Кәсiптiк мектепте оқу мерзiмi - екi-үш жыл, кәсiптiк лицейде - үш жыл, ерекше күрделi кәсiптер бойынша, сондай-ақ бiрегей жабдықтарға қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар үшiн - төрт жылға дейiн болады.
Жекелеген кәсiптер бойынша кәсiптiк бастауыш бiлiм беру қысқартылған оқыту мерзiмiндегi жалпы орта бiлiм беруге негiзделуi мүмкiн.
Кәсiптiк оқыту бiлiм беру қызметiн жүзеге асыру құқығына белгiленген тәртiппен берiлген лицензиясы болған кезде, тiкелей өндiрiсте, оқу-өндiрiстiк комбинаттарда, оқу орталықтарында, курстарда және жұмысшылар даярлайтын басқа да оқу-өндiрiстiк құрылымдарда жүзеге асырылуы мүмкiн.
7. Кәсiптiк орта бiлiм колледждерде, училищелерде негiзгi жалпы білiм беру базасында конкурстық негiзде алынып, жалпы орта бiлiм алумен ұштастырылады және ол кәсiптiк орта бiлiм алып шығатын мамандар даярлауға бағытталған.
Колледжде, училишеде оқу мерзiмi - үш-төрт жыл. Ұқсас мамандықтар бойынша жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiмi бар азаматтардың қысқартылған, жеделдетiлген бағдарламалар бойынша кәсiптiк орта бiлiм алуына болады.
Тиiстi лицензиясы болған жағдайда колледждерде, училищелерде жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiм беру бағдарламалары iске асырылуы мүмкiн.
Кәсiптiк орта бiлiмi бар азаматтар қысқартылған бiлiм беру бағдарламалары бойынша қысқартылған мерзiмде ақылы негiзде екiншi кәсiптiк орта бiлiм ала алады.
Колледждер мен училищелерде ұқсас мамандықтар бойынша республикалық оқу-әдiстемелiк бiрлестiктер құрылады.
8. Кәсiптiк бастауыш немесе кәсiптiк орта бiлiм берудiң кәсiптiк бiлiм беру бағдарламалары шегiнде алынатын кәсiптiк бiлiмнiң бейiнi ескерiле отырып, жалпы орта бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарты iске асырылады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II; 09.07.04 ж. N 597-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 25-бап өзгертілді
25-бап. Кәсiптiк жоғары бiлiм беру
1. Кәсiптiк жоғары бiлiмдi орта бiлiмi бар азаматтар алады.
2. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негiзде тегiн кәсiптiк жоғары бiлiм алуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасында жоғары оқу орындарының мынадай түрлерi белгiленедi: университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище).
Жоғары оқу орындарының филиалдары мемлекеттiк жалпыға бiрдей мiндеттi бiлiм беру стандарттарының әлеуметтiк-гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми пәндерi циклдарының көлемiнде кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асырады.
Бiлiм алушылардың мемлекеттiк жалпыға бiрдей мiндеттi бiлiм беру стандарттарының жалпы кәсiптiк және арнайы пәндер жөнiндегi оқу бағдарламаларын меңгеруi филиал құрған жоғары оқу орындарында жалғастырылады.
Жоғары оқу орындарында тиiстi лицензиялары болған жағдайда жалпы орта, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламалары iске асырылуы мүмкiн.
4. Бiрыңғай оқу-ғылыми-өндiрiстiк кешен ретiнде жұмыс iстейтiн жоғары оқу орнының құрамына жоғары оқу орнының құрылымдық бiрлiктерiнiң немесе заңды тұлға мәртебесi бар оқу, ғылыми, өндiрiстiк және басқа да бөлiмшелер кiре алады.
Медициналық бiлiм беру ұйымдары қаржыландырылуы Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылатын клиникалық базасы болған жағдайда ғана жұмыс iстеуi мүмкiн.
