Білім беру қызметіне қойылатын лицензиялау ережесі мен оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 маусымдағы № 452 Қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 28 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» 1999 жылғы 7 маусымдағы және «Лицензиялау туралы » 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Білім беру қызметін лицензиялау ережесі;
2) білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 2 маусымдағы
№ 452 қаулысымен
бекітілген
Білім беру қызметін лицензиялау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Заңды тұлғалардың білім беру қызметі ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысандарына қарамастан, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензиялануға тиіс.
2. Білім беру қызметінің мынадай кіші түрлері лицензиялануға тиіс:
мектепке дейінгі және мектептен тыс ұйымдардың білім беру қызметі;
мамандандырылған және арнайы білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметі;
жалпы бастауыш, жалпы негізгі немесе жалпы орта, кәсіптік бастауыш, оның ішінде кәсіптер бойынша, орта кәсіптік, жоғары кәсіптік, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік, оның ішінде мамандықтар бойынша білім берудің негізгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметі;
діни білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметі;
халықаралық және шетелдік заңды тұлғалардың білім беру қызметі.
3. Білім беру ұйымдарының филиалдары оларға лицензияның жеке қосымшасын беру арқылы білім беру ұйымдарының құрамында лицензияланады.
4. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымшаны беру мәселелерін алқалы және жариялы түрде қарау үшін лицензиар консультативтік-кеңесші орган құруы мүмкін.
2. Лицензия берудің шарттары мен тәртібі
5. Білім беру ұйымдары білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензия алу үшін лицензиарға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтінішті;
2) Жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесін;
3) өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесін;
4) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесін;
5) білім беру қызметін жүргізу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжатты;
6) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттарды.
Лицензиясы бар білім беру қызметі шеңберінде лицензияға қосымшаны алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) өтініш;
2) лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
3) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
Білім беру ұйымдарының филиалдары лицензияға қосымшаны алу үшін аталған құжаттармен қатар Филиал туралы ережені және тіркеу құжаттарын ұсынады.
6. Лицензиар білім беру ұйымының өтінішін қарау үдерісінде білім беру қызметін жүзеге асыру үшін қажетті жағдайларды тексеру мақсатында сараптама жүргізеді.
3. Лицензиядан айыру және оның қолданылуын тоқтата тұру
7. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және негіздерде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 2 маусымдағы
№ 452 қаулысымен
бекітілген
Білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары
1. Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне қойылатын біліктілік талаптары:
1) мектепке дейінгі ұйымдарға тәрбиеленушілердің жас шамасына және санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес топтың толымдылығына сәйкес қабылдауды жүзеге асыруы;
2) жоғары және бірінші санаттағы тәрбиешілердің үлесі олардың жалпы санының 20 пайызынан кем болмауы;
3) оқу алаңының санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестігі;
4) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының белгіленген нормативтерге сәйкес
тәрбиеленушілердің дене бітімі, зияткерлік және жеке тұлғасының дамуы үшін ойын материалдары мен жабдықтардың, балаларға арналған және әдістемелік әдебиеттің болуы;
5) тәрбиеленушілерге медициналық қызмет көрсетудің болуы;
6) тәрбиеленушілерге арналған тамақтандыру объектісінің болуы;
7) меншікті оқу-материалдық базасының болуы.
2. Жалпы бастауыш білім беретін білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын біліктілік талаптары:
1) оқу жоспарларының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру
стандарттарына сәйкестігі;
2) жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдердің үлесі олардың жалпы санының 20 пайызынан кем болмауы;
3) сыныптар толымдылығы мен оқу алаңының санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестігі;
4) білім алушылар контингентіне шаққанда бір білім алушыға толық оқу цикліне саны кемінде 15 бірлік басылымнан келетін оқу әдебиеті қорының болуы;
5) білім алушыларға медициналық қызмет көрсетудің болуы;
6) білім алушыларға арналған тамақтандыру объектісінің болуы;
7) меншікті оқу-материалдық базасының болуы.
