216-бап. Тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
Тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастыруға мынадай шарттар сақталған кезде:
1) тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелуге немесе мұндай аумақтан әкетуге тыйым салынбағанда;
2) егер мұндай өткізуге осы құжаттар бар болған кезде жол берілсе, тауарларға қатысты тауарларды кедендік шекара арқылы өткізумен байланысты шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар ұсынылғанда;:
3) егер тауарлар келу жерінде мұндай бақылауға жатса, әкелінетін тауарларға қатысты шекаралық бақылау және мемлекеттік бақылаудың өзге де түрлері жүзеге асырылғанда;
4) транзиттік декларация ұсынылғанда;
5) тауарларға қатысты осы Кодекстің 217-бабына сәйкес кедендік транзиттің сақталуын қамтамасыз ету шаралары қолданылғанда;
6) осы Кодекстің 109-бабына сәйкес тауарларды сәйкестендіру қамтамасыз етілгенде;
7) егер тауарлар кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалданған жағдайда, халықаралық тасымалдаудың көлік құралы тиісті түрде жабдықталғанда жол беріледі.
217-бап. Кедендік транзиттің сақталуын қамтамасыз ету шаралары
1. Кедендік транзиттің сақталуын қамтамасыз ету шараларына:
1) осы Кодекстің 12-тарауына сәйкес шетелдік тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету;
2) кедендік алып жүру;
3) тауарларды тасымалдау бағытын белгілеу жатады.
2. Егер:
1) декларант ретінде кедендік тасымалдаушы немесе уәкілетті экономикалық оператор түссе;
2)тауарлар теміржол және құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша тасымалданса;
3) бұл халықаралық шарттармен белгіленсе;
4) тауарлар кедендік алып жүрумен тасымалданса;
5) осы Кодекспен және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарымен белгіленген өзге де жағдайларда кедендік транзит кезінде кеден органы осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету ұсынуды талап етпейді.
3. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген кедендік транзиттің сақталуын қамтамасыз ету шаралары тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде айқындалған жағдайларда кедендік транзиттің сақталуын қамтамасыз етудің өзге де шараларына қосымша ғана қолданылуы мүмкін.
Жөнелтуші кеден органдарының бағыты көліктік (тасымалдау) құжаттарда көрсетілген мәліметтер негізінде айқындалады.
Жөнелтуші кеден органының жазбаша рұқсатымен не ол жүрер жол бойынша тұрған кез келген кеден органының рұқсатымен бағытты өзгертуге жол беріледі.
218-бап. Кедендік сүйемелдеу
1. Кедендік сүйемелдеу - кедендік транзиттің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кеден органдарының лауазымды адамдары не өзге де ұйымдар жүзеге асыратын кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын сүйемелдеу.
2. Кеден органы:
1).тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде айқындалған;
2)осы Кодекстің 12-тарауына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету ұсынылмаған не оның жеткіліксіздігі;
3) егер көрсетілген қаулылардың ең болмағанда, біреуі орындалмаса, тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы заңды күшіне енген қаулылармен белгіленген кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде міндеттерді бірнеше рет орындамаған;
4) тасымалдаушы осы Кодекстің 227-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндетті орындамаған жағдайда кедендік алып жүру туралы шешім қабылдауға құқылы.
3. Кеден органы кедендік сүйемелдеу туралы шешім қабылдаған жағдайда кеден органы оны осындай шешім қабылданған сәттен бастап 24 сағаттан кешіктірмей ұйымдастырады.
219-бап. Кедендік транзиттің мерзімі
1. Жөнелтуші кеден органынан межелі кеден органына дейінгі кедендік транзиттің мерзімін жөнелтуші кеден органы көлік түрлерін және (немесе) декларанттың немесе егер тасымалдаушы кедендік транзиттің кедендік рәсімінің декларанты ретінде әрекет етпесе, тасымалдаушының өтінішін негізге ала отырып, және көлік құралдары мүмкіндіктерінің, белгіленген бағыттың, тасымалдаудың басқа шарттарының негізінде тауарларды тасымалдаудың әдеттегі мерзіміне сәйкес, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес жүргізушінің еңбек режимінің талаптарын және демалысын ескере отырып, бірақ кедендік транзиттің неғұрлым шекті мерзімінен аспайтындай белгілейді.
