3. Кеден одағы комиссиясының шешімімен өзгеше тәртіп белгіленбесе, тауарларды шығаруды кеден органының лауазымды адамы кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен, кедендік декларацияға және (немесе) коммерциялық, көліктік (тасымалдау) құжаттарға тиісті белгілерді, сондай-ақ кеден органының ақпараттық жүйелеріне тиісті мәліметтерді енгізу (қою) жолымен жүргізеді.
196-бап. Тауарларды шығару мерзімдері
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, тауарларды шығаруды кеден органы кедендік декларация тіркелген күннен кейінгі 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей аяқтауға тиіс.
Кедендік әкету баждары қолданылмайтын, кедендік экспорт рәсіміне орналастырылатын тауарларды және кедендік уақытша әкету рәсіміне орналастырылатын, тізбелерін Кеден одағының комиссиясы айқындайтын тауарларды шығаруды кеден органы тауарларға декларациялар тіркелген сәттен бастап 4 (төрт) сағаттан кешіктірмей, ал тауарларға декларациялар кеден органының жұмыс уақытының аяқталуына 4 (төрт) сағаттан аз уақыт қалғанда тіркелген жағдайда осы кеден органының жұмыс уақыты басталған сәттен бастап 4 (төрт) сағаттан кешіктірмей аяқтауға тиіс.
Көрсетілген мерзімдер кедендік бақылау жүргізу уақытын қамтиды.
2. Осы Кодекстің 193-бабына сәйкес тауарларды алдын ала кедендік декларациялауды қолданған кезде тауарларды шығаруды кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кеден органына тауарлар ұсынылған күннен кейінгі 1 (бір) жұмыс күнінен кеш емес мерзімде аяқтауға тиіс.
3. Тауарларды шығару осы Кодекстің 331-бабына сәйкес тоқтатыла тұруы мүмкін.
4.Тауарларды шығару мерзімі кеден органы басшысының (бастығының), ол уәкілеттік берген кеден органы басшысы (бастығы) орынбасарының не оларды алмастыратын адамдардың жазбаша рұқсатымен кедендік бақылау нысанын жүргізу немесе аяқтау үшін қажетті уақытқа ұзартылуы мүмкін және осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік декларация тіркелген күннен кейінгі күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспауға тиіс.
5. Кеден одағы комиссиясының шешімімен және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен тауарларды шығарудың осы баптың 1-тармағында белгіленген ұзақтығы неғұрлым аз мерзім белгіленуі мүмкін.
197-бап. Кедендік декларацияны бергенге дейін тауарларды шығару
1. Кедендік транзиттің кедендік рәсімін қоспағанда, осы Кодекстің 178-бабында көрсетілген, кеден одағының кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) тауарлардың жекелеген санаттарын кедендік рәсімдермен орналастыру кезінде, сондай-ақ, осы Кодекстің 41-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті экономикалық операторларға қатысты арнайы оңайлатуларды қолдану кезінде тауарларды шығару декларант:
1) тауарларды жөнелтуші және алушы, жөнелтуші елі және тауарлардың мақсаты туралы мәліметтер, атауы, сипаты, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша кем дегенде бірінші төрт белгі деңгейіндегі тауардың жіктеме коды, тауарлардың брутто салмағы және құны бар коммерциялық немесе өзге де құжаттарды;
2) тауарларды шығару айынан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей, оның тауарларды пайдалану мақсаты және тауарлар орналастырылатын кедендік рәсім туралы мәліметтер бар кедендік декларацияны беретіні және қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсынатыны туралы жазбаша міндеттемені;
3) мұндай құжаттар мен мәліметтердің кедендік декларацияны беру кезінде ұсынылуы мүмкін болған жағдайларды қоспағанда, тыйымдар мен шектеулерді сақтауды растайтын құжаттар мен мәліметтерді ұсыну шартымен кедендік декларацияны бергенге дейін жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Кедендік декларацияны бергенге дейін тауарларды шығару кезінде осы тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет:
1) декларантта мұндай шығару күнінен бастап;
2) Кодекстің 80-бабының 2-тармағының 1) - 7), 9) және 10) тармақшаларымен белгіленген жағдайларда және кедендік декларацияға тауарларды шығару туралы белгілер енгізу (қою) кезінде тоқтатылады;
3) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзім өткенге дейін орындалуға жатады. Бұл ретте әкелу кедендік баждарды, салықтарды есептеу мақсаты үшін кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленетін, кедендік декларацияны тіркеген күні қолданыста болған кедендік баждардың, салықтардың ставкалары және валюта бағамы қолданылады;
4) егер осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде кедендік декларацияны бергенге дейін шығарылған тауарларға қатысты кеден органы кедендік декларацияда тауарларды шығару туралы белгі енгізбеген (қоймаған) жағдайда - осы баптың 1 -тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзімнің соңғы күні орындалуға жатады. Бұл ретте Бұл ретте әкелу кедендік баждарды, салықтарды есептеу мақсаты үшін кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленетін, осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзімнің соңғы күні қолданыста болған кедендік баждардың, салықтардың ставкалары және валюта бағамы қолданылады.
