Қазақстан Республикасының кеден органының талап етуi бойынша осы баптың бірінші бөлiгiнде көрсетiлген тұлғалар мен олардың өкiлдерi кедендiк ресiмдеу кезiнде оған қатысуға және Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарына оны жүргiзуде көмек көрсетуге мiндеттi.
156-бап. Кедендiк ресiмдеу жүргiзiлетiн тiл
Кеден мақсаттары үшiн құжаттар толтыруды қоса, кедендiк ресiмдеу қазақ немесе орыс тілінде жүргiзiледi.
157-бап. Кеден құжаттарын ресiмдеу және басқа
мемлекеттік органдарының бақылауы
Кедендiк ресiмдеу Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк құралдары жөнiнде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген реттерде малдәрiгерлiк, фитосанитарлық, экологиялық және мемлекеттік бақылаудың басқа түрлерiн жүзеге асырғаннан кейiн ғана аяқталуы мүмкiн.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 158-бап өзгертілді
158-бап. Кедендiк ресiмдеу аяқталмаған тауарлар мен
көлiк құралдарын пайдалану және оларға
иелiк ету
Осы Заң мен кеден ісі жөніндегі нормативтік құқықтық актілерінде көзделгеннен басқа реттерде, ешкiм де кеден құжаттарын ресiмдеу аяқталмаған тауарлар мен көлiк құралдарын пайдалануға және оларға иелiк етуге құқылы емес.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 159-бап алып тасталды
160-бап. Кедендiк ресiмдеудiң оңайлатылған тәртібі
Шұғыл жеткiзiлiм кезiнде (табиғи нәубеттер, авариялар, апаттар кезiнде қажеттi тауарлар, тiрi жан-жануарлар, тез бүлiнетiн тауарлар, радиоактивтiк материалдар, бұқаралық ақпарат мақсатындағы хабарлар мен материалдар) кедендiк ресiмдеу оңайлатылған тәртiппен жүргiзiледi.
Жедел жеткiзiлiмдердi кедендiк ресiмдеудiң оңайлатылған тәртібін және оны қолдану реттерiн Қазақстан Республикасының орталық кеден органы айқындайды.
161-бап. Кедендiк ресiмдеу үшiн қажеттi тауарлармен
көлiк құралдарымен жасалатын жүк және
өзге операциялар
Қазақстан Республикасы кеден органының талап етуi бойынша тауарларды өткізушi тұлға, тасымалдаушы, қойма иесi және тауарлар мен көлiк құралдары жөнiнде өкiлеттiгi бар өзге тұлға кедендiк ресiмдеуге жататын тауарлар мен көлiк құралдарын тасымалдауға, таразыға тартуға немесе көлемiн өзгеше өлшеуге, тиеуге, түсiруге, қайта тиеуге, бүлiнген орамдарын жөндеуге, орауын ашуға, орауға не қайта орауға, сондай-ақ осындай тауарлар мен көлiк құралдары болуы мүмкiн жайларды, ыдыстарды және басқа орындарды ашуға мiндеттi.
Егер осы тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты кедендiк ресiмдеу аяқталмаған өзге жағдайларда, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген операциялар Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатымен ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
Тауарлармен және көлiк құралдарымен жасалатын жүк және өзге операциялар Қазақстан Республикасының кеден органы үшiн нендей бiр қосымша шығындарға соқтырмауға тиiс.
162-бап. Кедендiк ресiмдеу мақсаттары үшiн тауарлардың
сынамалары мен үлгiлерiн алу
Кедендiк ресiмдеу жүргiзу мақсатында Қазақстан Республикасының кеден органдары тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн алуға, соның iшiнде кеден лабораторияларымен бiрлесе отырып, оларға зерттеу (сараптама) жүргiзуге құқылы.
Кеден бақылауындағы тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатымен тауарларға қатысты өкiлеттiгi бар тұлғалар, олардың өкiлдерi және мемлекеттік бақылаудың басқа органдары оны жүзеге асыру мақсатында алуы мүмкiн.
Сынамалар мен үлгiлер осы сынамалар мен үлгiлердi зерттеу мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiндей ең аз мөлшерде алынады.
