4. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, жұмыстарды орындаған, қызметтерді көрсеткен күн жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасалған күн болып табылады.
Жұмыстардың орындалу, қызметтердің көрсетілу фактісін растайтын құжатқа қол қойылған күн жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген күн деп танылады.
Егер жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тұрақты (үздіксіз) негізде өткізілетін болса, онда:
шот-фактура жазып берілген күннің;
әрбір төлемді (есеп айырысу нысанына қарамастан) алған күннің бірінші басталатын күні өткізу бойынша айналым жасалған күн болып табылады.
Тұрақты (үздіксіз) негізде өткізу жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы олардың нәтижелерін өзінің өндірістік қызметінде жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету күні пайдалана алатын жағдайда, он екі ай және одан астам мерзімге жасалған ұзақ мерзімді келісімшарт негізінде жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді білдіреді.
Қазақстан Республикасының салық төлеушісі жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын, қызметін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асырмайтын және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық төлеушісі (төлеушісі) болып табылатын бейрезиденттен сатып алған жағдайда жұмыстардың орындалу, қызметтердің көрсетілу фактісін растайтын құжаттарға қол қою күні айналым жасалған күн болып табылады.
443-бап. Тауарлардың экспорты кезінде салық салынатын айналымның мөлшерін айқындау
1. Тауарлардың экспорты кезінде салық салынатын айналым мөлшері, егер осы бапта және Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, мәміле жасасқан тараптар қолданатын бағалар мен тарифтер негізге алына отырып өткізілетін тауарлардың құны негізінде айқындалады.
2. Тауарларға (лизинг нысаналарына) меншік құқығының лизинг алушыға ауысуы көзделетін лизинг шарты (келісімшарты) бойынша олардың экспорты кезінде салық салынатын айналым мөлшері тауарлардың (лизинг нысаналарының) бастапқы құнының әрбір лизингтік төлемге тура келетін бір бөлігі мөлшерінде әрбір лизингтік төлемді төлеуге арналған үшін лизинг шартында (келісімшартында) көзделген күнге айқындалады.
Бұл ретте тауардың (лизинг нысанасының) бастапқы құны деп сыйақыны есепке алмай, шартта көрсетілген лизинг нысанасының құнын түсіну керек.
3. Заттар түрінде қарыз беруді көздейтін шарттар (келісімшарттар) бойынша тауарлардың экспорты кезінде салық салынатын айналым мөлшері шартта (келісімшартта) көзделген табыс етілетін (берілетін) тауарлардың құны, шартта (келісімшартта) құны көрсетілмеген жағдайда - тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген құн, шарттарда (келісімшарттарда) және тауарларға ілеспе құжаттарда құны көрсетілмеген жағдайда тауарлардың бухгалтерлік есепте көрсетілген құны ретінде айқындалады.
Бұл ретте осы тараудың мақсаттары үшін тауарға ілеспе құжаттар деп халықаралық автомобиль жүкқұжаты, темір жол көлігінің жүкқұжаты, тауар-көлік жүкқұжаты, бірыңғай үлгідегі жүкқұжат, багаж ведомосы, пошта ведомосы, багаж түбіртегі, әуе жүкқұжаты, коносамент, сондай-ақ тауарларды құбыржол көлігімен және электр беру желілері арқылы өткізу кезінде пайдаланылатын құжаттар және акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өткізу кезінде пайдаланылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген тасымалдар кезінде тауарлар мен көлік құралдарына ілесіп жүретін өзге де құжаттар;
шот-фактуралар, ерекшеліктер, тиеп-жөнелту және орау парақтары, сондай-ақ тауарлар туралы мәліметтерді, оның ішінде тауарлардың құнын растайтын және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес пайдаланылатын басқа да құжаттар түсініледі.
4. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, өткізілген тауарлар бағасы ұлғайту (азайту) жағына өзгерген кезде не өткізілген тауарлардың саны (көлемі) олардың тиісті сапасының және (немесе) жинағының болмауы себебінен қайтарылуына байланысты азайған кезде тауарлар экспорты кезіндегі салық салынатын айналымның мөлшері шарт (келісімшарт) қатысушылары экспортталған тауарлардың бағасын өзгерткен (қайтаруды келіскен) салықтық кезеңде түзетіледі.
444-бап. Салық салынатын импорттың мөлшерін айқындау
1. Тауарлардың, оның ішінде оларды дайындау туралы шарт (келісімшарт) бойынша жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын тауарлардың салық салынатын импортының мөлшері сатып алынған тауарлардың құны негізінде айқындалады.
