2) қаржы лизингiнiң мерзiмi, мерзімі үш жылдан кем болмауға тиіс ауыл шаруашылық техникасы жөніндегі қаржы лизингін қоспағанда, негiзгi құралдардың пайдалы қызметi мерзiмiнiң 80 процентiнен асса, ол қаржы лизингi болып табылады.
Қаржы лизингiне (лизинг бойынша) берiлген (алынған) негiзгi құралдардың құны лизинг шарты жасалған кезiне айқындалады.
Салық салу мақсатында мұндай мәмiле лизинг алушының негiзгi құралдарды сатып алуы ретiнде қарастырылады. Бұл ретте лизинг алушы негiзгi құралдардың иесi ретiнде, ал лизинг төлемдерi лизинг алушыға берiлген кредит бойынша төлем ретiнде қарастырылады.
2. Осы баптың мақсаты үшiн қаржы лизингiнің мерзiмi лизинг алушының шартқа сәйкес қаржы лизингiн ұзартуға құқығы бар қосымша мерзiмдi қамтиды.
75-бап. Ортақ үлестiк меншiк
Ортақ үлестiк меншiк немесе кәсіпкерлiк қызметтi бiрлесiп жүргiзу туралы уағдаластық не заңды тұлға құрмай, екі және одан да көп иеленушi болуын көздейтiн өзге де уағдаластық болған жағдайда, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер осы Кодексте белгiленген тәртіппен тиiсiнше әрбiр иеленушiде есепке алынып, салық салынады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 76-бап өзгертілді
76-бап. Жекелеген жағдайларда салық салу объектiлерiн анықтау тәртiбi
1. Есеп жүргiзу тәртiбi бұзылған жағдайда, дүлей күштiң салдарынан есеп құжаттамалары жоғалған немесе жойылған кезде салық қызметi органдары салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi жанама әдiстер (активтер, мiндеттемелер, айналымдар, шығындар, шығыстар) негiзiнде айқындайды.
1-1. Салық агенті қызметкердің толық жұмыс күні үшін табысын Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген жалақының ең төменгі мөлшерінен төмен мөлшерде есептеген жағдайда, салық органдары әлеуметтік салық салу объектісін ең төменгі жалақының аталған мөлшеріне қарай белгілейді.
2. Егер жеке тұлға өзiнiң тұтынуына, соның iшiнде мүлiк сатып алуына жұмсаған шығыстарына сәйкес келмейтiн табысты көрсетсе, салық органдары өткен кезеңдердiң табыстарын есептей отырып, олардың жасаған шығыстары негiзiнде табысы мен салығын айқындайды.
3. Басқа да тұлғалар мен органдар аталған табысты алудың заңдылығына талас тудырған жағдайларда да, табысқа салық салынуға тиiс.
4. Егер сот шешiмi бойынша табыс Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда бюджетке алып қоюға жатса, аталған табыс оған төленген салық сомасы шегерiле отырып алынады.
4-бөлім. Корпорациялық табыс салығы
14-тарау. Жалпы ережелер
77-бап. Төлеушiлер
1. Корпорациялық табыс салығын төлеушiлерге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден табыс алатын резидент емес заңды тұлғалар (бұдан әрi бөлiм бойынша - салық төлеушiлер) жатады.
2. Арнайы салық режимiн қолданушы заңды тұлғалар корпорациялық табыс салығын осы Кодекстiң 368-377, 385-397-баптарына сәйкес төлейдi.
78-бап. Салық салу объектiлерi
Мыналар:
1) салық салынатын табыс;
2) төлем көзiнен салық салынатын табыс;
3) Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның таза табысы корпорациялық табыс салығы салынатын объектiлер болып табылады.
15-тарау. Салық салынатын табыс
79-бап. Салық салынатын табыс
Салық салынатын табыс жылдық жиынтық табыс пен осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес жасалған түзетулердi ескере отырып осы Кодекстiң 80-103, 105-114-баптарында көзделген шегерiмдер арасындағы айырма ретiнде айқындалады. Жылдық жиынтық табыс осы Кодекстiң 91-бабына сәйкес түзетiлуге тиiс.
