6) осы Кодекстің 166-бабының 9-тармағында көзделген, салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктерде ашылған банктік шоттарына валюталық түсімнің түскенін растайтын құжаттар;
7) тиісті уəкілетті мемлекеттік органның тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы қорытындысы.
3. Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына əкелінген алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды қайта өңдеу өнімдерін кейіннен ЕАЭО-ға мүше екінші мемлекеттің аумағына өткізе отырып орындаған жағдайда, алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды орындау фактісін растау үшін Қазақстан Республикасының салық төлеушісі:
1) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің салық төлеушілері арасында жасалған алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге, дайын өнімді беруге арналған шарттарды (келісімшарттарды);
2) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды орындау фактісін растайтын құжаттарды;
3) алыс-беріс шикізатын жəне дайын өнімді қабылдау-тапсыру актілерін;
4) Қазақстан Республикасының аумағына алыс-беріс шикізатының əкелінуін растайтын құжаттарды (оның ішінде қайта өңдеу өнімдерін əкелу (əкету) туралы міндеттемені);
5) Қазақстан Республикасының аумағынан қайта өңдеу өнімдерінің əкетілуін растайтын құжаттарды (оның ішінде қайта өңдеу өнімдерін əкелу (əкету) туралы міндеттеменің орындалуы);
6) алыс-беріс шикізатының меншік иесінен алынған, алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың құнынан қосылған құн салығының төленгенін растайтын, тауарларды əкелу жəне жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті;
7) тиісті уəкілетті мемлекеттік органның тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы қорытындысын;
8) осы Кодекстің 166-бабының 9-тармағында көзделген, салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктерде ашылған банктік шоттарына валюталық түсімнің түскенін растайтын құжаттарды ұсынады.
4. Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына əкелінген алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды қайта өңдеу өнімдерін кейіннен ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағына өткізе отырып орындаған жағдайда, алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың орындалу фактісін растау үшін Қазақстан Республикасының салық төлеушісі:
1) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің салық төлеушілері арасында жасалған шарттарды (келісімшарттарды);
2) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды орындау фактісін растайтын құжаттарды;
3) Қазақстан Республикасының аумағына алыс-беріс шикізатының əкелінуін растайтын құжаттарды (оның ішінде қайта өңдеу өнімдерін əкелу (əкету) туралы міндеттемені);
4) Қазақстан Республикасының аумағынан қайта өңдеу өнімдерінің əкетілуін растайтын құжаттарды (оның ішінде қайта өңдеу өнімдерін əкелу (əкету) туралы міндеттеменің орындалуы);
5) тауарларды ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағына экспорттың кедендік рəсімінде əкету кезінде ресімделген тауарларға арналған декларацияның ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің кедендік декларациялауды жүзеге асырған кеден органы куəландырған көшірмесін;
6) салық органдарының ақпараттық жүйелерінде кеден органдарының тауарларды іс жүзінде əкету туралы хабарламасы бар, сондай-ақ тауарларды экспорттауды растайтын құжат болып табылатын электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларацияны ұсынады. Осы тармақшада көзделген электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация болған кезде осы баптың 4-тармағының 5) тармақшасында белгіленген құжатты ұсыну талап етілмейді;
7) осы Кодекстің 166-бабының 9-тармағында көзделген, салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктерде ашылған банктік шоттарына валюталық түсімнің түскенін растайтын құжаттарды;
8) тиісті уəкілетті мемлекеттік органның тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы қорытындысын ұсынады.
5. ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына қайта өңдеу өнімдерін кейіннен Қазақстан Республикасының аумағында өткізе отырып əкелінген алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарға осы Кодекстің 503-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығы салынуға жатады.
6. Қазақстан Республикасының салық төлеушісі алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге əкелуді (əкетуді) жүзеге асырған жағдайда, қайта өңдеу өнімдерін əкету (əкелу) туралы міндеттемені, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уəкілетті органмен келісу бойынша уəкілетті орган айқындаған тəртіппен, нысан бойынша жəне мерзімдерде оның орындалуын ұсынады.
7. Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу уəкілетті орган айқындаған тауарларды қайта өңдеу шарттарына сəйкес келуге тиіс.
8. Тиісті уəкілетті мемлекеттік органның тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы қорытындысы мынадай мəліметтерді қамтуға тиіс:
1) ЕАЭО-ның сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сəйкес тауарлар мен қайта өңдеу өнімдерінің атауы, сыныптамасы, олардың саны жəне құны;
2) қайта өңдеуге арналған шарттың (келісімшарттың) күні мен нөмірі, қайта өңдеу мерзімі;
3) қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары;
4) қайта өңдеу сипаттамасы;
5) қайта өңдеуді жүзеге асыратын тұлға туралы мəліметтер.
9. Егер қайта өңдеуші бұрын өндірген тауарлар өзінің сипаты, саны, құны, сапасы мен техникалық сипаттамалары бойынша қайта өңдеу өнімдеріне сəйкес келетін болса, тұлғаның уəжді сұрау салуы бойынша салық органының рұқсатымен қайта өңдеу өнімдерін солармен алмастыруға жол беріледі.
524-бап. Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу мерзімі
1. Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағына əкетілген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан əкелінген алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу мерзімі алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге арналған шарттың (келісімшарттың) талаптарына сəйкес айқындалады жəне алыс-беріс шикізатын есепке қабылдау жəне (немесе) тиеп-жөнелту күнінен бастап екі жылдан аспайды.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімнен асып кеткен жағдайда, Қазақстан Республикасының аумағына қайта өңдеу үшін əкелінген алыс-беріс шикізаты салық салу мақсатында салық салынатын импорт деп танылады жəне осы тарауға сəйкес тауарлар Қазақстан Республикасының аумағына əкелінген күннен бастап оған қосылған құн салығы салынуға жатады.
3. Көрсетілген баптың 1-тармағында белгіленген мерзімнен асып кеткен жағдайда, Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағына қайта өңдеу үшін əкетілген алыс-беріс шикізаты салық салу мақсатында өткізу бойынша салық салынатын айналым деп танылады жəне осы Кодекстің 473-бабының 3-тармағында жəне 521-бабының 2 жəне 3-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағынан алыс-беріс шикізаты əкетілген күннен бастап осы Кодекстің 503-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлеме бойынша оған қосылған құн салығы салынуға жатады.
Осы тармақтың мақсатында белгіленген мерзімдерде Қазақстан Республикасының аумағына қайта əкелінбеген алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімдерінің көлеміне тура келетін алыс-беріс шикізаты бойынша салық салынатын айналымның мөлшері халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына жəне (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сəйкес əзірленген есепке алу саясаты негізінде осындай қайта өңдеу өнімдерінің өзіндік құнына қосылған алыс-беріс шикізаты құнының мөлшерінде айқындалады.
Осы бапты қолдану мақсаттары үшін салық төлеушінің есепке алу саясатында белгіленген өзіндік құнды айқындау əдісі күнтізбелік бір жыл ішінде өзгертілуге жатпайды.
525-бап. Еуразиялық экономикалық одақта қосылған құн салығынан босатылған айналымдар мен импорт
1. Мыналарды өткізу бойынша айналымдар қосылған құн салығынан босатылады:
1) егер Қазақстан Республикасы оларды өткізу орны болып табылса, осы Кодекстің 48-тарауында көрсетілген жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;
2) Қазақстан Республикасының аумағына ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан əкелінген тауарды жөндеу бойынша, оны қалпына келтіруді, құрамдас бөліктерін ауыстыруды қоса алғанда, көрсетілетін қызметтер.
Осы Кодекстің 515-бабының 3-тармағында көзделген құжаттар осы тармақшада көрсетілген қызметтердің көрсетілгенін растайтын құжаттар болып табылады.
Осы тармақшада көрсетілген қызметтердің тізбесін уəкілетті орган бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің салық төлеушісіне көрсететін халықаралық байланыс қызметтері.
