3. Әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждар мүшелеріне оларды осы кемелердің борттарында пайдалану мақсатынсыз сатуға арналған керек-жарақтар оларды сату осы кемелердің борттарында жүзеге асырылуы шартымен әуе кемелерінің кеден одағының кедендік аумағында болуы кезінде сатылуы мүмкін.
4. Осы поездарды қалыпты пайдалану және техникалық қызмет көрсету үшін қажетті, поездар жолаушыларының және поезд бригадалары жұмыскерлерінің пайдалануына арналған керек-жарақтар осы поездарда, жолаушылардың және поезд бригадалары жұмыскерлерінің санына, сондай-ақ тұру ұзақтығына және жолда болу уақытына тиісті мөлшерде олардың жүру жолында немесе аралық тоқтау не кеден одағының кедендік аумағында тұру пункттерінде тұтынылуы және пайдаланылуы мүмкін.
5. Кеден органдары тасымалдаушыны су кемелерінің, әуе кемелерінің немесе поездардың кеден одағының кедендік аумағында болуы кезінде осы тараумен көзделген керек-жарақтарды пайдалану шарттарын сақтауды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолдануға міндеттеуге құқылы.
Кеден органының шешімі бойынша керек-жарақтар сақталатын орын кедендік пломбалар мен мөрлерді қою жолымен мөрленуі мүмкін.
6. Егер осы тараумен көзделген шарттар сақталса, кеден органының рұқсатымен керек-жарақтар уақытша түсірілуі, тиісінше жүктерді, жолаушыларды және (немесе) багажды халықаралық тасымалдайтын басқа да кемелерге немесе басқа да поездарға берілуі мүмкін.
7. Керек-жарақтарды осы тараумен көзделмеген мақсатта пайдалануға оларды ішкі тұтыну үшін шығарудың немесе экспорттың кедендік рәсімдерімен орналастырған кезде жол беріледі.
8-тарау. ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
366-бап. Жалпы өтпелі ережелер
1. Осы Кодекс кеден одағының кеден заңнамасымен реттелетін және оның күшіне енген күнінен бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
2. Осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін туындаған, кеден одағының кеден заңнамасымен реттелетін қатынастар бойынша осы Кодекс осы Кодекстің 367-372-баптарында көзделген ережелерді ескере отырып, оның күшіне енген күнінен бастап туындайтын құқықтар мен міндеттерге қолданылады.
3. Егер осы Кодекспен көзделген кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттары мен Кеден одағы комиссиясының шешімдері осы Кодекстің күшіне енген кезінде күшіне енбесе, олардың күшіне енгеніне дейін тиісті құқық қатынастарын реттейтін кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасы қолданылады.
367-бап. Кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға және өзге де тұлғаларға қатысты өтпелі ережелер
1. Осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін құрылған Беларусь Республикасындағы кедендік агенттер (өкілдер), Қазақстан Республикасындағы кедендік брокерлер және Ресей Федерациясындағы кедендік брокерлер (өкілдер), кедендік тасымалдаушылар, уақытша сақтау қоймаларының, кеден қоймаларының және бажсыз сауда дүкендерінің иелері осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап алты ай ішінде кеден саласындағы қызметті жүзеге асыруға құқылы.
2. Беларусь Республикасындағы кедендік агенттер (өкілдер), Қазақстан Республикасындағы кедендік брокерлер және Ресей Федерациясындағы кедендік брокерлер (өкілдер) осы баптың 1 тармағында көрсетілген мерзімде кедендік өкілдер болып танылады.
3. Осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін құрылған кедендік тасымалдаушылар осы Кодекстің 18-бабының 4-тармағына сәйкес өз мәртебесін растамастан, осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап алты ай ішінде кеден одағының кеден заңнамасымен белгіленген жағдайлар мен шарттарда кедендік бақылаудағы тауарларды кеден одағының кедендік аумағы бойынша тасымалдауды жүзеге асыруға құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері кедендік тасымалдаушыларды Кеден одағының комиссиясы қалыптастыратын кедендік тасымалдаушылардың жалпы тізіліміне енгізу туралы ақпарат және кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын құжаттың көшірмесі болған кезде қолданылады.
Кеден органдары осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін осы Кодекстің 18-бабының 3-тармағының екінші бөлігіне сәйкес кедендік тасымалдаушылардың жалпы тізілімін қалыптастыру үшін Кеден одағының комиссиясына кедендік тасымалдаушылардың тізілімін ұсынады.