§ 1. Жылдық жиынтық табыс
80-бап. Жылдық жиынтық табыс
1. Резидент заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы салық кезеңi iшiнде Қазақстан Республикасы мен одан тыс жерлерден алынуға тиiс (алынған) табыстардан тұрады.
Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы осы Кодекстiң 184-бабына сәйкес анықталады.
2. Жылдық жиынтық табыста салық төлеушi табыстарының барлық түрлерi, соның iшiнде:
1) тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) өткiзуден түсетiн табыс;
2) үйлердi, ғимараттарды, құрылыстарды, сондай-ақ амортизациялауға жатпайтын активтердi өткiзу кезiндегi құн өсiмiнен түсетiн табыс;
3) мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыстар;
4) күмәндi мiндеттемелер бойынша түсетiн табыстар;
5) мүлiктi жалға беруден түсетiн табыстар;
6) Қазақстан Республикасының заңдарымен провизиялар жасауға рұқсат етiлген банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар жасаған провизиялардың мөлшерiн азайтудан түсетiн табыстар;
7) борышты талап етудi басқаға беруден түсетiн табыстар;
8) кәсiпкерлiк қызметтi шектеуге немесе тоқтатуға келiсiм үшiн алынған табыстар;
9) шығып қалған тiркелген активтер құнының iшкi топтың құн балансынан асып түсуiнен алынатын табыстар;
10) кен орындарын игеру зардаптарын жою жөнiндегi нақты шығыстар сомасынан кен орындарын игеру зардаптарын жою қорына аударылған соманың асып түсуiнен алынатын табыстар;
11) ортақ үлестiк меншiктен түсетiн табысты бөлу кезiнде алынатын табыстар;
12) бұрын негiзсiз ұсталып, бюджеттен қайтарылған айыппұлдардан басқа, борышкерге салынған немесе ол мойындаған айыппұлдар, өсiмпұлдар және санкциялардың басқа да түрлерi, егер осы сомалар бұрын шегерiп тасталмаған болса;
13) бұрын жүргiзiлген шегерiмдер бойынша алынған өтемақылар;
14) өтеусiз алынған мүлiк, орындалған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер;
15) дивидендтер;
16) сыйақылар;
17) бағамдық оң айырма;
18) ұтыстар;
19) роялти;
20) әлеуметтiк сала объектiлерiн пайдалану кезiнде алынған табыстардың шығыстардан артығы қамтылады.
81-бап. Тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзуден түсетiн табыс
1. Егер Қазақстан Республикасының трансферттiк бағаларды қолдану кезiнде мемлекеттiк бақылау жасау мәселелерi жөнiндегi заңдарында өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығы мен акциздi қоспағанда, өткiзiлген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердiң құны тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзуден түскен табыс болып табылады.
2. Тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзуден түскен табыс:
1) тауарлар толық немесе iшiнара қайтарылған;
2) мәмiле шарттары өзгерген;
3) өткiзiлген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн келiсiлген өтемдер өзгерген;
4) теңгемен төлеген кезде өткiзiлген тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) құнындағы айырма алынған жағдайларда түзетiлуге тиiс.
Табысты түзету аталған өзгерiстер болған салық кезеңiнiң қорытындысы бойынша жүргiзiледi.
