Егер жүктiң жөнелту станциясында анықталған салмағы баратын станциясындағы салмағымен салыстырғанда тасымалдау ережелерiне сәйкес белгiленген салмақтың шектi ауытқу және табиғи азаю нормасынан аспаса, жүктiң салмағы дұрыс деп есептеледi.
4. Жүк алушы мен тасымалдаушыда вагонды өлшейтiн таразылар болмаған жағдайда, бос және үйiп тиелген жүктер салмақтары тексерiлмей берiледi.
51-бап. Жүктiң жетiспеу, бұзылу (бүлiну) мөлшерiн анықтау
1. Жүктiң жоғалғаны, жетiспейтiнi немесе бұзылғаны (бүлiнгенi) байқалған жағдайда тасымалдаушы мен жүк алушы нақты зиянның мөлшерiн бiрлесiп анықтайды.
2. Тасымалдаушының немесе жүк алушының бастамасы бойынша жүктiң жетiспеуiнен, бүлiнуiнен немесе бұзылуынан болған нақты зиянның мөлшерiн анықтау жөнiнде сараптама немесе өзге де қажеттi зерттеу жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Сараптама немесе өзге де қажеттi зерттеу жүргiзуге байланысты шығыстар кiнәлi тарапқа жүктеледi.
52-бап. Төлем бойынша мiндеттемелердi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар
1. Тасымалдаушы өзiне тасымалдау үшiн берiлген жүктi тасымал төлемiн және басқа да тиесiлi төлемдердi қамтамасыз ету үшiн ұстап қалуға құқылы.
2. Соттардың және өзге де уәкiлеттi органдардың шешiмдерi бойынша жүк (алып қойылған, тәркiленген, иесiз деп танылған) сатылған жағдайда, тасымалдаушының тасымалдау мен сақтауға байланысты шеккен шығыстары сот шешiмдерiн және басқа уәкiлеттi органдардың шешiмдерiн орындауға құзыреттi тұлғалардың атқарушылық iс-әрекеттерiн жасау жөнiндегi шығыстар ретiнде өтеледi.
53-бап. Жүк алушының мiндеттемелерiн бұзуының салдары
1. Жүк алушы жүктi алу жөнiндегi мiндеттемелерiн орындаудан жалтарған жағдайда тасымалдаушы жүк келген кезден бастап жетi тәулiк (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - екi тәулiк) өткен соң жүк жөнелтушiнi жүкке оның иелiк ету қажеттiгi туралы хабардар етуге мiндеттi. Жүк жөнелтушi мұндай хабарламаны алған кезден бастап төрт тәулiк (тез бүлiнетiн жүкке қатысты екi тәулiк) iшiнде жүкке иелiк етуге мiндеттi.
2. Жүк жөнелтушiнiң тез бүлiнетiн жүкке қалай иелiк ету жөнiндегi нұсқауы болмаған, жүктi сақтау оның бұзылуына әкелiп соғуы мүмкiн болатын жағдайда тасымалдаушының оны сатуға құқығы бар.
Тез бүлiнетiн жүктi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi барлық төлемдердi шегергеннен кейiн жүк жөнелтушi үшiн нотариустың атына депозит шартымен салынады.
3. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiнiң жүкке иелiк ету туралы нұсқауын алған кезге дейiн жүктi жүк алушыға беруге құқылы.
4. Жүк жөнелтушiнiң жүкке иелiк ету туралы нұсқауын осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiмде алмаған жағдайда тасымалдаушы жүктi жүк жөнелтушiге оның есебiнен қайтаруға құқылы.
