2) негізгі құралдар ретінде есепке алынған (есепке алынатын) жеңіл автомобильдерді;
3) мыналар:
есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын құжатта осындай құжатты жазып берген тұлғаның және (немесе) осындай құжат жазып берілген тұлғаның сәйкестендіру нөмірі көрсетілмеген немесе дұрыс көрсетілмеген;
шот-фактурада құжатты жазып беру күні, шот-фактураның нөмірі, тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің атауы, салық салынатын айналымның мөлшері туралы деректер көрсетілмеген;
шот-фактура осы Кодекстің 412-бабының талаптарына сәйкес куәландырылмаған;
шот-фактура осы Кодекстің 412-бабының талаптарын бұза отырып, қағаз жеткізгіште жазып берілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
4) төлемнің мерзімділігіне қарамастан, азаматтық-құқықтық мәміле бойынша төлемі қосылған құн салығы ескеріле отырып, қолма-қол есеп айырысу арқылы жүргізілген және республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлемді жасау күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 000 еселенген мөлшерінен асып кететін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
5) қосылған құн салығынан босатылатын, сол сияқты қосылған құн салығы салынатын айналымдар түрінде өткізуге арналған тұрғын ғимаратты салу үшін пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
6) осы Кодекстің 252 және 253-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы банктегі арнайы депозиттік шотта орналастырылған тарату қорының қаражаты есебінен сатып алынған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
7) осы Кодекстің 291-бабының 1-тармағында айқындалған дербес білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген, өздері алған нысаналы салым немесе осындай нысаналы салымның қаражатынан өтеусіз негізде қаржыландыру есебінен сатып алған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алуға байланысты төлеуге жататын қосылған құн салығы есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы деп танылады.
2. Мыналар:
1) комиссионерден - комиссия шартының талаптарына сәйкес келетін талаптармен комитент үшін сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төлеуге жататын қосылған құн салығы;
2) экспедитордан - көлік экспедициясы шарты бойынша клиент болып табылатын тарап үшін осындай шарт бойынша міндеттерді орындау кезінде тасымалдаушыдан және (немесе) басқа да өнім берушілерден сатып алынған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төлеуге жататын қосылған құн салығы есепке жатқызылатын қосылған құн салығы деп танылмайды.
3. Тұрғын ғимаратты салуды жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығынан босатылатын, сол сияқты қосылған құн салығы салынатын айналымдар түрінде өткізуге арналған тұрғын ғимаратты салу үшін пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетін қызметтер бойынша қосылған құн салығын осы Кодекстің 410-бабында көрсетілген мақсаттар үшін салықтық тіркелімде бөлек есепке алады және декларацияда:
тұрғын ғимараттың тек қана тұрғын емес үй-жайлардан тұратын бөлігін өткізу немесе жалға беру жағдайы басталғанға;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай тұрғын ғимарат пайдалануға қабылданғанға дейін көрсетеді.
Мұндай қосылған құн салығы одан әрі осы Кодекстің 410-бабында айқындалған тәртіппен есепке алынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар басталғанға дейін мұндай құрылыс объектісі немесе оның бір бөлігі аяқталмаған құрылыс объектісі түрінде өткізілген кезде осындай өткізу күніне бөлек есепке алынатын қосылған құн салығының сомасы есепке жатқызуға рұқсат етілген, осы Кодекстің 410-бабының 1-тармағына сәйкес айқындалатын қосылған құн салығының сомасына азайтылады.
403-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасынан алып тастау
Бұрын есепке жатқызылатын қосылған құн салығы деп танылған қосылған құн салығы мынадай жағдайларда:
1) шот-фактураны және (немесе) өзге де құжатты жазып беру әрекетін (әрекеттерін) сот жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасады деп таныған мәміле (операция) бойынша;
2) соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жарамсыз деп танылған мәміле бойынша;
3) қосылған құн салығын есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын құжатта қате көрсетілген сома бөлігінде;
4) сот осындай салық төлеушіден тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің іс жүзінде алынғанын анықтаған мәмілелерді қоспағанда, басшысы және (немесе) құрылтайшысы (қатысушысы) мұндай заңды тұлғаның заңды күшіне енген сот шешімімен анықталған тіркелуіне (қайта тіркелуіне) және (немесе) қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыруына қатысы болмаған, осы Кодекстің 85-бабы 6-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес салық органының шешімі негізінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен алынған салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған мәмілелер бойынша алып тастауға жатады.
Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасынан осы бапта көзделген алып тастау ол үшін декларацияда қосылған құн салығы есепке жатқызылатын қосылған құн салығы ретінде танылған салықтық кезеңде жүргізіледі.
404-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету
1. Осы бапта және осы Кодекстің 405-бабында белгіленген жағдайларда есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын ұлғайту немесе азайту есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету болып табылады.
2. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын азайту мынадай жағдайларда:
1) болуына байланысты салық төлеуші осы Кодекстің 407 және 408-баптарына сәйкес пропорционалды әдісті қолданған салық салынбайтын айналымның мақсатында пайдаланылғандарды қоспағанда, салық салынатын айналым мақсатынсыз пайдаланылған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша;
2) өздері бүлінген, жоғалған жағдайда (төтенше жағдайлардың салдарынан туындаған жағдайларды қоспағанда) тауарлар бойынша жүргізіледі. Бұл ретте тауардың бүлінуі тауардың барлық немесе жекелеген сапасының (қасиетінің) нашарлауын білдіреді, соның салдарынан аталған тауар салық салынатын айналымның мақсаттары үшін пайдаланылмайды. Соның салдарынан тауар жойылған немесе ысырап болған оқиға тауардың жоғалуы деп түсініледі. Салық төлеушi табиғи кемудің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген нормалары шегiнде шеккен тауарлар ысырабы жоғалу болып табылмайды;
3) табиғи монополия субъектісі шеккен нормативтен тыс ысыраптар бойынша;
4) жарғылық капиталға салым ретінде берілген мүлік бойынша;
5) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне беретін пайдалы қазбалардың көлемдері бойынша;
6) осы Кодекстің 383-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде жүргізіледі.
3. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын ұлғайту осы Кодекстің 383-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде жүргізіледі.
Осы Кодекстің 383-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын ұлғайту немесе азайту салық салынатын айналымның мөлшерін ұлғайту немесе азайту жағына қарай түзетуге байланысты, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші жазып берген қосымша шот-фактурада көрсетілген қосылған құн салығының сомасы мөлшерінде жүргізіледі.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген жағдайларда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету осындай жағдайлар басталған салықтық кезеңде жүргiзiледi.
5. Осы баптың 2-тармағының 1) - 5) тармақшаларында белгіленген жағдайларда, сатып алынған, салынған, жасалған тауарлар бойынша, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбай, сол күнге бухгалтерлік есептің деректері бойынша тауарлардың баланстық құнына түзетуді жүзеге асыру күніне қолданыста болатын қосылған құн салығының мөлшерлемесін қолдану арқылы айқындалатын қосылған құн салығы сомасының мөлшерінде жүргізіледі.
6. Егер өткізу бойынша осындай айналым жасалғанға дейін қосылған құн салығы есепке жатқызылған бөлінетін жер учаскесінің бір бөлігін иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын беру жөніндегі өткізу бойынша айналым осы Кодекстің 409-бабына сәйкес бөлек есепке алуды жүргізу жүзеге асырылатын осы Кодекстің 396-бабына сәйкес қосылған құн салығынан босатылған болып табылған жағдайда, онда есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету осындай жер учаскесіне тура келетін қосылған құн салығының сомасына жүргізіледі, ол мынадай формула бойынша айқындалады:
ҚҚСтүз = ҚҚСеж/ Sжер х Sжал, мұнда:
ҚҚСтүз - қосылған құн салығын түзету сомасы;
ҚҚСеж - бұрын есепке жатқызылатын деп танылған қосылған құн салығының сомасы;
Sжал - жер учаскесі бөлінгенге дейін оның жалпы алаңы;
Sжер - иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) билік ету құқығын беру бойынша айналымы осы Кодекстің 409-бабына сәйкес бөлек есепке алуды жүргізу жүзеге асырылатын осы Кодекстің 396-бабына сәйкес қосылған құн салығынан босатылатын жер учаскесінің алаңы.
