17) бiлім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң штатын толықтыру тәртiбi, еңбекке ақы төлеу шарттары, олардың құқықтары мен мiндеттерi;
18) бiлім беру ұйымының қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртiбi;
19) бiлiм беру ұйымының жарғысын өзгерту тәртiбi.
2. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымының жарғысында алқалы басқару органдары, олардың құрылу тәртiбi мен құзыретi көзделуге тиiс.
3. Бiлiм беру ұйымының жарғысында оның қызметiне қатысты және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де ережелер болуы мүмкiн.
4. Бiлiм беру ұйымының жарғысын оның құрылтайшылары бекітедi.
11-бап. Бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату
1. Бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Бiлiм беру ұйымдарының филиалдары бiлiм беру ұйымдары құрылтайшыларының келiсiмiмен құрылады.
3. Құрылтайшылар таратылатын бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушыларына басқа бiлiм беру ұйымдарында оқу жылын аяқтап шығу үшiн шаралар қолдануға мiндеттi.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II; 24.12.01 ж. N 276-II; 09.07.04 ж. N 597-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 12-бап өзгертілді және толықтырылды
12-бап. Бiлiм беру қызметiн лицензиялау
1. Ведомстволық бағыныстылығына және меншiк нысанына қарамастан, заңды тұлғалардың (бұдан әрi - лицензиат) бiлiм беру қызметi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес лицензиялануға тиiс.
2. Бiлiм беру ұйымдарының филиалдары олар үшiн лицензияға жеке қосымшалар берiле отырып, бiлiм беру ұйымдарының құрамында лицензияланады. Филиал туралы Ереже мен тiркеу құжаттары лицензиарға табыс етiлуге тиiс.
3. Бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығына лицензияны (рұқсатты) бiлiм берудi басқаратын мемлекеттiк орган (лицензиар):
1) осы тармақтың 3) тармақшасында аталғандардан басқа, жалпы бастауыш, жалпы негiзгi немесе жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiм беретiн заңды тұлғаларға, сондай-ақ мектеп жасына дейiнгi және мектептен тыс ұйымдарға - облыстық, республикалық маңызы бар қала мен астананың білiм беру басқармалары (департаменттерi);
2) кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына - Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы;
3) жалпы орта бiлiм беретiн халықаралық, шетелдiк, мемлекеттiк емес, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бередi.
4. Халықаралық және шетелдiк оқу орындары немесе олардың Қазақстан Республикасының аумағында құрылған филиалдары Қазақстан Республикасының оқу орындары сияқты шартпен және сондай тәртiппен лицензиялануға тиiс.
5. Лицензия алу үшiн мынадай құжаттар қажет:
1) нысанын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн белгіленген үлгiдегi арыз;
2) лицензиаттың бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар;
3) қызметтiң жекелеген түрлерiмен шұғылдану құқығы үшiн лицензиялық алым төлегенiн растайтын құжат;
4) мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi;
5) жұмыс бабындағы оқу жоспарлары;
6) штаттағы оқытушылардың бар екенiн растайтын құжат;
7) дербес оқу-материалдық базасының бар екендiгiн растайтын құжаттар.
Лицензиялар құжаттар тапсырылған күннен бастап екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiледi.
Лицензия беруден бас тартылған жағдайда лицензия беру үшiн белгiленген мерзiм iшiнде өтiнiш берушiге жазбаша түрде дәлелденген жауап қайтарылады.
6. Кәсiптiк мектептердiң, кәсiптiк лицейлердiң, колледждер мен жоғары оқу орындарының бiлiм беру қызметiн олар үшiн жаңа кәсiптер мен мамандықтар бойынша лицензиялау, оларда лицензиялардың болуына қарамастан, жалпы негiздерде жүргiзiледi.
7. Лицензиардың қажет болған жағдайда лицензияны беру, керi қайтарып алу немесе оның қолданылуын тоқтата түру мәселелерiн алқалы түрде және жария қарау үшiн консультациялық-кеңесшi орган құруға құқығы бар.
