егер мұрагер мұра қалдырушы қайтыс болған күнде мұра қалдырушымен кемiнде үш жыл тұрған болса және ол қайтыс болғаннан кейiн де осы үйде (пәтерде) тұруын жалғастырып жатса, тұрғын үйi (пәтерi) немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативiндегi пайы;
сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерi, мемлекеттiк заемдардың облигациялары, еңбекке төленетiн ақы, авторлық құқық сомалары, авторлық қаламақы және ашқан жаңалықтары, өнертабыстары мен өнеркәсiптiк үлгiлерi үшiн сыйақы сомалары;
ақталған азаматтардың мүлкi;
4) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестiрiлген адамдар, I және II топтардағы мүгедектер - барлық нотариаттық iс-әрекеттер бойынша;
5) оралмандар (репатрианттар) - Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға байланысты барлық нотариаттық iс-әрекеттерi бойынша;
6) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi, оның филиалдары мен өкiлдiктерi - өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша нотариаттық iс-әрекеттер жасау үшiн өтiнiш берген кезiнде;
6-1) қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган - өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша нотариаттық iс-әрекеттер жасауға өтiнiш жасаған кезде;
7) "Ардақты Ана" атағы берiлген, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар - барлық нотариаттық iс-әрекеттер бойынша;
8) заңдарда белгiленген тәртіппен қорғаншылық тағайындалған созылмалы жүйке ауруымен ауыратын жеке адамдар - өздерiнiң мүлiкке мұрагерлiгi туралы куәлiктер алғаны үшiн;
9) "Қазақстан мүгедектерiнiң ерiктi қоғамы" одағы (ҚМЕҚ), Қазақ саңыраулар қоғамы (ҚСҚ), Қазақ зағиптар қоғамы (ҚЗҚ), сондай-ақ олардың өндiрiстiк кәсiпорындары барлық нотариалдық iс-әрекет бойынша мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.
503-бап. Азаматтық хал актiлерiн тiркеу кезiнде мемлекеттiк баж төлеуден босату
Азаматтық хал актiлерiн тiркеу кезiнде мыналар:
1) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, барлық топтардағы мүгедектер, қорғаншылар (қамқоршылар), мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдар - тууы туралы куәлiктер тiркелгенi және қайталап берілгенi үшін;
2) жеке адамдар - азаматтық хал актiлерiн тiркеу кезiнде жiберiлген қателерге байланысты туу, қайтыс болу туралы, әкелiктi анықтау, ұл бала асырап алу (қыз бала асырап алу) туралы актiлер жазбалары өзгертілген, толықтырылған және түзетiлген кезде өздеріне куәлiктер бергенi үшiн;
3) жеке адамдар - ақталған туыстарының қайтыс болуы туралы оларға бұрын берiлген куәлiктер қайталап немесе алмастырылып берiлгенi үшiн;
4) жеке адамдар - бала асырап алу мен әкелiктi анықтауға байланысты актiлер жазбаларына өзгерiстер, толықтырулар енгiзiлгенi үшiн мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 504-бап өзгертілді
504-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру және алу кезiнде мемлекеттiк баж төлеуден босату
Мыналар:
жаппай қуғын-сүргiндер, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, өзге де имандылыққа жат саяси акциялар салдарынан Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге мәжбүр болған адамдар және олардың ұрпақтары Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру туралы өздерi тiлек бiлдiрген жағдайда;
оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған кезде мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.
Аталған мемлекеттiк баж төлеуден босату бiр рет берiледi.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 505-бап өзгертілді
505-бап. Қазақстан Республикасынан кету және Қазақстан Республикасына келу жөнiндегi iстер бойынша мемлекеттiк баж төлеуден босату
Қазақстан Республикасынан кету жөнiндегi iстер бойынша мыналар:
1) Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистiк Еңбек Ерлерi, Даңқ орденiнiң үш дәрежесiмен және Еңбек даңқы орденiнiң үш дәрежесiмен, "Алтын Қыран", "Халық қаhарманы", "Отан" ордендерiмен наградталған адамдар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi және соларға теңестiрiлген басқа да мүгедектер, бала кезiнен мүгедектер, І топтағы мүгедек және оны ертiп жүретiн адам, сондай-ақ ІІ топтағы мүгедектер, Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар;
2) азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердiң соттарына азаматтық және қылмыстық iстер бойынша тараптар, куәлер және сарапшылар ретiнде шақырылған жеке адамдар - оларға шетелге кетуге құжаттар берiлгенi үшiн мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.
