Қазақстан Республикасының кеден органдарының белгiлi бiр орыннан тысқары жерде және жұмыс уақытынан тыс тауар ретiнде өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк құралдарының кедендiк ресiмделуi үшiн Қазақстан Республикасы Yкіметі белгiлеген мөлшерлерде кеден алымдары алынады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 119-бап өзгертілді
119-бап. Тауарларды сақтағаны үшiн алымдар
Қазақстан Республикасының кеден органдары иелерi болып табылатын кеден қоймалары мен уақытша сақтау қоймаларында тауарларды сақтағаны үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген мөлшерде кеден алымдары алынады.
Иелерi отандық тұлғалар болып табылатын кеден қоймалары мен уақытша сақтау қоймаларында тауарларды сақтау үшiн кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органмен келісілген мөлшерде алым алынады.
120-бап. Тауарларды кедендiк алып жүру үшiн кеден
алымдары
Тауарларды кедендiк алып жүру үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген мөлшерде кеден алымдары алынады.
20-тарау. Кеден төлемдерін есептеу мен төлеу
121-бап. Кеден төлемдерiн есептеудiң негiзi
Осы Заңның 112-бабына сәйкес арнайы ставкалар қолданылатын кеден төлемдерiн қоспағанда, тауар ретiнде өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк құралдарының кедендiк құны кеден төлемдерiн есептеу үшiн негiз болып табылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 122-бап өзгертілді
122-бап. Кеден құнын айқындау жүйесi
Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тысқары әкетiлетiн тауарлардың кеден құны шот-фактурада көрсетiлген, тауардың бағасы, сондай-ақ, егер ол шот-фактураға енгiзiлмесе, мынадай нақты шығыстардың негiзiнде анықталады:
1) Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан тауарды әуежайға, кемежайға дейiн жеткізу немесе тауарды басқа жерге әкету шығыстары:
тасымалдау құны;
тауарларды тиеу, түсiру, қайта тиеу мен басқа көлiкке ауыстыру шығыстары;
сақтандыру сомасы;
2) сатушы шеккен шығыстар:
комиссиялық және делдалдық сыйақылар;
егер Сыртқы экономикалық қызметтiң тауар номенклатурасына сәйкес бағаланатын тауарлармен бiртұтас қаралатын болса, контейнерлердiң немесе басқа көп айналымға түсетiн ыдыстардың құны;
орама материалдары мен орап-түю жұмыстары құнын қосқанда, орап-қаттаудың құны.
Қазақстан Республикасының кеден аумағына әкелiнетiн тауарлардың кеден құны Тариф және сауда туралы бас келісімнiң (ТСБК) кедендiк бағалауының жалпы қағидаттарына негiзделедi.
Қазақстан Республикасының кеден аумағына әкелiнетiн тауарларды бағалау жүйесiн қолдану тәртібін осы Заң ережелерi негiзiнде Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейдi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 123-бап өзгертілді
123-бап. Тауардың кедендiк құнын мәлiмдеу
Кеден құнын декларант тауарды Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізу кезiнде Қазақстан Республикасының кеден органына мәлiмдейдi (жариялайды).
Кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарлардың кеден құнын мәлiмдеудiң тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ декларация нысанын осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының кеден аумағына әкелiнетiн тауарлардың кедендiк құнын осы Заңмен белгiленген кеден құнын анықтау әдiсiне сәйкес декларант анықтайды.
Кеден құнын айқындаудың дұрыстығына бақылау жасауды тауар ресiмдеуiн жүргiзетiн Қазақстан Республикасының кеден органы, соның iшiнде тауарлардың құны олардың сапасына, санына сәйкес келуiн анықтайтын тәуелсiз сараптаманы пайдалана отырып жүзеге асырады.
