2. Тауарларды кедендік декларациялауды декларант, не декларанттың атынан және оның тапсырысы бойынша әрекет ететін кедендік өкіл жүргізеді.
3. Кедендік декларациялау жазбаша және (немесе) электронды насандарда кедендік декларацияны қолдана отырып жүргізіледі.
180-бап. Кедендік декларация
1. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде тауарларды алып өтуші тұлғалар мен мәлімделген кедендік рәсімдерге байланысты кедендік декларацияның сынадай түрлері қолданылады:
1) тауарларға арналған декларация;
2) транзиттік декларация;
3) жолаушылар кедендік декларациясы;
4) көлік құралының декларациясы.
Кедендік декларацияны толтыру нысандары мен тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
2. Кедендік декларацияда көрсетілуге тиіс мәліметтер тізбесі кедендік төлемдерді есептеу мен ендіру, кедендік статистиканы қалыптастыру және кеден одағының кеден заңнамасын және кеден одағына мүше мемлекеттердің басқа заңнамаларын қолдану мақсаты үшін қажетті мәліметтермен ғана шектеледі.
3. Тауарлар декларациясы мен транзиттік декларацияда көрсетілуге тиіс мәліметтер кедендік рәсімге, тауардың түріне, алып ету үшін қолданылатын көлік түріне, тауарларды алып өтуші тұлғалар санатына байланысты Кеден одағы комиссиясының шешімімен не кеден одағына қатысушы мемлекеттердің заңнамасында, егер бұл Кеден одағы комиссиясының шешімінде көзделсе, қысқартылуы мүмкін.
Жолаушылардың кедендік декларациясында және көлік құралының декларациясында көрсетілуге тиіс мәліметтер Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
4. Кедендік декларация ретінде көлік (тасымал), коммерциялық және (немесе) кедендік рәсімге сәйкес тауарды шығару үшін қажетті мәліметтері бар өзге құжаттар, осы Кодекспен және Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын жағдайлар мен тәртіпте қолданылуы мүмкін.
5. Кедендік декларация осы Кодекске сәйкес электронды құжат түрінде ұсынылуы мүмкін.
Кедендік декларацияны электронды құжат түрінде ұсыну және қолдану тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
6. Кедендік декларацияны жазбаша нысанда тапсыру, егер осы Кодексте, Кеден одағы комиссиясының шешімінде не жағдайларда Кеден одағы комиссиясының шешімінде көзделген кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленбесе, кеден органына оның электронды нұсқасын ұсынумен ілесіп отыру қажет.
Кедендік декларацияның электронды құрылымы мен нысаны, сондай-ақ оны ұсыну және қолдану тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
181-бап. Тауарларға арналған декларация
1. Кедендік рәсімдерге орналастырылған кезде, кедендік транзит рәсімін қоспағанда, кеден органына тауар декларациясы ұсынылады.
2. Тауарлар декларациясында мынадай негізгі мәліметтер, оның ішінде кодталған түрде:
1) мәлімделетін кедендік рәсім;
2)декларант, кедендік өкіл, тауарды жөнелтуші және алушы туралы мәліметтер;
3) тауарларды халықаралық тасымалдауда қолданылатын көлік құралдар туралы және (немесе) оларды кеден одағының кедендік аумағында кедендік бақылаумен тасымалдау туралы мәліметтер;
4) тауарларды халықаралық тасымалдауда қолданылатын көлік құралдар туралы және (немесе) оларды кеден одағының кедендік аумағында кедендік бақылаумен тасымалданған (тасымалданатын) көлік құралдар туралы мәліметтер;
5) тауарлар туралы мәліметтер:
атауы;
сипаттамасы;
Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарлардың жіктеу коды;
шыққан елінің атауы;
жөнелткен (межелі) ел атауы;
орама сипаттамасы (саны, түрі, таңбалау және реттік саны);
килограммға шаққанда саны (брутто салмағы және нетто салмағы) және де өзге өлшеу бірліктерінде;
кедендік құн;
статистикалық құны;
6) кедендік төлемдердің есептелуі туралы мәліметтер:
кедендік баж, салық, кедендік алым ставкалары;
кедендік төлемдерді төлеу бойынша жеңілдікті пайдалану;
кедендік бажды, салықты, кедендік алымдарды есептеу сомасы;
Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленетін және осы Кодекске сәйкес кедендік төлемдерді есептеуде қолданылатын валюталар бағамы;
7) сыртқы экономикалық мәміле және оның негізгі шарттары туралы мәліметтер;
8) шектеулердің сақталуы туралы мәліметтер;
9) тауар өндіруші туралы мәліметтер;
10) тауарларды кедендік рәсімге орналастыру шарттарын сақтау туралы мәліметтер;
11) осы Кодекстің 183-бабына сәйкес ұсынылатын құжаттар туралы мәліметтер;
12) тауарлар декларациясын қалыптастырушы тұлға туралы мәліметтер;
13) тауарлар декларациясын қалыптастыру күні мен орны көрсетіледі.