5. Қазақстан Республикасында кәсiптiк жоғары бiлiмнiң мынадай құрылымы белгiленедi:
1) қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға бiлiктiлiк пен "бакалавр" академиялық дәрежесiнiң берiлуiмен расталатын, оқу мерзiмi төрт жылдық жоғары базалық бiлiм (бакалавриат);
қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға бiлiктiлiк нен "магистр" академиялық дәрежесiнiң берiлуiмен расталатын, оқу мерзiмi: жоғары базалық бiлiм негiзiнде - екi жылдық; жоғары арнаулы бiлiм негiзiнде бiр жылдық жоғары ғылыми-педагогикалық бiлім;
2) тиiстi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда,қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға "кәсiптiк жоғары бiлiмi бар маман" тиiстi бiлiктiлiгiнiң берiлуiмен расталатын, оқү мерзiмi кемiнде төрт жылдық жоғары арнаулы бiлiм.
Медициналық бiлiм берудiң жекелеген мамандықтары бойынша оқу мерзiмi жетi жыл болады және соңғы оқу жылы интернатура нысанында ұйымдастырылады.
Интернатурадан өтпеген бiтiрушiлер клиникалық практикаға жiберiлмейдi.
Университеттер мен академиялар бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдармен келiсе отырып, кәсiптiк жоғары бiлiм берiлетiн нақты мамандықтар бойынша кадрлар даярлау құрылымын белгiлейдi.
6. Кәсiптiк орта бiлiмi бар азаматтар жеделдетiлген оқыту мерзiмiмен қысқартылған бiлiм беру бағдарламалары бойынша ұқсас мамандықтар жөнiнде жоғары кәсiптiк бiлiм алуға құқылы.
Кәсiптiк жоғары бiлiмi бар азаматтар ақылы негiзде жеделдетiлген оқыту мерзiмiмен қысқартылған бiлiм беру бағдарламалары бойынша екiншi кәсiптiк жоғары бiлiм алуға құқылы.
Кәсiптiк жоғары бiлiм берудiң көп деңгейлi құрылымы туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
7. Жоғары оқу орны өзiнiң ғылыми қызметiнде Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алады.
8. Жоғары оқу орнының тәрбиелеу мiндеттерi студенттердiң, оқытушылар мен қызметкерлердiң бiрлескен оқу, ғылыми, шығармашылық, өндiрiстiк қызметiмен iске асырылады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 26-бап толықтырылды
26-бап. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру
1. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм үздiксiз бiлiм беру жүйесiнiң жоғары сатысы ретiнде бiлiктiлiгi жоғары ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлауды көздейдi.
Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмдi арнаулы жоғары бiлiмi немесе "магистр" академиялық дәрежесi бар бiлiктi мамандықтағы азаматтар алады.
2. Ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау жоғары оқу орындарының клиникалық ординатурасында, ассистентура-тағылымдамасында адъюнктурасында және докторантурасында, ғылыми-зерттеу ұйымдарында, сондай-ақ ғылым кандидаттарын аға ғылыми қызметкер қызметiне, iзденушiлiкке ауыстыру, шығармашылық демалыстар беру нысанында жүзеге асырылады.
3. Аспирантура мен адъюнктурада оқу мерзiмi күндiзгi оқу нысанында - үш жылдан, сырттай оқу нысанында - төрт жылдан, магистр дәрежесi бар адамдар үшiн тиiсiнше екi және үш жылдан аспауға тиiс.
Ассистентура-тағылымдамада тағылымдамадан өту мерзiмi күндiзгi оқу нысаны бойынша - екi жылдан, сырттай оқу нысаны бойынша үш жылдан аспауға тиiс.
Докторантурада болу мерзiмi - үш жылдан, докторлық диссертация әзiрлеу үшiн аға ғылыми қызметкер қызметiне ауыстыру екi жылдан аспауға тиiс.
4. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм туралы ереженi Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiтедi.