3. Осы Кодекстің 178-бабында көрсетілген тауарларға қатысты, табиғи зілзаланың, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін қажетті тауарларды, бейбітшілікті ұстау не оқуларды өткізу бойынша акцияларды орындау үшін қажетті әскери мақсаттағы, сондай-ақ гуманитарлық және техникалық өнімдерді қоспағанда, оларды кедендік декларацияны бергенге дейін шығару күніне кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету ұсынылады.
4. Декларант уәкілетті экономикалық оператор болып табылатын тауарларды кедендік декларация берілгенге дейін шығару төлеуге жататын әкелу кедендік баждардың, салықтардың сомасы, егер бұл кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделсе, осы Кодекстің 39-бабына сәйкес уәкілетті экономикалық оператор ұсынған кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету сомасынан аспауы шартымен қолданылады.
198-бап. Құжаттарды, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін зерттеу не сарапшының қорытындысын алу қажет болған кезде тауарларды шығару
1. Егер кеден органдары тауарлардың сынамаларын немесе үлгілерін, егжей-тегжейлі техникалық құжаттарды зерттеу немесе кедендік декларацияда немесе кеден органдарына ұсынылған өзге де құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру мақсатымен сараптама жүргізу қажеттігі туралы шешім қабылдаса, тауарларды шығару декларанттың мұндай зерттеулерді немесе сараптамаларды жүргізу нәтижелері бойынша қосымша есептелуі мүмкін кедендік баждардың, салықтардың сомасындағы кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз етуді ұсынуы шартымен кедендік сараптама нәтижелерін алғанға дейін жүргізіледі.
2. Тауарларды шығару кеден органдары тауарларға тыйымдар мен шектеулер қолданылуы мүмкін екендігін көрсететін белгілерді тапқан жағдайда ғана және декларант оларды сақтауды растайтын дәлелдемелерді ұсынбағанда, жүргізілмейді.
199-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық немесе қылмыс анықталған кезде тауарларды шығару
1. Әкімшілік құқық бұзушылық немесе қылмыс анықталған жағдайда тауарларды шығару іс бойынша өндіріс аяқталғанға дейін немесе әкімшілік процесстің аяқталуына дейін, егер мұндай тауарлар алынбаса немесе оларға кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасы сәйкес тыйым салынбаса жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен қосымша есептелуі мүмкін кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету қажеттілігі көзделуі мүмкін.
200-бап. Шартты түрде шығарылған тауарлар
1. Оларға қатысты:
1) кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша тауарларды пайдалану және (немесе) оларға иелік ету жөніндегі шектеулермен іліктес жеңілдіктер берілген;
2) пайдалану және (немесе) оларға иелік ету жөніндегі шектеулер осы Кодекстің 195-бабы 1-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген құжаттарды тауарларды шығарғаннан кейін ұсынуға байланысты болған;
3) кеден одағына мүше мемлекет мөлшері Бірыңғай кедендік тарифте белгіленген кедендік әкелу баждары ставкаларының мөлшерінен аз кедендік әкелу баждары ставкаларын қолданған болса, ішкі тұтыну үшін кедендік шығару рәсіміне орналастырылған тауарлар шартты түрде шығарылған деп саналады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген шартты түрде шығарылған тауарлар жеңілдіктер беру шарттарына сәйкес мақсаттарда ғана пайдаланылуы мүмкін.
