Егер қосылған құн салығының асып кету сомасын салық төлеушіге қайтару бұрын осы Кодекстің 104-бабының 4-тармағына сәйкес осы салық төлеушінің пайдасына өсімпұлды есепке жазу және аудару арқылы жүргізілген болса, бұрын салық төлеушіге аударылған және салықтық бақылау нәтижелері бойынша расталмаған, қосылған құн салығының асып кетуінің қайтарылған сомасына тура келетін өсімпұл осы Кодекстің 96-бабы 2-тармағы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес ол келіскен жағдайда камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама немесе тексеру нәтижелері туралы хабарлама негізінде бюджетке төленуге жатады.
6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген сомалар осы Кодекстің 104-бабының 4-тармағында көрсетілген мөлшерде бюджеттен қайтарылған күннен бастап әрбір күн үшін өсімпұлды есептей отырып бюджетке төленуге жатады.
432-бап. Салық төлеушілердің жекелеген санаттарына қосылған құн салығының асып кетуін қайтару ерекшеліктері
1. Егер қосылған құн салығының асып кетуі Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға берілетін өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды салуға байланысты салық төлеуші сатып алған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қалыптасса, мұндай салық төлеушіге құрылыс кезеңінде қалыптасқан қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
Осы баптың мақсаттары үшін өндірістік мақсаттағы ғимараттарға:
1) өнеркәсіптік ғимараттар мен қоймалар;
2) көлік, байланыс және коммуникациялар ғимараттары;
3) тұрғын емес ауыл шаруашылығы ғимараттары жатады.
Осы баптың мақсаттары үшін өндірістік мақсаттағы құрылыстарға, спорт пен демалыс орындарына, әкімшілік мақсаттарға, автомобиль тұрағына немесе орынтұрағына арналған, сондай-ақ мәдени-ойын сауық, қонақ үй, мейрамхана мақсатындағы құрылыстардан басқа құрылыстар жатады.
Өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген ғимараттар мен құрылыстарға жатқызу техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес жүргізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық аяқталған құрылыс кезінде де қолданылады.
Бұл ретте құрылыстың басталуы мен ғимараттарды, құрылыстарды пайдалануға беру күні арасындағы уақыт кезеңі құрылыс кезеңі деп түсініледі.
Осы баптың мақсаттары үшін мына күндердің неғұрлым ертерегі:
1) құрылысты жүзеге асыруға арналған келісімшарт (шарт) жасалған күн;
2) жобалау жұмыстарын жүзеге асыруға арналған келісімшарт (шарт) жасалған күн құрылыстың басталуы деп танылады.
Осы тармақтың ережелері бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
1) салық төлеуші қызметін арнайы экономикалық аймақтың аумағында жүзеге асыратын немесе жаңадан құрылған, инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым болып табылса;
2) құрылыс осы Кодекстің 282-бабының 1-тармағында көрсетілген ұзақ мерзімді келісімшарттың негізінде жүзеге асырылса;
3) ғимараттар, құрылыстар негізгі құралдар деп танылса;
4) ғимараттар, құрылыстар пайдалануға қабылданса, қолданылады.
Осы тармақта көзделген қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап ғимараттар, құрылыстар пайдалануға берілген салықтық кезеңнен кейінгі салық кезеңдері үшін қосылған құн салығы бойынша кезекті декларацияда осы Кодекстің 48-бабының ережелері ескеріле отырып көрсетіледі.
2. Егер қосылған құн салығының асып кетуі салық төлеуші геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу мен кен орнын жайластыру кезеңінде сатып алған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қалыптасса, мұндай қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт жасалған күн мен кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және емдік балшықтарды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт шеңберінде өндірілген пайдалы қазбалардың экспорты басталған күн арасындағы уақыт кезеңі геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу мен кен орнын жайластыру кезеңі деп түсініледі.
Осы тармақтың ережесі қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және емдік балшықтарды барлауға және (немесе) өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда) шеңберінде жүзеге асыратын салық төлеушілерге қатысты қолданылады.
