5. Өзаралық қағидат расталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйымы Қазақстан Республикасында аккредиттелген өкілдіктердің орналасқан жері бойынша салық органына ілеспе құжатпен бірге қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжаттардың (осы Кодексте айқындалған тәртіппен жазып берілген шот-фактуралардың, төлеу фактісін растайтын құжаттардың) көшірмелерін қоса бере отырып, жиынтық ведомостарды (тізілімдерді) береді.
6. Өкілдіктерге қосылған құн салығын қайтаруды салық органдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйымынан жазбаша хабарламасы бар жиынтық ведомостарды (тізілімдерді) және қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжаттарды алғаннан кейін отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Салық органдары жиынтық ведомостарды (тізілімдерді) және қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжаттардың көшірмелерін тексергеннен кейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйымына қосылған құн салығының сомаларын қайтару және (немесе) қайтарудан бас тарту туралы хабарлайды.
Қосылған құн салығының сомаларын қайтарудан бас тартқан жағдайда, салық органдары қандай бұзушылықтар жіберілгенін және оларға қандай құжаттар бойынша жол берілгенін хабарлайды.
7. Өкілдіктер ұсынған құжаттарда бұзушылықтар анықталған, оның ішінде қосылған құн салығының сомалары бөлек жолмен бөліп көрсетілмеген жағдайда, салық органдары тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіге қарсы тексеру жүргізеді.
Егер қарсы тексеру жүргізу барысында анықталған бұзушылықтар осы баптың 6-тармағында белгіленген қайтару мерзімі ішінде жойылмаған болса, қосылған құн салығын қайтару бұзушылық анықталмаған не жойылған сомалар шегінде жүргізіледі.
Егер бұзушылықтар қарсы тексеру аяқталғаннан кейін жойылса, қосылған құн салығын қайтару қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжаттардың (осы Кодексте айқындалған тәртіппен жазып берілген шот-фактуралардың, төлеу фактісін растайтын құжаттардың) көшірмелерін қоса бере отырып ұсынылған қосымша жиынтық ведомостың (тізілімнің) негізінде жүргізіледі.
Тауарлар сатып алынған, жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген тоқсанда қайтаруға ұсынылмаған қосылған құн салығының сомасын өкілдіктер қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжаттардың (осы Кодексте айқындалған тәртіппен жазып берілген шот-фактуралардың, төлеу фактісін растайтын құжаттардың) көшірмелерін қоса бере отырып, ұсынылған жиынтық ведомостың (тізілімнің) негізінде қайтаруға ұсынуы мүмкін.
8. Өкілдіктер құжаттарды салық органдарына қазақ және (немесе) орыс тілдерінде жібереді.
Шет тілдерінде жасалған жекелеген құжаттар бар болған кезде өкілдіктің мөрімен расталған қазақ және (немесе) орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылады.
9. Қосылған құн салығын қайтаруды салық органдары өкілдіктердің және (немесе) өкілдіктер персоналының Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының банктерінде ашылған тиісті шоттарына жүргізеді.
50-тарау. ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТА ТАУАРЛАРДЫ ЭКСПОРТТАУ МЕН ИМПОРТТАУ, ЖҰМЫСТАРДЫ ОРЫНДАУ, ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУ КЕЗІНДЕ ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫН САЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
437-бап. Жалпы ережелер
1. Осы тараудың ережелері Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында жасалған халықаралық шарттар негізінде белгіленген және тауарларды экспорттау мен импорттау, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде қосылған құн салығы бөлігінде салық салуды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара саудасында оны салықтық әкімшілендіруді реттейді.
Егер осы тарауда тауарларды экспорттау мен импорттау, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде қосылған құн салығын салу, сондай-ақ оған салықтық әкімшілендіру бөлігінде осы Кодекстің басқа тарауларында қамтылғандағыдан өзгеше нормалар белгіленсе, осы тараудың нормалары қолданылады.
Осы тарауда тауарларды экспорттау мен импорттау, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде қосылған құн салығын салуға, сондай-ақ оны салықтық әкімшілендіруге қатысты реттелмеген мәселелер осы Кодекстің басқа тарауларымен, сондай-ақ осы Кодексті қолданысқа енгізу туралы Қазақстан Республикасының заңымен реттеледі.