Осы баптың 1-тармағының 2-тармақшасында көрсетілген, шартты түрде шығарылған тауарларды үшінші тұлғаларға, оның ішінде оларды сату немесе өзгеше тәсілмен иеліктен айыру жолымен беруге тыйым салынады, ал егер көрсетілген тауарларды әкелуге шектеулер осы тауарлардың сапасын және қауіпсіздігін тексеруге байланысты болған жағдайларда оларды кез келген нысанда пайдалануға (тұтынуға) тыйым салынады.
Осы баптың 1-тармағының 3-тармақшасында көрсетілген шартты түрде шығарылған тауарлар кеден органы оларды шығаруды жүзеге асырған кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында ғана пайдаланылуы мүмкін.
3. Шартты түрде шығарылған тауарлардың шетелдік тауарлар мәртебесі болады және кедендік бақылауда болады.
4. Егер кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы баптың 1-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген тауарлар кедендік әкелу баждарының, салықтардың тиесілі сомаларын төлеу жөніндегі міндеттер тоқтатылған сәтке дейін шартты түрде шығарылған деп есептеледі.
5. Шартты түрде шығарылған тауарларға:
осы баптың 1-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарының, салықтардың тиесілі сомаларын төлеу жөніндегі міндеттер тоқтатылғаннан;
осы баптың 1-тармағының 2-тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты осы Кодекстің 195-бабының 1-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген құжаттар ұсынылғаннан;
осы баптың 1-тармағының 3-тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты Бірыңғай кедендік тарифте белгіленген кедендік әкелу баждарының ставкалары бойынша есептелген кедендік әкелу баждары сомалары мен тауарларды шығарған кезде төленген кедендік әкелу баждарының сомаларының айырмасы мөлшерінде кедендік әкелу баждары төленгеннен кейін кеден одағының тауары мәртебесін иеленеді.
Халықаралық шарттармен және (немесе) Кеден одағы комиссиясының шешімдерімен шартты түрде шығарылған тауарлар кеден одағының тауары мәртебесін иеленетін өзге мән-жайлар белгіленуі мүмкін.
6. Кеден одағының тауары мәртебесін иелену үшін шартты түрде шығарылған тауарлар ішкі тұтыну үшін кедендік шығару рәсіміне қайтадан орналастыруға жатпайды.
Осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда кедендік баждарды, салықтарды төлеу не осы Кодекстің 195-бабының 1-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген құжаттарды ұсыну тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.
7. Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарымен немесе кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен тауарларды шартты түрде шығарылған тауарларға жатқызудың өзге жағдайлары мен тәртібі белгіленуі мүмкін.
201-бап. Тауарларды шығарудан бас тарту
1. Осы Кодекстің 195-бабының 1-тармағымен белгіленген тауарларды шығарудың шарттарын сақтамаған кезде, сондай-ақ осы Кодекстің 193-бабының 6-тармағында және осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларда кеден органы тауарларды шығару мерзімі өткенге дейін кешіктірмей мұндай бас тарту үшін негіздеме болған барлық себептерді және оларды жою жөніндегі ұсынымдарды көрсете отырып, жазбаша нысанда тауарларды шығарудан бас тартады.
Тауарларды шығарудан бас тартуды ресімдеу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
2. Кеден органы:
егер әкімшілік немесе қылмыстық істі қозғауға себеп болып табылмайтын, анықталған бұзушылықтар жойылған;
анықталған бұзушылықтар жойылған, ал декларацияланатын тауарлар кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес алынбаған немесе оларға тыйым салынбаған жағдайларды қоспағанда, егер тауарларға кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдары кеден одағының кеден заңнамасын бұзушылықтарды анықтаған болса, тауарларды шығарудан бас тартады.