Кеден бақылауындағы тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн алу туралы құжат Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейтiн үлгiде жасалады.
Тауарларға қатысты өкiлеттiктерi бар тұлғалар мен олардың өкiлдерi Қазақстан Республикасының кеден органдары мен мемлекеттік бақылаудың басқа да органдарының лауазымды адамдары тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн алған кезде қатысуға құқылы. Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдары мемлекеттік бақылаудың басқа органдары, сондай-ақ тауарларға қатысты өкiлеттiктерi бар тұлғалар мен олардың өкiлдерi тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн алған кезде қатысады. Аталған тұлғалар мен олардың өкiлдерi тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн алған кезде Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарына көмек көрсетуге, соның iшiнде сынамалар мен үлгiлер алу үшiн қажеттi жүк және өзге операцияларды өз есебiнен жүргiзуге мiндеттi.
Тауарларға қатысты өкiлеттiктерi бар тұлғалар мен олардың өкiлдерi болмаған кезде мұндай тұлғалар тауарларды ұсынғаннан кейiн он күн өткен соң келмей қалған жағдайда, сондай-ақ кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда тауарларды сынамалары мен үлгiлерiн Қазақстан Республикасының кеден органдары алуы мүмкiн.
Тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн осындай алу кезiнде куәлар қатысады.
Тауарларға қатысты өкiлеттiктерi бар тұлғалар мен олардың өкiлдерi олардан алынған тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiне жүргiзiлген зерттеу қорытындыларымен танысуға құқылы. Қазақстан Республикасының кеден органдары мемлекеттік бақылаудың басқа органдары алған тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiне жүргiзiлген зерттеу нәтижелерi туралы хабардар етiлуге тиiс.
Қазақстан Республикасының кеден органдары тұлғаның тауарлар сынамалары мен үлгiлерiн алу нәтижесiнде туындаған қандай да болмасын шығындарын өтемейдi. Қазақстан Республикасының кеден органдары мен кеден лабораторияларының тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн зерттеу жөніндегі шығындарын тұлға өтемейдi, бұған мұндай зерттеудiң көрсетiлген тұлғаның бастамасымен жүргiзiлген реттерi жатпайды.
Тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн алу тәртібін, оларды зерттеу мерзiмдерi мен тәртібін, сондай-ақ оларға иелiк ету тәртібін Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейдi.
24-тарау. Алдын ала жүргізілетін операциялар
163-бап. Алдын ала жүргiзiлетiн операциялардың
негiзгi мақсаты
Алдын ала жүргiзiлетiн операцияларға негiзгi кедендiк ресiмдеу және тауарлар мен көлiк құралдарын белгiлi бiр кеден режимiне орналастыру алдындағы кеден iсiне қатысты барлық iс-әрекеттер жатады.
Алдын ала жүргiзiлетiн операциялар тауарлар мен көлiк құралдарын негiзгi кедендiк ресiмдеудi және оларды белгiлi бiр кеден режимiне орналастыруды жеңiлдетуге және тездетуге тиiс.
Алдын ала жүргiзiлетiн операциялар кезiнде Қазақстан Республикасының кеден органдары әкелу мен әкетуге тыйым салынған тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге жол бермеуге, сондай-ақ кеден мақсаты үшiн тауарлар мен көлiк құралдарын теңдестiруге бағытталған алдын ала кедендiк ресiмдеу жүргiзедi.
164-бап. Тауарлар мен көлiк құралдарының Қазақстан
Республикасы кеден шекарасынан өткендiгi
туралы немесе оларды Қазақстан Республикасының
кеден аумағынан тысқары әкету ниетi туралы
Қазақстан Республикасының кеден органдарын
хабардар ету
Тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кеден аумағына әкелген кезде, сондай-ақ тауарлар мен көлiк құралдарын еркiн экономикалық аймақтар мен еркiн қоймалар аумағынан Қазақстан Республикасының кеден аумағының қалған бөлiгiне әкелген кезде тасымалдаушы Қазақстан Республикасының кеден шекарасынан өткендiгi туралы Қазақстан Республикасының кеден органын хабардар етедi.
Тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тысқары жерлерге әкеткен кезде тауарлар мен көлiк құралдарын өткізушi тұлға осы тауарлар мен көлiк құралдарын әкету ниетi туралы Қазақстан Республикасының кеден органдарын хабардар етедi. Қазақстан Республикасының кеден органы мұндай хабарларды тiркейдi және одан әрi кедендiк ресiмдеуді жүзеге асыру үшiн тауарлар мен көлiк құралдары келуге тиiс уақыт пен орынды тағайындайды. Егер тауарларды өткізушi тұлға осылайша хабардар етпейтiн болса, онда мұндай мiндет тасымалдаушыға жүктеледi.
Осы баптың ережелерi Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан кемежайда немесе әуежайда аялдамастан Қазақстан Республикасының кеден шекарасын кесiп өтетiн теңiз, өзен және әуе кемелерiне қолданылмайды.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 165-бап өзгертілді
165-бап. Тауарларды, көлiк құралдарын және олардың
құжаттарын Қазақстан Республикасының кеден
органы айқындайтын орынға жеткізу
Осы Заңның 164-бабында көрсетiлген хабардар етуден кейiн тасымалдаушы, табиғи тозу немесе тасымалдау мен сақтаудың қалыпты жағдайлары кезiнде кемуi салдарынан болған өзгерістерден басқа, тауарлар мен көлiк құралдарын және олардың құжаттарын кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбастан Қазақстан Республикасының кеден органы айқындаған орынға белгiленген сапар бағыты бойынша жеткізуге және келгеннен кейiн осы орында болуға мiндеттi.
Тауарларды, көлiк құралдарын және олардың құжаттарын жеткізу көлiк құралдарының, белгiленген сапар бағыты мүмкiндiктерi мен тасымалдың басқа да шарттарын негiзге ала отырып, Қазақстан Республикасының кеден органы айқындаған мерзiмдерде, бiрақ айына екi мың километр есебiмен белгiленген шектi мерзiмнен асырмай жүргiзiлуге тиiс.
Тасымалдаушы оның көлiк құралы осы Заңның ережелерiнiң сақталуына кепiлдiк бере алмайды деп санауға Қазақстан Республикасы кеден органының негiздерi болған жағдайда Қазақстан Республикасының кеден органы тауарлар мен олардың құжаттарының көлiк құралы тиiсiнше жабдықталған кедендiк алып жүру болған жағдайда ғана тасымалын жүргiзудi не осы Заң пен кеден ісі жөніндегі нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртiппен жүргiзуiн белгiлеуге құқылы.
Тасымалдаушының көлiк құралын тиiсiнше жабдықтауға кеткен шығынын Қазақстан Республикасының кеден органдары өтемейдi.
Аталған құралдарды пайдалану мүмкiндiгi болмайтын реттерде тауарлар мен олардың құжаттарын тасымалдауға депозитке тиесiлi соманы енгізудi қоса кеден бажы мен салықтарының төленуi қамтамасыз етiлген жағдайда жол берiледi.
166-бап. Авария немесе тежеусiз күш әрекетi салдарына
байланысты қолданылатын шаралар
Егер тасымалдаушы тауарларды, көлiк құралдарын және олардың құжаттарын жеткізу кезiнде авария немесе тежеусiз күш әрекетi салдарынан осы Заңның 165-бабында көзделген мiндеттерiн орындай алмаса, онда ол тауарлар мен көлiк құралдарын сақтау мен қандай да бiр рұқсатсыз пайдалануға жол бермеудi қамтамасыз ету үшiн барлық шараларды қолдануға, iстiң жайы, тауарлар мен көлiк құралдарының тұрған орны туралы Қазақстан Республикасының жақын маңдағы кеден органына дереу хабарлауға мiндеттi. Қазақстан Республикасының кеден органы кеден бақылауын қамтамасыз ету үшiн мұндай жағдайға қандай шаралар қолдануға тиiс екенiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының кеден органдары осы бапта көзделген шараларды қолдануға байланысты шеккен шығындарды тасымалдаушыға өтемейдi. Осы баптың ережелерi сонымен қатар осы Заңның 164-бабының үшiншi бөлiгiнде аталған теңiз, өзен немесе әуе кемесi Қазақстан Республикасының аумағына аялдама жасауға немесе қонуға мәжбүр болған жағдайларда да қолданылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 167-бап өзгертілді
167-бап. Тауарлар мен көлiк құралдарын жеткiзiлген
жерiнде ұсыну
Жеткiзілген жерiнде тауарлар мен көлiк құралдары Қазақстан Республикасының кеден органына ұсынылады, ал олардың құжаттары соған табыс етiледi. Ұсыну тауарлар мен көлiк құралдарының келгенi туралы олар келгеннен кейiн бiр тәулiктен кешiктiрмей хабарлама беруден көрiнедi.