2. Мынадай:
1) осы Кодекстің 479-бабы 1-тармағының 1), 2), 4) - 8) жəне 10) - 18) тармақшаларында көзделген тауарларды импорттау қосылған құн салығынан босатылады.
ЕАЭО шеңберінде осы тармақшада көрсетілген тауарларды импорттауды қосылған құн салығынан босату тəртібін уəкілетті орган айқындайды;
2) шартта (келісімшартта) көзделген кепілдендірілген қызмет көрсету шеңберінде импортталатын тауарларды импорттау қосылған құн салығынан босатылады.
Тауарды сатып алуға негіз болған, кепілдендірілген қызмет көрсетуді көздейтін шарт (келісімшарт), тауарға ілеспе құжаттар, шартқа (келісімшартқа) қатысушылар растаған кінə қою жəне ақаулық актісі кепілдендірілген қызмет көрсету шеңберінде тауарларды импорттауды растау болып табылады;
3) мынадай шарттар сақталған кезде:
көлік құралдарын өндірушілерге қатысты - инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уəкілетті органмен моторлы көлік құралдарын өнеркəсіптік құрастыру туралы келісім немесе көлік құралдарын өнеркəсіптік құрастыру туралы келісім болса;
ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге қатысты - инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уəкілетті органмен ауыл шаруашылығы техникасын өнеркəсіптік құрастыру туралы келісім болса;
құрауыштарды өндірушілерге қатысты - инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уəкілетті органмен көлік құралдарына жəне (немесе) ауыл шаруашылығы техникасына құрауыштарды өнеркəсіптік құрастыру туралы келісім болса, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын арнаулы инвестициялық келісімшарттар жасасу жөніндегі уəкілетті органмен жасалған арнаулы инвестициялық келісімшарт шеңберінде заңды тұлға еркін қойма немесе «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы еркін кедендік аймағы кедендік рəсімімен орналастырған көлік құралдарының жəне (немесе) ауыл шаруашылығы техникасының құрамындағы шикізатты жəне (немесе) материалдарды, сондай-ақ олардың құрауыштарын импорттау қосылған құн салығынан босатылады.
3. Қазақстан Республикасының аумағына бұрын əкелінген тауарлар Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес импорт бойынша қосылған құн салығынан босатылғаннан өзге мақсаттарда пайдаланылған жағдайда, мұндай тауарларды импорттау бойынша қосылған құн салығы тауарды əкелген кезде қосылған құн салығын төлеу үшін осы Кодексте белгіленген мерзімнің соңғы күніне төленуге жатады.
4. Қазақстан Республикасының салық төлеушісі - лизинг алушы ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің лизинг берушісіне лизинг шарты бойынша төлейтін сыйақы қосылған құн салығынан босатылады.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын арнаулы инвестициялық келісімшарттар жасасу жөніндегі уəкілетті органмен арнаулы инвестициялық келісімшарт жасасқан заңды тұлға мынадай шарттар сақталған кезде:
1) тауарлар еркін кеден аймағы немесе еркін қойма кедендік рəсімімен орналастырылса;
2) еркін кеден аймағы немесе еркін қойма кедендік рəсімі ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рəсімімен аяқталса;
3) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сəйкес дайын өнім құрамындағы тауарларды сəйкестендіру жүзеге асырылса, арнайы экономикалық аймақтың немесе еркін қойманың аумағында өндірілген дайын өнім құрамындағы тауарларды импорттау кезінде қосылған құн салығын төлеуден босатуды қолдануға құқылы.
526-бап. ЕАЭО-да қосылған құн салығының сомаларын есепке жатқызу тəртібі
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қосылған құн салығы осы Кодекстің 49-тарауында айқындалған тəртіппен есепке жатқызылады.
2. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды импорттау кезінде Қазақстан Республикасының бюджетіне белгіленген тəртіппен төленген импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығының сомасы есептелген жəне (немесе) есепке жазылған сомалар шегінде есепке жатқызылады.