Салық төлеуші осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талапты кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және емдік балшықтарды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт шеңберінде өндірілген пайдалы қазбалардың экспорты басталған күнге тура келетін салықтық кезеңнен кейінгі салық кезеңдері үшін қосылған құн салығы бойынша кезекті декларацияда осы Кодекстің 48-бабының ережелерін ескере отырып көрсетеді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген қосылған құн салығының асып кетуін қайтару жиырма салықтық кезең ішінде қайтаруға көрсетілген қосылған құн салығының асып кетуінің жинақталған сомасының анықтығы расталған салықтық кезеңнен бастап тең үлестермен жүзеге асырылады.
4-тармақтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 40-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың ережелері қайтарылуы осы Кодекстің 429 және 433-баптарына сәйкес жүзеге асырылатын қосылған құн салығының асып кету сомасына, сондай-ақ осы Кодекстің 434-бабында көзделген қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы бар салық төлеушілерге қосылған құн салығының асып кетуін қайтарған кезде қолданылмайды.
433-бап 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
433-бап. Қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығының бақылау шотын пайдаланған кезде қосылған құн салығының асып кетуін қайтару ерекшеліктері
1. Осы бап қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығының бақылау шотын (бұдан әрі - бақылау шоты) пайдаланған кезде қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару ерекшеліктерін белгілейді.
Осы баптың мақсаттары үшін бақылау шоты қосылған құн салығын төлеуші Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банкте ашқан және қосылған құн салығы бойынша есеп айырысулардың қозғалысын есепке алу үшін, оның ішінде:
импортқа және бейрезидент үшін қосылған құн салығын қоса алғанда, бюджетке қосылған құн салығын төлеу;
тауарларды берушілерге қосылған құн салығын төлеу;
тауарларды сатып алушылардың (алушылардың) қосылған құн салығын төлеу;
қосылған құн салығын төлеушінің өзге банктік шотынан ақшаны есепке жатқызу үшін пайдаланатын банктік шот болып табылады.
2. Қосылған құн салығының сомасы бойынша есеп айырысу қосылған құн салығын төлеушілер арасында бақылау шоттарын пайдалану арқылы жүргізіледі.
Бұл ретте бақылау шотын пайдалану құқығына электрондық
шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне қатысушылар болып табылатын қосылған құн салығын төлеушілер ие болады.
Егер тауарларды сатып алушы қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаса, қосылған құн салығының сомасы бойынша есеп айырысу оның банктік шотынан тауарды берушінің бақылау шоты болып табылмайтын өзге банктік шотына жүргізіледі. Бұл ретте бақылау шотын пайдаланатын тауарды беруші қосылған құн салығының мұндай сомасын өзінің бақылау шотына есепке жатқызуға құқылы.
3. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтаруға:
1) сатып алынған (алынған) тауарларды (лизинг нысаналарын) басқа тауарларды өндіруде пайдаланатын салық төлеушілер құқылы. Сатып алынған (алынған) тауарлардың (лизинг нысандарының) тізбесін уәкілетті органмен және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді.
Осы тармақшада көрсетілген сатып алынған (алынған) тауарлар (лизинг нысаналары) сатып алынған (алынған) күннен бастап екі жыл ішінде одан әрі өткізілуге жатпайды;
2) тауарларды экспортқа өткізетін;
3) халықаралық ұшуларды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын шетелдік авиакомпанияларға әуе кемелеріне құю үшін жанар-жағар май материалдарын өткізетін;
4) салық төлеуші өзі өндірген немесе қайта өңдеу мақсатында меншігіне сатып алған шикізаттан өндірілген тазартылған алтынды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне өткізетін;
5) арнайы экономикалық аймақтар құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде толық тұтынылатын тауарларды арнайы экономикалық аймақ аумағына өткізетін салық төлеушілер құқылы.
4. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығының асып кетуін қайтару осы баптың 3-тармағында көрсетілген, осындай тауарларды өткізу бойынша айналым жасаған өнім берушілердің бақылау шоттарына қосылған құн салығын төлеуді жүргізген салық төлеушілер сатып алған (алған) тауарлар бойынша қалыптасқан қосылған құн салығының асып кету сомасы бөлігінде жүргізіледі.
