Кеден бақылауы мен кедендiк ресiмдеудi жүзеге асырған кезде кеден делдалы Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды өздiгiнен дербес өткiзгендегiдей барлық мiндеттердi орындап, жауапкершiлiктi өзiне алады.
184-бап. Кеден делдалдарының тiзiлiмi
Қазақстан Республикасының орталық кеден органы кеден делдалдарының тiзiлiмiн жүргiзедi және оның мезгiл-мезгiл жариялануын қамтамасыз етедi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 185-бап өзгертілді
185-бап. Кедендiк ресiмдеу жөніндегі маман
Қазақстан Республикасы орталық кеден органының біліктілік аттестаты бар маманның кеден делдалы атынан кеден құжаттарын ресiмдеу жөніндегі iстердi жүргiзуге құқығы бар.
Кеден делдалы атынан кеден құжаттарын ресiмдеу жөніндегі iстердi осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған маман жүргiзген кезде, егер кеден делдалы басқаша дәлелдемесе, онда ол кеден делдалы осы iске уәкiлдiк берген маман деп саналады.
Кеден делдалы Қазақстан Республикасы кеден органдары алдында маманның кеден құжаттарын ресiмдеу жөніндегі мiндеттерiн шектей алмайды.
Өтiнiштердi қарау және біліктілік аттестатын беру тәртібін, сондай-ақ кедендiк ресiмдеу жөнiнде мамандарға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейдi. Қазақстан Республикасының орталық кеден органы кедендiк ресiмдеу жөнiнде мамандардың тiзiлiмiн жүргiзедi.
Егер:
1) өтiнiш иесi ұсынған аттестат беру туралы шешiм қабылдау үшiн елеулi мәнi бар толық емес немесе күмәндi мәлiметтер негiзiнде аттестат берiлсе;
2) маман Қазақстан Республикасының кеден органдары алдында өз мiндеттерiн орындамаса;
3) маман кеден заңдарының талаптарын бұзса не орындамаса;
4) маман Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшiн кiнәлi деп танылса, сондай-ақ осы Заңда көзделген құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда;
5) маман өзi өкiл болып саналатын тұлғаға, соның iшiнде коммерциялық құпия немесе жасырын ақпарат болып табылатын мәлiметтердi заңсыз пайдалану арқылы заңсыз түрде елеулi зиян келтiрсе;
6) кеден құжаттарын ресiмдеген кезде Қазақстан Республикасының заңдарын кеден төлемдерi мен салықтарға қатысты бөлiгiнде бұзса, Қазақстан Республикасының орталық кеден органы кеден құжаттарын ресiмдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатын қайтарып алуы мүмкiн.
Қайтарып алу, біліктілік аттестаты берілген күннен бастап күшіне енетін өтiнiш берушi тапсырған толық емес немесе күмәндi мәлiметтердiң негiзiнде берiлген білiктілік аттестатын қайтарып алуды қоспағанда, қайтарып алу туралы біліктілік аттестатын ұстаушы ресми хабарлаған күннен бастап күшiне енедi.
Бiлiктілік аттестатын беру туралы қайталап берiлген өтiнiш ол қайтарып алынған немесе жарамсыз деп танылған күннен бастап алты ай өткен соң, осыған негiз болған себептер жойылған жағдайда қаралуы мүмкiн.
Егер аттестат өтiнiш иесiне беру тәртібін бұза отырып берiлсе, кеден құжаттарын ресiмдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатының күшi тоқтатыла тұруы мүмкiн.
Тоқтата тұру, тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған күннен бастап күшiне енедi.
Кеден делдалы банкрот деп танылған жағдайда онда жұмыс iстейтiн мамандардың біліктілік аттестаттары Қазақстан Республикасының орталық кеден органы айқындайтын тәртiппен қайта тiркелуге тиiс.
Бiлiктілік аттестатының күшiн Қазақстан Республикасының кеден органдары екi айға дейiнгi мерзiмге тоқтата алады.
