Осы бөлімнің мақсатында ұзақ мерзімді келісімшарт оның жасалған күнінен бастап он екі айлық кезең ішінде аяқталмаған, жұмыстар орындауға, қызметтер көрсетуге арналған келісімшарт (шарт) болып табылады.
8. Егер халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, бейрезидент өтінішті салық органына талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін ұсынады.
9. Салық органы мынадай жағдайларда:
1) бейрезидент өтінішті осы баптың 7-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін бергенде, өтінішті қараудан бас тартады.
Бұл ретте бейрезидент өтінішті қайта беруге құқылы емес;
2) резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 702-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмегенде;
3) бейрезидент осы баптың 3, 4 және 5-тармақтарында айқындалған құжаттарды ұсынбағанда;
4) бейрезидент осы баптың 2-тармағының ережелерін сақтамағанда;
5) бұрын қаралған (тексерілген) кезең үшін, қорытындысы бойынша салық органы мынадай негіздердің бірі:
осы Кодекстің 226-бабына сәйкес бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі (қызметінің тұрақты орны) деп тану;
өз қаражаты есебінен салық агентінің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған бейрезиденттің кірістерінен табыс салығын ұстап қалуы және бюджетке аударуы бойынша бюджеттен табыс салығын қайтарып алудан бас тарту туралы шешім шығарған өтініш қайта ұсынылған кезде;
6) осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайлар басталмағанда, өтінішті қараудан бас тартады.
Бұл ретте салық органының өтінішті қараудан бас тарту туралы шешімі бейрезидентке қолын қойғызып табыс етіледі немесе бас тарту себептері көрсетіле отырып, салық органы алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтінішті және ұсынылған құжаттарды қоса бере отырып, хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Салық органы осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өтінішті қараудан бас тартқан жағдайда, бейрезидент, егер ол жол берілген бұзушылықтарды жоятын болса, осы баптың 8-тармағында белгіленген мерзім шегінде қайта өтініш беруге құқылы.
700-бап. Бейрезиденттің өтінішін қарау және оны қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдау тәртібі
1. Салық органы бейрезиденттің осы Кодекстің 699-бабына сәйкес ұсынылған өтінішін оны бейрезидент ұсынған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген өтінішті қарау мерзімі:
1) осы баптың 3-тармағында көрсетілген тақырыптық тексеріс жүргізу кезеңіне;
2) салық органы осы баптың 2 және 5-тармақтарында көрсетілген сұрау салу жіберген күннен бастап осындай сұрау салуға жауап алған күнге дейінгі кезеңге тоқтатыла тұрады.
2. Бейрезиденттің өтінішін қарау барысында салық органы басқа салық органдарына, уәкілетті мемлекеттік органдарға, шет мемлекеттердің құзыретті органдарына, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға және Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға қажетті ақпарат беру туралы, сондай-ақ салықты қайтарып алуға байланысты мәселелер бойынша бейрезидентке сұрау салулар жіберуге құқылы.
3. Бейрезиденттің өтінішін қарау кезінде салық органы, осы баптың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 15-тарауында айқындалған тәртіппен бейрезиденттің өтініші негізінде төленген табыс салығын бюджеттен қайтару мәселесі бойынша тақырыптық тексеру жүргізеді.
4. Егер бейрезиденттiң Қазақстан Республикасында құрылымдық бөлімшесі бар болса, өтiнiштi қарайтын салық органы бейрезиденттi оның талап қоюдың ескіру мерзiмi кезеңiнде салықтық мiндеттемелерді орындауы және Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесiнiң болуы не болмауы тұрғысынан кешендi салықтық тексеру жүргiзуге сұрау салуды осындай құрылымдық бөлімше тұрған жердегі салық органына жiберуге мiндеттi.
5. Салық агенті таратылған (қызметі тоқтатылған), банкрот болған жағдайда салық органы өтініші қаралып жатқан бейрезиденттің резиденттiк елiнiң құзыреттi органына салық агентi мен бейрезиденттiң өзара қатынастары туралы ақпарат беру жөнінде сұрау салу жiберуге құқылы.