Тауарларға қатысты өкiлеттiгi бар тұлғалар мен олардың өкiлдерi Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатымен тауарларды ұсынғаннан кейiн кеден құжаттарын ресiмдеу мақсатында тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн алуы мүмкiн.
Көлiк құралы мен тауарларды қараусыз қалдыруға, аялдама орнын өзгертуге, тауарларды түсiру мен қайта тиеуге, тауарлардың бастапқы тұрған орнын өзгертуге, жолаушыларды түсiруге, орамды ашуға, тауарларды орауға немесе қайта орауға, теңдестiру құралдарын өзгертуге, алып тастауға немесе жойып жiберуге тек Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатымен ғана жол берiледi.
Жолаушылар мен көлiк құралы экипажының өмiрi мен денсаулығына нақты қауiп төнгендiгiн, тауарлар мен көлiк құралдарының жойылуына, қайтарусыз құруына немесе елеулi түрде бұзылуына қауiп төнгендiгiн тасымалдаушы дәлелдеген ретте ғана, осы баптың үшiншi бөлiгi ережелерiнiң бұзылуы оның жауаптылығына әкеп соқтырмайды.
Көрсетiлген ережелердi бұзуға әкеп соқтырған жағдайлар туралы тасымалдаушы Қазақстан Республикасының кеден органын дереу хабардар етедi.
Қазақстан Республикасының кеден органы осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген iс-әрекеттердiң тез арада орындалуын не олардың осы орган белгiлеген мерзiмде орындалуын кез келген уақытта талап етуге құқылы.
Осы баптың ережелерiмен көзделген iс-әрекеттер немесе жағдайлар салдарынан болған тасымалдаушының барлық қосымша шығындарын Қазақстан Республикасының кеден органдары өтемейдi.
168-бап. Қысқаша декларация
Тауарлар мен көлiк құралдарын белгiлi бiр кеден режимiне орналастырғанға дейiн қысқаша декларация қолданылуы мүмкiн.
Қысқаша декларацияның нысаны мен онда көрсетiлуге тиiстi мәлiметтер тiзбесiн Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейдi.
Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатымен қысқаша декларация ретiнде көлiктiк, коммерциялық және өзге де құжаттар, егер бұл құжаттарда қысқаша декларацияға сәйкес мәлiметтер болса, соның iшiнде Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамдары бiлетiн шетел тiлдерiнде жасалған құжаттар пайдалануы мүмкiн.
Тасымалдаушы қысқаша декларацияны тауарлар мен көлiк құралдарын ұсынуымен бiр мезгiлде не Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатымен тауарлар мен көлiк құралдарын ұсынғаннан кейiн келесi жұмыс күнiнен кешiктiрмей бередi.
Егер тауарлар көрсетiлген мерзiм iшiнде белгiлi бiр кеден режимiне орналастырылса, қысқаша декларация берiлмейдi.