82-бап. Үйлердi, ғимараттарды, құрылыстарды, сондай-ақ амортизациялауға жатпайтын активтердi өткiзу кезiндегi құн өсiмiнен түсетiн табыс
1. Құн өсiмiнен түсетiн табыс үйлердi, ғимараттарды, құрылыстарды, сондай-ақ амортизациялауға жатпайтын басқа да активтердi өткiзу кезiнде құралады. Амортизациялауға жатпайтын активтерге:
1) жер учаскелерi;
2) құрылысы аяқталмаған объектiлер;
3) орнатылмаған жабдық;
4) салық төлеушi тауарларды өндiруде, жұмыстарды орындауда, қызметтер көрсетуде пайдаланбайтын негiзгi құралдар мен материалдық емес активтер;
5) бағалы қағаздар;
6) кез келген ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлғаға қатысу үлесi;
7) Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 1 қаңтарға дейiн қолданылған салық заңдарына сәйкес бұрын құны толық шегерiмге жатқызылған негiзгi құралдар;
8) осы Кодекстiң 138-140-баптарына сәйкес құны шегерiмге жатқызылған, инвестициялық жоба шеңберiнде пайдалануға берiлген негiзгi құралдар жатады.
2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өсiм аталған активтердi сату құны мен олардың баланстық құнының арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
Активтер өткiзiлген айдың бiрiншi күнiнде бухгалтерлiк баланста көрсетілген құны олардың баланстық құны болып табылады.
3. Кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын үйлердi, ғимараттарды, құрылыстарды өткiзу кезiнде құн өсiмi (залал) өткiзу құны мен салық есебiнде айқындалатын қалдық құнның арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
4. Бағалы қағаздарды өткiзу кезiндегi құн өсiмi мыналар:
борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, бағалы қағаздар бойынша өткiзу құны мен иемденiп алу құны арасындағы оң айырма;
борыштық бағалы қағаздар бойынша - өткiзу күнiндегi дисконт амортизациясы және (немесе) сыйлықақы ескерiлген, өткiзу құны мен иемденiп алу құны арасындағы купон есепке алынбаған оң айырма.
83-бап. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыстар
1. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыстарға:
1) салық төлеушiнiң мiндеттемелерiн оның кредиторының есептен шығаруы;
2) осы Кодекске сәйкес күмәндi деп танылған мiндеттемелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген талап қою мерзiмiнiң өтуiне байланысты мiндеттемелердi есептен шығару;
3) сот шешiмi бойынша мiндеттемелердi есептен шығару жатады.
2. Мiндеттемелердi есептен шығару нәтижесiнде алынған табыс сомасы есептен шығарылған кредиторлық берешек сомасына тең болады.
84-бап. Күмәндi мiндеттемелер бойынша түсетiн табыстар
Иемденiп алынған тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша, сондай-ақ қызметкерлерге есептелген табыстар мен осы Кодекстiң 149-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын басқа да төлемдер бойынша туындаған және туындаған кезiнен бастап үш жыл iшiнде қанағаттандырылмаған мiндеттемелер күмәндi деп танылады және кредиторлық берешек туындаған кезде қабылданған ставка бойынша бюджетпен өзара есеп айырысуда қалпына келтiрiлуге тиiс қосылған құн салығын қоспағанда, салық төлеушiнiң жылдық жиынтық табысына қосылуға тиiс.
85-бап. Банктер жасаған провизиялардың мөлшерiн азайтудан түсетiн табыстар
Борышкер банктiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның талабын орындаған кезде бұрын шегерiмдерге жатқызылған провизиялар сомалары жасалған провизиялардың мөлшерiн азайтудан түсетiн табыстар деп танылады. Бұл ретте, борышкер орындаған талап сомасына барабар мөлшердегi провизиялар сомасы табысқа енгiзiледi. Сондай-ақ цессия шартын жасасу жолымен жол беру туралы шарт, новация шарты, талап құқығын басқаға қайта беру негiзiнде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде борышкерге талаптар мөлшерiн азайту кезiнде бұрын шегерiмдерге жатқызылған провизиялар сомасы да табыстар деп танылады. Сонымен қатар талаптарды қайта сыныптау кезiнде бұрын шегерiмдерге жатқызылған провизиялардың азайтылған сомасы табыстар деп танылады.