4. Осы Кодекстің 13-бабының ережелері, егер оның заңнамасымен кеден өкілінің кедендік баждарды, салықтарды төлеу міндеті кедендік баждарды, салықтарды төлеушімен бірдей туындайтыны көзделсе, заңды тұлғаларды кеден өкілдерінің тізіліміне енгізу шарттары ретінде мұндай қамтамасыз етуді енгізу күніне кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген валюта бағамы бойынша бір миллион евродан кем емес балама сомадағы кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз етуді ұсыну бөлігінде кеден одағына мүше мемлекеттерде қолданылады.
Заңнамаларымен осы Кодекстің күшіне енген күніне кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша мұндай бірдей міндет көзделмесе, кеден одағына мүше мемлекеттер бір жыл ішінде өз заңнамасында кеден өкілінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет кедендік баждарды, салықтарды төлеушімен бірдей туындайтын ережелер көзделетініне міндеттенеді.
5. Беларусь Республикасы үшін осы Кодекстің 39-бабының ережелері, заңды тұлғаларға уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін беру шарттары ретінде мұндай қамтамасыз етуді енгізу күніне кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген валюта бағамы бойынша бір миллион евродан кем емес балама сомадағы кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз етуді ұсыну бөлігінде осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап он сегіз ай өткен соң күшіне енеді.
6. Беларусь Республикасында «Сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушы» мәртебесіне ие тұлғалар, Қазақстан Республикасында ең аз тәуекел санатына жатқызылған сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың тізіліміне енгізілген тұлғалар, Ресей Федерациясында оларға қатысты кедендік ресімдеудің арнайы оңайлатылған рәсімдері белгіленген тұлғалар осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап алты ай ішінде мұндай тұлғалар үшін осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен айқындалған оңайлату көлемінде осы Кодекстің 41-бабына сәйкес уәкілетті экономикалық операторға берілетін арнайы жеңілдіктерді пайдаланады.
368-бап. Кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері туралы өтпелі ережелер
1. Тауарға арналған декларацияны кеден одағының кедендік аумағындағы кез келген кеден органына беруге жол беретін кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартының күшіне енгеніне дейін:
осы Кодекстің 186-бабының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, тауарға арналған декларация оның заңнамасына сәйкес тауардың декларанты болып табылатын тұлға құрылған, тіркелген не аумағына тұрақты тұратын кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органына беріледі;
Кеден одағына мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері, өзге де ресми өкілдіктері және халықаралық ұйымдары тауарларға декларацияны олар аумағында орналасқан кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органына береді.
2. Кедендік бақылаумен уақытша сақтауда тұрған тауарларға осы Кодекстің күшінен енген күніне осы тармақтың екінші бөлігі ескеріле отырып, осы Кодекстің 25-тарауының ережелері қолданылады.
Осы Кодекстің күшіне енген күніне уақытша сақтауда тұрған тауарларды уақытша сақтау мерзімі аумағында мұндай уақытша сақтау жүзеге асырылатын кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы тауарлардың уақытша сақтауға орналастырылған күнінен бастап есептеледі.
3. Кедендік бақылаумен уақытша сақтауда тұрған тауарларға қатысты тауарға арналған декларация осы Кодекстің күшіне енген күніне аумағында мұндай уақытша сақтау жүзеге асырылатын кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы тауарлардың уақытша сақтауға орналастырылған күнінен бастап есептелетін уақытша сақтау мерзімі өткенге дейін кеден органына берілуге тиіс.
4. Кеден органы осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін оларға кедендік декларацияны қабылдаған (тіркеген) тауарлар кеден органы осы кедендік декларацияны қабылдаған (тіркеген) күніне кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген тәртіпте және шарттарда мәлімделген кедендік режиммен орналастырылуға жатады.
369-бап. Кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдау ерекшеліктері туралы өтпелі ережелер
1. Осы Кодекс күшіне енгенге дейін кеден органы оларға транзиттік декларацияны (кедендік транзит құжатын, тауарлардың жеткізілуін бақылау құжатын) қабылдаған (тіркеген) тауарларға қатысты транзиттік декларацияны (кедендік транзит құжатын, тауарлардың жеткізілуін бақылау құжатын) кеден органы қабылдаған (тіркеген) күніне кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген тәртіпте және шарттарда кедендік транзитке (тауардың жеткізілуін бақылау құжатын ресімдеу) рұқсат беру жүзеге асырылады, ал кедендік бақылаумен кеден одағының аумағы бойынша тасымалдау жүзеге асырылады және аяқталады.