2. Кедендік транзиттің шекті мерзімі бір айға екі мың километр есебінен айқындалатын мерзімнен аспауға тиіс.
3. Егер тасымалдаушы кедендік транзиттің кедендік рәсімінің декларанты болып түспесе, декларанттың немесе тасымалдаушының дәлелді өтініші бойынша кеден органы белгілеген кедендік транзиттің мерзімі осы баптың 2-тармағымен белгіленген мерзім шегінде ұзартылуы мүмкін.
220-бап. Тауарларды жеткізу орны
1. Кедендік транзит кезінде тауарларды жеткізу орнын жөнелтуші кеден органы көліктік (тасымалдау) құжаттарда көрсетілген межелі пункт туралы мәліметтердің негізінде айқындайды.
Кеден одағына мүше мемлекеттер заңнамасымен белгіленген жағдайларда жөнелтуші кеден органы көліктік (тасымалдау) құжаттарда көрсетілген мәліметтерге қарамастан жеткізу орнын белгілеуге құқылы.
Тауарларды жеткізу орны межелі кеден органының қызметі өңіріндегі кедендік бақылау аймағы болып табылады. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзге көзделмесе, олардың келген жерінен тасымалданатын тауарлар кеден органының тұрған жеріне жеткізіледі.
Темір жол көлігімен өткізілетін тауарларды жеткізу орны межелі станциядағы (кіре беріс жолдарындағы) кедендік бақылау аймағы болып табылады
2. Егер көлік саласында кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес межелі пункттің кедендік транзиті өзгерсе, тасымалдаушы тауарларды жеткізу орнын өзгерту туралы өтінішпен кеден органына жүгінуге құқылы. Бұл ретте, тасымалдаушы оның жүру бағытындағы кез келген кеден органына еркін нысанда жазылған межелі пункттің өзгергені туралы өтінішті, межелі пункттің өзгергенін растайтын құжаттарды, сондай-ақ транзиттік декларацияны және тауарларға арналған өзге де құжаттарды ұсынады.
Тауарларды жеткізу орнын өзгерту туралы шешімді кеден органы осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген өтініш пен құжаттарды алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей қабылдайды. Көрсетілген шешім жеткізу орны өзгерген тауарларға қатысты кедендік транзиттің кедендік рәсімін аяқтау және жаңа транзиттік декларацияны толтыру жолымен ресімделеді. Тауарлар кедендік транзиттің кедендік рәсімімен кеден органы тауарларды жеткізу орнын өзгерту туралы шешім қабылдаған күні орналастырылады.
221-бап. Тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалдау кезінде халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын жабдықтау
1. Тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалдау үшін көлік құралдары мынадай талаптарды сақтай отырып, құрастырылған және жабдықталған болуға тиіс:
1) кедендік пломбалар қарапайым және сенімді әдіспен салынған болуы мүмкін;
2) тауарлар халықаралық тасымалдау көлік құралының пломбаланған жүк орналастыру бөлігінен алынбауға және оларды ашқанда көрінетін із қалдырмастан немесе кедендік пломбалар мен мөрлерді бүлдірместен оларға салынбауға тиіс;
3) тауарлар жасырылуы мүмкін жасырын орындар жоқ;
4) тауарлардың болуы мүмкін орындарға тауарларды кедендік қарау үшін жеңіл қол жеткізіледі.
2. Егер мұндай көлік құралы оны халықаралық шарттармен белгіленген құрастыру және жабдықтау талаптарына сәйкес келсе, халықаралық тасымалдаудың көлік құралына осы баптың 1-тармағымен белгіленген талаптар орындалған болып саналады.
3. Халықаралық тасымалдау көлік құралының осы баптың 1 және 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі халықаралық тасымалдаудың көлік құралын тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалдауға жіберу туралы куәлікті алу жолымен алдын ала расталуы мүмкін.
