3-бөлім. Орман иелену және орман
пайдалану құқығы
5-тарау. Орман иелену құқығы
22-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн орман иелену құқығымен беру
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiне орман иелену тұрақты жер пайдалану құқығымен туындайды.
2. Мемлекеттiк орман қорының учаскелерi орман иелену құқығымен:
1) мемлекеттiк орман қорын күзету, қорғау, ормандарды молықтыру мен орман өсiру, мемлекеттiк орман қорының кешендi пайдаланылуын ұйымдастыру үшiн орман мекемелерiне және уәкiлеттi органның өзге де мемлекеттiк ұйымдарына;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызметiне байланысты мақсаттар үшiн биосфералық түрлерiн қоса алғанда мемлекеттiк табиғи қорықтарға, мемлекеттiк табиғи қорық-сепортерлерге, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтарға, мемлекеттiк табиғи резерваттарға, мемлекеттiк табиғи саябақтарға, мемлекеттiк ботаникалық бақтарға, мемлекеттiк дендрологиялық саябақтарға (бұдан әрi - заңды тұлға мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар) берiледi.
3. Осы баптың 2-тармағында аталған, мемлекеттiк орман қоры учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiлген мемлекеттiк заңды тұлғалар мемлекеттiк орман иеленушiлер болып табылады.
4. Орман иелену құқығы жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган беретiн тұрақты жер пайдалану құқығы актiсiмен куәландырылады.
23-бап. Жекеше орман иелену құқығының туындауы
Жекеше орман иелену құқығы жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың оларға Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес жеке меншiгiне немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға берiлген жерлерiнде туындайды.
24-бап. Мемлекеттiк орман иеленушiлердiң құқықтары
Мемлекеттiк орман иеленушiлердiң:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану;
2) басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесудi қоспағанда, осы Koдекстe белгiленген тәртiппен мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыру;
3) аумақтық органдармен келiсе отырып жобалау және техникалық құжаттамаға сәйкес мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қажеттi құрылыстар мен ғимараттар салу;
4) өздерi дайындаған өнiмдi өткiзу және алынған табыстарды пайдалану;
5) жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануға арналған ағаш кесу және орман билеттерiн беру құқығы бар.
25-бап. Жекеше орман иеленушiлердiң құқықтары
Жекеше орман иеленушiлердiң:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өздерiнiң меншiгiндегi немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануындағы жекеше орман қоры учаскелерiн иелену, пайдалану және оларға билiк ету;
2) өздерiнiң меншiгiндегi немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануындағы жекеше орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыру;
3) жобалық және техникалық құжаттамаға сәйкес тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша жеке орман қоры учаскелерiнде құрылыстар мен ғимараттар, оның iшiнде орман шаруашылығын жүргiзу және орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қажеттi құрылыстар мен ғимараттар салу;
4) өздерi дайындаған өнiмдi және оны өткiзуден түскен табысты меншiктену құқығы бар.
