6. Жеке тұлғалар өрт қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға, ағаштар мен бұталарды сындырмауға және кеспеуге, орман ағаштарының зақымдануына, ормандардың ластануына, құмырсқа илеулерiнiң, құс ұяларының бұзылуына жол бермеуге, жабайы өскен тағамдық орман ресурстарын, дәрiлiк шикiзатты олардың молықтырылуына нұқсан келмейтiн мерзiмде және тәсiлдермен жинауға мiндеттi.
7. Жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында аң аулау және балық аулау мақсатында болуы осы Кодекспен регламенттеледi.
4-бөлім. Орман шаруашылығын ұйымдастыру
7-тарау. Орман шаруашылығын ұйымдастыру негіздері
43-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын ұйымдастыру
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын ұйымдастыру:
1) орман орналастыру iсiн жүргiзудi;
2) мемлекеттiк орман қорын санаттарға бөлудi;
3) мемлекеттiк орман қорын алқаптар түрлерi бойынша бөлудi;
4) кесу жасын белгiлеудi;
5) кесу жүйесi мен орман ресурстарын молықтыру жүйесiн белгiлеудi;
6) орман пайдалану нормаларын белгiлеудi;
7) ормандарды күзету мен қорғау жөнiнде шаралар белгiлеудi;
8) орман селекциясы мен орман тұқым шаруашылығын жүргізуді;
9) ормандарды зерттеу, есепке алу, күзету, қорғау, молықтыру, орман өcipу, орман пайдалануды реттеу және Қазақстан Республикасының орман заңдарының сақталуына бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi өзге де құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық iс-шараларды қамтиды.
2. Мемлекеттiк орман қорын тиiмдi күзету мен қорғауды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк орман иелiктерi аумағы орманшылықтарға, орман шеберi учаскелерiне және орман қарау аймағына бөлiнедi.
44-бап. Мемлекеттiк орман қорының санаттары және орман пайдалануды шектеу режимi
1. Қазақстан Республикасындағы барлық орман су күзету, егiс-топырақ қорғау, гендiк, санитарлық-гигиеналық, сауықтыру және өзге де пайдалы функцияларды атқаратын қорғаныштық орман болып табылады.
2. Ормандардың атқаратын функцияларының басымдықтарына қарай мемлекеттiк орман қоры:
1) ерекше қорғалатын орман аумақтары, оның iшiнде:
биосфераралық түрлерi мен қорық-сепортерлердi қоса, мемлекеттiк табиғи қорықтар ормандары;
мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар ормандары;
мемлекеттiк табиғи резерваттар ормандары;
мемлекеттiк табиғи саябақтар ормандары;
мемлекеттiк қорық аймақтары ормандары;
табиғаттың мемлекеттiк орман ескерткiштерi;
орманның гендiк резерваттарын қоса, ғылыми маңызы бар орман учаскелерi;
аса құнды орман алаптары;
жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтары;
орман-жемiс екпелерi;
аса биiк тау ормандары;
2) мемлекеттiк қорғаныштық орман белдеулерi;
3) қала ормандары мен орманды саябақтар;
4) елдi мекендердiң және емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң жасыл аймақтары;
5) эрозияға қарсы ормандар;
6) өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектiлерi жағалауларындағы тыйым салынған орман белдеулерi;
7) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдары, каналдар, магистральдық құбырлар мен басқа да желiлiк құрылыстардың бөлiп берiлген белдеулерiндегi қорғаныштық екпелер;
8) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орманды белдеулер;
9) егiс-топырақ қорғаныштық ормандар санаттарына бөлiнедi.
3. Халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орманды белдеулерге жұмыс iстеп тұрған және салынып жатқан темiр жолдарға бөлiнген белдеулерге iргелес жатқан, темiр жол төсемiнен екi жаққа қарай бес жүз метр шегiндегi орман және халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарына бөлiнген белдеулерге iргелес жатқан, жолдың ортасынан екi жаққа қарай екi жүз елу метр шегiндегi орман жатады.
4. Мемлекеттiк орман қоры санаттарында орман пайдалануды шектеудiң мынадай режимдерi белгiленедi:
1) қорық режимi - осы Кодексте айтылған жағдайларды қоспағанда, орман пайдаланудың барлық түрлерiне, оның iшiнде ағаштарды кесуге тыйым салынады;
2) тапсырыс режимi - басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге (ағаш кесудiң өзге түрлерi осы Кодексте айтылған жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн), шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға, шөп шабу мен мал жаюға тыйым салынады;
3) шектеулi шаруашылық қызметiнiң режимi - басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге (ағаш кесудiң өзге де түрлерi осы Кодексте айтылған жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн), шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға тыйым салынады.