Тасымалдаушының қысқаша декларацияны беру жөніндегі арнайы өкiлдiгi бар уәкiлi болмаған жағдайда, командир, капитан, жүргiзушi немесе көлiк құралын басқарушы өзге жеке тұлға кеден мақсатындағы осындай өкiл болып табылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 169-бап өзгертілді
169-бап. Алдын ала жүргiзiлетiн операциялар кезiнде
Қазақстан Республикасының кеден органдары
алдындағы жауапкершiлiк
Тауарлар мен көлiк құралдарын белгiлi бiр кеден режимiне орналастырғанға дейiн кеден төлемдерi мен салықтар төлеудi қоса, осы тауарлар мен көлiк құралдары үшiн Қазақстан Республикасы кеден органдары алдындағы бүкiл жауапкершiлiк, осы Заңның 164-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тауарларды уақытша сақтау қоймаларына орналастыруға қатысты жағдайды, сондай-ақ осы Заңда көзделген басқа да жағдайларды қоспағанда.
25-тарау. Уақытша сақтау
170-бап. Уақытша сақтау
Тауарлар мен көлiк құралдары Қазақстан Республикасының кеден органына ұсынылған кезден бастап және оларды шығарғанға дейiн не таңдап алынған кеден режимiне сәйкес тұлғаның иелiгiне берiлгенге дейiн кеден бақылауымен уақытша сақтауда болады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 171-бап жаңа редакцияда
171-бап. Уақытша сақтау орындары
Тауарлар мен көлiк құралдарын уақытша сақтау кедендiк бақылау аймағында арнайы бөлiнген және жабдықталған үй-жайларда, ашық алаңдарда, көлiк құралдарында немесе өзге де орындарда (уақытша сақтау қоймаларында, кеден қоймаларында, еркiн қоймаларда) жүзеге асырылады. Тауарлар мен көлiк құралдарын уақытша сақтаудың орны мен рәсiмi тауарлардың мақсатына және кедендiк ресiмдеу мерзiмiне байланысты кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен айқындалады.
Уақытша сақтау қоймаларын - тауарлар мен көлiк құралдарын уақытша сақтауға әдейi арналған қоймаларды Қазақстан Республикасының кеден органдары не отандық тұлғалар құруы мүмкiн.
Уақытша сақтау қоймаларының құрылымына жабдықталуына және тұрған орнына қойылатын міндетті талаптарды Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейдi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 172-бап жаңа редакцияда
172-бап. Уақытша сақтау қоймасын құруға арналған лицензия
Уақытша сақтау қоймалары Қазақстан Республикасы кеден органдарының лицензиясын алғаннан кейiн құрылуы мүмкiн. Егер уақытша сақтау қоймасын Қазақстан Республикасының кеден органы құрса, аталған лицензияны алудың қажетi жоқ.
Лицензиялауға байланысты қатынастар лицензиялау туралы заңдармен реттеледi.
Уақытша сақтау қоймасын құруға берiлген лицензияның күшiн Қазақстан Республикасының орталық кеден органы тоқтата тұруы мүмкiн.
Лицензияны қайтарып алу лицензиатқа қайтарып алу жайында хабарланған күннен бастап қолданылады.
Лицензияны тоқтата түру тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған күннен бастап қолданылады.
Лицензияның күшi тоқтатылған кезде шетел тауарларын қоймаға орналастыру кеден бажын, салығын төлеп және тарифтiк емес реттеу шараларын қолданып жүзеге асырылады.
Кеден органы құрылған және жұмыс iстеп тұрған кеден қоймалары туралы ақпараттың мерзімді жарияланып тұруын қамтамасыз етедi.
173-бап. Уақытша сақтау қоймаларының үлгiлерi
Уақытша сақтау қоймалары кез келген тұлғаның пайдалануы үшiн ашық үлгiде және белгiлi бiр тұлғалардың тауарларын сақтауға арналған жабық үлгiде болуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының кеден органдары құратын уақытша сақтау қоймалары ашық үлгiдегi қоймалар болып табылады.
Егер ашық үлгiдегi қойманы құру тиiмсiз деп санауға жеткiлiктi негiз болғанда ғана жабық үлгiдегi уақытша сақтау қоймалары құрылады.
174-бап. Уақытша сақтау қоймасына орналастырылуы
мүмкiн тауарлар
Уақытша сақтау қоймасына кез келген тауарлар орналастырылуы мүмкiн. Басқа тауарларға залал тигiзуi мүмкiн немесе сақтаудың ерекше шарттарын талап ететiн тауарлар сақтаудың ерекше шарттарына сәйкес арнайы жабдықталған қоймаларда орналастырылуға тиiс.
