2. Мемлекеттiк орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау:
1) ағымдағы, экспедициялық, аэровизуальдi және басқа да орман-патологиялық зерттеулер;
2) орман зиянкестерi мен ауруларының өсiп-көбеюiн жалпы, алдын ала және егжей-тегжейлi қадағалау;
3) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес жөнiндегi жер бетiндегi және авиациялық жұмыстарды жүзеге асыру;
4) орман зиянкестерi мен ауруларының алдын алу мен оның ошақтарын жою iс-шараларын қамтиды.
3. Мемлекеттiк орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау жөнiндегi iс-шаралар уәкiлеттi орган бекiтетiн, ормандардағы санитарлық ережелермен регламенттеледi.
68-бап. Жеке тұлғалар мен қоғамдық бiрлестiктердiң орман қорын күзету мен қорғауды қамтамасыз етуге қатысуы
Жеке тұлғалар мен қоғамдық бiрлестiктер орман қорын күзету мен қорғауды қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қатысады.
11-тарау. Қазақстан Республикасының
мемлекеттік орман күзеті
69-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк орман күзетi
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк орман күзетi (бұдан әрi мемлекеттiк орман күзетi) орманды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерiмен айналысатын орман мекемелерiнiң қызметкерлерiнен тұрады.
2. Мемлекеттiк орман күзетiне өзiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн:
1) жеке тұлғалар мен лауазымды адамдардың мемлекеттiк орман қорын пайдалануды жүзеге асыруға рұқсат беретiн құжаттарын тексеру;
2) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдар саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық жөнiнде хаттамалар жасау;
3) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдар саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау және оларды құқық қорғау органдарына жеткiзу;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көлiк құралдарын, өзге де объектiлер мен орындарды тексерiп қарау, ал қажет болған кезде ұсталған адамдарды жеке қарап тексеру;
5) жеке тұлғалар мен лауазымды адамдардың заңсыз қолға түсiрген орман ресурстары мен жануарлар дүниесi ресурстарын, оларды қолға түсiру құралдарын, сондай-ақ көлік құралдарын алып қою және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бұлардың кейiннен кiмге тиесiлi болатыны туралы мәселенi шешу құқықтары;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтар берiледi.
3. Мемлекеттiк орман күзеті мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде:
1) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдар саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмауға және оның жолын кесуге;
2) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарды бұзу фактiлерi жөнiндегi ақпаратты, талап-арыздарды және өзге де материалдарды мемлекеттiк органдарға және құқық қорғау органдарына, сотқа жiберуге;
3) өз құзыретi шегiнде жеке және заңды тұлғаларға анықталған тәртiп бұзушылықтарды жою жөнiнде жазбаша нұсқаулар беруге;
4) мемлекеттiк орман қоры жерлерiнде, сондай-ақ орман өртi тiкелей қауiп тудырған жағдайда оған iргелес аумақтарда ормандағы өрттердiң алдын алу, оларды дер кезiнде байқау мен сөндiру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге;
5) шаруашылық қызмет пен өзге де қызметтердi шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы ұсыныстар енгiзуге;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
4. Мемлекеттiк орман күзетiнiң лауазымды адамдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қызметтiк қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға рұқсат eтiледi.
5. Мемлекеттiк орман күзетiнiң лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нысанды киiм-кешекпен, қызметтiк қарумен және арнаулы қорғаныс құралдарымен, қызметтiк жер телiмiмен қамтамасыз етiледi.
6. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекеттiк орман күзетiнiң лауазымды адамдарының қол күшiн, арнаулы қорғаныс құралдарын және қызметтiк қаруды қолдануға құқығы бар.
7. Мемлекеттiк орман күзетiнiң қызметi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Мемлекеттiк орман күзетi туралы ережемен анықталады.
70-бап. Мемлекеттiк орман күзетiнiң лауазымды адамдарын құқықтық және әлеуметтiк қорғау
Мемлекеттiк орман күзетiнiң лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтық және әлеуметтiк қорғалуға жатады.
12-тарау. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру
71-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсiру мақсаттары
1. Ормандарды молықтыру мақсаты мемлекеттiк орман қорының ағашы кесiлген, өртелген және бұрын орман өскен өзге де аумақтарында орманды уақытында қалпына келтiру, ормандардың тұқымдық құрамын жақсарту, олардың өнiмдiлiгін арттыру, мемлекеттiк орман қоры жерлерiнiң ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Орман өсiру мақсаты бұрын ағаш өспеген аумақтарда екпелер отырғызу болып табылады.
