457-бап. Салық кезеңi
Жер үстi көздерiнiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн бюджетке төлемдi есептеу және енгiзу үшiн салық кезеңi осы Кодекстiң 136-бабына сәйкес белгiленедi.
458-бап. Салық есептiлiгi
1. Төлемақы төлеушiлер арнаулы су пайдалану орны бойынша салық органдарына ағымдағы ақы төлемдерi сомасының есеп-қисабы мен декларацияны табыс етедi.
2. Төлемақы төлеушiлер ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабын, осы баптың 4-тармағында аталған төлемдердi қоспағанда, тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етедi.
3. Төлеушiлер су үшiн төлемақы жөнiндегi декларацияны, осы баптың 4-тармағында аталғандарды қоспағанда, есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
4. Шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық төлеушiлер төлемақы сомалары бойынша декларацияны есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 15 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
5. Ағымдағы төлемдер сомасының есебi мен төлемақы сомалары жөнiндегi декларация салық органына табыс етiлгенге дейiн су ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық уәкiлеттi органда куәландырылады.
83-тарау. Қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы
459-бап. Жалпы ережелер
1. Қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемақы (бұдан әрi - төлемақы) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгіленген арнайы табиғат пайдалану тәртiбiмен Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асырғаны үшiн алынады.
2. Арнайы табиғат пайдалану қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган беретiн рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Қоршаған ортаны белгiленген тәртiппен ресiмделмеген рұқсат бойынша ластау белгiленген лимиттерден тыс ластау ретiнде қаралады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық уәкiлеттi органдар тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 1-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер бередi.
460-бап. Төлеушілер
Арнайы табиғат пайдалану тәртiбiмен Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
461-бап. Салық салу объектiсi
Ластағыш заттарды белгiленген лимиттер шегiнде және (немесе) олардан тыс шығарудың, тастаудың (авариялық тастауды қоса алғанда), өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастырудың нақты көлемi салық салу объектiсi болып табылады.
462-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақы ставкаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жасаған есептер негiзiнде жергiлiктi өкiлдi органдар жыл сайын белгiлеп отырады.
Қоршаған ортаны белгiленген лимиттерден тыс ластағаны үшiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмiмен жергiлiктi өкiлдi органдар бекiткен төлемақы ставкалары он есе ұлғайтылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-ІІ; 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 463-бап өзгертілді
463-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Төлемақы сомасын салық төлеушілер қоршаған орта ластануының және белгiленген ставкалардың нақты көлемiн негiзге ала отырып дербес есептейдi.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық уәкiлеттi органдарға шағын көлемдi төлемдер төлейтiн ұйымдар үшiн (жылдық жиынтық көлемде 100 есептiк көрсеткiшке дейiнгi) төлемақыларды қоршаған ортаны ластауға лимиттi сатып алу нысанында жеткiзуiне рұқсат етiледi. Лимиттi сатып алу рұқсат ресiмделген жағдайда есептi жыл үшiн алдын ала толық төлеу арқылы жүргiзiледi.
3. Уәкілетті орган оларды мемлекеттік тіркеуден өткізген жер бойынша бюджетке төлемақы енгізілетін ластанудың жылжымалы көздерін қоспағанда, бюджетке төлемақы енгiзу қоршаған ортаны ластау көзiнiң (объектiсiнің) рұқсат құжатта аталған орналасқан жерi бойынша жүргiзiледi.
4. Төлеушiлер қоршаған орта ластануының нақты көлемi үшiн төленетiн төлемақының ағымдағы сомаларын, осы баптың 2 және 6-тармақтарында аталған салық төлеушiлердi қоспағанда, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей төлейдi.
5. алынып тасталды
6. Шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiлердiң төлемақы сомаларын төлеуi мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
1) ағымдағы салық кезеңiнiң 1 қаңтарынан 1 қазанына дейiнгi кезең үшiн есептелген ағымдағы төлем сомасы ағымдағы салық кезеңiнің 20 қазанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi;
2) 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейiнгi кезең үшiн есептелген сомалар есептi кезеңнен кейiнгi салық кезеңiнiң 20 наурызынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi.
7. Артық төленген төлемақы сомасы, осы төлем бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебiне есепке жатқызу жүргiзiлгеннен кейiн, осы төлем бойынша алдағы төлемдер есебiне есепке жатқызылуға немесе салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша оның банк шотына аударылуға тиiс.
464-бап. Салық кезеңi
Қоршаған ортаны ластанғаны үшiн төлемақыны бюджетке есептеу мен енгiзу үшiн салық кезеңi осы Кодекстiң 136-бабына сәйкес айқындалады.