2. Осы баптың мақсаттары үшін сатып алынған тауарлардың құны салық салу мақсатында бағаны айқындау қағидаты негізінде айқындалады.
Салық салу мақсатында бағаны айқындау қағидаты шарттың (келісімшарттың) талаптарына сәйкес тауарлар үшін төленуге жататын мәміле бағасының негізінде сатып алынған тауарлар құнын айқындауды білдіреді.
Егер шарттың (келісімшарттың) талаптары бойынша мәміле бағасы сатып алынған тауарлардың, сондай-ақ басқа да шығыстардың құнынан тұратын болса және бұл ретте сатып алынған тауарлардың құны және (немесе) басқа да шығыстардың құны бөлек көрсетілсе, онда сатып алынған тауарлардың құны ғана салық салынатын импорттың мөлшері болып табылады.
Егер шарттың (келісімшарттың) талаптары бойынша мәміле бағасы сатып алынған тауарлардың, сондай-ақ басқа да шығыстардың құнынан тұратын болса және бұл ретте сатып алынған тауарлардың құны және (немесе) басқа да шығыстардың құны бөлек көрсетілмесе, онда шартта (келісімшартта) көрсетілген мәміле бағасы салық салынатын импорттың мөлшері болып табылады.
3. Тауарлардың салық салынатын импортының мөлшеріне акцизделетін тауарлар бойынша акциз сомалары енгізіледі.
Лизинг шарттары бойынша тауарлардың (лизинг нысаналарының) салық салынатын импортының мөлшеріне акцизделетін тауарлар бойынша акциздің есептелген сомалары импортталған акцизделетін тауарларды (лизинг нысаналарын) есепке қабылдаған күнге енгізіледі.
4. Тауар алмасу (бартерлік) шарттары (келісімшарттары), сондай-ақ заттар түрінде қарыз беруді көздейтін шарттар (келісімшарттар) бойынша алынған тауарлардың салық салынатын импортының мөлшері осы баптың 2-тармағында көзделген салық салу мақсатында баға айқындау қағидатын ескере отырып, тауарлар құнының негізінде айқындалады.
Бұл ретте тауарлардың құны - шартта (келісімшартта) көзделген тауарлар бағасы, шартта (келісімшартта) тауарлардың бағасы көрсетілмеген кезде - тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген тауарлардың бағасы, шарттарда (келісімшарттарда) және тауарға ілеспе құжаттарда тауарлардың бағасы көрсетілмеген кезде тауарлардың бухгалтерлік есепте көрсетілген бағасы негізінде айқындалады.
5. Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімдері болып табылатын тауарлардың салық салынатын импортының мөлшері акцизделетін қайта өңдеу өнімдері бойынша төленуге жататын акциздерді қоса алғанда, осы алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың құны негізінде айқындалады.
6. Тауарларға меншік құқығының лизинг алушыға өтуін көздейтін лизинг шарты бойынша тауарлардың (лизинг нысаналарының) салық салынатын импортының мөлшері осы баптың 2-тармағында көзделген салық салу мақсатында баға айқындау қағидаты негізінде сыйақы есепке алынбай, осы Кодекстің 442-бабының 3-тармағында белгіленген күнге көзделген тауар (лизинг нысанасы) құнының бір бөлігі мөлшерінде айқындалады.
Егер лизинг шарты (келісімшарты) бойынша тауарлар (лизинг нысаналары) құнының бір бөлігін төлеу мерзімінің басталу күні тауарларды (лизинг нысанасын) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу күніне дейін белгіленген жағдайда, тауарлардың (лизинг нысаналарының) салық салынатын импортын жасаудың алғашқы күніндегі салық салынатын импорттың мөлшері төлеу мерзімінің басталған күні лизинг шартына (келісімшартына) сәйкес тауарларды (лизинг нысаналарын) лизинг алушыға беру күніне дейін белгіленген лизинг шарты (келісімшарты) бойынша сыйақы есепке алынбаған барлық лизингтік төлемдер сомасы ретінде айқындалады.