09.07.04 ж. N 597-II ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
27-бап. Қосымша кәсiптiк бiлiм беру
1. Кәсiптiк бiлiм берудiң әрбiр сатысының шегiнде қосымша кәсiптiк бiлiм берудiң негiзгi мiндеттерi технологиялар мен өндiрiсте болып жатқан өзгерiстерге байланысты оларға қойылатын талаптарды ұдайы арттыруды ескере отырып, жұмысшылардың, қызметшiлердiң, мамандардың бiлiктiлiгiн үздiксiз арттыру, еңбек нарығы құрылымының өзгеруiне байланысты қосымша мамандықтар алу арқылы кәсiби бiлiмдi, дағдылар мен iскерлiктi тереңдету және кәсiби мүмкiндiктердi кеңейту болып табылады.
2. Қосымша кәсiптiк бiлiм берудiң негiзгi нысандары бiлiктiлiктi арттыру мен кадрларды қайта даярлау болып табылады.
3. Қосымша кәсiптiк бiлiм берудiң оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын бiлiм беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар мен қосымша бiлiм беру ұйымдары, сондай-ақ нысанасы бiлiм беру қызметi болып табылатын тиiстi құрылымдық бөлiмшелерi бар өзге де заңды тұлғалар бекiтедi және iске асырады.
4. Қосымша кәсiптiк бiлiм беру республикалық немесе жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен де, ақылы негiзде де жүзеге асырылуы мүмкiн.
5. Бiлiм беру ұйымдарының педагогикалық және ғылыми-педагогикалық кадрларының бiлiктiлiгiн арттыру кемiнде бес жылда бiр рет жүзеге асырылады.
4-тарау. Білім беру жүйесін басқару
28-бап. Білiм беру жүйесiн басқару органдары
1. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын Қазақстан Республикасының Yкiметi, Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдары, жергiлiктi атқарушы органдар және жергiлiктi бiлiм берудi басқару органдары жүзеге асырады.
2. Барлық бiлiм беру ұйымдарына жалпы ғылыми-әдiстемелiк басшылықты, олардың ведомстволық бағыныштылығына және меншiк нысандарына қарамастан, бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар жүзеге асырады.
3. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ведомстволық мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына тiкелей басшылықты тиiстi орталық атқарушы органдар жүзеге асырады.
4. Бiлiм беру жүйесiн басқару органдарының мемлекеттiк бiлiм беру кәсiпорындарының бюджеттен тыс қаражат есебiнен сатып алған мүлкiне билiк етуге, олардың бюджеттен тыс қаражат есебiнен жүзеге асыратын қызмет көрсетуi мен жұмысына баға белгiлеуге, сондай-ақ мемлекеттiк бiлім беру кәсiпорындарына бөлiнген бюджеттiк сомалар шегiнен тыс еңбекке ақы төлеу қорларын белгiлеуге құқығы жоқ.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II; 09.07.04 ж. N 597-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 29-бап өзгертілді
29-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бiлiм беру саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) бiлiм берудi дамыту жөнiндегi мемлекеттiк саясатты әзiрлейдi және iске асырады;
2) бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлейдi және оларды iске асыру жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
2-1) еңбек нарығының кадрларға ағымдағы және болашақтағы қажеттiгiнiң тұрақты мониторингi жүйесiн құрады;
3) жұмыс берушiлер мен басқа да әлеуметтiк серiктестердiң кәсiптiк бiлiм беру проблемаларын шешуге қатысуын қамтамасыз етедi және кәсiптiк жоғары бiлiмi мен жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмi бар, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаражат алатын ұйымдарда кәсiптiк орта бiлiмi бар мамандар даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын бекiтедi;
4) бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынысы бойынша бiлiм беру жүйесiнiң қызметiн осы Заңға сәйкес реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi;