124-бап. Тауардың кеден құны туралы ақпараттың
құпиялылығын сақтау
Тауардың кедендiк құнын мәлiмдеген кезде декларант беретiн, коммерциялық құпияны құраушы ретiнде айқындалатын немесе жасырын болып табылатын ақпаратты кеден органы тек қана кеден мақсаттарында пайдалана алады және осы Заң пен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа жағдайларда декларанттың арнайы рұқсатынсыз үшiншi жаққа, оның iшiнде өзге мемлекеттік органдарға бере алмайды.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 125-бап өзгертілді
125-бап. Кеден құны жөніндегі декларанттың құқықтары
мен мiндеттерi
Декларанттың:
кеден құнын айқындау үшiн берiлген мәлiметтердiң дұрыстығына кеден органында күмән туған жағдайда олардың дұрыстығын дәлелдеуге;
мәлiмделген кеден құнын нақтылау қажеттiгi туған жағдайда, уәкiлеттi банктiң кепiлдiгi ретiнде кеден бажы мен салығын төлеудi қамтамасыз етудi берген не Қазақстан Республикасының кеден органы жүзеге асырған тауардың кедендiк бағасына сәйкес тиесiлi сомаларды Қазақстан Республикасы кеден органының депозитiне енгiзген кезде мәлiмделген тауарды алуға құқығы бар. Кеден төлемдерi мен салығы салынбайтын тауарлардың мәлiмделген кеден құнын анықтау қажет болған жағдайда кеден органы белгiлеген мерзiмде қажеттi құжаттарды беру жөнiнде мiндеттемелердi тапсырса, мәлiмделген тауарды алуға құқығы бар;
тауардың кеден құнын анықтау жөніндегі Қазақстан Республикасы кеден органының шешiмiмен келiспеген жағдайда, бұл шешiмге осы Заңның 388-395-баптарында белгiленген тәртiппен шағым беруге құқығы бар.
Декларант:
кеден құнын мәлiмдеуге және кеден құнын айқындауға қатысты дұрыс, сандық жағынан анықталған және құжатпен дәлелденген ақпаратқа негiзделген мәлiметтердi беруге;
мәлiмделген кеден құнын дәлелдеу қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы кеден органының талап етуi бойынша оған дәлелдеу үшiн қажеттi деректердi беруге;
өзi мәлiмдеген кеден құнын нақтылауға не Қазақстан Республикасының кеден органына қосымша ақпарат беруге байланысты туындайтын барлық қосымша шығындарды мойнына алуға мiндеттi. Бұл орайда декларант кедендiк бағалауды жүргiзуге байланысты тауарды кедендiк ресiмдеу мерзiмiнiң ұзартылуын кеден төлемдерi мен салықтарды төлеудiң нақты мерзiмiн кейiнге қалдыру үшiн пайдалана алмайды.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 126-бап өзгертілді
126-бап. Кеден құнын айқындау жөніндегі кеден
органының құқықтары мен мiндеттерi
Тауарға кедендiк ресiмдеу жүргiзетiн Қазақстан Республикасы кеден органының:
декларант мәлiмдеген тауардың кеден құнының дұрыстығы туралы шешiм қабылдауға;
декларант мәлiмдеген кеден құнының дұрыстығын айқындайтын деректер болмаған не декларант берген мәлiметтер дұрыс емес немесе жеткiлiксiз деп топшылауға негiз болған жағдайда, өзiнде бар мәлiметтер негiзiнде (оның iшiнде ұқсас немесе бiртектес тауарлар бойынша бағалау ақпараты) осы Заңға сәйкес жүзеге асырылатын түзетулер енгiзе отырып, осы Заңда белгiленген кеден құнын анықтаудың әдiстерiн дәйектi түрде қолдана отырып, мәлiмдеген тауардың құнын дербес белгiлеуге құқығы бар.
Қазақстан Республикасының кеден органы декларанттың жазбаша сауал салуы бойынша декларант мәлiмдеген кеден құны кеден төлемiн есептеу үшiн негiз, сондай-ақ әкелiнген тауардың кеден құнын анықтаудың әдiстемесi ретiнде қабылдана алмайтын себептердi жазбаша түсiндiруге мiндеттi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 127-бап өзгертілді
127-бап. Кеден құнын айқындау әдiстерi
Қазақстан Республикасының кеден аумағына әкелiнетiн тауардың кеден құнын айқындау төмендегi әдiстердi қолдану арқылы:
әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
ұқсас тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
құнды шегеру;
құнды қосу;
резерв.
Әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша әдiс кеден құнын айқындаудың негiзгi әдiсi болып табылады.
