36-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн жер учаскелерi
1. Жер учаскесi бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн. Нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитариялық, экологиялық, құрылыстық және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбай бөлiктерге бөлуге болатын, бөлiнгеннен кейiн әрқайсысы дербес жер учаскесiн құрайтын жер учаскесi бөлiнетiн жер учаскесi болады, ал олай болмаған жағдайда ол бөлiнбейтiн болып табылады.
2. Жер учаскесiнiң бөлiнбейтiндiгi жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжатта көрсетiледi.
3. Туындайтын қатынастардың мәнi негiзге алына отырып, осы Заңға және жылжымайтын мүлiкке құқықты мемлекеттiк тiркеу туралы заңдарға сәйкес, мәмiле нысанасы шартта оны сипаттап көрсету жолымен немесе жер учаскесiнiң жоспарында жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне белгiленетiн құқықтың қолданылу аясын көрсету арқылы анықталуы мүмкiн жағдайларды қоспағанда, бөлінетін жер учаскесінің бір бөлігімен мәміле жасалған кезде бұл бөлiк белгiленген тәртiппен алдын ала дербес жер учаскесiне бөлiнуге тиiс.
37-бап. Жер учаскесiне құқық және онда орналасқан үйге (құрылысқа, ғимаратқа) құқық
1. Yйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оларды оралымды басқару құқығы, осы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, аталған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiне заңдарда белгiленген тәртiппен меншiк құқығын (осы Заңның 18-бабы) не тұрақты жер пайдалану құқығын (осы Заңның 27-бабы) немесе ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығын (осы Заңның 28-бабы) әпередi. Егер жер учаскесiнде орналасқан бiрнеше үйлер (құрылыстар, ғимараттар) екi немесе одан да көп тұлғаның бөлек (дара) немесе ортақ меншiгiнде болса, жер учаскесi олардың ортақ үлестiк меншiгiне, ал заң актiлерiнде белгiленген жағдайларда бiрлескен ортақ меншiгiне (ортақтасып жер пайдалануына) ауысады.
Аталған құқықтарды бiр-бiрiнен ажыратуға болмайды.
2. Yйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) (аяқталмаған құрылысты қоса алғанда) және басқа да жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оралымды басқару құқығы ауысқан жағдайда бүкiл жер учаскесiне не үй (құрылыс, ғимарат) иелiктен алынған кезде оның дербес жер учаскесi болып бөлiнген белгiлi бiр бөлiгiне меншiк құқығы, ал осы заңда белгiленген жағдайларда, тұрақты немесе ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы, егер жер учаскесi бөлiнбесе немесе бөлуге болмайтындығына байланысты бөлiнбеуге тиiстi болса, жер учаскесiне ортақ меншiк құқығындағы немесе ортақтасып жер пайдалану құқығындағы үлесi сатып алушыға ауысады.
Жер учаскесiн бөлген кезде үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға бөлiнетiн жер учаскесiнiң үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi бөлiгi бөлiп беріледi. Тараптардың келiсiмi бойынша үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң үйдi (құрылысты, ғимаратты) пайдалану және күтiп ұстау үшiн қажет болатын бөлiктен үлкен бөлiгi берiлуi мүмкiн.
Егер аталған учаске бөлiнбейтiн болса не онда орналасқан, иеліктен шығару нысанасы болып табылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) күтуге әдейi арналған болса, ол жылжымайтын мүлiктi сатып алушыға толық ауысады.
3. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне меншiк құқығын не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен алуға аталған жылжымайтын мүлiктi тиiсiнше иелiктен алмайынша жол берiлмейдi.
4. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) уақытша пайдалануға беруi аталған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды пайдалануға арналған жер учаскесiнiң дәл сондай мерзiмге уақытша жер пайдалануға берiлуiне жеткiзедi.
Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды пайдалануға арналған жер учаскесiн басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беруге аталған жылжымайтын мүлiк тиiсiнше уақытша пайдалануға берiлмейiнше рұқсат етiлмейдi.
5. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын басқа тұлғаларға иелiктен шығарып беруге құқығы болмаған жағдайда, егер осы заңда өзгеше белгiленбесе, оның сол учаскеде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) де иелiктен айыруға құқығы жоқ.
