6) осы Заңның 10-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге байланысты жағдайларда жердiң барлық санаттарынан жер учаскелерiн беру және қайтарып алу;
7) осы Заңда және басқа да заң актiлерiнде белгiленген құзыретiне сәйкес аудандар арасындағы жер қатынастарын реттеу;
8) орман қоры жерiн қоспағанда, осы Заңның 72-бабында көзделген жағдайларда жер учаскелерiн беру және қайтарып алу;
9) аудандық, қалалық (облыстық маңызы бар) атқарушы органдардың қызметiн жер ресурстарын пайдалану мен қорғау жағынан үйлестiрiп отыру, оған басшылық ету және бақылау жасау;
10) осы Заңмен және өзге де заң актiлерiмен өз құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер.
14-бап. Аудандық (қалалардағы аудандардан басқа), қалалық,
поселкелiк, ауылдық және селолық атқарушы органдардың
құзыретi
Тиiстi аумақтарда жер қатынастарын реттеу саласында аудандық (қалалардағы аудандардан басқа), қалалық, поселкелiк, ауылдық және селолық атқарушы органдардың (әкiмдердiң) қарауына мыналар жатады:
1) жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру;
2) жердi мемлекеттiк қажеттер үшiн қайтарып алу (сатып алу);
3) жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, басқа да табиғат қорғау шараларымен кешендi түрде жер ресурстарын қорғау жөнiндегi аудандық және қалалық бағдарламаларды әзiрлеу және тиiстi өкiлдi органның бекiтуiне енгiзу және оларды орындау;
4) тиiстi өкiлдi органның бекiтуiне енгiзу үшiн ауылдық (селолық) атқарушы органдардың қарауына берiлген ауыл шаруашылық алқаптарын қоса, елдi мекендер аумағында жер-шаруашылық жайғастыру жоспарларын әзiрлеу және орындау;
5) осы Заңның 54-бабының 2-тармағына сәйкес iздестiру жұмыстары үшiн жер учаскелерiне орналасуға рұқсат беру;
6) ауданның арнаулы жер қорын құру;
7) жердi пайдалану мен қорғауға бақылау жасауды жүзеге асыру;
8) осы Заңның 30-бабының 5-тармағына сәйкес мемлекеттiк жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн ұзақ мерзiмдi жалға беруiне рұқсат беру;
9) осы Заңмен және өзге де заң актілерiмен өз құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер.
2-бөлiм. ЖЕРГЕ МЕНШIК ҚҰҚЫҒЫ, ЖЕР ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕРГЕ ӨЗГЕ ДЕ ҚҰҚЫҚТАР
3-тарау. ЖЕРГЕ МЕНШIК ҚҰҚЫҒЫ
15-бап. Жерге меншiк құқығының түрлерi
1. Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттiк және жеке меншiк танылады және тең дәрежеде қорғалады.
2. Меншiк құқығының субъектiлерi:
Республика аумағында жерге мемлекеттiк меншiк құқығының субъектiсi - Қазақстан Республикасы;
осы Заңмен белгiленген негiздерде, жағдайлар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар.
16-бап. Меншiк құқығының мазмұны
1. Меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi жер учаскесiн иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқығы бар.
2. Жердiң меншiк иесi ретiндегi мемлекеттiң құқықтарын осы заңда және өзге де заң актiлерiнде белгiленген өз құзыретiне сәйкес мемлекеттiк басқару органдары жүзеге асырады.
3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi осы заңда және өзге де заң актiлерiнде көзделген негiздерде, жағдайлар мен шектерде меншік иесі құқығын жүзеге асыра алады.
17-бап. Мемлекеттiк меншiк құқығын iске асыру
1. Мемлекеттiк меншiктегi жерден жер учаскелерi:
1) жеке меншiкке сатылуы немесе өтеусiз берiлуi;
2) өтемдi немесе өтемсiз негiзде тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлуi;
3) осы заңда, өзге де заң актiлерiнде немесе халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де құқықтық нысандарда iске асырылуы мүмкін.
18-бап. Жеке меншiк құқығының объектiлерi
1. Өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығын жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн берiлген (берiлетiн) жер учаскелерi Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
Өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығын жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн берiлген жер учаскесiнiң меншiк иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан жағдайда меншiк құқығы иелiктен алынуға немесе осы Заңның 49-бабының нормаларына сәйкес қайта ресiмделуге тиiс.
2. Үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес күтiп ұстауға арналған жердi қоса алғанда өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерiн салуға берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi азаматтардың және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
3. Мыналар:
1) осы баптың 1-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, ауыл шаруашылық мақсатындағы;
2) қорғаныс қажеттерi үшiн пайдаланылатын;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы;
4) орман және су қорларының;
5) елдi мекендер жерiндегi жалпы пайдаланылатын;
6) босалқы жер учаскелерi жеке меншiкте бола алмайды.
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген мақсаттарға берiлген (берiлетiн) жер учаскелерi шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке меншiгiнде бола алмайды.
19-бап. Жеке меншiк құқығын іске асыру
1. Егер осы Заңда және өзге де заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң меншiк иесi жер учаскесiн мемлекеттiк органдардың қандай да болсын рұқсатын алмай-ақ, өз қалауы бойынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырады.
2. Меншiк иесi өзiнiң жер учаскесiне қатысты заң актiлерiнде тыйым салынбаған кез келген мәмiлелердi жасасуға құқылы.
Жер учаскесiне меншiк құқығы басқа адамға мәмiле жасалған кезде болған барлық ауыртпалықтарымен қоса берiледi.
3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарттың негiзiнде жер учаскесiн уақытша пайдалануға беруге құқылы. Жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарт жалдау шарты (жалға алушымен) немесе өтеусiз пайдалану туралы шарт (өтеусiз пайдаланушымен) нысанында жасалады.
4-тарау. ЖЕР ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫ
20-бап. Жер пайдалану құқығының режимi
Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады.
Жер пайдалану құқығына, осы Заңға немесе заттық құқықтың табиғатына қайшы келмейтiндiктен, меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады.
21-бап. Жер пайдалану құқығының түрлерi
1. Жер пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иелiктен алынатын немесе алынбайтын, ақы төлеп немесе өтеусiз алынатын болуы мүмкiн.
2. Осы заңда және басқа да заң актiлерiнде белгiленген негiздерден басқа реттерде ешкiмдi де жер пайдалану құқығынан айыруға болмайды.
22-бап. Жер пайдалану құқығының субъектiлерi
Жер пайдаланушылар:
1) мемлекеттiк және мемлекеттiк емес;
2) ұлттық және шетелдiк;
3) жеке және заңды тұлғалар;
4) тұрақты және уақытша;
5) бастапқы және кейiнгi болып бөлінедi.
23-бап. Оралмандарға жер учаскелерiн беру
1. Оралмандарға өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығын жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жер учаскелерiн беру селолық елдi мекендердiң жерiнен, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерден, көшiп келушiлердiң жер қорының, арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден өтеусiз уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.
Берiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн осы заңда белгiленген тәртiп пен жағдайларда олардың жеке меншiгiне өтедi.
2. Оралмандарға жердi уақытша пайдалану құқығымен тауарлы ауыл шаруашылық өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерiн беру ауыл шаруашылық мақсатындағы жерден, арнайы жер қорының, көшiп келушiлердiң жер қорының жерiнен және босалқы жерден жүзеге асырылады.
24-бап. Жер пайдалану құқығының пайда болуы
1. Жер пайдалану құқығы:
1) жер пайдалану құқығын беру;
2) жер пайдалану құқығын тапсыру;
3) жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру) ауысуы арқылы пайда болады.
2. Жер пайдалану құқығын беру, басқа бiреуге тапсыру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын ескере отырып жүзеге асырылуға тиiс.
3. Жер пайдалану құқығы:
1) мемлекеттiк органдар актiлерiнiң;
2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;
3) заңдарда көзделген өзге де негiздерде пайда болады.
25-бап. Жер пайдалану құқығын беру
1. Жер пайдалану құқығын беру тұлғаға жер пайдалану құқығын тiкелей мемлекет беретiнiн бiлдiредi.
2. Мемлекеттiк заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығын беру мемлекеттiк органның жер учаскесiн тұрақты немесе уақытша пайдалануға беру туралы актісінің негiзiнде жүргiзiледi.