26-бап. Мемлекеттiк орман иеленушiлердiң мiндеттерi
Мемлекеттiк орман иеленушiлер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман шаруашылығын жүргiзуге;
2) ормандардың молықтырылуын, күзетiлуiн, қорғалуын, санитарлық жай-күйiн жақсартуды және күтiп-бапталуын, олардың өнiмдiлiгiнiң, қорғаныштық және өзге де пайдалы қасиеттерiнiң артуын, орманның көп мақсатқа ұтымды пайдаланылуын ұйымдастыруды, орман орналастыруды, ормандар мен жануарлар дүниесiнiң есебiн жүргiзудi, сондай-ақ табиғи-қорық қорлары объектiлерiнiң, мәдени және табиғи мұраның сақталуын қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк орман қорының ресурстық әлеуетiн пайдалануға;
4) орманның орта құрайтын және ортаны қорғайтын функцияларының сақталуын, сондай-ақ екпелердi, дәрi-дәрмектiк, тағамдық және техникалық шикiзатты дер кезiнде қалпына келтiру жағдайларын қамтамасыз ететiн экологиялық жағынан оңтайлы тәсiлдермен және әдiстермен жұмыс жүргiзуге, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген мемлекеттiк орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсiру жөнiндегi өзге де талаптарды орындауға;
5) мемлекеттiк орман қоры аумағының өртке қарсы және санитарлық орналастырылуын қамтамасыз етуге, өрт қауiпсiздiгi мен орман пайдалану ережелерi бұзылуының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орман заңдарын басқа да бұзушылықтың алдын алуға, оны дер кезiнде байқап, жолын кесуге, ормандағы өрттердi сөндiру, орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарын бұзушылыққа қарсы күрес жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға;
6) орман пайдаланушылар өртке қарсы күрес iс-шаралары жоспарларын әзiрлеген кезде оларға жәрдем көрсетуге;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ормандағы өрттердi және олардың зардаптарын тiркеудi жүргiзуге міндетті.
27-бап. Жекеше орман иеленушiлердiң мiндеттерi
Жекеше орман иеленушiлер:
1) өздерiнiң меншiгiндегi немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануындағы жекеше орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығы мен орман пайдалануды осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде көзделген экологиялық жағынан оңтайлы тәсiлдермен және әдiстермен жүргiзуге;
2) өздерiнiң меншiгiндегi ормандарды күзетудi, қорғауды, ормандардың санитарлық жай-күйiн жақсартуды және оларды күтiп-баптауды қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органға орман қорының мемлекеттiк есебiн, мемлекеттiк орман кадастрын жүргiзу үшiн қажеттi материалдарды табыс етуге;
4) өздерiнiң меншiгiндегi немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануындағы жекеше орман қоры учаскелерiнiң өртке қарсы және санитарлық орналастырылуын қамтамасыз етуге, ормандағы өрттердi сөндiру, орман зиянкестерi мен орман ауруларына қарсы күрес жөнiндегi қажетті шараларды қолдануға;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өздерiнiң меншiгiндегi жекеше орман қоры учаскелерiнде ормандағы өрттердi және олардың зардаптарын тiркеудi жүргiзуге мiндеттi.
28-бап. Орман иелену құқығының тоқтатылуы
1. Мемлекеттiк орман иелену құқығы:
1) мемлекеттiк орман қоры учаскелерi орман иеленуiнде болған заңды тұлға таратылған және олар басқа мемлекеттiк орман иеленушiге берiлген жағдайда;
2) мемлекеттiк орман қорының жерi Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiнде белгiленген тәртiппен мемлекет қажеттiктерi үшiн алып қойылған жағдайда;
3) Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
2. Жекеше орман иелену құқығы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтатылады.
6-тарау. Орман пайдалану құқығы
29-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығының туындауы
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану құқығы тендер нәтижелерi туралы хаттама және сол негiзге алынып жасалған шарт негiзiнде туындайды.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде қысқа мерзiмдi орман пайдалану құқығы орман билетiнiң негiзiнде туындайды.
3. Орман пайдаланушы жеке тұлға қайтыс болған жағдайда оған тиесiлi орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен басқа адамға ауысады.
4. Орман пайдаланушы заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде оған тиесiлi орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқық мирасқоры - заңды тұлғаға ауысады.
5. Орман пайдалану құқығы - орман пайдалану түрi сақталғанда ғана, құқық мирасқорында орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қажеттi қаражат пен өндiрiстiк қуаттар және облыстық атқарушы органдар айқындайтын тиiстi бiлiктiлiкке ие мамандар болған жағдайда, ал орман пайдалану жөнiндегi қызметтiң лицензияланатын түрi жүзеге асырылатын жағдайда лицензиясы бар болған кезде ғана ауысуы мүмкiн.