72-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыру
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыруды қамтамасыз етуге тиiс.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыру ағаш кесудiң ғылыми негiзделген жүйесiн iске асыру, ормандарды молықтыру, олардың тұқымдық құрамын жақсарту, селекциялық-гендiк негiзде тұрақты тұқым базасын жасау мен оны тиiмдi пайдалану, су-орман мелиорациясы, күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу мен санитарлық мақсатта ағаш кесудi қоса алғанда, орманды күтiп-баптау, орман шаруашылығына арнап жол салу, басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын өткiзу нәтижесiнде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн көтеру жөнiндегi iс-шараларды орман мекемелерi мен орман пайдаланушылар орман орналастыру жобаларына сәйкес жүргiзедi.
73-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсiру жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру жөнiндегi iс-шаралар орман өсiру жағдайы мен экономикалық мақсатқа сәйкестiгi ескерiле отырып, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталып, неғұрлым қысқа мерзiмде өнiмдiлiгi жоғары және төзiмдi екпелер жасауды қамтамасыз ететiн әдiстермен жүргiзiлуге тиiс.
2. Мемлекеттiк орман қорында ормандарды молықтыру мен орман өсiру жөнiндегi жұмыстар көлемi орман орналастыру және осы салаға маманданған басқа да жобалау-iздестiру ұйымдары әзiрлеген, мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
3. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру мен орман өсiру, орман тұқымдарын дайындау, өңдеу, сақтау және олардың сапасына бақылау жасау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
4. Жекеше орман қоры жерлерiнде орман өсiру жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу меншiк иесiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
74-бап. Жердi орман мекемелерiне орман өсiру үшiн беру
Республика аумағының оңтайлы ормандануын, өзендер, су айдындары жағалауларының желектенуiн қамтамасыз ету үшiн және басқа да қажеттi жағдайларда орман мекемелерiне мемлекеттiк орман қоры жерiнiң құрамына өзге санаттағы жерлер, бiрiншi кезекте ауыл шаруашылығына пайдалану үшiн жарамсыз (сайлар, жыралар, құмдауыттар, басқа да тозған жерлер) жерлер, сондай-ақ босалқы жерлер берiлуi мүмкiн.
Аталған жерлердi орман мекемелерiне беру Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес жүзеге асырылады.
75-бап. Орман флорасы мен фаунасын жерсiндiру
1. Орман биоқауымдастықтарында өсiмдiктер мен жануарлардың түрлерi мен нысандарын қалпына келтiру және молықтыру жергiлiктi байырғы флора мен фаунаның ең жақсы тұқымдарын қайта жерсiндiру жолымен жүргiзiледi.
2. Орман биоқауымдастықтарына жерсiндiру уәкiлеттi органның және ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органның келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
3. Өсiмдiктердiң негiзгi байырғы түрлерiне зиянын тигiзетiн өсiмдiктер түрлерiн жерсiндiруге тыйым салынады.
13-тарау. Орман тұқым шаруашылығы
76-бап. Орман тұқым шаруашылығының мiндеттерi
Орман тұқым шаруашылығының негiзгi мiндеттерi орманды молықтыру мен орман өсiру жөнiндегi жұмыстарды бағалы тұқым қуалаушылық қасиеттерi бар және себу сапасы жоғары тұқымдармен қамтамасыз ету, селекциялық-гендiк негiзде тұрақты орман тұқым базасын қалыптастыру болып табылады.
77-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi тұрақты орман тұқым базасы
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi тұрақты орман тұқым базасы селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы:
1) орман тұқымы плантациялары;
2) тұрақты орман тұқым учаскелерi;
3) артықшылығы бар екпелер объектiлерiн қамтиды.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде тұрақты орман тұқым базасын жасау ормандарды молықтыру мен орман өсiруге арналған тұқымдар мен отырғызу материалдарына қажеттiлiктiң ғылыми негiзделген нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектiлердi аттестаттау мен есепке алуды уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен оның маманданған ұйымдары жүзеге асырады.
4. Селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектiлердi қалыптастыру, оларды мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде пайдаланудың режимiн белгiлеу орман орналастырушы және осы салада маманданған басқа да жобалау-iздестiру және ғылыми ұйымдар әзiрлеген, мемлекеттiк-экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
78-бап. Селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлер
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлердi анықтау мен құру орман өсiмдiктерiнiң гендiк қорын кепiлдi сақтау, тұқым қуалаушылық қасиеттерiн бағалау, орман тұқым шаруашылығында пайдалану үшін неғұрлым келешегі бар тұқымдар түрiн iрiктеп алу үшiн жүзеге асырылады.
2. Селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлерге:
1) артықшылығы бар ағаштар;
2) артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттары;
3) географиялық дақылдар;
4) популяциялар мен будандардың сынақ дақылдары жатады.
3. Селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлер уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен анықталады және құрылады.
4. Селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлердi күзетудi мемлекеттiк орман иеленушiлер жүзеге асырады.
79-бап. Орман тұқымын аудандастыру
1. Орман тұқымын аудандастыру ғылыми-зерттеу талдамалары негiзiнде белгiленедi және оны уәкiлеттi орган бекiтедi.
2. Ормандарды молықтыру мен орман өcipу үшiн тұқымдар мен отырғызу материалдарын пайдалану, олардың орнын ауыстыру уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Орман тұқымдары мен отырғызу материалдарын орман тұқымын аудандастыру талаптарын бұза отырып егуге және пайдалануға тыйым салынады.
80-бап. Орман тұқымдарын дайындау, өңдеу, сақтау және пайдалану
1. Орман тұқымдарын дайындау тұрақты орман тұқым базасы объектiлерiнде жүзеге асырылады, ал олар жетiспеген жағдайда қалыпты екпелерде дайындауға жол берiледi.
2. Орман тұқымдарын кемiстiгi бар екпелерде және кемiстiгi бар ағаштардан дайындауға тыйым салынады.
3. Сатуға және егу үшiн пайдалануға жататын орман тұқымдарының егу сапасын, олардың мемлекеттiк стандарттарға, техникалық жағдайларға және орман тұқым шаруашылығы жөнiндегi басқа да нормативтiк құжаттарға сәйкестiгiн айқындауды уәкiлеттi органның маманданған ұйымдары жүзеге асырады.
4. Осы баптың 3-тармағының талаптарына сәйкестiгi тексеруден өтпеген орман тұқымдарын сату мен егуге тыйым салынады.
5. Орман тұқымдарын дайындауды, өңдеудi, сақтауды және пайдалануды ұйымдастыру тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
14-тарау. Мемлекеттік орман қоры учаскелерін
күзету, қорғау, пайдалану, жердің кейбір
санаттарында ормандарды молықтыру
мен орман өсіру ерекшеліктері
81-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн күзету, қорғау, пайдалану, заңды тұлға мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтыру мен орман өсiру ерекшелiктерi
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн күзету, қорғау, пайдалану, заңды тұлға мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтыру мен орман өсiру осы Кодекске және Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
82-бап. Қала ормандары мен орманды саябақтарда орман пайдалану ерекшелiктерi
1. Қалалық елдi мекендердiң шекарасы шегiнде орналасқан ормандар (қала ормандары мен орманды саябақтар) халықтың демалысына, мәдени-сауықтыру және спорт шараларын өткiзуге, сондай-ақ қолайлы қоршаған ортаны сақтауға арналады.
2. Қала ормандарында басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге және осы ормандардың мақсатымен сыйыспайтын орман пайдаланудың өзге де түрлерiн жүзеге асыруға тыйым салынады.
83-бап. Шекара аймақтарында мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану ерекшелiктерi
Шекара аймақтарындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалану осы Кодексте және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекара туралы заңдарында белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.
84-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға пайдалануға берiлген мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш және бұта өсiмдiктерiн күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану ерекшелiктерi
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға ауыл және орман шаруашылықтарын кешендi жүргiзу үшiн берiлген мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш және бұта өсiмдiктерiн күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану осы Кодекстiң талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Пайдалануына мемлекеттiк орман қоры учаскелерi берiлген жер учаскелерiнiң меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар осы Кодексте белгiленген тәртiппен оларда орман орналастыру жұмыстарын жүргiзуге және орман қорының мемлекеттiк есебiн жүргiзуге қатысуға мiндеттi.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған ағаш және бұта өсiмдiктерiнiң жай-күйiне, күзетiлуiне, қорғалуына, пайдаланылуы мен молықтырылуына бақылауды уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
85-бап. Басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру ерекшелiктерi
1. Басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн күзетудi, қорғауды, пайдалануды, ормандарды молықтыруды жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк орман иеленушiлердiң Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiнде белгiленген тәртiппен бөтен жер учаскесiн шектеулi мақсатта пайдалану (сервитут) құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес, табиғи өсiп шығатын ормандарды сыртқы қолайсыз әсерлерден қорғау үшiн басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнiң шекарасын бойлай енi жиырма метр болатын күзет аймақтары белгiленедi.