54-бап. Жүктiң тиiстi емес жүк алушының атына келуi
1. Жүк алушының атына берiлуi шартта көзделмеген жүк келген, сондай-ақ атауы темір жол көлiгі жүкқұжатында көрсетілген атауға сәйкес келмейтiн жүк келген жағдайда:
1) жүк алушы жүктiң келгенi жөнiнде хабарлама алған кезден бастап бiр тәулiк iшiнде тасымалдау шарты бойынша өзiнiң тиiстi тарап еместiгi туралы тасымалдаушыға жазбаша хабарлама жiберуге мiндеттi;
2) тасымалдаушы жүк жөнелтушiнi жүкке иелiк ету қажеттiгi туралы дереу хабардар етуге мiндеттi, ал жүк жөнелтушi төрт тәулiк (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - екi тәулiк) iшiнде жүкке иелiк ету туралы жазбаша нұсқау беруге мiндеттi.
2. Темiр жол жүкқұжатында көрсетiлген жүк алушы тасымалдаушыға тиiстi барлық төлемдердi төлеген жағдайда, оның жүктi алуға құқығы бар.
3. Жүк жөнелтушiнiң жүкке иелiк ету туралы нұсқауын осы баптың 1-тармағында көзделген мерзiмде алмаған жағдайда, тасымалдаушы жүктi жүк жөнелтушiге оның есебiнен қайтаруға, ал тез бүлiнетiн жүктi осы Заңның 53-бабының 2-тармағына сәйкес сатуға құқылы.
55-бап. Жүк тасымалдауға кедергiлер
1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiнiң, экспедитордың кiнәсiнен жүктi тасымалдауға кедергiлер туындағаны (кеден және өзге де мемлекеттiк органдардың кiдiртуi) және мұндай жүктi одан әрi тасымалдау үшiн басқа тасымалдаушыларға тапсыру мүмкiн еместiгi туралы осындай кедергiлер туындаған кезден бастап бiр тәулiк iшiнде оларды хабардар етуге мiндеттi. Жүк жөнелтушi, сондай-ақ экспедитор, егер шартта оған осындай мiндеттемелер жүктелген болса, жүк тасымалдауға кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Тасымалдаушы үшiн белгiленген жүктi жеткiзiп беру мерзiмдерi жүк жөнелтушiнiң, экспедитордың кiнәсiнен жүктi кiдiрткен уақытқа ұзартылады.
3. Экспорттық және импорттық жүктi кiдiрткен уақыты үшiн кiнәлi тұлға тасымалдаушыға - вагондар мен контейнерлердi пайдаланғаны үшiн ақы, ал транзиттiк жүктi кiдiрткен уақыты үшiн Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленген мөлшерде ақы төлейдi.
4. Жүк жөнелтушi тасымалдаушыдан хабарлама алған кезден бастап сегiз тәулiк (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - төрт тәулiк) iшiнде кідіртілген жүктерге қатысты шара қолданбаған жағдайда, тасымалдаушы жүктi жүк жөнелтушiге оның есебiнен қайтаруға, ал тез бүлiнетiн жүктi осы Заңның 53-бабының 2-тармағына сәйкес сатуға құқылы.
8-тарау. Кірме жолдар
56-бап. Кiрме жолдарды пайдалану шарттары
1. Кiрме жолдар, олардың құрылыстары мен құрылғылары құрылыс нормалары мен ережелерiнiң талаптарына сай келуге, жылжымалы құрамды магистралдық жолдарда рұқсат етiлетiн техникалық жүктеме нормасымен өткiзудi қамтамасыз етуге тиiс.
2. Кiрме жолдар, олардың құрылыстары мен құрылғылары жүктi ырғақты тиеудi, түсiрудi (жүктен босатуды), тасымал көлемiне сәйкес маневрлiк жұмысты, сондай-ақ жылжымалы құрамды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге тиiс.
3. Кiрме жолды оны салу кезеңiнде пайдалану қысқа мерзiмдi шарт талаптарымен жүзеге асырылуы мүмкiн.
4. Кiрме жолдардағы қозғалысқа қызмет көрсету және оны ұйымдастыру тәртiбi туралы нұсқаулықты тасымалдау ережелерiне сәйкес темiр жол желiсiнiң операторы әзiрлеп, бекiтедi.