465-бап. Салық есептiлiгi
1. Төлемақы төлеушiлер ластау объектiсiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына ағымдағы төленген төлемдер сомасының есеп-қисабы мен декларацияны табыс етедi.
2. Ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабы төлем төлеушiлер, осы баптың 4-тармағында аталғандарды қоспағанда, тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етедi.
3. Төлеушiлер қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемақы жөнiндегi декларацияны, осы баптың 4-тармағында аталғандарды қоспағанда, есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
4. Шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық төлеушiлер төлемақы сомалары жөнiндегi декларацияны есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 15 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
5. Ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабы мен төлемақы сомалары жөнiндегi декларация салық органына табыс етiлгенге дейiн қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi аумақтық уәкiлеттi органда куәландырылады.
84-тарау. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы
466-бап. Жалпы ережелер
1. Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi төлемақы) табиғи еркiн жағдайда мекендейтiн жануарларды табиғи ортадан айырғаны үшiн алынады.
2. Жануарларды ен салу және сақина салу мақсаттары үшiн ұстап алып, кейiннен табиғи ортаға жiберген кезде төлемақы алынбайды.
3. Жануарлар дүниесiнiң мынадай санаттары:
аңшылық объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерi;
балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерi;
сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерi;
өзге де шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын жануарлар түрлерi (аңшылықтан және балық аулаудан басқа) үшiн төлемақы белгiленедi.
4. Аңшылық және балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерiнiң санаттары үшiн төлемақы осы хайуанаттардың бағалы түрлерiне ғана белгiленедi.
Аңшылық және балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлардың бағалы түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
5. Жануарлар дүниесiн пайдалану жануарлар дүниесiн басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган беретiн рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
6. Сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн пайдалану үшiн төлемдi әрбiр жекелеген жағдайда осы жануарларды табиғи ортадан аулауға рұқсат беру кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
7. Жануарлар дүниесiн басқару жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша салық комитеттерiне уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер табыс етедi.
467-бап. Төлеушiлер
Жануарлар дүниесiн пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
468-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
469-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Төлемақы сомасы ставкалар мен жануарлардың саны (су жануарларының жеке түрлерi үшiн салмағы) негiзге алына отырып белгiленедi.
2. Бюджетке төлемақы сомаларын төлеу банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйымдар арқылы аудару не жануарлар дүниесiн басқару жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнде ақшаны қолма-қол төлеу арқылы жүргiзiледi.
3. Жануарлар дүниесiн басқару жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi төлемақы сомасын қабылдауды қатаң есеп бланкiлерi негiзiнде қолма-қол ақшамен жүзеге асырады.
Қатаң есеп бланкiлерiнің нысанын және қолма-қол ақшамен енгiзiлген төлемақы сомаларын бюджетке енгiзу тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгілейдi.
4. Төлеушiлер төлемақы сомасын белгiленген ставкалар бойынша дербес есептейдi және жануарлар дүниесiн басқару жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнен рұқсат алғанға дейiн төлейдi.
5. Бюджетке төлемақы енгізу жануарлар дүниесiн пайдалану орны бойынша жүргiзiледi.
6. Төлемақының төленген сомалары қайтарылмауға тиiс.
85-тарау. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 470-бап толықтырылды
470-бап. Жалпы ережелер
1. Орманды пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi - төлемақы) орманды пайдаланудың мынадай түрлерi үшiн алынады:
1) ағаш дайындау;
2) шайыр дайындау;
3) қосымша ағаш материалдарын (қабықты, ағаш көгiн және басқаларын) дайындау;
4) ағаш шырындарын дайындау;
5) орманды жанама пайдалану (шөп шабу және мал жаю, шипалы өсiмдiктер мен техникалық шикiзат, жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және орманның басқа да тағамдық өнiмдерiн дайындау және жинау, ара ұялары мен омарталар орналастыру);
6) орманды мәдени-сауықтыру және ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалану;
7) орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығы қажеттерi үшiн пайдалану.
2. Орманды пайдалану құқығы орман шаруашылығын басқару жөнiндегi аумақтық уәкiлеттi органдар және орман иеленушiлер беретiн мынадай арнайы рұқсат құжаттары:
1) меншiк иесiнiң орман қоры учаскесiн ұзақ мерзiмдi (елу жылға дейiнгi мерзiмге) пайдалану құқығын куәландыратын жалдау шарты;
2) меншiк иелерiнiң орман ресурстарын немесе орман қоры учаскелерiн қысқа мерзiмге (бiр жылға дейiнгi мерзiмге) пайдалану құқығын куәландыратын ағаш кесуге рұқсат билетi, ордерi, орман билетi негiзiнде берiледi.