7. Осы Кодекстің 372-бабы 5-тармағының 1) және 6) тармақшаларында көрсетілгендерді қоспағанда, осы Кодекстің 372-бабының 5-тармағында көрсетілген жағдайларда, осы бапта көзделген түзету жүргізілмейді.
8. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы осы бапта көзделген түзету ескеріле отырып, теріс мәнге ие болуы мүмкін.
405-бап. Күмәндi мiндеттемелер бойынша, міндеттемелерді есептен шығару кезінде есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомаларын түзету
1. Егер сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша міндеттеменің бір бөлігі немесе бүкіл мөлшері осы Кодекстің 230-бабына сәйкес күмәнді болып танылса, онда осы Кодекстің 400-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшалары негізінде бұрын есепке жатқызылатын деп танылған қосылған құн салығынан басқа, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын күмәнді міндеттеменің мөлшеріне сәйкес келетін мөлшерде осындай тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бұрын есепке жатқызылатын деп танылған қосылған құн салығының сомасына азайту жағына қарай түзету жүргізіледі. Осы тармақта көзделген түзету мынадай:
орындау мерзімі айқындалған, сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер жөніндегі міндеттемені орындау мерзімі аяқталған күннен кейінгі;
орындау мерзімі айқындалмаған, сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер жөніндегі міндеттеме бойынша тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету күнінен бастап есептелетін үш жылдық кезең өткен салықтық кезеңде жүргізіледі.
2. Егер есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы азайту жағына қарай түзетілгеннен кейін қосылған құн салығын төлеуші тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеуді жүргізген жағдайда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын ақы төлеу жүргізілген салықтық кезеңде ақы төлеу сомасына сәйкес келетін мөлшерде аталған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша салық сомасына ұлғайту жағына қарай түзету жүргізіледі.
3. Осы Кодекстің 229-бабының 1-тармағында көрсетілген жағдайларда, осы баптың 1-тармағына сәйкес түзету жүргізілмеген міндеттемелер есептен шығарылған кезде есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын азайту жағына қарай түзету бұрын есепке жатқызылатын деп танылған, осындай міндеттеменің құрамында төлеуге жататын қосылған құн салығы сомасының мөлшерінде жүргізіледі. Осы тармақта көзделген түзету осындай жағдайлар басталған кезеңде жүргізіледі.
4. Егер сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша міндеттеме әділет органдарының банкрот деп танылған қосылған құн салығын төлеушіні-өнiм берушiні Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тастау туралы шешімі шығарылған күнге толық немесе ішінара қанағаттандырылмаған жағдайда, онда есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын азайту жағына қарай түзету, егер мұндай түзету осы баптың 1-тармағына сәйкес жүргізілмесе, бұрын есепке жатқызылатын деп танылған, осындай тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төлеуге жататын қосылған құн салығының сомасы мөлшерінде жүргізіледі. Осы тармақта көзделген түзету әділет органдарының көрсетілген шешімі шығарылған салықтық кезеңде жүргізіледі.
5. Осы бапта көзделген түзету олар бойынша түзету жүргізілетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасалған кезде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші жазып берген шот-фактурада көрсетілген, қосылған құн салығының мөлшерлемесі бойынша жүргізіледі.
406-бап. Түзету ескеріле отырып, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы
1. Түзету ескеріле отырып, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы салықтық кезең үшін мынадай тәртіппен есептеледі:
осы Кодекстің 400-бабына сәйкес айқындалған, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы,
алу
осы Кодекстің 403, 404 және 405-баптарында көзделген, есепке жатқызылатын қосылған құн салығын азайту жағына қарай түзету сомасы,
қосу
осы Кодекстің 404-бабының 3-тармағында және 405-бабының 2-тармағында көзделген, есепке жатқызылатын қосылған құн салығын ұлғайту жағына қарай түзету сомасы.
2. Осы бапқа сәйкес айқындалған, түзету ескеріле отырып, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы теріс мәнге ие болуы мүмкін.
407-бап. Есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомаларын айқындау әдістері
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, осы баптың 3-тармағында көрсетілгеннен басқа қосылған құн салығын төлеуші есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомасын мынадай әдістердің бірімен:
пропорционалды әдіспен;
салық салынатын және салық салынбайтын айналымдардың мақсаттары үшін пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомаларын бөлек есепке алуды жүргізу арқылы айқындайды.