Осы баптың мақсаттары үшін қосылған құн салығын төлеуші бақылау шотын пайдаланып және пайдаланбай сатып алған және өткізген тауарлар бойынша қосылған құн салығының сомалары бойынша бөлек есепке алуды жүргізеді.
5. Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілер сатып алған (алған) тауарлар бойынша қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару үшін растайтын құжаттар мыналар болып табылады:
тауарды беруге арналған шарт (лизинг шарты);
тауарды (лизинг нысанасын) алғанын растайтын құжаттардың көшірмелері;
тауардың (лизинг нысанасының) тиеп-жөнелтілгенін растайтын, тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері;
сатып алынған тауар (лизинг нысанасы) үшін өнім берушінің бақылау шотына қосылған құн салығы сомасының аударылу фактісін растайтын құжат.
Осы Кодекстің 44-тарауында көзделген құжаттар осы баптың 3-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген салық төлеушілер сатып алған (алған) тауарлар бойынша қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару үшін растайтын құжаттар болып табылады.
6. Тексеру нәтижелерімен расталған қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару бақылау шотын пайдаланатын қосылған құн салығын төлеушіге он бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Бұл ретте қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару мерзімінің өтуі осы Кодекстің 212-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ұзарту кезеңін ескере отырып, қосылған құн салығы бойынша декларацияны салық органына ұсыну үшін осы Кодексте белгіленген соңғы күн өткеннен кейін басталады.
7. Егер бақылау шотын пайдаланатын қосылған құн салығын төлеушінің қосылған құн салығы бойынша салықтық міндеттемелерді орындағаннан және салықтық кезеңнің қорытындылары бойынша тауарларды берушілермен және (немесе) сатып алушылармен есеп айырысқаннан кейін бақылау шотында ақша қалдығы болса, онда көрсетілген қосылған құн салығының сомалары салық төлеушінің қалауы бойынша бюджетке аударылады және осы Кодекстің 101-бабында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады.
Осы тармақтың ережесі, қайта құрылу арқылы қайта ұйымдастыруды қоспағанда, бақылау шотын пайдаланатын салық төлеуші таратылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда да қолданылады.
8. Осы баптың ережелері осы Кодекстің 434-бабына сәйкес салық төлеушілерге қосылған құн салығының асып кетуін қайтару кезінде қолданылмайды.
9. Қосылған құн салығын төлеуші осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген шарттарды орындамаған жағдайда, бюджеттен өтелген қосылған құн салығының асып кету сомасы осы Кодекстің 104-бабының 4-тармағында көрсетілген мөлшерде бюджеттен қайтарылған күннен бастап әрбір күн үшін өсімпұл есептей отырып, бюджетке төленуге жатады.
434-бап. Қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібі
1. Қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібі қосылған құн салығының асып кетуін қайтаруды салықтық тексеру жүргізбей жүзеге асыруды білдіреді.
2. Қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талапты көрсете отырып, қосылған құн салығы бойынша декларацияны ұсынған, салықтық мониторингте кемінде қатарынан он екі ай тұрған және қосылған құн салығы бойынша декларацияны ұсынатын күнге салықтық есептілікті ұсыну бойынша орындалмаған салықтық міндеттемесі жоқ қосылған құн салығын төлеушілердің қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы бар.
Осы тармақшада көзделген талаптарға сәйкес келетін салықтық мониторингке жататын, салық төлеушіні бөлу, бөліп шығару, қайта құру арқылы қайта ұйымдастырған кезде, қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану құқығы қайта ұйымдастырылған тұлғаның құқықтық мирасқорына (құқықтық мирасқорларына) өтеді.
Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, салықтық мониторингке жататын, осы тармақта көзделген талаптарға сәйкес келетін салық төлеушілерді біріктіру немесе қосу арқылы қайта ұйымдастырған кезде, егер біріктіру немесе қосу арқылы қайта ұйымдастырылатын барлық заңды тұлғалар қайта ұйымдастырылғанға дейін салықтық мониторингке жататын салық төлеушілер болып табылса, қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану құқығы құқықтық мирасқорға өтеді.