182-бап. Транзиттік декларация
1. Тауарды кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастыру кезінде кеден органына транзиттік декларация ұсынылады.
2. Транзиттік декларация ретінде көлік (тасымал), коммерциялық және (немесе) халықаралық келісімдермен белгіленген, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтері бар басқа да құжаттар ұсынылуы мүмкін.
3. Транзиттік декларацияда мыналар:
1) көлік (тасымал) құжатына сәйкес тауарды жөнелтуші, алушы туралы;
2) жөнелтуші ел, тауардың межелі елі туралы;
3) декларант туралы;
4) тасымалдаушы туралы;
5)тауарлар тасымалданатын халықаралық тасымалдың көлік құралы туралы;
6) көлік (тасымал), коммерциялық құжаттарға сәйкес тауардың атауы, саны, құны туралы;
7) тауарларды кодтау және сипаттаудың Үйлестірілген жүйесіне немесе Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының алғашқы алты белгісінен кем емес деңгейдегі тауар коды туралы;
8) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының немесе Тауарларды кодтау және сипаттаудың үйлестірілген жүйесінің әрбір коды бойынша тауардың брутто салмағы немесе көлемі, сондай-ақ өзге өлшеу бірліктеріндегі тауар саны туралы (мұндай мәліметтер болған жағдайда);
9) жүк орындарының саны;
10) көлік (тасымал) құжатына сәйкес тауардың межелі пункті туралы;
11) тауарлардың кеден шекарасы арқылы өтуімен байланысты шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар туралы, егер мұндай алып ету осы құжаттар болған жағдайда рұқсат етілсе;
12) жолда жоспарланған тауарларды қайта тиеу немесе жүк операциялары туралы мәліметтер болуы тиіс.
Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген, транзиттік декларация ретінде қабылданатын құжаттарда осы тармақта көрсетілген барлық мәліметтер қамтылмаса, жетіспейтін мәліметтер, осындай транзиттік декларацияға қоса берілетін не онымен бірге келе жатқан, кеден органына ұсынылатын құжаттарда қамтылуға тиіс.
4. Кеден органа декларанттан осы баптың 3-тармағында көрсетілгендерден басқа мәліметтерді талап етуге құқығы жоқ.
5. Кеден органы транзиттік декларацияны, оның ішінде кеден органдарында қолданылатын ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологияларды қолдана отырып тіркейді.
Транзиттік декларацияны ұсыну және тіркеу Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
183-бап. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде құжаттарды ұсыну
1. Егер осы Кодекспен өзге белгіленбесе, кедендік декларацияны беру кеден органына олардың негізінде кедендік декларация толтырылған құжаттарды ұсынумен сүйемелденуі қажет.
