3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi мен сауықтыру мақсатындағы жердiң режимi осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес белгіленедi.
4. Рекреациялық мақсаттағы жердi пайдалану тәртiбiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.
5. Тарихи-мәдени мақсаттағы жердi пайдалану осы Заң мен тарих және мәдениет ескерткiштерi туралы заңдарда белгiленген тәртiп пен жағдайларда жүзеге асырылады.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер олар бөлiнiп шығарылған жер қоры санаттарының құрамында жеке жолмен ескерiледi.
95-бап. Күзет, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтарының жерi
1. Ерекше қорғауды қамтамасыз ету үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен сауықтыру мақсатындағы жердiң күзет, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтары белгiленiп, осы аймақтар шегiнде мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтау мен молайтуға терiс әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салынуы мүмкiн.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтарының мөлшерiн, шекарасы мен пайдаланылу режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтарының жерiн жергiлiктi атқарушы органдар жеке санатқа бөледi және ол жер арнаулы белгiлермен көрсетiледi.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтары шегiндегi жер учаскелерi осы аймақтарды күзетудің белгiленген режимiн сақтай отырып пайдаланылады және осы заңда белгiлеген талаптарға сәйкес мемлекеттiк қажеттер үшiн алып қойылуы (сатып алынуы) мүмкiн.
14-тарау. ОРМАН ҚОРЫНЫҢ ЖЕРI
96-бап. Орман қорының жерi ұғымы мен оның құрамы
1. Орманы бар, сондай-ақ ормансыз, бiрақ орман шаруашылығының мұқтаждарына берiлген жер учаскелерi орман қорының жерi деп танылады.
2. Орман қорының жерi орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттiк ұйымдарға тұрақты және уақытша жер пайдалануға берiлiп, осы Заңда және өзге де заңдарда белгiленген тәртiп пен жағдайларда пайдаланылады.
3. Ауыл шаруашылық ұйымдарының шегiнде жатқан орман қорының жер учаскелерi оларға жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығын кешендi түрде жүргiзу үшiн жер пайдалануға берiлуi мүмкiн. Мұндай учаскелерде орман қорын пайдалану орман заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
97-бап. Орман қорының жерiн ауыл шаруашылық мақсаттары үшiн жер пайдалануға беру
Орман қоры жерiнде орман шаруашылығының мұқтаждарына пайдаланылмайтын ауыл шаруашылық алқаптарын жергiлiктi атқарушы органдар орман шаруашылығын басқару жөнiндегi уәкiлеттi органдармен келiсе отырып, жеке және заңды тұлғаларға жердi ауыл шаруашылық мақсаттары үшiн уақытша жер пайдалануға беруi мүмкiн.
98-бап. Орман қоры жерiн жердiң басқа санаттарына ауыстырудағы шектеулер
Орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн жердiң басқа санаттарына ауыстыруды ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасының Yкiметi жүзеге асырады.
99-бап. Орман шаруашылығы өндiрiсi ысырабының орнын толтыру
1. Орман шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға орман алқаптарын пайдалану үшiн алып қоюдан немесе жеке және заңды тұлғалардың қызметi салдарынан жер сапасының нашарлауынан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсi ысырабының орны толтырылуға тиiс.
2. Орман шаруашылығы өндiрiсi ысырабының орнын толтыруды орман шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мұқтаждар үшiн орман қоры жерiнен жер учаскелерi берiлетiн тұлғалар жүргiзедi.
3. Орман шаруашылығы өндiрiсi ысырабының орнын толтырудан алынған қаражат мемлекеттiк бюджетке түседi.
15-тарау. СУ ҚОРЫНЫҢ ЖЕРI
100-бап. Су қорының жерi ұғымы мен оның құрамы
Су айдындары (өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар, iшкi сулар, аумақтық сулар), мұздақтар, батпақтар, гидротехникалық және басқа да су шаруашылығы құрылыстары орналасқан жер, сондай-ақ суды қорғау өңiрiне бөлiнген жер су қорының жерi деп танылады.
101-бап. Су айдындары жағалауын бойлай су қорғау аймақтарына жер бөлу
1. Жергiлiктi атқарушы органдар су айдындары жағалауын бойлай су қорғау аймақтарына жер учаскелерiн бөледi. Бұл жер учаскелерiне осы Заңның 91-бабында көзделген құқықтық, режим қолданылады.