Негiзгi әдiстi пайдалану мүмкiн болмаған жағдайда аталған әдiстердiң әрқайсысы рет-ретiмен қолданылады. Бұл орайда, егер алдыңғы әдiстi қолдану арқылы кеден құнын айқындау мүмкiн болмаса, онда келесi әдiс қолданылады. Декларанттың өтiнiшi бойынша құнды шегеру және қосу әдiстерi керiсiнше ретпен қолданылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 128-бап жаңа редакцияда
128-бап. Әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiленiң бағасы
бойынша кеден құнын белгiлеу әдiсi
Қазақстан Республикасына экспортқа сатқан кезде оған нақты төленген немесе төленуге тиiстi баға Қазақстан Республикасының кеден аумағына әкелiнетiн тауардың кеден құны болып табылады.
Кеден құнын белгiлеу кезiнде мәмiле бағасына, егер бұрын қосылмаған болса, мынадай шығыстар енгізіледі:
1) тауарды әуежайға, кемежайға жеткізу жөніндегі немесе тауарды Қазақстан Республикасының кеден аумағындағы басқа жерге әкелу шығыстары;
тасымалдау құны;
тауарларды тиеу, түсіру, қайта тиеу және басқа көлікке ауыстыру шығыстары;
сақтандыру сомасы.
Осы тармақшада көрсетiлген шығыстар Қазақстан Республикасының кеден аумағына тауарларды әкелгеннен кейiн бұл шығыстар жасалған және алып тасталатын сома құжатпен расталған жағдайда мәмiле бағасынан алып тасталуы мүмкін;
2) сатып алушы шеккен шығыстар;
тауарларды сатып алу жөніндегі комиссиялық төлемдi қоспағанда комиссиялық және делдалдық сыйақылар;
егер олар Сыртқы экономикалық қызметтiң тауар номенклатурасына сәйкес бағаланатын тауарлармен бiртұтас ретiнде қаралатын болса, контейнерлердiң немесе кеп айналымға түсетiн ыдыстардың құны;
орама материалдары мен орап-қаттау жөніндегі жұмыстардың құнын қосқандағы орап-қаттау құны;
3) әкетiлуге арналып бағаланатын тауарларды өндiруге және сатуға байланысты пайдалану үшiн тегiн немесе арзандатылған баға бойынша сатып алушыға тiкелей немесе жанама түрде берiлсе, мынадай тауарлар мен қызметтер құнының тиiстi бөлiгi;
бағаланатын тауарлардың құрамдас бөлiгi болып табылатын шикiзаттар, материалдар, бөлшектер, жартылай өнiмдер және басқа да жинақтаушы бұйымдар;
бағаланатын тауарларды өндiру кезiнде пайдаланылған құралсаймандар, штамптар, қалыптар мен басқа да осы тәрiздес заттар бағаланатын тауарларды өндiру кезiнде жұмсалған материалдар (жағар материалдар, отын және басқалары);
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде жасалған және бағаланатын тауарлар өндiрген кезде тiкелей қажеттi инженерлiк талдамалар, тәжiрибе-конструкторлық, дизайн, көркем безендiру, нобайлар мен сызбалар құнының тиiстi бөлiгi;
4) бағаланатын тауарларды сату шарттары ретiнде сатып алушы тiкелей немесе жанама түрде жүзеге асыруға тиiстi интеллектуалдық меншiк объектiлерiн пайдаланғаны үшiн лицензиялық және өзге де төлемдер;
5) бағаланатын тауарларды кейiннен кез келген қайта сату, беру немесе пайдаланудан сатушының тiкелей немесе жанама түрде тапқан кiрiсiнiң бiр бөлiгiнiң шамасы.
Әр түрлi атаудағы тауарларды бiр топтамамен жеткiзген кезде әрбiр әкелiнген тауарлардың және тауарлардың барлық топтамасы үшiн айқындалған кеден құнына кiруге жататын шығыстарды айқындау тиiстi шығыстардың құны есептелген мөлшерге барабар жүзеге асырылады.
Iс жүзiнде төленген және төлеуге жататын мәмiленiң бағасына осы бапта көрсетiлмеген шығыстар енгiзілмейдi.
Әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша әдiс тауардың кедендiк құнын анықтау үшiн мынадай жағдайларда пайдаланылмайды, егер:
1) бағаланатын тауарларға сатып алушының иелік ету немесе пайдалану құқықтарына қатысты шектеулер болса, оларға мыналар жатпайды:
Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгіленген шектеулер;
тауарлар қайта сатылуы мүмкiн географиялық аймақтың шектеулерi;
тауар құнына елеулi түрде әсер етпейтiн шектеулер;
2) сату немесе мәміленiң бағасы ықпалын есептеп шығару мүмкiн емес шарттарды сақтауға байланысты болса;
3) кеден құны мәлiмденген кезде декларант пайдаланған деректер құжатпен дәлелденбесе не сандық жағынан айқындалмаса және дұрыс болмаса;
4) мәмiлеге қатысушылар өзара тәуелді тұлғалар болып табылса және мәмiле бойынша құн осы баптың талаптарына сәйкес кеден құнын анықтау үшiн негiз ретiнде қолайлы болып табылмаса. Бұл ретте өзара тәуелдi адамдар деп мынадай белгiлердiң бiрiне сәйкес келетiн тұлғалар ұғынылады:
мәмілеге қатысушылардың бiрi немесе мәмiлеге қатысушылардың бiреуiнiң лауазымды адамы, сонымен бiрге мәмiлеге басқа бiр қатысушының лауазымды адамы болса;
мәмiлеге қатысушылар кәсiпорынды бiрлесiп иеленушiлер болса;
мәмiлеге қатысушылар еңбек қатынастарымен байланысты болса;
қандай да бiр тұлға: мәмiлеге қатысушылардың әрқайсысының айналымында жүрген дауыс беретiн акцияларды немесе мәмiлеге қатысушылардың әрқайсысының жарғылық капиталындағы салымдарды (пайларды) тiкелей немесе жанама иеленсе не бес немесе одан да көп проценттерi бақылауында болса;
мәмiлеге қатысушының екеуi де үшiншi адамның тiкелей не жанама бақылауында болса;
мәмiлеге қатысушылар үшiншi адамды бiрлесiп тiкелей немесе жанама түрде бақылайтын болса;
мәмiлеге қатысушылардың бiрi мәмілеге екінші қатысушының тiкелей немесе жанама бақылауында болса;
мәмілеге қатысушылар немесе олардың лауазымды адамдары жақын туысқандар болса.
Мәмiлеге қатысушылардың өзара тәуелдiлiк фактiсiнiң өзi мәмiле бағасын жарамсыз деп есептеуге жеткiлiктi негiз болып табылмайды. Мұндай жағдайда кеден органының лауазымды адамы мәмiлеге септiгiн тигiзетiн жағдаятты зерделеуi керек және егер өзара тәуелдiлiк бағаға ықпал етпеген болса, оның бағасы тауардың кедендiк құнын анықтау үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
Егер Қазақстан Республикасының кеден органы мәмiлеге қатысушылардың өзара тәуелдiлiгi тауар бағасына ықпал еттi деп топшылауға негiзi болған жағдайда, осы себеп бойынша декларантқа ұсыныс (импорттаушының өтiнiшi бойынша жазбаша түрде) берiлудi. Бұл ретте декларантқа мәмiлеге қатысушылардың өзара тәуелдiлiгi тауардың бағасына әсер етпегенін растайтын қосымша қажеттi ақпарат беру үшiн мүмкiндiк берiледi.
Декларанттың бастамасы бойынша тауардың кеден құнын белгiлеу негiзiне, егер декларант шамамен сол уақытта белгiленген мыналардың:
Қазақстан Республикасына экспорттау кезiнде өзара тәуелдi болып табылмайтын қатысушылар арасындағы ұқсас немесе біртектес тауарлармен мәмiле жөніндегі құнның;
құнды шегеру әдiсi бойынша белгiленген ұқсас немесе бiртектес тауарлардың кеден құнының;
құнды қосу әдiсi бойынша белгiленген ұқсас немесе бiртектес тауарлардың кеден құнының бiреуiне жақын екендiгiн дәлелдесе, мәмiле құны қабылдануы мүмкiн.
Салыстыру үшiн декларант ұсынған бағалар мыналардағы:
1) коммерциялық деңгейдегi (көтерме, бөлшек саудадағы);
2) санындағы;
3) осы баптың екiншi бөлiгiнде санамаланған элементтердегi (шығыстардағы);
4) егер сатушы өзара тәуелдi тұлғамен жасасқан мәмiле кезiнде мұндай шығыстар жасамаса, өзара тәуелдi емес тұлғалар арасындағы мәмiле кезiнде туындайтын сатушының өзге де шығыстарындағы айырмашылықтар ескерiле отырып түзетiледi.
