1. Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарында көзделген негiздемелерден басқа уәкiлеттi органның, магистралдық темiр жол желiсi операторының талап етуi бойынша жұмыс берушi мынадай жағдайларда:
1) магистралдық темiр жол желiсi диспетчерлiк қызметiнiң, операторының тасымалдау процесi мен поездар жүрiсiн басқаруға байланысты нұсқауларын орындамағаны үшiн;
2) жұмыс уақытының режимiн бұзғаны үшiн темiр жол көлiгiнiң қызметкерiн жұмыстан шеттетуге мiндеттi.
2. Жұмыстан шеттетiлген кезеңге жалақы сақталмайды.
Қызметкердi жұмыстан шеттету осыған негiз болған себеп анықталғанға дейiнгi мерзiмге жүзеге асырылуы мүмкiн.
24-бап. Нысанды киiм және айырым белгiлерi
Темiр жол көлiгiнiң жолаушыларға, жүк жөнелтушiлерге және жүк алушыларға қызмет көрсетуге байланысты, сондай-ақ поездар қозғалысына тiкелей байланысты қызметкерлерiне жұмыс берушiнiң есебiнен тиiстi айырым белгiсi бар нысанды киiм берiлуге тиiс.
ҚР 08.05.03 ж. N 414-1 Заңымен 5-тарау алынып тасталды
5-тарау. Темір жол көлігінде
жолаушыларды сақтандыру
25-бап. Жолаушыны сақтандыру
1. Тасымалдаушы жолаушының өмiрiне, денсаулығы мен мүлкiне зиян келуi салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк тәуекелiн сақтандыруға мiндеттi.
2. Халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын тасымалдаушы жолаушының өмiрiне, денсаулығы мен мүлкiне зиян келуi салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк тәуекелiн мiндеттi сақтандыруды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзедi.
3. Жолаушының өмiрiне, денсаулығы мен мүлкiне зиян келуi салдарынан туындаған мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк тәуекелi мiндеттi сақтандырылған ретте жол жүру құжаты (билет) сақтандыру полисi болып табылады.
26-бап. Мiндеттi сақтандыру талаптары
1. Сақтандыру жағдайы туындаған ретте жолаушының өмiрiне, денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиян үшiн нақты келтiрiлген залал мөлшерiнде сақтандыру төлемi жүзеге асырылады.
2. Тасымалдаушының сақтандырушымен жасасқан сақтандыру шарты ол жасалған күннен бастап күшiне енедi.
27-бап. Сақтандыру сыйлықақылары
Жолаушыны мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақыларын тасымалдаушы сақтандырушының пайдасына ай сайын Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жолаушылар тасымалынан алынған кiрiс сомасының 0,2 процентi мөлшерiнде төлейдi.
28-бап. Сақтандыру жағдайы
1. Тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру жағдайы деп жолаушының өмiрiне, денсаулығы мен мүлкiне зиян келтiру фактiсi танылады.
2. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде тасымалдаушы Қазақстан Республикасының сақтандыру туралы заңдарымен белгiленген нысан бойынша және тәртiппен сақтандырушының атауын және оның ең жақын орналасқан филиалының (өкiлдiгiнiң) заңды мекен-жайын мiндеттi түрде көрсете отырып, акт жасауға және актiнi жолаушыға немесе оның мұрагерлерiне, сондай-ақ сақтандырушыға тапсыруға мiндеттi.
29-бап. Сақтандыру төлемдерi
1. Сақтандырушы өзiне жолаушы немесе оның мұрагерлерi өтiнiш жасаған кезде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға мiндеттi, өтiнiшке тасымалдаушы жасаған акт қоса тiркелуге тиiс.
Қаза тапқан жолаушының мұрагерлерi болмаған жағдайда, сақтандырушы жерлеуге шығын шығарған адамдарға нақты шығарылған шығынының мөлшерiнде өтемақы төлейдi.
2. Жолаушының немесе оның мұрагерлерiнiң өтiнiш беру тәртiбi Қазақстан Республикасының сақтандыру туралы заңдарымен белгiленедi.
3. Мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру төлемiн жүзеге асырған кезде жолаушыға немесе оның мұрагерлерiне әлеуметтiк қамтамасыз ету және ерiктi сақтандыру шарттары бойынша тиiстi сомалар есепке алынбайды.
4. Сақтандырушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеңiлдiкпен жүрiп-тұру құқығын Пайдаланатын жолаушыларға (соның iшiнде жетi жасқа дейiнгi балаларға) осы Заңның 28-бабының 2-тармағында көзделген актiнiң негiзiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асырады.
5. Сақтандыру төлемi өтiнiш берiлген кезден бастап жетi банк күнi iшiнде жасалуға тиiс.
6. Сақтандыру жағдайы туындағаннан кейiнгi үш жыл iшiнде, зардап шеккен адам алған жарақаттарының салдарынан мүгедек болып қалса немесе қайтыс болса, сақтандырушы бұрын жасалған төлемдердi есепке ала отырып, төленуге тиiстi сақтандыру сомасының мөлшерiн қайта есептейдi.
6-тарау. Жүру қауіпсіздігі, темір жол көлігінің
жүктері мен объектілерін күзету, ерекше
жағдайларда жұмысты ұйымдастыру
30-бап. Жүру қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi, темiр жол көлiгiнiң көлiк және өзге де техникалық құралдарын пайдалануды ұйымдастыру
Темiр жол көлiгiнiң ұйымдары азаматтардың өмiрi мен денсаулығына, жолаушылардың жол жүруіне қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге, сондай-ақ магистралдық, станциялық және кiрме жолдармен жүру қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға мiндеттi.
Жүру қауiпсiздiгi азаматтардың өмiрi мен денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, темiр жол көлiгi ұйымдарының авариясыз жұмыс iстеуiне жағдайлар туғызуға, магистралдық темiр жол желiсiн, темiр жолдың жылжымалы құрамын, құрылыстарды, жабдықтарды, механизмдер мен тетiктердi ақаусыз ұстауға, сондай-ақ болуы ықтимал авариялардың зардаптарын жоюға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық iс-шаралар кешенiмен қамтамасыз етiледi.
31-бап. Жүру қауiпсiздiгi жөнiндегi негiзгi талаптар
1. Темiр жолдар, темiр жол станцияларының, вокзалдардың және темiр жол көлiгi ұйымдарының тасымалдау процесiне байланысты өзге де объектiлерiнiң аумақтары аса қауiптi аймақтар болып табылады және уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiпке сәйкес олардың белгi беретiн қоршауы болуға тиiс.
2. Темiр жол көлiгiнiң объектiлерi, сондай-ақ қауiптi жүктердi өндiру, тиеу, түсiру (жүктен босату), сақтау және тасымалдау жүзеге асырылатын объектiлер елдi мекендерден, өнеркәсiп, ауылшаруашылық кәсiпорындары мен басқа да кәсiпорындардан, жекелеген ғимараттар мен құрылыстардан уәкiлеттi мемлекеттiк органдар белгiлеген құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес қажеттi қашықтықта болуға тиiс.
3. Темiр жолмен қиылысатын немесе оларға жақын орналасқан газ, мұнай құбырларын жүргiзу және басқа құрылыстар салу мен пайдалану кезiнде белгiленген нормативтердiң сақталмағаны үшiн, сондай-ақ аталған құрылыстарды пайдалану қауiпсiздiгi үшiн олардың меншiк иелерi мен иеленушiлерi ортақ жауаптылықта болады.
Аталған құрылыстардың иеленушiлерi темiр жол көлiгi ұйымдарын және мемлекеттiк көлiк бақылау органдарын жүру қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн аварияның немесе авариялық жағдайлардың туындағаны туралы дер кезiнде хабардар етуге мiндеттi.
4. Қауiптi жүктердi жөнелтiп және алып отыратын жөнелтушi (жүк жөнелтушi), алушы (жүк алушы), сондай-ақ қауiптi жүктердi тасымалдайтын тасымалдаушы олардың қауiпсiз тасымалдануын қамтамасыз етуге мiндеттi, оларда авариялық жағдайларды және олардың зардаптарын жоюға қажеттi құралдар мен жұмылдыру бөлiмшелерi (соның iшiнде шарт бойынша) болуға тиiс.
Қауiптi жүктердi тасымалдау процесiнде туындаған авариялық жағдайлар кезiнде жөнелтушiлер (жүк жөнелтушiлер), алушылар (жүк алушылар), темiр жол көлiгi ұйымдары аталған бөлiмшелердiң оқиға орнына жедел түрде жiберiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Жөнелтушi (жүк жөнелтушi), алушы (жүк алушы) және тасымалдаушы өздерiнiң кiнәсiнен туындаған авариялар және олардың зардаптары (қоршаған ортаны ластағаны, поездар жүрiсiндегi үзiлiстер және басқалары) үшiн жауапты болады.