57-бап. Кiрме жолдардың жалғасуы
1. Кiрме жолдардың магистралдық және станциялық жолдарға жалғасуы уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.
2. Жаңадан салынып жатқан кiрме жолдардың жұмыс iстеп тұрған кiрме жолдарға жалғасуына оны иеленушiлердiң келiсiмiмен рұқсат берiледi.
58-бап. Кiрме жолдардағы жүру қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын тексеру ерекшелiктерi
1. Тасымалдаушы мен магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы кiрме жолдардағы жүру қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын, сондай-ақ тиеу, түсiру (жүктен босату) қызметiн жүзеге асыру кезiнде қауiпсiздiк талаптары сақталуын тексеруге құқылы.
2. Кiрме жолда мемлекеттiк көлiктi бақылау органы, магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы немесе тасымалдаушы жүру қауiпсiздiгiне, жылжымалы құрамның, контейнерлердiң, жүктiң сақталуына қатер төндiретiн ақауларды тапқан жағдайда анықталған жолсыздықтар туралы акт жасалады.
Аталған актiнiң негiзiнде тармақ иеленушi жүктi қабылдау мен беру жөнiндегi қызметтi тоқтата тұрып, жолсыздықтарды жоюға мiндеттi.
3. Анықталған жолсыздықтар актiде көрсетiлген мерзiмде жойылмаған жағдайда уәкiлеттi орган кiрме жолды одан әрi пайдалануды тоқтату туралы шешiм қабылдайды. Анықталған жолсыздықтар жойылғаннан кейiн уәкiлеттi органның шешiмi негiзiнде кiрме жолды қайтадан пайдалануға жол берiледi.
4. Кiрме жолдардағы жылжымалы құрамды және контейнерлердi беру мен алып кетудi, маневрлiк жұмыстарды тоқтата тұрудың әрбiр жағдайы туралы магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы немесе тасымалдаушы мемлекеттiк көлiк бақылау органына жазбаша хабарлауға және кiрме жолдағы қауiпсiздiктiң бұзылуы туралы акт жасалған кезден бастап бiр тәулiктен кешiктiрмей осы актiнi жiберуге мiндеттi.
Аталған жағдайда тармақ иеленушi шарт бойынша, оның iшiнде контрагентпен жасалған шарт бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн толық мүлiктiк жауаптылықта болады.
59-бап. Магистралдық темiр жол желiсi операторының өкiмдерiн кiрме жолдарда орындаудың мiндеттiлiгi
Кiрме жолдарда қызметтiк мiндеттерiн атқаратын қызметкерлер магистралдық темiр жол желiсi операторының маневрлiк жұмыстарды ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi өкiмiн орындауға мiндеттi.
60-бап. Кiрме жолдарды пайдалануға және оларға қызмет көрсетуге жасалатын шарттар
1. Магистралдық темiр жол желiсi операторының, тасымалдаушының, тармақ иеленушiнiң, контрагенттiң кiрме жолдарға қызмет көрсету мен оларды пайдалану жөнiндегi өзара қатынастары шарттарда белгiленедi. Шарттардың мiндеттi талаптары мен оларды жасаудың тәртiбi тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
2. Тармақ иеленушi бiр жақты тәртiппен:
1) контрагентпен жасалған шарттың талаптарын өзгертуге;
2) контрагентпен жасалған шартты бұзуға;
3) контрагент тарапынан шартты бұзу жағдайларын қоспағанда, контрагенттiң жағдайын нашарлататын өзге де iс-әрекеттердi жасауға құқылы емес.
61-бап. Келiспеушiлiктердi сотқа дейiн реттеу
Кiрме жолдарды пайдалануға, вагондарды беруге-алып кетуге шарт жасасу кезiнде туындаған дауларды, сондай-ақ оларды өзгерту мен толықтыру жөнiндегi келiспеушiлiктердi сотқа дейiн реттеу тасымалдау ережелерiнде көрсетiлген тәртiппен және мерзiмдерде жүзеге асырылады.