6. Уақытша жер пайдаланушы осы Заңның 47-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында белгiленген тәртiппен жер учаскесiне жер учаскесi меншiк иесiнiң рұқсатымен және тиiстi қызметтердiң келiсiмдерi болған жағдайда тұрғызылған үйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншiк құқығын сатып алған реттерде жер учаскесi шарт мерзiмi бiткеннен кейiн қайтарылуға тиiс. Тараптардың келiсiмiмен бөтен жер учаскесiне тұрғызылған үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) меншiк иесi құқығын iске асырудың өзге де тәртiбi белгiленуi мүмкiн.
38-бап. Жер учаскесiне ортақ меншiк немесе ортақтасып жер пайдалану
1. Екi немесе бiрнеше тұлғаның меншiгiндегi жер учаскесi оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Жер учаскесiне ортақ меншiк заң актiлерiнде көзделген реттерде учаске бөлiнбейтiн болған жағдайда (осы Заңның 36-бабы), сондай-ақ меншiк иелерi өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн бiр учаскеге ерікті түрде бiрiктiрген кезде пайда болады.
3. Жер учаскесi әрбiр меншiк иесiнiң үлесi анықталған (үлестiк меншiк) немесе үлестер анықталмаған (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн.
4. Ортақтасып жер пайдалану құқығы осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында көзделген негiздерде пайда болады.
5. Егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақтасып үлестiк жер пайдаланудағы жер учаскесiндегi жер үлестерi жер құқықтары мен мiндеттерiнiң дербес объектiсi болып табылады.
6. Ортақ меншiктегi (ортақтасып жер пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртiбi ортақ меншiкке (ортақтасып жер пайдалануға) қатысушылар арасындағы шартпен белгiленедi. Олардың арасында келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда пайдалану тәртiбiн сот белгiлейдi. Жер учаскесiн пайдалану тәртiбi туралы қатысушылардың келiсiмi немесе соттың шешiмi жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органда тiркелуге тиiс.
39-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақтасып үлестiк жер пайдаланудағы жер үлесiн анықтау тәртiбi
1. Егер учаскеге ортақ үлестiк меншiкке (ортақтасып үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жер үлестерiнiң мөлшерi заңдар негiзiнде анықтауға мүмкiн болмаса және оның барлық қатысушыларының келiсiмiмен белгiленбесе, жер үлестерi тең болып есептеледi.
2. Ортақ үлестiк меншiктiң (ортақтасып үлестiк жер пайдаланудың) барлық қатысушыларының келiсiмiмен олардың әрқайсысының ортақ жер учаскесiн сатып алуға және игеруге қосқан үлесiне қарай олардың жер үлестерiн анықтау мен өзгерту тәртiбi белгiленуi мүмкiн.
40-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi (ортақтасып үлестiк жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу және одан үлестi бөлiп шығару
1. Ортақ үлестiк меншiктiң (ортақтасып үлестiк жер пайдаланудың) қатысушылары ортақ жер учаскесiн бөлудiң әдiсi мен шарттары жөнiнде келiсiмге келе алмаған жағдайда әрбiр қатысушы ортақ жер учаскесiнен өзiнiң жер үлесiн нақты (орналасқан жерiнде) бөлiп берудi талап етуге құқылы, бұған осы Заңның 44-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар мен заң актiлерiнде белгiленген басқа да жағдайлар қосылмайды.
2. Егер жер үлесiн нақты бөлiп беруге заң актiлерiнде жол берiлмесе немесе жер учаскесіне және онымен тығыз байланысты нәрсенің бәріне қисынсыз залал келтiрмей жасалмайтын болса, бөлiнiп шығатын меншiк иесiнiң (жер пайдаланушының) ортақ үлестiк меншiкке (ортақтасып жер пайдалануға) басқа қатысушылардан өзiнiң жер үлесiнiң құнын төлетуге құқығы бар, бұған жер үлесi кондоминиум объектiсiнiң құрамында болатын жағдай қосылмайды.
41-бап. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақтаса бiрлесiп жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу
1. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақтаса бiрлесiп жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлудi әрбiр қатысушының жер үлесi алдын ала анықталған жағдайда жүзеге асыруға болады.
2. Егер заң актiлерiнде немесе қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақтаса бiрлесiп жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу кезiнде әрбiр қатысушының үлесi тең болып есептеледi.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақтаса бiрлесiп жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлудiң шарттары мен тәртiбi, қатысушылар арасындағы қатынастардың мәнiнен өзгеше туындамаса, осы Заңның 39 және 40-баптарына сәйкес белгiленедi.