Бюджетке төленген, бірақ осы Кодекстің 518-бабының 6-тармағына сəйкес айқындалатын салықтық кезең үшін салық салынатын импорттың мөлшеріне тура келетін қосылған құн салығының сомасынан аспайтын қосылған құн салығының сомасы лизинг шарты (келісімшарты) бойынша тауарларды импорттау кезінде есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы болып табылады. Бұл ретте алдыңғы салықтық кезеңдер үшін есепке жазылған (есептелген) жəне төленген, оның ішінде осы Кодекстің 120, 121,122 жəне 123-баптарында айқындалған тəртіппен ағымдағы салықтық кезеңде есепке жатқызу арқылы төленген қосылған құн салығының сомалары ағымдағы салықтық кезеңде есепке жатқызылуға тиіс.
3. Қазақстан Республикасының салық төлеушісі - лизинг беруші ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің салық төлеушісі - лизинг алушының алуына жататын тауарларды (лизинг нысаналарын) лизингке берген кезде Қазақстан Республикасының салық төлеушісі - лизинг беруші есепке жатқызуға тиісті қосылған құн салығының сомасы сыйақы есепке алынбаған, тауарлардың (лизинг нысаналарының) құнына тура келетін бөлігінде əрбір лизингтік төлем бойынша айқындалады.
527-бап. Шот-фактура
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, шот-фактураларды жазып беру тəртібі осы Кодекстің 20-тарауының 1-параграфына сəйкес айқындалады.
2. Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағына тауарларды экспорттау жағдайында шот-фактура өткізу бойынша айналым жасалған күннен кейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірілмей жазып беріледі.
3. ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына қайта өңдеу өнімдерін кейіннен басқа мемлекеттің аумағына əкету үшін əкелінген алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстар орындалған жағдайда, шот-фактура алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың орындалғанын растайтын құжатқа қол қойылған күні жазып беріледі.
4. Осы баптың 2 жəне 3-тармақтарында көрсетілген жағдайларда жазып берілетін шот-фактура осы Кодекстің 207-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сəйкес келуге, сондай-ақ онда:
1) өткізу бойынша айналым жасалған күн;
2) тұлғаны ЕАЭО-ға мүше мемлекетте салық төлеуші-сатып алушы ретінде сəйкестендіретін нөмір көрсетілуге тиіс.
5. Қазақстан Республикасының салық төлеушісі - лизинг беруші ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің салық төлеушісі - лизинг алушының алуына жататын тауарларды (лизинг нысанасын) лизингке берген кезде шот-фактура сыйақы есепке алынбаған əрбір лизингтік төлемнің күніне лизинг шартында көзделген тауардың (лизинг нысанасының) бастапқы құнының бір бөлігі мөлшерінде, бірақ іс жүзінде алынған төлем сомасынан аспайтын мөлшерде жазып беріледі.
Қазақстан Республикасының салық төлеушісі - лизинг берушінің сыйақы сомасы шот-фактурада бөлек жолмен бөліп көрсетілуге тиіс.
6. Импорттаушы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына əкелінген тауарларды бір салықтық кезеңде өткізген кезде шот-фактура салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей электрондық нысанда жазып беріледі.
Өзге жағдайларда импорттаушы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына əкелінген тауарларды өткізген кезде шот-фактура осы Кодекстің 20-тарауының 1-параграфында белгіленген мерзімдерде жазып беріледі.
528-бап. Тауарларды импорттау кезінде қосылған құн салығын төлеушілерді айқындау ерекшеліктері
1. Егер тауарларды Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің салық төлеушісімен жасасқан шарт (келісімшарт) негізінде сатып алса, қосылған құн салығын төлеуді тауарлар аумағына импортталған Қазақстан Республикасының салық төлеушісі (тауарлардың меншік иесі не комиссионер, сенім білдірілген өкіл, оператор) жүзеге асырады.
Осы тараудың мақсатында тауарлардың меншік иесі деп тауарларға меншік құқығы бар немесе тауарларға меншік құқығының өтуі шартпен (келісімшартпен) көзделген тұлға түсінілуге тиіс.