62-бап. Кiрме жолдарда вагондар мен контейнерлердiң сақталуы үшiн жауапкершiлiк
Кiрме жолдарда жүктер мен жылжымалы құрамның сақталуына қабылдаушы тарап жауапты болады. Тармақ иеленушiнiң алдындағы контрагенттiң жауаптылығы тармақ иеленушiнiң тасымалдаушы алдында жауап беретiн ережелерi сияқты ережелермен белгiленедi.
63-бап. Вагондар мен контейнерлердiң кiрме жолдарда тұру уақытын есепке алу
Вагондар мен контейнерлердiң кiрме жолдарда тұру уақытын есепке алу тасымалдау ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады. Вагондар мен контейнерлердi кiрме жолдарда қабылдау орны және тәртiбi шартпен белгiленедi.
9-тарау. Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және
почтаны тасымалдау
64-бап. Жолаушылар тасымалын ұйымдастыру
1. Жолаушылар тасымалын ұйымдастыруды мемлекеттiк басқару органдарының жолаушылар поездары маршруттарын ұйымдастыру туралы шешiмi бойынша тасымалдаушы жүзеге асырады.
2. Тасымалдаушы жолаушылар тасымалын дербес, сондай-ақ мүдделi тұлғалардың ұсыныстары бойынша тиiстi шарт жасасу арқылы ұйымдастыра алады.
3. Тасымалдаушы жолаушылар тасымалын магистралдық темiр жол желiсi операторымен келiсiлген кесте бойынша ұйымдастырады.
4. Тасымалдаушылардың жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және почтаны тасымалдау ережелерiн сақтауына бақылау жасауды ұйымдастыру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
65-бап. Жолаушыны, багажды және жүк-багажды тасымалдау шарты
1. Жолаушыны тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы оған жол жүру құжатына (билетiне) сәйкес поезда орын берiп, оны баратын жерiне жеткiзуге мiндеттенедi, ал жолаушы жол жүру ақысын төлеуге мiндеттi.
2. Багажды, жүк-багажды тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы багажды, жүк-багажды баратын жерiне жеткiзiп беруге, ал жөнелтушi оның тасымалдау ақысын төлеуге мiндеттi.
3. Жолаушыны тасымалдау шарты - жол жүру құжатымен (билетпен), багажды тасымалдау - багаж квитанциясымен, жүк-багажды тасымалдау жүк-багаж квитанциясымен ресiмделедi.
4. Тасымалдаушы жолаушы айтқан, баратын станцияға дейiн жол жүру құжатының (билеттiң) сатылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Жолаушыға жол жүру құжатына (билетiне) сәйкес орын бермеген немесе тасымалдауды жалғастырудан бас тартқан тасымалдаушы өз есебiнен жолаушыны баратын жерiне жеткiзуге немесе жолаушыға шартты тиiсiнше орындамаудан келтiрiлген барлық залалды өтеуге мiндеттi.
6. Жол жүру құжаттарының (билеттерiнiң) нысаны, оларды сату тәртiбi мен қолданылу мерзiмдерi тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
66-бап. Жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау ережелерi
Жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау ережелерiнде:
1) жол жүру құжаттарын (билеттердi) сату, олардың қолданылу мерзiмiн ұзарту және билет кассаларының жұмысын ұйымдастыру;
2) жолаушылар вагонының санаты, оның iшiнде жайлылық деңгейi бойынша санаты;
3) жолаушыларға жолаушылар поездары мен вокзалдарда жедел медициналық көмек көрсетудi қоса алғанда, мiндеттi түрде көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесi;
4) жолаушылардың жол жүру жағдайының өзгеру, поездарда төсекорын жабдықтарын беру және басқа қызметтер көрсету шарттары мен тәртiбi;
5) жолаушының жол бойында аялдама жасауын (он күнге дейiн) ресiмдеудiң тәртiбi;
6) қол жүгiн алып жүру тәртiбi мен шарттары;
7) багажды, жүк-багажды қабылдаудың және берудiң талаптары мен тәртiбi;
8) тасымалдау құжаттарының нысандары және оларды ресiмдеудiң тәртiбi;
9) тасымалдауға рұқсат етiлетiн жануарлардың тiзбесi, оларды тасымалдаудың тәртiбi мен талаптары;
10) жол бойында багаж бен жүк-багажды берудiң тәртiбi;
11) багаж бен жүк-багажды қайта жөнелтудiң тәртiбi мен талаптары;
12) багаж бен жүк-багажды сақтау, ұстап қалу, беру тәртiбi;
13) қауiптi заттарды тасымалдаудың тәртiбi;
14) пайдаланылмаған жол жүру құжаттары (билеттер) үшiн төлемдердi қайтару тәртiбi;
15) кәмелетке толмаған жолаушылардың жол жүру ережелерi;
16) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де жағдайлар белгiленедi.
