3) қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясын салық органына ұсынған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей - осы Кодекстің 85-бабына сәйкес қосылған құн салығын төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған жағдайда, осындай декларацияда көрсетілген қосылған құн салығының сомасы төленуге жатады.
Егер қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясы ұсынылған салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезең үшін ұсынылған қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген осындай салықты төлеу мерзімі осы баптың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталса, салықты төлеу салық органына тарату декларациясы ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізіледі.
426-бап. Жай серіктестік (консорциум) құрамында өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосылған құн салығы бойынша салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша қызметтің шеңберінде қосылған құн салығы бойынша салықтық нысандарды жасау мен ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемені мынадай тәсілдердің бірімен:
жай серіктестікке қатысушының әрқайсысына келетін қосылған құн салығының үлесі бөлігінде аталған қатысушы;
өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша, егер өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) талаптарында оператор осындай салықтық міндеттемені орындауға уәкілетті болса, оператор жиынтықтап орындауға тиіс.
2. Жай серіктестікке (консорциумға) әрбір қатысушы қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемені орындаған кезде:
тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу (сатып алу) бойынша шот-фактуралар осы Кодекстің 417-бабының талаптарына сәйкес жазып беріледі;
қосылған құн салығы бойынша декларация мен декларацияға қосымша болып табылатын шот-фактуралардың тізілімдерін жай серіктестікке (консорциумға) қатысушының үлесіне келетін бөлігінде осындай қатысушының әрқайсысы тапсырады;
қосылған құн салығының есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескеріле отырып) сомасы жай серіктестікке қатысушының әрқайсысының үлесіне келетін бөлігінде аталған тұлғаның жеке шотында көрсетіледі;
қосылған құн салығының асып кету сомасы декларацияны ұсынған жай серіктестікке (консорциумға) қатысушыға қайтарылады;
салықтық әкімшілік ету тәртібі, оның ішінде нұсқаманы, хабарламаны және салықтық тексеру актісін табыс ету осы Кодексте айқындалған тәртіппен жай серіктестікке (консорциумға) әрбір қатысушыға қатысты қолданылады.
3. Қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемені оператор өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша жиынтықтап орындаған кезде:
тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу (сатып алу) бойынша шот-фактураларды осы Кодекстің 412-бабының талаптарына сәйкес жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен оператордың деректемелерін көрсете отырып, жазып береді;
қосылған құн салығы бойынша декларация мен декларацияға қосымша болып табылатын шот-фактуралардың тізілімдерін өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша оператор жиынтықтап тапсырады;
қосылған құн салығының есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескеріле отырып) сомасы оператордың жеке шотында көрсетіледі;
қосылған құн салығының асып кету сомасы операторға қайтарылады;
салықтық әкімшілік ету тәртібі, оның ішінде нұсқаманы, хабарламаны және салықтық тексеру актісін табыстау осы Кодексте салық төлеушілер (салық агенттері) үшін көзделген тәртіпке сәйкес операторға қатысты қолданылады және бұл ретте көрсетілген құжаттар өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша салық төлеуші ретінде жай серіктестікке (консорциумға) әрбір қатысушыға табыс етілді деп есептеледі.
4. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемені орындаудың таңдап алынған тәсілі салықтық есеп саясатында көрсетілуге және өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) қолданылу кезеңі өткенге дейін өзгеріссіз қалуға тиіс.
427-бап 2022 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
427-бап. Импортталатын тауарларға қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу
1. Ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылатын мынадай тауарлар:
1) жабдықтар;
2) ауыл шаруашылығы техникасы;
3) автомобиль көлігінің жылжымалы жүк құрамы;
4) тікұшақтар мен ұшақтар;
5) теміржол локомотивтері мен вагондар;
6) теңіз кемелері;
7) қосалқы бөлшектер;
8) пестицидтер (улы химикаттар);
9) асыл тұқымды малдың барлық түрлерi мен қолдан ұрықтандыруға арналған жабдық;
10) тірі ірі қара мал бойынша қосылған құн салығын төлеушілер қосылған құн салығын осы бапта айқындалған тәртіппен есепке жатқызу әдісімен төлейді.
Көрсетілген тауарлардың тізбесін және оны қалыптастыру тәртібін салық саясаты саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Бұл ретте бұл тізбеге Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін немесе Қазақстан Республикасының қажеттіліктерін жаппайтын тауарлар енгізіледі.