Кеден iсiн құқықтық реттеуде айтарлықтай өзгерiс болған жағдайда, кеден құжаттарын ресiмдеу жөніндегі маман бiр ай мерзiм iшiнде өз бөлiмiнiң осындай мамандарға қойылатын жаңа талаптарға сәйкес келетiндiгiн дәлелдеуге тиiс. Мұндай шартты сақтамаған жағдайда Қазақстан Республикасының кеден органы осындай дәлел болғанға дейiн, бiрақ екi айдан асырмай біліктілік аттестатының күшiн тоқтата тұрады, ал маман өз білімiнiң сәйкестiгiн біліктілік аттестатының күшi тоқтатылған мерзiм iшiнде дәлелдей алмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының орталық кеден органы бұл аттестатты қайтарып алады. Кеден iсiн құқықтық реттеудiң айтарлықтай өзгергенi туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының орталық кеден органы қабылдайды.
Бiлiктілік аттестатын қайтарып алу, жарамсыз деп тану немесе оның күшiн тоқтата тұру туралы шешiмге осы Заңның 388-395-баптарына сәйкес шағым жасалуы мүмкiн.
186-бап. Лицензия, біліктілік аттестатын бергенi үшiн
алынатын алымдар
Кеден делдалы ретіндегі қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия, кедендiк ресiмдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатын бергенi үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарымен айқындалған тәртiп пен мөлшерде алым алынады.
Кеден делдалы ретіндегі қызметтi жүзеге асыру құқығына арналған лицензияны қайтарып алу немесе күшiн тоқтата тұру, кедендiк ресiмдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатын қайтарып алу, күшiн тоқтата тұру барысында лицензия немесе аттестат бергенi үшiн алым қайтарылмайды.
187-бап. Кеден делдалы мен оның қызметкерлерiнiң
ұсынған адамнан алынған ақпаратқа қатысы
Кеден делдалы мен оның қызметкерлерi кеден мақсаттары үшiн ұсынылған адамнан алған ақпаратты тек сол мақсатқа ғана пайдаланады.
Оны ұсынған адамның құқықтарына әрi заңмен қорғалатын мүддесiне құқыққа жат залал келтiруге жол берiлмейдi.
Коммерциялық, банктiк немесе заңмен қорғалатын өзге де құпиядан түзiлген ақпарат, сондай-ақ оны ұсынған тұлғаның жасырын ақпараты жария етiлмейдi, кеден делдалдары мен оның қызметкерлерiнiң жеке мақсатына пайдаланылмайды, Қазақстан Республикасының заң актілерінде тiкелей көзделген жағдайлардан басқа реттерде үшiншi тұлғаға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға (Қазақстан Республикасының кеден органдарынан басқа) берiлмейдi.
27-тарау. Кедендiк тасымалдаушы
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 188-бап өзгертілді
188-бап. Кедендiк тасымалдаушы
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған және кедендiк тасымалдаушы ретіндегі қызметтi жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы орталық кеден органының лицензиясын алған заңды тұлға кедендiк тасымалдаушы бола алады.
Кедендiк тасымалдаушы өзiнiң қызметiн осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
Кедендiк тасымалдаушының мүдделi тұлғалармен өзара қатынасы шарттық негiзде құрылады.
Лицензиялауға байланысты қатынастар лицензиялау туралы заңдармен реттеледi.
Кеден тасымалдаушысы ретiнде қызметпен айналысуға берілген лицензияның күшiн Қазақстан Республикасының орталық кеден органы тоқтата тұруы мүмкiн.
Лицензияны қайтарып алу лицензиатқа қайтарып алу жайында хабарланған күннен бастап қолданылады.
Лицензияны тоқтата тұру тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған күннен бастап қолданылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 189-бап алып тасталды
190-бап. Кедендiк тасымалдаушыны тiркеу және
олар туралы ақпарат ұсыну
Қазақстан Республикасының кеден органы осы кеден органының қызмет аймағында осындай мiндет атқаруға ниет бiлдiрген кедендiк тасымалдаушыларды тiркейдi.
Тiркеу кедендiк тасымалдаушының өтiнiшi негiзiнде жүзеге асырылады.