42-бап. Бөлiнбейтiн болып танылған жер учаскесiн бөлуге жол берiлмейтiндiгi
1. Егер жер учаскесi осы Заңның 36-бабына сәйкес бөлiнбейтiн болып танылса, оны бөлуге және одан жер үлесiн нақты бөлiп алуға жол берiлмейдi.
2. Бұл жағдайда үлестiк немесе бiрлескен меншiктiң (жер пайдаланудың) бөлiнiп шығатын қатысушысының, кондоминиум объектiлерiн қоспағанда, жер учаскесiне ортақ меншiктiң (ортақтасып жер пайдаланудың) басқа қатысушыларынан өзiнiң жер үлесiнiң құнын төлетiп алуға құқығы бар.
43-бап. Жер учаскесiне ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi
1. Ерлi-зайыптыларға тиесiлi меншiк құқығының немесе жер пайдалану құқығының құқықтық режимi Қазақстан Республикасының азаматтық және ерлi-зайыптылар арасындағы мүлiктiк қатынастарды реттейтiн неке-отбасы заңдарында көзделген нормаларға сәйкес белгiленедi.
2. Ерлi-зайыптыларға олар некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың мұрагерлiк тәртiбiмен, сыйға алған жер учаскелерi мен жер үлестерi олардың әрқайсысының меншiгiнде (жер пайдалануында) болады.
Егер некеде тұрған кезiнде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi есебiнен осы жер учаскелерiнiң құнын едәуiр арттыратын еңбек сiңiрiлгенi анықталса және ерлi-зайыптылар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының жер учаскелерi олардың бiрлескен меншiгi (бiрлесiп жер пайдалануы) болып танылуы мүмкiн.
3. Ерлi-зайыптылардың қалауы бойынша жерге меншiк құқығын (жер пайдалану құқығын) куәландыратын құжаттарға жер учаскесiнiң қандай құқықпен сатып алынғаны (ортақ бiрлескен немесе ортақ үлестiк меншiк, ортақтаса бiрлесiп жер пайдалану немесе ортақтаса бiрлесiп үлестiк жер пайдалану) көрсетiле отырып, ерлi-зайыптылардың екеуiнiң де аты-жөнi енгiзiлуi мүмкiн.
4. Жер учаскесiн бөлу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрлескен меншiктегi (бiрлесiп жер пайдаланудағы) үлестерiн анықтау тәртiбi осы Заңның 41-бабымен белгiленедi.
44-бап. Ортақ жер учаскесiндегi жылжымайтын мүлікке меншiк құқығы
1. Егер ортақ жер учаскесiн пайдаланудың заң актiлерiнде немесе шартта белгiленген талаптарына қайшы келмесе, ортақ жер учаскесiндегi жылжымайтын мүлiк меншiк иесiнiң осы жылжымайтын мүлiктi өз қалауы бойынша иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге, соның iшiнде тиiстi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) бұзуға құқығы бар.
2. Ортақ жер учаскесiндегi жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы басқа тұлғаға ауысқан кезде, егер осы заңда өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiне ол жылжымайтын мүлiктiң бұрынғы меншiк иесiнде болған көлемде құқық алады.
45-бап. Бiрнеше пәтерi және (немесе) кiсi тұрмайтын үй-жайлары бар үй және кондоминиумның басқа да объектiлерi жанындағы жер учаскесiне құқық
1. Көп пәтерлi үйдi немесе кондоминиумның өзге де объектiсiн орналастыру, пайдалану, ұстау үшiн қажеттi жер учаскесi белгiленген тәртiппен кондоминиум объектiсi құрамында болатын үй-жайлардың меншiк иелерiнiң ортақ үлестiк меншiгiне өтедi.
Егер осы Заңда өзгеше белгiленбесе, өздерiне үй-жайлар шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен тиесiлi болатын кондоминиум қатысушылары - мемлекеттiк жер пайдаланушылар жер учаскелерiне белгiленген тәртiппен ортақтасып тұрақты жер пайдалану құқығын алады.
Қазақстан Республикасының аумағында жер учаскелерi меншiк құқығымен немесе тұрақты жер пайдалану құқығымен тиесiлi бола алмайтын кондоминиум қатысушыларының жер учаскесiне құқықтары осы Заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес анықталады.
