Күзет қызметін, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қызметті қоспағанда, күзет дабылы құралдарын
монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және
оларды жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 тамыздағы № 686 Қаулысы
Осы редакция 2009 жылғы 2 сәуірдегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Күзет қызметін лицензиялау ережесі;
2) Құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қызметті қоспағанда, күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі;
3) күзет қызметін жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптары;
4) құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қызметті қоспағанда, күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Күзет қызметін көрсету саласында мемлекеттік лицензиялар беру жөніндегі қызметті реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 30 қыркүйектегі № 1507 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 48, 461-құжат);
2) «Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 5 сәуірдегі № 407 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 1-тармағы;
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 30 қыркүйектегі № 1507 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 411 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 18, 224-құжат).
3. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 10 тамыздағы
№ 686 қаулысымен
бекітілген
Күзет қызметін лицензиялау ережесі
1. Күзет қызметін лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және жеке және заңды тұлғалардың күзет қызметін жүзеге асыруына лицензиялар берудің тәртібін белгілейді.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі күзет қызметін жүзеге асыруға лицензиялар беру жөніндегі уәкілетті орталық атқарушы орган болып табылады.
Лицензиар заңнамаға және Ережеге сәйкес өзінің аумақтық органдарына күзет қызметін лицензиялау жөніндегі өкілеттіктерді беруге құқылы.
3. Лицензиялар қойылатын біліктілік талаптарына сай келетін жеке және заңды тұлғаларға беріледі.
4. Егер орталық мемлекеттік органның аумақтық органдары лицензиар болып табылса, онда лицензия жеке немесе заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша беріледі.
Күзет қызметін жүзеге асыруға лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) өтініш;
2) заңды тұлға үшін - жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
5) өтініш берушінің салық органында есепте тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
6) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
5. Лицензия өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі.
6. Егер лицензиар белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны бермеген не болмаса өтініш берушіні лицензияны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, заңнамада лицензияны беру үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші лицензиарды өзі өтініш берген қызмет түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия береді.
7. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын алуға құқылы.
Лицензияның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалу, бүліну фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып, жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның телнұсқасын береді.
8. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялар мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, онда отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттарды қоса бере отырып, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беріледі.
Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны қайта ресімдейді.
Лицензияны қайта ресімдеу және көрсетілген құжатты беру кезінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде лицензиялық алым төленеді.
9. Егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызметтің түрімен айналысуға тыйым салынған;
2) заңнамаға сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздер бойынша қаралады;
3) қызмет түріне лицензия беруге өтініш берілген жағдайда қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
5) өтініш берушіге қатысты оған қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайда лицензия беруден бас тартылады.
Лицензия беруден бас тартылған жағдайда лицензиар өтініш берушіге лицензия беру үшін белгіленген мерзімде жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады.
10. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензия алып қойылғанда;
2) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастыруды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
3) лицензия ерікті түрде қайтарылғанда;
4) лицензияланатындардың тізбесінен қызметтің жекелеген түрі алып тасталғанда тоқтатылады.
Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтарады.
11. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
12. Лицензия беруден негізсіз бас тартудан немесе лицензиаттың құқығын бұзудан туындаған залалдарды өтеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
13. Ереженің негізінде жеке және заңды тұлғаларға берілген лицензиялардың бірыңғай есебін жүргізу үшін лицензиар лицензиялар тізілімін жүргізеді, онда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
лицензиардың атауы;
лицензияның берілген күні және нөмірі;
дара кәсіпкер үшін - жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, сондай-ақ жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген жағдайда куәліктің нөмірі және берілген күні;
заңды тұлға үшін - атауы және ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
қызметтің түрі;
лицензияның қолданылу мерзімі;
салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
төлем тапсырмасының нөмірі және лицензиялық алымның төленген күні;
лицензияны қайта ресімдеу негіздері және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қайта жаңарту негіздері және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтату негіздері және күні.
14. Әрбір берілген лицензия бойынша лицензиар бақылау ісін ашады, онда өтінішпен бірге ұсынылған барлық құжаттар сақталады. Іс лицензия берген уәкілетті органда сақталады.
15. Лицензиаттардың Ережені сақтауын лицензиялық бақылауды лицензиар жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 10 тамыздағы
№ 686 қаулысымен
бекітілген
Күзет қызметін жүзеге асыруға қойылатын
біліктілік талаптары
1. Күзет қызметін жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптары заңды тұлғалар үшін мыналарды:
1) жеке күзет ұйымы, мемлекеттік органның ведомстволық күзет бөлімшесі, заңды тұлға мен дара кәсіпкердің күзет бөлімшесі басшыларының, сондай-ақ олардың филиалдары мен өкілдіктері басшыларының жоғары заңгерлік білімі немесе Қарулы Күштерде басшылық лауазымдарда немесе құқық қорғау органдарында басшы лауазымдарда кемінде үш жыл жұмыс өтілі болуын.
Жеке күзет ұйымы, мемлекеттік органның ведомстволық күзет бөлімшесі, заңды тұлға мен дара кәсіпкердің күзет бөлімшесі басшысының лауазымдарына Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін арнайы бағдарлама бойынша даярлықтан өткен, денсаулық сақтау органдарында психикалық ауру, маскүнемдік немесе нашақорлық бойынша есепте жоқ, қасақана қылмыс жасағаны үшін соттылығы жоқ жасы 21-ден төмен емес Қазақстан Республикасының азаматтары тағайындалады.
Күзет бөлімшесін құру кезінде заңды тұлға немесе дара кәсіпкер Күзет бөлімшесі туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
2) күзетші лауазымына Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін арнайы бағдарлама бойынша даярлықтан өткен, қасақана қылмыс жасағаны үшін соттылығы жоқ, денсаулық жағдайы бойынша күзет қызметімен айналысуға жарамды (көздің нашар көруіне, психикалық ауруына, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа байланысты қаруды қолдануға қарсы көрсеткіштері жоқ) жасы 21-ден төмен емес Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады;
3) қару мен оқ-дәрілерді сақтауға арналған үй-жайлардың (не белгіленген талаптарға жауап беретін үй-жайларда оларды сақтауға арналған келісім-шарттың) болуын;
4) күзет ұйымы жеке құрамының толық сауалнамалық деректері бар тізімінің болуын;
5) арнайы киімнің болуын қамтиды.
2. Күзет қызметін жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптары жеке тұлғалар үшін мыналарды:
1) осы біліктілік талаптарының 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген талаптарды;
2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы құжаттың және ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторынан мінездеме болуын;
3) оның дара кәсіпкер ретінде тіркелгенін растайтын құжаттың болуын;
4) арнайы киімнің болуын қамтиды.