6. Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасына сəйкес бекітіп берілетін, жобаны іске асыру кезінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық жəне (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру құқығы үшін алынады.
7. Су ресурстарын қорғау жəне пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциялары тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері, олардың тұрған жері, арнайы су пайдалануға берілген рұқсаттар, су ресурстарын алудың жəне (немесе) пайдаланудың белгіленген көлемі, рұқсаттарға жəне су ресурстарын алу жəне (немесе) пайдалану көлемдеріне енгізілген өзгерістер туралы, Қазақстан Республикасының су заңнамасын сақтау бойынша су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың, Қазақстан Республикасының су заңнамасын сақтау бойынша су қорын пайдалану жəне қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау нəтижелеріне шағым жасау жөніндегі сот актілерінің нəтижелері туралы мəліметтерді өздерінің тұрған жеріндегі салық органдарына ұсынады.
8. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту жəне пайдалану саласындағы уəкілетті мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мəліметтерді ұсынады.
9. Мемлекеттік орман иеленушілер (жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері; орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері жəне орман шаруашылығы саласындағы уəкілетті органның мемлекеттік ұйымдары; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уəкілетті органның табиғат қорғау мекемелері; теміржол көлігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уəкілетті мемлекеттік органның жəне автомобиль жолдары жөніндегі уəкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік ұйымдары ведомстволық бағыныстылығына сəйкес) тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына төлемақы төлеушілер жəне салық салу объектілері туралы мəліметтерді ұсынады.
10. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың жергілікті атқарушы органдары тоқсан сайын есепті тоқсаннан (жылдан) кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы төлеушілер жəне салық салу объектілері туралы мəліметтерді ұсынады.
11. Орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жəне өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру жəне пайдалану саласындағы уəкілетті органдар жыл сайын есепті жылдан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына мөлшері осы баптың 4 жəне 5-тармақтарына сəйкес айқындалатын төлемақыны төлеушілер жəне салық салу объектілері туралы мəліметтерді ұсынады.
12. Аквашаруашылық саласындағы уəкілетті орган жыл сайын, есепті жылдан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына төлемақы төлеушілер жəне салық салу объектілері туралы мəліметтерді ұсынады.
626-бап. Төлемақы төлеушілер
1. Мыналар төлемақы төлеушілер болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тəртіппен тікелей жерүсті су объектісінен су ресурстарын алуға арнайы су пайдалану құқығын алған жеке жəне заңды тұлғалар;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен жануарлар дүниесін арнайы пайдалануға құқық алған тұлғалар;
3) мемлекеттік орман иеленушілер жəне Қазақстан Республикасының Орман кодексінде айқындалған тəртіппен орман пайдалану құқығын алған тұлғалар;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі негізінде өсімдіктердің сирек кездесетін жəне жойылып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою құқығын алған тұлғалар;
5) фармацевтикалық, азық-түлік жəне техникалық мұқтаждықтар үшін жабайы өсетін өсімдіктердің түрлерін дайындауды (жинауды) жүзеге асыратын тұлғалар;
6) Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасында белгіленген тəртіппен жобаны іске асыру кезінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық жəне (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалар.
2. Мыналар төлемақы төлеушілер болып табылмайды:
орман өсіру үшін нысаналы мақсатты орман пайдалану құқығын алған кезде - Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сəйкес өз меншігіндегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жеке орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асыратын орман иеленушілер;
мемлекеттік орман иеленушілер жəне Қазақстан Республикасының Орман кодексінде айқындалған тəртіппен орман пайдалану құқығын алған, өрт болған учаскелерде, егер осындай өрт алаңы жүзден астам гектарды құрайтын болса, аралық пайдалану кесулерін жəне өзге де кесуді жүзеге асыратын адамдар.
3. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны дербес төлеуші деп тануға құқылы.
Заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешімді қабылдаған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер заңды тұлға өз шешімімен заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесін жерүсті су бъектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны дербес төлеуші деп таныса, онда мұндай шешім осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
627-бап. Салық салу объектісі
1. Мыналар салық салу объектілері болып табылады:
1) мыналарды:
бөгеттерге жəне басқа да тірек гидротехникалық жəне су реттейтін құрылыстарға жинақталатын су көлемін;
ағынды бассейнаралық бұруды жүзеге асыратын арналарда жəне ағынды реттеуді жүзеге асыратын ернеуден тыс cу қоймаларында сүзуге жəне булануға кететін, су шаруашылығы жүйелерінің жобалық деректері негізінде су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы уəкілетті орган растаған су шығындарын;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы уəкілетті орган бекіткен табиғат қорғау жəне (немесе) санитариялық-эпидемиологиялық су ағызу көлемін;
су тасқынын, су басуды жəне су астында қалуды болғызбау мақсатында жүзеге асырылатын, су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы уəкілетті орган растаған суару жүйелеріне мəжбүрлі түрде су тарту көлемін қоспағанда, жерүсті су объектісінен алынған судың көлемі;
2) өндірілген электр энергиясының көлемі;
3) су көлігімен тасымалдау көлемі;
4) мемлекеттік орман қоры жəне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аумағынан тыс жерде фармацевтикалық, азық-түлік жəне техникалық мұқтаждықтар үшін жабайы өсетін өсімдіктердің түрлерін дайындау (жинау) көлемі;
5) мыналарды:
көшеттердің құрамы мен пішінін күтіп-баптау мақсатында кесуді жүзеге асыру, сондай-ақ жас талдар ішінде оның толық болуын (жарық түсіру, тазалау) жəне құндылығы аз ағаш көшеттерін реконструкциялауға жəне ландшафттарды қалыптастыруға байланысты кесулерді жүзеге асыру кезінде түбірімен босатылатын сүрек көлемін;
ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алып қойылған ағаш ресурстарының, шайырдың, қосалқы орман ресурстарының көлемін қоспағанда, орманды пайдалану көлемі жəне (немесе) пайдалануға берілетін мемлекеттік орман қоры учаскелерінің, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы алаңы;
6) жобаны іске асыру кезінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық жəне (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары учаскелерінің алаңы.
2. Төлемақы:
1) кеме тартқышынсыз сүректі ағызуға, рекреацияға;
2) жер қазатын техниканы қолдануға;
3) батпақты құрғатуға алынбайды.
628-бап. Жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны, жобаны іске асыру кезінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық жəне (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері
1. Жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы уəкілетті орган бекіткен жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін есептеу əдістемесінің негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың жергілікті өкілді органдары белгілейді.
Суды алудың іс жүзіндегі көлемі су ресурстарын қорғау жəне пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциялары белгілеген су ресурстарын алу жəне (немесе) пайдалану көлемінен асып кеткен кезде мұндай асып кету көлеміне жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін бес есе ұлғайтылған төлемақы мөлшерлемелері қолданылады.
2. Жобаны іске асыру кезінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық жəне (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері аквашаруашылық саласындағы уəкілетті орган бекіткен осындай балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін бекітіп беру қағидаларында айқындалады.