45-бап. Мемлекеттiк орман қорын санаттарға жатқызу, бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыру, сондай-ақ ерекше қорғаныштық учаскелердi бөлу
1. Мемлекеттiк орман қорын санаттарға жатқызу, бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыру, сондай-ақ орман пайдалануға тыйым салынатын немесе ол шектелетiн ерекше қорғаныштық учаскелерге бөлiнуi мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде орман орналастыру материалдары және (немесе) арнайы зерттеулер негiзiнде оның экологиялық және әлеуметтiк-экономикалық маңызына қарай жүргiзiледi.
2. Мемлекеттiк орман қорын санаттарға жатқызуды, сондай-ақ бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкiметi жүргiзедi.
3. Мемлекеттiк орман қорында, осы Кодекстiң 44-бабы 2-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көрсетiлген санаттарды қоспағанда, орман пайдаланудың шектеулi режимiмен ерекше қорғаныштық учаскелер бөлiнуi мүмкiн.
Ерекше қорғаныштық учаскелер басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу ережелерiне сәйкес орман орналастыру немесе арнайы зерттеулер кезiнде бөлiнедi.
46-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде кесу жасын белгiлеу
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде кесу жасы ормандардың маңызы мен өнiмдiлiгi, олардың атқаратын функциялары, ағаш және бұта тұқымдастарының биологиялық ерекшелiктерi, сондай-ақ сүректiң мақсатты пайдаланылуы негiзге алына отырып айқындалады.
2. Кесу жасын негiздеу орман орналастыру кезiнде немесе ғылыми зерттеулер нәтижелерi бойынша жүргiзiледi.
3. Кесу жасын бекiтудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
47-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi есептi кеспеағаш аймағы
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi есептi кеспе ағаш аймағы басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәртiбiмен сүрек дайындаудың орман орналастыру кезiнде орманды үздiксiз және сарқылмайтындай етiп пайдалану принципi негiзге алына отырып, әрбiр мемлекеттiк орман иелiгi бойынша тексеру кезеңiне белгiленетiн жыл сайынғы нормасы.
Республиканың бүкiл аумағы және оның жекелеген облысының аумағы үшiн есептi кеспеағаш аймағы жекелеген мемлекеттiк орман иелiктерiнiң есептi кеспеағаш аймағының жиынтығы ретiнде айқындалады.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi есептi кеспеағаш аймағын мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде уәкiлеттi орган бекiтедi және ол орман орналастыру жұмыстары аяқталған жылдан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiледi.
3. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстары сүрек дайындау үшiн ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiлген жағдайда, есептi кеспеағаш аймағы осы учаскелер үшiн, қажетiне қарай уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен белгiленуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк орман қорының шекарасы мен жай-күйi, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жасы, мемлекеттiк орман қорының қорғаныштық санаты өзгерген кезде есептi кеспеағаш аймағына өзгерiстер енгiзiледi.
Мемлекеттiк орман қоры учаскесiнде өзгертiлген есептi кеспеағаш аймағын бекiтудi мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде уәкiлеттi орган жүргiзедi.
48-бап. Мемлекеттiк орман қоры алқаптарының түрлерi
Мемлекеттiк орман қорының құрамы:
1) орман алқаптарына (орманды алқаптар; орманның жинақталмаған ағаштары; арнайы мақсаттағы плантациялар, орман питомниктерi, сондай-ақ ағаш өспеген алқаптар - ағашы кесiлген, өртең, алаңқай, селдiр ормандар);
2) ағаш өспеген алқаптарға (ауыл шаруашылығы алқаптары, жолдар, орманның шаршы соқпақтары, өртке қарсы жыртылған жерлер, усадьбалар, сулар, батпақтар, мұздақтар, құмайт жерлер және мемлекеттiк орман қоры құрамындағы басқа да алқаптар) бөлiнедi.
49-бап. Орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты мақсаттарда пайдалану үшiн мемлекеттiк орман қорындағы орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыру
1. Орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты мақсаттарда пайдалану үшiн мемлекеттiк орман қорындағы орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыруды орман орналастыру немесе арнайы зерттеулер материалдары негiзiнде аумақтық орган жүргiзедi.
