Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 Қаулысы
(2026.01.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1385 қаулысымен (бұр.ред. қара) ҚР Үкіметінің 13.05.04 ж. № 532 қаулысымен (бұр.ред. қара) тақырыбы және кіріспе өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2022.20.12. № 1038 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2017.29.12. № 939 Қаулысымен осы қаулының Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет), олардың облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аумақтық органдарының, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Астана қаласы Әділет департаментінің, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігінің Астана қаласы Әдiлет департаментінің Алматы ауданы әдiлет басқармасының, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігінің Астана қаласы Әдiлет департаментінің Сарыарқа ауданы әдiлет басқармасының, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігінің Астана қаласы Әдiлет департаментінің Есіл ауданы әдiлет басқармасының, Астана қаласы және Маңғыстау облысы жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне қолданысы 2018 ж. 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін тоқтатылды
ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен кіріспе өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2018.12.12. № 827 Қаулысымен кіріспе жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған барлық органдарының қызметкерлерін лауазымдық (қызметтік) мiндеттерiн тиiсiнше орындағаны үшiн көтермелеу жүйесiн реттеу, сондай-ақ олардың функциялары мен міндеттерін уақтылы әрі сапалы орындауға материалдық мүдделілiгiн арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1385 қаулысымен (бұр.ред. қара); ҚР Үкіметінің 13.05.04 ж. № 532 қаулысымен (бұр.ред. қара) 1-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2022.20.12. № 1038 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидалары бекітілсін.
ҚР Үкіметінің 2023.09.03. № 192 Қаулысымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және олардың лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидаларының 27 және 28-тармақтарының ережелері 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы құқықтық қатынастарға қолданылады деп белгіленсін.
ҚР Үкіметінің 2017.29.12. № 939 Қаулысымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2019 ж. 30 маусымға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара); 2018.12.12. № 827 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2019.13.12. № 925 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2020.18.02. № 68 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2020.30.12. № 928 Қаулысымен (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы қаулының Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және оның облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бойынша аумақтық органдарының, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) және оның облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бойынша аумақтық органдарының, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің және оның облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бойынша аумақтық органдарының, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстарының жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне қолданылуы 2021 жылғы 30 маусымды қоса алғанға дейін тоқтатыла тұрсын.
Қазақстан Республикасының
| Премьер-Министрі | Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы
№ 1127 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1385 қаулысымен (бұр.ред. қара) ҚР Үкіметінің 13.05.04 ж. № 532 қаулысымен (бұр.ред. қара) тақырыбына өзгеріс енгізілді; ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2022.20.12. № 1038 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу
қағидалары
Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінің 13.05.04 ж. № 532 қаулысымен (бұр.ред. қара) 1-тармақ жаңа редакцияда; ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2018.12.12. № 827 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2022.20.12. № 1038 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Осы Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған барлық органдарының қызметкерлеріне лауазымдық (қызметтік) мiндеттерiн тиiсiнше орындағаны үшiн көтермелеу жүйесiн реттеу, сондай-ақ олардың функциялары мен міндеттерін уақтылы әрі сапалы орындауға материалдық мүдделілiгiн арттыру мақсатында әзiрлендi және еңбегiне ақы төлеу «Мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 қбп қаулысы негiзiнде жүргiзiлетiн мемлекеттік бюджет есебiнен қамтылған барлық органдардың қызметкерлеріне қолданылады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1385 қаулысымен 1-1 тармақпен толықтырылды ; ҚР Үкіметінің 13.05.04 ж. № 532 қаулысымен (бұр.ред. қара) 1-1-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-1-тармақ өзгертілді
1-1. Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлерiне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемақылар белгiлеу бюджеттік бағдарламаны, (кішi бағдарламаны) қаржыландыру жоспары бойынша тиісті көзделген мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1385 қаулысымен 1-2-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2004.15.11.№ 1197 қаулысымен 1-2 тармақ өзгерді; ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен 1-2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2007.12.11. № 1069 қаулысымен 1-2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2021.18.03. № 145 Қаулысымен (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-2-тармақ жаңа редакцияда
1-2. Қызметкерлерге сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақы белгілеу:
1) мемлекеттік орган басшысы - бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) әкімшісінің, мемлекеттік мекеме басшысының не оларды алмастыратын тұлғалардың;
2) мемлекеттік органның басшысымен келісу бойынша аппарат басшысының шешімі бойынша жүргізіледі деп белгіленсін.
ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын өзге органдардың бірінші басшыларының не оларды алмастыратын тұлғалардың осы Қағидаларды басшылыққа ала отырып қызметкерлерге сыйлықақы беру туралы нұсқаулықты дербес әзірлеуге және бекітуге құқығы бар.
ҚР Үкіметінің 2022.20.12. № 1038 Қаулысымен 2-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 2-1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-1. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) бонус - әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге олардың қызметінің тиімділігін бағалау нәтижесі бойынша белгіленетін ақшалай төлем;
2) бонустық қор - мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша бонустар төлеуге арналған, жоспарланатын бюджет қаражаты;
3) есепті кезең - қорытындысы бойынша мемлекеттік әкімшілік қызметші қызметінің қорытынды бағасы қалыптастырылатын күнтізбелік жыл;
4) сыйлықақы - біржолғы ақшалай сыйақы түріндегі көтермелеу нысаны.
Сыйлық беру шарттары
ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген тәртіпке сәйкес қызметкерлерге сыйлықақы беру лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны, белгілі бір кезеңдегі жұмыс нәтижелері, жалпы осы органның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты (іркіліссіз) жұмыс істеуі кезек күттірмейтін және алдын ала болжанбаған жұмыстардың шұғыл орындалуына байланысты болғанда сол жұмыстарды орындағаны, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстары жоспарының, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және Премьер-Министрінің актілері мен тапсырмаларының іс-шараларын уақтылы және сапалы орындағаны, егер осы өкілеттіктер қызметкерлердің лауазымдық міндеттеріне кірмесе, заң жобаларын, конвенцияларды, келісімдерді, шарттарды, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлегені және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың қызметін бағалаудың нәтижелері бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздерде сыйлықақы беру мереке күндеріне, мереке және мерейтой күндеріне, қызметкерлердің мерейтойларына орайластырылуы мүмкін.
ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 4-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қызметкерге:
1) оның алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде;
2) мемлекеттік орган, оның ішінде жойылған (таратылған) не қайта ұйымдастырылған мемлекеттік орган функцияларының, өкілеттіктерінің және (немесе) штат бірліктерінің басқа мемлекеттік органға берілуіне байланысты лауазымға қайта тағайындау жағдайларынан басқа сыйлықақы төлеу туралы шешім қабылданған күнге мемлекеттік органның ведомстволарын, сондай-ақ олардың аумақтық органдары мен бөлімшелерін, олардың қарамағындағы мемлекеттік мекемелерді қоса алғанда, тиісті мемлекеттік органда қызметкер ретінде (еңбегiне ақы төлеу «Мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 қбп қаулысы негiзiнде жүргiзiлетiн) күнтізбелік отыз күннен кем жұмыс істеген болса;
3) сынақ мерзімінен өту кезеңінде;
4) ол жалақысы сақталмайтын демалыстан, оқу демалысынан және бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыстан шығып, бұл демалыстардың ұзақтығы алты ай және одан көп болса және сыйлықақы төлеу туралы шешім қабылданған күнге ол күнтізбелік отыз күннен кем жұмыс істеген болса, сыйлықақы берілмейді.
Лауазымдық жалақысына үстемеақылар белгілеу шарттары
ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Қызметкердің лауазымдық жалақысына үстемеақы белгілеу:
1) қысқартылған қызметкерлердің және (немесе) бос/уақытша бос лауазымдардың функцияларын өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындағаны;
2) уақытша болмаған қызметкерлердің міндеттерін (функцияларын) өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындағаны;
3) оған ауқымы кеңейтілген міндеттердің жүктелгені;
4) кәсіптік жоғары деңгеймен және құзыреттілікпен ұштасатын жұмыстағы жеткілікті тәжірибесі (өтіл) мен машығын практикада табысты қолданғаны;
5) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын құжаттармен жұмыс үшін олардың орындалған көлеміне қарай;
6) қызметкер жалақысы төмен лауазымға жұмыста мертігуіне, кәсіптік ауруға шалдығуына немесе осы мемлекеттік органда еңбек міндеттерін орындауына байланысты денсаулығына өзге зақым келуіне орай ауыстырылғаны (тағайындалғаны) үшін еңбекке жарамдылығы қалпына келгенге не мүгедектік белгіленгенге дейін, сондай-ақ органның басқару құрылымының өзгеруіне орай -ауыстырылған (тағайындалған) күнінен бастап бір жылға дейін жүзеге асырылуы мүмкін.
6. ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен алып тасталды (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. ҚР Үкіметінің 2004.15.11.№ 1197 қаулысымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
Материалдық көмек көрсету ережелері
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1385 қаулысымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара); ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 8-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Қызметкерге материалдық көмек көрсету:
1) оның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары қайтыс болған;
2) өзі некеге тұрған;
3) баласы туған, оның бала асырап алған;
4) өзі қосымша қаржы шығындарын талап ететін ем қабылдаған (санаторийде емделуден басқа, күнтізбелік он және одан көп күн стационарлық немесе амбулаторлық емделуі);
5) оған қатысты құқыққа қарсы іс-қимыл жасалуы (тонау, ұрлық және басқалары), сондай-ақ дүлей зілзала (өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және т.б.) салдарынан мүліктік зиян келтірілген;
6) ол зейнеткерлiкке шыққан жағдайларда жүзеге асырылады.
Қызметкерге материалдық көмек көрсету аталған жағдайлар осы мемлекеттік мекемеде жұмыс істеген кезеңде туындаған болса жүзеге асырылуы мүмкін.
Қызметкерлерге сыйлықты бекіту және төлеу, материалдық
көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар
белгілеу тәртібі
ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Қызметкерлерге сыйлықақы беру және лауазымдық жалақысына үстемеақы белгілеу дербес құрылымдық бөлімшелер басшыларының, тікелей басшылардың (дербес құрылымдық бөлімшенің басшысы болмаған жағдайда), лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар тұлғалардың немесе мемлекеттік органның, мемлекеттік мекеменің басшысы айқындайтын тұлғалардың жазбаша ұсынымының негізінде осы Қағидалардың 1-2-тармағында санамаланған тұлғалардың бұйрығымен жүргізіледі.
Ведомстволардың, аумақтық бөлімшелердің, мемлекеттік мекемелердің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына сыйлықақы беру және үстемеақы белгілеу жоғары тұрған лауазымды тұлғалардың ұсынымдарының негізінде жүргізіледі.
Орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына сыйлықақы беру және үстемеақы белгілеу жоғары тұрған лауазымды тұлғалардың ұсынымы негізінде жүргізіледі не осы Қағидалардың 1-2-тармағында санамаланған тұлғалар өздері жүргізеді.
Орталық мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың басшылары (басшылардың орынбасарлары) үшін сыйлықақы берудің өзге рәсімдері көзделуі мүмкін.
ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 10-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Ұсынымда қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы, сыйлықақы (үстемеақы) беру үшін негіз және мөлшері (қажет болған жағдайда) көрсетіледі.
ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 11-тармақ өзгертілді
11. Қызметкерге материалдық көмек көрсету туралы бұйрықты қызметкердің жазбаша өтінішінің негізінде не осы органда құрылатын тиісті комиссияның қорытындысы бойынша осы Ереженің 1-2-тармағында санамаланған тұлғалар қабылдайды.
Материалдық көмек төлеу қызметкер өтініш берген күннен бастап бір жыл ішінде жүргізіледі, бұл ретте төлем жүзеге асырылатын күні қызметкер тиісті мемлекеттік мекемемен еңбек қатынастарында тұруы шарт.