3. Бюджетке төлемақы сомаларын төлеу орман пайдалану орыны бойынша банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйымдар арқылы аудару не қатаң есептiлiк бланкiлерi негiзiнде тиiстi органда ақшаны қолма-қол төлеу арқылы жүргiзiледi.
Қатаң есептiлiк бланкiлерiнiң нысанын және қолма-қол ақшамен енгiзiлген төлемақы сомаларын бюджетке есептеу тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiлейдi.
4. Орман шаруашылығын басқару жөнiндегi аумақтық уәкiлеттi органдар мен орман иеленушiлер тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 1-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер бередi.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 471-бап өзгертілді
471-бап. Төлеушiлер
1. Қазақстан Республикасының заң актiсiнде белгiленген тәртiппен орман пайдалануды жүзеге асыру құқығын алған жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрi - орман пайдаланушылар) төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Мыналар:
1) орман иелері ағашты түбірімен жөнелткені үшін:
орманды күтiп-баптау кезiнде ағаш кесуді, санитариялық кесуді (iрiктеп және жаппай), құндылығы шамалы орман ағашы екпелерiн жаңғыртуға байланысты кесуді жүзеге асыру, орманды орман зиянкестері мен ауруларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды орындау;
өтпе жол салу, орман орналастыру және ормандарды өртке қарсы жайғастыру іс-шараларын жүргізу кезiнде;
2) орман пайдаланушылар - ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу үшiн жүзеге асыратын ағаш ресурстарын, шайырды, қосымша орман материалдарын алу кезiнде төлемақы төлеушiлер болып табылмайды. Бұл орайда, алынған өнiм, оның ғылыми зерттеулердi орындау үшiн қажеттi бөлiгiн қоспағанда, орман қоры учаскелерi иелерiнің меншiгi болып табылады. Оның тiзбесi мен көлемi зерттеулердiң бағдарламаларын және әдiстемелерiн негiзге ала отырып белгiленедi және орман шаруашылығы басқармасының аумақтық органдарымен жасалған келiсiмде немесе шартта көрсетiледi.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 472-бап өзгертілді
472-бап. Салық салу объектiсi
Пайдалануға берiлетiн орман пайдаланудың көлемi және (немесе) орман қоры учаскелерінің аумағы төлемақы салу объектiсi болып табылады.
473-бап. Төлемақы ставкалары
1. Осы баптың 2-тармағында аталғандарды қоспағанда, төлемақы ставкаларын орман шаруашылығын басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган жасаған есеп-қисаптар негiзiнде жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлейдi.
2. Тамырымен жiберiлетiн ағаш төлемақысы жөнiндегi базалық ставкаларды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейдi. Бұл орайда жергiлiктi өкiлдi органдардың ставкалар мөлшерiн екi есеге дейiн арттыруға құқығы болады.
474-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Төлемақыны есептеу тәртiбiн және бюджетке енгiзу мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Төленген сомалар қайтарылуға тиiс емес.
86-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
пайдаланғаны үшін төлемақы
475-бап. Жалпы ережелер
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн өтемақы (бұдан әрi - төлемақы) Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын ғылыми, мәдени-ағарту, оқыту, туристiк, декреациялық және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдаланғаны үшiн алынады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ әкiмшілiгi тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органына уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгілеген нысан бойынша мәлiметтер бередi.
476-бап. Төлеушiлер
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар төлеушiлер болып табылады.
477-бап. Төлемақы ставкалары
1. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
2. Жергілiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкаларын жергiлiктi атқарушы органдардың ұсынуы бойынша жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлейдi.
478-бап. Төлемақы төлеу тәртiбi және мерзiмдерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың орналасқан жерi бойынша бюджетке төлемақы сомаларын төлеу банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын мекемелер арқылы аудару не ерекше қорғалатын табиғи аумақтар әкiмшiлiктерi белгiлеген бақылау-өткiзу пункттерiнде не өзге де арнайы жабдықталған орындарда қатаң есептiлiк бланкiлерi негiзiнде ақшаны қолма-қол төлеу арқылы жүргiзiледi.
Қатаң есептiлiк бланкiлерiнiң нысанын және қолма-қол ақшамен енгiзiлген төлемақы сомаларының бюджетке енгiзiлу тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiлейдi.