629-бап. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері
1. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері осындай төлемақыны төлеу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (бұдан əрі - АЕК) еселенген мөлшерінде айқындалады.
2. Қазақстан Республикасында кəсіпшілік, əуесқойлық жəне спорттық аң аулауды жүргізу кезінде жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Жабайы жануарлардың түрлері | Төлемақы мөлшерлемесі, бір дара нұсқасы үшін (АЕК) |
| кəсіпшілік аң аулау | əуесқойлық жəне спорттық аң аулау |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Сүтқоректілер: | | |
| 1.1. | бұлан (еркегі) | - | 16 |
| 1.2. | бұлан (ұрғашысы) | - | 11 |
| 1.3. | бұлан (бір жасар төлі) | - | 6 |
| 1.4. | марал (еркегі) | - | 13 |
| 1.5. | марал (ұрғашысы) | - | 7 |
| 1.6. | марал (бір жасар төлі) | - | 4 |
| 1.7. | аскания бұғысы (еркегі) | - | 9 |
| 1.8. | аскания бұғысы (ұрғашысы) | - | 5 |
| 1.9. | аскания бұғысы (бір жасар төлі) | - | 3,5 |
| 1.10. | елік (таралу аймағының солтүстік бөлігі, еркегі) | - | 4 |
| 1.11. | елік (таралу аймағының солтүстік бөлігі, ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 3 |
| 1.12. | елік (таралу аймағының оңтүстік бөлігі, еркегі) | - | 3 |
| 1.13. | елік (таралу аймағының оңтүстік бөлігі, ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 2 |
| 1.14. | сібір тау ешкісі (текесі) | - | 4 |
| 1.15. | сібір тау ешкісі (ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 3,5 |
| 1.16. | құдыр | - | 2 |
| 1.17. | қабан (еркегі) | - | 4 |
| 1.18. | қабан (ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 3 |
| 1.19. | киік (еркегі) | 4 | 5 |
| 1.20. | киік (ұрғашысы, бір жасар төлі) | 3 | 4 |
| 1.21. | қоңыр аю (Тянь-Шань аюынан басқа) | - | 14 |
| 1.22. | өзен құндызы, кəмшат (ортаазиялықтан басқа) | 1 | 2 |
| 1.23. | бұлғын | 2 | 4 |
| 1.24. | суырлар (Мензбир суырынан басқа) | 0,060 | 0,12 |
| 1.25. | ондатр | 0,045 | 0,9 |
| 1.26. | борсық, түлкi | 0,10 | 0,20 |
| 1.27. | қарсақ | 0,045 | 0,10 |
| 1.28. | америкалық су күзенi | 0,12 | 0,25 |
| 1.29. | сілеусін (Түркістан сілеусінінен басқа) | - | 0,45 |
| 1.30. | қояндар (құмқоян, орқоян, ақ қоян) | 0,010 | 0,045 |
| 1.31. | жанат тектес ит, шайқағыш жанат, құну, сарғыш күзен, ақ қалақ, ақкіс, сары күзен, сасық күзен, кəдімгі тиін | 0,020 | 0,35 |
| 1.32. | саршұнақ (құм саршұнағы) | 0,015 | 0,025 |
| 1.33. | қасқыр | 0 | 0 |
| 1.34. | шибөрі | 0 | 0 |
| 2. | Құстар | | |
| 2.1. | маймақ қаз (қызыл жемсаулы, қара жемсаулы) | 0,015 | 0,030 |
| 2.2. | саңырау құр | - | 0,15 |
| 2.3. | құр | - | 0,055 |
| 2.4. | Гималай ұлары | - | 0,20 |
| 2.5. | қырғауыл | 0,020 | 0,060 |
| 2.6. | қаздар* (сұр қаз, ақмаңдайлы қаз, қырманқаз), қарашақаз | 0,020 | 0,045 |
| 2.7. | үйректер* (сарыалақаз, италақаз, барылдауық, қырылдақ шүрегей, ысылдақ шүрегей, боз үйрек, сары айдар үйрек, қылқұйрық, даурықпа шүрегей, жалпақ тұмсық, қызылтұмсық сүңгуір, бізқұйрық сүңгуір, айдарлы сүңгуір, теңіз сүңгуірі, ұшқыр үйрек, сусылдақ, мамыққаз, қара тұрпан, кіші бейнарық, секпілтөс бейнарық, үлкен бейнарық) | 0,010 | 0,020 |
| 2.8. | қасқалдақ, қызғыш, шілдер (аққұр, тундра шілі, дала шілі, сұр шіл, сақалды шіл), кекілік, сұр құр, кептерлер (дыркептер, түзкептер, көк кептер, құз кептер), түркептер (кəдімгі, үлкен түркептер), шалшықшылар (күржікей, шаушалшық, тауқұдірет, орман маңқысы, азиялық тауқұдірет, тау маңқысы, маңқы, жылқышы, үлкен шалшықшы, қасқа шалшықшы, үлкен шырғалақ, кіші шырғалақ) | 0,005 | 0,010 |
| 2.9. | бөдене | 0,005 | 0,010 |
Ескертпе.
*Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген түрлерінен басқа.