6-бөлім. КЕДЕНДІК РӘСІМДЕР
29-тарау. Кедендік рәсімдер туралы жалпы ережелер
202-бап. Кедендік рәсімдердің түрлері
1. Кедендік реттеу мақсатында тауарларға қатысты кедендік рәсімдердің мынадай түрлері белгіленеді:
1) ішкі тұтыну үшін шығару;
2) экспорт;
3) кедендік транзит;
4) кеден қоймасы;
5) кедендік аумақта қайта өңдеу;
6) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу;
7) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу;
8) уақытша әкелу (жіберу);
9) уақытша әкету;
10) кері импорт;
11) кері экспорт;
12) бажсыз сауда;
13) жою;
14) мемлекет пайдасына бас тарту;
15) еркін кедендік аймақ;
16) еркін қойма;
17) арнайы кедендік рәсім (кеден мақсаты үшін кеден одағының кедендік аумағында немесе одан тысқары тауарлардың жекелеген санаттарын пайдалану және (немесе) иелік ету талаптары мен шарттарын айқындайтын кедендік рәсім).
2. Осы баптың 1-тармағының 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген кедендік рәсімдер кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарымен белгіленеді.
3. Арнайы кедендік рәсім Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалған шарттарға сәйкес және тауарлардың санаттарына қатысты кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленеді.
203-бап. Кедендік рәсімді таңдау және өзгерту
1. Тұлғаның таңдауы бойынша кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар осы Кодекспен және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген тәртіпте және шарттарда белгілі бір кедендік рәсіммен орналастырылады.
2. Тұлға осы Кодекске сәйкес таңдалған кедендік рәсімді басқасына өзгертуге құқылы.
204-бап. Кедендік рәсіммен орналастыру
Тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру күні болып осы Кодексте белгіленген тәртіпте кеден органының тауарды шығарған күні саналады.
205-бап. Тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру шарттарын сақтауды растау міндеті
Тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру шарттарын сақтауды растау міндеті декларантқа жүктеледі.
206-бап. Кедендік рәсімдердің шарттарын сақтауды кедендік бақылау
1. Олармен орналастырған кезде тауарлар кеден одағы тауарларының мәртебесін алмайтын кедендік рәсімдердің шарттарын сақтауды кедендік бақылауды осы Кодекспен белгіленген тәртіппен мұндай кедендік рәсімге сәйкес аумағында тауарлар шығарылған кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органдары жүргізеді.
2. Кеден органы тауарларды шығарған мемлекеттен өзге кеден одағына мүше мемлекеттің аумағындағы осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік бақылау осы Кодекстің 17-тарауына сәйкес жүргізіледі.
207-бап. Кедендік рәсімнің шарттары мен талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілік
Декларант кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кедендік рәсімдердің шарттары мен талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікте болады.
208-бап. Кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды алу (тұтқындау) салдары
1. Кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес алу не мұндай тауарлар тұтқындалған жағдайда, осы тауарларға қатысты кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатыла тұрады.
Егер тауарларды алу не тұтқындаудың күшін жою туралы шешім қабылданса, кедендік рәсімнің қолданылуы қайта жаңғыртылады.
Кедендік рәсімнің қолданылуын қайта жаңғыртқан кезде оларды есептеу және төлеу осы бөлімге сәйкес көзделген проценттер, кедендік рәсімнің қолданылуын тоқтата тұру кезеңіне есептелмейді және төленбейді.
2. Кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды сот шешімі бойынша тәркілеу және мемлекет меншігіне айналдыру кезінде, осы тауарларға қатысты кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатылады, ал тәркіленген және мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар кеден одағы тауарларының мәртебесін алады.
3. Егер кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тұлғаны әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту оның кедендік рәсімді сақтамағандығына байланысты болса және жол берілген сақтамау аталған кедендік рәсімді одан әрі қолданудың мүмкін еместігіне әкеп соқтырса, кедендік рәсімнің қолданылуы тұлғаны жауапкершілікке тарту жөніндегі тиісті шешімнің күшіне енген күнінен кейінгі күннен бастап 15 (он бес) күнтізбелік күннің ішінде аяқталуы тиіс.
Оларға қатысты осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталмаған тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 21-тарауына сәйкес ұстайды.