2. Су қорғау аймақтарына енгiзiлген жер учаскелерiн пайдалану су заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
102-бап. Су қоры жерiн уақытша жер пайдалануға беру
Су қорының жерiн жергiлiктi атқарушы органдар су шаруашылығын басқару жөнiндегi уәкiлеттi органдармен келiсе отырып, жеке және заңды тұлғаларға жердi ауыл шаруашылығының, орман, балық, аңшылық шаруашылықтарының мұқтаждары және басқа мақсаттар үшiн уақытша жер пайдалануға беруi мүмкiн.
103-бап. Су қорының жерiн пайдалану тәртiбi
Су қорының жерiн пайдалану осы заңда және су заңдарында белгiленген тәртiп пен жағдайларда жүзеге асырылады.
16-тарау. БОСАЛҚЫ ЖЕР
104-бап. Босалқы жер құрамы
1. Меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген барлық жер босалқы жер болып табылады.
2. Ядролық қарулар сынағы жүргiзiлген жер учаскелерiн қоспағанда, босалқы жер аудандық атқарушы органдардың қарауында болады.
3. Ядролық қару сынағы жүргiзiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен босалқы жер құрамына көшiрiледi және оның қарауында болады.
105-бап. Босалқы жердi беру
Босалқы жер осы заңда белгiленген тәртiп пен жағдайларда ауыл шаруашылығының, өнеркәсiптiң мұқтаждары және өзге де мақсаттар үшiн меншiкке немесе жер пайдалануға берiледi.
4-бөлiм. ЖЕРДI ҚОРҒАУ, МЕМЛЕКЕТТIК БАҚЫЛАУ, ЖЕРГЕ ОРНАЛАСТЫРУ, МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ ЖЕР КАДАСТРЫ
17-ТАРАУ. ЖЕРДI ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОНЫ ПАЙДАЛАНЫЛУЫН БАҚЫЛАУ
106-бап. Жердi қорғаудың мақсаттары мен мiндеттерi
1. Жердi қорғау жердi қоршаған табиғи ортаның бiр бөлiгi ретiнде қорғауға, жердi ұтымды пайдалануға, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан жердiң негiзсiз алып қойылуын болғызбауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
2. Жердi қорғаудың мақсаттары:
1) өндiрiстiң экологиялық қауiпсiз технологияларын ынталандыру және орман мелиорациялау, мелиорациялау және басқа шараларын жүргiзу жолымен жердiң азып-тозуы мен бүлiнуiн, шаруашылық қызметтiң басқа да қолайсыз зардаптарын болғызбау;
2) азып-тозған немесе бүлiнген жердi жақсарту мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ету;
3) жердi оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерiн тәжiрибеге енгiзу болып табылады.
107-бап. Жердi қорғау
1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
1) жердi су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, батпақтанудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталудан, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанудан, басқа да бүлiну процестерiнен қорғауға;
2) ауыл шаруашылық жерiн карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiктер ауруларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шiлiк басып кетуден, жердiң жай-күйi нашарлауының өзге де түрлерiнен қорғауға;
3) бүлiнген жердiң жаңғыртылуына, оның құнарлылығын және жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға;
4) жердiң бүлiнуiне байланысты жұмыстар жүргiзген кезде топырақтың құнарлы қабатын алуға, сақтауға және пайдалануға бағытталған шаралар жүргiзуге мiндеттi.
2. Азып-тозған шаруашылық алқаптарының топырақ құнарлылығын, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен жол беруге болатын шектi шоғырлану және жол беруге болатын шектi радиациялық әсер деңгейi нормативтерiнен тыс ластанған, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, сарқынды сулармен ластанған жердi, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердi қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен жердi консервациялау көзделедi.
108-бап. Топырақта зиянды заттардың жол беруге болатын шектi шоғырлану нормативтерi
1. Топырақта зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдердiң және топырақты ластайтын басқа да биологиялық заттардың жол беруге болатын шектi шоғырлану нормативтерi адамның денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерiн көздеп, оның жай-күйiн бағалау үшiн белгiленедi.
