Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын берудiң
тәртібін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 ж. 21 қаңтардағы № 108 қаулысы
(2006.28.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2006 ж. 4 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын берудің тәртібі бекітілсiн.
2. Мыналардың:
1) "Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөнiнде операциялар жүргiзуге арналған келісім-шарттарды жасасудың тәртібі туралы және Жер қойнауын пайдалану құқығын кепiлге беруге рұқсат берудiң тәртібі туралы ережелердi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1998 жылғы 27 мамырдағы № 484 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., № 16, 139-құжат);
2) "Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалануды лицензиялау тәртібі туралы ереженi бекіту жөнiндегі" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 16 тамыздағы № 1017 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1996 ж., № 34, 321-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2000 жылғы 21 қаңтардағы
№ 108 қаулысымен
бекітілген
Жер қойнауын пайдалану құқығын берудiң
Тәртібі
Осы Тәртiп Пайдалы қазбаларды, оның ішінде мемлекеттік меншiктегі техногендi минералды түзiлiмдерден, Барлауға, Өндiруге, бiрлескен Барлауға және Өндiруге арналған, сондай-ақ Барлаумен және/немесе Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және пайдалануға арналған құқықтарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқықтарын берудiң тәртібін айқындайды.
Барлық өзгерістер мен толықтырулар ескерiле отырып Қазақстан Республикасы Президентiнің "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 1996 жылғы 27 қаңтардағы № 2828 заң күшi бар Жарлығымен және Қазақстан Республикасы Президентінің "Мұнай туралы" 1995 жылғы 28 маусымдағы № 2350 заң күшi бар Жарлығымен айқындалған ұғымдар мен терминдер осы Тәртiпте қолдануға жатады.
Жер қойнауын пайдалану құқығын берудiң
тәсiлдерi
1. Жер қойнауын пайдалану құқығы қолданылып жүрген заңдарға сәйкес екi тәсiлмен:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған инвестициялық бағдарламалардың конкурсын (бұдан әрi - Конкурс) өткізу және Келісімшарт жасасу жолымен;
2) тiкелей келiссөздер жүргiзу және Келісімшарт жасасу жолымен берiледi.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығы Келісімшарт жасалған сәттен бастап қана берiлген және пайда болған болып саналады.
Тiкелей келiссөздер жүргiзу жолымен
жер қойнауын пайдалану құқығын беру
ҚР Үкіметінің 29.06.01 ж. № 894 қаулысымен 3-тармақ толықтырылды
3. Жер қойнауын пайдалану құқығы мынадай жағдайларда:
1) егер өтiнiм берушiнiң жасалған Барлауға арналған Келісімшарттың негізінде Барлау жүргiзуге байланысты Өндiруге арналған құқықты алуға ерекше құқығы болған жағдайда;
2) Барлаумен және/немесе Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және/немесе пайдалануға Келісімшарт жасалған жағдайда;
2-1) егер өтініш беруші Ұлттық компания болып табылған жағдайда;
2-2) Қазақстан Республикасы Президентінің "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 1996 жылғы 27 қаңтардағы № 2828 заң күші бар Жарлығының 73-тармағында белгіленген жағдайда.
3) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда тiкелей келiссөздер жүргiзу және Келісімшарт жасасу жолымен берiледi.
ҚР Үкіметінің 29.06.01 ж. № 894 қаулысымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Барлаумен және/немесе Өндірумен байланысты емес Құрылысқа және/немесе жерасты құрылыстарын пайдалануға Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған Келісімшарттарды жасау жөніндегі тікелей келіссөздер объектілері болып табылады:
1) мұнай және газ, сондай-ақ оларды қайта өңдеу өнімдерін сақтау орындары мен олардың резервуарлары үшін жерасты және топырақ қабатынан төмен тереңдетілген құрылыстары;
2) үш метрден артық тереңдікте салынған тоннельдер, метрополитендер, жерасты жыл өтпелері және инженерлік құрылыстар;
3) қорды жасанды толтыру үшін жер қойнауына жерасты суларын қотаруға арналған құрылыстар;
4) қатты, сұйық қалдықтарды, зиянды улы заттарды көму мен қоймаға салуға және ағын және өнеркәсіптік суларды жер қойнауына ағызуға арналған қалдықтарды, шайындыларды сақтау орны болып табылады.