3. Уақытша жер пайдалану құқығын мемлекеттiк емес жер пайдаланушыларға беру жер учаскесiн жалға беру шартының немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану шартының негiзiнде жүргiзiледi.
4. Егер жер учаскесi лицензияны (патенттi) немесе жер қойнауын пайдалануға Келiсiм-шарт жасасуды керек ететiн қызметтi жүзеге асыруға немесе iс-қимыл жасауға арналса, осы учаскеге жер пайдалану құқығын беру тиiстi лицензия (патент) алынғаннан кейiн немесе жер қойнауын пайдалануға Келiсiм-шарт жасалғаннан кейiн жүргiзiледi.
26-бап. Жер пайдалану құқығын тапсыру
1. Жер пайдалану құқығын тапсыру тұлғаға жер пайдалану құқығын басқа бiр жер пайдаланушы беретiнiн бiлдiредi.
Жер пайдалану құқығын тапсыру азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде, сондай-ақ заңдарда көзделген өзге де негiздер бойынша жүргiзiледi.
Жер пайдалану құқығынан айыру азаматтық-құқықтық мәмілелер (сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау және басқалар) негiзiнде жүргiзiледi.
Жер пайдалану құқығын белгiлi бiр мерзiмге басқа тұлғаға тапсыру, жалдау немесе жердi өтеусiз уақытша пайдалану шартының негiзiнде жүргiзiледi.
2. Жер пайдаланушылардың, жерді иелiктен алуды қоса алғанда:
1) жалпы пайдаланылатын;
2) қорғаныс мұқтаждарына берiлген;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы;
4) қызметтiк жер телiмi жерiнде жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасауына жол берiлмейдi.
3. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi учаскенi басқа тұлғаға (кейiнгi жер пайдаланушыға) уақытша пайдалануға тапсыруы, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен алу осы Заңның 25-бабының 4-тармағында және 28-бабында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
27-бап. Жердi тұрақты пайдалану құқығы
1. Тұрақты жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi мынадай мемлекеттiк жер пайдаланушыларға:
1) кондоминиум объектiлерiндегi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды), үй-жайларды шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғаларға;
2) ауыл шаруашылық және орман шаруашылығы өндiрiсiн жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнде жер пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
4) заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда берiледi.
2. Тұрақты жер пайдалану құқығы шетелдiк жер пайдаланушыларға тиесiлi бола алмайды.
28-бап. Уақытша жер пайдалану құқығы
1. Уақытша жер пайдалану құқығы қысқа мерзiмдi (5 жылға дейiн) және ұзақ мерзiмдi (5 жылдан 49 жылға дейiн) болуы мүмкiн.
Уақытша жер пайдалану құқығын беру мерзiмдерi нысаналы мақсатын ескере отырып белгiленедi.
2. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, өз мiндеттерiн тиiстi түрде орындаған уақытша жер пайдаланушының шарт мерзiмi бiткен соң басқа жағдайлары тең болған кезде жаңа мерзiмге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында басым құқығы болады. Уақытша жер пайдаланушы жалға берушіге осындай шарт жасасу ниетi бар екенiн - шартта көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетiлмесе, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталардан үш ай бұрын жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
3. Бастапқы ұзақ мерзiмдi ақылы жер пайдалану құқығы бар мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар, егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн (немесе олардың бiр бөлiгiн) жалға (кiшi жалға) немесе өтеусiз уақытша жер пайдалануға беруге, сондай-ақ өздерiне тиесiлi уақытша жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығаруға құқылы.
Мемлекеттiк жер пайдаланушылар аталған құқықтарды осы Заңның 30-бабында белгiленген тәртiппен iске асырады.
4. Бастапқы уақытша жер пайдаланушы жер учаскесiн кейiнгi жер пайдалану туралы шарт бойынша басқаға берген жағдайда, соңғысының мерзiмi бастапқы жер пайдалану мерзiмiнен аспауы керек және жер учаскесiнiң нысаналы пайдаланылу мақсатын бұзуға әкеп соқтырмауға тиiс.
5. Кейiнгi жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi құқыққа осы Заңның 29-бабында белгiленген тәртiппен билiк етедi.