3. Балық аулау объектілері болып табылатын жануарлардың түрлерін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Су жануарларының түрлері | Төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| бір дара нұсқасы үшін | бір килограм үшін |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Кəсіпшілік, ғылыми жəне өсімін молайту мақсаттарында: | | |
| 1.1. | бекіре тұқымдас балықтар (қортпа, бекіре, шоқыр, сүйрік, пілмай, Сібip бeкipeci, Сырдария тасбекіресі) | | 0,064 |
| 1.2. | майшабақтар (қарынсау, бражников шабағы, қаражон), тікенді балық, камбала, шабақ | | 0 |
| 1.3. | албырт балықтар (құбылмалы бақтақ, майқан, хариус, Каспий албырты, Арал албырты, таймень, сылан, ақбалық) | | 0,017 |
| 1.4. | ақсақа балықтар (көкшұбар, көкшарбы, пайдабалық, шыр, мұқсын), ұзын саусақты шаян | | 0,012 |
| 1.5. | қаракөз | | 0,004 |
| 1.6. | итбалық | 1,93 | |
| 1.7. | ірі балықтар: | | |
| 1.7.1. | ақ амур, сазан, тұқы, ақмарқа, беріш, жайын, нəлім, дөңмаңдай, шортан, жыланбас балық, көксерке, күтім, шортан тектес ақмарқа (тазбалық), Арал қаязы, Түркістан қаязы | | 0,013 |
| 1.8. | ұсақ балықтар: | | |
| 1.8.1. | табан, торта, тұрпа балық, майбалық, көкбас, қызылкөз, аққайран, мөңке, алабұға, оңғақ, кəдімгі жəне Талас тарғақ балығы, қызылқанат, балпан балық, білеу балық, айнакөз, көктыран, қылыш балық, буффало, қарабалық, Іле қарабалығы (Іле популяциясы), Шу сүйрікқанаты, Балқаш алабұғасы (Балқаш-Іле популяциясы), шатқалдық тас тасалағыш, Волга көп аталықты майшабағы | | 0,004 |
| 2. | Спорттық-əуесқойлық (рекреациялық) балық аулауды жүргізу кезінде: | | |
| 2.1. | алып қоя отырып: | | |
| 2.1.1. | ірі балықтар | | 0,017 |
| 2.1.2. | қортпа | | 6,5 |
| 2.1.3. | бекіре тұқымдас балықтар | | 5,5 |
| 2.1.4. | ақсақа, албырт балықтар | | 0,042 |
| 2.1.5. | ұсақ балықтар | | 0,008 |
| 2.1.6. | шаян | 0,008 | |
| 2.2. | «ұстап алу-қоя беру» қағидаты негізінде: | | |
| 2.2.1. | ірі балықтар | | 0,1 |
| 2.2.2. | бекіре тұқымдас балықтар (қортпа, бекіре, шоқыр, сүйрік, пілмай) | 4,97 | |
| 2.2.3. | ақсақа жəне албырт балықтар | | 0,27 |
| 2.2.4. | ұсақ балықтар | | 0,068 |
4. Өзге де шаруашылық мақсаттарда (аң аулаудан жəне балық аулаудан басқа) пайдаланылатын жануарлар түрлерін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Жануарлардың түрлері | Төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| бір дара нұсқасы үшін | бір килограм үшін |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Сүтқоректілер: | | |
| 1.1. | шұбар мысық немесе дала мысығы | 0,030 | - |
| 1.2. | қарақас | 0,015 | - |
| 2. | Құстар: | | |
| 2.1. | кішкене, қарамойын, қызылмойын, сұржақ, үлкен сұқсыр, үлкен суқұзғын, үлкен көлбұқа, бақылдақ құтан, көкқұтан жəне қошқыл құтан | 0,010 | - |
| 2.2. | үлкен аққұтан | 0,015 | - |
| 2.3. | маусымқұс, қошқылқанат жəне алтынжон татрең, шүрілдек, шаушүрілдек, моңғол шүрілдегі, сарысағақ шүрілдек, шығыс шүрілдегі, теңіз шүрілдегі, алқалы татрең, тасшарлаған, сутартар, тартар, кішкене тартар, титтей тартар, қызылқасқа сутартар, дала қарақасы, қарала балшықшы, сауысқан, бұлыңғыр, бөрте балшықшы, үлкен балшықшы, шөпілдек, тəкілдек балшықшы, бұлақшы, мамырқұс, қайқытұмсық балшықшы, ақжағал қалытқы, ақтамақ қалытқы, құмғақша, қызылмойын құмдауық, ұзынсаусақ құмдауық, аққұйрық құмдауық, қызылтөс құмдауық, қаратөс құмдауық, бізқұйрық құмдауық, құмқұс, тұнбашы, шабындық жəне дала қарақасы, сақиналы түркептер, сарыжағал қараторғай, сарытұмсық шауқарға, қараторғай, пайызторғай, қызылтелпекті құнақ, көкқарға, бозторғайлар (айдарлы, теңбілтөс, нəзіктұмсықты, сұр, сор, дала бозторғайы, қостеңбілді, аққанат, қара, құлақты, орман бозторғайы, шабындық бозторғайы, үнді бозторғайы), қызылтұмсық шауқарға, алабажақ сайрауық | 0,005 | |
| 2.4. | қаршыға | 0,010 | |