Материалдық көмек көрсету туралы өтініш осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген жағдайлар басталған күннен бастап екі ай ішінде беріледі, ал осы Қағидалардың 8-тармағының 6) тармақшасында көзделген жағдай бойынша өтініш ол басталғанға дейін кемінде бір ай бұрын беріледі.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1385 қаулысымен (бұр.ред. қара); ҚР Үкіметінің 13.05.04 ж. № 532 қаулысымен (бұр.ред. қара) 12-тармақ өзгертілді
12. Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлық беруге, материалдық көмек көрсетуге және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеуге мемлекеттік бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің нормативтік құқықтық кесімдерімен айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасы органдарының бюджеттік бағдарламаны (кiшi бағдарламаны) қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу жолымен жүргізіледі.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1385 қаулысымен (бұр.ред. қара) ҚР Үкіметінің 13.05.04 ж. № 532 қаулысымен (бұр.ред. қара) 13-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 13-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13. Сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және үстемеақы белгілеу шығыстардың мынадай түрлері бойынша үнемдеу есебінен:
1) мына:
ел iшiндегi iссапарлар мен қызметтiк сапарлар;
елден тыс жерлерге iссапарлар мен қызметтiк сапарлар;
үй-жайды жалдауға ақы төлеу;
коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу;
байланыстың көрсетілетін қызметтерiне ақы төлеу;
көлiктiк көрсетілетін қызмет көрсетулерге ақы төлеу;
электр энергиясына ақы төлеу;
жылытуға ақы төлеу;
ғимараттарды, үй-жайларды, жабдықтарды және басқа да негізгі құралдарды ұстау, оларға қызмет көрсету, ағымдағы жөндеу;
өзге көрсетілген қызметтер;
ерекше шығындар;
өзге ағымдағы шығындар бойынша жыл бойы үнемделген мемлекеттік бюджет қаражатының жалпы көлемінің 30 %-ынан асырмай, ал желтоқсанда - бір жылда үнемделген қаражаттың толық көлемінде;
2) мына:
жалақы;
өтемақы төлемдері;
жұмыс берушiлердiң жарналары;
әлеуметтік салық;
көлік құралдары иелерінің міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шығындары;
мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің мемлекеттік міндетті жеке сақтандыру шығындары;
өзге де қорларды сатып алу;
қосымша ақшалай төлемдер бойынша үнемделген мемлекеттік бюджет қаражатының толық көлемінде жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2007.11.09. № 793 қаулысымен 13-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 13-1-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13-1. Ведомстволарын, сондай-ақ олардың аумақтық органдары мен бөлімшелерін, қарамағындағы мемлекеттік мекемелерді қоса алғанда, мемлекеттік орган қызметкерлерінің штат санын қысқарту туралы шешім қабылданған жағдайда мемлекеттік органның қызметін қамтамасыз етуге көзделген және штат санын қысқарту нәтижесінде босаған қаражат есебінен толық көлемде үстемеақы белгілеу жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 13.05.04 ж. № 532 қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
14. Шығыстардың қалған түрлері бойынша мемлекеттік бюджет қаражатын үнемдеуден сыйлық беруге, материалдық көмек көрсетуге және үстемеақылар белгілеуге жол берілмейді.
Мемлекеттік органдар орталық аппараттарының мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшілерiне бюджеттік бағдарламаны (кiшi бағдарламаны) қаржыландыру жоспары бойынша тиiстi органды ұстауға көзделген мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен сыйлықақы төлеу тәртібі. ҚР Үкіметінің 2022.20.12. № 1038 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2022.20.12. № 1038 Қаулысымен тараумен толықтырылды
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу тәртібі
ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 16-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
16. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне бонус төлеу «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін бағалаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2018 жылғы 16 қаңтардағы № 13 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7617 болып тіркелген) бекітілген «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесіне (бұдан әрі - әдістеме) сәйкес жүргізілетін бағалау нәтижелері негізінде тағайындалады.
ҚР Үкіметінің 2026.29.01. № 54 Қаулысымен 17-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
17. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне бонус төлеу «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін бағалаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2018 жылғы 16 қаңтардағы № 13 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7617 болып тіркелген) бекітілген «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың үлгілік әдістемесіне (бұдан әрі - үлгілік әдістеме) сәйкес жүргізілетін бағалау нәтижелері негізінде тағайындалады.
ҚР Үкіметінің 2023.09.03. № 192 Қаулысымен 17-1-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады)
17-1. Бағалау деректерді бағалаудың автоматтандырылған жүйесі арқылы өтетін мемлекеттік органдарда бонустар төлеу осы мемлекеттік органдардың ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
18. Бонустарды төлеу мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің бірыңғай еңбегіне ақы төлеу жүйесінде бонустық қорды қалыптастыруға көзделген қаражат есебінен жүргізіледі.
19. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу жыл қорытындысы бойынша олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады, ал жұмыстан шығу, еңбек қатынастарын бұзу, ротациялау болған жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу жұмыс істеген уақытына пропорционалды түрде қызметін бағалау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2023.09.03. № 192 Қаулысымен 19-1-тармақпен толықтырылды
19-1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшімен еңбек қатынастары тоқтатылған жағдайда жергілікті атқарушы органдарда, тексеру комиссияларында және мәслихат аппараттарында 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 2022 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғандағы жұмыс кезеңдері үшін бонустар төлеу қызметті бағалау нәтижелері болған және бонустар төлеу туралы өтінішпен және банк деректемелерін көрсетіп мемлекеттік органға өзі жүгінген кезде 2023 жылғы 20 желтоқсанды қоса алғанға дейін жүзеге асырылады.