8. Лицензиардың білім беру қызметін жүргізу құқығына берiлген лицензияны кері қайтарып алуға немесе оның қолданылуын тоқтата тұруға құқығы бар.
Лицензияның қолданылуын алты ай мерзiмге дейiн тоқтата тұруға:
көрсеткiштердiң бiлiм беру қызметiн лицензиялау кезiнде қойылатын бiлiктiлiк талаптарымен белгiленгеннен төмендеп кетуi;
бiлiм беру сапасының мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарына сәйкес келмеуi негiз болады.
Лицензияны керi қайтарып алуға:
лицензиаттың лицензиядағы талаптарды орындамауы;
лицензиатқа өзiнiң жүзеге асыруына лицензиясы бар қызмет түрiмен айналысуына соттың тыйым салуы;
лицензияның қолданылуын лицензиар тоқтатқан себептердiң жойылмауы;
лицензиаттың лицензия алу кезiнде көрiнеу дәйексiз ақпарат беруi негiз болып табылады.
9. Бiлiктiлiк талаптары мен бiлiм беру қызметiн лицензиялау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 13-бап толықтырылды; 09.07.04 ж. N 597-II ҚР Заңымен 13-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
13-бап. Бiлiм беру ұйымдарына бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi қабылдауға қойылатын жалпы талаптар
1. Азаматты бiлiм беру ұйымына қабылдау кезiнде сол ұйым оны және (немесе) оның ата-анасын немесе өзге де заңды өкiлдерiн бiлiм беру ұйымының жарғысымен, бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығына берiлген лицензиямен, қабылдау тәртiбiн және оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыруды регламенттейтiн басқа да құжаттармен таныстыруға мiндеттi.
Қабылдау тәртiбi тиiстi үлгiдегi оқу орындарына қабылдау ережелерiне сәйкес белгiленедi.
2. Осы аумақта тұратын және тиiстi сатыда бiлiм алуға құқығы бар барлық азаматтардың қабылдануын қамтамасыз ететiн бастауыш жалпы, негiзгi жалпы және орта жалпы бiлiм беру сатыларындағы бiлiм беру ұйымдарына, сондай-ақ кәсiптiк бастауыш бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына қабылдаудың тәртiбiн құрылтайшы белгiлейдi.
3. Азаматтарды кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары бiлiм алу үшiн бiлiм беру ұйымдарына қабылдау азаматтардың өтiнiшi бойынша конкурстық негiзде жүзеге асырылады. Конкурстың шарттары азаматтардың бiлiм алу құқықтарын сақтауға кепiлдiк берiп, неғұрлым қабiлеттi және тиiстi деңгейдегi бiлiм беру бағдарламаларын меңгеруге дайындығы бар азаматтарды қабылдауды қамтамасыз етуге тиiс.
Конкурс:
1) ағымдағы жылғы бiрыңғай ұлттық тестiлеудiң нәтижелерi бойынша берiлген сертификаттар баллдарының негiзiнде;
2) осы Заңның 35-бабының 6-тармағында аталғандарға жатпайтын адамдар үшiн кешендi тестiлеу нысанында өткiзiлген түсу емтихандарының нәтижелерi бойынша берiлген сертификаттар баллдарының негiзiнде өткiзiледi.
Бiлiм беру гранттарын (гранттар болмаған жағдайда кредиттердi) алуға конкурс өткiзiлген кезде:
1) "Алтын белгi" белгiсiмен марапатталған оқушылардың;
2) тiзбесiн Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы айқындайтын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) республикалық және халықаралық орындаушылар конкурстары мен спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдарымен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздарының, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандығының олар жеңiмпазы болып табылатын олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда, жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) ағымдағы жылғы жеңiмпаздарының басым құқығы болады.
Бiлiм беру гранттары мен кредиттерiн алуға арналған конкурсты өткiзу кезiнде көрсеткiштер бiрдей болған жағдайда медициналық-әлеуметтiк сараптаманың қорытындысына сәйкес тиiстi бiлiм беру ұйымдарында оқуға болатын жағдайда I және II топтағы мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң, мүгедек-балалардың және үздiк бiлiмi туралы құжаттары (куәлiктерi, аттестаттары, дипломдары) бар азаматтардың басым құқығы болады.