Кеден органы жалпыға бiрдей таныстыру үшiн тiркелген кедендiк тасымалдаушылардың тiзбесiн ұсынады.
191-бап. Кедендiк тасымалдаушы мен ондағы
қызметкерлердiң тауарлар мен олардың құжаттары
жөнелтушiден алған ақпаратқа қатынасы
Жөнелтушiден алынған, коммерциялық, банктiк немесе заңмен қорғалатын өзге де құпиядан түзiлген тауарлар мен олардың құжаттарына қатысты ақпарат, сондай-ақ жасырын ақпарат жария етiлмейдi, кедендiк тасымалдаушы мен ондағы қызметкерлердiң жеке мақсатына пайдаланылмайды, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендегiден басқа жағдайларда үшiншi тұлғаларға, мемлекеттік органдарға (кеден органдарынан басқа) берiлмейдi.
28-тарау. Мәлiмдеу
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 192-бап өзгертілді
192-бап. Тауарлар мен көлiк құралдарын мәлiмдеу
Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк құралдары, кеден режимi өзгерiске ұшырайтын тауарлар мен көлiк құралдары, сондай-ақ басқа да тауарлар мен көлiк құралдары Қазақстан Республикасының кеден заңдарымен айқындалған жағдайларда Қазақстан Республикасының кеден органына мәлiмдеуге жатады.
193-бап. Мәлiмдеу нысаны
Мәлiмдеу тауарлар мен көлiк құралдары туралы, олардың кеден режимi туралы дәл мәлiметтердi және кеден мақсаттарына қажеттi басқа да мәлiметтердi белгiленген нысанда (деректердi жазбаша, ауызша, электронды беру және өзге де түрде) мәлiмдеу арқылы жүргiзiледi.
Мәлiмдеудiң нысаны мен тәртібін, сондай-ақ кеден мақсаттарына қажеттi мәлiметтер тiзбесiн Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейдi.
194-бап. Мәлiмдеу орны
Тауарлар кеден құжаттарын ресiмдеу жүргiзiлетiн Қазақстан Республикасының кеден органына мәлiмделедi.
Тауарларды тасымалдайтын көлiк құралдары, осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделгендерден басқа жағдайларда, тауарлармен бiр мезгiлде мәлiмделедi.
Теңiз, өзен және әуе кемелерi Қазақстан Республикасының кеден аумағына келiп жатқан кемежайда немесе әуежайда не Қазақстан Республикасының кеден аумағынан жөнелтiлетiн кемежайда немесе әуежайда мәлiмделедi.
Бос көлiк құралдары мен жолаушылар таситын көлiк құралдары Қазақстан Республикасының кеден шекарасынан өткен кезде мәлiмделедi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1; 06.12.01 ж. № 260-II Заңдарымен 195-бап өзгертілді
195-бап. Кеден декларациясын беру мерзiмдерi
Кеден декларациясын тапсыру мерзiмi тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кеден органына тапсырған күннен бастап он бес күннен аспауға тиiс. Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейтiн тiзбе бойынша ерекше сақтау жағдайларын қажет ететiн (тез бүлiнетiн) тауарларға қатысты кедендiк декларация тапсырудың мерзiмi оларды Қазақстан Республикасының кеден органына табыс еткен күннен бастап үш күннен аспауға тиiс.
Жеке тұлғалар тауарларды өткiзген кезде осы Заңның 108-бабына сәйкес кеден декларациясы тауарларды ұсынумен бiр мезгiлде берiледi.
Қазақстан Республикасының кеден шекарасынан өтетiн бос көлiк құралдары мен жолаушылар таситын көлiк құралдары Қазақстан Республикасының кеден шекарасынан тiкелей өткен уақытта мәлiмделедi.
