Тәркiленген жер учаскелерi мемлекеттiк меншiкке қайтарылады. Мұндай жер учаскелерiн не тәркiлеу объектiсi болып табылатын жер пайдалану құқығын сату заңдарда белгiленген тәртiппен жүргiзiлуi мүмкiн.
78-бап. Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесiн бағалау
Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесi немесе жер пайдалану құқығы нарықтық құны бойынша бағаланады.
3-бөлiм. ЖЕР САНАТТАРЫ
10-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МАҚСАТЫНДАҒЫ ЖЕР
79-бап. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жер ұғымы және оның құрамы
1. Ауыл шаруашылығының мұқтаждары үшiн берiлген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылық мақсатындағы жер деп танылады.
2. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жер құрамында ауыл шаруашылық алқаптары мен ауыл шаруашылығының жұмыс iстеуiне қажетті ішкі шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық суаттар, мелиорациялық жүйе, қора-қопсылар мен ғимараттар орналасқан жерлер болады.
3. Ауыл шаруашылық алқаптарына егiстiктер, тыңайған жер, көп жылдық екпелер егiлген жер, шабындықтар мен жайылымдар жатады.
Ауыл шаруашылық алқаптары айрықша қорғалуға тиiс. Бұл жердi ауыл шаруашылық өндiрiсiне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол берiледi (осы Заңның 72-бабы).
Ауыл шаруашылық алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру тәртiбiн осы Заңның ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
4. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жер:
1) жер пайдалануға - Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына тауарлы ауыл шаруашылық өндiрiсi, қорғаныш ағаштар өсiру, ғылыми-зерттеу, тәжiрибе жүргiзу және оқыту мақсаттары үшiн, қосалқы ауыл шаруашылығын, бақша және мал шаруашылығын жүргiзу үшiн;
2) жеке меншiкке - Қазақстан Республикасының азаматтарына өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығын, бағбандықты, саяжай құрылысын дамыту үшін;
3) шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 10 жылға дейiнгi мерзiмге жалдау шартымен уақытша жер пайдалануға берiледi.
5. Тауарлы ауыл шаруашылық өндiрiсiн ұйымдастыру үшiн жер учаскесiн алған Қазақстан Республикасының жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалары ауылдың (селоның) жергiлiктi әлеуметтiк бағдарламаларын жүзеге асыру және бiрлескен шаруашылық жүргiзу үшiн заңдарға сәйкес ортақ мүдденi көздеп ұжымдарға бiрiгуге құқылы.
6. Ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрушiлер арасында жердi қайта бөлу мақсатында ауыл шаруашылық мақсатындағы жер мен басқа да санаттағы жердiң есебiнен арнайы жер қоры құрылады. Санитариялық нормалар мен талаптарға сай келетiн ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiруге жай-күйi мүмкiндiк бермейтiн жер учаскелерi арнайы жер қорына қосылмайды. Арнайы жер қорын құру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейдi.
7. Жерi бөлiнуге жатпайтын ауыл шаруашылық ұйымдарынан шыққан, сондай-ақ бұрын шартты жер үлесi құқығы берiлмеген және осы аумақта тұратын азаматтардың арнайы жер қорынан шаруа (фермер) қожалығын немесе ауыл шаруашылық өндiрiсiмен байланысты өзге де қызметтi жүргiзу үшiн жер учаскесiн бiрiншi кезекте алуға құқығы бар.
80-бап. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзуге арналған жер учаскелерi
1. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн азаматтарға уақытша жер пайдалану құқығымен (5 жылға дейiн қысқа мерзiмдi және 49 жылға дейiн ұзақ мерзiмдi) жер учаскелерi берiледi.
Жер учаскесiн шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн алуға арнаулы ауыл шаруашылық бiлiмi мен бiлiгi бар, ауыл шаруашылығында iстеген жұмыс тәжiрибесi бар және сол ауданда, қалада, ауылда (селода), поселкеде тұратын азаматтар басым құқықты пайдаланады.
2. Қайта ұйымдастырылатын мемлекеттiк ауыл шаруашылық ұйымдарының құрамынан шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн шығатын азаматтарға аталған ұйымдардың жерiнен жер учаскелерi берiледi, олардың кадастрлық бағасы шаруашылық бойынша (алқаптар бойынша) орта деңгейде болуға тиiс.
3. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн алған және ауылда (селода) тұрғын үйi бар азаматтардың үй жанындағы жер учаскесi жеке меншiк құқығымен сақталып қалады, ол шаруа (фермер) қожалығындағы жер учаскесiнiң құрамына кiрмейдi.