Осы тарауда қолданылатын ұғымдар Қазақстан Республикасы ратификациялаған, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында жасалған халықаралық шарттарда көзделген.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында жасалған халықаралық шарттарда осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар көзделмесе, осы Кодекстің тиісті баптарында, Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да салаларындағы заңнамасында көзделген ұғымдар қолданылады.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын алуды салық органдары салық салынатын импорттың мөлшеріне қолданылатын, осы Кодекстің 422-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлеме бойынша жүзеге асырады.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара саудасында тауарларды экспорттау мен импорттау, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде салық төлеушінің қосылған құн салығы бойынша салықтық міндеттемені орындауына салықтық бақылауды салық органдары салық төлеуші ұсынған салықтық есептіліктің, сондай-ақ мемлекеттік органдардан және өзге де тұлғалардан алынған салық төлеушінің қызметі туралы мәліметтердің және (немесе) құжаттардың негізінде жүзеге асырады.
Осы тараудың мақсаты үшін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің шетел валютасындағы құны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым, салық салынатын импорт жасалған күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен қайта есептеледі.
2. Осы тараудың мақсатында лизинг шарты бойынша мүлікті (лизинг нысанасын) үш жылдан астам мерзімге беру, егер ол мынадай талаптардың біріне сай келсе:
1) мүлікті (лизинг нысанасын) лизинг алушының меншігіне тіркелген баға бойынша беру лизинг шартында айқындалса;
2) лизинг мерзімі мүлік лизингі (лизинг нысанасы) бойынша берілетін пайдалы қызмет мерзімінің 75 пайызынан асса;
3) лизингтік төлемдердің ағымдағы (дисконтталған) құны лизингтің бүкіл мерзімінде мүлік лизингі (лизинг нысанасы) бойынша берілетін құнның 90 пайызынан асса лизинг деп танылады.
Осы тараудың мақсаттарында мұндай беру лизинг берушінің мүлікті (лизинг нысанасын) сатуы және лизинг алушының осы мүлікті (лизинг нысанасын) сатып алуы ретінде қарастырылады. Бұл ретте лизинг алушы - лизинг нысанасының иесі ретінде, ал лизингтік төлемдер лизинг алушыға тауарлар құны бөлігінің мөлшерінде берілген кредит бойынша төлемдер ретінде қарастырылады.
Осы тараудың мақсаттарында лизингтік төлем деп лизинг шартында (келісімшартында) көзделген сыйақы ескеріле отырып, тауар (лизинг нысанасы) құнының бір бөлігі түсініледі.
Осы тараудың мақсаттарында жоғарыда көрсетілген талаптар сақталмаған жағдайда немесе олар бойынша лизинг шарты осындай шарттар жасалған күннен бастап үш жыл өткенге дейін бұзылған (лизинг шарты бойынша міндеттемелер тоқтатылған) жағдайда лизингтік мәмілелер лизинг деп танылмайды.
Осы тараудың мақсаттарында осындай мүлік (лизинг нысанасы) алынған (берілген) құнды, лизинг алушы үшін лизинг беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, мүлікті (лизинг нысанасын) лизингке беруге байланысты барлық төлемдер лизинг шарты бойынша сыйақы деп түсініледі.
438-бап. Еуразиялық экономикалық одақта қосылған құн салығын төлеушілер
Мыналар Еуразиялық экономикалық одақта қосылған құн салығын төлеушілер болып табылады:
1) осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында аталған тұлғалар;
2) тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын тұлғалар:
резидент-заңды тұлға;
егер ол шарттың (келісімшарттың) тарапы болып табылған жағдайда, резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
егер резидент-заңды тұлға мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық төлеушісі арасындағы шарттың (келісімшарттың) талаптары бойынша резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі тауарларды алушы болып табылған жағдайда, осындай заңды тұлғаның тиісті шешімінің негізінде резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
қызметін құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының салық органдарында салық төлеуші ретінде тіркелген бейрезидент-заңды тұлға;
Қазақстан Республикасында қызметін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға;
қызметін тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға;
сенімгерлік басқару құрылтайшыларымен не сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда пайда алушылармен сенімгерлік басқару шарттары бойынша қызметін жүзеге асыру шеңберінде тауарларын импорттайтын сенімгерлік басқарушылар;
Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, осы өкілдіктердің дипломатиялық, әкімшілік-техникалық персоналына жататын адамдар; Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің консулдық мекемесі, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдар, консулдық қызметшілер;
нотариаттық қызметті, атқару құжаттарын орындау жөніндегі қызметті, адвокаттық қызметтi жүзеге асыру мақсатында жеке практикамен айналысатын, тауарларды импорттайтын адамдар;
медиатордың қызметін жүзеге асыру мақсатында тауарларды импорттайтын медиаторлар;
кәсіпкерлік қызмет мақсатында тауарларды импорттайтын жеке тұлға. Тауарларды кәсіпкерлік қызмет мақсатында импортталатын тауарларға жатқызу өлшемшарттарын уәкілетті орган белгілейді.