2. Есепке жатқызудың пропорционалды әдісін пайдаланатын мынадай тұлғалар бөлек есепке алуды жүргізу арқылы айналымдардың жекелеген түрлері бойынша есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомаларын айқындауға құқылы:
1) кепіл мүлкін (тауарларды) алуға және өткізуге байланысты айналымдар бойынша - екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы ұйымдары;
2) тармақша 2027 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
2) мыналарды:
осындай банктен активтер бойынша сатып алынған талап ету құқықтары бойынша банктен алынған кепіл мүлкін (тауарды);
кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану нәтижесінде банктің меншігіне өткен және екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйым осындай банктен күмәнді және үмітсіз активтер бойынша сатып алынған талап ету құқықтары бойынша алған мүлікті (тауарды) сатып алуға, иеленуге және (немесе) өткізуге байланысты айналымдар бойынша - екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын, есепке жатқызудың пропорционалды әдiсiн пайдаланатын ұйым;
3) тармақша 2027 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
3) мыналарды:
бас банктен күмәнді және үмітсіз активтер бойынша сатып алынған талап ету құқықтары бойынша өндіріп алуды қолдану нәтижесінде алынған кепіл мүлкін (тауарды);
кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану нәтижесінде бас банктің меншігіне өткен және банктің еншілес ұйымы бас банктен сатып алған мүлікті (тауарды) сатып алуға, иеленуге және (немесе) өткізуге байланысты айналымдар бойынша - бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымы;
4) мүлікті қаржы лизингіне беруге байланысты айналымдар бойынша - лизинг беруші. Қаржы лизингіне беруге жататын мүлікті сатып алуға байланысты лизинг берушінің шығындары салық салынатын айналымның мақсаттары үшін шеккен шығындар ретінде қарастырылады;
5) Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату туралы шартсыз коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыру бойынша - ислам банкі;
6) Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату шарттарымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыру шеңберінде тауарды сатып алу-сату операциялары бойынша - қосылған құн салығын төлеуші;
7) Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасына сәйкес туристік операторлық қызметке (туроператорлық қызметке) арналған лицензиясы бар дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар туроператордың қызметтерін көрсету мақсатында тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша есепке алуды қалған қызметтен бөлек жүргізеді. Туроператордың қызметтерін көрсету мақсатында тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша есепке алу осы Кодекстің 394-бабының 15) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығынан босатылған айналым және салық салынатын айналым бойынша бөлек жүргізіледі.
3. Өткізу бойынша айналымдары осы Кодекстің 396-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығын салудан босатылатын объектілер салуды жүзеге асыратын тұлға:
осы Кодекстің 396-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығынан босатылатын айналымдар мен өзге айналымның мақсаттары үшін;
әрбір құрылыс объектісін салу процесінде - осы Кодекстің 402-бабының 3-тармағын және 410-бабын қолдану мақсаттары үшін пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомаларын бөлек есепке алуды жүргізуді жүзеге асыруға міндетті.
Өзге айналым бойынша қосылған құн салығын осындай төлеуші осы Кодекстің 408-бабына сәйкес пропорционалды әдіспен есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомасын айқындауға құқылы.
408-бап. Есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомаларын пропорционалды әдіспен айқындау тәртібі
1. Пропорционалды әдіс бойынша есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомасы салықтық кезең үшін мынадай формула бойынша айқындалады:
ҚҚСер = ҚҚСеж х А сс/ А жал, мұнда:
ҚҚСер - есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомасы. Бұл сома теріс мәнге ие болуы мүмкін;
ҚҚСеж - түзету ескеріле отырып, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы. Бұл сома теріс мәнге ие болуы мүмкін;
А сс - салық салынатын айналымның сомасы;
А жал - салық салынатын және салық салынбайтын айналымдардың сомасы ретінде айқындалатын айналымның жалпы сомасы.
Бұл ретте осы Кодекстің 407-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлғалар А сс және А жал мәндерін айқындау кезінде осы Кодекстің 409-бабына сәйкес олар бойынша бөлек есепке алуды жүргізу жүзеге асырылатын айналымдарды есепке алмайды.
Салықтық кезеңде өткізу бойынша айналым болмаған кезде есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомасы түзету ескеріле отырып, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының мөлшерінде айқындалады.