Күзет аймағы шегiнде мемлекеттiк орман қоры учаскесiнiң жай-күйiне керi әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салынады.
86-бап. Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен өсiрiлген агроорман-мелиорациялық екпелердi күзету, қорғау және пайдалану ерекшелiктерi
1. Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен өсiрiлген агроорман-мелиорациялық екпелер жердi қолайсыз табиғи құбылыстар мен антропогендiк факторлардың әсерiнен қорғауға арналған.
2. Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен өсiрiлген агроорман-мелиорациялық екпелердi күзетудi, қорғауды және пайдалануды меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар өздерi орналасқан жерлерде жүзеге асырады.
Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған, ауыл шаруашылығына арналған жерлердегi агроорман-мелиорациялық екпелердi шаруа қожалықтары және өзге де ауыл шаруашылығы ұйымдары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен сатып алуы мүмкін.
3. Агроорман-мелиорациялық екпелердiң қорғаныштық функцияларын сақтау мақсатымен орманды күтiп-баптау мақсатында кесуге, санитарлық мақсатта кесуге, бағалылығы төмен екпелердi, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелердi қайта жаңғыртуға байланысты кесуге, сондай-ақ өзге де мақсаттарда кесуге жол берiледi.
87-бап. Темiр жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулердегi қорғаныштық екпелердi күзету, қорғау және пайдалану ерекшелiктерi
1. Темiр жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулерде орналасқан қорғаныштық екпелер осы объектiлердi қолайсыз табиғи құбылыстардан қорғауға, қоршаған ортаның ластануын болдырмауға, шудың әсерiн азайтуға арналған.
2. Темiр жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулердегi қорғаныштық екпелердi, оларды өсiру жобаларына сәйкес орманды күтiп-баптау мақсатында кесуге, санитарлық мақсатта кесуге, бағалылығы төмен екпелердi, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелердi қайта жаңғыртумен байланысты кесуге және өзге де мақсаттарда кесуге жол берiледi.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған қорғаныштық екпелердi күзетудi, қорғауды және пайдалануды, осы Кодекске сәйкес, жер пайдаланушылар өздерi орналасқан жерлерде жүзеге асырады.
7-бөлім. Орман қорын пайдалану
15-тарау. Орман пайдалану түрлері және орман
пайдалану жөніндегі қызметті лицензиялау
88-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану түрлері
1. Мемлекеттiк орман қорында орман пайдаланудың:
1) сүрек дайындау;
2) шайыр, ағаш шырындарын дайындау;
3) қосалқы сүрек ресурстарын (қабықтар, бұтақтар, түбiрлер, тамырлар, жапырақтар, бүршiктер) дайындау;
4) жанама орман пайдалану (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, ара ұялары мен омарта орналастыру, бау-бақша шаруашылығы және өзгеде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру, дәрiлiк шөптер мен техникалық шикiзаттар, жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер мен басқа да тағамдық өнiмдер, мүк, орман жамылғысы мен түскен жапырақтар, қамыс дайындау мен жинау);
5) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының қажетi үшiн пайдалану;
6) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаты үшін пайдалану;
7) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттағы мақсаттар үшiн пайдалану түрлерi жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану орман ресурстарын алып қойып, сондай-ақ оларды алмай да жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Мемлекеттiк орман қоры учаскесi орман пайдаланудың бiр немесе бiрнеше түрлерiн жүзеге асыру үшiн бiр немесе бiрнеше орман пайдаланушыға берiлуi мүмкiн.
4. Орман пайдаланудың белгiлi бiр түрлерiн жүзеге асырған кезде орман ресурстары мен мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану ерекшелiктерi осы Koдекске сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалады.
89-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану жөнiндегi қызметтi лицензиялау
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау жөнiндегi қызмет лицензиялануға жатады.
16-тарау. Орман пайдалануды жүзеге асыру
90-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде сүрек дайындаудың мынадай түрлерi:
1) толысқан және қураған сүрекдiңдерде жүргiзiлетiн, басты мақсатта пайдалану үшiн;
2) аралық мақсатта пайдалану үшiн (орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу, iрiктеп санитарлық мақсатта ағаш кесу және құндылығы төмен орман екпелерiн, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа қасиеттерiн жоғалтқан екпелердi қайта жаңғыртуға байланысты ағаш кесу, жас шыбықтарды жекелеп кесу);
3) өзге де мақсатта пайдалану үшiн (жаппай санитарлық мақсатта ағаш кесу, су тораптарының, құбырлардың, жолдардың құрылысына байланысты, орман соқпақтарын тарту, өртке қарсы жыралар жасау кезiнде орман алаңдарын тазарту, өтiмдi үйiндiлердi жинау, өзге де мақсаттар үшiн ағаш кесу) ағаш кесу тәртiбiмен жүзеге асырылады.