30-тарау. Ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімі
209-бап. Ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімінің мазмұны
Ішкі тұтыну үшін шығару - егер осы Кодекспен өзге белгіленбесе, онымен орналастырған кезде шетелдік тауарлар кеден одағының кедендік аумағында оларды пайдалану және билік ету бойынша шектеулерсіз болатын кедендік рәсім.
210-бап. Тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Тауарлар мына шарттарды сақтаған кезде ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылады:
1) егер тарифтік артықшылықтар, кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер белгіленбесе, әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеу;
2) шектеулер мен тыйымдарды сақтау;
3) арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемдік шараларды қолдануға байланысты шектеулерді сақтауды растайтын құжаттар.
2. Көрсетілген шарттарды орындаған кезде тауар кеден одағы тауарларының мәртебесін алады.
3. Тауарларды пайдалану және (немесе) иелік ету бойынша шектеулермен ұштасқан кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер берілген кезде тауарлар осы Кодекстің 200-бабына сәйкес шартты түрде шығарылуға жатады және шетелдік тауарлар мәртебесін сақтайды.
211-бап. Ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы, тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Декларантта ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет кеден органының кедендік декларацияны тіркеген кезінен бастап туындайды.
2. Декларантта әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет:
1) ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты, - осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда;
2) бұл тауарларды пайдалану және (немесе) иелік ету бойынша шектеулермен ұштасқан кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді пайдалана отырып, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты:
егер тауарларды пайдалану және (немесе) иелік ету бойынша шектеулерді қолданудың өзге де мерзімі белгіленбесе, бұл кезеңде осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасымен белгіленген кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімінің келмеуі шартымен ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарған күннен бастап бес жыл өткеннен соң;
бұл кезеңде осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасымен белгіленген кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімінің келмеуі шартымен тауарларды пайдалану және (немесе) иелік ету бойынша шектеулерді қолданудың өзге де белгіленген мерзімі өткен соң;
мұндай тауарларды мемлекет пайдасына бас тартудың немесе жоюдың кедендік рәсімдерімен орналастыру кезінде ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарған күннен бастап бес жылдың ішінде не жеңілдікті қолданудың өзге де белгіленген мерзімі ішінде - тауарларды мемлекет меншігіне қабылдауды не оны жоюды растайтын құжатты кеден органына ұсынған кезден бастап;
бес жылдың ішінде не ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарған күннен бастап жеңілдікті қолданудың өзге де белгіленген мерзімі ішінде болған, осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағымен белгіленген жағдайларда;
мұндай орналастыруға дейін осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасымен белгіленген кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімінің келмеуі шартымен шартты түрде шығарылған тауарларды кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырған кезде тоқтатылады.
3. Әкелу кедендік баждар, салықтар мынадай мерзімдерде төлеуге жатады:
1) ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты, - ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарғанға дейін;
2) мұндай тауарларды пайдалану және (немесе) иелік ету бойынша шектеулермен ұштасатын кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді пайдалана отырып, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты:
мұндай жеңілдіктерді қолданудан бас тартқан жағдайда - тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияға жеңілдікті пайдаланудан бас тарту бөлігінде өзгерістер енгізгенге дейін;
мұндай жеңілдіктерді пайдалануға байланысты белгіленген бұл тауарларды пайдалану және (немесе) иелік ету бойынша шектеулерді бұзатын немесе жеңілдіктер беру шарттарына сәйкес келетін мақсаттарды бұзатын тауарлармен іс-әрекеттер жасаған жағдайда, - көрсетілген іс-әрекеттерді жасаған бірінші күні, ал егер бұл күн белгіленбесе - кеден органы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күні төлеуге жатады.
31-тарау. Экспорттың кедендік рәсімі
212-бап. Экспорт кедендік рәсімінің мазмұны
1. Экспорт - кеден одағының тауарлары кеден одағының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетілетін және одан тысқары жерлерде тұрақты болатын кездегі кедендік рәсім.
2. Экспорттың кедендік рәсімімен орналастыруға бұрын уақытша әкетудің немесе кедендік аумақтық тыс жерлерде қайта өңдеудің кедендік рәсімдерімен орналастырылған тауарларға оларды кеден органдарына іс жүзінде ұсынбастан жол беріледі.