Салық мониторингіне жататын салық төлеуші заңды тұлға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес біріктіру немесе қосу арқылы қайта ұйымдастырылған кезде қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану құқығы құқықтық мирасқорға өтеді.
Мынадай шарттар бір мезгілде сақталған кезде:
біріктіру және (немесе) қосу арқылы қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғалардың біреуі салық мониторингіне жататын салық төлеуші болып табылса және осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптарға сәйкес келсе;
біріктіру және (немесе) қосу арқылы қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғалардың бірінің акцияларының бақылау пакеті қайта ұйымдастырылу күніне ұлттық басқарушы холдингке тиесілі болса, осы тармақтың төртінші бөлігінің ережелері қолданылады.
Алтыншы бөліктің қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 41-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
Осы тармақтың екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көрсетілген құқықтық мирасқорға (құқықтық мирасқорларға) қатысты қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану құқығы ірі салық төлеушілердің мониторингіне жататын салық төлеушілер тізбесінің немесе көлденең мониторинг туралы келісімнің қолданысы тоқтатылғанға дейін қолданылады.
Бұл ретте:
ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілер үшін - есепті салықтық кезеңде қалыптасқан қосылған құн салығының асып кету сомасының 70 пайызынан аспайтын мөлшерде;
2-тармақтың жетінші бөлігінің үшінші абзацы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
көлденең мониторингте тұратын салық төлеушілер үшін - есепті салықтық кезеңде қалыптасқан қосылған құн салығының асып кету сомасының 90 пайызынан аспайтын мөлшерде қосылған құн салығының асып кетуі оңайлатылған тәртіппен қайтарылуға жатады.
3. Қосылған құн салығының асып кету сомасын оңайлатылған тәртіппен қайтару қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап көрсетілген салықтық кезең үшін қосылған құн салығы бойынша декларацияны салық органына ұсыну үшін осы Кодексте белгіленген соңғы күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде ұзарту кезеңі ескеріле отырып жүргізіледі.
435-бап. Грант қаражаты есебiнен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленген қосылған құн салығын қайтару
1. Грант қаражаты есебiнен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленген қосылған құн салығы:
1) грант алушыға - Қазақстан Республикасына грант беру туралы халықаралық шартқа сәйкес бенефициар болып табылатын мемлекеттік органға және егер Қазақстан Республикасының көрсетілген халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, орындаушыны тағайындаушыға;
2) орындаушыға - грантты іске асыру мақсаты үшін грант алушы болып тағайындалған тұлғаға (бұдан әрі - орындаушы) қайтарылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген, грант қаражаты есебiнен сатып алынған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушілерге төленген қосылған құн салығын қайтаруды салық органдары, егер бiр мезгілде мынадай шарттар сақталса:
1) қаражаты есебінен тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған грант мемлекеттер, мемлекеттердің үкіметтері, халықаралық ұйымдар желісінен берілсе;
2) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер оларды өткізу үшін грант берілген мақсаттарда ғана сатып алынса;
3) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету грант алушымен не грант мақсаттарын жүзеге асыру үшiн грант алушы тағайындаған орындаушымен жасалған шартқа (келісімшартқа) сәйкес жүзеге асырылса, грант қаражаты есебінен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленген қосылған құн салығын қайтару туралы салықтық өтініш ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүргізеді.
3. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығын грант алушыларға немесе орындаушыларға қайтару осы Кодекстің 101 және 102-баптарында айқындалған тәртiппен, қосылған құн салығының грант қаражаты есебiнен төленгенін растайтын құжаттар негiзiнде жүргiзiледi.
4. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығын қайтару үшін грант қаражаты есебінен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленген қосылған құн салығын қайтару туралы салықтық өтінішке грант алушы немесе орындаушы орналасқан жері бойынша салық органына мынадай құжаттарды ұсынады:
1) Қазақстан Республикасы мен шет мемлекет, шет мемлекеттің үкіметі не Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге енгізілген халықаралық ұйым арасындағы грант беру туралы шарттың көшірмесін;
2) грант алушы не орындаушы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушімен жасасқан шарттың (келісімшарттың) көшірмесін;
3) қосылған құн салығын қайтару туралы салықтық өтінішпен жүгінген кезде оның орындаушы ретінде тағайындалуын растайтын құжаттың көшірмесін;
4) тауарлардың тиеп жөнелтілгенін, жұмыстардың орындалғанын, қызметтердің көрсетілгенін және осы тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің алынғанын растайтын құжаттарды;
5) қосылған құн салығының сомасын жеке жолмен бөліп көрсете отырып, қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын өнім беруші жазып берген шот-фактураны;
6) жүкқұжатты, тауар-көлік жүкқұжатын;
7) грант алушының немесе орындаушының материалдық жауапты адамының тауарды алғанын растайтын құжатты;
8) орындалған және грант алушы немесе орындаушы қабылдаған жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің белгіленген тәртіппен ресімделген актілерін;
9) алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін ақы төленгенін, оның ішінде қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжаттарды.
Осы бапта көзделген қосылған құн салығын қайтару қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын грант алушыларға немесе орындаушыларға да жүргізіледі.
436-бап. Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктеріне, шет мемлекеттің консулдық мекемелеріне және олардың персоналына қосылған құн салығын қайтару
1. Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктеріне, шет мемлекеттің консулдық мекемелеріне (бұдан әрі - өкілдік) және олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, осы өкілдіктердің дипломатиялық, әкімшілік-техникалық персоналына жататын адамдарға, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдарға, консулдық қызметшілерге (бұдан әрі - персонал) Қазақстан Республикасының аумағында сатып алған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін қосылған құн салығын қайтару, егер осындай қайтару Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда немесе қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер беру кезінде өзаралық қағидатты растайтын құжаттарда көзделген болса, жүргізіледі.
Қосылған құн салығын қайтаруды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бекіткен тізбеге енгізілген өкілдіктердің орналасқан жері бойынша салық органдары жүзеге асырады.
2. Кейбір өкілдіктерге қатысты өзаралық қағидат негізге алынып, қосылған құн салығын қайтарудың мөлшері мен шарттары бойынша шектеулер белгіленуі мүмкін.
Қосылған құн салығын қайтару бойынша шектеулер белгіленетін өкілдіктердің тізбесін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
3. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, өкілдіктерге қосылған құн салығын қайтару, егер осы Кодексте айқындалған тәртіппен жазып берілген әрбір жеке шот-фактурада және төлеу фактісін растайтын құжаттарда сатып алынған тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің сомасы қосылған құн салығын қоса алғанда, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және шот-фактураны жазып беру күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 8 еселенген мөлшерін құрағанда немесе одан асып кеткенде жүргізіледі.
Осы тармақта белгіленген шектеулер байланыс, электр энергиясы, су, газ және өзге де коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшін төлемақыға қолданылмайды.
4. Салық органдары қосылған құн салығын қайтаруды өкілдіктер жасаған жиынтық ведомостардың (тізілімдердің) және қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжаттар (осы Кодексте айқындалған тәртіппен жазып берілген шот-фактуралар, төлеу фактісін растайтын құжаттар) көшірмелерінің негізінде жүзеге асырады.
Өкілдік персоналының мүшелеріне қатысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу құжаттарының көшірмелері қосымша ұсынылады.
Есепті тоқсанда сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша жиынтық ведомостарды (тізілімдерді) өкілдіктер уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қағаз жеткізгіште тоқсан сайын жасайды, өкілдіктің мөрімен куәландырылады және оған басшысы не соған уәкілеттік берген өзге лауазымды адамы қол қояды.
Өкілдіктер жасаған жиынтық ведомостар (тізілімдер) қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжаттардың (осы Кодексте айқындалған тәртіппен жазып берілген шот-фактуралардың, төлеу фактісін растайтын құжаттардың) көшірмелерін қоса бере отырып, өкілдік персоналы мүшесінің (мүшелерінің) Қазақстан Республикасында болу мерзімінің аяқталу жағдайларын қоспағанда, есепті тоқсаннан кейінгі айдың ішінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйымына беріледі.