4. Азаматтарды жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм алу үшiн жоғары оқу орындарына және ғылыми-зерттеу ұйымдарына қабылдау Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен конкурстық негiзде азаматтардың өтiнiштерi бойынша жүзеге асырылады.
5. Кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына оқуға түсу кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мөлшерде:
1) I, II топтағы мүгедектер, бала кезiнен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшiн;
2) ауылдың (селоның) әлеуметтiк-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар үшiн;
3) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшiн;
4) жетiм балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар үшiн қабылдау квотасы көзделедi.
6. Азаматтарды арнаулы немесе шығармашылық дайындықты қажет ететiн мамандықтарға қабылдау арнаулы немесе шығармашылық емтихандар нәтижелерiн ескере отырып жүзеге асырылады.
Мамандықтардың және арнаулы немесе шығармашылық емтихандар еткiзу тәртiбiнiң тiзбесi Yлгiлiк қабылдау ережелерiмен белгiленедi.
7. Рухани (дiни) бiлiм беру ұйымдарына қабылдау орта бiлiмi бар азаматтар арасынан жүзеге асырылады.
8. Кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм берудiң мемлекеттiк құпиялармен жұмыс iстеудi талап ететiн жекелеген мамандықтары бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарын қабылдау мамандандырылған мемлекеттiк оқу орындарында және басқа да мемлекеттiк оқу орындарының факультеттерiнде (бөлiмдерiнде) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша ғана жүзеге асырылады.
Мамандықтардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
9. Бiлiм беру ұйымдарына азаматтарды қабылдау тәртiбiн осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде құрылтайшы белгiлейдi және ол бiлiм беру ұйымының жарғысында бекiтiледi.
09.07.04 ж. N 597-II ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
14-бап. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру
1. Бiлiм беру ұйымдарының оқу-тәрбие қызметi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары негiзiнде әзiрленген оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жалпы негiзгi, жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру бiлiм алушыларды мiндеттi мемлекеттiк қорытынды аттестаттаумен аяқталады.
3. Бiлiм беру ұйымдары бiлiм алушыларды аралық аттестаттаудың нысандарын, тәртiбiн және мерзiмдiлiгін таңдауда дербес болады.
4. Бiлiм беру ұйымдарында тәртiп бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң, педагогтардың адамдық қадiр-қасиетін өзара құрметтеу негiзiнде сақталады. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдiстерiн қолдануға жол берiлмейдi.
5. Кәмелетке толмаған бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң ата-аналарына және өзге де заңды өкiлдерiне бiлiм беру процесiнiң барысымен және мазмұнымен, сондай-ақ бiлiм алушылардың үлгерiм бағаларымен танысу мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуге тиiс.
6. Оқу орындарында оқыту төмендегiдей нысандарда: күндiзгi, сырттай, кешкi оқу, дистанциялық оқыту және экстернат нысандарында жүзеге асырылуы мүмкiн.
Бiлiм алудың әртүрлi нысандарын ұштастыруға жол берiледi.
7. Бiлiм беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламалары бiлiм беру бағдарламаларының құрамдас бөлiгi болып табылады және бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң елжандылық, азаматтық, интернационалдық, жоғары моральдық және адамгершiлiк сезiмiн қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты ынта-ықыласы мен қабiлеттерiн дамытуға бағытталуға тиiс.
8. Бiлiм беру ұйымдарында нәсiлдiк, ұлттық, дiни, әлеуметтік ымырасыздық пен айырықшылықты насихаттауға, милитаристiк және де халықаралық құқық пен iзгiлiктiң жалпы танылған принциптерiне қайшы келетiн өзге идеяларды таратуға тыйым салынады.
