аккредитивті ашу (ұсыну) және растау және ол бойынша міндеттемелерді орындау;
банктердің ақшалай нысанда орындауды көздейтін банк кепілдіктерін беруі;
банктердің үшінші тұлғалар үшін ақшалай нысанда орындауды көздейтін банк кепілгерліктерін және өзге де міндеттемелерді беруі;
банктер жүзеге асыратын факторингтік және форфейтингтік операциялар;
2) ислам банкінің лицензия негізінде жүзеге асырылатын мынадай банк операциялары:
жеке және заңды тұлғалардың талап етілгенге дейін пайызсыз депозиттерін қабылдау, жеке және заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу;
жеке және заңды тұлғалардың инвестициялық депозиттерін қабылдау;
банктік қарыз операциялары: мерзімділік, қайтарымдылық шарттарымен және сыйақы өндіріп алмай ақшалай нысанда кредиттер беру;
3) бағалы қағаздармен жасалатын операциялар;
4) бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиясыз жүзеге асыратын тұлғалардың көрсетілетін қызметтері;
5) туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар;
6) сақтандыру (қайта сақтандыру) жөніндегі операциялар, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу және орындау бойынша сақтандыру брокерлерінің (сақтандыру агенттерінің) көрсетілетін қызметтері;
7) банкаралық клиринг бойынша көрсетілетін қызметтер;
8) төлем карточкаларымен, электрондық ақшамен, чектермен, вексельдермен, депозиттік сертификаттармен жасалатын операциялар;
9) ерікті зейнетақы жарналарын (ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры) тарту құқығымен инвестициялық портфельдерді, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін басқару жөніндегі қызмет;
10) ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқықтарын басқару бойынша көрсетілетін қызметтер;
11) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының әлеуметтік төлемдерді және ерікті зейнетақы жарналарын тарту, зейнетақы активтерінен алынған инвестициялық кірісті бөлу және есепке жатқызу бойынша көрсетілетін қызметтері;
12) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналарды шоғырландыру, денсаулық сақтау субъектілерінен медициналық көмек көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды іске асыру бойынша көрсетілетін қызметтері;
13) қатысу үлесін өткізу;
14) микрокредиттер беру жөніндегі операциялар;
15) ломбардтардың жылжымалы мүлікті кепілге алу арқылы қысқа мерзімді қарыздар беруі бойынша көрсетілетін қызметтер;
16) кредиттік серіктестіктер өздерінің қатысушылары үшін жүзеге асыратын мынадай операциялар:
төлемдер және ақша аударымдары бойынша тапсырмаларды орындау түріндегі аударым операциялары;
ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен ақшалай нысанда кредиттер беру түріндегі қарыз операциялары;
кассалық операциялар;
кредиттік серіктестікке қатысушылардың банктік шоттарын ашу және жүргізу;
кредиттік серіктестікке қатысушылар үшін ақшалай нысанда орындауды көздейтін кепілдіктерді, кепілгерліктерді және өзге де міндеттемелерді беру;
17) екінші деңгейдегі банктерде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде қызмет көрсетілетін заңды тұлғалар санаты үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған металл шоттар арқылы инвестициялық алтынды өткізу;
18) кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру;
19) осы баптың 3-тармағында көрсетілген операциялар.
3. Ислам банкі сатып алушыға өткізетін тауардың үстеме бағасының Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес жасалған коммерциялық кредит туралы шарттың талаптарында айқындалатын сомасы қосылған құн салығынан босатылады.
Осы тармақтың ережелері:
1) тауарды кейіннен үшінші тұлғаға сату туралы шарттарсыз;
2) тауарды кейіннен үшінші тұлғаға сату шарттарымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыру шеңберінде Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес ислам банкі мүлікті берген жағдайда қолданылады.
Осы тармақтың ережелері сатып алушы коммерциялық кредит туралы шартты орындаудан бас тартқан кезде ислам банкінің тауарды үшінші тұлғаға өткізуі жағдайларына қолданылмайды.
398-бап. Мүлікті қаржы лизингiне беру
1. Мүлiктi қаржы лизингіне беру, егер мұндай беру осы Кодекстiң 197-бабында белгiленген талаптарға сәйкес келсе, лизинг берушi алуға жататын сыйақы сомасы бөлiгiнде қосылған құн салығынан босатылады.
2. Мүлiктi қаржы лизингіне беру бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
1) мұндай беру осы Кодекстiң 197-бабында белгiленген талаптарға сәйкес келсе;
2) берілетін мүлік осы Кодекстің 394-бабы бірінші бөлігінің 38) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығынсыз сатып алынса, қосылған құн салығынан босатылады.