2. Аталған нормативтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн тәртiппен бекiтіледi.
109-бап. Жердiң жай-күйiне әсер ететiн, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлердi жобалау мен пайдалануға беруге қойылатын экологиялық, санитариялық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптар
1. Жердiң жай-күйiне терiс ықпал ететiн жаңа және қайта құрылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау мен пайдалануға беру кезiнде, жаңа техника мен технологияларды енгiзу кезiнде жердi қорғау жөнiндегi iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, экологиялық, санитариялық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптардың (нормалардың, ережелердiң, нормативтердiң) сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Жердiң жай-күйiне жасалатын терiс әсердi және жердi қорғау жөнiнде көзделген iс-шаралардың тиiмдiлiгiн бағалау мемлекеттік экологиялық сараптаманың, өзге де мемлекеттiк сараптамалардың нәтижелерi бойынша жүргiзiледi, олардың оң қорытындысы болмайынша, жаңа техника мен технологияларды енгiзуге, жердi мелиорациялау бағдарламаларын жүзеге асыруға, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) және басқа да объектiлер салуды (реконструкциялауды) қаржыландыруға тыйым салынады.
110-бап. Радиоактивтi ластануға ұшыраған және ядролық қару сынағы өткiзiлген жер
1. Нормативтен тыс радиоактивтi ластануға ұшыраған немесе халықтың өмiрi мен денсаулығына өзге де түрде қатер төндiретiн жер учаскелерiн меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруге болмайды.
2. Заңдарда белгiленген санитариялық талаптар мен нормативтерге сай өнiм алу қамтамасыз етiлмейтiн, радиоактивтi ластануға ұшыраған жер учаскелерi ауыл шаруашылық айналымынан алынуға және консервациялануға тиiс. Бұл жерде ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiруге және оны өткiзуге тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi ядролық қару сынағы өткiзiлген жер учаскелерiн ядролық қару сынағының зардаптарын жою жөнiндегi барлық iс-шаралар аяқталып, кешендi экологиялық тексеру жүргізілгеннен кейін, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда ғана меншiкке немесе жер пайдалануға беруi мүмкiн.
4. Аталған аумақтардағы ядролық қару сынақтарының зардаптарын жою жөнiндегi iс-шаралар қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi, жер ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану жөнiндегi республикалық және облыстық бағдарламалар мен басқа да арнаулы бағдарламаларда көзделедi.
5. Радиоактивтi ластануға ұшыраған жердi алып қою, күзету және шаруашылыққа пайдалану тәртiбi заңдармен белгiленедi.
111-бап. Жер заңдарының сақталуын, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылау
1. Мемлекеттiк бақылаудың мiндеттерi жер заңдарының тиiсiнше орындалуын, мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды орындауын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Жер заңдарының сақталуын, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жергiлiктi атқарушы органдар, жер ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органдар мен басқа да уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
3. Жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдардың өз құзыретi шегiндегi нұсқаулары барлық жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар үшiн мiндеттi.
4. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
18-тарау. ЖЕРГЕ ОРНАЛАСТЫРУ, МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТIК ЖЕР КАДАСТРЫ
112-бап. Жерге орналастырудың қызметi мен мазмұны
1. Жерге орналастыру жер қатынастарын реттеуге, жердi ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған жер заңдарының сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар жүйесi болып табылады.
2. Жерге орналастыру:
1) жерге орналастырудың, жердi аймақтарға бөлудiң республикалық, облыстық және аймақтық схемалары (жобалары) мен жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау бағдарламаларын әзірлеуді;
2) қолданылып жүрген жер пайдалану iсiн жолға қою мен ретке келтiру жөнiндегi шаруашылықаралық жерге орналастыру жобаларын жасауды, орналасқан жерiнде жер учаскелерiн бөлу мен олардың шекараларын белгiлеудi, жер учаскесiне меншiк құқығына және жер пайдалану құқығына құжаттар жасауды;
3) орналасқан жерiнде елдi мекендердiң шекараларын (шегiн) анықтау мен белгiлеудi, олардың жер-шаруашылық құрылысының жобаларын жасауды;
4) орналасқан жерiнде әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және жердi пайдалану мен қорғаудың ерекше жағдайлары бар басқа да жер учаскелерiнiң шекараларын белгiлеудi;
5) жерге орналастыру, бүлiнген жерлердi жаңғырту мен жаңа жердi игеру жобаларын, сондай-ақ жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да жобалар әзiрлеудi;
6) жердi есепке алу iсiн жүргiзудi, пайдаланылмай жатқан, ұтымды пайдаланылмай жүрген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай отырған жердi анықтауды;
7) топографиялық-геодезиялық, картографиялық, топырақтық, геоботаникалық және басқа да зерттеу мен iздестiру жұмыстарын жүргiзудi;
8) жер кадастры мен жер мониторингiн жүргiзудi;
9) жер ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының кадастрлық және тақырыптық карталары мен атластарын жасауды;
10) жер-бағалау жұмыстарын жүргiзудi қамтиды және қамтамасыз етедi.