6. Жүру қауiпсiздiгi мен жылжымалы құрамды және темiр жол көлiгiн және тасымалдау процесiмен байланысты басқа да техникалық құралдарды пайдалану ережелерiн бұзғаны үшiн кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылықта болады.
32-бап. Жүру қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын тексеру
1. Магистралдық, станциялық және кiрме жолдардағы жүру қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын тексерудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Лауазымдар (кәсiптер) тiзбесiн, лауазымдарға (кәсiптерге) қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес кәсiби даярлық деңгейiн айқындау тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Тасымалдаушының және магистралдық темiр жол желiсi операторының кірме жолдармен жүру қауiпсiздiгі талаптарының сақталуын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың багажды, жүктi және жүк-багажды тиеу, түсiру жөнiндегi жұмыстарды жүзеге асырған кездегi тексеруге қатысу тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
33-бап. Жүктердi және объектiлердi күзету
1. Тасымалдаушы және магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы:
1) тасымалдау кезiнде жүктердiң сақталуын;
2) уәкiлеттi орган бекiтетiн тiзбеге сәйкес өздерiнiң қарауындағы темiр жол көлiгi объектiлерiнiң күзетiлуiн;
3) темiр жол көлiгiнде өртке қарсы алдын алу жұмыстарының жүргiзiлуiн және өрт сөндіруді қамтамасыз етуге мiндетті.
2. Жүк жөнелтушi, жүк алушы жүктiң жекелеген түрлерiнiң ерекше қасиеттерiне қарай Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн тiзбе мен тәртiпке сәйкес олардың күзетiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Жүк жөнелтушi, жүк алушы тасымалдау ережелерiнде белгiленген тiзбе мен тәртiпке сәйкес жүктердiң жекелеген түрлерiн өз өкiлдерiнiң (жолсерiктердiң) жолбасшылығы арқылы тасымалдауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Жүк жөнелтушi, жүк алушы осы бапта көзделген тiзбеге енбейтiн жүктердi күзетудi және оларға жолбасшылық жасауды тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асыра алады.
5. Темiр жол көлiгiнде қоғамдық тәртiптiң сақталуын және қылмысқа қарсы күрестi iшкi iстер органдары қамтамасыз етедi.
34-бап. Ерекше жағдайларда жұмысты ұйымдастыру
1. Тасымалдаушы, магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы мен тармақ иеленушi табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою жөнiндегi шараларды шұғыл түрде қолдануға мiндеттi.
Осы шараларды жүзеге асыру және қолдану үшiн оларда тiзбесiн уәкiлеттi орган айқындайтын материалдық және техникалық құралдардың қажеттi қоры болуға тиiс.
2. Азаматтық қорғаныс және авариялық-құтқару жұмыстары жөнiндегi шаралардың жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етуге байланысты құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
35-бап. Темiр жол көлiгiнiң ерекше жағдайлардағы iс-әрекетi
1. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген кезде тасымалдаушының шарттық қатынастары мемлекеттiк органдардың өз құзыретiне сәйкес қабылдаған шешiмдерi негiзiнде осы уақытқа тоқтатылуы мүмкiн.
2. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген және тасымалдауға кедергi келтiретiн өзге де жағдайлар кезiнде магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы темiр жол қатынасының жекелеген бағыттарында тасымалдауға байланысты қызметтер көрсетудi уақытша тоқтату не шектеу туралы шешiм қабылдай алады.
Магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы мұндай шешiмнiң қолданылу мерзiмiн белгiлеуге, сондай-ақ уәкiлеттi органды, тасымалдаушыларды, клиенттерді және өзге де мүдделі тұлғаларды шұғыл түрде хабардар етуге мiндеттi.
3. Клиентке багажды, жүктi және жүк-багажды жеткiзiп беру, беру жөнiндегi шартты тиiстi тұрғыда орындамауға әкеп соқтырып, сақтаудың шектi мерзiмiнiң өтiп кетуiне ұрындырған осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған мән-жайлар туындаған кезде тасымалдаушы багажды, жүктi және жүк-багажды жөнелтушiге, жүк жөнелтушiге олардың есебiнен қайтаруға құқылы.