399-бап. Қосылған құн салығынан босатылатын импорт
1. Мыналардың:
1) ұлттық және шетел валютасы банкноттары мен монеталарының (мәдени-тарихи құндылықты білдіретін банкноттар мен монеталардан басқа), сондай-ақ бағалы қағаздардың;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және оның ұйымдары жүзеге асыратын, ақша белгілерiн шығаруға арналған шикiзаттың;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес бекітілген, тауарларды бажсыз әкелу нормалары бойынша жеке тұлғалар жүзеге асыратын тауарлардың;
4) акцизделетіндерді тауарларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен гуманитарлық көмек ретінде әкелінетін тауарлардың;
5) акцизделетін тауарларды қоспағанда, қайырымдылық көмек, техникалық жәрдем көрсету мақсатында мемлекеттердің, мемлекеттер үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың желісі бойынша әкелінетін тауарлардың;
6) мемлекеттердiң, мемлекеттердің үкiметтерi мен халықаралық ұйымдардың желiсi бойынша берiлген гранттардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын тауарлардың;
7) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттiң дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнiң, шет мемлекеттің консулдық мекемелерінің ресми пайдалануы үшiн, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, осы өкілдіктердің дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық персоналына жататын адамдардың, олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiн қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдардың, консулдық қызметшілердің жеке пайдалануы үшiн әкелiнетiн және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес қосылған құн салығынан босатылатын тауарлардың;
8) салық төлеуден босатуды көздейтін кедендік рәсіммен орналастырыла отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік декларациялауға жататын тауарлардың;
9) ғарыш қызметіне қатысушылар әкелетін, тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ғарыш объектілерінің, жербеті ғарыш инфрақұрылымы объектілері жабдығының импорты қосылған құн салығынан босатылады. Осы тармақшаның ережелері нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органның осындай ғарыш объектілері мен жабдықтың ғарыш қызметінің мақсаттары үшін әкелінгені туралы растауы негізінде қолданылады;
10) мынадай:
Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мемлекеттік тізілімінде тіркелген;
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде, Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мемлекеттік тізілімінде тіркелмеген кез келген нысандағы дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың импорты қосылған құн салығынан босатылады.
Осы тармақшада көрсетілген тауарлардың тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органмен, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
11) ветеринария саласында пайдаланылатын (қолданылатын) дәрілік заттардың; протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдардың және ветеринариялық техниканың, мүгедектерге берілетін арнайы қозғалыс құралдарының, сурдотифлотехниканың; кез келген нысандағы дәрілік заттарды, протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдарды және медициналық (ветеринариялық) техниканы өндіруге арналған материалдардың, жабдықтар мен жинақтаушы зарттардың импорты қосылған құн салығынан босатылады.
Осы тармақшада көрсетілген тауарлардың тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органмен, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
12) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, екінші деңгейдегі банк немесе бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы - заңды тұлға импорттайтын инвестициялық алтынның;
13) Қазақстан Республикасының әділет органдарында тіркелген діни бірлестіктер әкелетін діни мақсаттағы заттардың импорты қосылған құн салығынан босатылады.
Көрсетілген тауарлардың тізбесін және оны қалыптастыру өлшемшарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді;
14) бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келген кезде:
шикізат және (немесе) материалдар импорты инвестициялық келісімшарт шеңберінде қосылған құн салығынан босатылатын шикізаттың және (немесе) материалдардың инвестициялар жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша бекіткен тізбесіне енгізілсе;
шикізатты және (немесе) материалдарды әкелу Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген құжаттармен ресімделсе;
әкелінген шикізатты және (немесе) материалдарды қосылған құн салығын төлеуші талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде тек қана инвестициялық келісімшарт шеңберінде қызметін жүзеге асыру кезінде қолданса, инвестициялық келісімшарт шеңберіндегі (инвестициялық басым жобаны және инвестициялық стратегиялық жобаны қоспағанда) шикізаттың және (немесе) материалдардың импорты қосылған құн салығынан босатылады.
Инвестициялық келісімшарт шеңберінде шикізаттың және (немесе) материалдардың импортын қосылған құн салығынан босату Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған инвестициялық келісімшартқа қосымша болып табылатын жұмыс бағдарламасында көзделген тіркелген активтер пайдалануға берілген айдың 1-күнінен бастап қатарынан бес жыл бойғы мерзімге беріледі. Егер жұмыс бағдарламасында екі және одан көп тіркелген активті енгізу көзделген жағдайда, инвестициялық келісімшарт шеңберінде шикізаттың және (немесе) материалдардың импортын қосылған құн салығын төлеуден босату мерзімін есептеу жұмыс бағдарламасы бойынша алғашқы тіркелген актив пайдалануға берілген айдың 1-күнінен бастап жүргізіледі.