439-бап. Салық салу объектілері, салық салынатын айналымды айқындау
Егер осы Кодекстің 440-бабында өзгеше белгіленбесе, Еуразиялық экономикалық одақта қосылған құн салығы салынатын объектілер, сондай-ақ салық салынатын айналым осы Кодекстің 368, 369 және 373-баптарына сәйкес айқындалады.
440-бап. Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымды және салық салынатын импортты айқындау
1. Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына экспорттау тауарларды өткізу бойынша айналым болып табылады.
2. Кейіннен Қазақстан Республикасының аумағына қасиеттері мен сипаттамаларын өзгертпей әкелінетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына уақытша әкету өткізу бойынша айналым болып табылмайды.
3. Егер осы Кодекстің 441-бабы 2-тармағының негізінде жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу орны Қазақстан Республикасы болып танылса, осы Кодекстің 372-бабының 2-тармағына сәйкес айналымдар Еуразиялық экономикалық одақта жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым болып табылады.
4. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген (әкелінетін) тауарлар (осы Кодекстің 451-бабының 2-тармағына сәйкес қосылған құн салығынан босатылғандарды қоспағанда).
Осы тармақшаның ережесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын, әкелінген (әкелінетін) көлік құралдарына қатысты да қолданылады;
2) Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан әкелінген алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімдері болып табылатын тауарлар салық салынатын импорт болып табылады.
5. Мыналар салық салынатын импорт болып табылмайды:
1) кейіннен Қазақстан Республикасының аумағынан қасиеттері мен сипаттамаларын өзгертпей әкетілетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелу;
2) бұрын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына уақытша әкетілген тауарларды қасиеттері мен сипаттамаларын өзгертпей Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу.
Осы тармақтың ережелері:
1) жылжымалы мүлік пен көлік құралдарын мүліктік жалдау (жалға алу) шарттары бойынша;
2) көрмелер мен жәрмеңкелерге тауарларды уақытша әкелу кезінде қолданылады.
Осы тармақтың ережелері осы Кодекстің 387-бабының 2-тармағында көзделген халықаралық тасымалдар бойынша қызметтер көрсетілетін көлік құралдарына қолданылмайды.
Осы тармақта көрсетілген тауарлар өткізілген жағдайда, осындай тауарларды әкелу салық салынатын импорт болып танылады және осындай тауарларды есепке алуға қабылдаған күннен бастап импортталған тауарлар бойынша осы Кодексте айқындалған тәртіппен және мөлшерде қосылған құн салығын салуға жатады.
6. Жанама салықтар Қазақстан Республикасының аумағына:
1) жеке тұлғалар кәсіпкерлік қызметті мақсат етпей әкелетін тауарларды;
2) тауарларды бір заңды тұлға шегінде беруге байланысты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағынан әкелінетін тауарларды импорттау кезінде алынбайды.
7. Салық төлеуші осы баптың 5-тармағы екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында және 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тауарларды әкелу (әкету) кезінде салық органдарын хабардар етуге міндетті.
Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрмай қызметін жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға тауарларды уақытша әкелген кезде, тауарларды уақытша пайдалануға алған Қазақстан Республикасының салық төлеушісінде хабарлама беру міндеті туындайды.
Тауарларды әкелу (әкету) туралы хабарламаның нысанын, оны салық органдарына ұсыну тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган бекітеді.
441-бап. Тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өткізілетін орын
1. Тауарлар өткізілетін орын осы Кодекстің 378-бабының 1-тармағына сәйкес айқындалады.
2. Егер:
1) жұмыстар, көрсетілетін қызметтер осы мемлекеттің аумағында орналасқан жылжымайтын мүлікпен тікелей байланысты болса;
Осы тармақшаның ережелері жылжымайтын мүлікті жалдау, жалға беру және өзге де негіздермен пайдалануға беру бойынша көрсетілетін қызметтерге қатысты да қолданылады.