29-бап. Кейiнгi жер пайдалану құқығы
1. Кейiнгi жер пайдалану бастапқы жер пайдаланушы өзiнiң жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығармай, өзiне тиесiлi учаскенi (немесе оның бiр бөлiгiн) уәкiлеттi органға хабарлай отырып, басқа тұлғаға уақытша пайдалануға беретiн жағдайларда кейiнгi жер пайдалану туралы шарттың негiзiнде пайда болады.
Кейiнгi жер пайдаланушы өз құқықтарын басқа жер пайдаланушыларға беру құқығы болмайтын әрдайым уақытша жер пайдаланушы болып табылады.
2. Жер учаскесiн кейiнгi жер пайдалануға берген кезде бастапқы және кейiнгi жер пайдаланушылар мемлекет алдындағы жер пайдаланушының мiндеттерiн толық көлемiнде атқара бередi.
3. Кейiнгi жер пайдалану туралы шарт жалдау шарты немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану туралы шарт нысанында жасалады.
4. Кейiнгi жер пайдаланушы жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ кейiнгi жер пайдалану туралы шартта белгiленген талаптарды сақтай отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтары мен мiндеттерiн (осы Заңның 47 және 48-баптары) iске асырады.
5. Шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың, шетел қатысатын кәсiпорындардың жер учаскесiн жалға алуына болады, бiрақ олардың ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелерiн кейiнгi жер пайдалануға беруге құқығы жоқ.
30-бап. Мемлекеттiк жер пайдаланушылардың құқықтық жағдайының ерекшелiктерi
1. Мемлекеттiк жер пайдаланушылар жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ осы учаскенің нысаналы мақсаты мен жер пайдаланушы қызметiнiң жарғылық мақсаттарын ескере отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтарын iске асырады.
2. Мемлекеттiк жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығаруға, сондай-ақ кепiлге салуға құқығы жоқ, бұған жер учаскесiнде орналасқан жылжымайтын мүлiктi белгiленген тәртiппен иелiктен шығаруға не оны кепiлге салуға байланысты жағдайлар қосылмайды.
3. Мемлекеттiк жер пайдаланушыларға тиесiлi үйлерден (құрылыстардан, ғимараттардан) кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алуға байланысты жер пайдалану құқығынан өндiрiлiп алынатын жағдайларды қоспағанда (осы Заңның 61-бабының 3-тармағы), мемлекеттiк жер пайдаланушыларға тиесiлi жер пайдалану құқығы кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алу нысанасы бола алмайды.
4. Мемлекеттiк жер пайдаланушы өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) белгiленген тәртiппен жалға берген жағдайда, осы Заңның 36-бабының 3-тармағында белгiленген ережелер бойынша, оларға қоса аталған мүлiк орналасқан және белгiленген нормаларға сәйкес оның пайдаланылуына қажеттi жер учаскесi де жалға берiледi.
Үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) өзiн тиiсiнше жалға бермейiнше, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiн басқа тұлғаға жалға беруге болмайды.
5. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерiнде өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк жер пайдаланушы өзiне тиесiлi жер учаскесiн уәкілетті орган арқылы мемлекеттің келісiмiмен ғана ұзақ мерзімді жалға бере алады.
6. Жер учаскесi қызметтiк телiм тәртiбiмен берiлетiн жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн өтеусiз уақытша жер пайдалануға беруiне болмайды.
31-бап. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы
1. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы заң бойынша мұраға алған жағдайда немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда құқықтық мирасқорда жер пайдалану құқығының пайда болуын бiлдiредi.
2. Жер учаскесiне ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы бар азамат қайтыс болған жағдайда жер пайдалану құқығы азаматтық заңдарда көзделген тәртiппен мұраға қалдырылады. Егер уақытша жер пайдалану шартында өзгеше көзделмесе, қысқа мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы да осындай тәртiппен мұраға қалдырылады.
3. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда оған тиесiлi жер пайдалану құқығы азаматтық заңдардың нормаларына сәйкес құқықтық мирасқорына ауысады.
32-бап. Қызметтiк жер телiмi
1. Қызметтiк жер телiмi ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдаланудың ерекше бiр түрi болып табылады.
2. Қызметтiк жер телiмiне құқығы бар қызметкерлер санаттарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейдi.