175-бап. Тауарлар мен көлiк құралдарын уақытша
сақтау қоймасына орналастыру үшiн қажеттi
құжаттар
Тауарлар мен көлiк құралдарын уақытша сақтау қоймасына орналастырған кезде Қазақстан Республикасының кеден органдарына тауарлар мен көлiк құралдарын теңдестiру үшiн қажеттi құжаттар ұсынылуға тиiс.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 176-бап өзгертілді
176-бап. Уақытша сақтау қоймасы иесiнiң мiндеттерi
Уақытша сақтау қоймасының иесi:
қойманы кеден бақылауын қамтамасыз етуге қажеттi деңгейде тиiсiнше жайғастыруға;
сақтауда тұрған тауарлар мен көлiк құралдарының кеден бақылауынан өткiзiлмей қоймадан алынбауын қамтамасыз етуге;
кеден бақылауын жүзеге асыруды қиындатпауға;
Қазақстан Республикасы орталық кеден органы айқындаған тәртiппен уақытша сақтау қоймасына түскен, сақтаулы және әкетілген тауарлар мен көлiк құралдары туралы есеп жүргiзiп, Қазақстан Республикасының кеден органына есеп берiп отыруға;
сақтаулы тауарлар мен көлiк құралдарына үшiншi тұлғаның енуiне жол бермеудi қамтамасыз етуге;
қажет болған жағдайда қойманы қосарланған бекіту құрылғыларымен жабдықтауға мiндеттi, оның бiреуi Қазақстан Республикасы кеден органының қарауында болғаны жөн;
уақытша сақтау қоймасын құруға берiлген лицензия шарттарын сақтауға және Қазақстан Республикасы кеден органдары лауазымды адамдарының сақтаулы тауарлар мен көлiк құралдарына олардың талап етуi бойынша кез келген уақытта кiруiн қамтамасыз етудi және осы адамдарға кеден бақылауы мен кеден құжаттарын ресiмдеуiн жүзеге асыру үшiн уақытша сақтау қоймасындағы бөлмелердi, жабдықтар мен байланыс құралдарын тегiн берудi қоса Қазақстан Республикасы кеден органдарының талаптарын орындауға мiндеттi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426 Заңымен 176-1-баппен толықтырылды
176-1-бап. Уақытша сақтау орындарына қойылатын талаптар
Уақытша сақтау орындарына қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейдi.
Егер уақытша сақтау орны кеден немесе еркiн қойманың бөлiгi болып табылса, тауарлар мен көлiк құралдарын уақытша сақтау үшiн пайдаланылатын мұндай қойманың бiр бөлiгi оқшаулануы, ал Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлеген жағдайларда - жеке кiрме жолдармен жабдықталуы керек.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 177-бап өзгертілді
177-бап. Қазақстан Республикасы кеден органдарының
уақытша сақтау қоймаларына қатысты қосымша
құқықтары
Қазақстан Республикасының орталық кеден органы кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның келісімi бойынша уақытша сақтау қоймаларында ғана сақталуы мүмкiн тауарлардың тiзбесiн айқындайды, бұл қоймалардың иесi Қазақстан Республикасының кеден органдары болып табылады.
178-бап. Уақытша сақтау қоймасындағы тауарларға
қатысты кеден төлемдерi мен салықтарын
төлегенi үшiн жауапкершiлiк
Уақытша сақтау қоймасында сақтаулы тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты кеден төлемдерi мен салықтарын төлеу үшiн осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделгеннен басқа ретте осындай қойманың иесi Қазақстан Республикасы кеден органдарының алдында жауапкершiлiкте болады.