Осы тармақшаның мақсаттары үшін жер учаскелері, жер қойнауы учаскелері, оқшауланған су объектілері және жермен тығыз байланыстының барлығы, яғни пайдаланылу мақсатына мөлшерлес емес нұқсан келтірмей көшіру мүмкін болмайтын объектілер, оның ішінде ормандар, көпжылдық екпелер, ғимараттар, құрылыстар, құбыржолдар, электр беру желілері, мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорындар және ғарыш объектілері жылжымайтын мүлік деп танылады;
2) жұмыстар, көрсетілетін қызметтер осы мемлекеттің аумағында орналасқан жылжымалы мүлікке, көлік құралдарына тікелей байланысты болса (жылжымалы мүлікті және көлік құралдарын жалға беру, олардың лизингі бойынша және өзге де негіздерде пайдалануға беру бойынша көрсетілетін қызметтерден басқа);
Осы тармақшаның мақсаттары үшін осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген жылжымайтын мүлікке, көлік құралдарына жатпайтын заттар жылжымалы мүлік болып танылады.
Осы тармақшаның мақсаттары үшін теңіз және әуе кемелері, ішкі жүзу кемелері, аралас (өзен-теңіз) жүзу кемелері; теміржол немесе трамвай жылжымалы құрамының бірліктері; автобустар; тіркемелер мен жартылай тіркемелерді қоса алғанда, автомобильдер; жүк контейнерлері; карьерлік өзі аударғыштар көлік құралдары деп танылады.
3) мәдениет, өнер, оқыту (білім беру), дене шынықтыру, туризм, демалыс және спорт саласындағы қызметтер осы мемлекеттің аумағында көрсетілсе;
4) осы мемлекеттің салық төлеушісі мыналарды:
консультациялық, заң, бухгалтерлік, аудиторлық, инжинирингтік, жарнамалық, дизайнерлік, маркетингтік қызметтерді, ақпаратты өңдеу жөніндегі қызметтерді, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және тәжірибелік-технологиялық (технологиялық) жұмыстарды;
ЭЕМ мен дерекқорларға арналған бағдарламаларды (есептеу техникасының бағдарламалық құралдары мен ақпараттық өнімдерін) әзірлеу, оларды бейімдеу және түрлендіру, осындай бағдарламалар мен дерекқорларды қолдап отыру жөніндегі жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
егер персонал сатып алушының қызмет орнында жұмыс істейтін жағдайда, персонал беру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алса;
Осы тармақшаның ережелері:
патенттерді, лицензияларды, мемлекет қорғайтын өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтарды куәландыратын өзге де құжаттарды, сауда маркаларын, тауар белгілерін, фирмалық атауларды, қызмет көрсету белгілерін, авторлық, сабақтас құқықтарды немесе өзге де осыған ұқсас құқықтарды беру, ұсыну, басқаға беру;
көлік құралдарын жалға беруді, олардың лизингін және өзге де негіздерде пайдалануға беруді қоспағанда, жылжымалы мүлікті жалға беру, лизингке және өзге де негіздерде пайдалануға беру;
шартқа (келісімшартқа) негізгі қатысушының атынан осы тармақшада көзделген жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін басқа тұлғаны тартатын тұлғаның қызметтер көрсетуі кезінде де қолданылады;
5) егер осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында өзгеше көзделмесе, осы мемлекеттің салық төлеушісі жұмыстарды орындаса, қызметтерді көрсетсе, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағы жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өткізілетін орын деп танылады.
Осы тармақшаның ережелері көлік құралдарын жалға беру, лизингке және өзге негіздерде пайдалануға беру кезінде де қолданылады.
3. Мыналар:
Қазақстан Республикасының салық төлеушісі мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық төлеушісі арасында жасалған жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған шарт (келісімшарт);
жұмыстардың орындалу, қызметтердің көрсетілу фактісін растайтын құжаттар;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құжаттар жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өткізілетін орынды растайтын құжаттар болып табылады.
4. Егер салық төлеуші салық салу тәртібі осы бөлімде реттелетін жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бірнеше түрін орындаса, көрсетсе және кейбір жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізудің басқа жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуге қатысты қосымша сипаты бар болса, онда негізгі жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өткізілетін орын қосымша жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өткізілетін орын болып танылады.