Бұл ретте осы баптың 7-тармағында көрсетілген шешім салық органының сұрау салуына бейрезиденттің резиденттiк елiнiң құзыреттi органынан алынған ақпарат және (немесе) таратылған (қызметі тоқтатылған) немесе банкрот деп танылған салық агенті ұсынған, төлем көзінен ұстап қалған табыс салығы бойынша салықтық есептіліктің деректері негізінде қабылданады.
Шет мемлекеттің құзыретті органы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жіберілген сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан жазбаша бас тартқан немесе сұрау салу жіберілген күннен бастап екі жылдан астам мерзімде жауап ұсынылмаған жағдайда салық органы өтінішті қараудан бас тартуға міндетті. Бұл ретте салық төлеуші осы Кодекстің 232-бабының ережелеріне сәйкес өзара келісу рәсіміне бастамашылық жасауға құқылы.
6. Бейрезидент-жеке тұлға бюджетке салық агенттері болып табылмайтын адамдардан алынған кірістерден табыс салығын төлеген жағдайда осы баптың 7-тармағында көрсетілген шешім осы Кодекстің 686-бабының 3-тармағында айқындалған табыс салығын қайтарып алуға өтінішке қоса берілген құжаттардың және бейрезидент ұсынған табыс салығы бойынша салықтық есептілік деректерінің негізінде қабылданады.
7. Бейрезиденттің өтінішін қарау қорытындылары бойынша салық органы мынадай:
1) табыс салығын толық немесе оның бір бөлігін қайтару туралы;
2) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешімдердің біреуін шығарады.
Салық органының шешімі жазбаша нысанда ресімделеді және оған басшы немесе оның орынбасары қол қояды.
Салық органы табыс салығын толық немесе оның бір бөлігін қайтару туралы шешім қабылдаған кезде ұсынылған өтініште халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтаруға жататын табыс салығының сомасы көрсетіледі және өтініш басшының немесе оның орынбасарының қолтаңбасымен және салық органының мөрімен куәландырылады.
Салық органының өтінішті қарау нәтижелері бойынша шешімінде мыналар көрсетілуге тиіс:
1) шешім қабылданған күн;
2) шешім қабылдаған салық органының атауы;
3) өтініш берген бейрезиденттің толық атауы;
4) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (ол болған кезде);
5) қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда - бюджеттен бейрезидентке қайтаруға жататын табыс салығының сомасы;
6) табыс салығын толық немесе оның бір бөлігін қайтарудан бас тарту туралы шешім шығарылған жағдайда - осы Кодекстің 15-тарауына сәйкес жүргізілген тақырыптық салықтық тексеру нәтижелері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы заңнамасының және (немесе) халықаралық шарттың нормаларына сілтеме жасалған және (немесе) салық органының сұрау салуы негізінде шет мемлекеттің құзыретті органынан алынған ақпарат негізінде осындай шешім шығарған кезде салық органы басшылыққа алған негіздеме.
8. Табыс салығы бюджетке төленген және салық органы табыс салығын толық немесе оның бір бөлігін қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда шешімнің көшірмелері мен бейрезиденттің өтініштерін осындай салық органы табыс салығын төлеуді жүргізген салық агенті (салық төлеуші) тұрған (тұрғылықты, болатын) жерінде тіркелген салық органына жібереді.
Салық агенті (салық төлеуші) тұрған (тұрғылықты, болатын) жерінде тіркелген салық органы бейрезидентке осы Кодекстің 11-тарауының 1-параграфында айқындалған тәртіппен бюджеттен табыс салығының сомасын қайтаруды осындай шешім қабылданған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүргізеді.
9. Салық органының шешімі бейрезидент өтінішінің бір данасы қоса беріле отырып, бейрезидентке қолын қойғызып табыс етіледі немесе алу туралы хабарлама бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Табыс ету немесе поштаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына бейрезиденттің белгі қойған күні бейрезиденттің салық органының шешімін алған күні болып табылады.