2. Осы Кодекс күшіне енгенге дейін оларға қатысты кеден органы кедендік транзитке (тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаты ресімдеген) рұқсат берген тауарларды кедендік бақылаумен кеден одағының аумағы бойынша тасымалдау кедендік транзитке (тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаты ресімделген) рұқсат берілген күніне кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген тәртіпте және шарттарда жүзеге асырылады және аяқталады.
370-бап. Тауарлардың мәртебесі және кедендік рәсімдер туралы өтпелі ережелер
1. Кеден одағының кедендік аумағында орналасқан және осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін:
Беларусь Республикасында еркін айналыс, кері импорт және мемлекет пайдасына бас тарту;
Қазақстан Республикасында тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару, тауарлардың кері импорты және тауарлардан мемлекет пайдасына бас тарту;
Ресей Федерациясында тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару, кері импорт және тауарлардан мемлекет пайдасына бас тарту кедендік режимдермен орналастырылған тауарлар осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап тиісінше ішкі тұтыну үшін шығарудың, кері импорттың және мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсімдерімен орналастырылған болып саналады және оларға қатысты осы Кодекстің және (немесе) кеден одағы кеден заңнамасының өзге де актілерінің ережелері қолданылады.
2. Осы Кодекстің күшіне енген күніне кеден мақсаты үшін Беларусь Республикасында отандық тауарлардың, Қазақстан Республикасында қазақстандық тауарлардың және Ресей Федерациясында ресейлік тауарларды мәртебесі болған осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлар кеден одағының тауарлары болып танылады.
3. Осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін Беларусь Республикасында және Ресей Федерациясында экспорттың және Қазақстан Республикасында тауарлардың экспортының кедендік режимінде орналастырылған тауарлар осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған болып танылады және оларға қатысты осы Кодекстің және кеден одағы кеден заңнамасының өзге де актілерінің ережелері қолданылады.
4. Осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін:
Беларусь Республикасында кедендік аумақта қайта өңдеу және кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу;
Қазақстан Республикасында тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу, тауарларды еркін айналыс үшін қайта өңдеу және тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу;
Ресей Федерациясында кедендік аумақта қайта өңдеу, ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу және кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік режимдермен орналастырылған тауарлар осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап тиісінше кедендік аумақта қайта өңдеу, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу және ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімдерімен орналастырылған болып танылады және оларға қатысты, сондай-ақ осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін мұндай тауарларды қайта өңдеу операцияларының нәтижесінде алынған тауарларға қатысты осы баптың екінші және үшінші бөліктері ескеріле отырып, осы Кодекстің және (немесе) кеден одағы кеден заңнамасының өзге де актілерінің ережелері қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген кедендік рәсімдер тиісінше осы Кодекстің 243, 256 және 268-баптарымен анықталған мерзімдер шегінде тауарларды қайта өңдеу мерзімдерін ұзарту мүмкіндігі ескеріле отырып, тауарларды кедендік режимдермен орналастыру кезінде белгіленген мерзімдер өткенге дейін қолданыста болады.
Осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің аумағынан кеден одағына басқа бір қатысушы мемлекеттің аумағына әкелінген не кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің аумағынан кеден одағына екінші бір қатысушы мемлекеттің аумағынан әкетілген, Беларусь Республикасында отандық тауарлардың, Қазақстан Республикасында қазақстандық тауарлардың, Ресей Федерациясында ресейлік тауарлардың мәртебесі болған тауарларға қолданылған осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген кедендік режимдер осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап өзінің қолданылуын тоқтатады. Осы кедендік режимдермен орналастырылған тауарлар және мұндай тауарларды қайта өңдеу операцияларының нәтижесінде алынған тауарлар осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап кеден одағының тауарлары болып танылады.
5. Осы кодекстің күшіне енгеніне дейін кеден қоймасының кедендік режимімен орналастырылған тауарлар, экспорттың кедендік рәсіміне сәйкес әкетуге арналған тауарларды қоспағанда, кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған болып танылады және оларға қатысты осы баптың екінші және үшінші бөліктері ескеріле отырып, осы Кодекстің және кеден одағы кеден заңнамасының өзге де актілерінің ережелері қолданылады.
Осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін кедендік қойманың кедендік режимімен орналастырылған, экспорттың кедендік рәсіміне сәйкес әкетуге арналған тауарлар осы Кодекстің 234-бабының 2-тармағына сәйкес кедендік қоймаларда сақталады.