9. Әскерге шақырылуға дейiнгi және шақырылу жасындағы оқушы жастардың негiзгi жалпы бiлiм беру базасындағы бастапқы әскери даярлығы - жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында (арнаулы оқу орындарын қоспағанда), кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдарында, ал студенттердің әскери даярлығы жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
09.07.04 ж. N 597-II ҚР Заңымен 14-1-баппен толықтырылды
14-1-бап. Оқу-әдiстемелiк жұмысты ұйымдастыру
Оқу-тәрбие процесiн қамтамасыз ету және жетiлдiру, оқытудың жаңа технологияларын әзiрлеу және енгiзу, педагогикалық қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз ету мақсатында бiлiм беру ұйымдарында оқу-әдiстемелiк жұмыс жүзеге асырылады.
09.07.04 ж. N 597-II ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
15-бап. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы
1. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы мамандар мен жұмысшылар даярлаудың бiр бөлiгi болып табылады, ол практика базасы болып табылатын тиiстi ұйымдарда жүргiзiледi және бiлiм беру ұйымдарындағы оқыту процесiнде алған бiлiмдi бекiтуге практикалық дағдылар алу мен озық тәжiрибенi меңгеруге бағытталған.
2. Кәсiптiк практиканың түрлерi, мерзiмi мен мазмұны бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға бiрдей мiндеттi стандарттарының талаптарына сәйкес жұмыстық оқу жоспарларымен және бағдарламаларымен белгiленедi.
3. Бiлiм беру ұйымдары кәсiптiк практиканы өткiзу үшiн шарттық негiзде практика базасы ретiндегi ұйымдарды анықтайды, олармен келiсiлген практиканы өткiзудiң бағдарламаларын және күнтiзбелiк кестесiн бекiтедi.
Шарттарда бiлiм беру ұйымдарының, практика базасы болып табылатын ұйымдардың және бiлiм алушылардың мiндеттерi белгiленедi.
4. Кәсiптiк практикаға жұмсалатын шығындарды бiлiм беру ұйымдары мен практика базасы болып табылатын ұйымдар қарастырады.
Бұл шығындардың мөлшерi жасалған шарттарда белгіленедi.
5. Практиканы дайындау мен өткiзу үшiн бiлiм беру ұйымдарының және практика базасының басшылары жауапты болады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II; 09.07.04 ж. N 597-II ҚР Заңдарымен (бұр. ред. қара) 16-бап толықтырылды және өзгертілді
16-бап. Бiлiм туралы құжаттар
1. Лицензиясы бар, мемлекеттiк аттестаттаудан өткен және жалпы бiлiм беру (мектепке дейiнгiнi қоспағанда) мен (немесе) кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары қорытынды мемлекеттiк аттестаттаудан өткен азаматтарға бiлiм және (немесе) бiлiктiлiк деңгейi (сатысы) туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттар бередi.
2. Тиiстi бiлiм деңгейi туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжат келесi деңгейдегi бiлiм беретiн ұйымдарда бiлiм алуды жалғастырудың қажеттi шарты болып табылады.
Кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiмi туралы құжаттарында көрсетiлген бiлiктiлiгіне, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмi туралы құжаттарында көрсетiлген ғылыми дәрежелерiне сәйкес азаматтардың кәсiптiк қызметпен, оның iшiнде бiлiм деңгейiне бiлiктiлiк талаптары қойылатын қызметпен айналысуға құқығы бар.
3. Бiлiм алуды аяқтамаған азаматтарға белгіленген үлгiдегi анықтама берiледi.
4. Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарын бiтiргенi туралы құжаттардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде танылуы тиiстi халықаралық шарттар (келiсiмдер) негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Шетелдiк бiлiм беру ұйымдары берген бiлiм туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттар (келiсiмдер) негiзiнде танылады.
Бiлiм туралы құжаттарды нострификациялау тәртiбiн бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган белгiлейдi.