2. Есепке жатқызуға рұқсат етілмеген қосылған құн салығы салықтық кезең үшін мынадай формула бойынша айқындалады:
ҚҚСере = ҚҚСеж - ҚҚСер, мұнда:
ҚҚСере - есепке жатқызуға рұқсат етілмеген қосылған құн салығының сомасы. Бұл сома теріс мәнге ие болуы мүмкін;
ҚҚСеж - түзету ескеріле отырып, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы. Бұл сома теріс мәнге ие болуы мүмкін;
ҚҚСер - осы баптың 1-тармағына сәйкес айқындалатын, есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомасы. Бұл сома теріс мәнге ие болуы мүмкін.
Есепке жатқызуға рұқсат етілмеген қосылған құн салығының сомасы, оның ішінде оның теріс мәні осы Кодекстің 243-бабының 9-тармағында айқындалған тәртіппен есепке алынады.
409-бап. Есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомаларын бөлек есепке алуды жүргізу арқылы айқындау тәртібі
1. Есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомасын бөлек есепке алуды жүргізу арқылы айқындау кезінде қосылған құн салығын төлеуші салық салынатын және салық салынбайтын айналымдардың мақсаттары үшін пайдаланылатын алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомаларын бөлек есепке алуды жүргізеді.
2. Осы Кодекстің 410-бабында көзделген жағдайлардан басқа, бөлек есепке алуды жүргізу кезінде:
1) есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомасы түзету ескеріле отырып, салық салынатын айналымның мақсаттары үшін пайдаланылатын алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша есепке жатқызылатын қосылған құн салығының мөлшерінде айқындалады;
2) есепке жатқызуға рұқсат етілмеген қосылған құн салығының сомасы салық салынбайтын айналымның мақсаттары үшін пайдаланылатын алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығының мөлшерінде айқындалады;
3) бір мезгілде салық салынатын және салық салынбайтын айналымдардың мақсаттары үшін пайдаланылатын алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасы есепке жатқызуға рұқсат етілген және есепке жатқызуға рұқсат етілмеген қосылған құн салығының сомасына бөлінеді, олар мынадай формулалар бойынша айқындалады:
ҚҚСер = ҚҚСеж х А сс / А жал;
ҚҚСере = ҚҚСеж - ҚҚСер, мұнда:
ҚҚСер - есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомасы. Бұл сома теріс мәнге ие болуы мүмкін;
ҚҚСеж - бір мезгілде салық салынатын және салық салынбайтын айналымдардың мақсаттары үшін пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша түзету ескеріле отырып, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы. Бұл сома теріс мәнге ие болуы мүмкін;
А сс - салық салынатын айналымның салықтық кезеңдегі сомасы. Бұл ретте осы Кодекстің 407-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлғалар А сс-ны осы бапқа сәйкес олар бойынша бөлек есепке алуды жүргізу жүзеге асырылатын айналымдар ретінде айқындайды;
А жал - салық салынатын және салық салынбайтын айналымдардың сомасы ретінде айқындалатын, айналымның жалпы сомасы;
ҚҚСере - есепке жатқызуға рұқсат етілмеген қосылған құн салығының сомасы. Бұл сома теріс мәнге ие болуы мүмкін.
Есепке жатқызуға рұқсат етілмеген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 243-бабының 9-тармағында айқындалған тәртіппен есепке алынады.
410-бап. Тұрғын ғимаратты (тұрғын ғимараттың бөлігін) салуды жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеушінің есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомаларын айқындау тәртібі
1. Тұрғын ғимаратының аяқталмаған құрылыс объектісі өткізілген жағдайда осы объектіні салу процесінде пайдаланылған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығы осы бапқа сәйкес айқындалады және аяқталмаған құрылыс объектісін өткізу жүзеге асырылатын салықтық кезеңде:
1) осы Кодекстің 396-бабына сәйкес бұрын қосылған құн салығынан босатылатын айналым түрінде өткізуге арналған аяқталмаған құрылыс объектісін өткізу кезінде - көрсетілген тауарлар бойынша оларды сатып алу күніне қолданыста болатын мөлшерлеме бойынша есепке жатқызылатын қосылған құн салығының мөлшерінде;