2. Қолдарында төлем төлегенiн растайтын құжаттар болған кезде ғана ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды төлемақы төлеушiлердiң пайдалануына жол берiледi.
3. Төленген төлемақы сомалары қайтарылмайды.
87-тарау. Радиожиілік спектрін пайдаланғаны
үшін төлемақы
479-бап. Жалпы ережелер
1. Радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi төлемақы) байланыс саласындағы уәкiлеттi орган бөлген радиожиiлiк спектрiнiң номиналдары (белдеулерi, диапазондары) (бұдан әрi - радиожиiлiк спектрiнiң номиналдары) үшiн алынады.
2. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығы байланыс саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берген рұқсат құжаттармен куәландырылады.
3. Радиожиiлiк спектрiнiң номиналдарын бөлу конкурстық негiзде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiлуi мүмкiн.
Бұл орайда, конкурс қорытындылары бойынша жеңiмпаз Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде мемлекеттiк бюджетке бiр жолғы төлемақы енгiзедi.
4. Бюджетке төленуге тиiс бiр жолғы төлемақы сомасы осы баптың 3-тармағына сәйкес төлем есебiне есептелмейдi.
480-бап. Төлеушiлер
1. Заң актiсiнде белгiленген тәртiппен радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын алған жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Мыналар:
1) өздерiне жүктелген негiзгi функционалдық мiндеттерiн орындау кезiнде радиожиiлiк спектрiн пайдаланатын мемлекеттiк мекемелер;
2) осы Кодекстің 442-бабында аталған салық төлеушілер төлемақы төлеушiлер болып табылмайды.
481-бап. Төлемақы ставкалары
Жылдық төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
482-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Төлемақыны есептеудi байланыс саласындағы уәкiлеттi орган рұқсат құжаттарында көрсетілген техникалық параметрлерге сәйкес, радио байланысының түрi мен радиожиiлiк спектрiн пайдалану аумағына қарай, жылдық ставкалар негiзiнде жүргiзедi.
2. Есептi салық кезеңiндегi радиожиiлiк спектрiн пайдалану кезеңi бiр жылдан кем болған жағдайда төлемақы сомасы жыл бойына есептелген төлем сомасын он екiге бөлiп, оны радиожиiлiк спектрi пайдаланылған айлардың санына көбейту арқылы анықталады.
3. Байланыс саласындағы уәкілетті органдар төлемақының жылдық сомасын көрсетiп хабарлама жазады және оны төлеушiлерге ағымдағы есептi кезеңнің 20 ақпанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жiбередi.
4. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгiленген мерзiмнен кейiн алған жағдайда, байланыс саласындағы уәкiлеттi орган салық төлеушiге төлемақы сомасын көрсете отырып, салық төлеушi радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат алған айдан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей хабарлама жiбередi.
5. Жылдық төлемақы сомасы салық төлеушінің тiркеу есебiнде тұрған жерi бойынша бюджетке ағымдағы жылдың 20 наурызынан, 20 маусымынан, 20 қыркүйегiнен және 20 желтоқсанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмдерде тең үлеспен төленедi.
6. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгiленген мерзiмнен кейiн алған жағдайда, рұқсат құжатын алған күннен кейiнгi кезектi мерзiм алғашқы төлеу мерзiмi болып табылады.
7. Салық кезеңiнің қорытындылары бойынша төлемақы жөнiндегi түпкiлiктi есеп айырысу декларация мерзiмi басталғаннан кейiн он күнтiзбелiк күннен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жүргiзiледi.
8. Артық төленген төлемақы сомасы осы төлемақы бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды ақы есебiне есепке жатқызу жүргiзiлгеннен кейiн осы төлемақы бойынша алдағы төлемдегі есебiне есепке жатқызылуға немесе салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша оның банк шотына аударылуға тиiс.
483-бап. Салық кезеңi
Төлемақы бойынша салық кезеңi осы Кодекстiң 136-бабына сәйкес белгiленедi.
484-бап. Салық есептiлiгi
1. Салық төлеушiлер жыл сайын салық төлеушiнiң тiркеу есебiнде тұрған жерi бойынша салық органдарына ағымдағы төлемдер сомасының есебi мен радиожиiлiк спектрiн пайдалану төлемақысы бойынша декларация табыс етедi.
2. Ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабы есептi салық кезеңiнiң 15 наурызынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде табыс етiледi.
Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын осы Кодекстің 482-бабының 3-тармағында белгiленген мерзiмнен кейiн алған жағдайда, салық төлеушi ағымдағы төлемдер сомасының есебiн байланыс саласындағы уәкiлеттi органның жазып беретiн хабарламасын алған айдан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етедi.