7-тарау. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру
36-бап. Жүк тасымалдау шарты
1. Жүк тасымалдау шартына сәйкес тасымалдаушы жүк жөнелтушi өзiне сенiп тапсырған жүктi оның тасымалдау талаптарын сақтай отырып, баратын темiр жол станциясына дер кезiнде әрi сол күйiнде жеткiзiп беруге және жүк алушыға тапсыруға мiндеттенедi, ал жүк жөнелтушi (жүк алушы) жүк тасымалына ақы төлеуге және оны қабылдап алуға мiндеттенедi.
2. Темiр жол көлiгiмен жүк тасымалдау шарты темiр жол көлiгi жүкқұжатын толтыру арқылы ресiмделедi.
3. Жүк жөнелтушiге темiр жол көлiгi жүкқұжатының негiзiнде жүк қабылданғаны туралы квитанция берiлген кезден бастап жүк тасымалдау шарты жасалды деп есептеледi.
37-бап. Тасымалдау шартының талаптарын өзгерту
1. Тасымалдау шартының талаптарын өзгерту, соның iшiнде жүктiң барар жерiн өзгерту тараптардың келiсiмi бойынша тасымалдау ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Кедендiк бақылаудағы жүктiң барар жерiн өзгерту тиiстi кеден органының келiсiмi болған кезде жүргiзiледi.
Кедендiк бақылаудағы жүктi тасымалдау адамдардың денсаулығы мен өміріне, жүру қауiпсiздiгiне, экологиялық қауіпсiздiкке, жүктiң сақталуы мен сапалық жай-күйiне қатер төндiрген жағдайда жүктiң барар жерiн өзгерту, кеден органын белгiленген мерзiмде мiндеттi түрде хабардар ете отырып, олардың келiсiмiнсiз жүзеге асырылады.
3. Бұдан әрi тасымалдау жүру қауiпсiздiгi мен жүктiң сақталуына қатер төндiретiн жағдайда, тасымалдаушы жүк жөнелтушiнi (жүк алушыны) хабардар ете отырып, жүктi қайта тиеуге құқылы.
4. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар өздерінің құзыретiне сәйкес жүкті тасымалдаушыдан алып қоюға құқылы. Бұл орайда тасымалдаушының жүктi тасымалдау және сақтау жөнiндегi шығыстарын, сондай-ақ оған келтiрiлген зиянды кiнәлi тарап өтеуге тиiс.
38-бап. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт
1. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша тасымалдаушы жүктi белгiленген мерзiмдерде қабылдауға, ал жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға келiсiлген көлемде тапсыруға мiндеттенедi.
2. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта тасымал көлемдерi, мерзiмдерi, сапасы, көлiк құралдарын берудiң және жүктердi тасымалдауға ұсынудың талаптары, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастырудың осы Заңда және тасымалдау ережелерiнде көзделмеген басқа да талаптары белгiленедi.
3. Тасымалдаушы мен жүк жөнелтушi жүйелi түрде тасымалдауды жүзеге асыру қажет болған кезде тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарт жасауы мүмкiн.
39-бап. Құқықтар мен мiндеттердiң ауысуы
1. Жүктiң баратын жерiне жеткiзiлгенi туралы хабарланған кезден бастап тасымалдау шарттары бойынша құқықтар мен мiндеттер жүк алушыға ауысады.
2. Жүк алушы жүк жөнелтушiнiң дұрыс емес iс-әрекеттерi салдарынан тасымалдаушыға төленген шығыстар мен залалдардың орнын толтыруды жүк жөнелтушiден талап етуге құқылы.