Кеден қоймасының кедендік рәсімі осы Кодекстің 231-бабымен белгіленген мерзімдер шегінде оларды ұзарту мүмкіндігі ескеріле отырып, тауарларды кеден қоймасының кедендік режимімен орналастыру кезінде белгіленген сақтау мерзімдері өткенге дейін қолданыста болады.
6. Осы Кодекс күшіне енгеніне дейін:
Беларусь Республикасында және Ресей Федерациясында уақытша әкелу және уақытша әкету;
Қазақстан Республикасында тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелу және тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкетудің кедендік режимдерімен орналастырылған тауарлар осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап тиісінше уақытша әкелудің (жіберудің) және уақытша әкетудің кедендік рәсімдерімен орналастырылған болып саналады және осы баптың екінші және үшінші бөліктері ескеріле отырып, оларға қатысты осы Кодекстің және (немесе) кеден одағы кеден заңнамасының өзге де актілерінің ережелері қолданылады.
Уақытша әкелудің (жіберудің) кедендік рәсімі осы Кодекстің 280-бабында көрсетілген мерзімдер шегінде оларды ұзарту мүмкіндігі ескеріле отырып, тауарларды уақытша әкелудің кедендік режимімен орналастыру кезінде белгіленген уақытша әкелу мерзімдері өткенге дейін қолданыста болады.
Уақытша әкетудің кедендік рәсімі осы Кодекстің 288-бабына сәйкес оларды ұзарту мүмкіндігі ескеріле отырып, тауарларды уақытша әкетудің кедендік режимімен орналастыру кезінде белгіленген уақытша әкету мерзімдері өткенге дейін қолданыста болады.
7. Осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін Беларусь Республикасында және Ресей Федерациясында кері экспорттың және Қазақстан Республикасында тауарлардың кері экспортының кедендік режимдерімен орналастырылған тауарлар осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап тиісінше кедендік кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған болып саналады және оларға қатысты осы Кодекстің және (немесе) кеден одағы кеден заңнамасының өзге де актілерінің ережелері қолданылады.
Кедендік аумақта қайта өңдеудің (тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің) кедендік режимдеріне сәйкес тауарларды қайта өңдеу бойынша операциялардың нәтижесінде алынған қайта өңдеу өнімдерін әкету мақсатында, осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін кедендік режимдермен орналастырылған тауарлар осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған болып саналады.
8. Осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін:
Беларусь Республикасында және Ресей Федерациясында жою және бажсыз сауда;
Қазақстан Республикасында тауарларды жою және бажсыз сауда дүкенінің кедендік режимдерімен орналастырылған тауарлар осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап тиісінше жою немесе бажсыз сауданың кедендік рәсімдерімен орналастырылған болып саналады және оларға қатысты осы Кодекстің және (немесе) кеден одағы кеден заңнамасының өзге де актілерінің ережелері қолданылады.
9. Осы баптың ережелері осы Кодекстің күшіне енгенінен кейін осы Кодекстің 368-бабының 4-тармағына сәйкес кедендік режимдермен орналастырылған тауарларға қолданылады.
371-бап. Көлік құралдарына қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері туралы өтпелі ережелер
Осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін мұндай көлік құралдарымен жолаушыларды және тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру кезінде кеден одағының кедендік аумағына әкелінген, шетел мемлекеттерінде тіркелген көлік құралдары осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары болып танылады және оларға осы Кодекстің 48-тарауының және (немесе) кеден одағы кеден заңнамасының өзге де актілерінің ережелері қолданылады.
Кеден одағына мүше мемлекеттерде тіркелген және осы Кодекстің күшіне енгеніне дейін мұндай көлік құралдарымен жолаушыларды және тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру кезінде кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген көлік құралдары осы Кодекстің күшіне енген күнінен бастап халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары болып танылады және оларға осы Кодекстің 48-тарауының және (немесе) кеден одағы кеден заңнамасының өзге де актілерінің ережелері қолданылады.
372-бап. Жер қойнауын пайдалану (отын-энергетикалық сектор) саласында туындаған құқық қатынастары жөніндегі өтпелі ережелер
Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында осы Кодекс күшіне енгенге дейін жер қойнауын пайдалану саласында (отын-энергетикалық сектор) туындаған және ол күшіне енгеннен кейін туындайтын құқық қатынастарына Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының оларға сәйкес тиісті келісім-шарттар қолданылатын кеден заңнамасы, ал онымен реттелмеген бөлігінде осы Кодекстің ережелері қолданылады.