Мұндай құжаттарға:
1) кедендік декларацияны беретін тұлғаның өкілеттіктерін растайтын құжаттар;
2) сыртқы экономикалық мәміле жасалғанын растайтын құжаттар, ал сыртқы экономикалық мәміле болмаған жағдайда - тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға иелік ету құқығын растайтын өзге құжаттар, сондай-ақ декларанттың иелігіндегі өзге де коммерциялық құжаттар;
3) көліктік (тасымал) құжаттары;
4) тыйымдар мен шектеулердің сақталуын растайтын құжат;
5) арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемдік шараларды қолдануға байланысты шектеулердің сақталуын растайтын құжат;
6) осы Кодекспен көзделген жағдайларда, тауарлардың шыққан елін растайтын құжат;
7) сыртқы экономикалық қызметтің Тауар номенклатурасы бойынша тауарды жіктеу коды мәлімделген құжаттар;
8) кедендік төлемдердің төленгенін және (немесе) қамтамасыз етілуін растайтын құжат;
9) кедендік төлемдерді төлеу бойынша жеңілдік құқығын, кедендік баждан, салықтардан толық немесе жартылай босатудың осы Кодекспен белгіленген кедендік рәсімдерге сәйкес, не кедендік баж, салықтарды есептеу үшін базаны (салық базасын) азайту қолданылғанын растайтын құжаттар;
10) кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімінің өзгертілгенін растайтын құжаттар;
11) тауарлардың мәлімделген құнын және тауарлардың кедендік құнын анықтау үшін таңдалған әдісті растайтын құжаттар;
12) кеден одағына мүше мемлекеттердің валюталық заңнамасына сәйкес валюталық бақылау саласындағы талаптардың сақталуын растайтын құжат;
13) тауарларды автомобиль көлігімен кедендік транзит рәсімімен тасымалдаған жағдайда халықаралық тасымалдың көлік құралының тіркелуін және ұлттық тиесілілігін растайтын құжат жатады.
Егер осы тармақта көрсетілген құжаттарда кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер болмаса, олардың негізінде кедендік декларация толтырылған құжаттар ұсынылады.
Тауарларға декларация берген кезде кедендік әкету баждары қолданылмайтын тауарларды кедендік экспорт рәсіміне орналастыру үшін осы тармақтың 1), 2), 5), 8), 9), 13) тармақшаларында, сондай-ақ мұндай құжаттар болған жағдайда осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген құжаттардан өзге құжаттарды кеден органына ұсыну талап етілмейді.
2. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде ұсынылатын құжаттар тізбесі кедендік декларациялау нысанына (жазбаша, электрондық), кедендік декларацияны, кедендік рәсімдер түрлеріне, тауарлар мен тұлғалар санатына байланысты ) кеден одағының кеден заңнамасына немесе кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қысқартылуы мүмкін.
3. Егер солардың негізінде кедендік декларация толтырылған жекелеген құжаттарды кедендік декларация ұсынылған сәтте тапсыру мүмкін болмаса, декларанттың дәлелді жүгінуі бойынша кеден органы мұндай құжаттарды тауар шығарылғанға дейін, ал кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген жағдайларда - тауарлар шығарылғаннан кейін тапсыруға рұқсат етеді.
4. Тауарларды кедендік ресімдеу кезінде құжаттардың түпнұсқасы не олардың көшірмесі ұсынылады. Кеден органы кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген жағдайларда, ұсынылған құжаттар көшірмелерінің олардың түпнұсқаларына сәйкестігін тексеруге құқылы.
Егер тауарларды кедендік декларациялау кезінде кеден органына кедендік декларациялауда қолданылатын құжаттар бұрын тапсырылған жағдайда, осы құжаттардың көшірмесін ұсыну, не мұндай құжаттардың кеден органына тапсырылғаны жөнінде мәліметтерді көрсету жеткілікті.
5. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде құжаттар осы Кодекске сәйкес, электрондық құжат түрінде ұсынылуы мүмкін.
Электронды құжаттарды ұсыну және қолдану тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
6. Кедендік декларацияны электронды нысанда тапсыру кедендік декларацияны толтыруға негіз болған құжаттардың, оның ішінде осы Кодекстің 240, 253, 265, 294, 299, 308-баптарымен белгіленген құжаттарды ұсынумен сүйемелдеудің қажеттілігі жоқ, егер, мұндай құжаттар кеден органына бұрын ұсынылған болса, олар кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кейіннен тапсырылуы мүмкін.
7. Кеден органдары кедендік декларациялау кезінде кеден одағына мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілінде немесе шет тілінде қалыптастырылған құжаттар мен мәліметтерді қолдануы және қабылдауы мүмкін.