Халықаралық тасымалдаудың көлік құралын тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалдауға жіберу туралы куәлік:
жеке тәртіппен;
көлік құралдары құрылысының түрі (сериялары) бойынша берілуі мүмкін.
Халықаралық тасымалдаудың көлік құралын тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалдауға жіберу туралы куәлікті кеден органы мүдделі тұлғаның өтініші бойынша көрсетілген өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей береді. Көрсетілген куәлік халықаралық тасымалдау көлік құралының құрылысында өзгерістер болғанға дейін, бірақ екі жылдан аспайтын мерзімде қолданыста болып қалады.
Халықаралық тасымалдаудың көлік құралын тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалдауға жіберу туралы куәлік басқа тұлғаға ауысқан кезде көлік құралдарын иелену құқығы күшінде қалады.
Халықаралық тасымалдаудың көлік құралын тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалдауға жіберу туралы куәліктің нысаны және оны беру және пайдалану тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.
4.Кеден органдары:
тауарларды тасымалдауды кедендік тасымалдаушы жүзеге асырған;
алдын ала жіберу халықаралық шарттармен көзделмеген жағдайда, халықаралық тасымалдаудың көлік құралын тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалдауға алдын ала жіберуді талап етпейді.
222-бап. Тиеу, қайта тиеу (қайта аудару) және тауарлармен өзге де жүк операциялары, сондай-ақ кедендік транзит кезінде халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын ауыстыру
1. Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарларды тиеуге, қайта тиеуге (қайта аударуға) және өзге де жүк операцияларына, сондай-ақ мұндай тауарларды тасымалдайтын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын ауыстыруға осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жөнелтуші кеден органның немесе қызмет өңірінде тиісті жүк операциялары жүзеге асырылатын кеден органының рұқсатымен жол беріледі.
Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген халықаралық тасымалдаудың тауарлары мен көлік құралдарына қатысты операциялар салынған кедендік пломбалар мен мөрлерді бүлдірместен жүзеге асырылады не тауарларға кедендік пломбалар мен мөрлер салынбаса, мұндай операцияларды жүзеге асыруға кеден орган жазбаша және (немесе) электронды нысанда хабардар еткеннен кейін жол беріледі.
2. Егер оларды жүзеге асыру тауарлардың жоғалуына немесе қасиеттерінің өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін болған жағдайда не көліктік (тасымалдау) құжаттарда, шектеулерді сақтауды растайтын құжаттарда не бақылаушы мемлекеттік органдар берген өзге де құжаттарда мұндай операцияларды жүзеге асыруға тыйымдар болған кезде кеден органы тауарлармен жүк операцияларын жүзеге асыруға рұқсат беруден.бас тартуы мүмкін.
3. Кеден органы тұлғасының өтініші бойынша кеден органының жұмыс уақытынан тыс кедендік бақылаудағы тауарлармен жүк операцияларын жүргізуге рұқсат береді.
223-бап. Кедендік транзиттің кедендік рәсімі кезіндегі тасымалдаушының міндеттері
Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде тасымалдаушы осы кедендік рәсімінің декларанты болып табылатындығына қарамастан:
1) тауарларды және оларға арналған құжаттарды жөнелтуші кеден органы белгілеген мерзімде, егер ол белгіленсе, белгілі бір бағыт бойынша жүре отырып, тауарларды жеткізу орнына жеткізуге;
2) тауарлардың, егер олар қолданылса, пломбалар мен мөрлердің не өзге де сәйкестендіру құралдарының сақталуын қамтамасыз етуге;
3) осы Кодекстің 222-бабының 1-тармағымен көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарларды тиеуге, қайта тиеуге (қайта аударуға) және өзге де жүк операцияларына, сондай-ақ мұндай тауарларды тасымалдайтын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын ауыстыруға кеден органдарының рұқсатынсыз жол бермеуге міндетті.