Қазақстан Республикасына келу жөнiндегi iстер бойынша оралмандар олардың паспорттарына немесе солардың орнына берілетін құжаттарына Қазақстан Республикасына келуге рұқсат берілетін виза берілген кезде мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.
506-бап. Басқа да iс-әрекеттер жасаған кезде мемлекеттiк баж төлеуден босату
1. Тұрғылықты жерiн тiркегенi үшiн мыналар:
1) қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде тұратын қарттар мен мүгедектер;
2) мектеп-интернаттардың, кәсiптiк мектептер мен кәсiптiк лицейлердiң мемлекет толық қамсыздандыратын және жатақханаларда тұратын оқушылары;
3) оралмандар (репатрианттар) - Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейiн мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.
2. Аң аулау құқығына рұқсат бергенi үшiн: аңшылық мамандары, қорықшылар мен штаттағы аңшылар - оларға аң аулау құқығына рұқсаттар берiлгенi немесе ұзартылғаны үшiн мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.
3. Мыналардан:
1) механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердi жақын туыстардың арасында (ата-аналарына, балаларына, бала асырап алушыларға, асырап алынғандарға, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерiне, қарындастарына, аталарына, әжелерiне, немерелерiне) иелiктен айыру жөнiндегi мәмiлелердi жүзеге асырған кезде;
2) Қазақстан Республикасында дайындалған механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердi иелiктен айыру жөнiндегi мәмiлелердi жүзеге асырған кезде;
3) қылмыстық iсте азаматтық талап қоюды табыс ету кезiнде мемлекеттiк баж алынбайды.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 507-бап өзгертілді және толықтырылды
507-бап. Мемлекеттiк бажды төлеу тәртiбi
1. Мемлекеттiк баж қолма-қол ақшамен, банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен төленедi.
2. Мемлекеттiк баж:
1) сот қарайтын iстер бойынша - тиiстi арыздар (шағымдар) немесе апелляциялық шағымдар, сот бұйрығын шығару туралы өтініш бергенге дейiн, сондай-ақ сот құжаттардың көшiрмелерiн берген кезде;
2) нотариаттық iс-әрекеттердi орындағаны үшiн, сондай-ақ құжаттардың көшiрмелерiн, дубликаттарын бергенi үшiн - жасалған нотариалдық іс-әрекетті тіркеген кезде;
3) азаматтық хал актiлерiн мемлекеттiк тiркегенi үшiн, тиiстi арыздар берген кезде азаматтық хал актiлерiнiң жазбаларына түзетулер мен өзгерістер енгiзгенi үшiн, сондай-ақ куәлiктер мен анықтамаларды қайтадан бергенi үшiн - оларды берген кезде;
4) кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлi-зайыптылардың өзара келiсiмi бойынша некенi бұзуды мемлекеттiк тiркегенi үшiн - актiлердi тiркеген кезде;
5) азаматтардың тұрғылықты жерiн тiркегенi үшiн - тиiстi құжаттарды бергенге дейiн;
6) Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен жеке куәлiктерiн бергенi үшiн - тиiстi құжаттарды бергенге дейiн;
6-1) жүргізуші куәлiктерін, көлік құралдарының мемлекеттiк тiркелгенi туралы куәлiктерiн, мемлекеттік тіркеудің нөмір таңбаларын бергені үшін тиісті құжаттарды және мемлекеттік тіркеудің нөмір таңбаларын бергенге дейін;
7) аң аулау құқығына рұқсат бергенi үшiн - тиiстi құжаттарды бергенге дейiн;
8) қаруды және оның патрондарын сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге, тасымалдауға, Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге рұқсаттар бергенi үшiн - тиiстi құжаттарды бергенге дейiн;
9) азаматтық қаруды (аңшылық суық қаруды, пневматикалық және газды аэрозольдi құрылғыларды қоспағанда) тiркегенi және қайта тiркегенi үшiн тиiстi құжаттарды бергенге дейiн;
10) Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге байланысты iстер бойынша - тиiстi құжаттарды алғанға дейiн;
11) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен нотариустарынан шығатын ресми құжаттарға Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдар апостиль қою үшін апостиль қойғанға дейін төленеді.