86-бап. Борышты талап етудi басқаға беруден түсетiн табыстар
Салық төлеушiнiң негiзгi борышты талап етуi бойынша борышкер төлейтiн сома, ол негiзгi борыштан тыс төлейтiн соманы қоса және салық төлеушiнiң борышты иемденiп алу құны арасындағы оң айырма түрiнде айқындалатын табыстары борышты талап етудi басқаға беруден түсетiн табыстар болып табылады.
87-бап. Шығып қалған тiркелген активтер құнының iшкi топтың құн балансынан асып түсуiнен алынатын табыстар
Егер iшкi топтың шығып қалған тiркелген активтерiнiң құны салық кезеңiнiң басында iшкi топтың құн балансынан асып түссе, салық кезеңiнде келiп түскен тiркелген активтер құны есепке алына отырып, артық мөлшерi жылдық жиынтық табысқа енгiзiлуге тиiс. Осы iшкi топтың құн балансы салық кезеңiнiң аяғына қарай нөлге тең болады.
88-бап. Кен орындарын игеру салдарын жою жөнiндегi нақты шығыстар сомасынан кен орындарын игеру салдарын жою
қорына аударымдар сомасының асып түсуiнен
алынатын табыстар
1. Егер кен орындарын игеру салдарын жою жөнiндегi нақты шығыстар аталған қорға жасалған аударымдардан төмен болса, айырма жер қойнауын пайдаланушының жылдық жиынтық табысына енгiзiлуге тиiс.
2. Егер жер қойнауын пайдаланушы тиiстi мемлекеттiк уәкiлеттi орган бекiткен кен орындарын игеру салдарын жою бағдарламасында көзделген кезеңде кен орындарын игеру салдарын жою жөнiндегi жұмысты жүргiзбеген жағдайда, шегерiмдерге жатқызылған, кен орындарын игеру салдарын жою қорына (резервтiк қор) аударымдар сомалары олар жүргiзiлуге тиiс салық кезеңiнiң жылдық жиынтық табысына енгiзiлуге тиiс.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 89-бап өзгертілді
89-бап. Бұрын жасалған шегерiмдер бойынша алынған өтемдер
1. Бұрын жасалған шегерiмдер бойынша өтем түрiнде алынған кiрiстерге:
1) бұрын шегерiмдерге жатқызылған және кейiнгi салық кезеңдерiнде өтелген күмәндi деп танылған талаптардың сомалары;
2) мемлекеттiк бюджет қаражатынан шығындарды (шығыстарды) жабуға арнап алынған сомалар;
3) бұрын шегерiмдерге жатқызылған шығыстарды (залалдарды) өтеу бойынша алынған басқа да өтемдер жатады.
Алынған өтем ол өтелген салық кезеңiнiң табысы болып табылады.
2. Сақтандыру ұйымының сақтанушыға жинақтаушы емес сақтандыру шартының әрекеті аяқталғаннан кейін немесе оны мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда қайтаруға тиіс (қайтарылатын) және сақтанушы бұрын шегерімге жатқызған сақтандыру сыйақыларының сомасы олар шегерімге жатқызылған салық кезеңінің жылдық жиынтық табысына жатқызылады, сақтандырушы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіп пен нысанда өзінің тіркелген жері бойынша салық органдарын кірістің пайда болуы туралы міндетті түрде хабардар етеді.
90-бап. Өтеусiз алынған мүлiк
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салық төлеушi өтеусiз алған кез келген мүлiк, сондай-ақ жұмыстар мен қызмет көрсетулер оның табысы болып табылады.