| 2.5. | қырғи, маубас жапалақ, байғыз, жүнбалақ байғыз, құлақты жапалақ, саз жапалағы, жамансары | 0,045 | |
| 3. | Бауырымен жорғалаушылар: | | |
| 3.1. | Орта Азия тасбақасы, саз тасбақасы | 0,020 | - |
| 3.2. | ешкіемер, бат-бат кесіртке, жұмырбас құм кесіртке, сығыркөз | 0,010 | - |
| 3.3. | бозша жылан | 0,045 | - |
| 3.4. | өрнекті қарашұбар жылан, шығыс жəне құм жыланы | 0,035 | - |
| 3.5. | көлбақа | 0,005 | - |
| 4. | Омыртқасыз су жануарлары: | | |
| 4.1. | артемия (цисталар) | - | 0,045 |
| 4.2. | гаммарус, шашақ мұрт шаяндар | - | 0,010 |
| 4.3. | сүліктер | - | 0,030 |
| 4.4. | басқа да су омыртқасыздары мен цисталар | - | 0,005 |
| 4.5. | артемия | - | 0,0043 |
630-бап. Орман жəне өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, орман жəне өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін орман шаруашылығы жəне өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру жəне пайдалану саласындағы уəкілетті органдар айқындаған тəртіпке сəйкес жасалған облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың жергілікті атқарушы органдарының есеп-қисаптары негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың жергілікті өкілді органдары белгілейді.
2. Түбірімен босатылатын сүрек үшін орман жəне өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері орман пайдалануға құқығы туындайтын тиісті қаржы жылының бірінші күніне қолданыста болатын еселенген АЕК мөлшерінде бір тығыз текше метр үшін айқындалады жəне мыналарды құрайды:
| Р/с № | Ағаш-бұта тұқымдастарының атауы | Жоғары бөлігіндегі дің кесінділерінің диаметріне қарай іске жарамды ағаш, қабықсыз (АЕК) | Қабықты отындық ағаш (АЕК) |
| ірі (25 см жəне одан жуан) | орташа (13-тен 24 см-ге дейін) | ұсақ (3-тен 12 см-ге дейін) |
| 1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 |
| 1. | қарағай | 1,48 | 1,05 | 0,52 | 0,21 |
| 2. | Шренк шыршасы | 1,93 | 1,37 | 0,68 | 0,27 |
| 3. | Сібір шыршасы, майқарағай | 1,34 | 0,95 | 0,48 | 0,16 |
| 4. | балқарағай | 1,19 | 0,85 | 0,41 | 0,15 |
| 5. | самырсын | 2,67 | 1,91 | 0,93 | 0,23 |
| 6. | ағаш тектес арша | 1,79 | 1,26 | 0,63 | 0,27 |
| 7. | емен, шаған | 2,67 | 1,91 | 0,93 | 0,41 |
| 8. | қара қандыағаш, үйеңкі, шегіршін, жөке | 0,60 | 0,42 | 0,21 | 0,14 |
| 9. | сексеуіл | | | | 0,60 |
| 10. | қайың | 0,69 | 0,48 | 0,23 | 0,16 |
| 11. | көктерек, ағаш тектес тал, терек | 0,52 | 0,37 | 0,18 | 0,11 |
| 12. | грек жаңғағы, пісте | 3,24 | 2,32 | 1,15 | 0,35 |
| 13. | өрік, аққараған, алша, долана, шие, жиде, шетен, алхоры, мойыл, тұт ағашы, алма ағашы, өзге де ағаш тұқымдастар | 1,90 | 1,35 | 0,68 | 0,23 |
| 14. | арша, самырсын өскіні | | | 0,34 | 0,18 |
| 15. | жыңғыл | | | 0,3 | 0,25 |
| 16. | сары қараған, бұта тектес талдар, шырғанақ, жүзгін, шеңгел жəне өзге де бұталар | | | 0,19 | 0,12 |
3. Төлемақы мөлшерлемелеріне мынадай коэффициенттер қолданылады:
1) кеспеағаш аймағының жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан қашықтығына қарай:
| № | Қашықтық | Коэффициент |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | 10 км-ге дейін | 1,30 |
| 2. | 10,1 - 25 км | 1,20 |
| 3. | 25,1 - 40 км | 1,00 |
| 4. | 40,1 - 60 км | 0,75 |
| 5. | 60,1 - 80 км | 0,55 |
| 6. | 80,1 - 100 км | 0,40 |
| 7. | 100 км-ден көп | 0,30 |
Кеспеағаш аймағының жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан қашықтығы кеспеағаш аймағының ортасынан жолға дейінгі қысқа аралық бойынша картографиялық материалдармен айқындалады жəне жергілікті жердің бедеріне қарай мынадай коэффициенттер бойынша түзету жасалады:
жазық бедер - 1,1;
жоталы бедер немесе батпақты жер - 1,25;
таулы бедер - 1,5;
2) аралық мақсатта пайдалану үшін ағаш кесуді жүргізу кезінде - 0,6;
3) басты мақсатта пайдалану үшін іріктеп ағаш кесуді жүргізу кезінде - 0,8;
4) сүректі 20 градустан жоғары беткейлі тау жоталарынан босату кезінде - 0,7.