701-бап. Бейрезиденттің өтінішін қарау нәтижелері бойынша шешімге шағым жасау және шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығару тәртібі
1. Бейрезидент салық органының осы Кодекстің 700-бабының 7-тармағында көрсетілген шешімімен келіспеген жағдайда оған уәкілетті органға шағым жасауға құқылы.
Шағым салық органының шешімін алған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде жазбаша нысанда беріледі.
Бұл ретте бейрезидент шешіміне шағым жасалған салық органына шағымның көшірмесін жіберуге тиіс.
Шағымды уәкілетті органға берген күн шағымды уәкілетті орган алған күн болып табылады.
2. Шағымда мыналар көрсетілуге тиіс:
1) бейрезиденттің шағымға қол қойған күні;
2) шағым беруші тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты не толық атауы, оның тұрғылықты жері (тұрған жері);
3) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (ол болған кезде);
4) шешіміне бейрезидент шағымданған салық органының атауы;
5) шағым беруші бейрезидент өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
6) қоса берілетін құжаттардың тізбесі.
Шағымға бейрезидент не оның өкілі болып табылатын тұлға қол қояды.
3. Шағымға мыналар қоса беріледі:
1) өтініш пен салық органы шешімінің көшірмелері;
2) өтінішті қоспағанда, осы Кодекстің 699-бабының 3 немесе 4-тармақтарында белгіленген құжаттар;
3) бейрезидент өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
4) іске қатысы бар өзге де құжаттар.
4. Уәкілетті орган мынадай:
1) бейрезидент шағымды осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзім өткен соң берген;
2) шағымның мазмұны осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 702-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
4) бейрезидент осы Кодекстің 699-бабының 3 немесе 4-тармақтарында белгіленген құжаттарды ұсынбаған;
5) бейрезидент салық органының осы Кодекстің 700-бабының 7-тармағында көрсетілген шешіміне сотқа шағым (арыз) берген жағдайларда, бейрезиденттің шағымын қараудан бас тартады.
Шағымды қараудан бас тарту туралы шешім бейрезидентке шағымды уәкілетті органға берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда жіберіледі.
Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша шағымды қараудан бас тартқан жағдайда бейрезидент, егер өзі жол берген бұзушылықтарды жоятын болса, шағымды қараудан бас тарту туралы шешімді алған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде оны қайта беруге құқылы.
5. Уәкілетті орган бейрезиденттің шағымын уәкілетті органға шағым берілген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
Бұл ретте шағымды қарау мерзімі уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органына немесе Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарына, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға қажетті ақпаратты ұсыну туралы, сондай-ақ бейрезидентке оның өтінішін қарауға байланысты мәселелер бойынша сұрау салулар жіберген жағдайда осындай ақпаратты алғанға дейін тоқтатыла тұрады.
6. Бейрезиденттің шағымын қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган:
1) табыс салығын толық немесе оның бір бөлігін қайтару туралы;
2) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешімдердің біреуін шығарады.
Уәкілетті органның шешімі бейрезидентке қолын қойғызып табыс етіледі немесе оған алуы туралы хабарлама бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Табыс ету күні немесе поштаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына бейрезиденттің белгі қойған күні уәкілетті органның шешімін бейрезиденттің алған күні болып табылады.
Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімінде мыналар көрсетілуге тиіс:
1) шешім қабылданған күн;
2) өтініш берген бейрезиденттің толық атауы;
3) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (ол болған кезде);
4) қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда - мемлекеттік бюджеттен бейрезидентке қайтаруға жататын табыс салығының сомасы;
5) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешім шығарылған жағдайда - осындай шешім шығарылған кезде салық органы басшылыққа алған, Қазақстан Республикасы заңнамасының және (немесе) халықаралық шарттың нормаларына сілтеме жасалған және (немесе) уәкілетті органның сұрау салуы негізінде шет мемлекеттің құзыретті органынан алынған ақпарат көрсетілген негіздеме.