3. Жалпы негізгі білім беретін білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын біліктілік талаптары:
1) оқу жоспарларының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестігі;
2) жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдердің үлесі олардың жалпы санының 30 пайызынан кем болмауы;
3) сыныптар толымдылығы мен оқу алаңының санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестігі;
4) білім алушылар контингентіне шаққанда бір білім алушыға толық оқу цикліне саны кемінде 15 бірлік басылымнан келетін оқу әдебиеті қорының болуы;
5) білім алушыларға медициналық қызмет көрсетудің болуы;
6) білім алушыларға арналған тамақтандыру объектісінің болуы;
7) меншікті оқу-материалдық базасының болуы.
4. Жалпы орта білім беретін білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын біліктілік талаптары:
1) оқу жоспарларының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру
стандарттарына сәйкестігі;
2) жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдердің үлесі олардың жалпы санының 30 пайызынан кем болмауы;
3) сыныптар толымдылығы мен оқу алаңының санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестігі;
4) білім алушылар контингентіне шаққанда, бір білім алушыға толық оқу цикліне саны кемінде 25 бірлік басылымнан келетін оқу әдебиеті қорының болуы;
5) білім алушыларға медициналық қызмет көрсетудің болуы;
6) білім алушыларға арналған тамақтандыру объектісінің болуы;
7) меншікті оқу-материалдық базасының болуы.
5. Мектептен тыс ұйымдардың қызметіне қойылатын біліктілік
талаптары:
1) жоғары және бірінші санаттағы педагогтардың үлесі олардың жалпы санының 30 пайызынан кем болмауы;
2) оқу алаңының санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестігі;
3) білім алушылар контингентіне шаққанда бір білім алушыға толық оқу цикліне саны кемінде 15 бірлік басылымнан келетін оқу әдебиеті қорының болуы;
4) балалар жасы - 6 жастан 18 жасқа дейін;
5) меншікті оқу-материалдық базасының болуы.
6. Кәсіптік бастауыш білім беретін білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын біліктілік талаптары:
1) жұмыс оқу жоспарларының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестігі;
2) штаттағы оқытушылар үлесі олардың жалпы санының 70 пайызынан кем болмауы;
3) жоғары және бірінші санаттағы оқытушылар үлесі олардың жалпы санының 30 пайызынан кем болмауы;
4) топтардың толымдылығы мен оқу алаңының санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестігі;
5) білім алушылар контингентіне шаққанда бір білім алушыға толық оқу цикліне саны кемінде 25 бірлік басылымнан келетін оқу әдебиеті қорының болуы;
6) тиісті кәсіптер бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартының талаптарын орындау үшін қажетті арнаулы оқу жабдықтарымен және техникалық оқу құралдарымен жарақтандырылуы;
7) білім беру ұйымдарының практикадан өткізу базалары ретінде белгіленген ұйымдармен жасалған шарттардың болуы;
8) білім алушыларға медициналық қызмет көрсетудің болуы;
9) білім алушыларға арналған тамақтандыру объектісінің болуы;
10) меншікті оқу-материалдық базасының болуы.
7. Кәсіптік орта білім беретін білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын біліктілік талаптары:
1) жұмыс оқу жоспарларының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестігі;
2) штаттағы оқытушылар үлесі олардың жалпы санының 70 пайызынан кем болмауы;
3) жоғары және бірінші санаттағы оқытушылар үлесі олардың жалпы санының 40 пайызынан кем болмауы;
4) топтардың толымдылығы мен оқу алаңының санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестігі;
5) оқушылар құрамына шаққанда бір білім алушыға толық оқу цикліне саны кемінде 40 бірлік басылымнан келетін оқу әдебиеті қорының болуы;
6) тиісті мамандық бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын орындау үшін қажетті арнаулы оқу жабдықтарымен және техникалық оқу құралдарымен жарақтандырылуы;
7) білім беру ұйымдарының практикадан өткізу базалары ретінде белгіленген ұйымдармен жасалған шарттардың болуы;
8) білім алушыларға медициналық қызмет көрсетудің болуы;
9) білім алушыларға арналған тамақтандыру объектісінің болуы;
10) меншікті оқу-материалдық базасының болуы.