2. Осы баптың қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу бөлігіндегі ережелері қосылған құн салығын төлеуші әкелетін:
1) одан әрі өткізуге арналмаған;
2) халықаралық қаржы лизингіне беруді қоспағанда, қаржы лизингіне беру мақсатындағы;
3) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көрсетілген, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тізбеге енгізілген, ауыл шаруашылығы техникасын жасауда пайдаланылатын тауарларға қатысты қолданылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару, белгіленген тәртіппен кедендік төлемдер мен акцизделетін тауарлар бойынша акциздер төленген жағдайда, қосылған құн салығын іс жүзінде төлемей жүргізіледі.
4. Есепке жатқызу әдісімен төленген қосылған құн салығының сомасы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен қосылған құн салығы бойынша декларацияда бір мезгілде есептеу мен есепке жатқызуда көрсетіледі.
Қазақстан Республикасының аумағында ішкі тұтыну үшін тауарлар шығарылған күннен бастап бес жыл ішінде осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген талаптар бұзылған жағдайда, импортталатын тауарларға қосылған құн салығы Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде, импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есептеле отырып төленуге жатады.
Бұл ретте:
1) осы баптың 1-тармағының 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген малды амалсыз сою нәтижесінде алынған ет және ет өнімдерін өткізу,
немесе осындай малдардың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекіткен табиғи кему нормалары шегінде кемуі (қырылуы);
2) бұрын әкелінген тауарларды кері экспорт рәсіміне сәйкес әкету;
3) тауарлар шығарылғаннан кейін қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару осы бапта белгіленген талаптарды бұзушылық болып табылмайды.
5. Импортталатын тауарларға қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында ішкі тұтыну үшін шығарылған күннен бастап бес жыл өткен соң өткізу импортталатын тауарларға қосылған құн салығын салуға жатпайды.
Осы тармақтың ережелері импорттау кезінде қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген, өз өндірістік мұқтаждары үшін 2008 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда әкелінген тауарларды 2008 жылғы 31 желтоқсаннан кейін өткізу кезінде де қолданылады.
6. Қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды өткізу бойынша айналымдар қаржы лизингіне беру кезінде қосылған құн салығынан босатылады.
Осы тармақтың ережесі қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген, өз өндірістік мұқтаждары үшін 2008 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда әкелінген тауарларды 2008 жылғы 31 желтоқсаннан кейін қаржы лизингіне беру кезінде де қолданылады.
428-бап 2022 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
428-бап. Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарларға қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу
1. Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын мынадай тауарлар:
1) жабдықтар;
2) ауыл шаруашылығы техникасы;
3) автомобиль көлігінің жылжымалы жүк құрамы;
4) тікұшақтар мен ұшақтар;
5) теміржол локомотивтері мен вагондар;
6) теңіз кемелері;
7) қосалқы бөлшектер;
8) пестицидтер (улы химикаттар);
9) асыл тұқымды малдың барлық түрлерi мен қолдан ұрықтандыруға арналған жабдықтар;
10) тірі ірі қара мал бойынша қосылған құн салығын төлеушілер қосылған құн салығын осы бапта айқындалған тәртіппен есепке жатқызу әдісімен төлейді.
Көрсетілген тауарлардың тізбесін және оны қалыптастыру тәртібін салық саясаты саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Бұл ретте бұл тізбеге Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін немесе Қазақстан Республикасының қажеттіліктерін жаппайтын тауарлар енгізіледі.
2. Осы баптың қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу бөлігіндегі ережелері қосылған құн салығын төлеуші әкелетін:
1) одан әрі өткізуге арналмаған;
2) халықаралық қаржы лизингіне беруді қоспағанда, қаржы лизингіне беру мақсатындағы;
3) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көрсетілген, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы техникасын жасауда пайдаланылатын тауарларға қатысты қолданылады.
3. Қосылған құн салығын төлеуші импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде салық органына:
1) осы Кодекстің 456-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттарды;
2) тауарлардың негізгі техникалық, коммерциялық сипаттамаларын беретін, тауарды Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының нақты тауар кіші субпозициясына жатқызуға мүмкіндік беретін құжаттарды ұсынады. Қажет болған жағдайда бұйымдардың фотосуреттері, суреттері, сызбалары, паспорттары, тауарлардың сынамалары, үлгілері және басқа да құжаттар ұсынылады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды әкелу акцизделетін тауарлар бойынша акциздер белгіленген тәртіппен төленген жағдайда қосылған құн салығы іс жүзінде төленбей жүргізіледі.
5. Есепке жатқызу әдісімен төленген қосылған құн салығының сомасы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен қосылған құн салығы бойынша декларацияда бір мезгілде есептеу мен есепке жатқызуда көрсетіледі.
Қазақстан Республикасының аумағына тауарлар әкелінген күннен бастап бес жыл ішінде осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген талаптар бұзылған жағдайда, әкелінетін тауарларға қосылған құн салығы тауарларды әкелу кезінде қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есептеле отырып, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде төленуге жатады.