Тауарлар еркін айналым үшін не ішкі тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына шығарылған күннен бастап бес жыл ішінде осы тармақшада белгіленген талаптар бұзылған жағдайда, импортталатын шикізат және (немесе) материалдар бойынша қосылған құн салығы Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде импортталатын тауарлар әкелінген кезде оларға қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есепке жазыла отырып төлеуге жатады;
15) тармақшаның қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 36-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
15) мынадай шарттар сақталған кезде:
көлік құралдарын өндірушілерге қатысты - индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органмен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім болса;
ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге қатысты - индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органмен ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім болса, инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен жасалған арнайы инвестициялық шарт шеңберінде заңды тұлға еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырған көлік құралдарының және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасының құрамындағы шикізаттың және (немесе) материалдардың;
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 16) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара)
16) егер:
оларды «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалы металдарды өндіру субъектілерінің тізбесіне енгізілген заңды тұлға әкелсе;
олар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне өткізу үшін аффинирленген алтынды өндіру кезінде ғана пайдаланылса, өңделмеген бағалы металдардың, бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарының және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының;
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 17) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады)
17) бір мезгілде мынадай шарттарға сай келген кезде:
тауарлар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган бекіткен, импорты қосылған құн салығынан босатылатын тауарлардың тізбесіне енгізілсе;
тауарларды әкелу Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес құжаттармен ресімделсе;
тауарлар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдалану мақсатында ғана әкелінсе, «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркіне қатысушылар болып табылатын салық төлеушілер әкелген тауарлардың импорты қосылған құн салығынан босатылады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) - 13) тармақшаларында көрсетілген тауарлардың импортын қосылған құн салығынан босату тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен арнайы инвестициялық келісімшарт жасасқан заңды тұлға бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
1) тауарлар еркін кедендік аймақ немесе еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылса;
2) еркін кедендік аймақ немесе еркін қойма кедендік рәсімі ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен аяқталса;
3) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес дайын өнім құрамындағы тауарларды сәйкестендіру жүзеге асырылса, арнайы экономикалық аймақтың немесе еркін қойманың аумағында өндірілген дайын өнім құрамындағы тауарлардың импорты кезінде қосылған құн салығын төлеуден босатуды қолдануға құқылы.
46-тарау. ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ БОЙЫНША ЕСЕПКЕ ЖАТҚЫЗУ
400-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы
1. Егер алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер өткізу бойынша салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса, солар үшін төлеуге жататын және мыналарда:
1) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайда - қосылған құн салығы бөліп көрсетіліп және өнім беруші салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі көрсетіле отырып, мынадай құжаттардың бірінде:
шот-фактураны жазып беру күніне қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын өнім беруші жазып берген шот-фактурада немесе жол жүру билетінде (қағаз жеткізгіште, электрондық билетте, электрондық жол жүру құжатында);
жалпыға бірдей қолжетімді телекоммуникациялық желілердегі интернет-ресурста орналастырылғандарды қоса алғанда, есепті салықтық кезеңде алынған мерзімді баспасөз басылымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өзге де өнімінің құнына тура келетін бөлікте осы Кодекстің 414-бабында сәйкес жазып берілген шот-фактурада;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі жазып берген мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды шығаруға арналған құжатта көрсетілген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы есепке жатқызатын қосылған құн салығының сомасы деп танылады. Қосылған құн салығының сомасы мынадай формула бойынша, бірақ осы тауарларды мемлекеттік материалдық резервке жеткізу кезінде төленген салық сомасынан аспайтындай айқындалады:
ҚҚС = ҚШТ х МҚҚС / (100 % + МҚҚС), мұнда:
ҚҚС - қосылған құн салығының сомасы;
ҚШТ - қосылған құн салығы салынатын шығарылатын тауарлардың құны;
МҚҚС - тауарлар шығарылған күнге қолданыста болатын қосылған құн салығының мөлшерлемесі;
2) тауарлар импортталған жағдайда - Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес ресімделген тауарларға арналған декларацияда, бірақ Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген және кедендік рәсімнің шарттарына сәйкес қайтаруға жатпайтын салық сомасынан аспайтындай немесе тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште (өтініштерде) көрсетілген салық сомасымен сәйкес келетін, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда, бірақ Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген және қайтаруға жатпайтын салық сомасынан аспайтындай;
3) бейрезидент берген және осындай жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушының айналымы болып табылатын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайда - қосылған құн салығы бойынша декларацияда, бірақ төлем құжатында немесе салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша берген және қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжатта көрсетілген салық сомасынан аспайтындай;
4) осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тұлға қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған жағдайда - қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге дейін салық төлеуші сатып алған, жасаған, салған және қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге меншік құқығында болатын тауарлар бойынша, осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының біріне сәйкес осындай сома расталған жағдайда, осындай тұлға осы Кодекстің 215-бабының 4-тармағына сәйкес жасаған салықтық тіркелімде көрсетілген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы есепке жатқызатын қосылған құн салығының сомасы деп танылады.