Осы Кодекстің 437-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келетін лизинг шартында (келісімшартында) көзделген лизингтік төлемдерді лизинг алушы мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, салық салынатын импортты жасаудың соңғы күніндегі оның мөлшері лизинг шарты (келісімшарты) бойынша сыйақы есепке алынбаған барлық лизингтік төлемдер мен сыйақы есепке алынбаған өтелген төлемдер сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Осы Кодекстің 437-бабының 2-тармағында белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, сондай-ақ мүлікті (лизинг нысанасын) берген кезден бастап үш жыл өткеннен кейін лизинг шарты (келісімшарты) бұзылған жағдайда, салық салынатын импорттың мөлшері Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген, салық салу мақсатында баға айқындау қағидаты ескеріле отырып, олар бойынша бұрын жанама салықтар төленген лизинг шарты (келісімшарты) бойынша лизингтік төлемдердің (сыйақы есепке алынбаған) сомасына азайтылған тауарлардың (лизинг нысаналарының) құны негізінде айқындалады. Бұл ретте лизинг шартында (келісімшартында) көзделген сыйақы көрсетілген жағдайлар басталғанға дейін салық салынатын импорт мөлшеріне қосылады.
7. Салық органдары тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорттау кезінде қосылған құн салығы бойынша салықтық міндеттемелердің орындалуын бақылауды жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және (немесе) Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, салық салынатын импорттың мөлшерін түзетуге құқылы.
Бұл ретте салық төлеуші уәкілетті орган айқындаған жоғарыда көрсетілген тәртіпті және (немесе) Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, салық салынатын импорттың мөлшерін өз бетінше түзетеді.
8. Импортталған тауарлар есепке қабылданған ай өткеннен кейін шартқа (келісімшартқа) қатысушылар осындай тауарлардың бағасын ұлғайту жағына өзгерткен жағдайда, салық салынатын импорттың мөлшері тиісті түрде түзетіледі.
445-бап. Жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша салық салынатын айналымның мөлшерін айқындау
Егер осы тарауда өзгеше белгіленбесе, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша салық салынатын айналымның мөлшері осы Кодекстің 380, 381 және 382-баптарына сәйкес айқындалады.
446-бап. Еуразиялық экономикалық одақтағы тауарлардың экспорты
1. Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына экспорттау кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі қолданылады.
Егер осы тарауда өзгеше белгіленбесе, тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына экспорттау кезінде қосылған құн салығын төлеушінің осы Кодекстің 46-тарауына сәйкес қосылған құн салығын есепке жатқызуға құқығы бар.
2. Осы баптың ережелері оларды дайындау туралы шарттар бойынша жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын, аумағында оларды дайындау бойынша жұмыстар орындалған Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына әкетілетін тауарларға қатысты да қолданылады. Көрсетілген тауарларға алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын тауарлар жатпайды.
3. Тауарларға меншік құқығының лизинг алушыға өтуін көздейтін лизинг шарты (келісімшарты) бойынша, заттар түрінде қарыз беруді көздейтін шарт (келісімшарт) бойынша, тауарларды дайындау туралы шарт (келісімшарт) бойынша тауарларды (лизинг нысаналарын) Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына әкету кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі қолданылады.
447-бап. Тауарлар экспортын растау
1. Мыналар:
1) өзгерістер, толықтырулар және оларға қосымшалар ескеріле отырып, солардың негізінде тауарлар экспорты жүзеге асырылатын шарттар (келісімшарттар) (бұдан әрі - шарттар (келісімшарттар), ал тауарлар лизингі немесе заттар түрінде қарыз берілетін жағдайда - лизинг шарттары (келісімшарттары), заттар түрінде қарыз беруді көздейтін шарттар (келісімшарттар), тауарларды дайындауға арналған шарттар (келісімшарттар);
2) аумағына тауарлар импортталған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық органының белгісі бар тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы, жанама салықтарды төлеу және (немесе) оларды төлеуден босату және (немесе) төлеудің өзге тәсілі туралы өтініш (қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасы немесе көшірмелері) не өтініштер тізбесі (қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда);
3) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына тауарлардың өткізілуін растайтын тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.
Тауарларды магистральдық құбыржолдар жүйесi арқылы немесе электр беру желiлерi арқылы экспорттаған жағдайда тауарларға iлеспе құжаттар көшірмелерінің орнына тауарларды қабылдап алу-тапсыру актісі ұсынылады;
4) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның зияткерлік меншік объектісіне құқығы туралы, сондай-ақ зияткерлік меншік объектісін экспорттаған жағдайда оның құны туралы растамасы тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.
2. Осы Кодекстің 393-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына қайта өңдеу үшін бұрын әкетілген алыс-берiс шикiзатын қайта өңдеу өнімдерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағында өткізген жағдайда, қайта өңдеу өнімдерінің экспортын растау мынадай құжаттар негізінде жүзеге асырылады:
1) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге арналған шарттар (келісімшарттар);
2) солардың негізінде қайта өңдеу өнімдерінің экспорты жүзеге асырылатын шарттар (келісімшарттар);
3) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды орындау фактісін растайтын құжаттар;
4) Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына алыс-берiс шикiзатының әкетілуін растайтын тауарларға iлеспе құжаттардың көшірмелері.