3. Мемлекеттiк баж соған уәкiлеттік берілген мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың заңдық мәнi бар іс-әрекеттер жасаған және (немесе) құжаттарды берген жері бойынша есепке алынады.
508-бап. Мемлекеттiк бажды қайтару тәртiбi
1. Төленген мемлекеттiк баж:
1) баж талапкер өз талаптарын азайтатын жағдайларды қоспағанда, осы Кодекс бойынша талап етiлгеннен көбiрек мөлшерде енгiзiлген;
2) арыздар (шағымдар) қайтарылған немесе оны қабылдаудан бас тартылған, сондай-ақ нотариустар немесе осыған уәкiлеттi адамдар нотариаттық iс-әрекеттердi жасаудан бас тартқан;
3) iс жүргiзу тоқтатылған немесе, егер iс соттың қарауына жатпайтын болса, сондай-ақ талапкер осы iстер санаты үшiн белгiленген дауды алдын ала шешудiң тәртiбiн сақтамаған не талап қоюды әрекетке қабiлетсiз адам табыс еткен жағдайда талап қою қараусыз қалдырылған;
4) мемлекеттiк бажды төлеген адамдар заңдық маңызы бар iс-әрекеттердi жасаудан немесе осы заңдық маңызы бар iс-әрекеттердiң жасаған органға жүгiнгенге дейiн құжатты алудан бас тартқан;
5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өзге де жағдайларда iшiнара немесе толық қайтарылуға тиiс.
2. Салық органы мемлекеттiк бажды қайтару үшiн негiз болып табылатын тиiстi органның құжатын, сондай-ақ мемлекеттiк баждың төленгенiн растайтын құжатты салық төлеушiден алғаннан кейiн, егер аталған құжаттар салық органына мемлекеттiк баж сомасы бюджетке есептелген күннен бастап бiр жылдық мерзiм өткенге дейiн табыс етiлген болса, төленген мемлекеттiк бажды қайтару туралы өтiнiштi қарайды.
Қайтару салық төлеушiнiң банк шотына жүргiзiледi.
§ 2. Консулдық алым
509-бап. Жалпы ережелер
Консулдық алым - Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерiнiң консулдық iс-әрекеттер жасағаны және заңдық маңызы бар құжаттарды бергенi үшiн Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларынан, сондай-ақ шетел азаматтарынан және азаматтығы жоқ адамдардан, шетелдiк заңды тұлғалардан алатын мемлекеттiк баж түрi.
510-бап. Консулдық алым төлеушiлер
Өз мүдделерi үшiн консулдық iс-әрекеттер жасалып, заңдық маңызы бар құжаттар берiлетiн Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары, сондай-ақ шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, шетелдiк заңды тұлғалар консулдық алым төлеушiлер болып табылады.
511-бап. Консулдық алым ставкалары
1. Консулдық алымдардың ең төменгi және барынша жоғары базалық мөлшерлерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi консулдық алымдардың базалық ставкалары шегiнде нақты ставка мөлшерiн белгiлеуге құқылы.
512-бап. Жүзеге асырылғаны үшiн консулдық алым алынатын iс-әрекеттер
1. Консулдық алым мынадай консулдық iс-әрекеттер жасау:
1) қызметтiк паспортты, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ресiмдеу және Қазақстан Республикасының визаларын беру;
2) шетелде болу мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының өтiнiштерiн ресiмдеу;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерi жөнiндегi құжаттарды ресiмдеу;
4) азаматтық хал актiлерiн тiркеу;
5) құжаттарды талап ету;
6) құжаттарды заңдастыру;
7) нотариаттық iс-әрекеттер жасау;
8) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген өзге де iс-әрекеттер үшiн алынады.