4. Ауыл шаруашылық ұйымдарының қызметкерлерi болып табылмайтын азаматтарға шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден берiледi.
5. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн беру және ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiруге байланысты кәсiпкерлiк қызметтi өзге де нысанда жүзеге асыру, сондай-ақ жер учаскелерiн негiзгi нысаналы мақсатына байланысты емес мақсатта пайдалану тәртiбi заңдармен белгiленедi.
81-бап. Өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығына, бағбандыққа және саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi
1. Қазақстан Республикасының азаматтарына өзіндік (қосалқы) үй шаруашылығы, бағбандыққа және саяжай құрылысы үшiн жеке меншiкке жер учаскелерi ауыл шаруашылық мақсатындағы, елдi мекен жерi мен босалқы жерден берiледi.
2. Өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығына, бағбандыққа және саяжай құрылысына арналған жер учаскелерiнiң меншiк иесi болып табылатын азаматтар ортақ мүдделер үшiн құқықтық жағдайы заң актілерiмен анықталатын жай серiктестiктерге, бағбандық немесе өзге де тұтыну кооперативтерiне бiрiгуге құқылы.
3. Бағбандыққа немесе саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi азаматтардың бөлек меншiгiнде болып, ал жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнiң ортақ қажеттерiн қанағаттандыруға арналған жер учаскелерi мен басқа да мүлiк олардың ортақ үлестiк меншiгiнде болған жағдайда меншiк иелерi арасындағы ортақ мүлiкке байланысты қатынастарға кондоминиум туралы нормалар қолданылады.
82-бап. Шартты жер үлесiнiң құқықтық режимi
1. Қайта құрылатын немесе таратылатын мемлекеттiк ауыл шаруашылық ұйымдарының қызметкерлерi, сондай-ақ зейнеткерлер мен осы ұйымдардың өндiрiстiк және әлеуметтiк-мәдени қызмет көрсететiн салаларында iстейтiн әрi олардың аумағында тұратын адамдардың заңдарға сәйкес белгiлi бiр шартты жер үлесiне құқығы бар.
Шаруа (фермер) қожалығын немесе ауыл шаруашылық өндiрiсiмен байланысты өзге де кәсiпкерлiк қызметтi ұйымдастыру үшiн шартты жер үлесiне сәйкес қайта ұйымдастырылатын ұйымның пайдаланатын жерiнен жер учаскесiн алу үшiн шартты жер үлесiнiң иесi жер пайдалану құқығын беруге құқығы бар жергiлiктi атқарушы органға және өзi бөлiнiп шыққысы келетiн қайта ұйымдастырылатын ұйымның атына өтiнiш бередi.
2. Қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын ауыл шаруашылық ұйымдарының өздерi пайдаланатын жер шекарасы шегiндегi ауыл шаруашылық алқаптары шартты жер үлестерiне бөлуге жатады, бұған:
1) елдi мекендер шегiне кiретiн;
2) ауданның арнайы жер қоры құрамына енгiзiлген;
3) нормадан тыс радиациялық ластануға ұшыраған немесе халықтың өмiрi мен денсаулығына басқадай қауiп төндiретiн;
4) пайдалы қазбаларды қазу кезінде бүлінген және мақсаты бойынша пайдалану үшін қайтадан жарамды күйге келтірілмеген;
5) шалғайдағы мал шаруашылығының уақытша жер пайдаланудағы учаскелерi қосылмайды.
3. Жер үлесiнiң мөлшерi:
1) ауыл шаруашылық ұйымы пайдаланатын жердегi ауыл шаруашылық алқаптарының жалпы көлемiн шартты жер үлесiне құқығы бар адамдардың санына бөлу арқылы, гектармен;
2) ауыл шаруашылық ұйымы пайдаланып отырған жердегi ауыл шаруашылық алқаптарының балл-гектар жиынтығын шартты жер үлесiне құқығы бар адамдар санына бөлу арқылы, балл-гектармен (жер көлемiне көбейтiлген топырақ бонитетi баллы) есептеп шығарылады.
4. Азаматтардың шартты жер үлесiне құқығы шартты жер үлесiне құқық туралы куәлiкпен куәландырылады.
5. Жер учаскелерiн шартты жер үлесi есебiне бөлу жер пайдаланушыларда қалған жердi ұтымды пайдалану жағдайының жасалуы ескерiле отырып, жерге орналастыру тәртiбiмен жүргiзiледi.