3. Декларация есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрілмей табыс етiледi.
88-тарау. Кеме жүзетін су жолдарын пайдаланғаны
үшін төлемақы
485-бап. Жалпы ережелер
1. Кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi төлемақы) Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланғаны үшiн алынады.
2. Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын пайдалану құқығы көлiктiк бақылау мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган беретiн рұқсат құжатымен әрбiр күнтiзбелiк жылға берiледi.
3. Тиiстi рұқсат құжаты болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын нақты пайдалану төлемақы сомасын өндiрiп алу және бюджетке енгiзу үшiн негiз болып табылады.
4. Көлiктiк бақылау мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган келесi айдың 15-нен кешiктiрмей ай сайын салық органдарына уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгілеген нысан бойынша Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын пайдалануға рұқсат құжатын алған тұлғалар бойынша мәлiметтер берiп отырады.
486-бап. Төлеушiлер
1. Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Мемлекеттiк мекемелер төлемақы төлеушiлер болып табылмайды.
487-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
488-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланушылардан алынатын төлемақы мөлшерi рұқсат беру құжатында белгiленген, бiрақ бiр күнтiзбелiк ай үшiн төлемақы мөлшерiнен кем емес төлемақы ставкалары мен кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланудың нақты мерзiмi негiзге алына отырып анықталады.
2. Ай сайынғы төлемақы мөлшерi көлiктiк бақылау мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган ағымдағы жылға белгiлейтiн навигация кезеңiне жыл бойынша есептелген төлемақы сомасын бөлу жолымен анықталады.
3. Ағымдағы ай iшiнде бюджетке енгiзуге жататын төлемақы сомасы келесi айдың 20-сынан кешiктiрiлмей төленедi.
4. Төлемақы төлеушiлер рұқсат құжатын алу кезiнде көлiктiк бақылау мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланудың бiрiншi айы үшiн бюджетке төлемақы сомасы енгiзiлгенiн растайтын құжатты табыс етедi.
5. Кеменiң бiр жолғы кiруi кезiнде шетелдiк жеке және заңды тұлғалар үшiн бюджетке төлемақы рұқсат құжатын алғанға дейiн айлық ставка мөлшерiнде енгiзiледi. Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарында шетелдiк тұлғалар бiр айдан астам болған кезде бюджетке төлемақы осы бапта белгiленген тәртiппен енгiзiледi.
6. Төлемақы сомалары бюджетке кеме жүзетiн су жолдарын пайдалану орны бойынша енгiзiлуге тиiс.
7. Төленген сомалар қайтарылуға тиiс емес.
89-тарау. Сыртқы (көрнекі) жарнамалар
орналастырғаны үшін төлемақы
489-бап. Жалпы ережелер
1. Сыртқы (көрнекi) жарнамалар орналастырғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi - төлемақы) жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде және Қазақстан Республикасы аумағындағы елдi мекендерде плакаттар, стендiлер, жарық түсiретiн табло, билбордтар, транспаранттар, афишалар түрiнде сыртқы (көрнекi) жарнамалар объектілерiн орналастыруға және басқа да тұрақты жарнамалар орналастыру объектiлерiне құқық үшiн алынады.
2. Сыртқы (көрнекi) жарнама объектiсiн (бұдан әрi - жарнама объектiсi) орналастыру:
1) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде жарнама объектiлерiн орналастыру кезiнде - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен белгiлi бiр мерзiмге автомобиль жолдары мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - жол органы) беретiн құжат негiзiнде;
2) елдi мекендерде жарнама объектiлерiн орналастыру кезiнде жергiлiктi атқарушы органдардың елдi мекендерде сыртқы (көрнекi) жарнама орналастыру тәртiбi мен шарттары жөнiнде белгiлеген талаптарына сәйкес берiлетiн рұқсат негiзiнде жүргiзiледi.
Тиiстi құжаттарсыз жарнама объектiлерiн орналастыруға тыйым салынады.
3. Тиiстi рұқсат құжаттары болмаған кезде жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының жарнама объектiлерiне бөлiнген белдеуiндегi жер учаскелерiн нақты пайдалану және (немесе) оларды елдi мекендерде орналастыру төлемақы сомаларын бюджетке өндiрiп алу және енгізу үшiн негiз болып табылады.
4. Жол органдары және жергiлiктi атқарушы органдар ай сайын, айдың 15-iнен кешiктiрмей салық органдарына мемлекеттiк уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша рұқсат беру құжатын алған тұлғалар жөнiнде мәлiмет бередi.