Осы бапта көрсетiлген мерзiмдер Қазақстан Республикасының орталық кеден органы айқындаған тәртiп бойынша Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатымен ұзартылуы мүмкiн.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 196-бап өзгертілді
196-бап. Декларант
Осы Заңның 108-бабына сәйкес жеке тұлғалардың тауарларды өткізуi мен Қазақстан Республикасының орталық кеден органы айқындағаннан өзге жағдайларда, тек отандық тұлға ғана декларант бола алады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 197-бап өзгертілді
197-бап. Декларанттың мiндеттерi мен құқықтары
Осы Заңда көзделген өзге құқықтардан басқа декларант кеден декларациясын бергенге дейiн кеден бақылауымен тауарлар мен көлiк құралдарын қарап, өлшеуге, Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатымен тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн алуға құқылы. Тауарларға қатысты берiлетiн кеден декларациясымен қамтылған жағдайда сынамалар мен үлгiлерге жеке кеден декларациясы берiлмейдi.
Декларант тауарлар мен көлiк құралдарын өткізушi, оларды тасымалдаушы тұлға не тауарлар мен көлiк құралдарын өткiзетiн тұлғамен шарт бойынша оларды мәлімдейтін тұлға болып табылатынына қарамастан, осы Заңда көзделген барлық мiндеттердi орындайды және толық көлемде жауап бередi, соның iшiнде тауарлар мен көлiк құралдарын мәлiмдеу кезiнде декларант:
осы Заңға сәйкес тауарлар мен көлiк құралдарын мәлiмдеудi жүргiзуге; Қазақстан Республикасы кеден органының талап етуi бойынша мәлiмделетiн тауарлар мен көлiк құралдарын көрсетуге;
кеден мақсаттары үшiн қажеттi құжаттар мен қосымша мәлiметтердi Қазақстан Республикасының кеден органына ұсынуға;
кеден төлемдерi мен салықтарын төлеуге;
кедендiк ресiмдеудi жүргiзуге, соның iшiнде талап етiлетiн жүк тасымалы мен өзге де операцияларды жүргiзуде Қазақстан Республикасының кеден органдарына көмек көрсетуге мiндеттi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 198-бап өзгертілді
198-бап. Кеден мақсаттары үшiн қажет құжаттар мен
қосымша мәлiметтер
Кеден декларациясын беру Қазақстан Республикасының кеден органына кеден декларациясын толтыруға негiз болатын және:
кеден ресімдеуіне жататын тауарлар мен көлік құралдарына меншік құқығын (иелену немесе пайдалану құқығын);
декларанттың өз атынан кеден декларациясын беру өкiлеттiгiн тауарларды өткізу фактiсiн;
тауарлардың кеден құны мен шығу тегiн;
кеден төлемдерi мен салығының төленгенiн және (немесе) тарифтiк жеңiлдiктер немесе тарифтiк артықшылықтар, салық төлеу жөнiнде жеңiлдiктер беруге негiздеменi;
стандарттардың міндетті талаптарына сәйкестігін;
сондай-ақ уәкілеттi мемлекеттік органдардың тиісті рұқсаттарын растайтын құжаттарды және Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда өзге де құжаттарды тапсырумен қоса жүргiзiлуге тиiс.
Қажет құжаттар тiзбесiн осы Заңмен белгiленген кеден режимдерiнiң талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының орталық кеден органы айқындайды және ол мiндеттi түрде жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының кеден органы кеден декларациясында, кеден мақсаттары үшiн тапсырылған құжаттарда келтiрiлген ақпаратты тексеру мақсатында Қазақстан Республикасы кеден органы басшысының жазбаша рұқсатымен қосымша мәлiметтер сұратуға құқылы.
Қазақстан Республикасының кеден органы жетiспейтiн құжаттар мен мәлiметтердi беру үшiн мерзiм белгiлеуге құқылы. Қосымша құжаттар беру талабы декларация қабылдауда және тауарлар шығаруда бас тартуға негiз бола алмайды.
Қазақстан Республикасының кеден органдарына кеден декларациясын және кедендiк мақсаттар үшiн қажеттi құжаттарды тапсыру күнi Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейтiн тәртiппен ресiмделетiн тапсырылған құжаттар тiзбесiнде көрсетiледi және Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамының дербес мөрiмен куәландырылады.
Куәландырылған соң тiзбе декларантқа қайтарылады.