Алаңқай жерлер топырақ зерттеу және орман орналастыру материалдары бойынша орман өсiруге жарамсыз деп танылған жағдайларда ағаш өспеген алқаптарға айналдырылуы мүмкiн.
2. Аумақтық органның орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты мақсаттарда орманды алқаптарды ағаш өспеген алқаптарға айналдыру туралы шешiмiнде учаскенiң орналасқан жерi, оның көлемi, ағаш өспеген алқапқа айналдыруды жүзеге асырудың мақсаты мен мерзiмi, атқаруға рұқсат етiлген жұмыстардың тiзбесi, ағаш өспеген алқапқа айналдыру мерзiмi аяқталғаннан кейiнгi осы учаскенi жаңғырту жөнiндегi iс-шаралар көрсетiледi.
50-бап. Мемлекеттiк орман қорындағы ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыру
Мемлекеттiк орман қорындағы ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыруды уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк орман иеленушi жүргiзедi.
51-бап. Мемлекеттiк орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстыру және (немесе) мемлекеттiк орман қоры жерiн мемлекет қажетiне алып қою
1. Мемлекеттiк орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстыруды және (немесе) мемлекеттiк орман қоры жерiн мемлекет қажетiне алып қоюды Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады.
2. Мемлекеттiк орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстырған және (немесе) мемлекеттiк орман қоры жерiн мемлекет қажетiне алып қойған кезде, ағаш өспеген алқапқа айналдыруды және (немесе) алып қоюды өз мүддесi үшiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасы мен шығындардың орнын толтырады.
3. Мемлекеттiк орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты eмec мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстырған және (немесе) мемлекеттiк орман қоры жерiн мемлекет қажетi үшiн алып қойған кезде осы жерлердегi екпелердi сақтау немесе кесу туралы және кесiлген жағдайда алынатын сүректі пайдалану туралы мәселе бiр мезгiлде шешiледi.
52-бап. Жекеше орман қоры жерiнiң мақсатты пайдаланылуын өзгерту
Жекеше орман қоры жерiнiң мақсатты пайдаланылуын өзгерту Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес жүргiзiледi.
53-бап. Ормандардың жай-күйi мен молықтырылуына әсер ететiн объектiлер салынатын орындарды келiсу
1. Ормандардың жай-күйi мен молықтырылуына әсер ететiн объектiлер салынатын орындар мемлекеттiк экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мiндеттi түрде жүргiзiле отырып, уәкiлеттi органмен келiсiледi.
2. Кәсiпорындарды, ғимараттарды және басқа объектiлердi орналастырған, жобалаған, салған және пайдалануға берген кезде, сондай-ақ ормандардың жай-күйiне әсер ететiн жаңа технологиялық процестердi енгiзген кезде ормандарды ақаба судың, өнеркәсiптiк және коммуналдық-тұрмыстық шығарындылардың, қалдықтардың және төгiндiлердiң жағымсыз әсерiнен сақтауды қамтамасыз ететiн iс-шаралар көзделiп, жүзеге асырылуға тиiс.
3. Ормандардың жай-күйiне зиянды әсердi болдырмайтын құрылғылармен қамтамасыз етiлмеген кәсiпорындарды, цехтарды, көлiк жолдары мен басқа да объектiлердi пайдалануға беруге тыйым салынады.
54-бап. Мемлекеттiк орман қорында орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты емес жұмыстарды жүргiзу
1. Мемлекеттiк орман қорында құрылыс жұмыстарын жүргiзу, кең таралған пайдалы қазбаларды өндiру, коммуникациялар тарту және орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануға байланысты емес өзге де жұмыстарды орындау, егер бұл үшiн мемлекеттiк орман қорының жерiн басқа санаттарға ауыстыру және (немесе) оларды алып қою қажет болмаса, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша облыстық атқарушы органның шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Облыстық атқарушы органның шешiмiнде жүргiзiлетiн жұмыстардың атауы, оларды орындаудың мерзiмдерi мен шарттары, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi экологиялық талаптар көрсетiледi.