6. Шартты (дараландырылған) жер үлесi құқығын иеленушiлердiң:
1) шартты (дараландырылған) жер үлесiне құқығын шаруашылық серiктестiктерiнiң жарғылық капиталына үлес ретiнде немесе таратылған немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттiк ауыл шаруашылық ұйымдарының жерiнде құрылатын өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде беруге;
2) шаруа (фермер) қожалығын немесе ауыл шаруашылық өндiрiсiмен байланысты өзге де қызметтi ұйымдастыру үшiн шартты (дараландырылған) жер үлесiне сәйкес жер учаскесiн алуға;
3) шартты (дараландырылған) жер үлесi құқығын мұрагерлiк бойынша беруге немесе иелiктен шығаруға құқығы бар.
7. Өздерiне тиесiлi құқықтарды шаруашылық серiктестiктерiнiң жарғылық капиталына үлес ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берген, сондай-ақ шаруа (фермер) қожалықтарының құрамына кiрген шартты (дараландырылған) жер үлесi құқығын иеленушілер шартты (дараландырылған) жер үлесi құқығынан айрылады. Аталған адамдардың қатысушылар (мүшелер) құрамынан шығуға құқығы бар. Шаруа (фермер) қожалығын құру немесе ауыл шаруашылық өндiрiсiне байланысты өзге қызмет жүргiзу үшiн қатысушылар (мүшелер) құрамынан шыққан жағдайда олардың жер учаскесiн қоса алғанда, үлесiн немесе пайын нақты бөлiп алуға құқығы бар. Бұл орайда нақты бөлiнетiн жер учаскесiнiң орналасқан жерi шаруашылық серiктестiктерiнiң, өндiрiстiк кооперативтердiң, шаруа (фермер) қожалықтарының құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен немесе тараптардың келiсiмiмен анықталады.
8. Шартты жер үлесiнiң иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде оның жер үлесiне құқығы аяқталған болып саналады.
83-бап. Ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдары
1. Селолық тауар өндiрушiлердiң малын маусымдық жайылымдарға, ет комбинаттары мен мал сатып алу пункттерiне айдап апару үшiн ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдарына, әдетте, жер пайдалану шекарасының бойындағы жайылымдық алқаптардан айдалатын малдың жолдағы азығын қамтамасыз ететiн мөлшерде жер учаскелерi берiледi.
2. Бiр ауданның шегiнде мал айдауға арналған ұзақ мерзiмдi пайдаланатын мал айдау жолдарына жер учаскелерiн аудандық атқарушы орган бередi.
Бiрнеше аудандардың аумағы арқылы мал айдау үшiн мал айдайтын жолдарға жер учаскелерiн беру туралы шешiмдi облыстық атқарушы орган қабылдайды.
3. Ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдайтын жолдардың жер пайдаланушылары болып табылатын тұлғалар қажеттi мөлшерде мал суаратын құдықтар мен мал дамылдатуға арналған алаңдар, экологиялық талаптардың сақталуын және жолдардың қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз ететiн құрылыстар мен ғимараттар салуға, айдалатын малды мал дәрiгерлiк қадағалау органдарымен келiсiлген мерзiмде кедергiсiз өткiзуге мiндеттi.
4. Жер пайдалану құқығымен жер учаскелерiн бермей уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдайтын жолдарды бөлу сервитут ережелерi бойынша жүргiзiледi (осы Заңның 53-бабы).
84-бап. Ауыл шаруашылық өндiрiсi ысырабының орнын толтыру
1. Ауыл шаруашылық алқаптарының көлемi мен олардың сапасын қалпына келтiру арқылы ауыл шаруашылық өндiрiсiнiң деңгейiн сақтау мақсатында ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылық алқаптарын алып қоюдан туындаған ауыл шаруашылық өндiрiсi ысырабының орны толтырылуға тиiс.
Бұл ысырап осы Заңның 120-бабында көзделген залалдың орнын толтырудан тыс өтеледi.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысы жоқ қажеттiлiктер үшiн жер учаскелерi берiлетiн тұлғалар, сондай-ақ өздерi үшiн күзет, санитариялық және қорғаныш аймақтары белгiленетiн тұлғалар ауыл шаруашылық өндiрiсi ысырабының орнын толтырады.
3. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерден және орман қоры жерiнен:
1) елдi мекендер шегiнде жеке тұрғын үй салу, мектептер, мектепке дейiнгi балалар мекемелерiн, емдеу мекемелерi мен мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлер салу;
2) мелиорациялық жүйелер салу;
3) тоған және көл-балық шаруашылықтарын, балық питомниктерiн, уылдырықты балық өсiретiн шаруашылықтар мен балық-су зауыттарын салу;
4) қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн, жапсарлас жатқан жер алқаптарының жағдайын нашарлатпайтын объектiлер салу;
5) азып-тозған алқаптарға, химиялық және радиоактивтi заттармен ластанған жерге орман мелиорациясын жүргiзу үшiн жер учаскесi берiлетiн жеке және заңды тұлғалар ысыраптың орнын толтырудан босатылады.
Қорықтарға, ұлттық, зоологиялық және дендрологиялық парктерге, ботаникалық бақтарға жер учаскелерiн беру кезiнде де, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда ысыраптың орны толтырылмайды.
4. Ауыл шаруашылық өндiрiсiнiң орны толтырылуға тиiстi ысырабының мөлшерi мен оны анықтау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
11-тарау. ЕЛДI МЕКЕНДЕРДIҢ ЖЕРI
85-бап. Елдi мекендер жерi ұғымы мен оның құрамы
1. Қалаларды, поселкелердi, ауылдарды, селолар мен басқа да қоныстарды дамыту үшiн берiлген жер учаскелерi елдi мекендер жерi санатына жатады.
2. Елдi мекендердiң жерi өзге әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың жерiнен қала шегi, поселке шегi, селолық елдi мекен шегi арқылы межеленедi.
3. Елдi мекендер жерiнiң құрамына:
1) құрылыстар алып жатқан және көп пәтерлi және көп қабатты тұрғын үйлер, үй жанындағы жер учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналған тұрғын үй құрылысы жерi;
2) денсаулық сақтау, мәдениет, сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету, коммерциялық қызмет объектiлерi, сондай-ақ жалпы бiлiм беру, арнаулы орта және жоғары бiлiм беру мекемелерi, әкiмшiлiк, ғылыми-зерттеу мекемелерi, ғибадат үйлерi мен өзге де iскерлiк үйлер, құрылыстар мен ғимараттар салынған және соларды орналастыруға арналған қоғамдық iскерлiк құрылыс жерi;
3) өнеркәсiп, коммуналдық және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн қойма объектiлерi, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымы объектiлерi салынған және соларды орналастыруға арналған, сондай-ақ осы объектiлердiң санитариялық-қорғаныш аймақтарын белгiлеуге арналған өндiрiстiк құрылыс жері;
4) темiр жол, автомобиль, өзен, теңiз, әуе және құбыр тасымалы жолдары, инженерлiк инфрақұрылым мен байланыс магистралы өтетiн және соларды салуға арналған көлiк, байланыс, инженерлiк коммуникациялар жерi;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер;
6) өзендер, табиғи және жасанды су айдындары мен акваториялары, су қорғау аймақтары, гидротехникалық және басқа да су шаруашылығы құрылыстары орналасқан су айдындары мен акваторияларының жерi;
7) ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер;
8) алаңдар, көшелер, өтпелi орындар, жолдар, жағалаулар, парктер, скверлер, бульварлар, тоғандар, жағажайлар, зираттар және халықтың мұқтаждарын қанағаттандыруға арналған өзге де объектiлер (су жолдары, жылыту құбырлары, тазартқыш қондырғылар және жалпы жұрт пайдаланатын басқа да инженерлiк жүйелер) орналасқан және соларды орналастыруға арналған жалпы пайдаланудағы жер;
9) қала құрылысы қызметiне тартылмаған, елдi мекендi аумақтық тұрғыдан дамытуға және өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығын дамытуға арналған резервтегi және өзге де жер;
10) крематорийлердi, мал өлiктерiн көму, тұрмыстық қалдықтар тастау орындарын және арнаулы нормативтер мен ережелер белгiленбейiнше пайдалануға болмайтын өзге де объектiлердi орналастыру үшiн бөлiнетiн арнаулы мақсаттағы жер;
11) қорғаныс және өзге де пайдалану режимiнiң жерi кiруi мүмкiн.
4. Жер учаскелерiн елдi мекендер жерiндегi жалпы пайдаланудағы жерге жатқызуды осы Заңның 87-бабында белгiлеген талаптарды ескере отырып, өз құзыретiне сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
86-бап. Елдi мекендердiң шекараларын (шектерiн) белгiлеу және өзгерту
1. Елдi мекендердiң шекараларын (шектерiн) белгiлеу мен өзгерту тиiстi жерге орналастыру, сәулет және қала құрылысы органдары бiрлесiп жасаған ұсыныс бойынша белгiленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы құжаттары негiзiнде жүргiзiледi.
2. Республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасының шекараларын (шектерiн) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi және өзгертедi.
3. Облыстық маңызы бар қалалардың шекаралары (шектерi) Қазақстан Республикасы Yкiметiмен келiсу арқылы облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.
4. Аудандық маңызы бар қалалардың шекаралары (шектерi) облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.
5. Поселкелер мен ауылдардың (селолардың) шекаралары (шектерi) аудандық (қалалық) өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.
6. Жер учаскелерiн қала, поселке, село шегiне қосу осы учаскелерге меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтатуға әкеп соқпайды.
87-бап. Елдi мекендердiң жерiн пайдалану
1. Қалалардың, поселкелердiң, селолық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, жоспарлау мен құрылыс салу жобаларына және аумақты жер-шаруашылық жайғастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады.
Тұрғындар саны 5 мыңнан асатын елдi мекендерде белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар болмаған жағдайда осы елдi мекендi дамыту мен онда құрылыс салудың бас жоспарының оңайлатылған схемасымен немесе белгiленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы құжаттарымен жер пайдалануға жол берiледi.
2. Жалпы пайдаланудағы жерден жер учаскелерi заңды тұлғалар мен азаматтарға, жалпы пайдалануға нұқсан келтiрiлмей, жеңiл үлгiдегi құрылыстарды (сауда шатырлары, дүңгiршiктер, жарнама құрылғылары, тұрақтар және басқа да сервис объектiлерi) орналастыру үшiн уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн.
3. Зираттар орналасқан және соларға арналған жалпы пайдаланудағы жерден сол қоныстың қайтыс болған әрбiр тұрғынына және тұрғылықты жерi белгiсiз адамға, егер ол сол қоныста өлсе, жерлеуге арнап кемiнде алты шаршы метр жер тегiн бөлiнедi.
88-бап. Қала маңындағы аймақтар
1. Қала маңындағы аймақтар жерiнiң құрамына қаламен бiртұтас әлеуметтiк, табиғи және шаруашылық аумақ құрайтын қала шегiнен тыс жер қосылуы мүмкiн.
2. Қала маңындағы аймақтарда қала маңындағы ауыл шаруашылық өндiрiсiн интенсивтi дамыту, қала құрылысын ерекше реттеу аймақтарын (қаланы дамытуға, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымының қалыпты жұмыс iстеуi үшiн қажеттi ғимараттарды орналастыру мен салуға арналған резервтiк аумақтарды), ормандар, орманды парктер және қорғаныш әрi санитариялық-гигиеналық қызмет атқаратын және халықтың демалыс орны болып табылатын басқа да жасыл екпелер алып жатқан жасыл аймақтарды белгiлей отырып аумақты аймақтандыру жүзеге асырылады.
3. Қалалардың қала маңындағы аймақтарының ауқымы мен шекараларын жерге орналастыру, сәулет және қала құрылысы мемлекеттiк органдарының бiрлесiп жасаған ұсынысы бойынша осы қалалардың бас жоспарларын бекiтетiн мемлекеттiк органдар белгiлейдi және өзгертедi.
4. Жердi қала маңындағы аймаққа қосу бұл жерге меншiк құқығы мен оны пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соқпайды.
5. Қала маңы аймағына енгiзiлген жердi пайдаланудың тәртiбi мен режимiн қала маңы аймағын белгiлеген орган анықтайды.
Астана қаласы мен республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына енгiзiлген жердi пайдаланудың тәртiбi мен режимiн тиiстi жергiлiктi өкiлдi органдармен келiсе отырып, олардың атқарушы органдары анықтайды.
12-тарау. ӨНЕРКӘСIП, КӨЛIК, БАЙЛАНЫС, ҚОРҒАНЫС ЖЕРI ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛМАҒАН ӨЗГЕ ДЕ ЖЕР
89-бап. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерi және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер ұғымы және оның құрамы
1. Осы заңда және өзге де заң актiлерiнде белгіленген тәртiппен тиiстi нысаналы мақсат үшiн азаматтар мен заңды тұлғаларға берiлген жер өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерi және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер деп танылады.
2. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерiн және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жердi пайдалану ерекшелiктерi арнаулы заңдармен белгiленедi.