91-бап. Күтiп-баптау мақсатында және санитарлық мақсатта ағаш кесу кезiнде мемлекеттiк орман иеленушiнiң жергiлiктi халықтың ағашқа деген қажетiн қамтамасыз етуi
1. Жергiлiктi халықтың ағашқа деген мұқтажы олардан өтiнiм болған кезде, күтiп-баптау мақсатында және санитарлық мақсатта ағаш кесу кезiнде жергiлiктi халықтың қатысуымен дайындалған сүректi мемлекеттiк орман иеленушiнiң өткiзуi есебiнен жүзеге асырылады.
Жергiлiктi халықты отындық ағашпен қамтамасыз ету олардан өтiнiм болған кезде, өтеусiз негiзде мемлекеттiк орман иеленушi айқындайтын кеспеағаш аймағынан тыс жерлердегi қоқымдарды жинау есебiнен де жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған өтiнiмдер күтiп-баптау мақсатында және санитарлық мақсатта ағаш кесуге, сондай-ақ кеспеағаш аймағынан тыс жерлердегi қоқымдарды жинауға бiр ай қалғанда тиiстi орман иесiне берiледi.
92-бап. Мемлекеттiк орман қорының жекелеген санаттарында орман пайдалануды шектеу
1. Мемлекеттiк орман қорының "биосфералық және сепортер-қорықтарды қоса алғандағы мемлекеттiк табиғи қорықтар ормандары", "табиғаттың мемлекеттiк орман ескерткiштерi", "орманның гендiк резерваттарын қоса алғандағы ғылыми маңызы бар орман учаскелерi", "аса құнды орман алаптары" санаттарында, сондай-ақ қорық режимiндегi мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар мен мемлекеттiк табиғи саябақтар аймақтарында, мемлекеттiк табиғи резерваттардың қорық орталығы аймақтарында, мемлекеттiк табиғи қорықтарды, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтарды жасау, не аса құнды табиғи ресурстарды сақтау үшiн резервке қойылған мемлекеттiк қорық аймақтары учаскелерiнде орман пайдалануды шектеудiң қорық режимi белгiленедi.
2. Мемлекеттiк орман қорының рекреациялық пайдалану аймақтарындағы, әкiмшiлiк-өндiрiстiк мақсаттағы, келушiлер мен туристерге қызмет көрсетуге арналған шағын аймақтардағы "мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар ормандары" және "мемлекеттiк табиғи саябақтар ормандары" санаттарында; мемлекеттiк орман қорының бұзылған ландшафтарды қалпына келтiру аймағындағы "мемлекеттiк табиғи резерваттар ормандары" санатында; мемлекеттiк орман қорының тапсырыс режимi аймағындағы "мемлекеттiк қорық аймақтары ормандары" санатында; мемлекеттiк орман қорының "жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтары", "орман-жемiс екпелерi", "aca биiк тау ормандары", "мемлекеттiк қорғаныштық орман белдеулерi", "эрозияға қарсы ормандар", "өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа да су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерi" және "халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдарының, магистральдық құбырлар мен басқа да желiлiк құрылыстардың бөлiп берiлген белдеулерiндегi қорғаныштық екпелер", "халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орман белдеулерi" санаттарында орман пайдалануды шектеудiң тапсырыстық режимi белгiленедi.
3. Мемлекеттiк орман қорының шектеулi шаруашылық қызметi аймақтарындағы "мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар ормандары" және "мемлекеттiк табиғи саябақтар ормандары" санаттарында; мемлекеттiк орман қорының шектеулi шаруашылық қызметi аймағындағы "мемлекеттiк қорық аймақтары ормандары" санаттарында шектеулi шаруашылық қызмет режимi белгiленедi.
93-бап. Мемлекеттiк орман қорының жекелеген санаттағы ормандарында және таудағы ормандарда ағаш кесу ерекшелiктерi
1. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу мемлекеттiк орман қорының "егiс-топырақ қорғау ормандары" санатының толысқан және қураған сүрекдiңдерiнде; мемлекеттiк орман қорының "өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерi" санатының су жайылған жерлердегi өскiндерiнен жаңарып шығатын жапырақты сүрекдіңдерiнде жүргізіледі.