4. Тiкелей келiссөздерге қатысуға арналған өтiнiмдер:
1) өтiнiм берушiнiң атауын;
2) өтiнiм берушiнiң мекен-жайын;
3) мемлекеттік тиесiлілiгiн (заңды тұлғалар үшiн), азаматтығын (жеке тұлғалар үшiн);
4) заңды тұлғаның басшылары немесе иелерi мен өтiнiм берушiнiң атынан өкiлдiк ететiн адамдар туралы деректердi;
5) өтiнiм берушiнiң техникалық, басқарушылық, ұйымдастырушылық және қаржылық мүмкiндiктерi туралы деректердi;
6) тiкелей келiссөздердi жүргiзудiң негiздемесiне қарай Құзыреттi орган талап еткен өзге де ақпаратты қамтуы тиiс.
ҚР Үкіметінің 01.11.02 ж. № 1160 қаулысымен 4-1 тармақпен толықтырылды
4-1. Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға Келісім-шарт жасасу үшін тiкелей келiссөздерге қатысуға өтiнiм, сондай-ақ мыналарды қамтуы тиiс:
1) зиянды, улы заттарды, қатты және сұйық қалдықтарды көму, ағын және өнеркәсiптiк суларды ағызу орындары объектiлерiнiң жалпы сипаттамасы (объектiнiң орналасқан жерi, пайдалану мерзiмi, ұстауға арналған шығындар, жер асты сулары, қоршаған орта және жер қойнауы мониторингi қадағалау желісінiң болуы және орналасуы);
2) объектiлердiң физикалық сипаттамасы-оқшаулану сипаттамасы, тау жыныстарының түрлерi, коллекторлық қабаттың орналасу тереңдiгi және тиiмдi қуаты, оның алаңы, кеуектену коэффициентi, астыңғы және үстiңгi су ұстағыштардың сипаттамасы, жер асты сулары табиғи ағынының жылдамдығы, сандық және сапалық көрсеткiштер, тау-кендiк, арнайы инженерлiк-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық көму, қоймаға салу және ағызу шарттары;
3) қызметi зиянды, улы заттардың, қатты және сұйық қалдықтардың, ағын және өнеркәсiптiк сулардың пайда болуына әкеп соғатын ұйымдар туралы мәлiметтер (орналасқан жерi және ведомстволық тәуелдiлiгi);
4) зиянды, улы заттардың, қатты және сұйық қалдықтардың, ағын және өнеркәсiптiк сулардың сипаттамасы (өнiмнiң атауы, нәтижесінде өнiм пайда болатын техникалық өндiрiс немесе процесс, олардың физикалық сипаттамасы, толық химиялық құрамы, улы компоненттердiң болуы, өрт-жарылғыш қауiптiлiгі, ерiгiштiгі, сақталған кездегi басқа заттармен сыйымдылығы, ластандыратын негiзгi радионуклидтер, олардың белсендiлiгі, тасымалдау жүйелерiнiң сипаттамасы);
5) геологиялық ақпараттың мемлекеттік сараптамасының қорытындысы;
6) мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы.
5. Құзыреттi орган өтiнiм берушiге тiкелей келiссөздердi жүргiзудің басталу мерзiмiн қоса алғанда тiкелей келiссөздер жүргiзу жөніндегі шешiмнiң қабылданғандығы немесе тiкелей келiссөздер жүргізуден бас тартылғандығы туралы өтiнiм берiлген күннен бастап 3 айдың iшiнде жауап беруге мiндеттi.