7. Уәкілетті орган шешімінің көшірмесі шешіміне бейрезидент шағымданған салық органына жіберіледі.
Уәкілетті орган табыс салығын қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда, шешіміне бейрезидент шағымданған салық органы бейрезиденттің осындай салық органына бұрын ұсынған өтінішінде халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтаруға жататын табыс салығының сомасын көрсетеді. Осындай салық органының уәкілетті орган шешімінің көшірмелерін алған күні өтінішті куәландыру күні болып табылады. Бұл ретте өтініш басшының немесе оның орынбасарының қолтаңбасымен және осындай салық органының мөрімен куәландырылады және бейрезидентке қолын қойғызып табыс етіледі немесе алу туралы хабарлама бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Шешіміне бейрезидент шағымданған салық органы көрсетілген шешімнің көшірмелерін және осындай бейрезиденттің куәландырылған өтінішін табыс салығын төлеуді жүргізген салық агентінің (салық төлеушінің) тұрған (тұрғылықты, болатын) жерінде тіркелген салық органына жібереді.
702-бап. Бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатқа қойылатын талаптар
1. Осы бөлімнің ережелерін қолдану мақсатында бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат кірісті алушы - бейрезиденттің Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылатынын растайтын, мынадай:
1) резиденті бейрезидент болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы куәландырған түпнұсқа түрінде ұсынылған ресми құжат болып табылады. Бейрезиденттің резиденттігін растайтын құзыретті органның лауазымды адамының қолтаңбасы мен мөрі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен заңдастырылуға немесе құзыретті органның лауазымды адамының қолтаңбасы мен мөрін заңдастыратын құжат:
заңдастыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органның интернет-ресурсында;
өзге де мемлекеттік ұйымның немесе шет мемлекеттің электрондық апостилдерін жинауды (сақтауды) жүзеге асыратын қоғамдық нотариаттық палатаның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс;
2) осы тармақтың 1) тармақшасының талаптарына сәйкес келетін құжат түпнұсқасының нотариат куәландырған көшірмесі түрінде ұсынылған ресми құжат болып табылады. Шетелдік нотариустың қолтаңбасы мен мөрі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен заңдастырылуға немесе шетелдік нотариустың қолтаңбасы мен мөрін заңдастыратын құжат:
заңдастыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органның интернет-ресурсында;
өзге де мемлекеттік ұйымның немесе шет мемлекеттің электрондық апостилдерін жинауды (сақтауды) жүзеге асыратын қоғамдық нотариаттық палатаның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс;
3) шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылған, бейрезиденттің резиденттігін растайтын электрондық құжаттың қағаз көшiрмесi түрінде ұсынылған ресми құжат болып табылады.
Егер шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында электрондық құжаттың қағаз көшірмесінің қысқартылған (толық емес) нұсқасы орналастырылса, бірақ онда бейрезидент шет мемлекеттің резиденті болып табылатындығы расталса, мұндай құжат аталған тұлғаның көрсетілген кезеңдегі резиденттігін растайтын құжат болып танылады.
2. Егер мынадай жағдайларда:
бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылған болса;
осы баптың 1-тармағында көрсетілген (көрсетілетін) тұлғаның (тұлғалардың) қолтаңбасы мен мөрінің түпнұсқалығын куәландырудың өзге де тәртібі:
Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;
осы Кодекстің 232-бабына сәйкес жүргізілетін өзара келісу рәсімі шеңберінде уәкілетті орган мен шет мемлекеттің құзыретті органы арасында;
ЕАЭО органының шешімімен белгіленсе, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен заңдастыру талап етілмейді.
3. Мынадай кезде:
бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатта уақыт кезеңі көрсетілген кезде - көрсетілген кезең ішінде;
резиденттік белгілі бір күнге расталған кезде - бейрезиденттің резиденттігі расталған күнге дейінгі күнтізбелік жылдың басынан бергі уақыт кезеңіне;
бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатта уақыт кезеңі болмаған кезде - осындай құжат берілген (шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында орналасқан) күнтізбелік жыл ішінде бейрезидент Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті деп танылады.
