ҚР Үкіметінің 2011.05.12. № 1451 Қаулысымен күші жойылды (2012 жылғы 30 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 10 тамыздағы
№ 686 қаулысымен
бекітілген
Құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қызметті қоспағанда, күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау
ережесі
(2009.02.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1. Құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қызметті қоспағанда, күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) жеке және заңды тұлғалардың күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруына лицензиялар берудің тәртібін белгілейді.
2. Күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асыратын органдар:
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі лицензиялар беру жөніндегі уәкілетті орталық атқарушы орган болып табылады.
Лицензиар заңнамаға және Ережеге сәйкес өзінің аумақтық органдарына күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау жөніндегі өкілеттіктерді беруге құқылы.
3. Лицензиялар қойылатын біліктілік талаптарына сай келетін жеке және заңды тұлғаларға беріледі.
4. Егер орталық мемлекеттік органның аумақтық органдары лицензиар болып табылса, онда лицензия жеке немесе заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша беріледі.
Күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) өтініш;
2) заңды тұлға үшін - жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
5) өтініш берушінің салық органында есепте тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
6) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
5. Лицензия өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі.
6. Егер лицензиар белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны бермеген не болмаса өтініш берушіні лицензияны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, заңнамада лицензияны беру үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші лицензиарды өзі өтініш берген қызмет түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия береді.
7. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын алуға құқылы.
Лицензияның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалу, бүліну фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып, жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның телнұсқасын береді.
8. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялар мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, онда отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттарды қоса бере отырып, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беріледі.
Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны қайта ресімдейді.
Лицензияны қайта ресімдеу және көрсетілген құжатты беру кезінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде лицензиялық алым төленеді.
9. Егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызметтің түрімен айналысуға тыйым салынған;
2) заңнамаға сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздер бойынша қаралады;
3) қызмет түріне лицензия беруге өтініш берілген жағдайда қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
5) өтініш берушіге қатысты оған қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайда лицензия беруден бас тартылады.
Лицензия беруден бас тартылған жағдайда лицензиар өтініш берушіге лицензия беру үшін белгіленген мерзімде жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады.
10. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензияның берілген мерзімі аяқталғанда;
2) жүзеге асыруға лицензия берілген іс-әрекеттер (операциялар) толық көлемде орындалғанда;
3) лицензия алып қойылғанда;
4) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастыруды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
5) лицензия ерікті түрде лицензиарға қайтарылғанда;
6) лицензияланатындардың тізбесінен қызметтің жекелеген түрі алып тасталғанда тоқтатылады.
Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтарады.
11. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
12. Лицензия беруден негізсіз бас тартудан немесе лицензиаттың құқығын бұзудан туындаған залалдарды өтеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
13. Ереженің негізінде жеке және заңды тұлғаларға берілген лицензиялардың бірыңғай есебін жүргізу үшін лицензиар лицензиялар тізілімін жүргізеді, онда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
лицензиардың атауы;
лицензияның берілген күні және нөмірі;
дара кәсіпкер үшін - жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, сондай-ақ жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген жағдайда куәліктің нөмірі және берілген күні;
заңды тұлға үшін - атауы және ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
қызметтің түрі;
лицензияның қолданылу мерзімі;
салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
төлем тапсырмасының нөмірі және лицензиялық алымның төленген күні;
лицензияны қайта ресімдеу негіздері және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қайта жаңарту негіздері және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтату негіздері және күні.
14. Әрбір берілген лицензия бойынша лицензиар бақылау ісін ашады, онда өтінішпен бірге ұсынылған барлық құжаттар сақталады. Іс лицензия берген уәкілетті органда сақталады.
15. Лицензиаттардың Ережені сақтауын лицензиялық бақылауды лицензиар жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 10 тамыздағы
№ 686 қаулысымен
бекітілген
Құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қызметті қоспағанда, күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметке қойылатын
біліктілік талаптары
ҚР Үкіметінің 2009.02.04. № 461 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)
1. Құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қызметті қоспағанда, күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары заңды тұлғалар үшін мыналардың:
1) ұйым басшысының жұмыстың осы бейініне сәйкес келетін жоғары білімінің;
2) радиожелілік спектрі бар күзет дабылы жүйелерін монтаждау және пайдалану кезінде санитарлық және экологиялық қадағалау органдары қорытындысының;
3) күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындаушының жоғары кернеулі жұмыстарға рұқсатының;
4) санитарлық және экологиялық нормаларға жауап беретін үй-жайдың, күзет дабылы құралдарын ретке келтіруді, оларға техникалық қызмет көрсетуді және монтаждалатын жабдықтың техникалық жай-күйін тексеруді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (немесе оларды жалға алу туралы шарттың) болуын қамтиды.
ҚР Үкіметінің 2009.02.04. № 461 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)
2. Құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қызметті қоспағанда, күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары жеке тұлғалар үшін мыналардың:
1) жұмыстың осы бейініне сәйкес келетін жоғары немесе орта арнайы білімінің;
2) өтініш берушінің жоғары кернеулі жұмыстарға рұқсатының;
3) радиожелілік спектрі бар күзет дабылы жүйелерін монтаждау және пайдалану кезінде санитарлық және экологиялық қадағалау органдары қорытындысының;
4) санитарлық және экологиялық нормаларға жауап беретін үй-жайдың, күзет дабылы құралдарын ретке келтіруді, оларға техникалық қызмет көрсетуді және монтаждалатын жабдықтың техникалық жай-күйін тексеруді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (немесе оларды жалға алу туралы шарттың) болуын қамтиды.