67-бап. Жолаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жолаушының:
1) поездар жүретiн маршруттар бойынша жолаушылар операциялары үшiн ашық, өзi атаған баратын станциясына дейiн кез келген поезға және кез келген вагонға жол жүру құжатын (билет) сатып алуға;
2) сатып алған жол жүру құжатына (билетке) сәйкес поездағы вагоннан орын алуға;
3) өзiмен бiрге жетi жасқа дейiнгi бiр баланы, егер бала жеке орын алатын болмаса - ақысыз және жетi жастан он бес жасқа дейiнгi балаларды жол жүру ақысының елу процентiн төлеп алып жүруге құқығы бар.
Басқа мемлекеттердiң жолаушы вагондарында және басқа мемлекеттердiң аумағы бойынша Қазақстан Республикасының жолаушы вагондарында тасымалдау кезiнде осы құқықты беру Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады;
4) салмағы отыз бес килограмнан аспайтын қол жүгiн өзiмен бiрге ақысыз алып жүруге құқығы бар.
Салмағы бұдан асатын қол жүгi багаж вагонына тапсырылуға тиiс;
5) тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiп бойынша тасымалдаушыға жол жүру құжатын (билеттi) қайтарып тапсыруға және тасымалдаушыдан жол жүру және багажды алып жүру ақысын (ал жөнелтушi - багаж, жүк-багаж тасымалының ақысын) қайтарып алуға;
6) тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен жүру құжатының (билеттiң) қолданылу мерзiмiн ұзартуға;
7) жол бойында аялдама жасап, тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен жол жүру құжатының (билеттiң) қолданылу мерзiмiн он күннен аспайтын мерзiмге ұзартуға;
8) бос орындар болған және сатып алынған жол жүру құжатына (билетiне) өзгерiстер енгiзген жағдайда, жол жүру құжаты (билет) сатып алынған поездан бұрын жүретiн жолаушы поезымен жүруге;
9) белгiленген ақысын төлеп, багажын тасымалдауға тапсыруға құқығы бар.
2. Жолаушы:
1) қала маңындағы қатынас поездарын қоспағанда, жол жүру құжатын (билет) сатып алған кезде, поезға отырғызу кезiнде жол бойында жол жүру құжатын (билеттi) тексерген кезде жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуге;
2) поезға отырғызған кезде және жол үстiнде сапар аяқталғанға дейiн оның жол жүру құжаты (билетi) болуы;
3) қоғамдық тәртiптi, жолаушы вагондарын және вокзал үй-жайларын пайдалану ережелерiн сақтауға, сондай-ақ тасымалдаушының мүлкiне ұқыпты қарауға мiндеттi.
68-бап. Багажды және жүк-багажды тасымалдау
1. Тасымалдаушы жолаушыдан немесе жөнелтушiден багажды және жүк-багажды қабылдап алуға және осы операциялар үшiн ашық кез келген темiр жол станциясына дейiн жөнелтуге мiндеттi.