Барлауға, Өндiруге және бiрлескен Барлау мен Өндiруге жер
қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған инвестициялық
бағдарламалардың конкурсын өткізудi ұйымдастыру
6. Пайдалы қазбаларды, оның iшiнде мемлекеттік меншiктегi техногендiк минералды құралымдардан Барлауға, Өндiруге және бiрлескен Барлау мен Өндiруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру осы Тәртiптiң 3-тармағында белгiленген жағдайларды қоспағанда, инвестициялық бағдарламалардың конкурсын (бұдан әрi - Конкурс) өткізу жолымен жүргізiледi.
7. Конкурсты өткізудi ұйымдастыруды Құзыреттi орган жүзеге асырады. Конкурстық комиссияның құрамын Құзыреттi орган қалыптастырады және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға инвестициялық бағдарламалардың конкурстарын өткізу жөнiндегі комиссия туралы ережені қараңыз
8. Конкурстар өткізудiң тәсiлi бойынша ашық немесе жабық болуы мүмкiн. Ашық конкурс қатысушылардың шектеусiз шеңберiнiң арасында жүргiзiледi. Ашық конкурс өткізу және оның шарттары туралы құлақтандыру бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Жабық конкурс оның ықтимал қатысушыларына құлақтандыру жолдау жолымен адамдардың шектеулi шеңберiнiң арасында жүргiзіледi.
9. Осы Тәртiптiң 8-тармағына сәйкес жарияланатын не жолданатын құлақтандыруларды жариялаудың не жолдаудың мерзiмiн оған қатысты конкурс жарияланатын объектiнiң (жер қойнауы учаскесiнiң) ерекшелiгiне қарай Құзыреттi орган айқындайды.
Конкурсты өткізу туралы құлақтандыру:
1) өткізудiң уақыты мен өтетiн жерiн;
2) өтiнiмдер берудiң мерзiмiн;
3) конкурстың негізгі шарттарын;
4) конкурсқа қойылатын жер қойнауы учаскесiнiң (блоктың) орналасқан жерi мен қысқаша сипаттамасын;
5) геологиялық ақпараттар пакетiнiң құнын;
6) жазылып алынатын бонустың ең төменгi мөлшерлерiн;
7) оны төлеуге арналған деректемелердi көрсете отырып Құзыреттi орган белгілейтiн конкурсқа қатысу құқығы үшiн жарнаның мөлшерiн қамтуы тиiс.
Құлақтандыруда Конкурсты өткізудiң шарттары туралы өзге де ақпарат көрсетiлуi мүмкiн.
10. Конкурсқа қатысуға өтiнiм:
1) өтiнiм берушiнiң атауын;
2) өтiнiм берушiнiң заңды мекен-жайы мен негiзгi қызмет орнының мекен-жайын;
3) мемлекеттік тиесiлiлiгiн (заңды тұлғалар үшiн), азаматтығын (жеке тұлғалар үшiн);
4) заңды тұлғалардың басшылары немесе иелерi мен өтінім берушiнің атынан өкiлдiк ететiн адамдар туралы деректердi;
5) өтiнiм берушiнің құжаттамалық жағынан расталған техникалық, басқарушылық, ұйымдастырушылық және қаржылық мүмкіндiктерi туралы деректi қамтуы тиiс.
Барлауға, Өндiруге және бiрлескен Барлау мен Өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурсқа қатысу және конкурстық ұсыныстарды әзiрлеу жөніндегі нұсқаулығы қараңыз
11. Конкурсқа өтiнiмдердi қабылдауды және ресiмдеудi Құзыреттi орган жүзеге асырады. Мұндай өтiнiмдер өтiнiм берушi конкурсқа қатысу үшiн жарна төлегеннен кейiн қарауға қабылданады. Өтiнiм берушiге Конкурсқа қатысуға өтiнiмнiң қабылданғандығы туралы өтiнiм түскен күннен бастап бiр ай мерзiмде ресми құлақтандырылады.