40-бап. Жүк тасымалдау ережелерi
1. Жүк тасымалдау ережелерi:
1) тасымалдарды жоспарлау;
2) тасымалдау жоспарын орындаудың есеп карточкасын жасау;
3) жүктердi тасымалдауға қабылдау;
4) жүктердi беру;
5) вагондар мен контейнерлердi пломбалау үшiн бекiту-пломбалау құрылғыларын қолдану;
6) жүкқұжаты мен тасымалдау құжаттарын ресiмдеу;
7) жаппай тасымалданатын жүктердi маршруттармен және вагондар тобымен бiр жүкқұжаты бойынша тасымалдау;
8) құндылығы жарияланған жүктердi тасымалдау;
9) жүктi вагон таразыларында өлшеу дәлдiгi нормалары;
10) жүк массасының табиғи азаю нормалары;
11) тасымалдар бойынша есептер;
12) кiрме жолды пайдалану, кiрме жолдарды пайдалануға және (немесе) вагондарды беруге-алып кетуге шарт жасасу және осындай шарттардың мiндеттi талаптары;
13) тиеу және түсiру мерзiмдерi;
14) жеткiзiп беру мерзiмдерiнiң және жеткiзiп беру мерзiмдерiн есептеу ережелерi;
15) сақтау;
16) жүктi ұстап қалу, жүктердi мемлекеттiк органдарға тапсыру;
17) жүктiң барар жерiн өзгерту, жүк жөнелтушiге қайтару;
18) бос және үйiп тиелген жүктi тасымалдау;
19) ашық жылжымалы құраммен тасымалдау;
20) жолсерiктердiң жолбасшылығы арқылы тасымалдау;
21) жөнелтушi маршруттарымен тасымалдау;
22) ұсақ және шағын тонналық жөнелтiлiмдермен тасымалдау;
23) контейнерлермен және көлiктiк пакеттермен тасымалдау;
24) мұз болып тоңазыған жүктердi тасымалдау;
25) тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдау;
26) жануарлар мен құстарды тасымалдау;
27) ветеринариялық, фитосанитариялық бақылауға жататын жүктердi тасымалдау;
28) тар табанды темiр жолдармен тасымалдау;
29) актiлер жасау;
30) вагондар, контейнерлер, түсiретiн тасымалдау аспаптары бөлiктерiнiң құнын өтеу;
31) сұйық жүктердi құйып алу арқылы вагон-цистерналарда және бункерлiк жартылай вагондарда тасымалдау;
32) қауiптi жүктердi тасымалдау;
33) арнайы зерттеулер мен сараптамалар жүргiзу талаптары мен тәртiптерiн;
34) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де талаптарды белгiлейдi.
2. Тасымалдаушылардың жүк тасымалдау ережелерiн сақтауына бақылауды ұйымдастыру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
41-бап. Жүктi тиеу, түсiру (жүктен босату)
1. Жүктi тиеудi және түсiрудi (жүктен босатуды) тасымалдаушы немесе жүк жөнелтушi (жүк алушы) тасымалдау ережелерiнде немесе шарттарында көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырады.
2. Жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға жүру қауiпсiздiгi, жүктiң және жылжымалы құрамның сақталуы қамтамасыз етiлетiндей етiп дайындауға мiндеттi.
3. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының құралдарымен жүктi тиеуге, түсiруге (жүктен босатуға) вагондар, контейнерлер беру уақыты туралы берерден кемiнде екi сағат бұрын оларды хабардар етуге мiндеттi.
4. Егер тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта өзгеше белгiленбесе, тасымалдаушы тасымалдау ережелерiнде көрсетiлген тәртiппен жүктiң баратын станцияға жеткiзiлгендiгi туралы жүк келген күннен кейiнгi тәулiкте күндiзгi сағат он екiден кешiктiрмей жүк алушыны хабардар етуге мiндеттi.
5. Егер шарт талаптарында көзделген болса, тасымалдаушы жүк алушыға оның атына жүк келе жатқандығы туралы алдын ала хабар беруi мүмкін.
6. Жүк алушы өзiнiң атына келген жүктi қабылдап алуға, жылжымалы құрамды босатуға және оны тазалауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
Жылжымалы құрамды тазалау тасымалдау ережелерiнде көрсетiлген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
42-бап. Жүк тасымалдарын жоспарлау
1. Тасымалдаушы жүк тасымалдауды ұйымдастыру шарттарына және берiлген өтiнiмдердiң негiзiндегi тасымалдау шарттарына сәйкес жүзеге асырады.
2. Жүктердi тасымалдауға берiлетiн өтiнімнiң нысаны, оны ресiмдеу, толтыру, орындау, өзгерiстер енгiзу және есепке алу тәртiбi тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
3. Халықаралық қатынастағы тасымалдарға өтiнiм беру Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Тасымалдаушы, осы Заңмен және тасымалдау ережелерiмен көзделген жағдайларда, жүктердi тасымалдау өтiнiмiн қабылдаудан бас тарта алады.