8. Бакалавр академиялық дәрежесін немесе кәсіптік жоғары білімді маман біліктілігін тағайындай отырып, кәсіптік жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын біліктілік талаптары:
1) жоғары мектептерді, жоғары училищелерді қоса алғанда, институттар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін 6 және одан да көп мамандық бойынша; консерваторияларды қоса алғанда, академиялар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін 3 және одан да көп мамандық бойынша; университеттер үшін 12 және одан да көп мамандық бойынша (медициналық университеттер үшін - 5 мамандық бойынша) кәсіптік жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыру;
2) жоғары мектептерді, жоғары училищелерді қоса алғанда, институттар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу; консерваторияларды қоса алғанда, академиялар мен оларға теңестірілген білім беру ұйымдары және университеттер үшін іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу;
3) бір оқытушыға шаққанда студенттер контингенті өнер және мәдениет мамандықтары бойынша - 4, музыка және ән-күй, медицина және фармация мамандықтары бойынша - 6, шет тілі, шетел филологиясы және аударма ісі бойынша - 7, бейнелеу өнері және сызу мамандықтары бойынша - 7 адамнан артық болмауы; басқа мамандықтар үшін күндізгі оқыту нысанында - 8, кешкіде - 16, сырттайда - 32 адамнан артық болмауы;
4) жұмыс оқу жоспарларының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестігі;
5) жоғары мектептерді, жоғары училищелерді қоса алғанда, институттар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін штаттағы оқытушылар үлесі олардың жалпы санының, оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының базалық және бейінді пәндері бойынша 45 пайыздан кем болмауы; консерваторияларды қоса алғанда, академиялар және оларға теңдестірілген білім беру ұйымдары үшін 55 пайыздан кем болмауы; университеттер үшін 65 пайыздан кем болмауы;
6) жоғары мектептерді, жоғары училищелерді қоса алғанда, институттар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы бар оқытушылар үлесі штаттағы оқытушылар санының, оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының базалық және бейінді пәндері бойынша 30 пайыздан кем болмауы; консерваторияларды қоса алғанда, академиялар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін 35 пайыздан кем болмауы; университеттер үшін 40 пайыздан кем болмауы;
7) оқу үдерісінде инновациялық ақпараттық және білім беру технологияларын пайдалану;
8) білім алу үшін жағдайларды қамтамасыз ететін меншікті, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында тиесілі материалдық және материалдық емес активтердің болуы;
9) студенттің бір жылғы оқуына арналған ең төмен шығыстардың Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті оқу жылына арналған кәсіптік жоғары білімді мамандар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты бекіту жөніндегі қаулысында көзделген шығыстар деңгейіне сәйкестігі;
10) жоғары мектептерді, жоғары училищелерді қоса алғанда, институттар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін студенттердің келтірілген контингентіне шаққанда бір білім алушыға толық оқу цикліне саны кемінде 100 бірлік басылымнан; консерваторияларды қоса алғанда, академиялар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін бір білім алушыға кемінде 120 бірлік басылымнан; университеттер үшін бір білім алушыға кемінде 140 бірлік басылымнан келетін оқу және ғылыми әдебиет қорының болуы. Бұл ретте кітапхана қоры соңғы 5 жылдағы әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі пәндер бойынша; соңғы 10 жылдағы жаратылыстану, техникалық, ауыл шаруашылығы және басқа да пәндер бойынша негізгі оқу әдебиеті басылымдарын қамтуға тиіс. Жоғары мектептерді, жоғары училищелерді қоса алғанда, институттар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін электрондық және магниттік жеткізгіштердегі оқу әдебиетімен қамтамасыз етілуі мамандықтың оқу жоспарындағы пәндердің 10 пайызынан кем болмауы; консерваторияларды қоса алғанда, академиялар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін оқу жоспарындағы пәндердің 15 пайызынан кем болмауы; университеттер үшін оқу жоспарындағы пәндердің 20 пайызынан кем болмауы;
11) білім беру ұйымдары шарттарының қолданылып жүрген санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестігі және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында көзделген оқу жоспарлары мен бағдарламаларының орындалуын қамтамасыз ету мүмкіндігі;
12) білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін қажетті және қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін оқу-зертханалық жабдықпен жарақтандырылуы;
13) практикадан өткізу базалары ретінде белгіленген ұйымдармен жасалған шарттардың болуы;
14) білім алушыларға медициналық қызмет көрсетудің болуы;
15) білім алушыларға арналған тамақтандыру объектісінің болуы.