513-бап. Жекелеген жағдайларда консулдық алым төлеуден босату
Консулдық алым:
1) осы Кодекстің 502-506-баптарында көзделген жағдайларда;
2) консулдық алымдар алудан өзара бас тарту туралы Қазақстан Республикасымен келiсiмдерi бар елдердiң жеке және заңды тұлғаларынан;
3) Қазақстан Республикасы құқықтық көмек туралы шарттар жасасқан елдердің өкiмет орындары мен жекелеген азаматтарының сұрау салуы бойынша отбасылық, азаматтық және қылмыстық iстер бойынша, алименттер туралы, мемлекеттiк жәрдемақылар мен зейнетақылар, бала асырап алу туралы құжаттар сұратып алдырғаны үшiн;
4) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген өзге де жағдайларда алынбайды.
514-бап. Консулдық алымды төлеу тәртiбi
1. Консулдық алым консулдық iс-әрекеттер жасалғанға дейiн төленедi.
2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерi консулдық iс-әрекеттер төлеушi консулдық алымды төлегеннен кейiн жүзеге асырады.
3. Консулдық алымды төлеу аумағында консулдық iс-әрекеттер жасалатын елдiң валютасымен немесе кез келген еркiн айналыстағы басқа да валютамен жүргiзіледi.
4. Ставкасы АҚШ долларымен белгiленген консулдық алымдарды Қазақстан Республикасының аумағында төлеу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi алымды төлеу сәтiне белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен жүргiзiледi.
5. Консулдық алым:
1) Қазақстан Республикасының аумағында - банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен консулдық iс-әрекеттер жүзеге асырылатын жердiң бюджетiне немесе қатаң есептiлiк бланкiлерi негiзiнде консулдық мекемелерде қолма-қол ақшамен;
2) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде шаруашылық пайдалану құқығынсыз дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменiң арнаулы (транзиттiк) банк шотына банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен немесе қатаң есептiлiк бланкiлерi негiзiнде консулдық мекемелерде қолма-қол ақшамен төленедi.
6. Қатаң есептiлiк бланкiлерiнiң нысанын уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiлейдi.
7. Консулдық алымдар сомасын бюджетке есептеу тәртiбiн, сондай-ақ шетелде қолма-қол ақшамен төленген консулдық алымдарды дипломатиялық өкiлдiктiң немесе консулдық мекеменiң арнаулы (транзиттiк) банк шотына есепке алу тәртiбiн Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiлейдi.
8. Төленген консулдық алымдар сомасы қайтарылуға тиiс емес.
91-тарау. Кеден төлемдері
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңымен 515-бап өзгертілді
515-бап. Жалпы ережелер
1. Кеден iсiн жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының кеден органдары Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген кеден төлемдерiн алады.
2. Кеден төлемдерi бойынша төлеушiлер, есептеулердiң, төлеудiң, қайтарып берудiң және кеден төлемдерiн өндiрiп алудың тәртiбi, сондай-ақ жеңiлдiктер Қазақстан Республикасының кеден заңдарымен анықталады.
3. Кеден төлемдерiнiң ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңымен 515-бап жаңа редакцияда
516-бап. Кедендiк төлемдердiң түрлерi
1. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлар алып өткен кезде және Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген басқа да жағдайларда кедендiк төлемдердiң мынадай түрлерi төленедi:
1) кедендiк баж;
2) кедендiк ресiмдеу үшiн кедендiк алым;
3) тауарларды сақтау үшiн кедендiк алым;
4) кедендiк iлесiп алып жүру үшiн кедендiк алым;
5) Қазақстан Республикасы кеден органдарының лицензия бергенi үшiн алым;
6) кедендiк ресiмдеу жөнiндегi маманның бiлiктiлiк аттестатын бергенi үшiн алым;
7) алдын ала шешiм үшiн төлемақы.
2. Жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген оңайлатылған тәртiппен тауарлар алып өткен кезде, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген кедендiк төлемдер және салықтар жиынтық кедендік төлем түрінде төленуі мүмкін.
3. Салық әкімшілігін жүргізу
17-бөлім. Жалпы ережелер
92-тарау. Негізгі ережелер
517-бап. Салық бақылауы
1. Салық бақылауы - салық қызметi органдарының салық заңдарының орындалуын, жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының толық және уақтылы аударылуын бақылауы.
2. Салық бақылауы:
1) салық төлеушiлердi тiркеу есебi;
2) салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi есепке алу;
3) бюджетке түсiмдердi есепке алу;
4) қосылған құн салығын төлеушiлердi есепке алу;
5) салық тексерiстерi;
6) камералдық бақылау;
7) салық төлеушiлердiң қаржы-шаруашылық қызметi мониторингi;
8) фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын қолдану ережелерi;
9) акцизделетiн тауарлардың кейбiр түрлерiн таңбалау және акциздiк постыларды белгiлеу;
10) мемлекет меншiгiне айналдырылған мүлiктi есепке алу, бағалау және сату тәртiбiн сақтауды тексеру;
11) уәкiлеттi органдарға бақылау жасау нысандарында жүзеге асырылады.
3. Кеден органдары өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлардың өтуiмен байланысты төленуге тиiс салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi алу жөнiндегi салық бақылауын осы Кодекске және Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 518-бап өзгертілді
518-бап. Салық құпиясы
1. Мыналардан:
1) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi туралы;
2) жеке тұлғаларды қоспағанда, салық жылында бюджетке салық төлеушi (салық агентi) төлеген салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомалары туралы;
3) салық құқығын бұзушылықтар мен қылмыстарды жасайтын тұлғаларды заң бойынша қудалау мақсатында құқық қорғау органдарына; салық төлеушiнiң салық мiндеттемелерiн айқындау туралы iстердi және салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшiн жауапкершiлiктi қарау барысында соттарға берiлетiн;
4) Қазақстан Республикасы тараптардың бiрi болып табылатын салық немесе құқық қорғау органдарының арасында өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келiсiмдерге), сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердiң салық және құқық қорғау органдарына, халықаралық ұйымдарға ұсынылатын мәлiметтерден басқа, салық төлеушi туралы салық қызметi органдары алған кез келген мәлiметтер салық құпиясы болып табылады.
2. Салық төлеушiге қатысты ақпаратты салық төлеушiнiң жазбаша рұқсатынсыз басқа тұлғаға беруге болмайды.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, салық қызметi органдары, олардың лауазымды адамдары салық құпиясын жарияламауға тиiс.
4. Салық қызметi органдарының лауазымды адамдарының салық қызметi органдарындағы қызметi кезеңiнде де, өзi жұмыстан босағаннан кейiн де салық құпиясы болып табылатын деректердi жария етуге құқығы жоқ.
5. Салық құпиясы болып табылатын мәлiметтерi бар құжаттарды жоғалту не осындай мәлiметтердi жариялау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
519-бап. Бюджетке түсiмдердi есепке алу
1. Бюджетке түсiмдердi есепке алуды салық органдары салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, сондай-ақ өсiмпұлдар мен айыппұлдардың есептелген және түскен сомалары бойынша салық мiндеттемелерiнiң орындалуын салық төлеушiнiң жеке шотында көрсету жолымен жүзеге асырады.
2. Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түсуiн есептеу бiрыңғай бюджет сыныптамасына сәйкес жүргiзiледi.
3. Жеке шоттарды жүргiзу тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
93-тарау. Салық төлеушілерді тіркеу
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 520-бап өзгертілді
520-бап. Осы тарауда қолданылатын терминдер мен анықтамалар
1. Қазақстан Республикасы салық төлеушiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi - салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң дұрыс есептелуi мен уақтылы төленуiн бақылауды жүзеге асыру мақсатымен уәкiлетті мемлекеттiк орган жүргізетін салық төлеушілердi есепке алудың мемлекеттiк деректер базасының жүйесi.