5-бөлім. Орман орналастыру, орман қорының
мемлекеттік есебі, мемлекеттік орман
кадастры және мемлекеттік орман мониторингі
8-тарау. Орман орналастыру
55-бап. Орман орналастыру
1. Орман орналастыру орман шаруашылығын жүргiзудiң тиiмдiлiгiн арттыруға, орман шаруашылығында бiрыңғай ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыруға, орман қорының ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
Орман орналастыру кезiнде:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк орман қорының шекарасын және мемлекеттiк орман иелiктерiнiң шаруашылық iшiнде ұйымдастырылуын анықтау;
2) топографиялық-геодезиялық жұмыстарды орындау мен мемлекеттiк орман қорын арнайы картаға түсiру;
3) ормандардың тұқымдық және жас құрамын, олардың жай-күйін анықтай отырып, орман қорын түгендеу, сондай-ақ орман ресурстарының сапалық және сандық сипаттамаларын анықтау;
4) табиғат-қорық қоры объектiлерiн, орманның аса сирек кездесетiн өсiмдiктерiн және ерекше қорғаныштық учаскелердi анықтау;
5) басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу, аралық пайдалану мақсатында ағаш кесу, өзгедей мақсатта ағаш кесу, ормандарды молықтыру мен орман өсiру, суландыру, күзету мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды және басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу үшiн мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн анықтау, сондай-ақ оларды жүргiзудiң тәртiбi мен тәсiлдерiн анықтау;
6) мемлекеттiк орман қорын санаттарға жатқызуды негiздеу, мемлекеттiк орман қорын бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыру, ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, сондай-ақ мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн алқаптар түрiне жатқызу және оларды негiздеу;
7) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде есептi кеспеағаштарды, аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу мөлшерiн, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жасын анықтау;
8) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру мен орман өсiру, орман тұқым шаруашылығы, ормандарды күзету мен қорғау жөнiндегi iс-шаралардың, басқа да орман шаруашылығы iс-шараларының көлемiн анықтау;
9) жанама орман пайдалану мен қосалқы сүрек ресурстарын дайындау, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының қажеттерi үшiн, мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттағы мақсаттар үшiн пайдалану мөлшерiн анықтау;
10) орманды биологиялық зерттеулер;
11) орман орналастыру жобаларын жүзеге асыруды авторлық қадағалау;
12) орман шаруашылығын жүргiзудiң негiзгi ережелерiн әзiрлеу және облыстар бойынша орман орналастырудың жиынтық жобаларын жасау;
13) өзге де орман орналастыру жұмыстары жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде мемлекеттiк орман қорының шекарасын белгiлеуге, ормандарды түгендеуге және орман шаруашылығын жүргiзудi жоспарлауға байланысты орман орналастыру мемлекеттiң монополиясына жатады.
3. Орман орналастыру материалдары мемлекеттiк орман қоры жерiнiң шекарасын белгiлейтiн және нақтылайтын кезде, жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзу кезiнде қолданылады.
56-бап. Орман орналастыруды жүргізу жүйесі
1. Орман орналастыру уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен бiрыңғай жүйе бойынша орындалады.
2. Мемлекеттiк орман қоры аумағына орман орналастыруды уәкiлеттi органның құзырындағы мемлекеттiк орман орналастыру ұйымдары жүргiзедi.
3. Орман орналастыруды жүргiзбей және осы Кодексте белгiленген тәртiппен бекiтiлген орман орналастыру құжаттамасынсыз мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануға тыйым салынады.
57-бап. Мемлекеттiк орман иелiктерiнiң орман орналастыру жобалары
1. Мемлекеттiк орман қорында орман орналастыру кезiнде орман орналастыру жобалары жасалады, оларда өткен тексеру кезеңi iшiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен мемлекеттiк орман қорын пайдалануға кешендi баға берiледi, орман шаруашылығын ұйымдастыру мен жүргiзудiң келесi тексеру кезеңiне арналған негiзгi ережелерi әзiрленедi.
2. Мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен мемлекеттiк орман иелiктерiнiң орман орналастыру жобалары мен орман орналастырудың басқа да құжаттарын уәкiлеттi орган бекiтедi және олар орман шаруашылығын жүргiзу, оның ағымдағы және болашақтағы дамуын жоспарлау үшiн мiндеттi нормативтiк актiлер болып табылады.
3. Орман орналастыру жобалары орман орналастыру жұмыстары аяқталғаннан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiледi.
58-бап. Орман қоры туралы ақпарат
1. Орман қоры туралы ақпарат орман қорының мемлекеттiк есебi, мемлекеттiк орман кадастры, мемлекеттiк орман мониторингi, орман орналастыру деректерiн және уәкiлеттi орган және (немесе) оған ведомостволық бағыныстағы ұйымдар өз функцияларын жүзеге асыру кезiнде алған өзге де деректердi қамтиды.