Жөнелтушiнiң багажы, жүк-багажы таяу арада жүретiн багаж вагоны бар поезбен жөнелтiледi. Бұл орайда тасымалдаушы жолаушының багажын, жүк-багажын бiрiншi кезекте жөнелтудi қамтамасыз етуге мiндеттi. Жолаушының жол жүру құжатында (билетiнде) көрсетiлген маршрут бойынша жеткiзiлетiн багаж, жүк-багаж жолаушы отырған поезбен немесе таяу арада жүретiн багаж вагоны бар поезбен жөнелтiлуге тиiс.
2. Жолаушы (жөнелтушi) багажды, жүк-багажды тапсырған кезде олардың құндылығын жариялауға мiндеттi.
3. Багажбен, жүк-багажбен тасымалдауға өзiнiң мөлшерiне, буып-түйiлуiне және қасиеттерiне қарай багаж вагонына қиындықсыз тиелiп, орналастырылатын және тасымалдаушының мүлкiне және басқа жолаушылардың (жөнелтушiлердiң) багажына, жүк-багажына зиян келтiрмейтiн заттар мен нәрселер қабылданады.
69-бап. Багаж бен жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмi
1. Багаж бен жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмi тасымалдауды жүзеге асыратын поездың қозғалыс кестесiне сәйкес баратын темiр жол станциясына дейiн жүру уақытымен айқындалады.
Егер багажды, жүк-багажды тасымалдау жол жүру барысында ауыстырып тиеу арқылы жүзеге асырылса, онда жеткiзiп беру мерзiмi әрбiр ауыстырып тиеу үшiн бiр тәулiкке арттырылады.
2. Жолаушыға, алушыға багаж, жүк-багаж баратын станцияда багаж, жүк-багаж квитанциясын және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткеннен кейiн берiледi.
3. Багажды, жүк-багажды беру жолаушылар тасымалы жөнiндегi операциялар үшiн станция ашық болған уақыт iшiнде жүргiзiледi.
70-бап. Сақтаудың шектi мерзiмi аяқталуының салдары
1. Жолаушы, алушы тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша багажды, жүк-багажды алмаған жағдайда, тасымалдаушы оны баратын станцияда, келген күнiнен бастап - отыз күн бойы, ал кедендiк бақылаудағы багаж бен жүк-багажды он бес күн бойы сақтауға мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған сақтаудың шектi мерзiмi аяқталысымен, тасымалдаушы багаж бен жүк-багажды уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың (салық, кеден және өзге де) билiгiне бередi. Осы кезден бастап жолаушы, жөнелтушi, алушы оларға құнын өтеу немесе багажды, жүк-багажды алу мәселесi бойынша өтiнiш жасауға құқылы.
3. Багаж, жүк-багаж (алып қойылған, тәркiленген, иесiз деп танылған) соттардың және басқа уәкiлеттi органдардың шешiмдерi бойынша сатылған жағдайда тасымалдаушының тасымалдау мен сақтауға байланысты шеккен шығыстары сот шешiмдерiн және басқа уәкiлеттi органдардың шешімдерін орындауға құзыретті тұлғалардың атқарушылық іс-әрекеттерін жүзеге асыру жөніндегі шығыстары ретінде өтеледі.
71-бап. Қала маңындағы қатынаста жолаушылар тасымалын ұйымдастыру
Тасымалдаушы қала маңындағы қатынаста жолаушылар тасымалдауды жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша және тиiстi шарт жасасу арқылы басқа да мүдделi тұлғалардың ұсыныстары бойынша ұйымдастырады.
72-бап. Почта тасымалдау
Почта тасымалдау уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен почта вагондарында жүзеге асырылады.
10-тарау. Тасымалдаудан туындайтын міндеттемелер
бойынша жауапкершілік
73-бап. Тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдаудан туындайтын мiндеттемелердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, тасымалдау ережелерiнде, сондай-ақ осылардың негiзiнде жасалған шарттарда белгiленген негiздер бойынша және мөлшерде жауапты болады.