Егер Қазақстан Республикасының кеден органы уақытша сақтау қоймасының иесi болса, онда кеден төлемдерi мен салықтарын төлеу үшiн уақытша сақтау қоймасына тауарлар мен көлiк құралдарын орналастырған тұлға жауапкершiлiкте болады, ал мұндай тұлға болмаған жағдайда, тауарлар мен көлiк құралдарының меншiк иесi немесе иеленушi тұлға жауапкершiлiкте болады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 179-бап өзгертілді
179-бап. Уақытша сақтау мерзiмi
Уақытша сақтау мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының кеден органы кеден декларациясын беруге қажеттi уақытты, тауар мен пайдаланатын көлiк құралы сипатын негiзге ала отырып белгiлейдi. Белгiленген мерзiмдердi ұзартуды кеден декларациясының тапсырылмауына немесе кедендiк ресiмдеудi жүргiзу үшiн қажет басқа да құжаттардың болмауына байланысты Қазақстан Республикасының кеден органы жүзеге асыруы мүмкiн.
Уақытша сақтау қоймасындағы тауарлар мен көлiк құралдарының жалпы болу мерзiмi екi айдан, ал осы Заңның басқа баптарында көзделген жағдайларда соларда көрсетiлген мерзiмдерден аспауы керек.
Тауарлар мен көлiк құралдарын кеден немесе еркiн қоймада уақытша сақтау мерзiмi осы баптың екiншi бөлiгiне сәйкес белгiленедi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 180-бап жаңа редакцияда
180-бап. Уақытша сақтауда тұрған тауарлармен жүргiзiлетiн
операциялар
Уақытша сақтау қоймасының иесi, тауарларға қатысты өкiлеттiгi бар өзге тұлға және олардың өкiлдерi кеден органының рұқсатымен уақытша сақтау қоймасында тұрған тауарларды қарап көруi және өлшеуі, тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн iрiктеуi мүмкiн.
Уақытша сақтауда тұрған тауарлар олардың зақымданған құндақтарын түзетудi қоса алғанда, сол күйiнде сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi операцияларға ұшырауы мүмкiн.
26-тарау. Кеден делдалы (брокері)
181-бап. Кеден делдалы (брокерi)
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған және Қазақстан Республикасында орналасқан мекен-жайы бар, Қазақстан Республикасының орталық кеден органының кеден делдалы ретіндегі қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия алған және өз штатында Қазақстан Республикасы орталық кеден органының, кедендiк ресiмдеу жөніндегі біліктілік аттестатын иемденген маманы бар заңды тұлға кеден делдалы бола алады.
Кеден делдалы өз қызметiн осы Заңға және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
Кеден делдалының өз өкiлi болатын тұлғамен арадағы қатынасы шарт негiзiнде құрылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 182-бап жаңа редакцияда
182-бап. Кеден делдалы ретiнде қызметтi жүзеге асыру
құқығына арналған лицензия
Заңды тұлға Қазақстан Республикасы орталық кеден органының осындай қызметтi жүзеге асыру құқығына арналған лицензиясын алғаннан кейін кеден делдалы ретiнде қызметiн бастай алады.
Лицензиялауға байланысты қатынастар лицензиялау туралы заңдармен реттеледi.
Кеден делдалы ретінде қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензияның күшiн Қазақстан Республикасының орталық кеден органы тоқтата тұруы мүмкiн.
Лицензияны қайтарып алу лицензиатқа қайтарып алу жайында хабарланған күннен бастап қолданылады.
Лицензияны тоқтата тұру тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған күннен бастап қолданылады.
Кеден органы кеден делдалдары тiзбесiнiң мерзiмдi жарияланып тұруын қамтамасыз етедi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 183-бап өзгертілді
183-бап. Кеден делдалының құқықтары мен мiндеттерi
Кеден делдалы өз атынан кеден құжаттарын ресiмдеу жөніндегі операцияны жасайды және өкiлдiк берушi тұлғаның есебiнен және оның тапсыруы бойынша кеден iсi саласында кеден делдалы туралы Ережеге сәйкес басқа да делдалдық мiндеттер атқарады.
Кеден делдалының құқықтары мен мiндеттерi барлық кеден делдалдары үшiн ортақ болып табылады. Жекелеген кеден делдалдары үшiн жеке сипаттағы жеңiлдiктер, айрықша (ерекше) құқықтар мен өзге артықшылықтар беруге, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, тыйым салынады.