5) бiлім беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынысы бойынша республикалық бюджеттен қаражат алатын мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады және таратады;
6) бiлiм беру мониторингiн жүзеге асырудың тәртiбiн белгiлейдi;
7) мемлекеттiк атаулы стипендияны белгiлейдi;
8) "Алтын белгi" белгiсi туралы ереженi бекiтедi.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II; 09.07.04 ж. N 597-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органның құзыретi
Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы мынадай мiндеттердi атқарады:
1) бiлiм беру саласында салалық үйлестiрудi жүзеге асырады;
3) бiлiм беру ұйымдарының қызметiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;
3-1) бiлiм беру сапасын басқаруды жүзеге асырады, бiлiм беру сапасын бағалау мәселелерiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi, техникалық және технологиялық нормаларды қабылдайды;
3-2) бiлiм беру мониторингiн және бiлiм берудi басқару жүйесiн ақпараттық қамтамасыз етудi жүзеге асырады, бiлiм берудiң бiрыңғай ақпараттық жүйесiн ұйымдастыру және оның жұмыс iстеу ережесiн бекiтедi;
3-3) бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнiң үлгiлiк (базистiк) оқу бағдарламаларын және оқу жоспарларын әзiрлеудi ұйымдастырады және бекiтедi;
3-4) сырттай, кешкi және экстернат нысанында бiлiм алуға жол берiлмейтiн кәсiптер мен мамандықтардың тiзбесiн белгiлейдi;
3-5) жоғары кәсiптiк бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарында экстернат нысанында бiлiм алуға рұқсат бередi;
4) бiлiм беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен лицензиялау, мемлекеттiк аккредитациялау мен аттестаттауды жүргiзу үшiн үлгi ережелердi (нұсқаулықтарды, регламенттердi) әзiрлейдi және бекiтедi;
5) мүдделi министрлiктермен, өзге де орталық атқарушы органдармен бiрлесiп, бiлiм беру мен ғылым саласында нысаналы және халықаралық бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады;
6) меншiк нысандарына және ведомостволық бағыныстылығына қарамастан, бiлiм беру ұйымдарындағы оқу жылының басталу және аяқталу уақытын белгiлейдi;
7) бiлiм беру ұйымдарының үлгiлерi мен түрлерi бойынша сыныптардың (топтардың) санитариялық ережелер мен нормаларға сәйкес толықтырылуын айқындайды;
8) мүдделi министрлiктермен, өзге де орталық атқарушы органдармен, жұмыс берушiлермен және басқа да әлеуметтiк әрiптестермен өзара iс-қимыл жасай отырып, кадрлар даярлау бойынша кәсiптер мен мамандықтар тiзбесiн белгiлейдi;
8-1) бiлiм алушылардың үлгерiмiне, оларды аралық және қорытынды мемлекеттiк аттестаттауға ағымдағы бақылау жүргiзудiң нысанын әзiрлейдi және тәртiбiн бекiтедi;
8-2) бiрыңғай ұлттық тестiлеудi және кешендi тестiлеудi өткiзудiң ережелерi мен технологиясын әзiрлейдi және бекiтедi;
8-3) санының асып кетуi кезектен тыс мемлекеттiк аттестаттауға алып келетiн аралық мемлекеттiк бақылаудан өтпеген бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушылардың шектi санын бекiтедi;
8-4) техникалық еңбек пен қызмет көрсету еңбегiнiң кәсiптерi (мамандықтары) бойынша кәсiптiк дайындық деңгейiн растаудың және бiлiктiлiк берудiң тәртiбiн әзiрлеп, бекiтедi;
9) меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, кәсiптiк орта бiлiм, кәсiптiк жоғары бiлiм және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарын лицензиялау, мемлекеттiк аккредитациялаумен аттестаттауды жүргiзедi;
9-1) бiлiм беру ұйымдарында оқу-әдiстемелiк жұмысты ұйымдастыру тәртiбiн бекiтедi;
9-2) кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аккредитациялауды ұйымдастырады және жүргiзедi;