12. Құзыреттi орган Конкурсқа қатысуға өтiнiм қабылданғаннан кейiн өтiнiм берушiге ол бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру ұйғарылған жер қойнауы учаскесiне (блогына) арналған геологиялық ақпараттардың пакетiн бередi. Геологиялық ақпараттардың пакетiн жер қойнауын пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік орган қалыптастырады және өтiнiм берушiге конкурстық ұсынысты әзiрлеу үшiн қажеттi геологиялық ақпаратты қамтуы тиiс. Әртүрлi өтiнiм берушілер ұсынатын геологиялық ақпараттардың пакетi бiрдей болуы тиiс.
13. Құзыреттi орган мынадай:
1) осы Тәртiптің талаптарын бұза отырып өтiнiм берген;
2) өтiнiм берушi өтiнiмде жалған немесе дұрыс емес мәлiметтер ұсынған;
3) өтiнiмде өтiнiм берушiнiң Конкурсқа қатысуға өтiнiмде көрсетiлген Барлау және/немесе Өндiру үшiн қажеттi техникалық, ұйымдастырушылық, басқарушылық және қаржылық мүмкiндiктерге ие екендiгi немесе ие болатындығы туралы құжаттамалық куәлiктердiң болмауы жағдайларында Конкурсқа қатысуға өтiнiмдердi қабылдаудан бас тартуға құқылы.
14. Конкурсқа қатысуға жарна төлеу жөнiндегі шығындарды қоса есептегенде Конкурсқа қатысушы шеккен шығындар қайтарылуға не өтелуге жатпайды.
Конкурстық ұсыныс
15. Өтiнiм берушi Конкурстың шарттарында белгiленген мерзiмдерде конкурстық ұсыныс жасайды. Құзыреттi органға келiп түскен және Конкурсқа жiберілген Конкурстық ұсыныс Конкурсқа қатысушыларға қайтарылуға жатпайды. Конкурстық ұсыныс осы Тәртiптiң Конкурсты өткізудiң тәртібі мен өтiнiм берушiнiң мiндеттерiне қатысты шарттарымен танысқандығы туралы сiлтеменi қамтуы тиiс.
16. Конкурсты өткізу процесiнде өтiнiм берушi комиссияның шешiмi бойынша Конкурстық ұсынысты жақсарта алады Конкурстық ұсынысқа өзгерістер мен толықтырулар оларды берудiң мерзiмi көрсетiле отырып қосымша ресiмделедi. Ұсыныс өзгерістер мен толықтырулар Құзыреттi органға берiлген және оларды Құзыретті орган тiркеген сәттен бастап жақсартылған болып саналады.
Конкурстың қорытындыларын шығару және Конкурстың
жеңімпазын анықтау
17. Конкурстық комиссия алынған конкурстық ұсыныстарды бағалаудың қорытындылары бойынша Конкурстық жеңімпазы туралы шешiм қабылдайды және тиiстi хаттама ресiмделедi. Аталған хаттама жеңiмпаздың конкурстық ұсынысы қоса берiле отырып конкурстық комиссияның Конкурстың жеңiмпазын iрiктеу жөніндегі шешiмiн қамтиды, оған конкурстық комиссияның мүшелерi мен комиссияның төрағасы қол қояды
18. Конкурстың жеңiмпазын мынадай негiзгi өлшемдер жиынтығының:
1) Барлауды және/немесе Өндiрудi жүргiзудi бастаудың және қарқындылығының, Өндiрудiң рентабелдiлігi мен Өндiру жобасының түсiмдiлiгiне қол жеткізудiң мерзiмiнiң;
2) бюджетке бастапқы сондай-ақ одан кейiнгi төлемдердiң ұйғарылып отырған мөлшерлерiнiң;
3) инвестициялардың, жобаны қаржыландырудың мерзiмдерi мен шарттарының және келісімшарттық аумақтың өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымдарын дамытуға күрделi салымдардың мөлшерiнiң;
4) жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғау жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу жөніндегі заңдар мен нормативтiк актiлер талаптарының сақталуының негізiнде конкурстық комиссия айқындайды.