9. Магистр академиялық дәрежесін тағайындай отырып, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беретін университеттердің, академиялардың қызметіне қойылатын біліктілік талаптары:
1) консерваторияларды қоса алғанда, академиялар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін 3 және одан да көп мамандық бойынша; университеттер үшін 12 және одан да көп мамандық бойынша кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыру;
2) тиісті мамандықтар бойынша бакалавриат бағдарламаларын жүзеге асыру;
3) магистранттарды даярлау мамандығының білім беру ұйымдары ғылыми зерттеулерінің тақырыбына сәйкестігі;
4) тиісті даярлау бағыттары бойынша жетекші ғылыми, ғылыми-білім беру, өндірістік және ғылыми-өндірістік орталықтармен ынтымақтастық туралы келісімнің болуы;
5) жұмыс оқу жоспарларының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестігі;
6) әрбір мамандық бойынша ғылым докторының болуы;
7) штаттағы оқытушылардың үлесі, оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының базалық және бейінді пәндері бойынша университеттер үшін олардың жалпы санының 65 пайызынан кем болмауы; консерваторияларды қоса алғанда, академиялар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін - 55 пайызынан кем болмауы;
8) ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы бар оқытушылар үлесі штаттағы оқытушылар санының, оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының базалық және бейінді пәндері бойынша университеттер үшін 45 пайызынан кем болмауы; консерваторияларды қоса алғанда, академиялар және оларға теңестірілген білім беру ұйымдары үшін - 40 пайызынан кем болмауы;
9) тиісті бейіндегі ғылыми дәрежесі, кемінде үш жыл ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі, отандық және шетелдік басылымдарда, халықаралық конференциялардағы еңбектерінде ғылыми жарияланымдары, магистрлік даярлық мамандығы бойынша оқу құралдары бар жетекші мамандардың, штаттағы оқытушылардың магистранттарға ғылыми жетекшілікті жүзеге асыруы;
10) оқу үдерісінде инновациялық ақпараттық және білім беру технологияларын пайдалану;
11) білім алу үшін жағдайларды қамтамасыз ететін меншікті, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы материалдық және материалдық емес активтердің болуы;
12) магистранттың бір жылғы оқуына арналған ең төменгі шығыстардың Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті оқу жылына арналған кәсіптік білімді мамандар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты бекіту жөніндегі қаулысында көзделген шығыстар деңгейіне сәйкестігі;
13) студенттердің келтірілген контингентіне шаққанда бір білім алушыға толық оқу цикліне саны кемінде 140 бірлік басылымнан келетін оқу және ғылыми әдебиет қорының болуы. Бұл ретте кітапхана қоры соңғы 5 жылдағы әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі пәндер бойынша; соңғы 10 жылдағы жаратылыстану, техникалық, ауыл шаруашылығы және басқа да пәндер бойынша негізгі оқу әдебиеті басылымдарын қамтуға тиіс. Электрондық және магниттік жеткізгіштердегі оқу әдебиетімен қамтамасыз етілуі мамандықтың оқу жоспарындағы пәндерінің 20 пайызынан кем болмауы;
14) білім беру ұйымдары шарттарының қолданыстағы санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестігі және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында көзделген оқу жоспарлары мен бағдарламаларының орындалуын қамтамасыз ету мүмкіндігі;
15) білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін қажетті және қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін оқу-зертханалық жабдықтармен жарақтандырылуы;
16) практикадан өткізу базалары ретінде белгіленген ұйымдармен жасалған шарттардың болуы;
17) білім алушыларға медициналық қызмет көрсетудің болуы;
18) білім алушыларға арналған тамақтандыру объектісінің болуы.