2. Орман қоры туралы ақпарат мемлекеттiк меншiк болып табылады, оны жеке және заңды тұлғалардың пайдалану тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес анықтайды.
9-тарау. Орман қорының мемлекеттік есебі,
мемлекеттік орман кадастры және
мемлекеттік орман мониторингі
59-бап. Орман қорының мемлекеттiк есебi
1. Орман қорының мемлекеттiк есебi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман қорының күзетiлуiн, қорғалуын, ормандардың молықтырылуы мен орман өсiрудi, орманның пайдаланылуын, орман қорының сандық және сапалық өзгерiстерiне жүйелi бақылау жасауды ұйымдастыру және мемлекеттiк органдарды, мүдделi жеке және заңды тұлғаларды орман қоры туралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшiн жүргiзiледi.
Мемлекеттiк орман қорының құрамындағы ерекше қорғалатын орман аумақтары жеке бөлiнедi және есепке алынады.
Мемлекеттiк табиғи қорықтар (биосфералық түрлерiн және сепортер-қорықтарды қоса алғанда), мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар мен мемлекеттiк табиғи резерваттар шекарасындағы мемлекеттiк табиғи орман ескерткiштерi солардың құрамында есепке алынады.
Орман қорының мемлекеттiк есебiнiң деректерi мемлекеттiк орман кадастрын жүргiзген кезде пайдаланылады.
2. Орман қорының мемлекеттiк есебi көрсеткiштерiнiң тiзбесiн, сондай-ақ тиiстi құжаттардың нысандарын статистика жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмiмен уәкiлеттi орган айқындайды.
60-бап. Мемлекеттiк орман кадастры
1. Мемлекеттiк орман кадастры орман қорының құқықтық режимi, оны орман иеленушiлер арасында бөлу, орман қорының сандық және сапалық жай-күйi, мемлекеттiк орман қорын санаттары бойынша бөлу туралы мәлiметтер жүйесiн және орман қорының орман шаруашылығын жүргiзу мен шаруашылық қызметтiң нәтижелерiн бағалау үшiн қажеттi басқа да экологиялық және экономикалық сипаттамалары туралы деректердi қамтиды.
2. Мемлекеттiк орман кадастрының деректерi орман шаруашылығын мемлекеттiк басқару, оны жүргiзудi ұйымдастыру, орман шаруашылығын жүргiзуге және мемлекеттiк орман қорын пайдалануға байланысты емес мақсаттарда орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыру және (немесе) мемлекеттiк орман қоры жерiн алып қою, орман пайдаланудың төлемақысы мөлшерiн белгiлеу, орман пайдаланушылар мен орман иеленушiлердiң шаруашылық қызметiн бағалау кезiнде пайдаланылады.
3. Мемлекеттiк орман кадастры көрсеткiштерiнiң тiзбесi мен ормандарды экономикалық бағалау әдiстемесiн уәкiлеттi орган айқындайды.
61-бап. Мемлекеттiк орман мониторингi
Мемлекеттiк орман мониторингi орман қорын күзету, қорғау және ормандарды молықтыру, орман қорын пайдалану, ормандардың биологиялық әралуандығы мен экологиялық функцияларын сақтау саласын мемлекеттiк басқару мақсатында орман қорының жай-күйi мен қарқынын қадағалау, бағалау және болжау жүйесiн бiлдiредi.
6-бөлім. Ормандарды күзету, қорғау, молықтыру мен
орман өсіру, орман тұқым шаруашылығы
10-тарау. Орман қорын күзету мен қорғау
62-бап. Мемлекеттiк орман қорын күзету мен қорғау мiндеттерi
Мемлекеттiк орман қорын күзету мен қорғаудың негiзгi мiндеттерi:
1) ормандағы өрттердiң алдын алу, оларды дер кезiнде байқап, жою жөнiндегi іс-шараларды жүргiзу;
2) мемлекеттiк орман қоры аумағындағы барлық жұмыс iстейтiн әрi сонда орналасқан ұйымдардың, сондай-ақ орманда болатын жеке тұлғалардың ормандарда өрт қауiпсiздiгi ережелерi мен санитарлық ережелердi сақтауын қамтамасыз ету;
3) орманды заңсыз ағаш кесуден, зақымдаудан, ұрлаудан және Қазақстан Республикасының орман заңдарын басқадай бұзушылықтан қорғау, сондай-ақ мемлекеттiк орман қоры жерлерiн күзету;
4) орман пайдаланушылардың сүрiктi түбiрiмен босату ережелерiн және орман пайдаланудың басқа да түрлерi ережелерiн орындауын қамтамасыз ету;
5) орман зиянкестерi мен ауруларының ошақтарын дер кезiнде анықтау, олардың өсiп-көбеюiн болжау және оларға қарсы күресу;
6) биотехникалық iс-шараларды жүргiзу;
7) мемлекеттiк орман қоры аумағында аң аулау мен балық аулау ережелерiн сақтауды қамтамасыз ету;
8) мемлекеттiк орман қорының күзетiлуiн, қорғалуын, ормандардың молықтырылуын, ұтымды пайдаланылуын және орман өсiрудi қамтамасыз ететiн басқа да iс-әрекеттер болып табылады.