6. Орман пайдалану құқығының ауысуы ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартына, ағаш кесу билетiне, орман билетiне өзгерiстер енгiзу арқылы ресiмделедi.
30-бап. Жекеше орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығының туындауы
Жекеше орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекеше орман иеленушi айқындайтын тәртiппен туындайды.
31-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ
мерзiмдi орман пайдалану
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстары ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға тендер хаттамасы негiзiнде және кейiн қарауында мемлекеттiк орман қоры учаскелерi бар уәкiлеттi орган немесе облыстық атқарушы орган мен орман пайдаланушы арасындағы шартпен ресiмделе отырып берiледi.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстары орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қаражаты мен өндiрiстiк қуаттары және тиiстi бiлiктiлiкке ие мамандары бар орман пайдаланушыларға 10 жылдан 49 жылға дейiнгi мерзiмге ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiледi.
3. Орман ресурстарын сүрек дайындау үшiн ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берген жағдайда, орман пайдаланушыға мемлекеттiк орман қоры учаскесiнде сүрек ресурстары орман орналастыру материалдарына сәйкес сүрек ресурстарын ұдайы және сарқылмайтындай етiп пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн, бiрақ орманшылық алаңынан аспайтындай етiп берiледi.
4. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру сол аумақта тұратын халықтың мүдделерi ескерiле отырып, жария жүзеге асырылуға тиiс.
5. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiлген, пайдаланылмаған орман ресурстары шарт мерзiмi өткен соң орман пайдаланушының меншiгiне ауыспауға тиіс.
32-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының талаптары
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартында мынадай талаптар:
1) орман пайдалану жүзеге асырылатын мемлекеттiк орман қоры учаскесiнiң шекаралары;
2) мемлекеттiк орман қоры учаскесiнiң алаңы және мөлшерлеу көрсеткiштерi;
3) орман пайдалану түрлерi;
4) орман пайдаланудың көлемi (мөлшерi);
5) орман пайдалану мерзiмi;
6) орман пайдалану төлемақысының мөлшерi мен оны енгiзу тәртiбi;
7) тараптардың орман ресурстарын күзету, қорғау және молықтыру жөнiндегi мiндеттерi;
8) тараптардың шарт талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылығы;
9) лицензияның нөмiрi мен берiлген күнi (орман пайдалану жөнiндегi қызметтiң лицензияланатын түрiн жүзеге асыратын жағдайда);
10) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi;
11) Қазақстан Республикасының орман заңдарында көзделген және тараптардың қалауымен анықталған өзге деталаптар көрсетiледi.
33-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының нысаны және оны мемлекеттiк тiркеу
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шарты жазбаша нысанда жасалады және ол Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге жатады.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шарты ол мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап жасалған болып есептеледi.
34-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерінде қысқа мерзiмдi орман пайдалану
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстары қысқа мерзiмдi орман пайдалануға мемлекеттiк орман иеленушiлер беретiн орман билетi негiзiнде бiр жылға дейiнгi мерзiмге берiледi.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде қысқа мерзiмдi орман пайдалану кезiнде орман пайдаланудың:
1) жанама орман пайдалану;
2) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттары үшiн пайдалану;
3) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық мақсаттары үшiн пайдалану сияқты түрлерiн ғана жүзеге асыруға болады.
35-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер өткiзу тәртiбi
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлердi өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
36-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануға рұқсаттама құжаттары
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыруға рұқсаттама құжаттары: ағаш кесу билетi мен орман билетi негiзiнде ғана жол берiледi.
2. Тендер нәтижелерi туралы хаттама, ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шарты ағаш кесу билетiн беру үшiн негiздеме болып табылады.
3. Ағаш кесу билетi орман пайдаланушыға сүрек, шайыр, ағаш шырындарын және қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға және тасып әкетуге құқық беретiн құжат болып табылады.