Кеден органы кедендік декларациялау кезінде мұндай құжаттар кеден органына ұсынылатын, кеден одағына мүше мемлекеттің мемлекеттік тілі болып табылмайтын тілде толтырылған құжаттардағы мәліметтерді аударып беруді талап етуге құқылы.
184-бап. Кедендік декларациялау кезінде кедендік рәсімдердің шарттарына сәйкес ұсынылатын қосымша құжаттар
Тауарларды кедендік декларациялау кезінде мәлімделген кедендік рәсімдердің шарттарына сәйкес осы Кодекстің 183-бабында көрсетілген құжаттарға қосымша осы Кодекстің 240, 253, 265, 294, 299 және 308-баптарында, ал кедендік рәсімдерді белгілеген жағдайда:
осы Кодекстің 202-бабының 2-тармақшасына сәйкес - кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарында;
осы Кодекстің 202-бабының 3-тармағына сәйкес - кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген құжаттар ұсынылады.
185-бап. Кедендік декларацияны ұсыну мерзімдері
1. Егер осы Кодекспен өзге белгіленбесе, кеден одағының кедендік аумағына әкелінген тауарларға кедендік декларация, тауарларды уақытша сақтау мерзімі біткенге дейін тапсырылады.
2. Егер осы Кодекспен өзге белгіленбесе, кеден одағының кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға кедендік декларация олардың кеден одағының кедендік аумағынан кеткеніне дейін тапсырылады.
3. Оларға қатысты оларды қайтару туралы шешім шығарылған және оларды осы Кодекске сәйкес кедендік декларациялауға жататын әкімшілік құқық бұзушылықтың немесе қылмыстың қаруы, жасау құралы немесе заты болып табылған тауарларға қатысты кедендік декларация:
1) қылмыстық (әкімшілік) жауапкершіліктен босату туралы шешім;
2) әкімшілік жауапкершіліктен босату туралы кеден органының (лауазымды тұлғаның) шешімі;
3) қылмыстық (әкімшілік) іс бойынша өндірісті тоқтату туралы соттың немесе кеден органының (лауазымды тұлғаның)шешімі;
4) қылмыстық (әкімшілік) жауапкершілікке тарту туралы соттың немесе кеден органының (лауазымды тұлғаның) шешімі заңды күшіне енген күнінен бастап 30 (отыз) күн ішінде беріледі.
4. Оларға қатысты кедендік декларация белгіленген мерзімде берілмеген, осы баптың 3-тармағында көрсетілген тауарларды кеден органдары осы кодекстің 21-тарауына сәйкес ұстайды.
186-бап. Декларант
Декларант:
1) кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы;
сыртқы экономикалық мәмілені жасасқан не оның атынан (тапсыруымен) осы мәміле жасалған;
сыртқы экономикалық мәміле жасалмаған кезде - иелену, пайдалану, және (немесе) тауарларды билеу құқығы бар;
2) шетелдік тұлғалар:
жеке пайдалануы үшін тауарларды алып өтетін жеке тұлға;
осы Кодекстің 45-тарауына сәйкес кедендік жеңілдіктерді пайдаланатын тұлға;
уақытша әкелу, кері экспорт, сондай-ақ осы өкілдіктердің жеке мұқтаждықтары үшін әкелінетін тауарларға ғана қатысты ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне мәлімдеген кезде- кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында белгіленген тәртіппен құрылған өкілдігі бар ұйым;
бір тарапы болып Кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы шығатын мәміле шеңберінде емес, билеу құқығы бар тұлға;
3) кедендік транзиттің кедендік рәсімін мәлімдеу үшін - осы баптың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар, сондай-ақ:
тасымалдаушы, оның ішінде кедендік тасымалдаушы;
егер ол кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы болып табылса, экспедитор.