224-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігі
1. Тауарларды және оларға арналған құжаттарды жеткізбеген кезде тасымалдаушы кеден органы тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, тасымалдаушы кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде өз міндеттерін орындамағаны үшін аумағында бұзушылық анықталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
225-бап. Кедендік транзиттің кедендік рәсімін аяқтау
1. Кедендік транзиттің кедендік рәсімі тауарлар жөнелтуші кеден органы белгілеген орынға жеткізілгеннен кейін аяқталады.
2. Кедендік транзиттің кедендік рәсімі аяқталғанға дейін тауарларды жеткізу орындарындағы тауарлар кедендік бақылау аймағына орналастырылады.
Тауарларды кедендік бақылау аймағына орналастыруға тәуліктің кез келген уақытында жол беріледі.
3. Кедендік транзиттің кедендік рәсімін аяқтау үшін тасымалдаушы межелі кеден органына транзиттік декларацияны, сондай-ақ:
автомобильдік көлікпен тасымалданатын тауарларға қатысты олардың тауарларды жеткізу орнына келген кезінен бастап 1 (бір) сағат ішінде, ал тауарлар кеден органының белгіленген жұмыс уақытынан тыс келген жағдайда, осы кеден органының жұмыс уақыты басталған кезден бастап 2 (екі) сағат ішінде;
егер кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында өзге мерзім белгіленбесе, су, әуе кемелерін және теміржол көлігін пайдалана отырып, тасымалданған тауарларға қатысты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде порттардың, әуежайлардың немесе теміржол станцияларының техникалық процеспен белгіленген уақыт ішінде онда бар басқа да құжаттарды ұсынуға міндетті.
Кеден органының талабы бойынша тасымалдаушы тауарды көрсетуге міндетті.
4. Межелі кеден органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды тасымалдаушы ұсынған кезден бастап 1 (бір) сағаттың ішінде кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларымен белгіленген тәртіппен тіркейді.
5. Межелі кеден органы кедендік транзиттің кедендік рәсімін мейілінше қысқа мерзімде, бірақ транзиттік құжаттарда немесе транзиттік декларация ретінде танылатын кедендік транзиттің кедендік рәсімін аяқтау туралы өзге де құжаттарда белгілерді қою жолымен құжаттарды тіркегеннен кейін жиырма төрт сағаттан кешіктірместен аяқтайды.
Кеден органдарының кедендік транзиттің кедендік рәсімін аяқтауды ресімдеу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
6. Егер темір жол немесе су көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты кеден одағының кеден заңнамасымен немесе кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларымен өзге мерзім белгіленбесе, тасымалдаушы немесе өзге де мүдделі тұлға кедендік транзиттің кедендік рәсімі аяқталғаннан кейін үш сағаттың ішінде тауарларды уақытша сақтауға орналастырумен немесе оларды кеден рәсіміне сәйкес кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасауға міндетті.
Осы тармақтың ережелері кеден одағының кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға қатысты кету орнында кедендік рәсімді аяқтау кезінде қолданылмайды.
226-бап. Кедендік транзиттің кедендік рәсімі кезіндегі авария, дүлей күштің әсері немесе өзге де жағдайлар кезінде қолданылатын шаралар
1. Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдауға кедергі болатын авариялар, ырық бермес күштің әсері немесе өзге де жағдайлар кезінде тасымалдаушы тауарлар мен көлік құралдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолдануға, жақын кеден органына осы жағдайлар туралы және тауарлардың орналасқан жері туралы дереу хабарлауға, сондай-ақ тауарлардың орнын ауыстыруға немесе (егер оның көлігі бұзылған болса) жақын кеден органына не оларды кеден органы көрсеткен өзге жерге тасымалдауды қамтамасыз етуге міндетті. Осы жағдайлар туралы хабар алған кеден органы кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдауға кедергі болатын туындаған жағдайлар туралы жөнелтуші кеден органына және межелі кеден органына хабарлауға міндетті.
2. Осы баптың талаптарын сақтауға байланысты тасымалдаушы келтірген шығыстарды кеден органдары өтемейді.
227-бап. Кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Декларантта кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты әкелімдік кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген кезінен бастап туындайды.