Алыс-беріс шикізатын магистральдық құбыржолдар жүйесi арқылы немесе электр беру желiлерi арқылы әкеткен жағдайда тауарларға iлеспе құжаттар көшірмелерінің орнына тауарларды қабылдап алу-тапсыру актісі ұсынылады;
5) тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш (аумағына қайта өңдеу өнімдері импортталған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық органының жанама салықтарды төлеу (төлеуден босату немесе салықтық міндеттемелерді орындаудың өзге тәртібі) туралы белгісі бар қағаз жеткізгіште);
6) қайта өңдеу өнімдерінің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағынан әкетілуін растайтын тауарларға iлеспе құжаттардың көшірмелері.
Егер қайта өңдеу өнімдері аумағында алыс-берiс шикiзатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстар орындалған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық төлеушісіне өткізілсе - осындай қайта өңдеу өнімдерінің тиеп-жөнелтілгенін растайтын құжаттардың негізінде.
Қайта өңдеу өнімдерін магистральдық құбыржолдар жүйесi арқылы немесе электр беру желiлерi арқылы әкеткен жағдайда, тауарларға iлеспе құжаттар көшірмелерінің орнына тауарларды қабылдап алу-тапсыру актісі ұсынылады;
7) салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктерде ашылған банктік шоттарына валюталық түсімнің түскенін растайтын құжаттар.
Қайта өңдеу өнімдерін сыртқы сауда тауар алмасу (бартерлік) операциялары бойынша экспорттаған жағдайда қосылған құн салығының қайтарылуға жататын сомасын айқындау кезінде шарттың (келісімшарттың), сондай-ақ көрсетілген операция бойынша алынған тауарлардың импортын (жұмыстардың орындалуын, қызметтердің көрсетілуін) растайтын құжаттардың болуы ескеріледі.
3. Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына қайта өңдеу үшін бұрын әкетілген алыс-берiс шикiзатының қайта өңдеу өнімдерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағына одан әрі экспорттаған жағдайда, қайта өңдеу өнімдерінің экспортын растау мынадай құжаттар негізінде жүзеге асырылады:
1) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге арналған шарттар (келісімшарттар);
2) солардың негізінде қайта өңдеу өнімдерінің экспорты жүзеге асырылатын шарттар (келісімшарттар);
3) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың орындалу фактісін растайтын құжаттар;
4) Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына алыс-берiс шикізатын әкетуді растайтын тауарларға iлеспе құжаттардың көшірмелері.
Алыс-беріс шикізатын магистральдық құбыржолдар жүйесi арқылы немесе электр беру желiлерi арқылы әкеткен жағдайда тауарларға iлеспе құжаттар көшірмелерінің орнына тауарларды қабылдап алу-тапсыру актісі ұсынылады;
5) қайта өңдеу өнімдерінің Еуразиялық экономикалық одақтың шегінен тыс жерлерге әкетілуін растайтын тауарларға iлеспе құжаттардың көшірмелері.
Қайта өңдеу өнімдерін магистральдық құбыржолдар жүйесi арқылы немесе электр беру желiлерi арқылы әкеткен жағдайда, тауарларға iлеспе құжаттар көшірмелерінің орнына тауарларды қабылдап алу-тапсыру актісі ұсынылады;
6) тауарларды экспорттың кедендік рәсімінде шығаруды жүзеге асыратын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органының белгілері бар, сондай-ақ осы тармақтың 7) тармақшасында көрсетілген жағдайлардан басқа, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу пунктінде орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органының белгісі бар тауарларға арналған декларациялар;
7) мынадай жағдайларда:
тауарларды магистральдық құбыржолдар жүйесі арқылы немесе электр беру желілері арқылы экспорттың кедендік рәсімінде әкету;
кезең-кезеңмен декларациялау рәсімін қолдана отырып, тауарларды экспорттың кедендік рәсімінде әкету;
уақытша декларациялау рәсiмiн қолдана отырып, тауарларды экспорттың кедендiк рәсiмiнде әкету кезiнде кедендiк декларациялауды жүргiзген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттiң кеден органының белгiлерi бар тауарларға арналған толық декларация;
8) салық органдарының ақпараттық жүйелерінде ол бойынша кеден органдарынан тауарлардың іс жүзінде әкетілуі туралы хабарлама болатын, сондай-ақ тауарлардың экспортын растайтын құжат болып табылатын электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларациялар. Осы тармақшада көзделген электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация бар болған кезде осы тармақтың 6) және 7) тармақшаларында белгіленген құжаттарды ұсыну талап етілмейді;
9) салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктерде ашылған банктік шоттарына валюталық түсімнің түскенін растайтын құжаттар.