Бұл ретте:
1) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген малды амалсыз сою нәтижесінде алынған ет және ет өнімдерін өткізу немесе осындай малдардың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекіткен табиғи кему нормалары шегінде кемуі (қырылуы);
2) осы Кодекстің 442-бабына сәйкес айқындалған импортталған тауарлар есепке қабылданған күннен кейін қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару осы бапта белгіленген талаптарды бұзушылық болып табылмайды.
6. Қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды өткізу бойынша айналымдар қаржы лизингіне беру кезінде қосылған құн салығынан босатылады.
7. Осы баптың ережелері лизинг шартында көзделген лизингтік төлем сомасына тура келетін қосылған құн салығының сомасы бөлігінде сыйақы есептелмей, лизинг шарттары (келісімшарттары) бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларға да қолданылады.
49-тарау. ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ БОЙЫНША БЮДЖЕТПЕН ӨЗАРА ҚАТЫНАС
429-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының салықтық кезең үшін есепке жазылған салық сомасынан асып кетуі
1. Егер осы тарауда өзгеше көзделмесе, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының есептiк салықтық кезеңнiң соңында декларация бойынша өсу қорытындысымен қалыптасқан есепке жазылған салық сомасынан асып кетуi (бұдан әрi - қосылған құн салығының асып кетуi) қосылған құн салығы бойынша алдағы төлемдер есебіне жатқызылады.
Қосылған құн салығының асып кетуі импортталатын тауарлар бойынша және (немесе) бейрезиденттен жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алу кезінде қосылған құн салығын төлеу есебіне жатқызылмайды.
2. Нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналымдар жасалған салықтық кезеңнің соңында қалыптасқан қосылған құн салығының асып кетуі, егер бір мезгілде мынадай талаптар орындалатын болса:
1) қосылған құн салығын төлеуші нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұрақты түрде өткізуді жүзеге асырса;
2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұрақты түрде өткізу жүзеге асырылған салықтық кезеңде нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналым өткізу бойынша салық салынатын жалпы айналымның кемінде 70 пайызын құрайтын болса, осы Кодекстің 431-бабында айқындалған тәртіппен өткізу бойынша салық салынатын айналымдар мақсатында пайдаланылатын сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша қайтарылуға жатады.
Осы тармақтың мақсаттарында нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұрақты өткізуге, әрбір тоқсанда бір реттен сиретпей кезекті үш салықтық кезең ішінде жүзеге асырылатын нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жатады. Бұл ретте көрсетілген әрбір салықтық кезеңдегі осындай өткізу тұрақты өткізу деп танылады.
3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда, қосылған құн салығы сомасының асып кетуі нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналым мақсаттары үшін пайдаланылған тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша есепке жатқызылған салық сомасының бөлігінде қайтарылуға жатады.
Халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде қайтаруға жататын қосылған құн салығының асып кету сомасы қосылған құн салығы бойынша декларацияда қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап ұсынылған салықтық кезең үшін есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасына тасымалдаудың жалпы көлемінде халықаралық тасымалдардың іс жүзіндегі көлемінің үлес салмағын қолдану арқылы есептеледі.
4. Нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналымдар мақсатында пайдаланылмайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қалыптасқан қосылған құн салығының асып кетуін қайтару осы Кодекстің 373-бабына сәйкес бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде төленген есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомалары шегінде жүргізіледі.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, қосылған құн салығын қайтарудың оңайлатылған тәртібіне құқығы бар қосылған құн салығын төлеушіде түзілген қосылған құн салығының асып кетуі қайтарылуға жатады.
Осы тармақта белгіленген қосылған құн салығының асып кетуі салық төлеушінің таңдауы бойынша осы Кодекстің 431 немесе 434-баптарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қайтарылады.
Бұл ретте, қосылған құн салығының асып кетуі осы Кодекстің 434-бабына сәйкес оңайлатылған тәртіппен қайтарылған кезде қосылған құн салығы асып кетуінің қалған бөлігі осы Кодекстің 431-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қайтарылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының ережелері:
Екінші абзацтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 38-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
осы Кодекстің 432 және 433-баптарына сәйкес қайтару жүзеге асырылатын қосылған құн салығының асып кету сомасына;
осы Кодекстің 434-бабында аталған, қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы бар салық төлеушілерге қолданылмайды.
7. Бюджеттен қайтарылуға жататын қосылған құн салығының асып кету сомасын айқындаған кезде:
агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйым жазып берген шот-фактуралар;
салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берілетін пайдалы қазбалар бойынша тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер (оның ішінде осындай пайдалы қазбаларды өткізуге байланысты тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы ескерілмейді.