Халықаралық шарттар (келiсiмдер) болмаған жағдайда азаматтардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алған бiлiмi туралы құжаттарының Қазақстан Республикасында танылуы және тиiстi куәлiктер берiлуi білiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 17-бап толықтырылды; 09.07.04 ж. N 597-II ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
17-бап. Бiлiм беру жүйесiндегi бiрлестiктер
Бiлiм беру жүйесiндегi бiлiм беру қызметi субъектiлерiнiң мүдделерiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған және жұмыс iстеп тұрған олардың бiрлестiктерi бiлдiре алады.
3-тарау. Білім беру бағдарламалары мен
білім деңгейлері
09.07.04 ж. N 597-II ҚР Заңымен 18-бап толықтырылды (бұр. ред. қара)
18-бап. Бiлiм беру бағдарламалары
1. Бiлiм беру бағдарламалары тиiстi деңгейлер мен олардың сатыларының бiлiм беру мазмұнын айқындайды. Қазақстан Республикасында жалпы бiлiм беретiн (негiзгi және қосымша) және кәсiптiк (негiзгi және қосымша) болып бөлiнетiн бiлiм беру бағдарламалары iске асырылады.
2. Жалпы бiлiм беретiн бағдарламалар жеке адамның жалпы мәдениетiн қалыптастыру, жеке адамды қоғамдағы өмiрге бейiмдеу мiндеттерiн шешуге, кәсiптi, мамандықты саналы түрде таңдау мен меңгеру үшiн негiз жасауға бағытталған.
3. Кәсiптiк бағдарламалар тиiстi кәсiбилiгi мен бiлiктiлiгi бар жұмысшылар мен мамандар даярлауға, бiлiм алушылардың кәсiптiк және жалпы бiлiм деңгейiн дәйектi түрде арттыруға бағытталған.
4. Негiзгi жалпы бiлiм беретiн бағдарламалар мен негiзгi кәсiптiк бағдарламалар тиiстi мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарының негiзiнде әзiрленедi.
5. Қосымша бiлiм беретiн бағдарламалар азаматтардың, қоғамның, мемлекеттiң бiлiмге және мәдениетке деген қажеттерiн жан-жақты қанағаттандыру мақсатында iске асырылады.
Қосымша бiлiм беру бағдарламаларына:
1) тиiстi мемлекеттік жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарынан тыс жалпы бiлiм беру және кәсiби даярлық жүргiзiлетiн бiлiм беру ұйымдарында;
2) қосымша бiлiм беру ұйымдарында;
3) жеке педагогикалық қызмет арқылы iске асырылатын әртүрлi бағыттағы бiлiм беру бағдарламалары жатады.
6. Ерекше дарынды бiлiм алушылардың әлеуеттi мүмкiндiктерiн мейлiнше толық дамыту үшiн дарынды балаларға арнап мамандандырылған мектептерде iске асырылатын бiлiм беру бағдарламалары әзiрленедi.
7. Азаматтардың жекелеген санаттары үшiн психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсыныстарын ескере отырып анықталатын бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң даму ерекшелiктерi мен әлеуеттi мүмкiндiктерi ескерiлген арнаулы білiм беру бағдарламалары әзiрленедi.
8. Оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткiзу, бiлiм берудiң жаңа мазмұнын енгiзу үшiн бiлiм беру ұйымдарында (эксперименттiк алаңдарда) эксперимент тәртiбiмен iске асырылатын бiлiм беру бағдарламалары әзiрленуi мүмкiн.
19-бап. Бiлiм берудiң балалар мен жасөспiрiмдерге арналған қосымша дамыту бағдарламалары
1. Бiлiм берудiң қосымша дамыту бағдарламалары мектептен тыс ұйымдарда iске асырылады.
2. Мемлекет мемлекеттiк мектептен тыс ұйымдардың бiлiм беру қызметтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз етедi.
3. Мектептен тыс ұйымдар балалардың жеке басының дамуына, кәсiптiк бағдарын айқындауына, шығармашылық еңбегiне, олардың қабiлеттерiн iске асыруына, қоғам өмiрiне бейiмделуiне, азаматтық сана-сезiмiнiң, жалпы мәдениетінің, салауатты өмiр салтының қалыптасуына, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруына жағдай жасайды.