2. Салық төлеушiлердi мемлекеттiк тiркеу - салық төлеушi туралы мәлiметтердi Қазақстан Республикасы Салық төлеушiлерінiң мемлекеттік тiзiлiмiне енгiзу.
3. Салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi - салық төлеушi ретiнде оны мемлекеттiк тiркеу және Қазақстан Республикасы салық төлеушiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне ол туралы мәлiметтердi енгiзу кезiнде салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң барлық түрлерi бойынша салық төлеушiге берiлетiн бiрыңғай нөмiр.
4. Тiркеу есебi - салық төлеушiнi салық органында есепке қою, соның нәтижесiнде салық төлеушiнiң тіркеу деректері, оның ішінде салық төлеушінің тұрған жерi, оған салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердiң тиесiлілiгi; салық төлеушiнiң тіркеу деректерінің ағымдағы өзгерiстерін тіркеу; есептен шығару белгіленеді. Салық төлеушінің тіркеу деректері салық төлеушіні мемлекеттік тіркеу (тіркеу есебіне алу) кезінде оның салық органына берген мәліметтері.
5. Салық төлеушiнiң куәлiгi - қатаң есептiлiк бланкiсi болып табылатын және салық төлеушiге оны Қазақстан Республикасы Салық төлеушілерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркеу кезiнде тiркеу нөмiрi берiлгенi туралы құжат.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 520-1-баппен толықтырылды
520-1-бап. Жалпы ережелер
1. Салық төлеушіні мемлекеттік тіркеу және тіркеу есебіне алу тіркеу туралы (мемлекеттік тіркеу туралы, тіркеу есебіне қою туралы, тіркеу деректерінің өзгеруі туралы) өтініш, есептен шығару туралы өтініш негізінде жүргізіледі, олар:
1) уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша жасалады;
2) қол қойылады, куәландырылады және салық есептілігі үшін осы Кодекстің 69-бабында көзделген тәртіппен салық органына беріледі.
2. Салық төлеушілерді мемлекеттік тіркеу және тіркеу есебіне алу тәртібін, сондай-ақ тіркеу және есептен шығару туралы өтініштерге қоса берілетін құжаттардың тізбесін уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
3. Салық салу объектілерінің есебін жүргізу тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 521-бап өзгертілді
521-бап. Салық төлеушiлердi мемлекеттiк тiркеу
1. Қазақстан Республикасында мыналар:
1) орналасқан жері бойынша - тұрақты мекеме құру арқылы қызметiн Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлiмшелерi, оның iшiнде резидент еместер;
2) қызметін жүзеге асыратын жері бойынша - тұрақты мекеме құрмай қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар;
3) қызметін жүзеге асыратын жері бойынша қызметін бірлескен кәсіпкерлік нысанында жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер;
4) тұрғылықты жерi бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеушiлер болып табылатын резидент жеке тұлғалар;
5) Қазақстан Республикасында болатын жері бойынша - осы Кодекстің 191-бабының 1-тармағында көрсетілген резидент емес жеке тұлғалар;
6) салық салу объектiлерi орналасқан және (немесе) тiркелген жер бойынша Қазақстан Республикасында салық салу объектiлерiн иеленетiн резидент еместер;
7) резидент банк орналасқан жері бойынша осы Кодекстің 521-бабы 1-тармағының 1) - 4) тармақшасында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік тіркеуге жатпайтын, резидент банктерде ағымдық шоттарын ашатын резидент еместер салық төлеушiлер ретiнде мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
2. Салық төлеушiлердің мемлекеттiк тiзiлiмiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүргiзедi.
3. Салық төлеушiлердiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жасау және жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 522-бап өзгертілді және толықтырылды
522-бап. Салық төлеушiлердің мемлекеттiк тiркеуден өту мерзiмдерi
1. Жеке тұлғалар осы Кодексте көзделген салық мiндеттемелерi туындаған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк тiркеуден өту және салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн алу үшiн салық органына өтiнiш жасауға мiндеттi.