2. Мыналар:
1) жарғылық капиталға салым ретiнде алынған мүлiк;
2) мемлекеттiк бюджет қаражатынан алынған субсидиялар табыс ретiнде қаралмайды.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 91-бап өзгертілді
91-бап. Жылдық жиынтық табысты түзету
1. Салық төлеушiлердiң жылдық жиынтық табысынан:
1) Қазақстан Республикасындағы төлем көзiнен бұрын салық салынған, Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасынан алынған дивидендтер;
2) эмитент өз акцияларын орналастыру кезiнде алған олардың құнының номиналдық құнынан асып кетуi және өз акцияларын өткiзу кезiндегi құн өсiмi;
3) қор биржасының "А" және "В" ресми тiзiмдерiнде өткізу күнінде тұрған акциялар мен облигацияларды өткiзу кезiнде құн өсiмiнен алынған табыс;
4) мемлекеттік бағалы қағаздармен және агенттік облигацияларымен жасалған операциялардан түскен табыстар;
5) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған ретте iзгiлiк көмек түрiнде алынған және мақсатты түрде пайдаланылған мүлiктiң құны;
6) мемлекеттiк кәсiпорынның Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi негiзiнде мемлекеттiк органнан немесе мемлекеттiк кәсiпорыннан өтеусiз негiзде алған негiзгi құрал-жабдықтарының құны;
7) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарына сәйкес алынған және жеке зейнетақы шоттарына жiберiлген инвестициялық табыстар алып тасталуға тиiс.
2. Активтердi бағалаудың салық төлеушi осының алдындағы салық кезеңiнде қолданған әдiсiнен өзге әдiске ауысқан кезде салық төлеушiнiң жылдық жиынтық табысы бағалаудың жаңа әдiсiн қолдану нәтижесiнде алынған оң айырма сомасына ұлғайтылуға және терiс айырма сомасына азайтылуға тиiс.
Активтердi бағалаудың өзге әдiсiне ауысуды салық төлеушi салық органына жазбаша хабарлап, салық кезеңiнің басынан бастап жүргiзедi.
§ 2. Шегерiмдер
92-бап. Шегерiмдер
1. Осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық төлеушiнiң жылдық жиынтық табыс алуымен байланысты шығыстары салық салынатын табысты анықтау кезiнде шегерiлуге тиiс.
2. Осы Кодексте шығыстарды нормалар шегiнде шегерiмдерге жатқызу жағдайлары айқындалған.
Шегерiмдердi жылдық жиынтық табысты алуға байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде салық төлеушi жүргiзедi. Бұл шығыстар болашақтағы кезеңдердің шығыстарын қоспағанда, олар нақты жүргiзiлген салық кезеңiнде шегерiлуге жатады. Болашақтағы кезеңдердiң шығыстары қай салық кезеңiне қатысты болса, сол кезеңде шегерiлуге тиiс.
3. Табиғи монополистер шеккен залалдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген нормалар шегiнде шегерiлуге жатады.
4. Егер шығыстардың бiрнеше баптарында белгiлi бiр шығындар көзделсе, салық салынатын кiрiстi есептеу кезiнде көрсетiлген шығындар тек бiр рет шегерiледi.
5. Мемлекеттiк бюджетке енгiзiлуге тиiстiлерiн қоспағанда, жылдық жиынтық табыс табуға байланысты салынған немесе танылған айыппұлдар, өсiмпұлдар, тұрақсыздық айыбы шегерiп тасталуға тиiс.
ҚР 16.05.03 ж. N 416-II Заңымен 93-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
93-бап. Қызмет бабындағы iссапарлар кезiндегi және өкiлдiк шығыстар бойынша өтемдер сомаларын шегеру
1. Қызметтiк iссапарлар кезiндегi шегерiмге жататын өтемдерге:
1) бронь үшiн шығыстар ақысын қоса алғанда, iссапарға баратын жерге жетуге және қайтуға нақты шыққан шығыстар;
2) бронь үшiн шығыстар ақысын қоса алғанда, тұрғын үй-жайды жалдауға нақты шыққан шығыстар;
3) Қазақстан Республикасының шегiнде iссапарда болған уақытында тәулігiне екi айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын мөлшерде төленетiн тәулiктiк ақы;
4) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде iссапарда болған кезде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нормалар шегiнде төленетiн тәулiктiк ақы жатады.