Мiндеттеменi бұзған тарапты жауапқа тарту, құқығы бұзылған тараптың талап етуi бойынша ғана жүргiзiледi.
2. Тараптардың осы Заңда белгiленген жауапкершiлiктi шектеу немесе жою мақсатындағы келiсiмдерi жарамсыз болып табылады.
Тараптар өзара келiсiм бойынша жауапкершiлiк мөлшерiн ұлғайта алады, сондай-ақ тасымалдау шарты бойынша қосымша жауапкершiлiк көздей алады.
3. Тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тасымалдаушылардың өзара жауапкершiлiктерi осы Заңда, жүктердi, жолаушыларды тасымалдау ережелерiнде, сондай-ақ тасымалдаушылар арасындағы шарттарда белгiленедi.
4. Тасымалды бiрнеше тасымалдаушы жүзеге асырған жағдайда олар жөнелтушiнiң (жүк жөнелтушiнiң), алушының (жүк алушының) алдында багаждың, жүктiң, жүк-багаждың жоғалғаны, жетiспеушiлiгi, бұзылғаны (бүлiнгенi), жеткiзiп беру мерзiмiн өткiзiп жiбергенi үшiн ортақ жауапкершiлiкте болады.
5. Егер тасымалдаушы басқа тасымалдаушының, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, тармақ иеленушiнiң, экспедитордың кiнәсiнен жауапқа тартылса, оның кiнәлiлерге керi талап қоюға құқығы бар.
74-бап. Тұрақсыздық айыбы
1. Жүк тасымалы бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн кiнәлi тарап Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда немесе шартта белгiленген мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлейдi.
2. Тасымалдаушыға тиiстi төлемдi мерзiмiн өткiзiп төлегенi үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде бөтен адамдардың ақша қаражатын заңсыз пайдаланғаны үшiн белгiленген жауапкершiлiк мөлшерiнде тұрақсыздық айыбы алынады.
3. Тараптардың өзге шарттары болмаған ретте төлем жасалған сомадан, ең алдымен - тұрақсыздық айыбының сомасы, ал қалған бөлiгiнен борыштың негiзгi сомасы өтеледi.
75-бап. Жолаушының өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
Тасымалдаушы жолаушының өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянның салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жауапты болады.
Жолаушының өмiрi мен денсаулығына келтiрген зиян үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi жолаушының поезда отырған және вокзал аумағында поезға отырғызу (одан түсiру) кезiнде туындайды.
76-бап. Тасымалдаушының багажды, жүктi, жүк-багажды жоғалтқаны, олардың жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) үшiн жауапкершiлiгi
1. Тасымалдаушы жүктi, багажды, жүк-багажды тасымалдауға алған кезден бастап жүк алушыға, алушыға берген кезге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Багажды, жүктi, жүк-багажды жоғалтқаны, оның жетiспеуi, бұзылуы (бүлiнуi) үшiн мүлiктiк жауапкершiлiк оларды қабылдаған - тапсырған кезден бастап ауысады.
3. Тасымалдауға құндылығы жарияланбай қабылданған жүктi жоғалтқаны, оның жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) үшiн тасымалдаушы мына мөлшерде:
1) жоғалтқан немесе жетiспеген жағдайда - жоғалған немесе жетiспеген жүктiң құны мөлшерiнде;
2) бұзылған (бүлiнген) жағдайда - жүктiң құны төмендеген сома мөлшерiнде жауапты болады.
Жүктiң құны сатушының шотында, шартта көрсетiлген баға негiзге алынып, ал ол болмаған кезде салыстырмалы жағдайларда осыған ұқсас тауарлар үшiн алынатын баға негiзге алынып анықталады.
4. Тасымалдауға құндылығы жарияланып тапсырылған багаж бен жүк-багажды, сондай-ақ жүктi жоғалтқаны, олардың жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) үшiн тасымалдаушы жарияланған құндылығы мөлшерiнде жауапты болады.
