меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға заңдардың бұзылуын жою қажеттiгi туралы талап қабылдардан кемiнде үш ай бұрын жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн ғана және осы мерзiм iшiнде меншiк иесi немесе жер пайдаланушы учаскенi пайдалану кезiнде заңдардың бұзылуын жоймаған жағдайда берiлуi мүмкiн.
Егер меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының заңдарды бұзуы учаскенi нысаналы мақсатта пайдаланбауда болса, алып қою туралы талап берерден бұрын уәкiлеттi орган учаскенiң меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өтiнiмi бойынша жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселенi қарауға мiндеттi, бұл ретте учаскенiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе дұрыс шешiлмеген жағдайда ғана оны алып қоюға талап қойылуы мүмкiн.
4. Осы Заңның 74 және 75-баптарында аталған негiздер бойынша сот шешiмiмен учаскенi меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан алып қойған жағдайда жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы азаматтық iс жүргiзу және атқарушылық заңдарында белгiленген тәртіппен жария саудада сатылады, ал одан түскен сома учаскені алып қою кезiндегi шығыстар шегерiле отырып, бұрынғы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға төленедi. Бiр жыл iшiнде кемiнде үш рет саудаға шығарудан кейiн ондай жер учаскелерiн немесе оларға жер пайдалану құқықтарын сату мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесi сот шешiмiмен арнаулы жер қорына есептеледi.
77-бап. Тәркiлеу
Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда, қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылық жасағаны үшiн меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан жер учаскесi сот тәртiбiмен санкция түрiнде өтеусiз алып қойылуы мүмкiн.
Сотталған адам және оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, сотталған адамға жеке меншiк құқығымен тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, үй мен қора-қопсы орналасқан жер учаскелерi, сотталған адам мен оның асырауындағы адамдарға қажеттi жер учаскесi, сондай-ақ қылмыстық атқару заңдарында көзделген тiзбеге сәйкес өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығын жүргiзу үшiн қажеттi жер учаскелерi тәркiленбеуге тиiс.