113-бап. Жерге орналастыруды жүргiзу
1. Жерге орналастыру атқарушы органдардың шешiмi бойынша не жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың өтiнiшi бойынша, сондай-ақ уәкілеттi органдардың бастамасы бойынша жүргiзiледi.
2. Жерге орналастыру жобалары жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерінің және (немесе) жер пайдаланушылардың қатысуымен жасалады және олар заңдарда белгіленген тәртiппен бекiтiлгеннен кейiн анықталған үлгiдегi белгiлермен жер учаскелерiнiң шекараларын көрсете отырып, орналастырылатын жерге көшiрiледi.
3. Мемлекеттiк меншiктегi жерден жеке меншiкке немесе жер пайдалануға жер учаскелерiн беруге, сатуға және бағалауға байланысты жерге орналастыру жұмыстары, сондай-ақ әкiмшілiк құрылымдардың шекараларын белгiлеу, жер кадастрын жүргiзу және жердi есепке алу жөнiндегi жұмыстар мемлекеттiк монополияға жатады.
4. Жерге орналастыруды жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
114-бап. Жерге орналастыру кезiнде жүргiзiлетiн жұмыстарды қаржыландыру
1. Атқарушы органдардың шешiмi бойынша жүргiзiлетiн жерге орналастыру бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Жер учаскелерiнiң жеке меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың тапсырыстары бойынша жерге орналастыру жұмыстарын орындау солардың қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
115-бап. Жер мониторингi
1. Жер мониторингiнiң мiндеттерi:
1) жерiн жай-күйiнiң өзгерiстерiн уақтылы анықтау, оларды бағалау, болжам жасау және келеңсiз процестердiң зардаптарынан сақтандыру мен оларды жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
2) мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудi, жерге орналастыруды, жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылауды және жер ресурстарын мемлекеттiк басқарудың өзге де мiндеттерiн ақпараттық жағынан қамтамасыз ету болып табылады.
2. Жер мониторингiнiң мазмұнын жердiң жай-күйiн үнемi қадағалап отыру (суретке түсiру, зерттеп отыру және iздестiру), ондағы болып жатқан өзгерiстердi анықтау мен оларды бағалау құрайды.
3. Жерге меншiк нысандарына, жердi пайдаланудың нысаналы мақсаты мен сипатына қарамастан, Қазақстан Республикасының барлық жерi жер мониторингiнiң объектiсi болып табылады.
4. Мониторинг жүргiзу бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Жер мониторингiн жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi анықтайды.
116-бап. Мемлекеттiк жер кадастры
1. Мемлекеттiк жер кадастры Қазақстан Республикасы жерiнiң табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерiнiң орналасқан жерi, нысаналы пайдаланылуы, көлемi мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы, жер пайдаланудың есебi мен жер учаскелерiн бағалау туралы мәлiметтердiң, өзге де қажеттi мәлiметтердiң жүйесi болып табылады.
Суармалы жерге мелиорациялық кадастр - жер кадастрының құрамдас бөлiгi мелиорациялық жай-күй, оның табиғи және ирригациялық-шаруашылық жағдайлары жөнiндегi сапалық сипаттамаларын бағалау туралы, оларды пайдаланудың есебi туралы мәлiметтер жүйесi болып табылады.