Кондоминиум объектiсiнiң құрамына кiретiн жер учаскесiн бөлуге кондоминиумға барлық қатысушылардың жазбаша келiсiмiмен санитариялық-гигиеналық, экологиялық, өртке қарсы, құрылыс және басқа да нормалар сақталған жағдайда жол берiледi.
2. Yй-жайдың әрбiр меншiк иесiнiң (өзге де құқық иесiнiң) ортақ мүлiктегi үлесi оған тиесілi бөлек (дара) меншiктегi (өзге де заттық құқықтағы) үй-жайдан бөлiнбейдi. Егер кондоминиум қатысушыларының келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, үлестiң мөлшерi бөлек (дара) меншiктегi (өзге де заттық құқықтағы) тұрғын үй-жайдың пайдалы алаңы мен кiсi тұрмайтын үй-жай алаңының осы кондоминиум объектiсiндегi барлық тұрғын үй-жайдың пайдалы алаңының және барлық кiсi тұрмайтын үй-жай алаңының жиынтығына қатынасы арқылы анықталады. Мұндай үлесті нақты бөлiп беруге болмайды (мiнсiз үлес).
Үйдiң iргетасынан тыс (шегiнен тыс) орналасқан жер учаскесiн пайдалану тәртiбi кондоминиум қатысушыларының келiсiмiмен, қоғамдық мүдделерді, санитариялық-гигиеналық, экологиялық, өртке қарсы, қала құрылысы және басқа да нормаларды сақтау шартымен белгiленедi.
3. Үй (құрылыс, ғимарат) жанындағы жер учаскесiн, бұл жер учаскесi үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) қаңқасынан тыс орналасқан және оны пайдалану кондоминиум объектiсiнiң құрамына кiретiн жер учаскесiн пайдалану талаптарына, сондай-ақ санитариялық-гигиеналық, экологиялық, өртке қарсы, құрылыс және басқа нормаларға қайшы келмейтiн жағдайларда кісі тұрмайтын үй-жайлардың жұмыс iстеуiнiң технологиялық қажеттерiн қамтамасыз ету керек болған реттерде кондоминиум қатысушыларының бөлек меншiгiне берiлуi мүмкiн.
4. Пәтерге (үй-жайға) меншiк құқығының басқа тұлғаға ауысуы жер учаскесiне (жер учаскелерiне) құқықтағы тиiстi үлестiң пәтердi (үй-жайды) сатып алушыға ауысуына жеткiзедi.
5. Ортақ меншiктi басқару және оны пайдалану, бүкiл үйдi (жайды, құрылысты, ғимаратты) және үй жанындағы жер учаскесiн (жер учаскелерiн) тиiсiнше күтiп ұстау үшiн кондоминиумға қатысушылар заңдарға сәйкес кондоминиум объектiсiн басқару нысанын таңдап алады.
6. Кондоминиумға қатысушылардың ортақ меншiгiндегi (ортақтасып жер пайдалануындағы) жер учаскесiне құқықты iске асыру, сондай-ақ жер үшiн ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiп пен жағдайларда жүзеге асырылады.
7. Гараж, саяжай және басқа тұтыну кооперативтерiнде қатысушылардың ортақ меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарына кондоминиум туралы нормалар қолданылады.
46-бап. Жеке меншiктегi жер учаскесiнен және жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу
1. Жеке меншiктегi жер учаскесi, сондай-ақ тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы жеке және заңды тұлғалар мүлкiнiң құрамына кiредi, банкрот деп танылған жағдайларды қоса алғанда, олар өз мiндеттемелерi бойынша осы мүлiкпен жауап бередi.
Өндiрiп алуды осы Заңның 26-бабының 2-тармағында келтiрiлген, сондай-ақ мемлекеттiк жер пайдаланушыларға тиесiлi жерге қолдануға болмайды, бұған осы Заңның 30-бабының 3-тармағында көзделген жағдайлар қосылмайды.
2. Жер учаскесi мен тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу азаматтық және азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiлiп, ол жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органда тiркеледi.