63-бап. Орман қорын күзету мен қорғау жөнiндегi іс-шараларды жүзеге асыру
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi, уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары, жергiлiктi атқарушы органдар, орман иеленушiлер, орман пайдаланушылар орман қорын күзету мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етедi.
2. Ормандарды өрттен қорғау жөнiндегi iс-шаралар Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органның келiсiмi бойынша уәкiлеттi орган бекiткен, ормандағы өрт қауiпсiздiгi ережелерiмен регламенттеледi.
3. Ормандағы өрт қауiпсiздiгi ережелерiне сәйкес өрт қаупi жағдайын бәсеңдету мақсатында орман иелерi өткiзетiн орман қоры аумағындағы және оған iргелес аумақтарда басқарылатын өртеуден басқа, жердiң барлық санаттарында шөптесiн өсiмдiктердi өртеуге тыйым салынады.
4. Облыстық атқарушы органдар өрт қаупi жоғары кезеңде қажет болған жағдайларда жеке тұлғалардың орманда болуына және оған көлiк құралдарымен кіруіне, сондай-ақ мемлекеттiк орман қоры аумағында жұмыстың белгiлi бiр түрлерiн жүргiзуге шектеу қояды.
5. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларды ормандағы өрттердi сөндiруге тарту тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
64-бап. Орман шаруашылығы объектiлерiндегi мемлекеттiк өрт қадағалау
1. Орман шаруашылығы объектiлерiндегi мемлекеттiк өрт қадағалау Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органының уәкiлеттi органмен және (немесе) тиiстi облыстың облыстық атқарушы органымен жасаған келiсiмiмен регламенттеледi.
2. Мемлекеттiк орман қорының аумағында жұмыс iстейтiн және болатын орман пайдаланушылар, өзге де жеке және заңды тұлғалар ормандарда өрт қауiпсiздiгi ережелерiн бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
65-бап. Орман қорын күзету мен қорғау жөнiндегi авиациялық жұмыстар
1. Ормандарды өрттен күзету, орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау жөнiндегi авиациялық жұмыстарды осы салада маманданған ұйымдар, соның iшiнде мемлекеттiк сатып алу бойынша конкурстарға қатысуға құқығы бар мемлекеттiк мекемелер жүзеге асырады.
2. Орман қорын күзету мен қорғау жөнiндегi авиациялық жұмыстар туралы epeжені азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу саласындағы уәкiлеттi органмен келiсе отырып уәкiлеттi орган бекiтедi.
3. Ормандарды өрттен күзету жөнiндегi авиациялық жұмыстарды орындау үшiн осы салада маманданған ұйымдарды мемлекеттiк метеорологиялық қызмет қысқа мерзiмдi, орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi ауа райы болжамдарымен қамтамасыз етедi.
66-бап. Қоғамдық өрт қауiпсiздiгi бiрлестiктерiнiң орман қорын күзетуге қатысуы
1. Орман қорын өрттен күзетуге, олардың алдын алу мен сөндiруге қоғамдық өрт қауiпсiздiгi бiрлестiктерi қатыса алады.
2. Қоғамдық өрт қауiпсiздiгi бiрлестiктерiн құру мен олардың қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
67-бап. Мемлекеттiк орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау
1. Мемлекеттiк орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау мемлекеттiк орман қорының жай-күйiн жүйелi түрде қадағалап отырумен, ошақтардың пайда болуының алдын алу, оларды оқшаулау мен жою шаралары арқылы орман зиянкестерi мен ауруларының ошақтарын дер кезiнде анықтаумен қамтамасыз етiледi.