187-бап. Декларанттың құқықтары
Тауарларды кедендік декларациялау кезінде және тауарды кедендік рәсімге орналастыру үшін қажетті кедендік операцияларды жасау кезінде декларант:
1) кедендік бақылаудағы тауарларды қарауға, өлшеуге және жүк операцияларын орындауға;
2) кедендік бақылаудағы тауарлардың сынамалары мен үлгілерін осы Кодекстің 155-бабында көзделген шарттар сақталған жағдайда кеден органының рұқсатымен алуға;
3) кеден органдарының лауазымды тұлғалары тауарларды кедендік қарау мен тексеріп қарауы кезінде және тауарлардың үлгілері мен сынамаларын алғанда қатысуға;
4) өздері декларациялайтын тауарлардың кеден органдарында бар үлгілері мен сынамаларының қорытындысымен танысуға;
5) осы Кодекске сәйкес құжаттар мен мәліметтерді электронды құжат түрінде ұсынуға;
6) кеден органдарының және лауазымды тұлғалардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
7) өзі декларациялайтын тауары туралы мәліметтерді нақтылау үшін сарапшыларды тартуға;
8) осы Кодексте көзделген басқа да құқықтар мен құзыреттілікті пайдалануға құқылы.
188-бап. Декларанттың міндеттері
Тауарларды кедендік декларациялау кезінде және тауарды кедендік рәсімге орналастыру үшін қажетті кедендік операцияларды жасау кезінде декларант:
1) тауарларды кедендік декларациялау жүргізуге;
2) егер кеден одағының кеден заңнамасымен өзге белгіленбесе, кеден органына, олардың негізінде кедендік декларация толтырылған құжаттарды, ұсынуға;
3) декларацияланатын тауарларды осы Кодексте көзделген жағдайларда, не кеден органының талабы бойынша ұсынуға;
4) осы Кодекске сәйкес кедендік төлемдерді төлеуге және (немесе) олардың төленуін қамтамасыз етуге;
5)тиісті кеден рәсімінде тауарларды қолдану шарты мен талаптарын сақтауға;
6) осы Кодекске сәйкес өзге талаптарды орындауға міндетті.
189-бап. Декларанттың жауапкершілігі
Декларант осы Кодекстің 188-бабында көзделген міндеттерді орындамағаны, сондай-ақ декларацияда көрсетілген, оның ішінде кеден органдары тауарларды тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып шығару туралы шешім қабылдаған кезде дәйектемесіз мәліметтерді мәлімдегені үшін кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жауапты болады.
190-бап. Кедендік декларацияны беру және тіркеу
1. Кедендік декларацияны декларант немесе кедендік өкіл кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кедендік декларацияны тіркеуге құқылы кеден органына тапсырылады.
2. Кедендік декларацияны, оның электронды көшірмесін, қажетті құжаттарды тапсырған күні мен уақыты кеден органымен, оның ішінде ақпараттық технологияларды қолдана отырып тіркеледі.
3. Кеден органы кедендік декларацияны Кеден одағының комиссиясы айқындайтын тәртіппен кедендік декларация ұсынылған сәттен бастап екі сағаттан аспайтын мерзімде тіркейді немесе тіркеуден бас тартады.
4. Кеден органы кедендік декларацияны тіркеуден:
1) кедендік декларация кедендік декларацияны тіркеуге құқылы кеден органына тапсырылған;
2) кедендік декларация уәкілетті емес тұлғамен берілген;
3) кедендік декларацияда осы Кодекстің 180-182-баптарымен көзделген қажет мәліметтер көрсетілмеген;
4) кедендік декларацияға қол қойылмаған не тиісінше ресімделмеген немесе куәландырылмаған;
5) декларацияланатын тауарларға қатысты осы Кодекске сәйкес тапсырғанға дейін немесе декларацияны ұсынғанда жасалатын әрекеттер жасалмаған жағдайда бас тартады.
5. Кедендік декларацияны тіркеуден бас тарту кеден органының лауазымды тұлғасымен жазбаша нысанда бас тарту себебін көрсете отырып ресімделеді.
Кедендік декларацияны тіркеуден бас тартқан жағдайда, кедендік декларация және ұсынылған құжаттар декларантқа не кедендік өкілге қайтарылады.
6. Егер кедендік декларацияны кеден органы тіркемесе ондай декларация кедендік мақсатта тапсырылмаған болып саналады.