Құжаттардың ресiмделуi жөнiнде ескертпелер және/немесе қосымша құжаттар беру қажет болған жағдайда, декларантқа қайтарылатын тiзбеде Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды тұлғасы куәландыратын тиiстi жазба жүргiзiледi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 199-бап өзгертілді
199-бап. Кеден декларациясын қабылдау
Берiлген кеден декларациясын Қазақстан Республикасының кеден органы қабылдайды. Кеден декларациясын қабылдау Қазақстан Республикасының орталық кеден органы айқындаған тәртiппен ресiмделедi.
Қабылдау ресiмделген кезден бастап кеден декларациясы заң күшi бар құжат болып табылады.
Қазақстан Республикасы кеден органының кеден декларациясын қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.
Қазақстан Республикасы орталық кеден органы белгiлеген тәртiп бұзылып ресiмделген кеден декларациялары бойынша тауарлар мен көлiк құралдарын шығару жөніндегі жауапкершiлiк Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамына жүктеледi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 200-бап жаңа редакцияда
200-бап. Кеден декларациясын өзгерту және толықтыру
Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатымен кеден декларациясында көрсетілген мәліметтерді декларант өзгертуі немесе толықтыруы, ал берiлген кеден декларациясын ол керi қайтарып алуы мүмкiн. ОсылаЙ өзгерту, толықтыру немесе керi қайтарып алу кеден декларациясын тексеру аяқталғанға немесе тауарлар мен көлік құралдарын қарап шығу басталғанға немесе Қазақстан Республикасының кеден органы декларацияда көрсетiлген мәлiметтердiң дұрыс еместiгiн анықтағанға дейiн жүргiзiлуi мүмкiн.
Кеден декларациясын өзгерту немесе толықтыру оның қолданылу аясын кеңейте немесе тарылта алмайды.
Қазақстан Республикасы кеден органдары лауазымды адамдарының өз бастамашылығымен, тұлғаның тапсыруы немесе өтiнiшi бойынша жазбаша кеден декларациясын толтыруға, кеден декларациясында көрсетілген мәліметтерді өзгертуге немесе толықтыруға құқығы жоқ, бұған Қазақстан Республикасы кеден органдарының құзыретiне жатқызылған мәліметтерді кеден декларациясына енгізу, сондай-ақ машинамен өңдеу үшін пайдаланылатын кодталған мәліметтерді, егер осындай мәліметтер кодталмаған күйiнде декларацияда бар болса, өзгерту немесе толықтыру қосылмайды.
Кеден декларациясын қайтарып алу кезiнде жаңа кеден декларациясын тапсыру жалпы белгіленген тәртiппен жүргiзiледi.
Кеден декларациясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ оны қайтарып алу тәртібін Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейдi.
201-бап. Уақытша немесе толық емес декларация
Егер декларант ерекше себептерге байланысты толық кеден декларациясын бере алмаса, Қазақстан Республикасының кеден органы уақытша немесе толық емес кеден декларациясында кеден мақсаттары үшiн қажеттi негiзгi мәлiметтер көрсетiледi және жетпеген мәлiметтер Қазақстан Республикасы кеден органы белгiлеген мерзiмдерде берiлетiн болады деген жағдайда Қазақстан Республикасының орталық кеден органы айқындаған тәртiппен уақытша немесе толық емес кеден декларациясын беруге рұқсат ете алады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 202-бап өзгертілді
202-бап. Мерзiмдi және алдын ала декларациялау
Белгiлi бiр тауарлар мен көлiк құралдарын белгiлi бiр тұлға ұдайы өткiзетiн кезде Қазақстан Республикасының кеден органы уақыттың белгiлi бiр кезеңi iшiнде Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн барлық тауарлар мен көлiк құралдарына бiр кеден декларациясын беруге рұқсат ете алады.
Декларант тауарлар келерден бұрын отыз күннен аспайтын мерзiмде Қазақстан Республикасының кеден органына жүгiнген жағдайда тауарларды алдын ала декларациялау рәсiмi қолданылады.
Тауарларды мерзімді және алдын ала декларациялау тәртібін Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейдi.