Осы тармақшаның ережелері қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан құрылған заңды тұлға алған тауарларға қатысты қолданылмайды.
2. Жеке тұлға олар бойынша шығыстар халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын төлеушінің шығыстары деп танылған және осы Кодекстің 244-бабына сәйкес қызметтік іссапарлар кезіндегі өтемақылар ретінде шегерімдерге жатқызылуға тиіс көрсетілетін қызметтерді алған жағдайда, қосылған құн салығын осындай төлеушінің осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының талаптарын сақтаған кезде аталған көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызуға құқығы бар.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қосылған құн салығының сомаларын есепке жатқызу үшін бірнеше негіз болған кезде қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызу неғұрлым ерте болатын негіз бойынша бір рет жүргізіледі.
4. Осы Кодекстің 401-бабына сәйкес айқындалған дәл сол салықтық кезеңде осы Кодекстің 403, 404 және 405-баптарында көзделген жағдайлар басталған кезде, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының мөлшері осы Кодекстің 403, 404 және 405-баптарында көзделген алып тастау, ұлғайту немесе азайту ескеріле отырып айқындалады.
5. Қосылған құн салығы бойынша есепке жатқызу салық төлеуші қызметінің тоқтатылуына байланысты осы Кодекстің 369-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген талаптар орындалғаннан кейін, салық төлеуші қызметінің тоқтатылуына байланысты тарату декларациясы берілген салықтық кезеңде қосылған құн салығының асып кету сомасына азайтуға жатады.
6. Осы баптың ережелеріне сәйкес келмейтін қосылған құн салығының, сондай-ақ осы Кодекстің 402-бабында көрсетілген қосылған құн салығының сомасы есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығының сомасы деп танылады.
401-бап. Қосылған құн салығын есепке жатқызу күні
1. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады:
1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алу күні;
2) осы Кодекстің 400-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығын есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын шот-фактураны немесе өзге де құжатты жазып беру күні.
Осы тармақтың мақсаттары үшін түзетілген болып табылмайтын шот-фактуралар есепке алынады.
Егер электрондық нысанда жазып берілген шот-фактурада қағаз жеткізгіште жазып беру күні көрсетілсе, онда осы тармақтың мақсаттары үшін осындай күн шот-фактураны жазып беру күні болып танылады.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 2 - 6-тармақтарында белгіленген жағдайларда қолданылмайды.
2. Осы Кодекстің 400-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады:
1) бюджетке төленетін төлемді, оның ішінде осы Кодекстің 102 және 103-баптарында айқындалған тәртіппен есепке жатқызуларды жүргізу арқылы салықты төлеу есебіне жүзеге асыру күні;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүргізілген кедендік ресімдеу күні немесе импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда осындай салық есептелген салықтық кезеңнің соңғы күні.
3. Осы Кодекстің 400-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады:
1) бюджетке төленетін төлемді, оның ішінде осы Кодекстің 102 және 103-баптарында айқындалған тәртіппен есепке жатқызуларды жүргізу арқылы салықты төлеу есебіне жүзеге асыру күні;
2) қосылған құн салығы бойынша декларацияда осындай салық есептелген салықтық кезеңнің соңғы күні.
4. Осы Кодекстің 400-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою күні тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады.
5. Қосымша шот-фактура бойынша, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы осындай шот-фактураны жазып беру күні тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады.
6. «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес электр және (немесе) жылу энергиясын, жүйелік көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымды жасау күні тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады.
402-бап. Есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы
1. Мыналарды:
1) егер қосылған құн салығын төлеуші осы Кодекстің 407 және 409-баптарына сәйкес бөлек есепке алуды жүргізу арқылы әдісін қолданса, салық салынбайтын айналым мақсатында пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;