4. Мектептен тыс ұйымдарға балалар мен жасөспiрiмдердiң шығармашылық сарайлары, үйлерi, орталықтары, кешендерi, студиялары;
жас техниктердiң, туристердiң, натуралистердiң станциялары мен базалары;
балалардың музыкалық, көркемөнер және спорт мектептерi, өнер мектептерi; ынта-ықыластары бойынша клубтар; спорттық, сауықтыру, туристiк лагерьлер; балалар парктерi, стадиондар, галереялар және басқа да ұйымдар жатады.
5. Мектептен тыс ұйымдардың қызметi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тиiстi ережемен белгiленедi.
09.07.04 ж. N 597-II ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
20-бап. Арнаулы бiлiм беру бағдарламалары
1. Арнаулы бiлiм беру бағдарламаларын арнаулы бiлiм беру ұйымдары iске асырады.
2. Дамуында түрлi ауытқулары мен кенжелеушiлiгi бар, емделуге және психологиялық-педагогикалық тұрғыда түзелуге, диагноз қоюға мұқтаж балалар үшiн арнаулы ұйымдар (оңалту орталықтары, бала бақшалары, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар) құрылады.
3. Ұзақ емделуге мұқтаж адамдар үшiн, сондай-ақ әдеттегi бiлiм беру ұйымдарында оқытуға кедергiсi болатын даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар мен жасөспiрiмдер үшiн толық мемлекет қамтамасыз ететiн арнаулы түзету ұйымдары ұйымдастырылады. Балалар мен жасөспiрiмдер бұл ұйымдарға ата-аналарының және өзге де заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен ғана психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар арқылы жiберiледi.
Даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар мен жасөспiрiмдердi кәсiптiк даярлауға мемлекет жәрдемдеседi.
4. Девианттық мiнез-құлықты адамдар үшiн адамгершiлiк сипатта ерекше ұсталатын бiлiм беру ұйымдары мен арнаулы бiлiм беру ұйымдары құрылады, олар тәрбиелеу мен оқытуды, әлеуметтiк оңалтуды қамтамасыз етедi және оларды мемлекет толық қамтамасыз етiп отырады.
Балалар мен жасөспiрiмдердi арнаулы ұйымдарға жiберу аудан, қала әкiмдерi жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия арқылы, ал ерекше режимде ұстау ұйымдарында сот шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
21-бап. Жалпы және кәсiптiк бiлiм беру
1. Iске асырылатын бiлiм беру бағдарламаларының сипатына қарай бiлiм беру жалпы бiлiм және кәсiптiк білiм беру болып бөлiнедi.
2. Жалпы бiлiм беруге:
1) мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқыту;
2) жалпы бастауыш бiлiм беру;
3) жалпы негiзгi бiлiм беру;
4) жалпы орта бiлiм беру;
5) жалпы қосымша бiлiм беру кiредi.
Жалпы бiлiм берудiң әрбiр сатысындағы бiлiм беру мазмұны тиiстi жалпы бiлiм беру бағдарламасымен белгiленедi.
3. Кәсiптiк білім беруге:
1) кәсiптiк бастауыш бiлiм беру;
2) кәсiптiк орта бiлiм беру;
3) кәсiптiк жоғары бiлiм беру;
4) жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру;
5) қосымша кәсiптiк бiлiм беру кiредi.
Кәсiптiк бiлiм берудiң әрбiр сатысындағы бiлiм беру мазмұны тиiстi кәсiптiк бағдарламамен белгіленедi.
22-бап. Бiлiм деңгейлерi
Бiлiм беру бағдарламаларының үздiксiздiгi мен сабақтастығы принципi негiзiнде мынадай бiлiм деңгейлерi белгiленедi:
1) мектепке дейiн тәрбиелеу мен оқыту;
2) орта бiлiм беру;
3) кәсiптiк жоғары бiлiм беру;
4) жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру.