10) оқу-ғылыми жабдықтарды әзiрлеу мен өндiрудi, шығармашылық сайыс негiзiнде оқулықтар, оқу-әдiстемелiк кешендер мен оқу-әдiстемелiк құралдарын дайындау мен басып шығару жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады және бiлiм беру ұйымдарына оқу әдебиеттерiн таңдаудың тетiгiн жасайды;
11) бiлiм беру ұйымдарына арналған оқулықтарды, оқу құралдары мен басқа да әдебиеттердi, соның iшiнде электрондық жеткiзгiштегi әдебиеттердi пайдалануға рұқсат етедi;
12) бiлiм мен ғылымға бағытталатын бюджеттiк қаржы үшiн бағдарламалар мен тақырыптарды iрiктеуге, iске асыруға қатысады;
12-1) жалпы бiлiм беру пәндерi бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарды, орындаушылардың және кәсiби шеберлiктiң республикалық конкурстарын өткiзудi ұйымдастырудың ережесiн бекiтедi;
13) бюджет қаражаттары есебiнен конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастырады;
14) бiлiм беру ұйымдарына, магистратураға, аспирантура мен докторантураға оқуға қабылдаудың жалпы тәртiбiн және үлгi ережелерiн, сондай-ақ бiлiм беру қызметтерiн ақылы көрсету шартының үлгiлiк нысанын бекiтедi;
14-1) кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушыларды ауыстырудың және қайта қабылдаудың ережелерiн бекiтедi;
14-2) күндiзгi оқыту нысанындағы бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушыларға академиялық демалыстар берудiң тәртiбi мен мерзiмдерiн бекiтедi;
15) ведомостволық бағыныстағы бiлiм беру ұйымдары мен республикалық бағыныштағы кәсiпорындардың жарғыларын бекітедi;
16) бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарының, ведомостволық бағыныстағы ұйымдардағы бюджет және қаржы тәртiбiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес орындалуына мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асырады;
16-1) бiлiм алуды аяқтамаған азаматтарға берiлетiн анықтама нысанын бекiтедi;
16-2) бiлiм беру қызметiнде бiлiм беру ұйымдары пайдаланатын қатаң есептегi құжаттардың нысанын әзiрлейдi және бекiтедi;
17) мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында еңбекке ақы төлеудiң мемлекеттiк нормативтерi туралы ұсыныстар әзiрлейдi;
18) республикалық бюджеттен ұсталатын ведомостволық бағыныстағы ұйымдардың белгiленген тәртiппен қаржыландырылуын жүзеге асырады;
19) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ведомостволық бағыныстағы мемлекеттiк жоғары оқу орындары мен басқа да бiлiм беру ұйымдарының бiрiншi басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады;
19-1) жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогикалық қызметкерлерiнiң (профессорлық-оқытушылық құрам, ғылыми қызметкерлер) лауазымдарына конкурстық орналасудың ережесiн бекiтедi;
20) облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың бiлiм берудi басқару органдарының, басқа да орталық атқарушы органдардың мемлекеттiк колледждерiнiң, жоғары оқу орындарының бiрiншi басшыларын тағайындауға және қызметтен босатуға келiсiм бередi;
21) салалық көтермелеу жүйесiн жасайды және бекiтедi;
21-1) педагогикалық қызметкерлердi аттестаттау ережесiн бекiтедi;
22) педагог кадрларды қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жоспарлайды және ұйымдастырады;
23) шетелдiк әрiптестермен келiссөздер жүргiзiп, өз құзыретi шегiнде бiлiм беру саласында, сондай-ақ ғылыми қызметте халықаралық шарттарға (келiсiмдерге) және бағдарламаларға қол қояды;
24) жасалған шарттарға (келiсiмдерге) сәйкес заңдарда белгіленген тәртiппен шет елдерде өз өкiлдiктерiн және Қазақстан Республикасында шетелдiк әрiптес ұйымдардың өкiлдiктерiн ашады;
24-1) бiлiм туралы құжаттарды нострификациялау тәртiбiн белгiлейдi;
25) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкілеттіктердi жүзеге асырады.