4. Ағаш кесу билетi орман ресурстарының сандық және сапалық сипаттамасы, орманды пайдалану төлемақысы мөлшерi, жұмыстар жүргiзудiң мерзімдерi, орманды молықтыру талаптары мен ағаш кесу орындарын тазарту, дайындау технологиясына қойылатын орман шаруашылығы талаптары туралы мәлiметтердi, ағаш кесу билетiнiң қолданылуын тоқтату шарттарын қамтиды.
5. Ағаш кесу билетi орман пайдаланушыға жыл сайын, оны беру үшiн негiздеме болған құжаттарда көрсетiлген орман пайдалану түрлерiн ғана жүзеге асыруға, белгiленген көлемде және мемлекеттiк орман қорының нақты учаскесiне арнап берiледi.
6. Шайыр және ағаш шырындарын дайындауға арналған ағаш кесу билетi орман пайдаланушыға сөл ағызудың бүкiл мерзiмiне берiледi.
7. Мемлекеттiк орман иеленушi күтiп-баптау мақсатында кесудi және санитарлық мақсатта кесудi, жанама орман пайдалануды жүргiзген кезде ағаш кесу билетi мен (немесе) орман билетi орманшылық басшысына, ал орманшылық болмаған жағдайда - аталған ағаш кесу мен орман пайдалануды жүргiзуге жауапты лауазымды адамға жазылады.
8. Орман билетi жанама орман пайдалануды жүзеге асыруға, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн аң шаруашылығы, ғылыми-зерттеу, мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық мақсаттар қажеттiгi үшiн пайдалануға құқық беретiн құжат болып табылады.
9. Ағаш кесу билетiнiң және орман билетiнiң нысанын, оларды есепке алудың, сақтаудың, толтыру мен берудiң тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
10. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаттама құжаттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiледi.
37-бап. Орман пайдаланушылардың мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асырған кездегi құқықтары
1. Орман пайдаланушылардың:
1) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды рұқсаттама құжаттарында көрсетілген көлемде жүзеге асыруға;
2) өздерiне орман пайдалануда берiлген орман ресурстары туралы ақпарат алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман пайдалану мерзiмiне құрылыстар мен ғимараттар, сүрек сақтау қоймаларын салуға, ағаш таситын жолдар тартуға, сүректi және мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалануға байланысты басқа да орман өнiмдерiн өңдеу үшiн жабдықтар орнатуға;
4) мемлекеттiк орман қорының санаттарының өзгеруi, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры жерiн мемлекет қажеттіктері үшiн алып қою салдарынан келтiрiлген шығындарға өтем алуға құқығы бар.
2. Орман пайдаланушылардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғау сот тәртiбiмен жүзеге асырылады.
38-бап. Орман пайдаланушылардың мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асырған кездегi мiндеттерi
Орман пайдаланушылар:
1) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының талаптарын, сондай-ақ ағаш кесу билетiмен, орман билетiмен белгiленген талаптарды сақтауға;
2) тұрғын халықтың денсаулығына зиян келтiруiне жол бермеуге;
3) жұмысты топырақ эрозиясының пайда болуына жол бермейтiн, ормандардың жай-күйi мен молайтылуына, сондай-ақ су және басқа да табиғи объектiлердiң жай-күйiне терiс әсердi болдырмайтын немесе оны шектейтiн және жануарлар дүниесi мен олар тiршiлiк ететiн ортаның сақталуын қамтамасыз ететiн тәсiлдермен жүргiзуге;
4) сүрек дайындаған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткiзiлген техника мен технологияларды пайдалана отырып ормандарды табиғи түрде молықтыру үшiн оңтайлы жағдайларды сақтау жөнiндегi талаптарды ұстануға;
5) мемлекеттiк орман қорының өздерiне орман пайдалану үшiн бөлiнiп берiлген учаскелерiнде өрт қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға, өртке қарсы iс-шараларды жүргiзуге, ал орман өртi пайда болған жағдайда оны сөндiрудi қамтамасыз етуге;
6) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану кезiнде мемлекеттiк орман иеленушiлермен келiсе отырып өртке қарсы iс-шаралар жоспарын әзiрлеуге және бекiтуге, сондай-ақ оларды белгiленген мерзiмдерде жүзеге асыруға;