2. Мемлекеттiк жер кадастрының деректерi жердi пайдалану мен қорғауды жоспарлаған кезде, жерге орналастыруды жүргізген, шаруашылық қызметтi бағалаған кезде және жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да шараларды жүзеге асырған кезде негiз болып табылады, жермен мәміле жасау кезiнде, жер үшiн төлем мөлшерiн анықтау кезiнде, құқықтық және басқа кадастрды жүргiзген кезде пайдаланылуы мүмкiн.
117-бап. Жер кадастрын жүргiзу
1. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу уәкiлеттi орган мен оның жергiлiктi жерлердегi органдары қалыптастыратын мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Тiркеу мақсаттары үшiн жер учаскелерiнiң есебi жөнiндегi жұмыстар тапсырысшылардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар кадастрлық құжаттамаға енгiзiлетiн мәлiметтердiң дұрыс болуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
Жер кадастрының мәлiметтерiне баршаның қолы жете алады және мүдделi тұлғаларға ақылы негiзде берiледi.
Мемлекеттiк органдарға жер кадастры мәлiметтерiн беру тегiн негiзде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
5-бөлiм. ЖЕР ЗАҢДАРЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
19-тарау. МЕНШIК ҚҰҚЫҒЫ МЕН ЖЕР ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КЕЛТIРIЛГЕН ЗАЛАЛДЫ ӨТЕУ
118-бап. Жеке меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығын қорғау
Меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде көзделген тәртiппен қорғалады.
119-бап. Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген залалды өтеу негiздерi
Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген залал:
1) жер мемлекеттiк қажеттерге меншiк немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соғатындай етiп алып қойылған (сатып алынған);
2) жер пайдаланудың ерекше режимi белгiленуiне байланысты меншiк немесе жер пайдалану құқығы шектелген;
3) меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың құқығы бұзылған;
4) топырақ құнарлылығының бүлiнуiне әкеп соғатын, су режимiн нашарлататын, ауыл шаруашылық дақылдары мен екпелерiне зиянды заттар бөлiп шығаратын объектiлердi салу мен пайдалану салдарынан жер сапасы нашарлаған;
5) осы Заңның 73-бабында көзделген жер алып қойылған жағдайларда толық көлемiнде өтелуге тиiс.
120-бап. Залалды өтеу тәртiбi
1. Меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген залал оны келтiрушiнiң есебiнен өтеледi. Мемлекеттiк органның шешiмi салдарынан залал келтiрiлген жағдайда залал тиiстi бюджет қаражаты есебiнен өтеледi.
2. Өтем мөлшерiн анықтау кезiнде оған:
1) жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының нарықтық құны;
2) жемiс ағаштары мен көп жылдық екпелердi қоса алғанда, учаскедегi жылжымайтын мүлiктiң нарықтық құны;
3) жер учаскесiн игеруге, оны пайдалануға, қорғаныш шараларын жүргiзуге, топырақ құнарлылығын арттыруға байланысты шығындардың және олардың инфляциясын ескергендегi басқа да шығындардың құны;
4) үшiншi тұлғалар алдындағы өз мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуына байланысты өздерiне келген залалды қоса алғанда, жер учаскесiнiң алып қойылуы арқылы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген барлық залал;
5) алынбай қалған пайда қосылады.
121-бап. Жер даулары
Жер жөнiндегi құқықтық қатынастардан туындайтын даулар сот тәртiбiмен қаралады.
122-бап. Жер заңдарын бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
Жер заңдарының бұзылуына кiнәлi жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жауапты болады.
20-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР ЖӘНЕ ӨТПЕЛI КЕЗЕҢ ЕРЕЖЕЛЕРI
123-бап. Осы Заңның қолданылу тәртiбi
Осы Заң өзi қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн пайда болған жер жөнiндегi құқықтық қатынастарға қолданылады.
Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қабылданған, жер қатынастарын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер осы Заңға қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
Осы Заңды қолданысқа енгiзген сәттен бастап 124-баптың 6-тармағының қолданылуы 2002 жылдың 31 желтоқсанына дейiн тоқтатыла тұрсын.
Жеке және заңды тұлғалардың 124-баптың 6-тармағында айқындалған мәртебесi 2002 жылдың 31 желтоқсанына дейiнгi кезеңге жер салығын төлеу жөнiндегi тұрақты жер пайдаланушылар мәртебесiне теңестiрiлiп, олар осы мерзiмге жал ақысын төлеуден босатылсын.