5. Тасымалдаушы осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген зиянның орнын толтырумен бiрге, егер тасымал ақысы олардың құнына кiрмейтiн болса, клиентке жоғалтқан, жетiспеген, бұзылған (бүлiнген) багажды, жүктi, жүк-багажды тасымалдау үшiн алған тасымал ақысын қайтарады.
6. Багаж, жүк, жүк-багаж жеткiзiп беру мерзiмiнен жетi күн өткеннен кейiн жоғалды деп есептеледi.
Багаж, жүк, жүк-багаж аталған мерзiм өткеннен кейiн келген жағдайда, алушы оларды қабылдай алады және тасымалдаушының жоғалтқаны үшiн төлеген сомасын қайтара алады.
7. Егер тасымалдаушы жүктiң немесе багаждың жоғалуы, жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жүктiң немесе багаждың жоғалуына жауап бередi.
8. Темiр жол көлiгi жүкқұжатында көрсетiлген мәлiметтерге сәйкес келмейтiн жүктi берген жағдайда, мұндай жүктi тасымалдаушы тиеген болса, ол жүк алушы алдында жүктiң темiр жол көлiгi жүкқұжатында көрсетiлген құны мөлшерiнде, оны жоғалтқанмен бiрдей жауапкершiлiкте болады.
77-бап. Жүк тасымалдау жоспары бойынша өтiнiмдердi орындамағаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдаушы қабылданған өтiнiмге сәйкес көлiк құралдарын бермегенi, ал жүк жөнелтушi жүктi ұсынбағаны, сондай-ақ берiлген көлiк құралдарын пайдаланбағаны үшiн, айлық есептiк көрсеткiш шамасынан мынадай мөлшерде процентпен есептелетін айыппұл түрінде өзара мүлiктiк жауапкершiлiкте болады:
1) жүктi контейнерлермен тасымалдағанда:
брутто салмағы қоса алғанда бес тоннаға дейiн әр контейнер үшiн он бес процент;
брутто салмағы қоса алғанда бес тоннадан он тоннаға дейiн әр контейнер үшiн отыз процент;
брутто салмағы он тоннадан артық әр контейнер үшiн алпыс процент;
2) жүктi рефрижератор вагондардан, транспортерлардан басқа вагондарда тасымалдаған кезде - әр вагон үшiн бiр жүз елу процент;
3) рефрижератор вагондарда, транспортерларда тасымалдаған кезде - әр вагон, транспортер үшiн екi жүз тоқсан процент.
2. Жүктi (вагондармен ғана тасымалдау белгiленген) тар табанды темiржол желiлерiмен тасымалдаған кезде - осы баптың 1-тармағында көзделген айыппұлдардың елу процентi мөлшерiнде мүлiктiк жауапкершiлiкте болады.
3. Жүк тасымалдау өтiнiмiн орындамағаны үшiн айыппұл вагондарды, контейнерлерді пайдаланғаны үшiн төлемге қарамастан алынады.
78-бап. Вагондар мен контейнерлердi өз бетiмен иеленiп алғаны, бұзғаны немесе жоғалтқаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдаушы, жүк жөнелтушi, жүк алушы, сондай-ақ басқа да тұлғалар өздерiне тиесiлi емес вагондарды, контейнерлердi өздерiнiң тасымалдары, жүктерiн сақтауы үшiн пайдалануға, сондай-ақ олардың иелерiнiң рұқсатынсыз, егер бұл тиiстi шарттарда көзделмесе, тиеу үшiн пайдалануға құқығы жоқ.
2. Мұндай талапты сақтамағаны үшiн кiнәлi тарап вагондарды, контейнерлердi пайдаланғаны үшiн ақы төлеумен қатар көлiк құралдары иесiнiң алдында вагондарды, контейнерлердi пайдаланғаны үшiн төленетiн ақы мөлшерiндегi айыппұл түрiнде мүлiктiк жауапкершiлiкте болады.