7) мемлекеттiк орман қоры аумағында өздерi мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк, спорттық және басқа да iс-шаралар мен жұмыстарды өткiзетiн жерлерде уәкiлеттi орган әзiрлеген және Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органы бекiткен нормаларға сәйкес өрт сөндiретiн құралдары болуына;
8) ағашы кесiлетiн жерлерде оны дайындау мен тасып әкетудiң белгiленген мерзiмi аяқталған соң кесiлмеген және дайындалған ағаш сүректерiн қалдырмауға;
9) кеспеағаш аймағын кесiлген ағаштардың қалдықтарынан сүрек дайындаумен бiр мезгiлде тазартуға;
10) мемлекеттiк орман қорының орман пайдалану үшiн бөлiнген учаскелерiнде заңсыз ағаш кесуге және Қазақстан Республикасының орман заңдарын, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану туралы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарын өзге де бұзушылықтарға жол бермеуге;
11) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде жұмыс аяқталғаннан кейiн оларды мемлекеттiк орман иеленушiлерге тапсыруға;
12) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде басты пайдалану мақсатында ағаш кескен кезде, орман орналастыру жобасына сәйкес ағашы кесiлген орман алаңының екi еселенген мөлшерiнен астам алаңына ағаш отырғызуды жүзеге асыруға;
13) ағашы кесiлген жерлерде және өздерiнiң қызметi салдарынан өскiндер жойылған, ағаш пен бұта өсiмдiктерi құрып кеткен алаңдарда ормандарды молықтыруды өз есебiнен жүзеге асыруға;
14) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман шаруашылығы шеккен шығындар мен шығасыны өтеуге;
15) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орманды пайдаланудың төлемақысын уақтылы енгiзуге;
16) ормандардың санитариялық жай-күйiн қамтамасыз ету мен жақсарту жөнiндегi ережелердi (бұдан әрi - ормандардағы санитарлық ережелер) сақтауға;
17) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану кезiнде мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға;
18) мемлекеттiк орман иеленушiлердi мемлекеттiк орман қорының орман пайдалану үшiн өздерiне бөлiнiп берiлген учаскелерiнде орман зиянкестерi мен ауруларының пайда болғаны туралы хабардар етуге;
19) өзге орман пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;
20) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органға және оның аумақтық органдарына, облыстық атқарушы органдар мен мемлекеттiк статистика органдарына орман қорының мемлекеттiк есебiн, мемлекеттiк орман кадастрын, мемлекеттiк орман мониторингiн жүргiзу, орман пайдалану төлемақысының мөлшерiн анықтау үшiн қажеттi ақпаратты берiп тұруға;
21) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
39-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтата тұру мен шектеу негiздерi
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) орман пайдаланушы Қазақстан Республикасы орман заңдарының, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарының талаптарын бұзған;
2) орман пайдаланушы ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының, ағаш кесу билетiнiң, орман билетiнiң талаптарын орындамаған жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкiн.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) мемлекеттiк орман қорының орман пайдалану жүзеге асырылатын учаскелерiнде орман ресурстарының жай-күйiнiң нашарлауына әкеп соқтырған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың басталуы нәтижесiнде олардың қоры азайған;
2) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес жөнiндегi авиахимиялық, авиабиологиялық және аэрозольдық iс-шаралар өткiзiлетiн жағдайларда, сондай-ақ орманда өрт қаупi жоғары болатын кезеңде шектелуi мүмкiн.
3. Егер орман пайдалану құқығының шектелуiн не тоқтатыла тұруын тудырған мән-жайлар немесе жағдайлар жойылса, орман пайдалану құқығы толық көлемiнде қалпына келтiрiледi.