ҚР 22.11.99 ж. N 484-1; 09.07.04 ж. N 597-II (бұр. ред. қара) 31-бап өзгертілді
31-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың бiлiм беру саласындағы құзыретi
1. Жергiлiктi өкiлдi органдар:
1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағындағы жергiлiктi атқарушы органдар ұсынған бiлiм беру ұйымдарын дамыту бағдарламаларын бекiтедi, олардың орындалуы туралы есептердi тыңдайды;
2) ауылдық (селолық) жерлерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне отын сатып алуға жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен әлеуметтік көмек беру туралы шешім қабылдайды;
3) бiлiм алушылардың қоғамдық көлiкте жеңiлдiкпен жүрiп-тұруы туралы шешiм қабылдайды.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) азаматтардың Қазақстан Республикасы Конституциясында белгiленген мiндеттi орта білiм алу құқығын қамтамасыз етедi; бiлiм берудi дамытуға бағытталатын жергiлiктi бюджеттi әзiрлейдi;
2) мектепке дейiнгi және мектеп жасындағы балалардың есебiн алуды жүзеге асырады, олардың орта бiлiм алғанға дейiнгi оқуын қамтамасыз етедi;
3) өз аумағындағы бiлiм беру ұйымдарының қызметi үшiн қажеттi материалдық-техникалық және басқа жағдайларды қамтамасыз етедi;
3-1) оқулықтар, оқу-әдiстемелiк кешендерi мен оқу-әдiстемелiк құралдарын алуды және жеткiзудi ұйымдастырады, соның iшiнде жалпы орта бiлiм беретiн мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының кiтапханаларын Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы ұсынған барлық оқулықтар, оқу-әдiстемелiк кешендер мен оқу-әдiстемелiк құралдарының мiндеттi данасымен қамтамасыз етедi;
4) бiлiм беру қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғау мен қолдауды қамтамасыз етедi;
5) жетiм балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың белгiленген тәртiппен мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етiлуiн, олардың мiндетті түрде жұмысқа орналасуын және тұрғын үймен қамтамасыз етiлуiн жүзеге асырады;
6) бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен медициналық қызмет көрсетудi ұйымдастырады;
7) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарын Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен тегiн және жеңiлдiкпен тамақтандыруды ұйымдастырады;
8) ауылдық (селолық) жерлерде оқушыларды мектепке тегiн апару мен қайтып жеткiзiлуiн ұйымдастырады; жергiлiктi өкiлдi органдарға бiлiм алушылардың қоғамдық көлiкте жеңiлдiкпен жүрiп-тұруы туралы ұсыныстар енгізедi;
8-1) кәсiптік бiлiм беру және кадрларды даярлау мәселелерi бойынша оқу орындары мен жұмыс берушiлер арасында әлеуметтiк әрiптестiктi дамытуға жәрдемдеседi;
9) бiлiм беру ұйымдарын бiтiрушiлердiң жұмыспен қамту қызметi арқылы жұмысқа орналасуына жәрдемдеседi;
10) жергiлiктi бюджеттен қаражат алатын кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдарында жұмысшылар мен мамандар даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын бекiтедi;
11) бiлiм беру объектiлерiн салу мәселелерiн үйлестiредi;
12) ауылдық (селолық) жердегi білім беру ұйымдарына келген жас мамандар үшiн тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етедi;
13) аудандық бiлім берудi басқару органдарының бiрiншi басшыларын және орталық атқарушы органдармен келiсе отырып облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың бiлiм берудi басқару органдарының, сондай-ақ жергiліктi бюджеттен қаражат алатын колледждердiң бiрiншi басшыларын тағайындайды және босатады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Жергiлiктi бiлiм берудi басқару органдарының құзыретi
Облыстардың (қалалардың, аудандардың), республикалық маңызы бар қала мен астананың жергiлiктi бiлiм берудi басқару органдары:
1) жергiлiктi бюджеттен қаражат алатын бiлiм беру ұйымдарының құрылтайшылары болады;
2) мектеп жасына дейiнгi және мектеп жасындағы балалардың есебiн жүргiзедi және олардың орта бiлiм алғанға дейiнгi оқуын ұйымдастырады;