3. Қызметтiк жер телiмi үлеске құқығы бар адамдар жұмыс iстейтiн мемлекеттiк заңды тұлғалардың жер пайдалануындағы жерден бөлiнедi.
4. Қызметтiк жер телiмi қызметтiк тұрғын үйге күтiм жасау, ауыл шаруашылық дақылдарын өсiру, шөп шабу және мал жаю үшiн берiледi.
5. Қызметтiк жер телiмi өтеусiз кейiнгi уақытша жер пайдалануға жатады және өзiнiң бөлiнуiне байланысты жұмыс кезеңiне берiледi. Қызметтік жер теліміне ауыл шаруашылық дақылдары егілген жағдайда жұмыстан босатылған қызметкердiң қызметтiк жер телiмiн пайдалану құқығы өнiм жинап алынғаннан кейiн тоқтатылады.
6. Қызметтiк жер телiмi:
1) жасы немесе мүгедектiгi бойынша зейнеткерлiкке шыққан соң еңбек қатынастарын тоқтатқан қызметкерлерде;
2) Қарулы Күштер қатарына мiндеттi мерзiмдi қызметке шақырылған немесе оқуға түскен қызметкерлердiң отбасында - бұл қызметкерлердiң мiндеттi қызметте немесе оқу орнында болған бүкiл мерзiмiне;
3) қызмет мiндеттерiн орындауына байланысты қаза тапқан қызметкерлердiң отбасында: жұмысқа жарамсыз жұбайы мен қартайған ата-аналары үшiн - өмiр бойы, балалары үшiн - олар кәмелетке толғанға дейiн сақталады.
7. Тұрғын үй заңдарына сәйкес қызметтiк тұрғын жайда тұру құқығы сақталатындығына қарай, қызметтiк тұрғын үйдi күтiп ұстауға арналған учаске түрiндегi қызметтiк жер телiмiне құқықта сақталады.
8. Қызметтiк жер телiмi тәртiбiмен жер учаскесiн беру қызметкер мен заңды тұлға әкiмшiлiгiнiң арасында жасалатын қызметтiк жер телiмiн беру туралы шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
9. Қызметтiк жер телiмiн пайдалану құқығына қатысты қандай да болсын мәмiле жасасуға жол берiлмейдi.
5-тарау. ЖЕР УЧАСКЕСI - МЕНШIК ҚҰҚЫҒЫНЫҢ, ЖЕР ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ҚҰҚЫҚТАРДЫҢ ОБЪЕКТIСI
33-бап. Жер учаскесiне құқық шектерi
1. Заң актiлерiнде өзгеше белгiленбегендiктен, жер учаскесiне құқықтар осы учаске шекарасындағы топырақтың үстiңгi қабатына, тұйық су тоғандарына, екпелерге қолданылады.
Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының топырақ қабаты астында жатқан жер қойнауын пайдалануы жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкес және жер қойнауы саласындағы қатынастарды реттейтiн заң актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Егер пайдалану кезiнде басқа тұлғалардың немесе мемлекеттiң құқықтарын, соның iшiнде жер қойнауына суға өсiмдiктер, жануарлар дүниесiне және әуе кеңiстiгiне құқықтарын бұзбаса, жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өз қалауы бойынша және қандай да бiр рұқсат алмай-ақ, осы учаскенiң үстiнде және астында бар нәрсенiң бәрiн пайдалануға құқылы.
34-бап. Жер учаскесiне құқық беру тәртiбi
1. Жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi өздерiнiң осы заңда белгiленген құзыретi шегiнде жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
Жер учаскесiн беру туралы шешiм жергiлiктi өкiлдi органның депутаттары, жер ресурстарын басқару, сәулет және қала құрылысы жөнiндегi аумақтық органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдардың өкiлдерi қатарынан жергiлiктi атқарушы органдар құратын комиссияның қорытындысы негiзiнде қабылданады.
2. Мемлекеттiк жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқығын алуға мүдделi жеке және заңды тұлғалар жер учаскесi орналасқан жердегi жергiлiктi атқарушы органға өтiнiш бередi.