09.07.04 ж. N 597-II ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
23-бап. Мектепке дейiн тәрбиелеу мен оқыту
1. Мектепке дейiнгi тәрбие отбасында және (немесе) мектепке дейiнгi ұйымда жүзеге асырылады.
2. Мектепке дейiнгi ұйымдар отбасымен қатар бiр жастан алты (жетi) жасқа дейiнгi мектеп жасына дейiнгi балаларды тәрбиелеу мен оқытуды, олардың дене және психикалық денсаулығын қорғап, нығайтуды, дамуында ауытқуы бар балалардың жеке қабiлеттерiн дамытуды және оған мұқтаж балаларға қажеттi түзету жасауды жүзеге асырады.
3. Мемлекеттiк бiлiм беру мен денсаулық сақтауды басқару органдары мектепке дейiнгi ұйымдар мен отбасына қажеттi әдiстемелiк және консультациялық көмек көрсетудi ұйымдастырады.
4. Бес (алты) жастағы балаларды мектепке барар алдында даярлау мiндеттi және ол отбасында, мектепке дейiнгi ұйымның мектеп алдындағы топтарында немесе жалпы бiлiм беретiн мектептер, лицейлер мен гимназиялардың мектеп алдындағы сыныптарында жалпы бiлiм беру бағдарламаларының шеңберiнде жүзеге асырылады. Ол мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында тегiн жасалады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II; 09.07.04 ж. N 597-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 24-бап өзгертілді
24-бап. Орта бiлiм беру
1. Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуға кепiлдiк берiледi. Орта білiм алу мiндеттi.
2. Мемлекеттiк күндiзгi жалпы бiлiм беретiн оқу орындарынан он алты жасқа дейiнгi балаларды шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, бiлiм беру ұйымының жарғысын өрескел және бiрнеше мәрте бұзғаны үшiн бiлiм беру басқармасы органдарының шешiмi бойынша ерекше жағдайларда ғана жол берiледi. Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешiм қорғаншы және қамқоршы органдардың келiсiмiмен қабылданады.
3. Орта бiлiм үздiксiз бiлiм беру жүйесiндегi негiзгi деңгей болып табылады және жалпы, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм берудi қамтиды. Орта бiлiм берудiң мiндеттілiгi мен оған қол жеткiзудi қамтамасыз ету үшiн мемлекет орта бiлiм беру ұйымдарының сақталуына және дамуына жәрдемдеседi.
4. Жалпы орта бiлiм үш сатылы: бастауыш (1-4 сыныптар), негiзгi (5-9 сыныптар) және жоғары (10-11 (12) сыныптар) жалпы орта бiлiм беретiн оқу орнында кезең-кезеңмен алынады.
Мектептiң бiрiншi сыныбына балалар алты немесе жетi жастан бастап қабылданады.
Аталған сатылар бiрге немесе дербес жұмыс iстей алады. Олар тиiсiнше жалпы бастауыш, негiзгi жалпы, жалпы орта бiлiм берудi iске асырады. Жалпы бiлiм беретiн оқу орнының мектепке дейiнгi, бастауыш, негiзгi және жоғары сатыларының бiлiм беру бағдарламалары сабақтас болып табылады, әрбiр келесi бағдарлама алдыңғысына негiзделедi.
5. Жалпы орта бiлiмнiң көп нұсқалылығына, бiлiм берудiң ауқымды инфрақұрылымын қалыптастыруға жалпы орта бiлiм беретiн ұйымдардың әралуан түрлерi мен үлгiлерiн: жалпы бiлiм беретiн мектеп, гимназия, лицей, мектеп-гимназия, мектеп-лицей және басқаларды құру арқылы қол жеткiзiледi.
6. Кәсiптiк бастауыш бiлiм кәсiптiк мектептер мен кәсiптiк лицейлерде негiзгi жалпы бiлiм беру базасында алынып, жалпы орта бiлiм алумен ұштастырылады және ол еңбек қызметiнiң түрлi бағыттары бойынша бiлiктi еңбек қызметкерлерiн (жұмысшыларды, қызметкерлердi) даярлауға бағытталған.