Ескерту. 123-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен.
124-бап. Осы Заңның қолданысқа енгiзiлуiне байланысты жер учаскесіне құқықтардың өзгеруі
1. Жермен тығыз байланысты өндiрiстiк және басқа да объектiлер салуға арналған немесе олар салынған жер учаскелерiне, оның iшiнде оларға қызмет көрсетуге арналған жер учаскелерiне бұрын берiлген құқықтарды сатып алған азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалар жер учаскелерiне жеке меншiк құқығын алады.
Жер учаскелерiн аталған мақсаттар үшiн сатып алмаған азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалар жер учаскелерiн меншiкке сатып алуға немесе жер учаскелерiне құқығын оларды меншiкке сатып алғанға дейiн жалдау талаптарымен қысқа мерзiмдi немесе ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалануға қайта ресiмдеуге тиiс.
Егер жер учаскесiне құқықтарды жалдау немесе жер учаскесiн меншiкке сатып алу талаптарымен қысқа мерзiмдi немесе ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалануға қайта ресiмдеу жөнiндегi мiндеттердi сатып алушы иелiктен шығарушымен шарт бойынша жүзеге асыратын болса, ондай жер учаскелерiне құқықтарды иелiктен алуға жол берiледi.
Қазақстан Республикасының азаматтарына өтеулi немесе өтеусiз негiзде мүлiктiк пай түрiнде берiлген мал шаруашылығы қора-қопсылары орналасқан және олардың қызметiне арналған жер учаскелерi осы Заң күшiне енгiзiлген кезден бастап олардың меншiгiне өтеусiз көшiрiледi.
2. Кондоминиумда бар объектiлердi орналастыруға, пайдалануға және ұстауға арналған жер учаскелерi, егер осы заңда өзгеше белгiленбесе, осы Заң күшiне енгiзiлген күннен бастап, белгiленген тәртiппен кондоминиумның үй-жайлардың меншiк иесi болып табылатын қатысушыларының ортақ үлестiк меншiгiне және кондоминиумның үй-жайлар оралымды басқару құқығымен немесе шаруашылық жүргiзу құқығымен тиесiлi қатысушыларының ортақтасып үлестiк тұрақты жер пайдалануына ауысады. Yй-жайлардың меншiк иелерi құрған заңды тұлғалардың меншiгiне бұрын берiлген жер учаскелерi мұндай құқықтар пайда болған кезден бастап, жер учаскесiне осы тармақта көзделген құқықтарды алу арқылы кондоминиум қатысушыларының ортақ мүлкi болып танылады.
3. Осы Заңның 82-бабының 6-тармағында көзделген құқықтарын осы Заң күшiне енгiзiлген кезден бастап бiр жыл iшiнде iске асырмаған шартты жер үлесi құқығының иесi шартты жер үлесiне құқығынан айрылады және жер учаскесi арнайы жер қорына есептеледi.
4. Бұрын өздерiне тиесiлi құқығын жалға берген шартты (дараландырылған) жер үлесi құқығының иелерi осы Заң күшiне енгiзiлген кезден бастап үш жыл iшiнде жер учаскесiн уақытша ортақтасып немесе бөлек жер пайдалануға, жалгерге уақытша пайдалануға берiлген шартты (дараландырылған) жер үлесiне құқықты алуға мiндеттi. Жер пайдалану құқығы пайда болған кезден бастап бұрынғы шарттар (шартты (дараландырылған) жер үлесiне құқықты жалдау шарты және жер учаскесiн жалданған үлестер есебiне жалдау шарты (өтеусiз жер пайдалану)) күшiн жояды. Бұдан әрi шартты (дараландырылған) жер үлесiне құқықты жалдау шартына қатысушылар арасындағы қатынастар жер учаскесін кейінгі жер пайдалануға беру туралы шарт негiзiнде туындауы мүмкiн.
Егер өзiне тиесiлi құқықты жалға берген шартты (дараландырылған) жер үлесiне құқықтың иесi осы тармақта белгiленген мерзiм iшiнде жер учаскесiн алу құқығын iске асырмаса, оның шартты (дараландырылған) жер үлесiне құқығы күшiн жояды.