442-бап. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым, салық салынатын импорт жасалған күн
1. Тауарларды экспортқа өткізу кезінде қосылған құн салығын есептеу мақсатында тауарлардың тиеп-жөнелтілгенін растайтын, тауарларды сатып алушыға (бірінші тасымалдаушыға) ресімделген бастапқы бухгалтерлік (есептік) құжаттың жасалу уақыты бойынша алғашқы күн ретінде айқындалатын тиеп-жөнелту күні тауарларды өткізу бойынша айналым жасалған күн болып табылады.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші импортталған тауарларды (оның ішінде оларды дайындау туралы шарттар (келісімшарттар) бойынша жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын тауарларды), сондай-ақ алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімі болып табылатын заттар, тауарлар түрінде қарыз беруді көздейтін шарт (келісімшарт) бойынша алынған тауарларды есепке қабылдаған күн салық салынатын импорт жасалған күн болып табылады.
Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, осы тараудың мақсаттары үшiн:
1) халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес осындай тауарларды бухгалтерлік есепте тану (көрсету) күндерінің неғұрлым ертерегі;
2) мұндай тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу күні импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн болып табылады.
Салық төлеушіде осы тармақтың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген күндердің екеуі де болған жағдайда, көрсетілген күндердің неғұрлым кешірегі импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн болып табылады.
Осы тармақтың мақсаттары үшін мыналар тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелген күн болып табылады:
тауарларды әуе немесе теңіз кемелерімен тасымалдау
кезінде - Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан әуежайға немесе портқа әкелген күн;
тауарларды халықаралық автомобиль қатынасымен тасымалдау
кезінде - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күн.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту күні Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелері беретін мемлекеттік бақылаудан өту туралы талонның (не мемлекеттік бақылаудан өту туралы талон көшірмесінің) негізінде айқындалады, оның нысанын және ұсыну тәртібін уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп белгілейді. Салықтық әкімшілендіру мақсатында уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәліметтерді бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы беру бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастырады;
тауарларды халықаралық және мемлекетаралық теміржол көлігі қатынасымен тасымалдау кезінде - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген шекара маңындағы бiрiншi өткiзу пунктiне (станциясына) әкелген күн;
тауарларды магистральдық құбыржолдар жүйесi арқылы немесе электр беру желiлерi арқылы тасымалдау кезінде - тауарларды тапсыру пунктiне әкелген күн;
тауарларды халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жіберу кезінде - Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында пошта штемпелі қойылған күн импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн болып табылады.
Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу күні туралы мәліметтер болмаған кезде осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген күн импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн болып табылады.
Халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тауарларды бухгалтерлік есепте тану (көрсету) болмаған кезде осы тармақтың екінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген күн импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн болып табылады.
Осы тармақтың екінші - жетінші бөліктерінде көрсетілмеген өзге де жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында бухгалтерлік есеп жүргізуді жүзеге асыру міндеті көзделмеген тұлғалар үшін импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн осындай тауарларды алуды (не сатып алуды) растайтын құжат жазып берілген күн бойынша айқындалады. Бұл ретте тауарлардың жеткізілуін растайтын құжаттар болған кезде тасымалдаушының тауарларды сатып алушыға берген күні импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн деп танылады.
3. Сыйақыны есепке алмағандағы лизинг шартында көзделген (төлемнің іс жүзіндегі мөлшері мен жүзеге асырылу күніне қарамастан) тауарлар (лизинг нысаналары) құнының бір бөлігін төлеу күні лизинг алушыға осы тауарларға (лизинг нысаналарына) меншік құқығының өтуін көздейтін лизинг шарты бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды (лизинг нысаналарын) әкелген кезде салық салынатын импорт жасалған күн болып табылады.
Егер лизинг шарты бойынша тауарлар (лизинг нысаналары) құнының бір бөлігін төлеу мерзімінің басталу күні тауарларды (лизинг нысанасын) Қазақстан Республикасының аумағына әкелетін күнге дейін белгіленсе, импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн салық салынатын импортты жасаудың бірінші күні болып табылады.
Егер лизинг алушы лизинг шартында көзделген лизингтік төлемдерді мерзімінен бұрын өтеуді үш жыл өткеннен кейін жүзеге асырса, түпкілікті есеп айырысу күні осы лизинг шарты бойынша салық салынатын импортты жасаудың соңғы күні болып табылады.
Осы Кодекстiң 437-бабының 2-тармағында белгiленген талаптар сақталмаған жағдайда, сондай-ақ мүлікті (лизинг нысанасын) берген кезден бастап үш жыл өткеннен кейін лизинг шарты (келісімшарты) бұзылған жағдайда, импортталған тауарларды (лизинг нысаналарын) есепке қабылдаған күн салық салынатын импорт жасалған күн болып табылады.