7. Тіркелген сәттен бастап кедендік декларация заңды мағынасы бар фактілерді куәландыратын құжат болып саналады.
8. Осы баптың 2-3-тармақтарының ережелері кедендік транзит рәсіміне орналастырылатын тауарларды кедендік декларациялау кезінде қолданылмайды.
191-бап. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту және толықтыру
1. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер кеден органының рұқсаты бойынша декларанттың дәлелді жазабаша жүгінуі бойынша тауарлар шығарылғанға дейін келесі шарттар сақталғанда өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін:
егер енгізілген өзгертулер мен толықтырулар тауарды шығару туралы шешім қабылдауға әсер етпесе, және кедендік төлемдердің сомасын анықтауға әсер ететін мәліметтерді өзгертуге соқтырмаса, кедендік құнды түзетуді және тыйымдар мен шектеулерді сақтағанда;
декларант жүгінгенге дейін кеден органы оны кедендік қарауды өткізу орны мен уақыты туралы хабардар етпесе, және (немесе) тауарға қатысты кедендік бақылаудың басқа нысандарын қолдану жөнінде шешім шығармаса;
тіркелген кедендік декларациядағы мәліметтерді өзгерту және толықтыру тіркелген кедендік декларациясында мәлімделген тауар туралы мәліметтерден басқа мәліметті мәлімдеуге жол бермейді.
2. Тауар шыққаннан кейін кедендік декларациясындағы мәліметтерді өзгерту және толықтыру Кеден одағының комиссиясының шешімі айқындайтын жағдайлар мен тәртіпте рұқсат етіледі.
3. Кеден органдарының өз бетінше, тұлғаның тапсырмасы немесе сұрауы бойынша кеден декларациясын толтыруға, онда көрсетілген мәліметтерді өзгертуге немесе толықтыруға, енгізуі кеден органдарының құзыретіне енетіндерді, сондай-ақ кедендік құнды түзетуді және тауарды шығарғаннан кейін кедендік төлемдердің сомасын анықтауға әсер ететін мәліметтерді өзгертуге, және кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес тыйымдар мен шектеулерді сақтауды қоспағанда, құқығы жоқ.
192-бап. Кедендік декларацияны кері шақыру
1. Декларанттың жазабаша жүгінуі бойынша тіркелген шетелдік тауарларға кедендік жүк декларациясы кеден органы тауарды шығару туралы шешім қабылдағанға дейін кері шақырылуы мүмкін.
Кедендік декларацияны кері шақырған кезде жаңа декларация тауарларды уақытша сақтау мерзімі шегінде ұсынылуы қажет.
Кедендік декларацияны осы пункттің екінші бөлігінде көрсетілген мерзімде ұсынбаған жағдайда тауарлар осы Кодекстің 21-тарауына сәйкес кеден органымен ұсталады.
2. Декларанттың жазбаша жүгінуі бойынша кеден одағының тауарларының кедендік декларациясы тауарлардың кеден одағының кедендік аумағынан нақты шыққанға дейін кері шақырылуы мүмкін.
Кеден одағының тауарларына кедендік декларацияны кері шақыру үшін кері шақыру туралы өтініште тауардың тұрған жері көрсетілуі тиіс.
3. Егер декларанттың өтінішін алғанға дейін кеден органы кедендік декларацияда мәлімделген тауарларға кедендік тексеріп қарауды жүргізу орны мен уақыты туралы декларантты хабардар етпесе және (немесе) әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын кеден одағының кеден заңнамасын бұзушылықтарды анықтамаса, кедендік декларацияны қайтарып алуға кеден органының жазбаша рұқсатымен жол беріледі.
Кедендік декларация тауарды кедендік тексеруді жүргізгеннен кейін, егер мұндай тексеру нәтижесінде әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке соқтыратын кеден заңнаманы бұзушылық анықталмаса кері шақырылуы мүмкін.
193-бап. Тауарларды алдын ала кедендік декларациялау
1. Кедендік декларация шетелдік тауарларға қатысты оларды кеден одағының кедендік аумағына әкелгенге дейін ұсынылуы мүмкін.