2. Декларантта кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты әкелімдік кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет:
1) осы рәсімнің қолданылу уақытында әкелімдік кедендік баждарды салықтарды төлеу мерзімі келген жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 225-бабының 6-тармағына сәйкес кедендік транзиттің кедендік рәсімі аяқталған кезде;
2) осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағымен белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Шетелдік тауарлар кеден органы белгілеген жеткізу орнына жеткізілмеген жағдайда, әкелімдік кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі:
1) егер шетелдік тауарларды жеткізбеу тасымалдаушы кеден органының рұқсатынсыз алушыға немесе өзге де тұлғаға беру себебі бойынша болса, -мұндай беру күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген күні;
2) авария немесе дүлей күш әсерінің салдарынан жойылуды (біржола жоғалуды) не тасымалдаудың (тасымалдың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, егер шетелдік тауарларды жеткізбеу тауарларды жоғалту себебі бойынша болса, - мұндай жоғалту күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген күні;
3) шетелдік тауарларды жеткізбеу өзге де себептер бойынша болса, - кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген күні болып саналады.
4) Кедендік әкелу баждары, салықтар тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, кеден органының транзиттік декларацияны тіркеу күніне есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін көлемде төленуге жатады.
5) Осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес төленген немесе өндіріп алынған кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндетті осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тоқтату кезінде кедендік әкелу баждары, салықтар осы Кодекске сәйкес белгіленген тәртіпте қайтарылуға (есепке жатқызылуға) жатады.
6. Егер осы Кодекстің 85-бабының 3-тармағына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз етуді кедендік транзит кедендік рәсімінің декларанты емес, өзге тұлға ұсынған болса, осы баппен көзделген жағдайларда кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет декларантпен қатар, мұндай тұлғада туындайды.
228-бап. Кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) кеден одағының тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Декларантта кеден одағының кедендік транзиттің кедендік рәсіміне орналастырылатын (орналастырылған) тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндет осы Кодекстің 215-бабының 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген күнінен бастап күшіне енеді.
2. Декларантта кеден одағының кедендік транзиттің кедендік рәсіміне орналастырылатын (орналастырылған) тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндет;
1) Осы рәсімнің қолданылу уақытында кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі келген жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 225-бабының 6-тармағына сәйкес кедендік транзиттің кедендік рәсімін аяқтау кезінде;
2) осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағымен белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Тауарлар кеден органы белгілеген жеткізу орнына жеткізілмеген жағдайда кедендік әкету баждарын төлеу мерзімі кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген күні болып саналады.
4. Кедендік әкету баждары тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, кеден органының транзиттік декларацияны тіркеу күніне есептелген кедендік әкету баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін көлемде төленуге жатады.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес төленген немесе өндіріп алынған кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндетті осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тоқтату кезінде кедендік әкету баждары осы Кодекске сәйкес белгіленген тәртіппен қайтарылуға (есепке жатқызылуға) жатады.
33-тарау. Кеден қоймасының кедендік рәсімі
229-бап. Кеден қоймасының кедендік рәсімінің мазмұны
Кеден қоймасы - шетелдік тауарлар кедендік бақылаумен кеден қоймасында белгіленген мерзім ішінде кедендік баждар, салықтар төленбестен және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан сақталатын кездегі кедендік рәсім.
230-бап. Тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Кеден қоймасының кедендік рәсіммен:
оларды кеден қоймасының кедендік рәсіміне сәйкес кедендік декларациялау күніне жарамдылық және (немесе) сатылу мерзімі жүз сексен күнтізбелік күннен кем құрайтын тауарларды;
тізбесі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын тауарларды қоспағанда, кез келген шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
2. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен бұрын өзге кедендік рәсімдермен орналастырылған тауарлар орналастырылуы мүмкін.