2. Егер тауарларды Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің салық төлеушісімен жасасқан шарт (келісімшарт) негізінде сатып алса жəне бұл ретте тауарлар ЕАЭО-ға мүше үшінші мемлекеттің аумағынан импортталса, қосылған құн салығын аумағына тауарлар импортталған Қазақстан Республикасының салық төлеушісі - тауарлардың меншік иесі төлейді.
3. Егер тауарларды ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттің салық төлеушісі комиссия, тапсырма шарты негізінде Қазақстан Республикасының салық төлеушісіне өткізсе жəне тауарлар ЕАЭО-ға мүше үшінші мемлекеттің аумағынан импортталса, қосылған құн салығын төлеуді аумағына тауарлар импортталған Қазақстан Республикасының салық төлеушісі - комиссионер, сенім білдірілген өкіл жүзеге асырады.
4. Егер Қазақстан Республикасының салық төлеушісі Қазақстан Республикасының басқа салық төлеушісі ұйымдастырған көрме-жəрмеңкелік саудада ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің салық төлеушісі Қазақстан Республикасының аумағына бұрын импорттаған, олар бойынша қосылған құн салығы төленбеген тауарларды сатып алса, егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығын төлеуді Қазақстан Республикасының салық төлеушісі - тауарлардың меншік иесі не комиссионер, сенім білдірілген өкіл (оператор) жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ұйымдастырған көрме-жəрмеңкелік саудада ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына бұрын импортталған, олар бойынша қосылған құн салығы төленбеген тауарларды Қазақстан Республикасының салық төлеушісі сатып алған кезде қосылған құн салығын төлеуді бейрезидентпен оларды сатып алу-сату шарттары (келісімшарттары) болған кезде тауарлардың меншік иесі жүзеге асырады.
Тауарларды сатып алуға-сатуға арналған шарттар (келісімшарттар) болмаған кезде мұндай тауарлар бойынша қосылған құн салығын төлеуді көрме-жəрмеңкелік сауданы ұйымдастырған Қазақстан Республикасының салық төлеушісі жүзеге асырады.
Көрме-жəрмеңкелік сауданы ұйымдастыратын Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден саудаға қатысушылардың тізімін қоса бере отырып, оны өткізерден он жұмыс күні бұрын тұрған жеріндегі салық органын осындай сауда өткізілетіні туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Көрме-жəрмеңкелік сауда бойынша қосылған құн салығының төленуін бақылау тəртібін уəкілетті орган айқындайды.
5. Егер тауарлар Қазақстан Республикасының салық төлеушісі мен ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттің салық төлеушісі арасындағы шарт негізінде сатып алынса жəне бұл ретте тауарлар ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағынан импортталса, қосылған құн салығын аумағына тауарлар импортталған Қазақстан Республикасының салық төлеушісі - тауарлардың меншік иесі не комиссионер, сенім білдірілген өкіл (оператор) төлейді.
529-бап. Комиссия (тапсырма) шарттары бойынша тауарларды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарынан Қазақстан Республикасының аумағына импорттау кезінде қосылған құн салығын есептеу ерекшеліктері
1. Комиссионер (сенім білдірілген өкіл) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына комиссия (тапсырма) шарттары негізінде əкелген кезде импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығын есептеу жəне бюджетке аудару жөніндегі міндет комиссионерге (сенім білдірілген өкілге) жүктеледі.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарлар бойынша комиссионер (сенім білдірілген өкіл) төлеген қосылған құн салығының сомаларын осындай тауарларды сатып алушы комиссионер (сенім білдірілген өкіл) сатып алушының атына жазып берген шот-фактураның, сондай-ақ осы Кодекстің 530-бабының 7-тармағында көзделген, салық органының белгісі бар, тауарларды əкелу жəне жанама салықтарды төлеу туралы өтініш көшірмесінің негізінде есепке жатқызуға тиіс.
2. Комиссионердің өз атынан жəне комитент есебінен тауарларды өткізуі, жұмыстарды орындауы немесе қызметтерді көрсетуі комиссионердің өткізу бойынша айналымы болып табылмайды.
3. Сенім білдірілген өкілдің сенім білдірушінің атынан жəне есебінен тауарларды өткізуі, жұмыстарды орындауы немесе қызметтерді көрсетуі сенім білдірілген өкілдің өткізу бойынша айналымы болып табылмайды.
4. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің салық төлеушісі - комитент (сенім білдіруші) пен Қазақстан Республикасының аумағында тауарларды өткізетін Қазақстан Республикасының салық төлеушісі - комиссионер (сенім білдірілген өкіл) арасында жасалған комиссия (тапсырма) шарттары бойынша Қазақстан Республикасының аумағына əкелінген тауарлар бойынша шот-фактураларды жазып беруді комиссионер (сенім білдірілген өкіл) жүзеге асырады. Бұл ретте шот-фактура өнім берушінің «комиссионер» («сенім білдірілген өкіл») деген мəртебесін көрсете отырып жазып беріледі.
Комиссионер (сенім білдірілген өкіл) сатып алушыға жазып беретін шот-фактурада осы Кодекстің 207-бабы 2-тармағында белгіленген деректемелер, тауарлардың қосылған құн салығын есепке алмағандағы құны, сондай-ақ шот-фактураға қоса берілетін тауарларды əкелу жəне жанама салықтарды төлеу туралы өтініштің нөмірі мен күні көрсетілуге тиіс.
Импортталатын тауарлар бойынша комиссионер (сенім білдірілген өкіл) төлеген қосылған құн салығының сомасы шот-фактурада бөлек жолмен бөліп көрсетіледі.
Мұндай шот-фактураға комиссионерден (сенім білдірілген өкілден) алынған, тауарларды импорттаған кезде комиссионер (сенім білдірілген өкіл) төлеген қосылған құн салығын есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын тауарларды əкелу жəне жанама салықтарды төлеу туралы өтініштің көшірмесі қоса беріледі.
Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды импорттау кезінде комиссионер (сенім білдірілген өкіл) төлеген импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығын комиссионер (сенім білдірілген өкіл) есепке жатқызбайды.
5. Импортталған тауарларды комиссионер (сенім білдірілген өкіл) есепке қабылдаған күн комиссия (тапсырма) шарттары негізінде тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына əкелген кезде салық салынатын импорттың жасалған күні болып табылады.
Осы тармақтың мақсаттары үшін комитент (сенім білдіруші) комиссионердің (сенім білдірілген өкілдің) атына жасаған тауарлардың берілгенін растайтын бастапқы құжаттың күні есепке қабылдаған күн болып табылады.
6. Комиссия (тапсырма) шартының талаптарына сəйкес келетін жағдайларда тауарларды өткізген, жұмыстарды орындаған, қызметтерді көрсеткен кезде комиссионердің (сенім білдірілген өкілдің) салық салынатын айналымының мөлшері комиссия (тапсырма) шарты бойынша сыйақы негізінде айқындалады.
530-бап. ЕАЭО-да тауарларды импорттау кезінде қосылған құн салығын есептеу мен төлеудің тəртібі
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, ЕАЭО-да қосылған құн салығын есептеу мен төлеудің тəртібі осы Кодекстің 51-тарауына сəйкес айқындалады.
2. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды, оның ішінде алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімдері болып табылатын тауарларды импорттау кезінде салық төлеуші тұрған (тұрғылықты) жері бойынша салық органына тауарларды, оның ішінде лизинг шарттары (келісімшарттары) бойынша əкелу жəне жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей қағаз жеткізгіште жəне электрондық нысанда не электрондық нысанда ғана ұсынуға міндетті.
Салық төлеуші тауарларды əкелу жəне жанама салықтарды төлеу туралы өтінішпен бір мезгілде салық органына мынадай құжаттарды ұсынады:
1) импортталған тауарлар бойынша жанама салықтардың іс жүзінде төленгенін растайтын банктің үзінді көшірмесі жəне (немесе) Қазақстан Республикасының банк заңнамасында көзделген, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтарды төлеу бойынша салықтық міндеттеменің орындалғанын растайтын өзге де төлем құжаты немесе осы Кодекстің 525-бабының талаптарын ескере отырып, қосылған құн салығынан босатылғанын растайтын құжаттар.