Жоғарыда айтылған жағдайда тауардың кеден құнын анықтау үшiн мәмiле бойынша баға орнына салыстыру үшiн декларант ұсынған ұқсас немесе бiртектес тауарлар бағасы пайдаланылмайды.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 129-бап жаңа редакцияда
129-бап. Ұқсас тауарлармен жасалатын мәмле бағасы бойынша
кеден құнын белгiлеу әдiсi
Ұқсас тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша бағалау әдiсiн пайдаланған кезде тауардың кеден құнын белгiлеу үшiн негiз ретiнде, осы бапта көрсетiлген шарттар сақтала отырып, ұқсас тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы алынады.
Бұл орайда бағаланатын тауарлармен барлық жағдайларда да бiрдей ұқсас тауарлар, соның iшiнде мына төмендегi белгiлер бойынша ұқсас тауарлар деп ұғынылады:
табиғи сипаттамалары;
рыноктағы сапасы мен танымдылығы;
шығарылған елi.
Кедендiк бағалау әдiсiн пайдаланған кезде осы баптың негізiнде:
1) егер олар тауарлар бағаланатын елде шығарылмаған болса, тауарлар бағаланатын тауарлармен ұқсас деп есептелмейдi;
2) бағаланатын тауарларды өндiрушi емес, басқа тұлға өндiрген тауарлар, бағаланатын тауарларды өндiрушi-тұлға өндiрген ұқсас тауарлар болмаған жағдайда ғана назарға алынады;
3) тауарлар, егер олардың жобалануы, оларға арналған тәжiрибелiкконструкторлық жұмыстар, олардың көркемдiк безендiрiлуi, дизайны, нобайлары немесе сызбалары:
сатып алушыға сатушы өндiрумен және Қазақстан Республикасына экспортқа сатуға байланысты пайдалану үшін тегін немесе төмендетілген құны бойынша берген болса;
Қазақстан Республикасында шығарылған болса, соған байланысты олардың құны осы Заңның 128-бабының екiншi бөлiгiнiң 3) тармақшасының бесінші абзацы негізінде бағаланатын тауарлардың кедендік құнына енгiзілмеген болса ұқсас деп саналмайды.
Сыртқы түрi бойынша азын-аулақ өзгешелiктер, егер негiзiнен мұндай тауарлар осы баптың талаптарына сай келсе, тауарларды ұқсас деп қараудан бас тарту үшiн негiз бола алмайды.
Кеден құнын айқындау үшiн ұқсас тауарлармен жасалатын мәміле бағасы негiзге алынады, егер бұл тауарлар:
1) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу үшiн сатылса;
2) бағаланатын тауарлар шығарылғанға дейiн тоқсан күннен бұрын және кейiн тоқсан күннен кешiктiрiлмей шығарылса;
3) шамамен сол мөлшерде немесе сол коммерциялық деңгейде әкелiнсе (көтерме, бөлшек саудада).
Егер тауарларды сол мөлшерде және сол коммерциялық деңгейде әкелу жағдайы орын алмаса, бұл айырмашылықтарды ескере отырып, бағаларды түзетiп басқа мөлшерде және басқа коммерциялық деңгейде әкелiнген ұқсас тауарлардың құны пайдаланылуы мүмкiн.
Осы Заңның 128-бабының екiншi бөлiмiнiң 1) тармақшасында көрсетiлген шығыстардың құны ұқсас тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша белгiленетiн кеден құны арақашықтық және көлiк түрлерiнiң айырмашылығынан бағаланатын тауарлардың мұндай шығыстарының құнынан айтарлықтай ерекшеленеді.
Осы бапта көзделген түзетулер дұрыс және құжаттармен расталған мәлiметтер негiзiнде енгiзiлуге тиiс.