703-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістердің және ұсталған, төленген салықтардың сомалары туралы анықтама
1. Бейрезидент Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістердің және ұсталған, төленген салықтардың сомасы туралы анықтаманы (бұдан әрі осы баптың мақсаттарында - анықтама), егер осындай салық Қазақстан Республикасының бюджетіне, оның ішінде халықаралық шарт негізінде төлеуге жататын болса және осы Кодекстің 699, 700 және 701-баптарына сәйкес қайтаруға жатпайтын болса, салық органынан алуға құқылы.
Салық органынан анықтаманы салық агенті де осындай салық агенті бейрезидентке есептеген және (немесе) төлеген кірістердің және осындай кірістен ұсталған (төленген) салықтардың сомасы бойынша алуға құқылы. Бұл ретте осы Кодекстің 38-бабына сәйкес сенімхаттың болуы талап етілмейді.
2. Анықтама алу үшін бейрезидент (салық агенті) салықтық өтінішті мынадай салық органына:
1) Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның кірістері бойынша - салық агентінің тұрған жеріндегі;
2) бейрезиденттің тұрақты мекемесі - осындай тұрақты мекеме тұрған жердегі;
3) Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістерден салықты дербес төлейтін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам - Қазақстан Республикасындағы келген (тұрғылықты) жері бойынша;
4) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілмеген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірістері бойынша - салық агентінің тұрған жеріндегі салық органына ұсынуға міндетті.
3. Мыналар:
бейрезиденттің (салық агентінің) салықтық өтініші деректерінің салық төлеушінің және (немесе) салық агентінің салықтық есептілігі нысандарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеуі анықталған;
салық төлеу болмаған;
салық төлеушіде және (немесе) салық агентінде салықтық өтініш берілген күні бейрезиденттің кірістерінен салықты аудару бойынша салықтық берешек болған кезде салық органы бейрезидентке (салық агентіне) анықтама беруден жазбаша бас тартуды жібереді.
4. Анықтама мынадай күндерден барынша кешірек:
салықтық өтініш берілген күннен;
бейрезиденттің есебіне жазылған және салық төлеуге жататын кірістерінің сомалары көрсетілген салықтық есептіліктің тиісті нысанын бейрезидент-салық төлеуші және (немесе) салық агенті ұсынған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей беріледі.
704-бап. Салық жинаудағы көмек
1. Уәкілетті органның халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес орындалмаған салықтық міндеттемелерін орындау мақсатында салықтық талап жіберу арқылы шет мемлекеттің құзыретті органынан жәрдемдесуге сұрау салуға құқығы бар.
Салықтық талап Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегi көздерден түсетін бейрезидент тұрақты мекемесінің кірістері бойынша салықтық мiндеттемені орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, тек қана мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық ықтимал шаралары қолданылғаннан кейін шет мемлекеттің құзыретті органына жіберіледі.
2. Шет мемлекеттің құзыретті органынан жәрдемдесуге сұрау салу келіп түскен кезде уәкілетті органның резиденттің шет мемлекетте туындаған салықтық міндеттемесінің атқарылуын қамтамасыз етуге құқығы бар.
Бұл ретте уәкілетті орган халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес резиденттің шет мемлекеттегі көздерден алынатын кірістерінен салық төлеудің заңдылығын қарайды және қорытынды шығарады.
3. Шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы бойынша оң қорытынды шығарылған жағдайда уәкілетті орган халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес резиденттің салықтық міндеттемелерді осы Кодексте айқындалған тәртіппен атқаруын қамтамасыз етеді.
Резидент-салық төлеуші салық сомасын уәкілетті органның талабы бойынша халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес жіберілген, салық жинауға жәрдемдесу туралы сұрау салуда көрсетілген шет мемлекеттің құзыретті органының шотына аударады.
4. Уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуларын өзара түсіністік қағидаттарында қарайды.