43-бап. Темiр жол көлiгi жүкқұжаты
1. Жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға ұсынған кезде тасымалдаушыға әрбiр жөнелтiлiм үшiн темiр жол көлiгi жүкқұжатын, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қажеттi жағдайларда өзге де құжаттарды (сертификатты, лицензияны, ветеринариялық куәлiктi, кедендiк декларацияларды) тапсыруға мiндеттi.
2. Темiр жол көлiгi жүкқұжаты мен өзге де тасымалдау құжаттарының нысаны, оларды ресiмдеу тәртiбi тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
3. Жүк жөнелтушi жүкқұжатқа енгiзiлген мәлiметтердiң дұрыстығы, сондай-ақ ол темір жол көлiгi жүкқұжатында көрсеткен мәлiметтердiң қателiгiнен, дәл еместiгiнен немесе толық еместiгiнен болған барлық зардаптар үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жауаптылықта болады.
44-бап. Тасымалдау құжаттарын тексеру
1. Тасымалдаушы темiр жол көлiгi жүкқұжатында көрсетiлген мәлiметтердiң дұрыстығын тексередi, ол үшiн:
1) жүкке тексеру жүргiзуге;
2) жүк жөнелтушiден, жүк алушыдан, экспедитордан заңды тұлғаның тiркелгендiгi туралы нотариус куәландырған куәлiктiң көшiрмесiн алуға;
3) жүк жөнелтушi, жүк алушы ретiндегi жеке тұлғалардың өз басын куәландыратын құжаттарын тексеруге құқылы.
2. Жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, экспедитордың өкiлi тасымалдаушыға жүктi қабылдауға (жөнелтуге) немесе беруге (алуға) сенiмхат тапсыруға мiндеттi.
3. Жүк жөнелтушi, жүк алушы, экспедитор осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында және 2-тармағында көрсетiлген мәлiметтердiң қандай да болмасын өзгерiстерi туралы жүктi қабылдағанға немесе бергенге дейiн тасымалдаушыға хабарлауға мiндеттi.
45-бап. Көлiк құралдарын беру
1. Тасымалдаушы қабылданған өтiнiмде және (немесе) шартта белгiленген мерзiмде жүк жөнелтушiге мәлiмделген жүктердi тиеу үшiн тасымалдауға жарамды: ақаусыз, iшi мен сырты тазаланған, қажет болған жағдайда жуылған және зарарсыздандырылған көлiк құралдарын (вагондар, контейнерлер) беруге мiндеттi.
2. Вагондарға жүк тиеу тасымалдаушының құралдарымен жүзеге асырылатын жағдайлардан басқа кезде, мәлiмделген жүктердi тасымалдау үшiн жүк жөнелтушi вагондар мен контейнерлердiң коммерциялық тұрғыдан жарамдылығын анықтайды.
Жүк жөнелтушi тиiстi жүктердi тасымалдауға берiлген жарамсыз көлiк құралдарынан бас тартуға құқылы.
46-бап. Вагондарды, контейнерлердi пломбалау
1. Жүк тиелген вагондар мен контейнерлер:
1) егер жүктi тасымалдаушы тиеген болса, соның бекiту-пломбалау құрылғыларымен;
2) егер жүктi жүк жөнелтушi, порт, айлақ тиеген болса, онда жүк жөнелтушiнiң, порттың, айлақтың бекiту-пломбалау құрылғыларымен пломбаланады.
2. Вагондар, контейнерлер кедендiк тексеру үшiн ашылған жағдайда, оларды жаңа бекiту-пломбалау құрылғыларымен пломбалауды кеден органдары тасымалдау ережелерiне сәйкес, қолдануға рұқсат етiлген бекiту-пломбалау құрылғыларының түрлерiмен жүзеге асырады.
3. Кеден органдары қолданған бекiту-пломбалау құрылғылары жүк жөнелтушi мен тасымалдаушының бекiту-пломбалау құрылғыларына теңестiрiледi.
47-бап. Тасымалдау ақысы
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жүк тасымалдау ақысын және тасымалдаушыға тиiстi өзге де төлемдердi жүк жөнелтушi, экспедитор жүк жөнелтiлгенге дейiн төлейдi.
Бұл орайда жүк тасымалдау ақысы жүк тасымалы жүзеге асырылатын ең қысқа ара қашықтыққа есептеп алынады.