10. Діни оқу орындарының қызметтеріне қойылатын біліктілік талаптары:
1) даярлық бейіні бойынша жоғары діни білімі бар және діни бірлестіктер қоятын талаптарға сәйкес келетін штаттағы оқытушылардың болуы;
2) білім алушылар контингентіне шаққанда бір білім алушыға толық оқу цикліне саны кемінде 50 бірлік басылымнан келетін оқу әдебиеті қорының болуы;
3) білім беру үдерісін ұйымдастыру үшін қажетті меншік,
шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы, санитарлық ережелер мен нормалар талаптарына сәйкес келетін материалдық-техникалық базасының болуы;
4) білім алушыларға медициналық қызмет көрсетудің болуы;
5) білім алушыларға арналған тамақтандыру объектісінің болуы;
6) осы діни білім беру мекемесінің жұмыс істеу орындылығы негіздемесі бар тиісті діни конфессияның қолдаухатының және Қазақстан Республикасының аумағында діни конфессияны тіркеу туралы куәлік көшірмесінің болуы;
7) діни конфессия басшылығы бекіткен даярлық бейіні бойынша білім беру бағдарламаларының (оқу жоспарларының) болуы;
8) мәлімделген діни білім беру бағдарламаларына Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Діни істер комитеті қорытындысының болуы.
11. Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беретін ұйымдардың (аспирантура, докторантура, клиникалық ординатура) қызметіне қойылатын біліктілік талаптары:
1) осы ұйымда толық жүктемемен жұмыс істейтін, кемінде үш жыл ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі, даярлық бейіні бойынша отандық және шетелдік басылымдарда, халықаралық конференциялардағы еңбектерінде ғылыми жарияланымдары, оқу құралдары бар әрбір ғылыми даярлық мамандық бойынша аспирантура және клиникалық ординатура үшін кемінде екі ғылым докторының және докторантура үшін кемінде үш ғылым докторының болуы;
2) тиісті ғылыми даярлық мамандықтары бойынша мамандандырылған ғылыми-техникалық, ғылыми-әдістемелік, клиникалық, тәжірибелік және материалдық-техникалық базаның болуы.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 2 маусымдағы
№ 452 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Білім беру қызметін лицензиялаудың ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 18 сәуірдегі № 596 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 20, 219-құжат).
2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 18 сәуірдегі № 596 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 28 ақпандағы № 297 қаулысы.
3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 18 сәуірдегі № 596 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 28 желтоқсандағы № 1747 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 49-50, 587-құжат).
4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 18 сәуірдегі № 596 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 2 тамыздағы № 861 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 26, 276-құжат).
5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 18 сәуірдегі № 596 қаулысына толықтырулар мен өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 7 желтоқсандағы № 1281 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 48, 614-құжат).
6. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 қыркүйектегі № 964 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 5-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 36, 500-құжат).
7. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 18 сәуірдегі № 596 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 желтоқсандағы № 1253 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 48, 621-құжат).
8. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 18 сәуірдегі № 596 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 сәуірдегі № 250 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 12, 115-құжат).
9."Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 18 сәуірдегі № 596 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 12 желтоқсандағы № 1195 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 47, 502-құжат).