4. Сүректі түбірімен босату кезінде пайда болған кесілген ағаш қалдықтары (ұшар басынан алынған отын) үшін орман ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемесі осы баптың 2-тармағында көрсетілген тиісті ағаш тұқымдас отындық ағашқа арналған мөлшерлеменің 20 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
5. Мемлекеттік орман қорының жəне ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың аумағынан тыс жерде өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері пайдалану құқығы туындайтын тиісті қаржы жылының бірінші күніне қолданыста болатын АЕК-тің еселенген мөлшерінде бір килограмм үшін айқындалады.
631-бап. Жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны, жобаны іске асыру кезінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық жəне (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны есептеу мен төлеу тəртібі
1. Төлеушілер төлемақы сомасын жерүсті су объектілерінің су ресурстарын алудың жəне (немесе) пайдаланудың іс жүзіндегі көлемдеріне жəне белгіленген мөлшерлемелерді негізге ала отырып есептейді.
2. Тірек гидротехникалық жəне суды реттейтін құрылыстары бар су объектілерінде су көлігімен тасымалдау көлемі үшін төлемақы сомасы тасымалданған жүктердің тоннасына/километріне есептеледі.
3. Төлеушілер (шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерден басқа) су ресурстарын қорғау жəне пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциялары белгілеген жерүсті су объектілерінің су ресурстарын алудың жəне (немесе) пайдаланудың ай сайынғы көлемі негізінде есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей су пайдаланудың іс жүзіндегі көлемі үшін төлемақының ағымдағы сомасын бюджетке төлейді.
4. Төлемақы сомасы рұқсат беру құжатында көрсетілген арнайы су пайдалану орны бойынша бюджетке төленеді.
5. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер төлемақыны осы Кодекстің 732-бабында белгіленген мерзімдерде төлейді.
6. Жылу энергетикасы кəсіпорындары жерүсті су объектілерінің су ресурстарын алу жəне (немесе) пайдалану көлемі шегінде тұрғын үй-пайдалану жəне коммуналдық мұқтаждықтар үшін жылу энергиясын өндіру үшін, сондай-ақ агрегаттарды салқындату (қайтарымды су тұтыну) үшін технологиялық мұқтаждықтарға жұмсалатын су үшін төлемақы мөлшерін тұрғын үй-пайдалану жəне коммуналдық қызметтер көрсететін ұйымдар үшін көзделген мөлшерлемелер бойынша айқындайды.
Суды қайтарымсыз тұтыну үшін төлемақы мөлшері өнеркəсіптік кəсіпорындар үшін белгіленген мөлшерлемелер бойынша айқындалады.
7. Жобаны іске асыру кезінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық жəне (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының мөлшері аквашаруашылық саласындағы уəкілетті орган бекіткен осындай балық шаруашылығы су аудындарының учаскелерін бекітіп беру қағидаларында айқындалады.
8. Тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық жəне (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының сомасы осындай балық шаруашылығы су айдындарының учаскелеріне бекітіп беруді жүзеге асыратын органның тұрған жері бойынша бюджетке төленеді.
Төлеу аквашаруашылық саласындағы уəкілетті орган жобаны іске асыру кезінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық жəне (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскесін бекітіп беру туралы шешім қабылдағаннан кейін Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасында белгіленген тəртіппен жүргізіледі.