VII бөлім. Кеден бақылауы
29-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 203-бап өзгертілді
203-бап. Кеден бақылауын жүргiзу және оның нысандары
Кеден бақылауын Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдары кеден мақсаттарына қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi тексеру, кеден бақылауының ерекше нысаны ретiнде жеке тексеру, тауарлар мен көлiк құралдарын есепке алу, жеке тұлғалар мен лауазымды адамдар арасында ауызша сауалнама жүргiзу, есепке алу мен есеп беру жүйесiн тексеру, уақытша сақтау қоймаларының, кеден қоймаларының, еркiн қоймалардың, еркiн кеден аймақтары объектiлерiнiң, бажсыз сауда дүкендерiнiң аумақтары мен үй-жайларын, кедендiк бақылауға жататын тауарлар мен көлiк құралдары болуы мүмкiн не Қазақстан Республикасы кеден органдары бақылау жасау жүктелген қызмет жүзеге асырылатын бас да орындарды тексеру нысанында және осы Заң мен Қазақстан Республикасының кеден iсi жөніндегі заңдарында көзделген басқа да нысандарда жүзеге асырады.
Кеден бақылауын жүргiзген кезде адам өмiрi мен денсаулығына, жануарлар мен өсiмдiктерге қауiпсiз және тұлғаларға, тауарларға, көлiк құралдарына зиян келтiрмейтiн техникалық құралдар қолданылуы мүмкiн.
Кеден бақылауын жүргiзу ережелерiн кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның келісімi бойынша Қазақстан Республикасының орталық кеден органы айқындайды.
204-бап. Кеден бақылауының аймақтары
Кедендiк ресiмдеу, Қазақстан Республикасының кеден органдары орналасқан жерлерде және Қазақстан Республикасының орталық кеден органы айқындаған өзге де жерлерде кеден бақылауын жүзеге асыру мақсатында кедендiк бақылау аймағы құрылады. Кедендiк бақылау аймақтарын құру мен белгiлеу тәртібін Қазақстан Республикасының орталық кеден органы айқындайды. Өндiрiстiк және өзге де коммерциялық қызметтi жүзеге асыруға, тауарларды, көлiк құралдары мен тұлғаларды, оның iшiнде мемлекеттік органдардың өзге де лауазымды адамдарын, Қазақстан Республикасының заң құжаттарында көзделгеннен басқа жағдайларда, осындай аймақтардың шекаралары арқылы және олардың шегiнде өткізуге Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсат етуiмен және оның бақылауымен ғана жол берiледi. Аталған жағдайларда кеден бақылауы аймақтарына кiруге Қазақстан Республикасының кеден органын алдын ала хабардар ету арқылы рұқсат етiледi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 205-бап өзгертілді
205-бап. Кеден бақылауы үшiн қажеттi құжаттар мен
мәлiметтер
Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлар мен көлiк құралдарын өткізушi не Қазақстан Республикасының кеден органдарына бақылау жасау жүктелген қызметтi жүзеге асырушы тұлғалар кеден бақылауы үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi осы органдарға ұсынуға мiндеттi. Оларды ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасының орталық кеден органы айқындайды.
Қазақстан Республикасы кеден органдары кеден бақылауын жүргiзу үшiн банк операцияларының кейбір түрлерiн жүзеге асырушы банктер мен ұйымдардан Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлар мен көлiк құралдарын өткізушi тұлғалардың, кеден делдалдарының не Қазақстан Республикасының кеден органдарына бақылау жасау жүктелген қызметтi жүзеге асыратын өзге де тұлғалардың жасайтын операциялары мен есепшоттарының жайы туралы мәлiметтер мен анықтамалар алуға құқылы.
Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, Қазақстан Республикасының салық және өзге де бақылаушы органдары өз бастамасымен не Қазақстан Республикасы кеден органдарының сұрау салуы бойынша кеден бақылауы үшiн қажеттi қолда бар мәлiметтер туралы осы органдарды хабардар етедi.