5. Егер халықаралық шартта өзгеше айқындалмаса, осы баптың ережелері талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін қолданылады.
2-параграф. Салық агентінің халықаралық шартты өз бетінше қолдану тәртібі
705-бап. Бейрезиденттiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алған кірістерін салық салудан толық босату бөлігінде халықаралық шартты қолдану тәртiбі
1. Осы бапта белгіленген халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі мынадай:
1) осы Кодекстің 706, 707, 712, 713 және 714-баптарына сәйкес оларға қатысты халықаралық шарттың ережелерін қолданудың өзге тәртібі көзделген;
2) осы Кодекстің 699, 700 және 701-баптарына сәйкес оларға қатысты халықаралық шарттың ережелерін қолданудың өзге тәртібі көзделген, осы Кодекстің 687-бабында айқындалған;
3) осы Кодекстің 699, 700 және 701-баптарына сәйкес оларға қатысты халықаралық шарттың ережелерін қолданудың өзге тәртібі көзделген, филиал, өкілдік ашпай, бейрезиденттің тіркелген құрылымдық бөлімшесі және (немесе) тұрақты мекемесі болған кезде қызметтер көрсетуден және (немесе) жұмыстар орындаудан;
4) Қазақстан Республикасында тұрақты мекеменің құрылуына алып келетін бір жоба және (немесе) байланысты жобалар шеңберінде қызметтер көрсетуден және (немесе) жұмыстар орындаудан түсетін кірістерді қоспағанда, бейрезиденттің осы Кодекстің 679-бабында көзделген кірістеріне қолданылады.
Жобалардың байланысын салық агенті осы Кодекстің 228-бабына сәйкес өзі дербес айқындайды.
2. Салық агенті бейрезидентке кірісті төлеу немесе бейрезиденттің есепке жазылған, бірақ төленбеген кірісін шегерімге жатқызу кезінде мынадай шарттар сақталған кезде:
1) бейрезиденттің резиденттік мемлекетімен халықаралық шарт жасасқанда және ратификацияланғанда;
2) осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімде бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат ұсынылғанда, салық салудан босатуды өзі дербес қолдануға құқылы.
Бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат осы Кодекстің 702-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
3. Резиденттікті растайтын құжатты бейрезидент салық агентіне бірінші болып басталатын мынадай күндердің бірінен:
1) бейрезидентке кіріс төленген немесе бейрезиденттің төленбеген кірістері шегерімге жатқызылған, корпоративтік табыс салығына арналған салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан;
2) төлем көзінен салықтық кезең үшін ұсталатын табыс салығы бойынша салықтық міндеттемені орындау мәселесі бойынша салықтық тексеру аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.
4. Егер бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құруға алып келмейтін мерзім шегінде Қазақстан Республикасында қызметтер көрсетсе және (немесе) жұмыстар орындаса, осындай бейрезидент резиденттікті растайтын құжатпен бірге салық агентіне мынадай құжаттардың бірін:
1) құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін;
2) сауда тізілімінен (акционерлер тізілімінен) үзінді көшірмені немесе бейрезидент-заңды тұлғаның құрылтайшыларын (қатысушыларын) және мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжатты ұсынады.
Бейрезидентте осы тармақта көрсетілген құжаттар болмаған жағдайда, осындай бейрезидент салық агентіне мына құжаттардың бірін:
1) бейрезидентті құруға негiз болған, осындай бейрезидент тіркелген құжатты (актіні);
2) қатысушысы бейрезидент болып табылатын шоғырландырылған топтың ұйымдық құрылымын көрсететін, оның барлық қатысушылары мен олардың географиялық орналасқан жерін (шоғырландырылған топ қатысушылары құрылған мемлекеттердің (аумақтардың) атауларын) және барлық шоғырландырылған топ қатысушыларының мемлекеттік және салықтық тіркеу нөмірлерін көрсете отырып, ұйымдық құрылымын көрсететін өзге де құжатты ұсынады.