Егер осы әдiстi қолданған кезде ұқсас тауарлармен жасалатын мәмiленiң бiр бағасынан артық баға анықталса, онда әкелетiн тауарлардың кеден құнын анықтау үшiн осы бағалардың ең төменi қолданылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 130-бап жаңа редакцияда
130-бап. Бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша
кеден құнын белгiлеу әдiсi
Бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша бағалау әдiсiн пайдаланған кезде тауардың кеден құнын белгiлеу үшiн негiз ретiнде осы бапта көзделген шарттарды сақтаған жағдайда әкелiнетiн тауарлармен жасалатын бiртектес тауарлар жөніндегі мәмiле бағасы қабылданады.
Бұл орайда олар барлық жағынан бiрдей болмаса да, сипаттамасы ұқсас және құрамы ұқсас болғандықтан бiртектес тауарлар деп ұғынылады, бұл оларға бағаланатын тауарлар функциясын атқаруға және коммерциялық тұрғыда бiр-бiрiн алмастыруға мүмкiндiк бередi.
Тауарлардың бiртектестілігiн анықтаған кезде олардың мына төмендегi белгiлерi ескерiледi:
сапасы, тауар белгiсiнiң болуы және нарықтағы танымдылығы;
шығарылған елi.
Бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша кеден құнын белгiлеу әдiсiн пайдаланған кезде осы Заңның 129-бабының төртiншi-жетiншi бөлiктерiнiң ережелерi қолданылады.
Кедендiк бағалаудың осы әдiсiн пайдаланған кезде:
1) егер тауарлар бағаланатын тауарлар өндiрiлген елде өндірілмесе, бағаланатын тауарлармен бiртектi болып саналмайды;
2) бағаланатын тауарларды өндiрушi емес, басқа тұлға өндiрген тауарлар, егер бағаланатын тауарларды өндіруші-тұлға өндірген біртекті тауарлар болмаған жағдайда ғана назарға алынады;
3) тауарлар, егер оларды жобалау, оларға арналған тәжiрибелiкконструкторлық жұмыстар, олардың көркемдiк безендiрiлуi, дизайны, нобайлары мен сызбалары:
сатушыға сатып алушы өндiруге және Қазақстан Республикасына экспортқа сатуға байланысты пайдалану үшiн тегiн немесе төмендетiлген құны бойынша берiлген болса;
Қазақстан Республикасында орындалған болса, соған байланысты олардың құны осы Заңның 128-бабының екiншi бөлiгiнiң 3) тармақшасының бесiншi абзацы негiзiнде бағаланатын тауарлардың кедендiк құнына енгізілмеген болса, біртекті деп саналмайды.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 131-бап өзгертілді
131-бап. Құнды шегеру негiзiнде кеден құнын айқындау
әдiсi
Егер бағаланатын, ұқсас немесе бiртектес тауарлар өзiнiң бастапқы күйiн өзгертпей сатылған жағдайда бағалау әдiсi бойынша тауардың кеден құнын айқындау құнды шегеру негiзiнде жүргiзiледi.
Тауардың кеден құнын айқындау үшiн құнды шегеру әдiсiн негiз ретiнде пайдаланған кезде тауардың бiрлiктiк бағасы қабылданады, ол бойынша бағаланатын, ұқсас немесе бiртектес тауарлар сатушы тұлғамен өзара байланысты емес мәмiлеге қатысушыға неғұрлым көп мөлшерде сатылады.
Бұл орайда сату бағаланатын тауарларды әкелумен бiр мезгiлде, ал мұндай мерзімде сату болмаған кезде бағаланатын тауарлар әкелінген күннен кейiнгi неғұрлым жақын мерзiмде, бiрақ тоқсан күннен кешiктiрмей жүзеге асырылуы тиiс.
Тауардың бiрлiк бағасынан мынадай құрамдас бөлiктерi шегерiп тасталады:
1) әдетте төленетiн немесе төлеуге келісілген өтемдiк сыйақылар немесе сол сыныптағы немесе сол түрдегi әкелiнетiн тауарларды Қазақстан Республикасында сатуға байланысты пайда табу мен жалпы шығыстарды жабу мақсатында әдетте есептелетiн үстеме ақылар;
2) тауарларды әкелуге немесе сатуға байланысты Қазақстан Республикасында төленуге тиiс әкелу бажы, салық, алымдар және өзге де төлемдер сомасы;
3) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын тасымалдауға, сақтандыруға, тиеу және түсiру жұмыстарына Қазақстан Республикасында төленетiн әдеттегi шығыстар.