2. Салық төлеушiнiң өзара ынтымақтастық орнату немесе оны қолдау мақсатында адамдарды, акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзуге, сондай-ақ директорлар кеңесiнiң отырысына келген қатысушыларды қабылдауға және оларға қызмет көрсетуге жұмсаған шығыстары өкiлдiк шығыстарға жатады. Аталған адамдарды ресми қабылдауды өткiзу, оларды көлiкпен қамтамасыз ету, келiссөз кезiнде дәмхана (фуршет) қызметiн көрсету, ұйым штатында тұрмайтын аудармашылардың қызметiне ақы төлеу жөнiндегі шығыстар өкiлдiк шығыстарға жатады.
Банкеттер, бос уақытта ойын-сауық немесе демалыстар ұйымдастыруға жұмсалған шығыстар өкiлдiк шығыстарға жатпайды және шегерiлмейдi.
Өкiлдiк шығыстар Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген нормалар шегiнде шегерiмге жатқызылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 94-бап өзгертілді
94-бап. Сыйақы бойынша шегерiмдер
1. Мыналар сыйақылар бойынша шегерiмдер болып табылады:
1) құрылысқа алынған және құрылыс кезеңiнде төленетiн кредиттер (қарыздар) бойынша сыйақыны қоспағанда, алынған кредиттер (қарыздар) бойынша, оның iшiнде қаржы лизингi түрiндегi сыйақы;
2) алынып тасталды
3) борыштық бағалы қағаздар иесiне оларды шығару және орналастыру шарттарына сәйкес эмитент төлейтiн дисконт не купон (дисконтты не сыйлықақыларды есепке ала отырып);
4) депозиттер бойынша сыйақы.
2. Сыйақы бойынша шегерiм мынадай мөлшерлерде:
1) теңгемен алынған және (немесе) орналастырылған кредиттер (заемдар), оның iшiнде қаржы лизингi бойынша, депозиттер, борыштық бағалы қағаздар бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасын 2 еселеп қолданып есептелген сома шегiнде;
2) шетелдiк валютамен алынған және (немесе) орналастырылған кредиттер (заемдар), оның iшiнде қаржы лизингi бойынша, депозиттер, борыштық бағалы қағаздар бойынша - Лондон банкаралық рыногының ставкасын 2 еселеп қолданып есептелген сома шегiнде жүргiзiледi.
Осы тармақта белгiленген шектеулерге толықтыру ретiнде шегерiмге жатқызылуға тиiстi кредиттер (заемдар) бойынша сыйақының ең жоғарғы сомасы мынадай сомамен шектеледi:
резидент заңды тұлғаға төленетiн және шегерiмге жатқызылуға тиiстi сыйақы сомасы
қосу
төлем көзiнен салық салынатын сыйақы сомасы мен төлем көзiнен табыс салығы ставкасының 30 процент мөлшерiндегі корпорациялық табыс салығының ставкасына қатынасы ретiнде есептелген сома.
Қосымша шектеу қаржы ұйымдарына қолданылмайды.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру ставкасы және Лондон банкаралық рыногының ставкасы депозиттi, борыштық бағалы қағаздарды, мүлiктi, сондай-ақ кредит (заем) берудi ресiмдеу (қайта ресімдеу) кезiнде қолданылады.
Ұзақ мерзімді сипаттағы (бір жылдан астам) шарттар бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі қолданатын қайта қаржыландыру ставкасы мен Лондон банкаралық рыногының ставкасы жыл сайын шарт жасалған күннен бастап қайта қаралып отырады.
4. Шартқа сәйкес кредит (заем) үшiн сыйақыны есептеу үшiн құбылмалы ставка белгiленген жағдайларда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру ставкасы және Лондон банкаралық рыногының ставкасы шартқа сәйкес құбылмалы ставка өзгерген күнге қолданылады.