19. Конкурстық ұсыныстар мазмұнының салыстырмалы теңдiгi жағдайында конкурстық комиссия Конкурстың түпкiлiктi жеңiмпазын айқындау мақсатында Конкурс жеңiмпаздарының "қысқаша тiзiмiн" (аралық тiзiмiн) айқындауға құқылы. Конкурстық комиссия Конкурстың түпкiлiктi жеңiмпазын айқындау мақсатында Конкурс жеңiмпаздарының "қысқаша тiзiмiне" қатысушылардан конкурстық ұсынысқа қатысты қосымша ақпарат сұратуға құқылы. Конкурстың аралық жеңiмпаздар осы Тәртiптiң 16-тармағының шарттарын сақтай отырып өздерiнiң конкурстық ұсынысын жақсартуға құқылы. Конкурстың түпкiлiктi жеңiмпазы хаттамамен ресiмделедi.
20. Құзыреттi орган жабық конкурстың жеңiмпазына оның Конкурста жеңiске жеткендiгі туралы ресми түрде хабарлайды. Ашық конкурстың нәтижелерi ресми баспа органында жарияланады. Осы Тәртiптiң 20-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын, Конкурстың жеңiмпазы туралы хаттаманы ресiмдеу сәтi - Конкурстың аталған жеңiмпазының конкурстық ұсыныста көзделген шарттармен салыстырғанда Қазақстан Республикасына қатысты неғұрлым тиiмдi шарттарда Келісімшарт жасасуға және осы Тәртiпте айқындалған өзге де шарттарды орындауға арналған мiндеттемелерi пайда болған сәт болып есептеледi.
Конкурсты өтпеген деп тану
ҚР Үкіметінің 29.06.01 ж. № 894 қаулысымен 21-тармақ толықтырылды
21. Конкурсқа қатысушылардың санына шек қойылмайды. Конкурсқа бiр өтiнiм берушi ғана қатысқан жағдайда конкурс өтпеген болып танылады.
Конкурс өтпеген деп танылған жағдайда конкурстық комиссия инвестициялық бағдарламалар конкурсынан объектіні алуға немесе құзыретті орган айқындаған тәртіппен қайталама конкурс белгілеуге құқылы.
Тек бiр өтiнiм берушiнiң болуына орай қайталама конкурс өтпеген деп танылған жағдайда конкурстық комиссия құзыреттi органға келiссөздердiң негiзiнде және Қазақстан Республикасы үшiн ол конкурстың ұсыныста ұсынғаннан тиымсыз емес шарттарда мұндай өтiнiм берушiмен келісімшарт жасауға құқықты.
22. Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында көзделген басқа негiздемелер бойынша да Конкурс өтпеген болып танылады.
Келісімшарт жасасудың тәртібі
23. Келісімшарт жасасу жөнiнде келiссөздер жүргізу үшiн:
1) Құзыреттi органның тікелей келiссөздердi жүргізуге арналған шешiмi; немесе
2) конкурстық комиссияның Конкурстың жеңiмпазы туралы хаттамасы негіздеме болып табылады.
24. Құзыреттi орган мен Жер қойнауын пайдаланушы Келісімшарттың тараптары болады.
ҚР Үкіметінің 07.04.00 ж. № 531 қаулысымен 25-тармақ толықтырылды; ҚР Үкіметінің 29.06.01 ж. № 894 қаулысымен 25-тармақ өзгертілді
25. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Пайдалы қазбаларды, сондай-ақ Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң пайдалы қазбаларын Барлауға, Өндiруге, аралас Барлауға және Өндiруге арналған келісімшартты жасасуға қатысты Құзыреттi орган болып табылады.
Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Геология және жер қойнауын қорғау комитеті Барлаумен және/немесе Өндiрумен және жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және/немесе пайдалануға арналған Келісімшартты жасасуға қатысты Құзыреттi орган болып табылады.
Жергiлiктi атқарушы органдар Коммерциялық мақсатта Кең тараған пайдалы қазбаларды Барлауға және/немесе Өндiруге арналған Келісімшартты жасасуға қатысты Құзыреттi орган болып табылады.
Жеке және заңды тұлғалар Келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы болып табыла алады. Егер жер қойнауын пайдалану құқығы кейiн жер қойнауын пайдалану құқығының бiрлескен иелерi болып табылатын бiрнеше жеке және/немесе заңды тұлғаларға берiлсе, онда Келісімшарт Құзыреттi орган мен осындай жеке және/немесе заңды тұлғалардың арасында жасалады. Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылардың Келісімшарттың талаптарын орындау жөнiндегі өзара құқықтары мен мiндеттерi жер қойнауын пайдаланушылардың арасындағы шартпен (келісіммен) айқындалады және Келісімшарттың ажырамас бөлiгi болып табылады.
26. Келiссөздердi мүдделi министрліктер мен ведомстволар өкiлдерiнiң мiндеттi қатысуымен Құзыреттi органның жұмыс тобы жүргізедi. Жұмыс тобының құрамын министрлiктер мен ведомстволар ұсынған кандидатуралардың негiзiнде Құзыреттi орган бекiтедi.
Келісімшартты дайындау және келiсу
27. Келісімшарттың жобасын моделдiк келісімшарттың қағидаларын ескере отырып жер қойнауын пайдаланушы дайындайды және конкурстық комиссия Конкурстың жеңiмпазы туралы хаттаманы ресiмдеген не Құзыреттi орган тiкелей келiссөздер жүргізу туралы шешiм қабылдаған сәттен бастап 90 күннен кеш емес мерзiмде ұсынылады. Кең тараған пайдалы қазбаларды Барлауды және/немесе Өндiрудi жүргiзуге арналған Келісімшарттың жобасын моделдiк келісімшарттың негізiнде жер қойнауын пайдаланушы дайындайды және тиiстi әкiм шешiм қабылдаған сәттен бастап 30 күннен кеш емес мерзiмде ұсынылады.
ҚР Үкіметінің 29.06.01 ж. № 894; 01.11.02 ж. № 1160 қаулыларымен 28-тармақ өзгертілді
28. Құзыретті орган жобаның экономикалық параметрлерiн айқындау мақсатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен және Қаржы министрлігімен, ал Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - облыстық экономика басқармасымен және аумақтық салық органымен бiрлесiп қаржы-экономикалық моделдi қарайды.
ҚР Үкіметінің 29.06.01 ж. № 894; 01.11.02 ж. № 1160 қаулыларымен 29-тармақ өзгертілді
29. Келісімшарттың тараптармен келiсілген жобасы оған қол қойылғанға дейiн Келісімшарттың жобасы алынған сәттен бастап 30 күн мерзiмде тиiсiнше Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде және Қаржы министрлiгінде мiндеттi экономикалық және салықтық сараптама жасауға жатады.
ҚР Үкіметінің 29.06.01 ж. № 894; 01.11.02 ж. № 1160 ; 2006.28.04. № 340 (бұр.ред.қара) қаулыларымен 30-тармақ өзгертілді
30. Келісімшарттың жобасы 30 күн мерзiмде Әдiлет министрлігімен, ал Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігінiң тиiстi аумақтық органымен, сондай-ақ алынған күннен бастап мына министрлiктермен және ведомстволармен:
1) қоршаған табиғи ортаны қорғау мәселелері бойынша - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен, ал Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - оның аумақтық органдарымен; Барлаумен және/немесе Өндірумен байланысты емес Құрылыс және/немесе жерасты құрылыстарын пайдалану үшін жарамды жер қойнауын пайдалану, қорғау және Қойнаулар учаскелерінің кенсіздігін анықтау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Геология және жер қойнауын қорғау комитетімен, ал Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - оның аумақтық органдарымен;
2) денсаулық сақтау мәселелерi бойынша - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен, ал Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша оның аумақтық бөлiмшелерiмен;
3) жұмыстарды қауiпсiз жүргізу және тау-кен бақылау мәселелерi бойынша - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігімен мiндеттi келiсуге жатады.