90-бап. Қорғаныс қажеттерiне арналған жер
1. Қарулы Күштердiң және қорғаныс саласындағы мiндеттердi атқаратын басқа да әскерлердiң әскер бөлiмдерiн, әскери полигондарды, әскери-оқу орындары мен өзге де ұйымдарын және олардың объектiлерi мен ғимараттарын орналастыру мен олардың тұрақты қызметi үшiн Қазақстан Республикасының Yкiметi берген жер учаскелерi қорғаныс қажеттерiне арналған жер деп танылады.
2. Қорғаныс қажеттерiне байланысты жаттығулар мен басқа да шаралар жүргiзу үшiн жердi уақытша пайдалану қажет болған жағдайда жер учаскелерi меншiк иелерiмен және жер пайдаланушылармен жасалған шарт негiзiнде берiлуi мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдар әскер бөлiмдерiмен және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiмен келiсе отырып, қорғаныс қажеттерiне берiлген жерден ауыл шаруашылығына пайдалану үшiн жеке және заңды тұлғаларға жекелеген жер учаскелерiн уақытша жер пайдалануға бере алады.
91-бап. Жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтары
1. Халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және өнеркәсiп, көлiк объектiлерi мен өзге де объектiлердi пайдалану үшiн қажеттi жағдайлар жасау мақсатында аймақтар белгiленiп, олардың шегiнде аймақтардың белгiлеу мақсатымен сыйыспайтын қызмет түрлерiне шек қойылады немесе тыйым салынады.
2. Жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтарына:
1) өнеркәсiп орындарының санитариялық-қорғаныш аймақтары;
2) темiр жол мен автомобиль жолдары бойына жанасып жатқан сел қаупi, көшкiн қаупi бар және қорғаныштық орман аймақтары;
3) су тартқы құрылғылардың қорғаныш аймақтары;
4) аэродром маңындағы өңiрлер;
5) магистральды құбыр жолдарының, байланыс, радио және электр желiлерiнiң күзет аймақтары;
6) су күзету аймақтары мен өңiрлерi;
7) әскери полигондардың аумақтары жатады.
3. Ерекше жағдайларда пайдаланылатын аймақтарға енгiзiлген жер сол жерлерде арнаулы белгiлермен көрсетiледi. Су тартқы құрылғыларды күзету аймағының бiрiншi белдеуiн қоспағанда, бұл жерлер меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қоюға болмайды.
4. Аталған аймақтардың шекаралары мен олардағы жердi пайдалану режимiн нормаларға және жобалау-техникалық құжаттарға сәйкес жердi меншiкке немесе жер пайдалануға беру туралы шешiм қабылдаған орган белгiлейдi.
13-тарау. ЕРЕКШЕ ҚОРҒАЛАТЫН ТАБИҒИ АУМАҚТАРДЫҢ ЖЕРI, САУЫҚТЫРУ, РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МАҚСАТТАҒЫ ЖЕР
92-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнiң және сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жердiң құрамы
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiне мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың, мемлекеттiк табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң, мемлекеттiк қорық аймақтарының, мемлекеттiк табиғи заказниктердiң, мемлекеттiк зоологиялық парктердiң, мемлекеттiк ботаникалық бақтардың, мемлекеттiк дендрологиялық парктердiң, мемлекеттiк табиғи қорық-сепортерлердiң жерi жатады.
2. Сауықтыру мақсатындағы жерге табиғи шипалы факторлары бар курорттар, сондай-ақ алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы жер учаскелерi жатады.
3. Халықтың ұйымдасқан түрде жаппай демалысы мен туризмiне арналған және сол үшiн пайдаланылатын жер рекреациялық мақсаттағы жер деп танылады.
4. Тарихи-мәдени қорықтар, мемориалдық парктер, қорымдар, археологиялық парктер (қорғандар, қала жұрттары, тұрақтар), сәулет-ландшафт кешендерi, жартастағы кескiндер, дiни ғибадат ғимараттары, шайқас және ұрыс алаңдары алып жатқан жер учаскелерi тарихи-мәдени мақсаттағы жер деп танылады.
93-бап. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу және оны резервке қалдыру
1. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүргiзiледi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жердi резервке қалдыру Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
94-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерi мен сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жердің құқықтық режимi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн және сауықтыру мақсатындағы жердi өзге қажеттiлiктер үшiн алып қоюға жол берiлмейдi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi мен сауықтыру мақсатындағы жерге қатысты ерекше қорғаудың құқықтық режимi не шаруашылық қызметiн реттеу режимi белгiленедi.