3. Осы Кодекспен көзделген жағдайларда, уақытша әкелудің немесе кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімдерінің қолданылуын тоқтату мақсатында кеден қоймасының кедендік рәсімімен шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
4. Бұған кеден органының жазбаша нысандағы рұқсатының болуы шартымен, өздерінің үлкен габариттеріне байланысты кеден қоймасына орналастырыла алмайтын тауарларды кеден қоймасында іс жүзінде орналастырмастан, кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастыруға жол беріледі.
Оларды кеден қоймасына іс жүзінде орналастырмастан, тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру кезінде кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуді ұсыну жағдайлары айқындалуы мүмкін.
231-бап. Тауарларды кеден қоймасында сақтау мерзімі
1. Тауарларды кеден қоймасында сақтау мерзімі тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап үш жылдан аспауға тиіс.
2. Шектеулі жарамдылық және (немесе) сатылу мерзімі бар тауарлар жүз сексен күнтізбелік күннен кешіктірілмей, көрсетілген мерзім өткенге дейін өзге кедендік рәсіммен орналастырылуға тиіс.
3. Кеден қоймасында сақталу мерзімі өткен тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 21-тарауына сәйкес ұстайды.
4. Тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен бірнеше рет орналастыру кезінде, соның ішінде осы рәсімнің декларанттары болып әр түрлі тұлғалар түскенде, тауарларды кеден қоймасында жалпы сақтау мерзімі осы баптың 1-тармағымен белгіленген мерзімнен аспауға тиіс.
232-бап. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен жасалатын операциялар
1. Бұл операциялар тауарлар жай-күйінің, орамдарының және (немесе) сәйкестендіру құралдарының өзгеруіне әкеп соқпауы шартымен, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар немесе олардың өкілдері кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті әдеттегі операцияларды жасауға, соның ішінде тауарларды қарауға және өлшеуге, оларды кеден қоймасы шегінде орындарынан ауыстыруға құқылы.
2. Кеден органының рұқсатымен кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен қарапайым жинақтау операциялары, сондай-ақ:
сынамалар мен үлгілерді іріктеп алу;
партияны бөлшектеу, жөнелтілімдерді қалыптастыру, сұрыптау, орау, қайта орау, таңбалау бойынша операциялар, тауар түрін жақсарту бойынша операциялар жасалуы мүмкін.
3. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен жасалатын барлық операциялар Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша жіктеме кодының өзгеруіне байланысты осы тауарлардың сипаттамасын өзгертпеуге тиіс.
4. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың барлығына немесе бір бөлігіне қатысты тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқықтарын беруді көздейтін мәмілелер жасалуы мүмкін.
233-бап. Кеден қоймалары және олардың түрлері
1. Кеден қоймасы болып кеден қоймасының кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды сақтауға арналған арнайы белгіленген және жайластырылған құрылым, жай және (немесе) ашық алаңша танылады.
2. Кеден қоймалары ашық немесе жабық түрде болуы мүмкін.
Егер олар кез келген тауарларды сақтау және тауарларға қатысты өкілеттіктері бар кез келген тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді болса, кеден қоймалары ашық түрдегі қоймалар болып табылады.
Егер олар кеден қоймасы иесінің тауарларын сақтауға арналған болса, кеден қоймалары жабық түрдегі қоймалар болып табылады.
Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен жабық түрдегі кедендік қоймаларда сақталуға жол берілетін тауарлардың жекелеген санаттары айқындалуы мүмкін.
3. Кеден қоймаларын орналастыру, жайластыру және жабдықтау бойынша талаптар, сондай-ақ олардың құрылу және қызмет ету тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен айқындалады.
4. Кеден органдары кеден қоймаларының тізілімін жүргізеді және оларды мерзімді жариялауды, соның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып қамтамасыз етеді.
5. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған және (немесе) кеден қоймаларында орналастырылған тауарларға қатысты есеп жүргізу және есептілік беру тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен айқындалады.
234-бап. Тауарларды кеден қоймасында сақтау
1. Басқа тауарларға зиян келтіруі мүмкін немесе сақтаудың ерекше шарттарын талап ететін тауарлар мұндай тауарларды сақтау талаптарына сәйкес жабдықталған кеден қоймаларында орналастырылуға тиіс.