31. Құзыреттi орган Келісімшарттың талаптарын әзiрлеу процесiнде тәуелсiз консультанттар мен сарапшыларды тартуға құқылы. Тәуелсiз консултанттар мен сарапшыларды тартуға байланысты барлық шығындарды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiпте мердiгер өтейдi.
32. Келiссөздер жүргiзiлгеннен, Келісімшарттың жобасына сараптама жүргізiлгеннен және ол келісілгеннен кейiн Келісімшартқа бiрiншi басшы, орынбасары немесе оның тапсырмасы бойынша өзге де уәкiлеттi адам мен жер қойнауын пайдаланушының уәкiлеттi өкiлi қол қояды.
33. Келісімшарттың талабы конкурстық ұсыныстың шарттарымен салыстырғанда Қазақстан Республикасына қатысты тиiмдiлiгі төмен бола алмайды. Конкурс жеңімпазының конкурстық ұсыныста айқындалған шарттармен салыстырғанда Қазақстан Республикасына қатысты тиiмдiлігі аз шарттарда Келісімшарт жасасудан бас тартуы Конкурс жеңiмпазы мiндеттемелерiнiң айтарлықтай бұзылуы болып саналады.
34. Келісімшарт пайдалы қазбалардың Келісімшартта көрсетiлген түрiн ғана Барлауға және/немесе Өндiруге құқық бередi. Құзыреттi орган Келісімшартта қамтылған түрлердiң тiзбесiне енбеген Пайдалы қазбалардың қорлары табылған жағдайда, Келісімшартқа тиiстi өзгерістер мен толықтырулар енгізу жолымен мұндай Пайдалы қазбаларды Өндiру жөнiндегі шарттарды айқындауға құқықты.
35. Тараптар өзара келісім бойынша жазбаша нысанда келiссөздер жүргiзу жолымен Келісімшартқа өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуге құқылы. Қабылданатын өзгерістердi және/немесе толықтыруларды келiсу және сараптама жасау аталған өзгерістер және/немесе толықтырулар құзыретiне жататын министрлiктермен және ведомстволармен ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте енгізiлетiн өзгерістер конкурстық ұсыныста айқындалған шарттармен салыстырғанда Қазақстан Республикасына қатысты тиiмдiлiгi төмен бола алмайды.
Келісімшарттарды тiркеу және сақтау
36. Келісімшарт қол қойылғаннан кейiн оны жасасқан мемлекеттік органда мiндетті мемлекеттік тiркелуге жатады. Келісімшартты тiркеген мемлекеттік орган Келісімшарттардың мемлекеттік тiркелуiнiң тiзiлiмiн жүргізедi.
37. Құзыреттi орган жер қойнауын пайдаланушыға беретiн белгiленген үлгiдегі сертификат Келісімшарттың тiркелуiн куәландыратын құжат болып табылады.
38. Келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар да Келісімшарттардың мемлекеттік тiркелуiнің тiзiлiмiне енгізу жолымен тиiстi мемлекеттік органның тiркеуiне жатады. Келісімшарт пен оған өзгерістер және/немесе толықтырулар олар тiркелген сәттен бастап күшiне енген деп танылады.
39. Жасалған Келісімшартты сақтауды оны тiркеудi жүргiзген тиiстi мемлекеттік орган жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 01.11.02 ж. № 1160 қаулысымен 40-тармақ өзгертілді
40. Келісімшарттың көшiрмесi оны Құзыреттi орган тiркегеннен кейiн мiндеттi түрде Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне, Қаржы министрлігіне жолданады.