Өтiнiште жер учаскесiн пайдаланудың мақсаты, оның болжамды мөлшерi, орналасқан жерi, сұралатын пайдалану құқығы, басқа жер учаскесiнiң (осы Заңның 35-бабының 2-тармағында аталған жер учаскелерi бойынша) болуы (болмауы) көрсетiлуге тиiс. Пайдалы қазбалар өндiрiлетiн жағдайда өтiнiшке Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiм-шарттың көшiрмесi қоса тiркеледi.
Жер учаскесiне құқық беру туралы өтiнiш түскен кезiнен бастап үш айға дейiнгi мерзiмде қаралады.
3. Жергілiктi уәкiлеттi органдар атқарушы органның тапсыруымен (елдi мекендерде сәулет және қала құрылысы органдарымен бiрлесе отырып) сұралып отырған жер учаскесiн аумақтық аймаққа бөлуге сәйкес мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкiндiгiн анықтайды.
4. Жер учаскесiне құқық беруден бас тарту жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен ресiмделiп, өтiнiш берушiге шешiм қабылданғаннан кейiн жетi күн мерзiмде көшiрмесi тапсырылады.
5. Жергiлiктi атқарушы органның жер учаскелерiне тиiстi құқықтар беру туралы шешiмi жерге орналастыру жобасы негiзiнде қабылданып, өтiнiш берушiге шешiм қабылданған кезден бастап жетi күн мерзiмде жер учаскесiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын беру туралы шешiмнiң көшiрмесi тапсырылады.
6. Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi мен жер учаскелерiн жалға алу құқығы аукционда сатылатын объектiлер болуы мүмкiн.
Аукционда сатуға ұсынылатын жер учаскелерiнiң немесе жер учаскелерiн жалға алу құқықтарының тiзбесiн жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейдi және ол жергiлiктi өкiлдi органның тиiстi шешiмiмен бекiтiледi.
7. УәкiлетЧтi органдар беретiн мына құжаттар:
жер учаскесiне жеке меншiк және тұрақты жер пайдалану кезiнде - жер учаскесiне меншiк құқығына және тұрақты жер пайдалану құқығына берiлетiн акт;
өтеулi уақытша жер пайдалану кезiнде - жер учаскесiн жалға алу туралы шарт;
өтеусiз уақытша жер пайдалану кезiнде - өтеусiз уақытша жер пайдалану туралы шарт жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттар болып табылады.
Жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттарда жер, құқық кадастрларын жүргiзу мақсаттары үшiн қажеттi бiрiздiлiк белгiлерi болуға тиiс.
8. Меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығын ресiмдеу тәртiбiн, жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттардың нысанын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
9. Жер учаскесiнiң нақты (жергiлiктi жердегi) шекарасы белгiленгенге және жергiлiктi уәкiлеттi орган жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттарды бергенге дейiн осы жер учаскесiн пайдалануға жол берілмейдi.
35-бап. Жер учаскелерiн беру нормалары
1. Азаматтар мен заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығынан басқа мақсаттар үшiн берiлетiн жер учаскелерiнiң мөлшерi қызметтiң осы түрлерiне жер бөлудiң заңдарда белгiленген тәртiбiмен бекiтiлген нормалар бойынша не сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес белгiленедi.
2. Жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтарының отбасына жеке меншiкке мынадай мөлшерде тегiн берiледi:
1) ауылдық жерлерде өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығын (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суарылатын жерде 0,15 гектар;
2) жеке тұрғын үй құрылысы үшiн - 0,10 гектар;
3) бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн - 0,12 гектар.
Жер учаскелерiн аталған мақсаттар үшiн қайталап тегiн беруге жол берiлмейдi.
3. Осы баптың 2-тармағында келтiрiлген, жеке меншiкте, сондай-ақ тауарлы ауыл шаруашылық өндiрісiн жүргізу үшiн ұзақ мерзiмдi жер пайдалануда болуы мүмкiн жер учаскелерiнiң шектi (ең үлкен) мөлшерi жергiлiктi жағдайлар мен ерекшелiктерге қарай жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмдерiмен белгiленедi.
Шаруа (фермер) қожалықтарын жүргiзу үшiн жер пайдалануда болуы мүмкiн жер учаскелерiнiң шектi (ең үлкен) мөлшерi қожалықтың әрбiр мүшесiне орташа аудандық он бес жер үлесiнен аспайтын мөлшерде белгiленедi.