213-бап. Тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Тауарлар экспорттың кедендік рәсіміне мынадай шарттар сақталған кезде:
1) егер әкету кедендік баждарды төлеу бойынша жеңілдіктер белгіленбесе, әкету кедендік баждарды төлегенде;
2)тыйым салулар мен шектеулер сақталғанда;
3) үшінші елдерге қатысты әкету кедендік баждарын қолдану мәселелерін реттейтін кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес Кеден одағының комиссиясы қалыптастыратын тауарлардың жиынтық тізбесіне енгізілген тауарларға қатысты тауардың шығуы туралы сертификат ұсынылғанда орналастырылады.
2. Экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған және кеден одағының кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген тауарлар кеден одағы тауарының мәртебесін жоғалтады.
214-бап. Экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты әкету кедендік баждарды төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Декларантта экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты әкету кедендік баждарды төлеу бойынша міндет кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларантта экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты әкету кедендік баждарды төлеу бойынша міндет осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағымен белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Егер осы Кодекспен өзге мерзім белгіленбесе, әкету кедендік баждар экспорттың кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарғанға дейін төлеуге жатады.
32-тарау. Кедендік транзиттің кедендік рәсімі
215-бап. Кедендік транзит туралы жалпы ережелер
1. Кедендік транзит - оған сәйкес кеден одағының кедендік аумағы бойынша тауарлар кедендік бақылаумен, оның ішінде кеден одағына қатысушы болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы жөнелтуші кеден органынан межелі кеден органына дейін тарифтік емес реттеу мен техникалық реттеу шараларын қоспағанда, тыйым салулар мен шектеулерді қолдана отырып, кедендік баждарды, салықтарды төлеместен тасымалданатын кедендік рәсім.
2. Кедендік транзит:
1) келу жеріндегі кеден органынан кету жеріндегі кеден органынан дейін шетелдік тауарларды;
2) келу жеріндегі кеден органынан ішкі кеден органына дейін шетелдік тауарларды;
3) шетелдік тауарларды, сондай-ақ егер бұл осы баптың 5-тармағына сәйкес көзделген болса, ішкі кеден органынан кету жеріндегі кеден органынан дейін кеден одағының тауарларын;
4) бір ішкі кеден органынан басқа ішкі кеден органына дейін шетелдік тауарларды;
5) кеден одағына қатысушы болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы кету жеріндегі кеден органынан келу жеріндегі кеден органына дейін кеден одағының тауарларын тасымалдау кезінде қолданылады.
3. Егер әуе көлігі халықаралық рейс жасау уақытында келу жерінде тауарларды ішінара тиместен (түсірместен) аралық немесе мәжбүрлі түрде (техникалық) қонса, кедендік транзит әуе көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты қолданылмайды.
Халықаралық почта жөнелтілімдерімен, құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша тасымалданатын тауарларға қатысты кедендік транзит осы Кодекспен белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, қолданылады.
Кеден одағының кедендік аумағы бойынша теміржол көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты кедендік транзит ерекшеліктері кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартымен айқындалады.
Теңіз көлігімен өткізілетін тауарларға қатысты, сондай-ақ осы баптың 2-тармағының 2) және 4) тармақшаларына сәйкес кеден одағына мүше бір мемлекеттің ғана аумағы арқылы өткізілетін тауарларды тасымалдау кезінде осындай кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен кедендік транзиттің ерекшеліктері белгіленуі мүмкін.
4. Кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кедендік декларациялауды осы Кодекстің 186-бабының 1 және 3-тармақтарында көрсетілген тұлғалар жүзеге асырады.
5. Егер осы Кодекспен және (немесе) Кеден одағының комиссиясымен өзге көзделмесе, экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кедендік транзиттің кедендік рәсіміне орналастырылмастан кеден одағының кедендік аумағы бойынша тасымалданады.
6. Осы тарауды қолдану мақсаты үшін халықаралық тасымалдаудың көлік құралы деп кеден одағының кедендік аумағы бойынша шегінен шықпастан онымен тауарлар тасымалданатын көлік құралы да түсініледі.