Сол сыныптағы немесе түрдегi тауарлар өнеркәсiптiң белгiлi бiр саласында өндiрiлген тауарлардың тобына немесе разрядына жататын тауарларды бiлдiредi және ұқсас немесе бiртектес тауарларды қамтиды, бiрақ олармен шектелмейдi.
Әкелiнген кездегi күйiнде бағаланатын ұқсас немесе бiртектес тауарларды сату реттерi болмаған кезде декларанттың өтiнiшi бойынша қосылған құнды шегере отырып, ұқсатудан өткiзiлген және осы баптың екiншi және төртiншi бөлiктерiнiң ережелерiн сақтаған жағдайда тауар бiрлiгiнiң бағасы пайдаланылуы мүмкiн.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 132-бап өзгертілді
132-бап. Құнды қосу негiзiнде кеден құнын айқындау
әдiсi
Тауардың кеден құнын айқындау негiзi ретiнде құнды қосу негiзiнде бағалау әдiсiн пайдаланған кезде тауардың:
1) бағаланатын тауарды өндiруге байланысты оны өндiрушiнiң жұмсаған материалдары мен шығасысының құны;
2) Қазақстан Республикасына жеткізу кезiнде экспорт елiнде өндірілген бағаланатын тауарлар сияқты, сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сатқан кезде әдетте, бағаға енгiзiлетiн кiрiс пен жалпы шығыстар сомасы;
3) осы Заңның 128-бабының екiншi бөлiгiнiң 1) тармақшасында санамаланған шығыстар құны.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 133-бап жаңа редакцияда
133-бап. Кеден құнын айқындаудың резервтiк әдiсi
Тауардың кеден құны резервтiк әдiс негiзiнде тауарларды кедендiк бағалаудың халықаралық принциптерiне сәйкес Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейтiн тәртiппен, осы Заңның 128-132 баптарында сипатталған әдістерді пайдалану жолымен белгіленеді.
Тауардың кеден құнын айқындау үшiн резервтiк әдiстi қолданған кезде Қазақстан Республикасының кеден органдарында бар ақпарат пайдаланылады.
Резервтiк әдiс бойынша тауардың кеден құнын айқындау үшiн негiз ретiнде:
1) экспорт елінің ішкі рыногындағы тауардың бағасын;
2) ол әкетiлетiн елден үшiншi елге жеткiзiлетiн тауардың бағасын;
3) Қазақстанда шығарылған тауарлардың Қазақстан Республикасының iшкi рыногындағы бағасын;
4) тауардың еркiн белгiленген немесе сенiмдi түрде расталмаған құнын;
5) осы Заңның 132-бабында көзделмеген шығындарды есептеу негiзiнде айқындалатын ұқсас немесе бiртектес тауарлардың құнын;
6) ең төменгi кеден құнын пайдалануға болмайды.
Тауарлардың кеден құнын резервтiк әдiс бойынша айқындаған кезде екi баламалы құнның неғұрлым жоғарысын кедендiк мақсатта пайдалануды көздейтiн жүйенi негiзге қабылдауға болмайды.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 134-бап жаңа редакцияда
134-бап. Кеден төлемдерi мен салығын төлеушiлер
Кеден төлемдерiн төлеушi тауар өткiзетiн тұлға болып табылады.
Салық төлеушiлер Қазақстан Республикасының салық заңдарымен айқындалатын тұлғалар болып табылады.
135-бап. Кеден төлемдерi мен салықтарын төлеу
мерзiмi
Кеден төлемдерi мен салықтары кеден декларациясы қабылданғанға дейiн немесе қабылданған күнi төленедi.
Осы Заңның 108-бабына сәйкес тауарларды Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзген кезде, кеден төлемдерi мен салықтары кеден органының кеден декларациясын қабылдауымен бiр мезгiлде төленедi.
Егер кеден декларациясы белгiлеген мерзiмде берiлмесе, онда кеден төлемдерi мен салықтарын төлеу мерзiмдерi кеден декларациясын беру мерзiмi өткен күннен бастап есептелiнедi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 136-бап жаңа редакцияда
136-бап. Кеден төлемдерi мен салығын төлеу тәртібі
Кеден төлемдерi мен салығы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен бiрлесе отырып, кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган айқындайтын тәртiппен мемлекеттік бюджетке төленедi.