2. Егер кедендік мақсаттар үшін тауарларға ілеспе көліктік (тасымалдаушы) немесе коммерциялық құжаттардың пайдаланылуы тиіс болса, тауарларды алдын ала кедендік декларациялау кезінде кеден органы бұл құжаттардың декларант растаған көшірмелерін немесе бұл құжаттардағы мәліметтерді электронды түрде қабылдайды және тауарларды кеден органдарына көрсеткеннен кейін аталған құжаттардың көшірмелеріндегі мәліметтерді құжаттардың түпнұсқаларындағы, соның ішінде электрондық құжаттардағы мәліметтермен салыстырады.
3. Алдын ала кедендік декларациялау кезінде кедендік декларацияда өз сипаты бойынша тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелгенге және (немесе) оларды кеден органына көрсеткенге дейін декларантқа белгілі бола алмайтын мәліметтер жоқ болуы мүмкін.
Мұндай мәліметтер кедендік декларацияға тауарларды Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленген тәртіппен шығару туралы шешім қабылданғанға дейін енгізілуі тиіс.
4. Көліктік (тасымалдау) немесе коммерциялық құжаттар негізінде бұрын мәлімделгеннен өзгеше құндық, сандық немесе салмақтық көрсеткіштер өзгерген жағдайда, міндетті түрде құнның, санның немесе салмақтың өзгергенін растайтын құжаттар ұсынылады.
5. Егер тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелгеннен кейін декларант бұрын мәлімделгеннен өзгеше құндық, сандық немесе салмақтық көрсеткіштердің сәйкессіздігін тапқан жағдайда, декларант осы Кодекстің 192-бабында көзделген тәртіппен кедендік декларацияны қайтарып алуға құқылы.
6. Егер тауарлар кедендік декларацияны тіркеген кеден органына не кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген өзге кеден органына оны тіркеген күннен кейінгі күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде көрсетілмесе немесе бұл мерзім ішінде тыйым салулар мен шектеулер енгізілсе, кеден органы мұндай тауарларды шығарудан бас тартады.
194-бап. Тауарларды кедендік декларациялаудың ерекшеліктері
Кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тауарлардың және оларды өткізетін тұлғалардың санаттарына, соның ішінде мына жағдайларда:
1) егер декларантта кедендік декларациялау үшін қажетті нақты мәліметтер болмаса;
2) тауарларды бір тұлға белгілі бір уақыт кезеңі ішінде кедендік шекара арқылы тұрақты түрде өткізу кезінде;
3) тауарларды құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша өткізген кезде;
4) тауарларды жиналмаған немесе бөлшектелген түрде, соның ішінде жиынтықталмаған немесе аяқталмаған түрде белгіленген уақыт кезеңі ішінде өткізу кезінде тауарларды кедендік декларациялаудың ерекшеліктері белгіленуі мүмкін.
28-тарау. Тауарларды шығару
195-бап. Тауарларды шығару үшін негіздемелер және тауарларды шығару тәртібі
1. Кеден органы тауарларды шығаруды мына шарттар сақталған кезде:
1) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес көрсетілген құжаттарды тауарлар шығарылғаннан кейін ұсынуға болатын жағдайларды қоспағанда, кеден органына осы Кодекске және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің өзге де халықаралық шарттарына сәйкес тауарларды шығару үшін қажетті лицензиялар, сертификаттар, рұқсаттар және (немесе) өзге де құжаттар ұсынылғанда;
2) осы Кодекске сәйкес, ал кедендік рәсімдерді белгілеген кезде:
осы Кодекстің 202-бабының 2-тармақшасына сәйкес - кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына;
осы Кодекстің 202-бабының 3-тармағына сәйкес - кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тұлғалар тауарларды таңдап алған кедендік рәсімге орналастыру үшін қажетті талаптар мен шарттарды сақтағанда;
3) тауарға қатысты кедендік баждар, салықтар төленгенден, не осы Кодекске сәйкес оларды төлеуді қамтамасыз ету ұсынылғанда жүзеге асырады.
2. Кеден органдары тауарларды шығаруды осы Кодекстің 196-бабында көрсетілген мерзімнен аспайтын мерзімде жүзеге асырады.