95-бап. Төленген күмәндi мiндеттемелер бойынша шегерiмдер
Егер салық төлеушi бұрын табыс деп танылған күмәндi мiндеттемелердi кредит берушiге төлеген жағдайда, жүргiзiлген төлемнiң шамасында шегерiм жасауға жол берiледi. Мұндай шегерiм төлем жасалған салық кезеңiнде табыстарға жатқызылған шама шегiнде жүргізіледі.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 96-бап өзгертілді
96-бап. Күмәндi талаптар бойынша шегерiмдер
1. Күмәндi талаптар - Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары мен жеке кәсiпкерлерiне, сондай-ақ тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасында қызметтi жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаларға тауарлар өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету нәтижесiнде туындаған және туындаған кезден бастап үш жыл ішiнде қанағаттандырылмаған талаптар; өткiзiлген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер бойынша туындаған және салық төлеушi-дебиторды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банкрот деп тануға байланысты қанағаттандырылмаған талаптар да күмәндi талаптар болып танылады.
2. Осы Кодекске сәйкес күмәндi деп танылған талаптар шегерiмге жатады.
Салық төлеушiнің күмәндi талаптарды шегерiмге жатқызуы мына шарттарды сақтағанда:
1) шегерiмге жатқызған кезде олар бухгалтерлiк есепте көрсетілген жағдайда;
2) белгiленген тәртiппен ресiмделген мына құжаттар: шот-фактуралар; салық төлеушiнiң тiркелген жерi бойынша салық органының осы шығыстарды шегерiмге жатқызу туралы жазбаша хабарламасы болған жағдайда жүргiзiледi.
3. Дебитор банкрот деп танылған жағдайда, осы баптың 2-тармағында көрсетiлген құжаттардан басқа, дебиторды банкрот деп тану туралы сот шешiмi мен оны Мемлекеттiк тiркелiмнен шығару туралы әдiлет органдарының шешiмiн қосымша тапсыру қажет. Салық төлеушi жоғарыда аталған жағдайлар сақталған кезде, салық төлеушi-дебитор банкрот деп танылған салық кезеңiнiң қорытындылары бойынша күмәндi талаптың сомасын шегерiмге жатқызуға құқылы.
4. Коммуналдық қызмет және байланыс қызметi бойынша халықпен есеп айырысу кезiнде күмәндi талаптар туындаған жағдайда осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген шарттарды сақтау талап етiлмейдi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 97-бап өзгертілді
97-бап. Резервтiк қорларға аударымдар бойынша шегерiмдер
1. Өзiнiң қызметiн заңдарға сәйкес жасалған келiсiм-шарт негiзiнде жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы кен орнында жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың аяқталуына байланысты сол кен орнын игеру салдарын жою қорына (резервтiк қорға) аударымдар сомаларын шегерiмге жатқызады.
Кен орындарын игеру салдарын жою қорына аударымдардың мөлшерi мен тәртiбi жер қойнауын пайдалану келiсiм-шартымен белгiленедi.
2. Аффилиирленген тұлғалардың пайдасына не аффилиирленген тұлғалардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген (кредиттік серіктестіктердің активтері мен шарттық міндеттемелерінен басқа) активтер мен шарттық міндеттемелерді қоспағанда, банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар төмендегi күмәндi және үмiтсiз активтерге, шартты мiндеттемелерге: басқа банктерде орналастырылған корреспонденттiк шоттардағы қалдықтарды қоса депозиттерге; басқа банктер мен клиенттерге берген кредиттерге (қаржы лизингiн қоспағанда); құжаттамалық есептер мен кепiлдiктер бойынша дебиторлық берешекке; шығарылған немесе кепiлдiктермен расталған өтелмеген аккредитивтер бойынша шартты мiндеттемелерге қарсы провизиялар (резервтер) жасау жөнiндегi шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар. Активтер мен шартты мiндеттемелердi күмәндi және үмiтсiз санатқа жатқызу тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсе отырып Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi анықтайды.