Кеден бақылауы үшiн қажет құжаттарды кеден органдары, тауарлар өткiзетiн тұлғалар, кеден делдалдары және Қазақстан Республикасының кеден органдарына бақылау жүктелген қызметпен кемiнде бес жыл айналысатын өзге де тұлғалар сақтайды.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 206-бап өзгертілді
206-бап. Мамандар мен сарапшыларды кеден бақылауын
жүргiзуге көмектесу үшiн тарту
Қазақстан Республикасының кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кеден бақылауын жүргiзуге көмектесу үшiн құқық қорғау және бақылаушы органдардың мамандарын, кез келген мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғаларды, сондай-ақ сарапшыларды шарттық негiзде тартуға құқылы.
Мемлекеттік органдарда, мемлекеттік заңды тұлғаларда жұмыс iстейтiн мамандар мен сарапшылардың жұмыс орындарындағы орташа айлық еңбекақысы сақталады. Мамандар мен сарапшыларды тартуға байланысты шығынды, жол жүру, үй-жай жалдау, тәулiктiк, жұмыс үшiн сыйақы төлеу шығындарын қоса алғанда, егер ол жұмыс осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдарда, мемлекеттік заңды тұлғаларда жұмыс iстейтiн мамандар мен сарапшылардың қызмет мiндеттерiнiң аясына кiрмейтiн болса, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртiппен Қазақстан Республикасының кеден органдары мойнына алады.
Маманды немесе сарапшыны кеден бақылауын жүргiзуге көмектесу үшiн тарту туралы Қазақстан Республикасы кеден органының сұрау салуы осы маман немесе сарапшы жұмыс iстейтiн мемлекеттік органның немесе мемлекеттік заңды тұлға басшысының орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1; 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 110-бап өзгертілді
207-бап. Қазақстан Республикасы кеден органдары
лауазымды адамдарының кеден бақылауын
жүргiзу үшiн аумақтар мен үй-жайларға кiруi
Қазақстан Республикасы кеден органдары лауазымды адамдарының, Қазақстан Республикасының заң актілері мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден бақылауын жүргiзу мақсатында осындай бақылаудан өткiзiлуге тиiстi тауарлар мен көлiк құралдары, кеден бақылауы үшiн қажеттi құжаттар болуы мүмкiн не бақылауы Қазақстан Республикасының кеден органдарына жүктелген қызмет жүзеге асырылатын кез келген тұлғаның аумақтары мен үй-жайларына, кiруге прокурор санкция беретiн үй-жайларды қоспағанда, тиiстi тәртiппен ресiмделген ұйғарым болған кезде (тiнту және тексеру жүргiзбей) кiруге құқығы бар. Прокурордың санкциясы талап етiлетiн iс-әрекеттер кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда онсыз, бірақ кейін жиырма төрт сағат ішінде оны жазбаша хабардар ете отырып жүргiзiлуi мүмкiн. Аталған хабарламаны алған соң, прокурор жасалған iс-әрекеттiң заңдылығын тексередi және олар заңсыз болған жағдайда өз қаулысымен тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың күшiн жояды немесе оларды алып тастайды.
208-бап. Тауарларды, көлiк құралдарын, үй-жайлар
мен басқа орындарды теңдестiру
Кеден бақылауына жататын көлiк құралдары, үй-жайлары сыйымдылықтар және тауарлар мен көлiк құралдары тұратын немесе болуы мүмкiн басқа орындарды, Қазақстан Республикасының кеден органдарына бақылау жасау жүктелген қызмет жүзеге асырылатын орындарды, сондай-ақ кеден бақылауындағы тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кеден органдары теңдестiруi мүмкiн.
Теңдестiру қорғасын мөрлер, жай мөрлер басу арқылы санмен, әрiппен және өзге де таңбалау, теңдестiру белгiлерiн штамп басу, сынамалар мен үлгiлер алу, тауарларды сипаттау, сызбалар жасау, ауқымды кескiндер, фотосуреттер, көркем безендiрулер дайындау, тауарға iлеспе және өзге де құжаттамалар мен тәсiлдердi пайдалану арқылы жүргiзiледi.