2. Жүктi тасымалдауға және беруге байланысты түпкiлiктi есеп айырысуды жүк алушы жүк жеткiзiлген кезде жүргiзедi.
3. Жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, экспедитордың тасымалдар үшiн берешегi болған, сондай-ақ олар төлемдердi дер кезiнде жасамаған жағдайда, бұдан кейiн тасымалдаушы борыш өтелгенге дейiн тасымалдау шартын жасасудан бас тарта алады.
4. Осы баптың 3-тармағында көзделген iс-әрекеттер жүзеге асырылған жағдайда, кiнәлi тарап (жүк жөнелтушi, жүк алушы, экспедитор) тасымалдаушыға вагондар мен контейнерлердi пайдаланғаны үшiн ақыны бүкiл кiдiрiс уақытына қоса төлейдi.
5. Жүк тасымалына ақы - жүктi тасымалдауға қабылдаған күнi, ал жүк жеткізілген кезде есеп айырысқан ретте жүктiң келуі туралы хабарлама жiберiлген күнi төленедi.
48-бап. Жүктi жеткiзу мерзiмдерi
1. Тасымалдаушы жүктi тасымалдау ережелерiне сәйкес шартта белгiленген мерзiмде баратын темiр жол станциясына жеткiзуге мiндеттi.
2. Егер жүктi жеткiзiп беру мерзiмi өткенге дейiн тасымалдаушы оны түсiрсе немесе жүк алушының түсiру үшiн (жүктен босату үшiн) белгiлеген жерiне түсiруге (жүктен босатуға) жеткiзiп берсе, жүк мерзiмiнде жеткiзiлдi деп есептеледi.
3. Егер жүктiң түсiруге (жүктен босатуға) берiлуi жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, тармақ иеленушiнiң кiнәсiнен (түсiру орнының бос болмауы, жүк тасымалдау ақысының және тасымалдаушыға тиiстi өзге де төлемдердiң төленбеуi) кешiктiрiлген жағдайда, жүк мерзiмiнде жеткiзiлдi деп есептеледi.
49-бап. Вагондарды, контейнерлердi пайдаланғаны үшiн төлем
1. Тасымалдаушыға тиесiлi вагон, контейнер жүк жөнелтушiде, жүк алушыда болған жағдайда не жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының кiнәсiнен олар дер кезiнде берiлмеген, қабылданбаған жағдайда олар тасымалдаушыға вагондарды, контейнерлердi пайдаланғаны үшiн төлем жасайды.
2. Станциялық жолдарда вагондар, контейнерлер жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының кiнәсiнен кiдiртiлген жағдайда олар тасымалдаушыға кідіртілген мерзім үшін тасымалдаушының магистралдық темiр жол желiсiнiң операторына төлеген шығындарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектерде өтеуге мiндеттi.
50-бап. Жүктi беру кезiнде тексеру
1. Тасымалдаушы жүктi беру кезiнде оны:
1) бұзылған вагонда, контейнерде келген;
2) жолдағы темiр жол станцияларының бекiту-пломбалау құрылғыларымен бекiтiлген, сондай-ақ бекiту-пломбалау құрылғылары бұзылған вагондарда, контейнерде келген;
3) ашық жылжымалы құрамда немесе бекiту-пломбалау құрылғылары жоқ жабық вагондарда тасымалданған кезде, егер мұндай тасымалдар тасымалдау ережелерiнде көзделген болса, жетiспеу, бұзылу (бүлiну) белгiлерiмен келген;
4) тез бүлiнетiн жүктердi рефрижератор вагондарда тасымалдаған кезде жеткiзiп беру мерзiмi бұзылып немесе температуралық режим бұзылып келген;
5) тасымалдаушы тиеген;
6) түсiрудi тасымалдаушы жүзеге асырған жағдайларда тексередi.
2. Тасымалдаушы ыдыстағы және жеке-дара жүктердi тек бүлiнген жерлердегi жүктiң салмағы мен жай-күйiн тексерiп бередi. Ыдыстың бұзылғаны немесе жүктiң жай-күйiне әсер етуi мүмкiн басқа да жағдайлар байқалған кезде, тасымалдаушы бұзылған жерлердегi жүкке тексеру жүргізеді.
3. Жүктi беру кезiнде оның салмағын тексеру оны тиеген кездегi салмағын анықтау тәсiлiмен жүргiзiледi.