4. Орман пайдаланушы өзiнiң орман пайдалану құқығын шектеу туралы немесе тоқтата тұру туралы шешiммен келiспеген жағдайда, оның бұл шешiмге сот тәртiбiмен шағымдануға құқығы бар.
5. Орман пайдалану құқығын шектеу немесе тоқтата тұру орман пайдаланушыларды Қазақстан Республикасының орман заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк және өзге де жауапкершiлiктен босатпайды.
40-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтату негiздерi
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) орман пайдаланушы орман пайдалану құқығынан ерiктi түрде бас тартқан;
2) орман пайдалану мерзiмi өткен;
3) орман пайдаланушы заңды тұлға таратылған;
4) орман пайдаланушы орман пайдаланудың белгiленген ережелерiн немесе ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартында, ағаш кесу билетiнде, орман билетiнде көзделген талаптарды үнемi (екi және одан да көп рет) бұзған;
5) мемлекеттiк орман қорында орман пайдалануды жүзеге асыруға кедергi келтiретiн өзгерiстерге әкеп соқтырған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар басталғанда;
6) орман пайдалану төлемақысын енгiзудiң белгiленген мерзiмiн үнемi (екi және одан да көп рет) бұзған немесе орман пайдаланудың төлемақысын белгiленген мерзiмнен кейiнгi үш ай iшiнде енгiзбеген;
7) мемлекеттiк орман қоры жерi мемлекет қажеттiктерi үшiн алып қойылған, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды шектеудiң неғұрлым қатал режимi белгiленген жағдайларда тоқтатылады.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтату орман пайдаланушыларды Қазақстан Республикасының орман заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк және өзгедей жауапкершiлiктен босатпайды.
41-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтату тәртiбi
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының бұзылуы;
2) орман пайдаланушының жазбаша өтiнiшi;
3) ағаш кесу билетi, орман билетi қолданылуының уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тоқтатылуы;
4) лицензияның керi қайтарылып алынуы (орман пайдалану жөнiндегi қызметтiң лицензияланатын түрi жүзеге асырылған жағдайда) негiзiнде тоқтатылады.
42-бап. Жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында болуы
1. Жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында болу тәртiбi мен шарттары мемлекеттiк орман қорының санатымен, аумақтың абаттану деңгейiмен және орман пайдаланудың түрiмен, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы жеке ережелермен айқындалады.
2. Жеке тұлғалардың рұқсаттама құжаттарынсыз демалысын өткiзу, мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық iс-шараларға қатысу, жабайы өскен жемiстердi, жаңғақты, саңырауқұлақтарды, жидектердi, дәрiлiк шикiзатты және өзге де орман ресурстарын өз қажетi үшiн жинау мақсатында мемлекеттiк орман қоры аумағында тегiн болуға құқығы бар.
3. Жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағынан жабайы өскен жемiстердi, жаңғақты, саңырауқұлақтарды, жидектердi, дәрiлiк шикiзатты, өзге де орман ресурстарын жинауына өз қажетi үшiн облыстық атқарушы органның ұсынуы бойынша облыстық өкiлдi органның шешiмiмен бекiтiлген нормалар шегiнде рұқсат етiледi.
4. Жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында болуына және жабайы өскен жемiстердi, жаңғақты, саңырауқұлақтарды, жидектердi, дәрiлiк шикiзатты және өзге де орман ресурстарын жинауына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, халықтың денсаулығын қорғау, өрт қауiпсiздiгi, жаңғақ кәсiпшiлiгi, орман-жемiс, орман тұқым және аңшылық шаруашылықтарын жүргiзу мүддесiне орай шектеу қойылуы мүмкiн.
5. Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жабайы өсiмдiктер мен саңырауқұлақ түрлерiн, сондай-ақ құрамында есiрткi заттар бар өсiмдiктер мен құрамында есiрткi заттар бар табиғи шикiзат жинау мен дайындауға тыйым салынады.