6-тарау. ЖЕР УЧАСКЕЛЕРI МЕНШIК ИЕЛЕРIНIҢ ЖӘНЕ ЖЕР ПАЙДАЛАНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
47-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтары
1. Егер осы Заң мен өзге де заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың:
1) жер учаскесiн оның нысанасынан туындайтын мақсатта пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргiзуге;
2) ауыл шаруашылық және өзге де дақылдар егiстерiне және отырғызылған көшеттерге, өндiрiлген ауыл шаруашылық өнiмi мен жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде алынған өзге де өнiмге және оны өткiзуден түскен табысқа меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару;
3) өз шаруашылығының қажеттерi үшiн жер учаскесiнде бар құмды, сазды, қиыршық тасты және басқа да жалпы таралған пайдалы қазбаларды, шымтезектi, екпелердi, жерүстi және жерасты суларын кейiннен мәмiлелер жасасу ниетiн көздемей, белгiленген тәртiппен пайдалану, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн пайдалану;
4) жер учаскесi мемлекеттiк қажеттер үшiн алып қойылған (сатып алынған) жағдайда келтiрiлген залалды толық көлемiнде өтетiп алу;
5) меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару құқығымен жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн тұрғын үйлер, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салу;
6) белгiленген құрылыс, экологиялық, санитариялық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарға сәйкес суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстар жүргізу, тоғандар мен өзге де суаттар жасау құқығы бар.
2. Уақытша жер пайдаланушылар үшiн осы баптың 1-тармағының 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген өкiлеттiк жер учаскесiн беру актiсiмен немесе жалдау шартымен (өтеусiз уақытша жер пайдалану туралы шартпен) шектелуi мүмкiн.
48-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың мiндеттерi
1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
1) жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес, ал уақытша жер пайдаланған кезде - жер учаскесiн беру актiсiне немесе жалдау шартына (өтеусiз уақытша жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға;
2) тиiстi санитариялық және экологиялық талаптарға сәйкес келетiн өндiрiс технологиясын қолдануға, халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтiрiлуiне, өздерi жүзеге асыратын шаруашылық және өзге де қызмет нәтижесiнде санитариялық-эпидемиологиялық, радиациялық және экологиялық жағдайдың нашарлатылуына жол бермеуге;
3) топырақтың құнарлылығын нашарлатпауға, осы Заңның 107-бабында көзделген жер қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға;
4) жер салығын (жалдау ақысын) және заңдар мен шартта көзделген басқа да төлемдердi уақтылы төлеуге;
5) орман, су ресурстары мен басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тәртiбiн сақтауға, жер учаскесiнде орналасқан, заңдарға сәйкес мемлекет қорғайтын тарих, сәулет ескерткiштерi, археологиялық мұра мен басқа да объектiлердiң қорғалуын қамтамасыз етуге;
6) жер учаскесiнде шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асырған кезде құрылыс, экологиялық, санитариялық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптардың (нормалардың, ережелердiң, нормативтердiң) сақталуын қамтамасыз етуге;
7) жердiң жай-күйi мен пайдаланылуы туралы жер заңдарында белгiленген мәлiметтердi мемлекеттiк органдарға уақтылы табыс етіп отыруға;
8) басқа меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;
9) топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу оның бiржола жоғалуын болғызбау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатымен құнарлы қабатты сыдырып алуға жол бермеуге;
10) осы Заңда көзделген тәртiппен сервитуттар берiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Жер пайдаланушылардың заң актiлерiнде және уақытша жер пайдалану туралы шарттарда көзделген басқа да мiндеттерi болуы мүмкiн.
3. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен учаскедегi жер пайдаланушылар, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, жер учаскесiне ауыртпалықтар артатын барлық мiндеттердi (оны мақсаты бойынша пайдалануды, сервитуттар берудi, салықтар мен өзге де мiндеттi төлемдердi төлеудi және басқаларын) орындайды.
Жер учаскесiн пайдаланудың нысаналы мақсаты мен режимiн, сервитуттарды және нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде белгіленген басқа да пайдалану талаптарын жер учаскесi меншiк иесiнің немесе жер пайдаланушының өз бетiмен өзгертуiне болмайды.
49-бап. Осы Заңға сәйкес жер учаскесiне құқықтары бола алмайтын жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша тұлға өзiнің (оның) осы Заңда белгiленген нормаларға сәйкес алуына болмайтын жер учаскесiне құқықты алатын жағдайларда аталған құқық Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген ережелер бойынша бiр жыл iшiнде иелiктен алынуға тиiс немесе аталған мерзiмде осы Заңға сәйкес жерге сондай субъектiнiң алуына болатын құқық етiп қайта ресiмделуге тиiс.
2. Yйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) жер учаскесiне иелiктен алынатын құқық тиесiлi болмайтын тұлғаға иелiктен шығарылып берiлуiне байланысты меншiктегi немесе жер пайдаланудағы жер учаскесiн иелiктен алу кезiнде алушылар бұл құқықты осы Заңға және өзге де заң актiлерiне сәйкес сондай тұлғаға тиесiлi болатын құқық етiп қайта ресiмдеуге тиiс.
7-тарау. СЕРВИТУТТАР
50-бап. Сервитуттың пайда болу негiздерi
1. Осы Заңда және өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайларда меншiк иесi немесе жер пайдаланушы мүдделi жеке және заңды тұлғаларға өздерiне меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын беруге мiндеттi.
2. Бөтен жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығы (сервитут):
1) тiкелей нормативтiк құқықтық актiден;
2) мүдделi тұлғаның меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен шартының негiзiнде;
3) жергiлiктi атқарушы органның актiсi негiзiнде;
4) сот шешiмi негiзiнде;
5) заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда пайда болуы мүмкiн.
3. Егер нормативтiк құқықтық актiде мүдделi тұлғаның меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен шарты негiзiнде сервитут белгiленуi көзделсе, соңғылардың мұндай шарт жасасудан бас тартуына немесе шарттың меншiк иесi немесе жер пайдаланушы қоятын талаптарына мүдделi тұлға меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға талап қоюы арқылы сот тәртiбiмен дауласа алады.
4. Егер нормативтiк құқықтық актiде жергiлiктi атқарушы органның актiсi негiзiнде сервитут белгiлеу көзделсе, бұл актiге сервитут белгiлеуге мүдделi тұлға, меншiк иесi немесе жер пайдаланушы сот тәртiбiмен шағым бере алады.
51-бап. Жеке тұлғаның бөтен жер учаскелерiнде болу және солар арқылы өту құқығы
1. Жеке тұлғалардың жалпы жұрт кiруге жабық емес жер учаскелерiнде еркiн, қандай да бiр рұқсатсыз болуға құқығы бар.
2. Егер бiреудiң жеке меншiгiндегi немесе жер пайдалануындағы жер учаскесi қоршалмаған болса немесе жеке меншiк иесi немесе жер пайдаланушы учаскеге өзiнiң рұқсатынсыз кiруге болмайтынын өзге де әдiспен белгiлеп қоймаса, егер жеке меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға зиян келтiрмейтiн болса, бұл учаске арқылы кез келген адам өте алады.
52-бап. Көршi немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi пайдалану құқығы
1. Жеке меншiк иесi немесе жер пайдаланушы - көршi жер учаскесiне жеке меншiк немесе жер пайдалану құқығының субъектiсiнен, ал қажет болған жағдайда өзге учаскеге де жеке меншiк немесе жер пайдалану құқығының субъектiлерiнен осы учаскелердi шектеулi пайдалану құқығын берудi талап етуге құқылы.
2. Көршi немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi пайдалану құқығы:
1) егер жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өз учаскесiне басқа жолмен өтуi мүмкiн болмаса, өте қиын болса немесе үлкен шығындарды керек етсе, көршi немесе өзге де жер учаскесi арқылы жаяу және көлiкпен жүрiп өтудi;
2) қажеттi электр қуаты, байланыс желілерiн тарту және пайдалану, сумен, суағармен, жылумен жабдықтауды, мелиорацияны және жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының көршi немесе өзге де учаскеге сервитут белгiленбейiнше қамтамасыз етуге болмайтын басқа да мұқтаждарын қамтамасыз ету үшiн белгiленуi мүмкiн.
3. Көршi немесе өзге де учаскеге сервитут осы учаскелерге жеке меншiк немесе жер пайдалану құқығы субъектiлерiмен жасалатын шарт бойынша белгiленедi.
4. Жер учаскесiн шектеулi пайдалану құқығының субъектiсi тәуелсiз сарапшылардың актiсiне сәйкес және (немесе) сот шешiмi бойынша жеке меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға сервитутқа байланысты барлық залалдарды өтеуге тиiс.
5. Шартта сервитут үшiн ақы белгiленуi мүмкiн.
6. Мемлекет меншiгiндегi және жер пайдалануға берiлмеген жер учаскесi бойынша сервитут белгiленген кезде, сервитут үшiн төленетiн ақы жергiлiктi бюджетке түседi.
53-бап. Уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдау жолдары