8. Салық органының шешімі бойынша қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған салық төлеушілер бойынша қосылған құн салығының асып кетуі өтуі қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап басталатын осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткен соң есептен шығарылуға жатады.
Салық төлеушілердің жеке шоттарынан қосылған құн салығының асып кетуін есептен шығару уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
9. Салық төлеуші қызметінің тоқтатылуына байланысты осы Кодекстің 369-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген талаптар орындалғаннан кейін қалыптасқан қосылған құн салығының асып кетуі салық төлеуші қызметінің тоқтатылуына байланысты тапсырылған тарату декларациясында көрсетілген қалыптасқан қосылған құн салығының асып кетуі мөлшерінде азайтылуға жатады.
10. Қосылған құн салығының асып кетуін қайтару қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
430-бап. Жекелеген негіздер бойынша қосылған құн салығын қайтару
Мыналар:
1) осы Кодекстің 435-бабында айқындалған тәртіппен грант қаражаты есебінен сатып алынған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушілерге төленген;
2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оларға теңестірілген шет мемлекеттердің өкілдіктері, шет мемлекеттердің консулдық мекемелері және олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, дипломатиялық және осы өкілдіктердің әкімшілік-техникалық персоналына жататын адамдар, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдар, консулдық қызметшілер Қазақстан Республикасының аумағында сатып алған тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді берушілерге осы Кодекстің 436-бабында айқындалған тәртіппен төлеген;
3) осы Кодекстің 101 және 102-баптарында айқындалған тәртіппен бюджетке артық төленген қосылған құн салығы бюджеттен қайтарылуға жатады.
431-бап. Қосылған құн салығының асып кетуін қайтару тәртібі мен мерзімдері
1. Қосылған құн салығының асып кетуін салық төлеушіге қайтару:
1) тармақшаның қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 39-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
1) егер осы Кодекстің 432, 433 және 434-баптарында өзгеше белгіленбесе, осы бапта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде;
2) салықтық кезеңдегі қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген оның қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талабы негізінде жүзеге асырылады.
Бірінші абзацтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 39-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
2. Егер осы Кодекстің 432, 433 және 434-баптарында өзгеше белгіленбесе, тексеру нәтижелерімен расталған қосылған құн салығының асып кету сомасын салық төлеушіге қайтару мынадай мерзімдерде жүргізіледі:
қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап қойылған салықтық кезең үшін шот-фактураларды жазып беру мен алуды электрондық нысанда ғана жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын тәуекел аймағындағы салық төлеушілердің санатына жатқызылмаған салық төлеушіге - отыз жұмыс күні ішінде;
қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап қойылған салықтық кезең үшін өткізу бойынша жалпы салық салынатын айналымда кемінде 70 пайызды құрайтын нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналымдарды жүзеге асыратын салық төлеушіге - елу бес жұмыс күні ішінде;
қалған жағдайларда - күнтізбелік бір жүз елу бес күн ішінде.
Бұл ретте қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару мерзімінің өтуі осы Кодекстің 212-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ұзарту кезеңін ескере отырып, осы Кодексте қосылған құн салығы бойынша декларацияны салық органына ұсыну үшін белгіленген соңғы күн өткеннен кейін басталады.
Осы тармақтың мақсатында мыналар қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару үшін негіздер болып табылады:
1) шағым жасау (салық төлеуші шағым жасаған кезде) нәтижелерін ескере отырып, қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығының асып кету сомасының анықтығын растау жөніндегі салықтық тексеру актісі;
2) осы Кодекстің 152-бабының 13-тармағында көзделген жағдайда ресімделген салықтық тексеру актісіне қорытынды.
3. Қосылған құн салығының асып кетуін:
1) мыналар:
шағын бизнес субъектілері;
шаруа немесе фермер қожалықтары;
ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін белгіленген арнаулы салық режимдерінде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеушіге;
2) тармақшаның қолданысы 2021 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 39-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
2) осы Кодекстің 372-бабы 5-тармағы 28) тармақшасының және 411-бабының ережелерін қолданған салықтық кезеңдер үшін салық төлеушіге қайтару жүргізілмейді.
4. Бюджеттен қайтаруға расталған қосылған құн салығының асып кету сомасы осы Кодекстің 104-бабында айқындалған тәртіппен салық төлеушіге қайтарылады.
5. Салық төлеуші декларацияда қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талапты көрсеткен, бюджеттен қайтарылған, бірақ кейіннен салықтық бақылау нәтижелері бойынша расталмаған қосылған құн салығының асып кету сомасын салық төлеуші осы Кодекстің 96-бабы 2-тармағы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес ол келіскен жағдайда камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама немесе тексеру нәтижелері туралы хабарлама негізінде бюджетке төлеуге тиіс.