4. Қайта өңдеу өнімдерін сыртқы сауда тауар алмасу (бартерлік) операциялары бойынша экспорттаған жағдайда қосылған құн салығының қайтарылуға жататын сомасын айқындау кезінде шарттың (келісімшарттың), сондай-ақ көрсетілген операция бойынша алынған тауарлардың импортын (жұмыстардың орындалуын, қызметтердің көрсетілуін) растайтын құжаттардың болуы ескеріледі.
448-бап. Еуразиялық экономикалық одақта халықаралық тасымалдарға салық салу
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Еуразиялық экономикалық одақта халықаралық тасымалдарға салық салу осы Кодекстің 387-бабына сәйкес жүргізіледі.
2. Экспортталатын немесе импортталатын тауарларды Еуразиялық экономикалық одақта магистральдық құбыржолдар жүйесі арқылы тасымалдау, егер тасымалдауды ресімдеу сатып алушыға не көрсетілген тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың аумағындағы сатып алушыға дейін одан әрі жеткізуді жүзеге асыратын басқа тұлғаларға экспортталатын немесе импортталатын тауарлар берілгенін растайтын құжаттармен жүзеге асырылған болса, халықаралық тасымал деп есептеледі.
3. Осы баптың 2-тармағының мақсаттары үшiн мыналар растайтын құжаттар болып табылады:
1) экспорттау жағдайында - тауарларды импорттаушыдан экспорттаушы алған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтiнiштiң көшiрмесi;
2) импорттау жағдайында - тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына импорттаған салық төлеушіден алынған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтiнiштiң көшiрмесi;
3) орындалған жұмыстардың актiлерi, жүктердi сатушыдан не көрсетілген жүктерді бұдан бұрын жеткізуді жүзеге асырған басқа тұлғалардан сатып алушыға не көрсетілген жүктерді одан әрі жеткізуді жүзеге асыратын басқа тұлғаларға қабылдап алу-тапсыру актiлерi;
4) шот-фактуралар.
4. Жүктерді магистральдық құбыржолдар жүйесі арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің бірінің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше сол немесе басқа мемлекеттің аумағына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау, егер тасымалдауды ресімдеу мынадай құжаттармен:
1) орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің, жүктердi сатушыдан не көрсетілген жүктерді бұдан бұрын жеткізуді жүзеге асырған басқа тұлғалардан сатып алушыға не көрсетілген жүктерді одан әрі жеткізуді жүзеге асыратын басқа тұлғаларға қабылдап алу-тапсыру актiлерiмен;
2) шот-фактуралармен жүзеге асырылса, халықаралық тасымал деп есептеледі.
449-бап. Еуразиялық экономикалық одақта алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарға салық салу
1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына қайта өңдеу өнімдерін кейіннен басқа мемлекеттің аумағына әкету үшін әкелінген алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарға осы баптың 7-тармағында және осы Кодекстің 450-бабында көзделген тауарларды қайта өңдеу шарттары мен алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу мерзімі сақталған жағдайда қосылған құн салығы нөлдік мөлшерлеме бойынша салынады.
2. Қазақстан Республикасының салық төлеушісі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына қайта өңдеу өнімдерін кейіннен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше сол мемлекеттің аумағына әкету үшін әкелінген алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды орындаған жағдайда мыналар Қазақстан Республикасы салық төлеушісінің алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды орындау фактісін растау болып табылады:
1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің салық төлеушілері арасында жасалған шарттар (келісімшарттар);
2) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды орындау фактісін растайтын құжаттар;
3) алыс-беріс шикізатын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді растайтын құжаттар (оның ішінде қайта өңдеу өнімдерін әкелу (әкету) туралы міндеттеме);
4) қайта өңдеу өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуді растайтын құжаттар (оның ішінде қайта өңдеу өнімдерін әкелу (әкету) туралы міндеттемені орындау);
5) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың құнынан қосылған құн салығының төленгенін растайтын тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш (қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасы немесе көшірмесі) не өтініштер тізбесі (қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда).
Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімдерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағына әкеткен жағдайда осы тармақшада көрсетілген өтініш не өтініштер тізбесі ұсынылмайды;
6) осы Кодекстің 152-бабының 7-тармағында көзделген, салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктерде ашылған банктік шоттарына валюталық түсімнің түскенін растайтын құжаттар;