3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға қамқоршылық және қорғаншылық жасауды ұйымдастырады, оларды балалар үйлерiне немесе интернаттық ұйымдарға орналастырады;
4) меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жергiлiктi бағыныстағы бiлiм беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесi мазмұнының мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттары талаптарына сәйкес келуiне мезгiл-мезгiл бақылау жасауды ұйымдастырады және оны өз құзыретi шегiнде жүргiзiп отырады;
5) бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес педагог қызметкерлердi аттестаттауды өткiзедi және оларға бiлiктiлiк разрядтарын бередi;
6) кәсiптiк мектептерде, кәсiптiк лицейлер мен колледждерде жұмысшылар мен мамандар даярлауға конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлім беру тапсырысын орналастырады;
7) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мектепке дейiнгi тәрбие және оқу ұйымдарының, мектептен тыс ұйымдар мен орта бiлiм беру ұйымдарының басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады;
8) мектепке дейiнгi, жалпы орта, кәсiптiк бастауыш және кәсiптік орта бiлiм беру мәселелерi бойынша жоғары тұрған органдарға статистикалық есеп берiп отырады;
9) жергiлiктi бюджеттен қаражат алатын мемлекеттік бiлім беру ұйымдарының жарғыларын бекiтедi;
10) аймақтық деңгейде педагог кадрларды қайта даярлауды, олардың бiлiктiлiгiн арттыруды, әдiстемелiк кабинеттер желiсi арқылы әдiстемелiк қамтамасыз етудi жоспарлайды және ұйымдастырады;
11) өз құзыретi шегiнде бiлiм беру ұйымдарын лицензиялау мен аттестаттауды жүргiзедi.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II; 09.07.04 ж. N 597-II (бұр. ред. қара) 33-бап өзгертілді
33-бап. Білiм беру ұйымдарының құзыретi
1. Бiлiм беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарында, тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары туралы Үлгi ережелер мен бiлiм беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген шекте оқу-тәрбие процесiн жүзеге асыруда, кадрларды iрiктеу мен орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.
1-1. Бiлiм беру ұйымдары өз қызметiн жария түрде жүзеге асырады, жұртшылықты оқу, ғылыми-зерттеу және қаржы қызметi туралы хабардар етедi.
2. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымының басшысы уәкiлеттi басқару органдарымен келiсiм бойынша өз орынбасарларын тағайындайды және қызметiнен босатады. Оларды тағайындау және қызметтен босату тәртiбi бiлiм беру ұйымының жарғысымен белгiленедi.
3. Бiлiм беру ұйымының құзыретiне мынадай мiндеттер жатады:
1) жарғының жобасын әзiрлеу;
2) iшкi тәртiп ережелерiн әзiрлеу және бекiту;
3) оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, оқу процесiнiң күнтiзбелiк кестелерiн әзiрлеу және бекіту;
4) осы Заңда және тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары туралы Yлгi ережеде өзгеше көзделмесе, бiлiм алушылар, тәрбиеленушiлер контингентiн бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығына берiлген лицензияға сәйкес қалыптастыру;
Кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары оқу орындарының бiлiм алушылар контингентiн қалыптастыру тиiстi үлгiдегi Оқу орындарына қабылдаудың үлгiлiк ережелерiне сәйкес бiрыңғай ұлттық тестiлеудiң, кешендi тестiлеудiң нәтижелерi бойынша берiлген сертификаттар баллдары конкурсының негiзiнде жүзеге асырылады;
5) бiлiм беру процесi мен бiлiм беру технологияларының әдiстемелерiн, оның iшiнде дистанциялық бiлiм беру технологияларын пайдалану және жетiлдiру;
6) бiрыңғай ұлттық тестiлеудi және техникалық еңбек пен қызмет көрсету еңбегiнiң кәсiптерi (мамандықтары) бойынша бiлiктiлiктi берудi қоспағанда, бiлiм алушылардың үлгерiмiне ағымдық бақылау, оларға аралық және қорытынды аттестаттау жүргiзу;